2. Егер I және II санаттағы объектілерге жататын ғимараттарды, құрылысжайлар мен олардың кешендерін пайдалануға беру кезінде экологиялық рұқсатта белгіленген қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер етудің тиісті нормативтерінің сақталуы қамтамасыз етілмесе, осындай объектілерді пайдалануға беруге жол берілмейді.
3. І немесе ІІ санаттағы объектінің құрамына кіретін ғимараттарды, құрылысжайларды және олардың кешендерін құрылыс жобасында көзделген, шығарындылар мен төгінділерді тазартуға және (немесе) залалсыздандыруға, сондай-ақ қалдықтарды басқаруға арналған құрылысжайларсыз, қондырғылар мен жабдықтарсыз пайдалануға беруге және пайдалануға тыйым салынады.
395-бап. Авариялар кезіндегі жалпы экологиялық талаптар
1. Авариялық шығарындылардан немесе төгінділерден туындаған және содан адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына қауіп төнетін қоршаған ортаның сапасы нашарлаған кезде Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасына сәйкес халықты қорғау жөніндегі шұғыл шаралар қабылданады.
2. І және ІІ санаттағы объектілерде авариялық жағдай туындап, соның салдарынан белгіленген экологиялық нормативтердің бұзылуы орын алған немесе орын алуы мүмкін болған кезде объектінің операторы дереу, бірақ кез келген жағдайда авариялық жағдай анықталған кезден бастап екі сағаттан аспайтын мерзімде бұл туралы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға хабарлауға және қоршаған ортаның ластануын болғызбау бойынша, тіпті, тиісті стационарлық көздерді немесе тұтас объектіні пайдалануды ішінара немесе толық тоқтатуға дейін, сондай-ақ қоршаған ортаға осындай авариялық жағдайдан туындаған жағымсыз салдарларды жою жөнінде барлық қажетті шараны қабылдауға міндетті.
396-бап. Әскери және қорғаныс объектілеріне, әскери қызметке қойылатын экологиялық талаптар
Осы Кодексте белгіленген экологиялық талаптар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген ерекше жағдайларды қоспағанда, әскери және қорғаныс объектілері мен әскери қызметке қолданылады.
397-бап. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегі экологиялық талаптар
1. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге арналған жобалау құжаттары қоршаған ортаны қорғауға бағытталған мынадай:
1) бүлінетін және иеліктен шығарылатын жер алаңының барынша мүмкін болатын қысқаруын қамтамасыз ететін жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу әдістерін, технологияларын және тәсілдерін (оның ішінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу басталғанға дейін ұтымды схема бойынша кірме автомобиль жолдарын оза салу, ұңғымаларды салудың тармақтық тәсілін қолдану, ішкі үйінді түзетін технологияларды қолдану, өндіріс қалдықтарын қайталама ресурстар ретінде пайдалану, оларды қайта өңдеу және кәдеге жарату, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың салдарын прогрессивті жою және басқа да әдістер)техникалық, технологиялық, экологиялық және экономикалық тұрғыдан орынды болатындай шамада қолдану жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге арналған жобалау құжатында негізделуге тиіс;
2) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу нәтижесінде жердің техногендік шөлейттенуін болғызбау жөніндегі;
3) жер қойнауының ластануын, оның ішінде жер қойнауы кеңістігін пайдалану кезінде ластануын болғызбау жөніндегі;
4) «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде көзделген жағдайларда жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды тоқтата тұру, тоқтату, кен орындарын игеру объектілерін консервациялау және жою кезінде қоршаған ортаны қорғау жөніндегі;
5) топырақтың жел эрозиясын, аршылған және жанасқан жыныстардың үйінділерін, өндіріс қалдықтарын, олардың тотығуы мен өздігінен жануын болғызбау жөніндегі;
6) сіңіргіш және тұщы су белдеулерінің ластануын болғызбау үшін оларды оқшаулау жөніндегі;
7) жерасты суының сарқылуы мен ластануын болғызбау жөніндегі, оның ішінде жуу сұйықтықтарын дайындау кезінде уытты емес реагенттерді қолдану;
8) бұрғылау ерітінділерін тазарту және қайта пайдалану жөніндегі;
9) бұрғылау және жанар-жағармай материалдарының қалдықтарын экологиялық қауіпсіз тәсілмен жою жөніндегі;
10) көмірсутектер кен орындарының қабатішілік қысымын ұстап тұру жүйесінде мұнай кәсіпшілігі ағындарын тазарту және қайта пайдалану жөніндегі шараларды көздеуге тиіс.
2. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушылар жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге арналған жобалау құжаттарында көзделген шешімдердің, сондай-ақ мынадай талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті:
1) ұңғымалар мен тау-кен қазындыларының конструкциялары жер қойнауын және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі талаптардың орындалуын қамтамасыз етуге тиіс;
2) дизель-генераторлы және дизель жетекті қондырғыларды қолдана отырып, жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу шеңберінде бұрғылау және өзге де жұмыстарды орындау кезінде мұндай қондырғылардан тазартылмаған түтін газдың атмосфералық ауаға шығарылуы олардың техникалық сипаттамалары мен экологиялық талаптарына сәйкес келуге тиіс;
3) құнарлы жерлерде және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде жер қойнауын пайдалану жөнiндегi құрылысжайларды салу кезiнде жабдықтарды монтаждауға дайындық жұмыстарын жүргiзу процесiнде аумақты кейіннен рекультивациялау үшін құнарлы қабат алынады және жеке сақталады;
4) ластағыш заттардың суға және топыраққа өтуін (шығып кетуін) болғызбау үшiн алаңдарды гидрооқшаулай отырып, өндіріс қалдықтарын ұйымдасқан түрде жинақтау мен сақтаудың инженерлiк жүйесi көзделуге тиiс;
5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ұңғымалар салынған жағдайларда қамбасыз технологияны ғана қолдану қажет;
6) көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде күкіртті ашық түрде күкірт карталарында орналастыру көлемін азайту және оның қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуін төмендету жөніндегі шаралар көзделуге тиіс;
7) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргізу кезiнде белгiленген талаптарға сәйкес бұрғылау процесiнде қайтадан пайдалану, қоршаған ортаға қайтару үшiн шламдарды кәдеге жарату және пайдаланылған бұрғылау ерiтiндiлерiн, бұрғылаудың, карьердің және шахтаның сарқынды суын бейтараптандыру жөнiндегi жұмыстар жүргiзiлуге тиiс;
8) көмiрсутек негiзiнде (әктас-битум, инвертті-эмульсиялық және басқа да) бұрғылау ерiтiндiлерiн қолданған кезде ауа қабатының газдануының алдын алу жөнiндегi шаралар қабылдануға тиiс;
9) пирофорлық шөгiндiлердің, шлам мен керннің жану немесе адамдарды улау мүмкіндігін болғызбау мақсатында оларды көму жобаға сәйкес және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органмен, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттығы саласындағы мемлекеттік органмен және жергiлiктi атқарушы органдармен келiсу бойынша жүргізілуге тиіс;
10) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi құрылысжайларды пайдалануға беру жобада көзделген барлық экологиялық талаптар толық көлемде орындалған жағдайда жүргiзiледi;
11) жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операциялар және жабдықтарды бөлшектеу аяқталғаннан кейiн жою жоспарында (жобасында) көзделген жобалық шешiмдерге сәйкес жерді қалпына келтiру (рекультивациялау) жөніндегі жұмыстар жүргiзiледi;
12) бұрғылау ұңғымалары, оның ішінде өздігінен төгілетін ұңғымалар, сондай-ақ пайдалануға жарамсыз немесе пайдаланылу тоқтатылған ұңғымалар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жер қойнауын пайдаланушының реттегіш құрылғылармен жабдықтауына, консервациялауға немесе жоюға жатады;
13) қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы, жер қойнауын зерттеу жөнiндегi уәкілетті мемлекеттік органдардың, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттiк органның сіңіргіш ұңғымаларды болжамды бұрғылау ауданында арнайы зерттеп-қараулар жүргiзілгеннен кейiн берілетiн оң қорытындылары болған кезде осы ұңғымаларды бұрғылауға жол беріледі;
14) келісімшарт аумағы шегінде ұңғымаларды консервациялау және жою Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Мыналарға:
1) шаруашылық-ауызсу бар қабаттарға бұрғылау ерiтiндiлері мен материалдарын жiберуге;
2) өнеркәсiптiк, емдiк минералдық және жылу-энергетикалық сарқынды суды төгуге арналған сіңіргіш ұңғымалар шаруашылық ауыз-суымен жабдықтау немесе емдiк мақсаттарға жарамды немесе сол үшiн пайдаланылатын сулы белдеуді ластау көзі болуы мүмкiн жағдайларда осы ұңғымаларды бұрғылауға;
3) сумен жабдықтау көздерiн санитариялық қорғау аймақтарында сiңiргіш ұңғымалар мен құдықтарды орнату;
4) құрамында радиоактивтi заттар бар пайдаланылған суды сіңіргіш ұңғымалар мен құдықтарға төгуге тыйым салынады.
398-бап. Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында барлау және өндіру кезіндегі экологиялық талаптар
1. Ұңғымаларды бұрғылау теңізде көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық практикада қабылданған сынақтан өткен озық қағидаттар мен әдістер негізінде жүзеге асырылуға тиіс.
2. Келісімшарт аумағы шегінде теңіз бұрғылау платформаларын орналастыруға арналған орындар балық аулау кәсіпшілігі, балықтардың бағалы түрлерін және су кәсіпшілігінің басқа да объектілерін сақтау және олардың өсімін молайту үшін перспективалық маңызы бар теңіз аудандарының қоршаған ортасын барынша сақтау мүмкіндігі ескеріле отырып таңдалуға тиіс.
3. Кеме қатынасы үшін қолжетімді акваторийде мұз жабыны болған кезде бұрғылау баржасынан немесе платформасынан бұрғылау жұмыстарын жүргізу көмірсутектердің ықтимал төгілуін оқшаулау үшін қажетті жабдықтары бар мұзжарғыш типтегі корабльдің ұдайы болуымен жүзеге асырылуға тиіс. Осы тармақта көрсетілген талап жасанды аралдарда ұңғымаларды бұрғылауға қолданылмайды.
4. Теңізде мұз қатқан қиын жағдайларда болжамды экстремалдық қысымы бар және құрамындағы күкіртсутегі өте жоғары болатын қалың тұз астындағы өнімді белдеуді ашуға және ұңғымаларды сынауға тыйым салынады.
5. Теңізде көмірсутектерді өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен ұңғымалар сағаларында байқау және өлшеу арқылы өндірістік процеске мониторинг жүргізуге міндетті.
6. Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы авариялық төгілудің алдын алу, оны оқшаулау және жою жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз етуге тиіс.
7. Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың авариялық төгілуі туындаған кезде жиынтық экологиялық пайданы талдау негізінде оны жоюдың оңтайлы әдістері қолданылуға тиіс.
Жиынтық экологиялық пайданы талдау адамдардың денсаулығын барынша сақтауға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған, мұнайдың төгілуін жоюдың оңтайлы әдістерін іріктеу тәсілін білдіреді.
Мұнайдың төгілуін жоюдың оңтайлы әдістерін іріктеу адамдардың денсаулығын барынша сақтау және қоршаған ортаны қорғау үшін жиынтық экологиялық пайданы талдау негізінде жүргізіледі.
Жиынтық экологиялық пайданы талдау негізінде мұнайдың төгілуін жоюдың оңтайлы әдістерін қоршаған ортаны қорғау, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану, су қорын пайдалану мен қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті органдармен, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісу тек қана:
1) елді мекеннен қашықтығы бес километрден кем болған кезде мұнай дағын жағу;
2) жағуға жататын мұнай дағын оқшаулау мақсатында хердерлерді қолдану;
3) су тереңдігі он метрден кем және жағалауға дейінгі қашықтық 1 километрден кем болған кезде диспергенттерді қолдану үшін талап етіледі.
Өзге жағдайларда мұнайдың төгілуін жоюдың оңтайлы әдістерін іріктеу қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша жүзеге асырылады.
Диспергенттерді, хердерлерді кез келген қолдану немесе мұнай дағын жағу туралы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға хабар беру қажет.
Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында жиынтық экологиялық пайданы талдау негізінде мұнайдың төгілуін жоюдың оңтайлы әдістерін айқындау, келісу және оларды таңдау туралы шешім қабылдау қағидаларын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
8. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган:
1) жиынтық экологиялық пайданы алдын ала және жедел талдау негізінде мұнайдың төгілуін жоюдың оңтайлы әдістерін келіседі;
2) жиынтық экологиялық пайдаға талдау жүргізу әдістемесін әзірлейді және бекітеді;
3) жиынтық экологиялық пайданы талдау мәселелері және теңізде мұнайдың төгілуін жою әдістері бойынша ұсынылатын ең үздік халықаралық практикалар тізбесін бекітеді.
9. Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті органдар, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында жиынтық экологиялық пайданы талдау негізінде теңізде мұнайдың төгілуін жоюдың оңтайлы әдістерін айқындау, келісу және оларды таңдау туралы шешім қабылдау қағидаларында белгіленген жағдайларда мұнайдың төгілуін жоюдың оңтайлы әдістерін келіседі.
10. Теңізде және ішкі су айдындарында мұнайдың авариялық төгілуін жою кезінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітетін тізбеге енгізілген диспергенттер мен хердерлер қолданылады.
Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың авариялық төгілуін жоюға арналған диспергенттер мен хердерлердің тізбесін, Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың авариялық төгілуін жоюға арналған диспергенттер мен хердерлердің тізбесіне диспергенттер мен хердерлерді енгізу тәртібін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
Диспергенттер - беткі-активті заттар мен еріткіштердің қоспасы, олар мұнай дағының табиғи процестердің әсер етуінен бұзылғанға дейін судың қабатында қала отырып, онымен барынша тиімді араласа алатын ұсақ тамшыларға бөлінуіне мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың авариялық төгілуін жоюға арналған диспергенттердің тізбесіне енгізу үшін диспергенттерді айқындау жөніндегі әдістемені қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың авариялық төгілуін жоюға арналған диспергенттер мен хердерлердің тізбесіне енгізу үшін хердерлерді айқындау әдістемесін бекітеді.
11. Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою үшін экологиялық сезімталдық карталарын (бұдан әрі - экологиялық сезімталдық карталары) әзірлеуді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қамтамасыз етеді және ол жинау, сақтау, өңдеу (есепке алу және жүйелеу), талдау жөніндегі іс-шараларды қамтиды.
Экологиялық сезімталдық картасы экологиялық құндылығы жоғары әлеуметтік-экономикалық объектілердің, қоршаған орта объектілерінің орналасуын және теңізде мұнайдың төгілуін жою кезінде қорғау мен тазартудың басымдылығын айқындау үшін маусымдылықты ескере отырып, олардың сезімталдық индексін айқындайды.
Экологиялық сезімталдық картасы бағдарламалық қамтылыммен қалыптастырылады, жылына бір реттен кем емес кезеңділікпен толықтырылып және жаңартылып отырады.
12. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган:
1) экологиялық сезімталдық картасын әзірлеу және Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою үшін сезімталдық индексін айқындау бойынша шешімдер қабылдау қағидаларын;
2) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы уәкілетті органдармен, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою үшін сезімталдық индекстері бар экологиялық сезімталдық картасын;
3) Қазақстан Республикасының теңізінде, ішкі су айдындарында және сақтық аймағында мұнайдың төгілуін жою үшін экологиялық сезімталдық картасын әзірлеу әдіснамасын бекітеді.
399-бап. Қазақстан Республикасының сақтық аймағы шегiнде жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүргiзу кезiндегi экологиялық талаптар
1. Қазақстан Республикасының сақтық аймағы шегiнде жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы оларды су деңгейi көтерiлген жағдайда теңiздiң ластануын болғызбайтындай немесе барынша азайтатындай етіп жүргiзуге мiндеттi.
2. Қазақстан Республикасының сақтық аймағы шегiнде жер қойнауын пайдалану жөнiндегi операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы өзiнiң келiсiмшарттық аумағынан теңiз ластанған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушының кiнәсiнің болған-болмағанына қарамастан, қоршаған ортаға, жеке немесе заңды тұлғаларға келтiрiлген залал мен шығын үшiн жауапты болады.
400-бап. Көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде түзілетін күкіртпен жұмыс істеу кезіндегі экологиялық талаптар
1. Көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде түзілетін техникалық газ күкіртін экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкес жабдықталған арнайы алаңдарда ашық түрде орналастыруға және сақтауға жол беріледі.
2. Техникалық газ күкіртімен жұмыс істеген кезде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен қағидаларда көзделген экологиялық талаптардың сақталуы қамтамасыз етілуге тиіс.
401-бап. Суасты құбыржолдары мен кәбілдерін жобалау, төсеу және пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар
1. Әрбiр нақты объектiнi салу және пайдалану үшін трассалар, конструкциялар, жабдықтар, технологиялар мен техникалық құралдар орналастырылатын жердi таңдау қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуді азайту мақсатында баламалы негiзде жүргiзiлуге тиiс.
2. Суасты құбыржолдары мен кәбілдер трассасына бес жүз метрден кем арақашықтықта бұрғылау-жару жұмыстарын жүргізуге және серпімді толқындар (сейсмикалық сигналдар) туғызатын пневматикалық және басқа да детонациялайтын көздермен сейсмикалық барлауға тыйым салынады.
3. Су асты құбыржолдары мен кәбілдерiнің трассаларын кесіп өтіп сейсмикалық шалғыларды сүйретуге және балық аулау кемелерiнің тралдауына тыйым салынады.
4. Салынуға жататын құбыржолдар мен соған iлеспе инженерлiк құрылысжайларды жобалау:
олардың сенімділігінің, қауiпсiздiгiнiң, қорғалуы мен техникалық жай-күйiн бақылаудың жоғары дәрежесін;
күтпеген жағдайларға жедел ден қою мүмкіндігін;
жөндеу-қалпына келтiру жұмыстарының жеделдiгi мен сапасын;
қоршаған ортаға жағымсыз әсер етуді барынша азайтуды қамтамасыз етуге тиiс.
5. Жобада құрылыс, санитариялық-эпидемиологиялық нормалар мен қағидалардың талаптарына, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкiлеттi органның нұсқаулық құжаттарына сәйкес келетiн «Қоршаған ортаны қорғау» деген дербес бөлім мiндеттi түрде болуға тиiс.
6. Жобалау-сметалық құжаттаманың толықтығы мен анықтығы үшін жобаның тапсырыс берушiсі мен әзiрлеушiсі жауапты болады.
7. Құбыржол төсеу жобаларында салынған және кейiннен пайдаланылған кезде оларды қорғау жөнiндегi шаралар көзделуі қажет. Көмiрсутек шикiзаты мен оны қайта өңдеу өнiмдерiн тасымалдайтын құбыржолдарды салудың әрбір сатысында және пайдалану кезінде қоршаған ортаны, сондай-ақ тәуекелi жоғары объектiлерге жататын құбыржолдарды қорғау және сақтау жөнiнде шаралар қабылдануға тиiс.
8. Құбыржолдардың кеме жүзетiн өзендермен және каналдармен қиылысатын жерлері жағалауларда навигациялық белгiлермен белгiленуге тиіс. Магистральдық құбыржолды салған кезде навигациялық белгiлер Қазақстан Республикасының iшкi су көлiгi саласындағы заңнамасына сәйкес орнатылады.
9. Құбыржолдардың зақымдалу ықтималдығын болғызбау үшiн оларды төсеудің кез келген түрінде мынадай:
су асты өткелдерінің бойында - өткелдердің шеткi сызықтарының осiнен әрбiр жағынан жүз метр қашықтықтағы, параллель жазықтар арасында орналасқан, су бетінен түбiне дейiнгi су кеңiстiгiнiң учаскесi түрiнде;
өнiмдi тасымалдауға дайындау технологиялық қондырғыларының, басты және аралық, қайта айдайтын және құятын сорғы станцияларының, резервуарлық парктердiң, компрессорлық және газ тарату станцияларының, өнiм өлшейтiн тораптардың, құятын және ағызатын эстакадалардың, мұнай мен мұнай өнiмдерiн қыздыратын пункттердің айналасында - көрсетілген oбъектiлер аумағы шекараларының жан-жағынан жүз метр қашықтықта болатын тұйық сызықпен шектелген жер учаскесi түрiнде күзет аймақтары белгіленеді.
10. Күзет аймақтарын, оның құрамына кіретін коммуникациялар мен объектілерді байланыстыра отырып, құбыржолдың нақты жағдайының материалдары, координаталары оларды мемлекеттік жер кадастрына енгізу үшін тиісті жергілікті атқарушы органдар мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына берілуге тиіс.
11. Құбыржолдардың күзет аймақтарында олардың қалыпты пайдаланылуын бұзуы не бүлiнуiне алып келуі мүмкiн әрекеттер жасауға:
навигациялық танымдық белгiлердің, бақылау-өлшеу пункттерiнiң орнын ауыстыруға, оларды көмуге және сындыруға;
қызмет көрсетiлмейтiн кәбілдік байланыс пункттерiнiң люктерiн, қақпалары мен есiктерiн, желілік арматуралар тораптарының қоршауларын, катодтық және дренаждық қорғау қондырғыларын, желiлiк және байқау құдықтары мен басқа да желiлiк құрылғыларды ашуға, крандар мен тартпаларды ашуға және жабуға, байланыс, энергиямен жабдықтау және құбыржолдардың телемеханикасы құралдарын ажыратуға немесе қосуға;
қоқысқа айналдыруға, қышқылдардың, тұздар мен сiлтiлердің ерiтiндiлерiн төгуге;
жағалауларды бекiтетiн құрылысжайларды, су өткiзетiн құрылғыларды, құбыржолдарды - бұзылудан, ал iргелес жатқан аумақ пен қоршаған жергілікті жерді тасымалданатын өнiмнің авариялық төгiлуінен сақтайтын топырақтан жасалған немесе өзге құрылысжайларды (құрылғыларды) бұзуға;
зәкiр тастауға, түсiрiлген зәкiрлермен, шынжырлармен, лоттармен, ысырғыштармен және тралдармен өтуге, түбiн тереңдету және топырақты аршу жұмыстарын жүргiзуге;
от жағуға немесе ашық немесе жабық от көздерiн орналастыруға тыйым салынады.
12. Құбыржолдардың күзет аймақтарында магистральдық құбыржолдың меншік иесінің жазбаша рұқсатынсыз кез келген жұмыстарды, оның ішінде геологиялық-түсіру, геологиялық-барлау, іздеу, геодезиялық және ұңғымаларды, шурфтарды орнатуға және топырақ сынамасын алуға байланысты басқа да іздестіру жұмыстарын, сондай-ақ жару жұмыстарын жүргізуге тыйым салынады. Құбыржолдардың күзет аймақтарында жару жұмыстарын жүргізуге жазбаша рұқсат осы жұмыстарды жүргізетін ұйым қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларында көзделген тиісті материалдарды ұсынғаннан кейін ғана беріледі.
13. Құрамында күкіртті сутек бар мұнай мен судың авариялық төгілуі кезінде күкіртті сутек құрамының тиісті жұмыстарды жүзеге асыратын персонал үшін қауіпсіз деңгейіне жеткеннен кейін оларды дереу жинап, сол жерде бейтараптандыру немесе көмуге әкету керек.