3. Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес жер:
1) жер беті мен топырақтың антропогендік ластануынан;
2) жер бетінің қоқыстануынан;
3) топырақтың тозуы мен құнарсыздануынан;
4) жердің өзге түрде бүлінуі мен нашарлауынан (су және жел эрозиясы, шөлейттену, су басу, су жайылу, батпақтану, кейіннен сортаңдану, құрғап кету, тығыздалу, табиғи ландшафтардың техногендік өзгеруі салдарынан) қорғалуға жатады.
4. Қазақстан Республикасының экология заңнамасына сәйкес жер:
1) адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтіруді;
2) экологиялық жүйелердің орнықты жұмыс істеуінің бұзылуын;
3) ағаштардың қурауын және құрып кетуін;
4) биоәртүрліліктің қысқаруын;
5) экологиялық залал келтіруді болғызбау мақсатында қорғалуға жатады.
5. Топырақ сапасының мемлекет белгілеген экологиялық нормативтерінен асатын концентрацияларда ластағыш заттардың топырақта болуы топырақтың ластануы деп танылады.
Антропогендік және табиғи факторлар нәтижесінде топыраққа ластағыш заттардың түсуі, сондай-ақ топырақта болатын химиялық, физикалық және биологиялық процестер нәтижесінде онда ластағыш заттардың түзілуі топырақтың ластану көздері деп танылады.
6. Жер бетіне және топырақтың беткі қабатына ластағыш заттардың осындай жерді нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануға кедергі келтіретін көлемде түсуі жер бетінің ластануы деп танылады.
7. Жерді ластанудың барлық түрінен, оның ішінде жер бетімен және топырақпен жанасатын физикалық ортадан (атмосфералық ауа мен су) ластағыш заттардың түсуі салдарынан ластанудан қорғау жүзеге асырылады.
8. Қатты қалдықтарды жерді нысаналы мақсаты бойынша пайдалануға кедергі келтіретіндей немесе оның эстетикалық құндылығын нашарлататындай етіп жер бетіне бейберекет тастау жер бетінің қоқыстануы деп танылады.
9. Табиғи немесе антропогендік факторлардың әсер етуі нәтижесінде топырақтың құнарлылығын (топырақ сапасын) айқындайтын қасиеттері мен құрамының нашарлауы топырақтың тозуы деп түсініледі.
Топырақтың құнарлы қасиеттерінің толық жоғалуы топырақтың құнарсыздануы деп түсініледі.
229-бап. Топырақ сапасының экологиялық нормативтері
1. Топырақ сапасының экологиялық нормативтері химиялық көрсеткіштер үшін топырақтағы ластағыш заттардың шекті жол берілетін концентрациясы түрінде белгіленеді.
2. Топырақтағы ластағыш заттардың шекті жол берілетін концентрациясы деп осы Кодекске сәйкес ластағыш деп танылған химиялық заттың ең көп көлемі (массасы) түсініледі, одан асып кеткен кезде топырақ жер пайдаланудың бір немесе бірнеше түрі үшін жарамсыз болып, табиғи орта құрамдастарының тозуын туғызады немесе экологиялық жүйелердің орнықтылығы мен биоәртүрлілікті бұзады.
3. Топырақ сапасының нормативтері аумақтардың табиғи ерекшеліктері және Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес белгіленген жер санаттары ескеріле отырып әзірленеді және белгіленеді.
4. Заттың топырақта табиғи фондық қамтылуы - топырақтың табиғи (әдеттегі) құрамына сәйкес келетін заттың топырақта қамтылуы.
5. Егер топырақ сапасының белгіленген экологиялық нормативтері сақталған кезде табиғи экологиялық жүйенің тірі элементтері (өсімдіктер, жануарлар және басқа да организмдер) жай-күйінің кемінде бес жылдық кезең ішіндегі ғылыми зерттеулермен расталған нашарлау белгілері анықталса, онда мұндай аумақтар үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті жергілікті өкілді органы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша өзінде топырақ сапасының индикаторлары ретінде пайдаланылатын биологиялық объектілердің неғұрлым осал тобының жай-күйі көрсеткіштерінің жағымсыз ауытқуы байқалмайтын топырақ сапасының неғұрлым қатаң аумақтық экологиялық нормативтерін белгілеуге міндетті.
230-бап. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді аймақтарға бөлу және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді аймақтарға бөлу кезінде экологиялық қауіпсіздік және ауыл шаруашылығы алқаптарының сапалық жай-күйі қамтамасыз етілуге тиіс.
2. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді аймақтарға бөлу экологиялық қолайсыздық дәрежесінің көрсеткіштеріне негізделеді, физикалық тозу және химиялық ластану осы қолайсыздықтың өлшемшарттары болып табылады.
3. Жердің химиялық ластану деңгейін айқындау қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекітетін топырақтағы химиялық заттардың шекті жол берілетін концентрациясы пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.
4. Жерді неғұрлым құнды жерден құндылығы төменіне ауыстыру, консервациялау қажеттілігін айқындау, сондай-ақ экологиялық зілзала аймағына немесе төтенше экологиялық жағдай аймағына жатқызу мақсатында жерді бағалаудың экологиялық өлшемшарттарын (бұдан әрі - жерді бағалаудың экологиялық өлшемшарттары) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
231-бап. Елді мекендердің жерлерін аймақтарға бөлу және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Елді мекендердің жерлерін аймақтарға бөлу жерді бағалаудың экологиялық өлшемшарттары негізінде жүзеге асырылады.
2. Елді мекендердің жерлерін басқа санаттардағы жерлерге ауыстыру кезінде осындай жерлерден атмосфералық ауаға және осындай аумақтардың суына ластағыш заттардың түсу мүмкіндігі және олардың адамдардың өміріне және (немесе) денсаулығына тікелей ықпалы ескеріледі.
3. Төтенше экологиялық жағдай аймағы үшін экологиялық ахуалдың одан әрі нашарлауына алып келмейтін ерекше пайдалану режимі белгіленеді.
232-бап. Өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жерлерін және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатына арналмаған жерлерді аймақтарға бөлу және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Өнеркәсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс жерлерін және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатына арналмаған жерлердi аймақтарға бөлу кезiнде экологиялық қауiпсiздiк қамтамасыз етiледi.
2. Экологиялық қауiпсiздiкті қамтамасыз ету және өнеркәсiптік, көлiктік және өзге де объектiлердi пайдалану үшiн қажеттi жағдай жасау мақсатында қоршаған ортаның жай-күйiн жақсартуға ықпал ететiн, көрсетілген жерлердi пайдаланудың ерекше жағдайларын жасау ескерiле отырып, аймақтар белгiленедi.
3. Өнеркәсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс жерлерін және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатына арналмаған жерлердi басқа санаттардағы жерлерге ауыстыру кезiнде олардың шегінде аймақтарды белгiлеу мақсатына үйлеспейтін қызмет түрлерiне шектеу қойылатын немесе тыйым салынатын аймақтар ескерiледi.
4. Өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жерлерінің және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатына арналмаған жерлердің химиялық заттармен жерді бағалаудың экологиялық өлшемшарттарында белгіленген деңгейлерден астам ластануы оларды басқа санаттардағы жерлерге ауыстыру кезінде қосымша экологиялық өлшемшарт болып табылады. Ластанудың жоғары деңгейіне жатқызылған жерлер консервациялауға жатады және босалқы жерлер құрамына ауыстырылады.
233-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерiн және сауықтыру мақсатындағы жерлердi пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін пайдалану режимі Қазақстан Республикасының Жер кодексінде және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында реттеледі.
2. Сауықтыру мақсатындағы жерлердің аумағында қолайлы экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық жағдайларды сақтау мақсатында оларды аймақтарға бөлу кезiнде санитариялық-қорғаныш аймақтары белгiленедi.
3. Туристік операторлық және (немесе) туристік агенттік қызметті жүзеге асыратын тұлғалар ерекше қорғалатын табиғи аумақта туризмді жүзеге асыруды көздейтін туристік өнімді қалыптастыру және іске асыру кезінде мынадай экологиялық туризм қағидаттарын басшылыққа алуға міндетті:
1) белгілі бір аумақта бір мезгілде болатын туристердің жоспарланған санының осындай аумаққа қатысты белгіленетін рекреациялық жүктемелерге сәйкес келуі;
2) қоршаған ортаға зиян келтіруге жол бермеу;
3) қоршаған ортаға неғұрлым аз жағымсыз әсер ететін көлік құралдарын таңдау;
4) тұрмыстық қатты қалдықтардың түзілуін барынша азайту және оларды жинау үшін белгіленген жерлерде орналастыруды не ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан өз бетінше әкетуді қамтамасыз ету;
5) туристерге баратын жерлері туралы хабар беру және ондағы жүріс-тұрыс қағидалары туралы нұсқау беру;
6) баратын аумақтарда және (немесе) олардың маңында тұрақты тұратын адамдарды турларды ұйымдастыруға және жүргізуге және экономикалық пайда алуға тарту.
234-бап. Орман қорының жерлерiн пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар
1. Орман қорының жерлерiн пайдалану режимi Қазақстан Республикасының Жер кодексінде және Қазақстан Республикасының Орман кодексінде реттеледi.
2. Аумақтың экологиялық жай-күйiнiң индикаторы ретiндегі өсiмдiктердiң жай-күйiн жердi орман қоры санатына жатқызу кезiндегі экологиялық өлшемшарт деп есептеген жөн.
3. Орман қорының жерлерiндегi орман шаруашылығының мұқтаждықтары үшiн пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптары Қазақстан Республикасының орман заңнамасына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер санатына ауыстырылуы мүмкiн.
4. Орман қорының жерлерін басқа санаттардағы жерлерге ауыстыруға Қазақстан Республикасы орман заңнамасының талаптарына сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде жол беріледі.
5. Орман қорының жерлерiн басқа санаттардағы жерлерге ауыстыру кезiнде жердi бағалаудың экологиялық өлшемшарттарына сәйкес жердiң жай-күйiнiң шөптi және сүректi өсiмдiктерге ықпалын көрсететiн экологиялық көрсеткiштер ескерілгені жөн.
235-бап. Су қорының жерлерiн аймақтарға бөлу және пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар
1. Су қорының жерлерiн аймақтарға бөлу кезiнде су объектiлерiн қорғау қамтамасыз етiледi.
2. Су қоры жерлерiнiң құрамындағы жер учаскелерiн жергiлiктi атқарушы органдар су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсу бойынша жеке және заңды тұлғаларға ауыл, орман, балық, аңшылық шаруашылықтардың мұқтаждықтары үшін және жер учаскесiнiң негiзгi нысаналы мақсатына қайшы келмейтiн, жердiң ластануы мен тозуына және тиiсiнше, экологиялық ахуалдың нашарлауына алып келмейтін басқа да мақсатта уақытша жер пайдалануға беруi мүмкiн.
3. Су қорының жерлерiн басқа санаттардағы жерлерге ауыстыруға Қазақстан Республикасы су заңнамасының талаптарына сәйкес мемлекеттiк экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптамалардың оң қорытындылары болған кезде:
1) су объектiсiнiң жұмыс iстеуi тоқтатылған не оның экологиялық және гигиеналық көрсеткiштерi едәуiр өзгерген;
2) олар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерiне жатқызылған;
3) елдi мекендердiң шекаралары (шектерi) экологиялық ахуалдың өзгеруiне алып келетіндей өзгерген жағдайда жол берiледi.
4. Су қорғау белдеулерiне бөлiп берiлген жерлер елдi мекендер мен өнеркәсiп жерлерiнiң санатына ауыстырылмайды, оларда судың ластануын, қоқыстануын және сарқылуын болғызбау үшiн шаруашылық қызметтiң арнайы режимi белгiленедi.
236-бап. Босалқы жерлердi аймақтарға бөлу және пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар
1. Босалқы жерлердi аймақтарға бөлу кезiнде жағымсыз өзгерiстер байқалған алаң және зерттелетiн аумақтағы тозу дәрежесi әртүрлi учаскелердi бөлудiң кеңiстiктегi әркелкiлiгi ескерiледi.
2. Экожүйелердің тозу жылдамдығы елу жылдық байқау қатары бойынша есептеледі. Экожүйенің тозу дәрежесін бағалау жерді бағалаудың экологиялық өлшемшарттарына сәйкес жүргізіледі.
3. Босалқы жерлер одан әрi пайдалану мақсатына қарай, жергілікті жерде өздері ауыстырылатын санаттағы жердің шекаралары белгiленгеннен кейiн ғана басқа санаттардағы жерлерге ауыстырылуы мүмкiн. Босалқы жерлер басқа санаттардағы жерлерге ауыстырылған кезде осы жер санатына қойылатын экологиялық талаптарға сәйкес жер учаскесiн таңдау алдын ала жүзеге асырылады.
4. Бүлінген жерлердi босалқы жерлер санатынан ауыстыру рекультивациялау және жердiң сапасы мен экологиялық жағдайды жақсарту жөнiндегi iс-шаралар жүзеге асырылғаннан кейiн мүмкiн болады.
5. Бұрын ядролық қаруды сынау жүргiзiлген босалқы жерлер құрамындағы жер учаскелерi ядролық қаруды сынау зардаптарын жою жөнiндегi барлық iс-шаралар және мемлекеттiк экологиялық және санитариялық-эпидемиологиялық сараптамалардың оң қорытындылары болған кезде кешендi экологиялық зерттеп-қарау аяқталғаннан кейiн ғана меншiкке немесе жер пайдалануға берiлуi мүмкiн.
2023.05.07. № 17-VІІI ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
6. Осы баптың 3, 4 және 5-тармақтарының ережелері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, Семей ядролық қауіпсіздік аймағының жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті ұйымға берілетін ядролық қауіпсіздік аймағының жеріне қатысты қолданылмайды.
237-бап. Жерді оңтайлы пайдалану жөнiндегi экологиялық талаптар
1. Мыналар:
1) ұсынылып отырған жерді қайта түлету мен жердi қайта бөлудің экологиялық салдарларын ғылыми негiздеу және болжау;
2) жердi пайдалану мен барлық санаттағы жерлерді қорғауды жоспарлау және ұйымдастыру кезінде бiрыңғай мемлекеттiк экологиялық саясатты негiздеу және iске асыру;
3) жердiң нысаналы пайдаланылуын қамтамасыз ету;
4) экологиялық негiзделген, алаңы жағынан ықшам және оңтайлы жер учаскелерiн қалыптастыру және орналастыру;
5) орнықты ландшафтарды күтiп-ұстау және жердi қорғау жөніндегі шаралар кешенiн әзiрлеу;
6) жердi қорғау жөнiндегi iс-шараларды әзiрлеу;
7) адам денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау мүддесiнде ормандардың орта құрау, су қорғау, қорғау, санитариялық-эпидемиологиялық, сауықтыру және өзге де пайдалы табиғи қасиеттерiн сақтау және күшейту;
8) биоәртүрлілікті сақтау және экологиялық жүйелердің орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету жерді оңтайлы пайдалану жөніндегі негiзгi экологиялық талаптар болып табылады.
2. Кәсiпорындарды, құрылысжайларды және өзге де объектiлердi орналастыру және пайдалану үшiн жер учаскелерiн беру экологиялық талаптар сақтала отырып және көрсетілген объектiлер қызметiнiң экологиялық салдарлары ескеріле отырып жүргiзiледi.
3. Ауыл шаруашылығы өндiрiсiне байланысты емес объектiлердi салу және тұрғызу үшiн ауыл шаруашылығы мақсатына жарамсыз, топырағының бонитет балы ең төмен жер бөлiнуге тиiс.
238-бап. Жердi пайдалану кезiндегi экологиялық талаптар
1. Жеке және заңды тұлғалар жерді пайдалану кезінде жердің ластануына, жер бетінің қоқыстануына, топырақтың тозуына және құнарсыздануына жол бермеуге тиіс, сондай-ақ топырақтың құнарлы қабатының біржола жоғалуын болғызбау үшін қажет болған жағдайда оны алуды және сақтауды қамтамасыз етуге міндетті.
2. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде жер қойнауын пайдаланушылар, сондай-ақ жерді бүлдіруге байланысты құрылыс және басқа да жұмыстарды орындау кезінде өзге де тұлғалар:
1) өздері алып жатқан жер учаскелерiн одан әрi мақсаты бойынша пайдалануға жарамды күйде ұстауға;
2) жерді бүлдіруге байланысты жұмыстарды бастағанға дейін топырақтың құнарлы қабатын алуға және оны сақтауды әрі кейіннен бүлінген жерлерді рекультивациялау мақсатында пайдалануды қамтамасыз етуге;
3) бүлінген жерлерді рекультивациялауды жүргізуге міндетті.
3. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу, жерді бүлдіруге байланысты құрылыс және басқа да жұмыстарды орындау кезінде:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге, құрылыс және басқа да тиісті жұмыстарды орындауға бөлінген жер учаскелерінің (жердің) шегінен тыс жерде өсімдік қабаты мен топырақ қабатын бүлдіруге;
2) топырақтың құнарлы қабатын сату немесе басқа адамдардың меншігіне беру мақсатында алуға тыйым салынады.
4. Бүлінген жерлерді рекультивациялау бағытын таңдау кезінде:
1) жер бетінің бүліну сипаты;
2) объект орналасқан ауданның табиғи және физикалық-географиялық жағдайлары;
3) осындай ауданның даму перспективалары мен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі талаптар ескеріле отырып, объектiнi орналастырудың әлеуметтiк-экономикалық ерекшелiктерi;
4) бүлінген жерлердiң негiзгi алаңын қаратопырақ тараған және ауыл шаруашылығы қарқынды жүретін аймақта жыртылатын алқаптар етіп қалпына келтiру қажеттiгi;
5) қазылған кеңістікте су айдындарын және аршылған жыныстар мен байыту қалдықтары үйінділерінде сәндік бақ-саябақ кешендерін, ландшафтар жасауды қоса алғанда, елді мекендерге тікелей жақын жердегі бүлінген жерлерді бақтар, қосалқы шаруашылықтар және демалыс аймақтары етіп қалпына келтіру қажеттігі;
6) өнеркәсіптік объект аумағында жоспарлау жұмыстарын орындау, қажетсiз шұңқырлар мен үймелердi жою, құрылыс қоқысын жинау және жер учаскесiн абаттандыру;
7) пайдаланылатын жер учаскесiндегi топырақпен жабылуы немесе тегiстелуі қажет жыралар мен су шайған жерлер;
8) міндетті түрде аумақты көгалдандыруды жүргізу ескерілуге тиіс.
5. Жер учаскелері өнеркәсіптік қалдықтарды жинақтау, сақтау, көму үшін пайдаланылған жағдайда, олар мынадай талаптарға сай келуге:
1) өнеркәсіптік қалдықтарды көму полигондарын жобалаудың, салудың және пайдаланудың санитариялық-эпидемиологиялық қағидалары мен нормаларына сәйкес келуге;
2) су айдыны, ауыл шаруашылығы алқаптары, ормандар, өнеркәсіптік кәсіпорындар жағына еңісі 1,5 пайыз жерде сыйымдылық түбінен екі метрден жоғары емес ызасу тұрғанда әлсіз сүзетін топырақтың болуы;
3) елді мекенге қатысты жел өтіне қарсы жақта және жерасты суы ағынының бағыты бойынша төмен орналасуы;
4) тасқын су мен нөсер суы басып қалмайтын жерде орналасуы;
5) инженерлік сүзуге қарсы қорғанышы, периметрі бойынша қоршауы және көгалдандырылуы, қатты жабыны бар кірме жолдарының болуы;
6) жер учаскесінен шығатын жерүсті және жерасты ағыны су объектілеріне түспеуге тиіс.
6. Жаңа технологияларды ендіруге, жерді мелиорациялау және топырақтың құнарлылығын арттыру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға, олар экологиялық талаптарға, санитариялық-эпидемиологиялық нормалар мен қағидаларға, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, тыйым салынады.
7. Радиоактивтік және (немесе) химиялық ластануға ұшыраған жерлерді пайдалану, қорғау аймақтарын белгілеу, осы жерлерде тұрғын үйлерді, өндірістік, коммерциялық және әлеуметтік-мәдени мақсаттағы объектілерді сақтау, оларда мелиорациялық және техникалық жұмыстарды жүргізу тәртібі радиациялық және химиялық әсер етудің шекті жол берілетін деңгейлері ескеріле отырып айқындалады.
8. Жерді қорғау мақсатында жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылар:
1) жерді су және жел эрозиясынан, селдерден, көшкіндерден, су басудан, су жайылудан, батпақтанудан, қайталама сортаңданудан, құрғап кетуден, тығыздалудан, радиоактивтік және химиялық заттармен ластанудан, қоқыстанудан, биогенді ластанудан, сондай-ақ басқа да жағымсыз әсер етулерден қорғау;
2) жерді карантиндік объектілерден, бөтен текті түрлерден және аса қауіпті зиянды организмдерден зақымданудан, олардың таралуынан, арамшөптердің, бұталардың және шіліктердің басып кетуінен, сондай-ақ жердің жай-күйін нашарлатудың өзге де түрлерінен қорғау;
3) ластанудың, оның ішінде биогенді ластанудың және қоқыстанудың салдарларын жою;
4) мелиорациялаудың қол жеткізілген деңгейін сақтау;
5) бүлінген жерлерді рекультивациялау, топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру, жерлерді уақтылы айналымға тарту жөніндегі іс-шараларды жүргізуге міндетті.
9. Елді мекендер жерлерінде көктайғақпен күресу үшін ас тұзын пайдалануға тыйым салынады.
17-БӨЛІМ. ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ
15-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
239-бап. Жалпы ережелер
1. Биологиялық әртүрлілік барлық көздерден тарайтын тірі организмдердің, оның ішінде жерүсті, теңіз және өзге де су экожүйелерінің және олар бір бөлігі болып табылатын экологиялық кешендердің түрленгіштігін білдіреді және түр шеңберіндегі, түрлер арасындағы әртүрлілік пен экожүйелердің әртүрлілігін қамтиды.
2. Экологиялық жүйе (экожүйе) деп табиғи ортаның объективті түрде өмір сүретін бір бөлігі болып табылатын, бірыңғай функционалдық тұтастық ретінде өзара әрекеттесетін және кеңістікті-аумақтық шекаралары бар зат алмасумен және энергия алмасумен өзара байланысты болатын өсімдіктер, жануарлар және өзге де организмдер қоғамдастықтарының, олар мекендейтін тіршіліксіз ортаның қарқынды кешені түсініледі.
Мекендеу ортасы деп қандай да бір организмнің немесе популяцияның табиғи мекендейтін жерінің типі немесе жері түсініледі.
3. Табиғи ландшафт деп адамның тыныс-тіршілігінің нәтижесінде өзгеріске ұшырамаған және бірыңғай климаттық жағдайларда қалыптасқан жергілікті жер бедерінің, топырақтың, өсімдіктердің белгілі бір типтерінің үйлесуімен сипатталатын аумақ түсініледі.
4. Биологиялық ресурстар деп генетикалық ресурстар, организмдер немесе олардың бөліктері, популяциялар немесе адамзат үшін нақты немесе ықтимал пайдасы не құндылығы бар экологиялық жүйелердің кез келген басқа биотикалық құрамдастары түсініледі.
5. Тірі организмдердің генетикалық қорының жойылу қатерін, биоәртүрлілік шығынын және экологиялық жүйелердің орнықты жұмыс істеуінің бұзылуын туындататын қызметке тыйым салынады.
240-бап. Биоәртүрлілікті сақтау жөніндегі шаралар
1. Биоәртүрлілікті сақтау мақсатында шаралар өз артықшылықтарының кемуі тәртібімен мынадай реттілікпен қолданылады:
1) жағымсыз әсер етуді болғызбау жөніндегі шаралар бірінші кезекті болып табылады;
2) биоәртүрлілікке жағымсыз әсер етуді болғызбау мүмкін болмаған кезде оны барынша азайту жөніндегі шаралар қабылдануға тиіс;
3) биоәртүрлілікке жағымсыз әсер етуді болғызбау немесе барынша азайту мүмкін болмаған кезде, оның салдарларын жұмсарту жөніндегі шаралар қабылдануға тиіс;
4) биоәртүрлілікке жағымсыз әсер етудің ескертілмеген, барынша азайтылмаған немесе жұмсартылмаған бөлігінде биоәртүрлілік шығынын өтеу жөніндегі шаралар қабылдануға тиіс.
Биоәртүрлілікке жағымсыз әсер етуді болғызбау жөніндегі шаралар деп қызметті жоспарлаудың ең ерте кезеңінен бастап және оны жүзеге асырудың бүкіл кезеңінде биоәртүрлілікке кез келген әсер етуден аулақ болуға бағытталған шаралар түсініледі.
Биорәртүрлілікке жағымсыз әсер етуді барынша азайту жөніндегі шаралар деп алды алынбаған әсер етулердің (тікелей және жанама) ұзақтығын, қарқындылығын және (немесе) деңгейін азайту жөніндегі шаралар түсініледі.
Биоәртүрлілікке жағымсыз әсер етудің салдарын жұмсарту жөніндегі шаралар деп биоәртүрлілікті сақтау және қалпына келтіру үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған шаралар түсініледі.
2. Стратегиялық экологиялық бағалау және қоршаған ортаға әсер етуге бағалау жүргізу кезінде:
1) әзірленіп жатқан құжаттың немесе белгіленіп отырған қызметтің биоәртүрлілікке жағымсыз әсер етуі анықталуға (зерттеулер жүргізу арқылы);
2) биоәртүрлілікке жағымсыз әсер етуді болғызбау, барынша азайту, осындай әсер етулердің салдарларын жұмсарту жөніндегі іс-шаралар көзделуге;
3) биоәртүрлілікті жоғалту қатері анықталған жағдайда, биоәртүрлілік шығынына бағалау жүргізілуге және оларды өтеу жөніндегі іс-шаралар көзделуге тиіс.
241-бап. Биоәртүрлілік шығыны және биоәртүрлілік шығынының орнын толтыру
1. Биоәртүрлілік шығыны деп антропогендік әсер ету нәтижесінде белгілі бір аумақта (акваторияда) өсімдіктер әлемі және (немесе) жануарлар дүниесі түрінің жойылып кетуі немесе популяциясының елеулі түрде қысқаруы танылады.
2. Биоәртүрлілік шығынының орнын толтыру биоәртүрліліктің тұрақты және ұзақ мерзімдік өсуіне бағдарлануға және:
1) қызметті жүзеге асыру нәтижесінде жоғалған биоәртүрлілікті қалпына келтіру;
2) сол аумақта (акваторияда) және (немесе) осындай биоәртүрлілік неғұрлым маңызды мәнге ие басқа аумақта (акваторияда) сондай немесе қоршаған орта үшін маңыздылығы кем емес басқа биоәртүрлілік түрін ендіру түрінде жүзеге асырылуға тиіс.
3. Егер:
1) бұл өсімдіктер әлемі және (немесе) жануарлар дүниесі объектілері немесе олардың сирек кездесетін немесе бірегей болып табылатын қоғамдастықтары бөлігінде биоәртүрлілік шығынына әкелетін болса және олардың жойылу және молықтырылуының мүмкін болмау тәуекелі болса;
2) бұл өсімдіктер әлемі және (немесе) жануарлар дүниесі объектілері немесе олардың бірегей ландшафтың құрамдас бөлігі болып табылатын қоғамдастықтары бөлігінде биоәртүрлілік шығынына әкелетін болса және оның жойылу және қалпына келтірілуінің мүмкін болмау тәуекелі болса;