881-бап. Ақпаратты және құжаттарды беру туралы сұрау салуларды және жекелеген процестік әрекеттерді жүргізу туралы тапсырмаларды жіберу
1. Ақпаратты және құжаттарды беру туралы сұрау салулар, жекелеген процестік әрекеттерді жүргізу туралы тапсырмалар Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда, соттар, органдар (лауазымды адамдар) арасында жіберілуі мүмкін.
2. Ақпаратты және құжаттарды беру туралы сұрау салуды, жекелеген процестік әрекеттерді жүргізу туралы тапсырманы қандай сотқа, органға жіберуді анықтау мүмкін болмаған жағдайларда, олар сұрау салынатын Тараптың орталық органына жіберіледі.
3. Ақпаратты және құжаттарды беру туралы сұрау салу, жекелеген процестік әрекеттерді жүргізу туралы тапсырма жазбаша нысанда органның бланкісінде ресімделеді және онда:
1) тиісті Тараптың сұрау салынатын органының атауы;
2) тиісті Тараптың сұрау салушы органының атауы;
3) қолданылатын заң мәтіні қоса беріліп, құқық бұзушылықтың және өзге де оған қатысты фактілердің егжей-тегжейлі сипаттамасы, тауарлардың құны туралы, залал мөлшері туралы деректер, сұрау салушы Тараптың заңнамасына сәйкес іс-әрекеттің заңдық саралануы;
4) өздеріне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлғалардың, куәлардың аты, әкесінің аты (ол болған кезде) және тегі, олардың тұрғылықты жері немесе болатын жері, азаматтығы, кәсiбiнiң түрi, туған жері мен жылы, айы, күні, заңды тұлғалар үшiн - олардың толық атауы және орналасқан жерi (егер санамаланған мәліметтер туралы ақпарат бар болса);
5) құжатты тапсыру туралы тапсырмада алушының нақты мекенжайы мен тапсырылатын құжаттың атауы да көрсетілуге тиіс;
6) ұсынылуға не орындалуға жататын мәліметтер мен әрекеттер тізбесі (сауал жүргізу үшін қандай мән-жайлардың анықталуы әрі нақтылануы тиіс екендігін, сондай-ақ сауал жүргізілетін тұлғаға қойылатын сұрақтардың дәйектілігі мен тұжырымдамасын көрсету қажет) қамтылуға тиіс.
4. Ақпаратты және құжаттарды беру туралы сұрау салу, жекелеген процестік әрекеттерді жүргізу туралы тапсырма:
1) талап етілетін іс-шаралардың орындалу мерзімінің көрсетілуін;
2) сұрау салуда көрсетілген іс-шараларды белгіленген тәртіппен жүргізу туралы өтінішхатты;
3) сұрау салушы Тарап органдары өкілдерінің сұрау салуда көрсетілген іс-шаралардың орындалуы кезінде қатысуға, сондай-ақ егер бұл Тараптардың заңнамасына қайшы келмесе, олардың орындалуына қатысуға мүмкіндік беру туралы өтінішхатты;
4) сұрау салуды, тапсырманы орындауға байланысты өзге де өтінішхаттарды да қамтуы мүмкін.
5. Ақпаратты және құжаттарды беру туралы сұрау салуға, жекелеген процестік әрекеттерді жүргізу туралы тапсырмаға сұрау салушы органның басшысы немесе оның орынбасары қол қояды. Сұрау салуға, тапсырмаға сұрау салу, тапсырма мәтінінде сілтеме жасалған құжаттардың қолда бар көшірмелері, олардың тиісінше орындалуына қажетті өзге де құжаттардың көшірмелері қоса берілуге тиіс.
6. Тараптардың органдары процестік құжаттарды пошта арқылы басқа Тараптың аумағындағы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша іс жүргізуге қатысушыларға тікелей жөнелтуі мүмкін.
7. Қосымша мәліметтер алу, алдыңғы сұрау салуды немесе тапсырманы орындау шеңберінде алынған ақпаратты нақтылау қажет болған кезде, ақпараттар мен құжаттарды беру туралы сұрау салуды, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша жекелеген процестік әрекеттерді жүргізу туралы тапсырманы қайталап жіберуге жол беріледі.
882-бап. Ақпаратты және құжаттарды беру туралы сұрау салуларды және жекелеген процестік әрекеттерді жүргізу туралы тапсырмаларды орындау тәртібі
1. Сот, орган (лауазымды адам) өздеріне белгіленген тәртіппен берілген, шет мемлекеттердің тиісті мекемелері мен лауазымды адамдарының процестік әрекеттерді жүргізу туралы тапсырмаларын осы Кодекстің жалпы қағидалары бойынша орындайды.
2. Тапсырманы орындау кезінде, егер бұл Қазақстан Республикасының сол мемлекетпен халықаралық шартында көзделсе, шет мемлекеттің процестік нормалары қолданылуы мүмкін.
3. Халықаралық шартта көзделген жағдайларда тапсырманы орындау кезінде басқа мемлекеттің құзыретті мекемесінің өкілі қатыса алады.
4. Егер сұрау салуды (тапсырманы) орындау мүмкін болмаса, оны орындауға кедергі келтірген себептер көрсетіле отырып, алынған құжаттар тапсырма берген шетелдік мекемеге қайтарылады. Егер тапсырманың орындалуы Қазақстан Республикасының егемендігіне немесе қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін болса не заңнамасына қайшы келсе, ол қайтарылады.
5-бөлiм. Әкімшілік жазалар қолдану туралы қаулыларды орындау
51-тарау. Негізгі ережелер
883-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулының заңды күшiне енуi
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулы:
1) егер әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша қаулыға шағым берiлмесе немесе наразылық келтірілмесе, оған шағым беру үшiн белгiленген мерзiм өткеннен кейiн;
2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2) шағым, наразылық бойынша қаулы шығарылғаннан кейiн дереу;
3) осы Кодекстің 811-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайда дереу заңды күшiне енедi.
884-бап. Әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулының мiндеттiлiгi
1. Әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулы барлық мемлекеттiк органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, лауазымды адамдардың, жеке тұлғалардың және олардың бiрлестiктерiнiң, заңды тұлғалардың орындауы үшiн мiндеттi.
2. Әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулы заңды күшiне енген кезінен бастап орындалуға жатады.
3. Арнайы құқықтан айыру және әкімшілік қамаққа алу түрiнде әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулы шығарылған кезінен бастап орындалуға жатады.
885-бап. Қаулыны орындауға енгізу
Әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулыны орындауға енгізу қаулыны шығарған судьяға, органға (лауазымды адамға) жүктеледi. Қаулы оны орындатуға уәкiлеттiк берілген органға (лауазымды адамға) ол заңды күшiне енген күннен бастап бiр тәулiк iшiнде жiберiледi. Арнайы құқықтан айыру түрiнде әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулы шығарылғаннан кейiн оны орындатуға уәкiлеттiк берілген органдарға дереу жiберiледi.
886-бап. Әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулыны орындауға келтіру
1. Әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулыны осы Кодексте белгiленген тәртiппен осыған уәкілеттік берілген органдар орындауға келтіреді.
2. Бiр тұлғаға қатысты әкiмшiлiк жазалар қолдану туралы бiрнеше қаулы шығарылған жағдайда, әрбір қаулы дербес орындауға келтіріледі.
3. Тұлғаның әкiмшiлiк жазадан жалтаруы, бұл жазаны заңнамаға сәйкес мәжбүрлеу тәртiбiмен орындауға әкеп соғады.
887-бап. Әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулыны орындауға байланысты мәселелердi шешу
1. Әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулы шығарған органға (лауазымды адамға) осы қаулыны орындауға байланысты мәселелердi шешу және оның орындалуын бақылау жүктеледi.
2. Әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулының орындалуын кейiнге қалдыру, мерзімін ұзарту, тоқтата тұру немесе тоқтату туралы, сондай-ақ кәмелетке толмаған адамға салынған айыппұлды оның ата-анасынан немесе оларды алмастыратын адамдардан өндiрiп алу туралы мәселелердi қаулы шығарған судья, орган (лауазымды адам) тиiстi мәселенi шешу үшiн негiз пайда болған күннен бастап үш күндік мерзiмде қарайды.
3. Осы баптың екiншi бөлiгiнде көрсетілген мәселелердiң шешiлуiне мүдделi тұлғаларға олардың қаралатын орны мен уақыты туралы хабарланады. Бұл ретте, мүдделi тұлғалардың дәлелсіз себептермен келмеуі тиiстi мәселелердi шешу үшiн кедергi болып табылмайды. Әкiмшiлiк қамаққа алуды өтеуден жалтару туралы мәселенi қарау кезiнде әкiмшiлiк қамаққа алынған адамның қатысуы мiндеттi болып табылады.
4. Осы баптың екiншi бөлiгiнде көрсетілген мәселелер бойынша шешiм қаулы түрiнде қабылданады.
5. Қаулының көшiрмесi өзіне қатысты қаулы шығарылған жеке тұлғаға немесе заңды тұлғаның өкiлiне, сондай-ақ өзінің өтiнiшi бойынша жәбiрленушiге қолхатпен дереу тапсырылады. Аталған тұлғалар болмаған жағдайда қаулының көшiрмесi ол шығарылған күннен бастап үш күн iшiнде жiберiледi, бұл жөнінде iсте тиiстi жазба жүргізіледі.
888-бап. Әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулының орындалуын кейiнге қалдыру және мерзімін ұзарту
Әкімшілік қамаққа алу, арнайы құқықтан айыру немесе айыппұл (әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған жерде айыппұл өндiрiп алуды қоспағанда) түрінде әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулының заңда белгiленген мерзiмдерде орындалуы мүмкiн болмайтын мән-жайлар болған кезде, қаулы шығарған судья, орган (лауазымды адам) өзiне қатысты қаулы шығарылған адамның арызы бойынша қаулының орындалуын бiр айға дейiнгi мерзiмге кейiнге қалдыра алады. Әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған адамның материалдық жағдайын ескере отырып, қаулы шығарған судья, орган (лауазымды адам) айыппұл төлеудi үш айға дейiнгi мерзiмге ұзартуы мүмкін.
Екінші деңгейдегі банкке және (немесе) бас ұйым ретінде банк конгломератына кіретін және екінші деңгейдегі банк болып табылмайтын ұйымға қайта құрылымдау жүргізу туралы соттың заңды күшіне енген шешімі болған кезде, қаулы шығарған судья, орган (лауазымды адам) екінші деңгейдегі банкке және (немесе) бас ұйым ретінде банк конгломератына кіретін және екінші деңгейдегі банк болып табылмайтын ұйымға қайта құрылымдауды тоқтату туралы сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны олардың өтініштері бойынша кейінге қалдыруы мүмкін.
889-бап. Әкiмшiлiк жазаны орындаудан босату
Әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулы шығарған судья, орган (лауазымды адам):
1) әкiмшiлiк жауаптылық белгiлейтiн заңның немесе оның жекелеген ережелерiнiң күшi жойылған;
2) осы Кодекстің 8-бабының екінші бөлігінде көзделген;
3) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған тұлға қайтыс болған немесе заңда белгiленген тәртiппен ол қайтыс болған деп жарияланған;
4) осы Кодекстің 890-бабында белгіленген әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны орындаудың ескіру мерзімі өткен;
5) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 10 желтоқсандағы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы заңнамалық актісінде көзделген жағдайларда қаулының орындалуын тоқтатады және әкiмшiлiк жазадан босатады.
890-бап. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны орындаудың ескіруі
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы, егер ол заңды күшіне енген күннен бастап бір жыл ішінде, ал салық салу және бәсекелестікті қорғау саласындағы құқық бұзушылықтар үшін ол заңды күшіне енген күннен бастап бес жыл ішінде орындалмаса, орындауға жатпайды.
2. Қаулыны орындау осы Кодекстiң 834-бабына сәйкес тоқтатыла тұрған жағдайда ескіру мерзiмінiң өтуi шағым немесе наразылық қаралғанға дейiн тоқтатыла тұрады.
3. Егер әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған тұлға оны орындаудан жалтарса, осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген ескіру мерзiмінiң өтуiне үзiліс жасалады. Бұл жағдайда ескіру мерзiмінің өтуін есептеу осы тұлға табылған күннен бастап қайта жалғасады.
4. Осы Кодекстiң 888-бабына сәйкес қаулыны орындау кейiнге қалдырылған жағдайда, ескіру мерзiмінiң өтуi кейiнге қалдыру мерзiмi бiткенге дейiн тоқтатыла тұрады, ал қаулыны орындау ұзартылған кезде ескіру мерзiмінiң өтуi ұзарту мерзіміне ұзартылады.
891-бап. Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны орындау бойынша іс жүргізуді аяқтау
1. Жаза толық жүргізілген әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыны жүргізілген жаза туралы белгі соғып, қаулыны орындаған орган қаулы шығарған судьяға, органға (лауазымды адамға) қайтарады.
2. Орындау жүргізілмеген немесе орындау толық жүргізілмеген әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда және тәртіппен әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулыны шығарған, хаттама жасаған органға (лауазымды адамға) қайтарылады.
52-тарау. Әкімшілік жазалардың жекелеген түрлерін орындау тәртібі
892-бап. Ескерту жасау туралы қаулыны орындау
Ескерту түрiндегi әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулыны осы Кодекстiң 823-бабына сәйкес қаулының көшiрмесiн тапсыру немесе жiберу жолымен қаулы шығарған судья, орган (лауазымды адам) орындайды.
893-бап. Айыппұл салу туралы қаулыны өз еркімен орындау
1. Әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға айыппұлды қаулы заңды күшіне енген күннен бастап отыз тәуліктен кешіктірмей төлеуге тиіс.
Айыппұл осы Кодекстiң 888-бабында көзделгендей кейiнге қалдырылған жағдайда, әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылған тұлға кейінге қалдыру мерзімі өткен күннен бастап төлеуге тиiс.
2. Әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін салынған айыппұлды айыппұл салу туралы қаулыны шығарған, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама берген судьяны немесе органды (лауазымды адамны) жазбаша нысанда кейіннен хабардар ете отырып, белгіленген тәртіппен мемлекеттік бюджетке жеке тұлға енгізеді немесе заңды тұлға аударады.
894-бап. Жеке тұлғаға, дара кәсіпкерге, жекеше нотариусқа, жеке сот орындаушысына және адвокатқа айыппұл салу туралы қаулыны мәжбүрлеп орындату
1. Айыппұл салу туралы қаулыны сот, уәкілетті орган (лауазымды адам) жауаптылыққа тартылған тұлғаның жалақысынан немесе өзге де кірістерінен айыппұл сомасын мәжбүрлеу тәртiбiмен ұстап қалу үшiн ол жұмыс iстейтiн не сыйақы, зейнетақы, стипендия алатын ұйымның әкiмшiлiгiне жiбередi. Айыппұл ұстап қалу алты айдан аспайтын мерзiмде жүргізіледі. Айыппұлды өндiрiп алу кезектілігі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде көзделген тәртiппен жүргiзiледi.
2. Жауаптылыққа тартылған адам жұмыстан босатылған не оның жалақысынан немесе өзге де кірістерінен айыппұл өндіріп алу мүмкiн болмаған жағдайларда, ұйымның әкiмшiлiгi жұмыстан босатылған немесе өндіріп алуға мүмкiндік бермеуге әкеп соғатын оқиға басталған күннен бастап он күндік мерзiмде, айыппұл салу туралы қаулыны, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманы жауаптылыққа тартылған адамның жаңа жұмыс орнын (егер ол белгiлi болса), өндiрiп алуға мүмкіндік бермеген себептердi көрсетiп, сондай-ақ жүргiзiлген ұстап қалулар (егер мұндай жүргiзiлсе) туралы белгi соғып, қаулы шығарған сотқа, органға (лауазымды адамға) қайтарады.
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Егер айыппұл салынған жеке тұлға жұмыс iстемейтін болса немесе басқа да себептер бойынша айыппұлды жалақысынан немесе өзге де табыстарынан өндiрiп алу мүмкiн болмаса, қаулыны шығарған сот, уәкілетті орган айыппұл салу туралы қаулыны, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп орындату үшiн сот орындаушысына жiбередi.
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Мемлекеттік кіріс органдары қарайтын әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар бойынша, сондай-ақ дара кәсiпкерлерге, жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына және адвокаттарға қатысты салық салу саласындағы өзге де әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар бойынша айыппұл салу туралы қаулыны Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттік кіріс органдары орындайды.
895-бап. Заңды тұлғаға айыппұл салу туралы қаулыны мәжбүрлеп орындату
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2016.26.07. № 12-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-бөлік өзгертілді
1. Айыппұл салу туралы қаулыны сот, уәкiлеттi орган (лауазымды адам) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында, Қазақстан Республикасының төлемдер және төлем жүйелері, атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен заңды тұлғаның банктік шотынан ақшаны оның келiсiмінсiз алып қою үшiн сот орындаушысына жiбередi.
Мемлекеттік кіріс органдары қарайтын әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар бойынша, сондай-ақ салық салу саласындағы өзге де әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар бойынша айыппұл салу туралы қаулыны Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттік кіріс органдары орындайды.
2. Банк немесе банк операцияларының өзге түрлерін жүзеге асыратын ұйым айыппұл сомасын белгіленген тәртіппен бюджетке аударуға міндетті.
3. Заңды тұлғаның шоттарында ақша болмаған жағдайда, сот орындаушысы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес борышкерге тиесілі басқа мүліктен өндіріп алуды қолданады.
896-бап. Айыппұл салу туралы қаулыны мәжбүрлеп орындатуға жіберу тәртібі
2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
1. Айыппұл салу туралы қаулы немесе айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен мемлекеттік сот орындаушыларына, жеке сот орындаушыларының өңірлік палаталарына айыппұл салу туралы қаулыны немесе айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманы ерікті түрде орындау мерзімі өткеннен кейін он күн ішінде жіберіледі.
Айыппұл салу туралы қаулы немесе айыппұл төлеу қажеттiгi туралы нұсқама мемлекеттік сот орындаушыларына және жеке сот орындаушыларының өңірлік палаталарына жіберілген кезде оған айыппұл сомасының мемлекет кірісіне түспегені туралы мәліметтер қоса беріледі.
2. Осы Кодекстің талаптары бұзыла отырып, мәжбүрлеп орындатуға жіберілген айыппұл салу туралы қаулы, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқама әкімшілік жазаны қолданған мемлекеттік органға қайтарылуға жатады.
3. Айыппұл салу туралы қаулыны, айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқаманы әкімшілік жаза қолданған органға қайтару, олардың кемшіліктерін жоя отырып, мәжбүрлеп орындатуға қайта жіберу үшін кедергі болмайды.
897-бап. Әкімшілік жазалардың жекелеген түрлерін орындау тәртібі
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік кіріс органы жіберген (тапсырған) мемлекеттік кіріс органына келу туралы алынған хабарлама және (немесе) хабардар ету негізінде құқық бұзушылықты жасау фактісін мойындаған және айыппұлды төлеумен келіскен адам хабарлама немесе хабардар ету алынған (тапсырылған) күннен кейінгі күннен бастап он тәулік ішінде айыппұлды төлейді.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттар олардың берілген күні, жаза қолданған лауазымды адамның лауазымы, тегі, аты-жөні туралы мәліметтерді, әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлға, осы Кодекстің осы құқық бұзушылық үшін жауаптылықты көздейтін бабы, әкімшілік құқық бұзушылықтың жасалу уақыты мен орны, әкімшілік айыппұл сомасы, айыппұлды төлеу үшін деректемелер туралы мәліметтерді де қамтиды.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде белгіленген талаптар орындалмаған жағдайда, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізу осы Кодексте көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
898-бап. Айыппұл салу туралы қаулыны орындау бойынша iс жүргiзудi аяқтау
Айыппұл толық өндіріп алынған айыппұл салу туралы қаулы орындалғаны туралы белгi соғылып, қаулы шығарған органға (лауазымды адамға) қайтарылады.
899-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау құралы не нысанасы болған нәрсені, сол сияқты әкімшілік құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған мүлікті тәркілеу туралы қаулыны орындау
1. Судьяның әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаудың құралы не нысанасы болған нәрсені, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған мүлікті, оның ішінде кірістерді (дивидендтерді), ақша мен бағалы қағаздарды тәркілеу туралы қаулысын заңнамада көзделген тәртіппен - сот орындаушысы, ал қаруды, оқ-дәрiлерді, арнаулы жедел-iздестiру iс-шараларын жүргiзуге арналған арнаулы техникалық құралдар мен ақпаратты қорғаудың криптографиялық құралдарын және есірткі заттарын тәркілеу туралы қаулысын iшкi iстер органы орындайды.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаудың құралы не нысанасы болған тәркіленген нәрсені өткізу немесе одан әрі пайдалану Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүргiзiледi.
900-бап. Арнайы құқықтан айыру туралы қаулыны орындайтын органдар
1. Тракторларды, өздiгiнен жүретiн машиналар мен техниканың басқа да түрлерiн қоспағанда, көлiк құралдарын басқару құқығынан айыру туралы судьяның қаулысын iшкi iстер органдарының лауазымды адамдары орындайды.
2. Тракторды, өздiгiнен жүретiн машинаны немесе техниканың басқа да түрлерiн басқару құқығынан айыру туралы судьяның қаулысын өздiгiнен жүретiн машиналар мен техниканың басқа да түрлерiнiң техникалық жай-күйiне мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдары орындайды.
3. Кемелердi, оның iшiнде шағын көлемдi кемелердi басқару құқығынан айыру туралы судьяның қаулысын кемелердi, оның iшiнде шағын көлемдi кемелердi пайдалану қағидаларының сақталуына мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдары орындайды.
4. Радиоэлектрондық және жоғары жиiлiктi құралдарды пайдалану құқығынан айыру туралы судьяның қаулысын байланысқа мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдары орындайды.
5. Аң аулау құқығынан айыру туралы судьяның қаулысын аң аулау қағидаларының сақталуына мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын органдардың лауазымды адамдары орындайды.
6. Қаруды алып жүру және сақтау құқығынан айыру туралы соттың қаулысын iшкi iстер органдарының лауазымды адамдары орындайды.
901-бап. Арнайы құқықтан айыру туралы қаулыны орындау тәртiбi
1. Көлiк құралдарын, кемелердi немесе техниканың өзге де түрлерiн басқару құқығынан айыру туралы қаулыны орындау, егер жүргiзушi, кеме жүргiзушiсi немесе тракторшы-машинист (тракторшы) көлiк құралдарының, кемелердiң (оның iшiнде шағын көлемдi кемелердiң) және басқа да техниканың барлық түрлерiн басқару құқығынан айырылған болса, тиiстi жүргiзушi куәлiгiн, кемелердi, оның iшiнде шағын көлемдi кемелердi басқару құқығына куәлiктi немесе тракторшы-машинист (тракторшы) куәлiгiн алып қою арқылы жүргiзiледi.
2. Егер жүргiзушi, кеме жүргiзушiсi немесе тракторшы-машинист (тракторшы) көлiк құралдарының, кемелердiң, оның iшiнде шағын көлемдi кемелердiң немесе өзге де техниканың барлық түрлерiн басқару құқығынан айырылмаған болса, онда жүргiзушi куәлiгiнде, шағын көлемдi кеменi басқару құқығына куәлiкте немесе тракторшы-машинист (тракторшы) куәлiгiнде олардың көлiк құралдарының, шағын көлемдi кемелердiң, өздiгiнен жүретiн құрылғылардың қандай түрлерiн басқару құқығынан айырылғаны туралы атап көрсетіледі.
3. Көлiк құралдарын немесе кемені басқару құқығына куәлiктi алып қою тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
4. Көлiк құралдарын, кеменi басқару құқығынан не тракторды немесе өзге де өздiгiнен жүретiн машинаны басқару құқығынан айырылған жүргiзушi (кеме жүргiзушiсi) немесе тракторшы-машинист (тракторшы) жүргiзушi куәлiгiн, кеме басқару құқығына куәлiктi немесе тракторшы-машинист (тракторшы) куәлiгiн тапсырудан жалтарған жағдайда, iшкi iстер органдары, кемелердi, оның iшiнде шағын көлемдi кемелердi пайдалану қағидаларының сақталуына мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын органдар, сондай-ақ өздiгiнен жүретiн машиналар мен техниканың басқа да түрлерінің техникалық жай-күйiне мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын органдар белгiленген тәртiппен жүргiзушi куәлiгiн, кеме басқару құқығына куәлiктi немесе тракторшы-машинист (тракторшы) куәлiгiн алып қоюды жүргізеді.
5. Әкiмшiлiк жазаның осы түрi қолданылған адамға арнайы құқығынан айыру мерзiмi өткеннен кейiн алып қойылған құжаттары белгiленген тәртiппен қайтарылады.
902-бап. Аң аулау құқығынан айыру туралы қаулыны орындау тәртiбi
1. Аң аулау құқығынан айыру туралы қаулыны орындау аңшылық билеттi алып қою арқылы жүргізіледі.
2. Аң аулау құқығынан айырылған тұлға аңшылық билетiн тапсырудан жалтарған жағдайда, аңшылық билетті алып қоюды аң аулау қағидаларының сақталуына мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын органдар белгiленген тәртiппен жүргізеді.