5. Өндірістік бақылау мыналарды:
1) өндірістік бақылау бағдарламасын әзірлеуді;
2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес зертханалық зерттеулер мен өлшеулерді жүзеге асыруды (ұйымдастыруды);
3) медициналық қарап-тексерулерден өтудің уақтылылығы мен толықтығын бақылауды;
4) өнімнің қауіпсіздігі мен сәйкестігін растайтын құжаттардың бар-жоғын бақылауды;
5) тәуекел факторларын бағалауды, анықталған қауіптерді, өндірістік және қоршаған орта факторларының қауіпсіздігі және (немесе) зиянсыздығы өлшемшарттарын талдауды және процестердің қауіпсіздігін бақылау әдістерін айқындауды;
6) өндірістік бақылауды жүзеге асыруға байланысты құжаттаманы есепке алуды және оның есептілігін жүргізуді;
7) халыққа, жергілікті атқарушы органдарға, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығына қауіп төндіретін авариялық жағдайлар, өндірістің тоқтауы, технологиялық процестердің бұзылуы, объектінің қызметіне байланысты жаппай (үш және одан көп жағдай) инфекциялық және паразиттік, кәсіптік аурулар мен уланулар туралы ақпарат беру схемасын әзірлеуді;
8) өндірістік бақылау бағдарламасында көзделген іс-шаралардың орындалуын бақылауды қамтиды.
6. Өндірістік бақылау бағдарламасын әзірлеуді дара кәсіпкер, заңды тұлға дербес өзі немесе санитариялық-эпидемиологиялық аудитті жүзеге асыратын адамдарды тарта отырып жүзеге асырады.
7. Жаңа технологияны ендіру, технологиялық процеске, тағамдық өнімнің рецептурасына өзгерістер енгізу, санитариялық-эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтылығына әсер ететін және (немесе) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығына қауіп төндіретін басқа да өзгерістер кезінде өндірістік бақылау бағдарламасы қайта қаралуға жатады.
8. Өндірістік бақылауды жүзеге асыруға қойылатын талаптар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекітетін санитариялық қағидаларда белгіленеді.
3-параграф. Дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылау
52-бап. Дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылау
1. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылау осы бақылау субъектілерінің Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бұзушылықтарының алдын алуға, оларды анықтауға, жолын кесуге және жоюға бағытталған.
2. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өткізуді жүзеге асыратын, фармацевтикалық қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілері, сондай-ақ бастапқы материалдардың, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасын бақылауды жүзеге асыратын заңды тұлғалар, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік сараптама ұйымы мемлекеттік бақылауға жатады.
3. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылау:
1) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жоспардан тыс тексеру жүргізу;
2) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес бақылау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізу;
3) осы Кодекске сәйкес субъектіге (объектіге) бармай профилактикалық бақылау жүргізу нысанында жүзеге асырылады.
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіруді, дайындауды және көтерме саудада өткізуді жүзеге асыратын субъектілерге қатысты бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жоспардан тыс тексеру және тексерулерді жүргізудің ерекше тәртібі нысанында жүзеге асырылады.
53-бап. Дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар
1. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік фармацевтикалық инспекторы және (немесе) оның орынбасары;
2) дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелерінің мемлекеттік фармацевтикалық инспекторлары;
3) дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік органның басшысы айқындайтын, тиісті аумақтардағы бас мемлекеттік фармацевтикалық инспекторлар;
4) дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік фармацевтикалық инспекторлары дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар болып табылады.
2. Тиісті саладағы жоғары тұрған бас мемлекеттік фармацевтикалық инспектор төмен тұрған лауазымды адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың арызы (шағымы) бойынша шешім шығарылғанға дейін олар қабылдаған актілердің орындалуын тоқтата тұруға, күшін жоюға не кері қайтарып алуға құқылы.
54-бап. Дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезіндегі лауазымды адамдардың құқықтары
1. Дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 154-бабының 1-тармағында көзделген құқықтардан бөлек, мыналарға:
1) сараптама жүргізу үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың үлгілерін іріктеуді жүзеге асыруға;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды айналыстан алып қоюды жүзеге асыруға;
3) жарамсыз болып қалған, жарамдылық мерзімі өткен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, жалған, контрафактілік және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін басқа да дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, онда өндіруге, дайындауға, сақтауға, қолдануға және өткізуге тыйым салуға және (немесе) оны тоқтата тұруға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының сақталуы тұрғысынан дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы объектілерге баруға;
5) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілерден дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелері жөнінде ақпарат, ведомстволық есептілік алуға құқығы бар.
2. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылаудың нәтижелері бойынша шешім қабылдау үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің анықталған бұзушылықтарына қарай мынадай актілерді шығарады:
1) тексеру нәтижелері туралы акт - дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адам субъектінің (объектінің) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкестігін тексеру, оны профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша беретін құжат;
2) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама;
3) бас мемлекеттік фармацевтикалық инспекторлардың:
дәрілік заттардың айналысы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың талаптарына сәйкес келмеген кезде, адамның өміріне және (немесе) денсаулығына қауіп төндіретін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды әкелуге, өндіруге, қолдануға және өткізуге тыйым салу;
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес фармацевтикалық қызметке арналған лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның және (немесе) денсаулық сақтау саласындағы өзге де рұқсат беру құжатының қолданысын тоқтата тұру;
төмен тұрған лауазымды адамдар қабылдаған актілердің орындалуын тоқтата тұру немесе күшін жою не оларды кері қайтарып алу туралы қаулылары.
3. Тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі нысанында мемлекеттік бақылауды, жоспардан тыс тексерулерді, бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды, бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарға тексерудің немесе профилактикалық бақылаудың нысанасына жатпайтын талаптар қоюға және өтініштермен жүгінуге тыйым салынады.
55-бап. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы профилактикалық бақылау
1. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы профилактикалық бақылау ақпараттық жүйелердің деректерін, сондай-ақ бақылау субъектісінің (объектісінің) қызметі туралы басқа да мәліметтерді талдау және салғастыру арқылы жүргізіледі.
2. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылаудың мақсаттары бұзушылықтарды уақтылы анықтау, олардың жолын кесу және оларға жол бермеу, бақылау субъектілеріне (объектілеріне) бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік орган анықтаған бұзушылықтарды дербес жою құқығын беру және оларға әкімшілік жүктемені төмендету болып табылады.
3. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы профилактикалық бақылау тоқсанына бір реттен аспайтын жиілікпен жүргізіледі.
4. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным ресімделеді. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымның нысанын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік орган белгілейді.
5. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы профилактикалық бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным бақылау субъектісіне (объектісіне) бұзушылықтар анықталған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде мынадай тәсілдердің бірімен:
1) хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы жіберіледі;
2) бақылау субъектісінің (объектісінің) өкіліне және (немесе) лауазымды адамына қол қойғызып табыс етіледі;
3) «электрондық үкімет» веб-порталындағы пайдаланушының жеке кабинетіне электрондық тәсілмен жіберіледі.
6. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы профилактикалық бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымда көрсетілген, анықталған бұзушылықтарды ол табыс етілген (алынған) күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде тиісінше жою бақылау субъектісінің (объектісінің) ұсынымды орындауы болып танылады.
7. Бақылау субъектісі (объектісі) ұсынымда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, ұсыным табыс етілген (алынған) күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік органға қарсылық жіберуге құқылы.
8. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы профилактикалық бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды белгіленген мерзімде орындамау бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы профилактикалық бақылау үшін бақылау субъектісін (объектісін) іріктеуге негіз болып табылады.
9. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік орган мен оның аумақтық бөлімшелерінің бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды арнайы тіркеу журналында есепке алуына жатады, ол нөмірленуге, тігілуге және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік органың немесе оның аумақтық бөлімшесінің мөрімен бекемделуге тиіс.
10. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы профилактикалық бақылау:
55-баптың 10-тармағының 1) тармақшасы 2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
1) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберіндегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға, сондай-ақ бірлесіп төлеуге жататын дәрілік заттарға;
55-баптың 10-тармағының 2) тармақшасы 2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
2) барлық дәрілік затқа қатысты жүргізіледі.
6-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ЖАРНАМА
56-бап. Денсаулық сақтау саласындағы жарнама
1. Дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың жарнамасы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
Тағамға биологиялық белсенді қоспалардың жарнамасы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
Медициналық көрсетілетін қызметтердің (көмектің) жарнамасы медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Медициналық көрсетілетін қызметтердің, профилактика, диагностика, емдеу және медициналық оңалту әдiстерi мен құралдарының (бұдан әрi осы баптың мақсаттарында - көрсетiлетiн қызметтер), дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың, тағамға биологиялық белсенді қоспалардың жарнамасы анық болуға, арнайы білімсіз немесе арнайы құралдарды қолданбай түсініліп-танылуға, басқа көрсетілетін қызметтермен, дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен, тағамға биологиялық белсенді қоспалармен салыстыруды болғызбауға, тұтынушылардың сенімін теріс пайдалану, оның ішінде сипаттамаларына, құрамына, тұтынушылық қасиеттеріне, құнына (бағасына), қолданудың болжамды нәтижелеріне, зерттеулер мен сынақтардың нәтижелеріне қатысты сенімін теріс пайдалану арқылы оларды жаңылыстырмауға тиіс.
3. Мыналарға:
1) Қазақстан Республикасында тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың, тағамға биологиялық белсенді қоспалардың, профилактика құралдарының жарнамасына;
2) бұқаралық ақпарат құралдарында рецептімен босатылатын дәрілік заттардың жарнамасына;
3) дәрігердің рецептісі бойынша босатылатын дәрілік препараттардың үлгілерін жарнама мақсатында таратуға;
4) балаларға арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардан басқа дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жарнамасында балаларды, олардың бейнелері мен дауыстарын пайдалануға;
5) медициналық, фармацевтикалық конференциялардағы, конгрестердегі, симпозиумдардағы және басқа да ғылыми кеңестердегі дәрілік заттардың жарнамасын қоспағанда, қоғамдық көлікте, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың, тағамға биологиялық белсенді қоспалардың тағайындалуына, пайдаланылуына және босатылуына қатысы жоқ ұйымдарда олардың жарнамасын таратуға және орналастыруға;
6) өнеркәсіптік өнімге, рецептілік бланкілерге жарнамалық ақпаратты орналастыруға;
7) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сыртқы (көрнекі) жарнамасын орналастыруға;
8) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар туралы анық ақпаратты ғылыми немесе білім беру мақсатында, сондай-ақ пациенттерге ақпарат беру мақсатында беру жағдайларын қоспағанда, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тағайындауға уәкілеттік берілген медицина қызметкерлерін жарнаманы таратушылар ретінде пайдалануға;
9) тиісті қызмет түрін жүзеге асыруға арналған лицензия болмаған кезде көрсетілетін қызметтердің жарнамасына;
10) денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты жоқ адамдар, оның ішінде шетелдік мамандар көрсететін қызметтердің жарнамасына;
11) халыққа арналған жарнамада мынадай ауруларды: жыныстық жолмен берілетін ауруларды, онкологиялық, психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтарды (ауруларды), қауіпті инфекциялық ауруларды, АИТВ инфекциясын, туберкулезді, қант диабетін емдеу тәсілдерін көрсетуге;
12) жарнамада дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қолдануды және (немесе) тағайындауды көтермелеуі мүмкін ғалымдардың, денсаулық сақтау мамандарының, сондай-ақ мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының ұсынымдарына сілтеме жасауға;
13) көрсетілетін қызметтерді, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, тағамға биологиялық белсенді қоспаларды жарнамада бірегей, барынша қауіпсіз және тиімді ретінде ұсынуға;
14) дәрілік препараттың қауіпсіздігі мен тиімділігі оның табиғи жолмен алынуына байланысты деп сендіруге;
15) ұсынылатын көрсетілетін қызметтің, жарнамаланатын дәрілік препаратпен, тағамға биологиялық белсенді қоспамен емдеудің тиімділігі кепілдендірілген болып табылады, затты қолдану жанама әсерлердің дамуымен ұштаспайды деген болжам туғызуға;
16) жарнамаланатын көрсетілетін қызметке, дәрілік зат пен медициналық бұйымға тікелей қатысы жоқ ақпаратты жарнамада келтіруге;
17) адамның ағзаларына (ағзасының бөлігіне) және (немесе) тіндеріне (тінінің бөлігіне) қатысты мәмілелер жасау туралы ұсыныстардың жарнамасына тыйым салынады.
4. Көрсетілетін қызметтердiң, дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың жарнамасын бұқаралық ақпарат құралдарында, денсаулық сақтау ұйымдарындағы электрондық ақпараттық ресурстарда таратуға және орналастыруға жол беріледі.
5. Дәрілік заттардың жарнамасы толық (дәрілік затты пайдалану үшін тиісті шектеулерді қоса алғанда) және анық мәліметтерді қамтуға тиіс, олардың болмауы дәрілік заттарды орынсыз пайдалануға немесе тұтынушы үшін қисынсыз тәуекелге алып келуі мүмкін.
6. Жарнаманың шығарылуын, таратылуы мен орналастырылуын бақылауды мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
7-тарау. ЦИФРЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ
57-бап. Цифрлық денсаулық сақтаудың негіз қалаушы қағидаттары
Цифрлық денсаулық сақтаудың қағидаттары:
1) саладағы деректер мен процестерді цифрландыру арқылы денсаулық сақтау қағидаттарын іске асыру;
2) саясат пен стратегияны іске асыру құралы, уәкілетті орган айқындайтын әдіснаманың негізі болып табылатын стандарттардың үстемдігі;
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) жеке тұлғалардың дербес медициналық деректерін қамтитын денсаулық сақтауды ақпараттандыру объектілерін қорғауды, жеке тұлғалардың дербес медициналық деректерінің сақталуы мен құпиялылығын, сондай-ақ пациенттің өзінің дербес деректеріне қол жеткізуін қамтамасыз ету;
4) медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін, объективтілігін, үздіксіздігін қамтамасыз етуді қолдау;
5) денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруды қолдау;
6) медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды қолдау болып табылады.
58-бап. Осы тарауда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы тарауда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) денсаулық сақтауды цифрландыру - медициналық көмектің қолжетімділігін, тиімділігін, сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған, денсаулық сақтаудың медициналық және әкімшілік-басқару процестерін өзгерту үшін цифрлық технологияларды пайдалану;
2) дербес медициналық деректер - жеке тұлғаның денсаулығы мен оған көрсетілген медициналық қызметтер туралы мәліметтерді қамтитын, электрондық, қағаз немесе өзге де материалдық жеткізгіштерде тіркелген дербес деректер;
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) дербес медициналық деректердің агрегаторы - уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес дербес медициналық деректерді жинауды, өңдеуді, сақтауды, қорғауды және беруді жүзеге асыратын дербес деректер операторы;
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) дербес медициналық деректердің иесі - өзіне қатысты осы деректер қалыптастырылған дербес медициналық деректер субъектісі (жеке тұлға);
5) Қазақстан Республикасының ұлттық телемедицина желісі - қорғалған телекоммуникациялық инфрақұрылыммен біріктірілген және аппараттық-бағдарламалық кешендермен жарақтандырылған, уәкілетті органның қарамағындағы денсаулық сақтау ұйымдарының стационарлық және мобильдік телемедициналық орталықтарының желісі;
6) қашықтықтан көрсетілетін медициналық қызметтер - аурулар мен жарақаттардың диагностикасы, оларды емдеу, медициналық оңалту және олардың профилактикасы, медицина қызметкерлерінің өзара, жеке тұлғалармен және (немесе) олардың заңды өкілдерімен қашықтықтан өзара іс-қимыл жасауын, көрсетілген адамдарды сәйкестендіруді, сондай-ақ олар жасайтын әрекеттерді құжаттауды қамтамасыз ететін цифрлық технологиялар арқылы зерттеулер мен бағалауды жүргізу мақсатында медициналық көрсетілетін қызметтерді ұсыну;
7) медициналық ақпараттық жүйе - денсаулық сақтау субъектілерінің процестерін электрондық форматта жүргізуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе;
8) мобильдік денсаулық сақтау - мобильдік телефондарды, дербес қалта компьютерлерін, медициналық аспаптарды және басқа да құрылғыларды қамтитын мобильдік құрылғыларды денсаулық сақтау мақсаттары үшін пайдалану;
9) тасымалданатын медициналық құрылғылар - жеке тұлғаның денсаулық жағдайының көрсеткіштерін жинауға және беруге арналған мобильдік (тасымалданатын) құрылғылар;
10) теледенсаулық сақтау - клиникалық диагноз қоюды және жеке тұлғаның жай-күйін қашықтықтан мониторингтеуді, сондай-ақ аурулардың профилактикасы, денсаулықты нығайту, қоғамдық денсаулық сақтауды қолдау, медициналық-санитариялық ағарту және ғылыми медициналық зерттеулер сияқты басқа да клиникалық емес функцияларды қамтитын қашықтықтан көрсетілетін медициналық қызметтер;
11) телемедицина желісі - қашықтықтан көрсетілетін медициналық қызметтерді ұсыну, оқыту және электрондық форматта медициналық ақпарат алмасу үшін медициналық жабдықпен жарақтандырылған және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы біртұтас ақпараттық кеңістікке біріктірілген стационарлық және мобильдік телемедицина орталықтарының желісі;
12) Ұлттық электрондық денсаулық паспорты - уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес жеке тұлғаға да, денсаулық сақтау қызметкерлеріне де қолжетімді, электрондық денсаулық паспорттарын қамтитын уәкілетті органның электрондық ақпараттық ресурсы;
13) цифрлық денсаулық сақтау объектісі - электрондық ақпараттық ресурстар, бағдарламалық қамтылым, мобильдік денсаулық сақтау технологиялары, денсаулық сақтаудың ақпараттық және коммуникациялық инфрақұрылымы;
14) цифрлық денсаулық сақтау объектісінің иесі - ақпараттандыру объектілерін иелену және пайдалану құқықтарына ие цифрлық денсаулық сақтау субъектісі;
15) цифрлық денсаулық сақтау субъектісі - цифрлық денсаулық сақтау саласында қызметті жүзеге асыратын немесе қоғамдық қатынастарға түсетін жеке және заңды тұлғалар, мемлекеттік органдар;
16) электрондық денсаулық паспорты - жеке тұлғаның денсаулық жағдайы мен оған көрсетілетін медициналық көмек туралы құрылымдалған дербес медициналық деректердің цифрлық денсаулық сақтау субъектілері бүкіл өмір бойы электрондық көздерден қалыптастыратын және уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес жеке тұлғаға да, денсаулық сақтау қызметкерлеріне де қолжетімді жинағы;
17) электрондық медициналық жазба - медициналық көмек көрсетудің нақты жағдайына қатысты құрылымдалған дербес медициналық деректер жинағы.
59-бап. Цифрлық денсаулық сақтау саласындағы қызмет
1. Цифрлық денсаулық сақтау саласындағы қызмет:
1) цифрлық денсаулық сақтауды нормативтік құқықтық реттеуді, оның стандарттарын әзірлеу мен бекітуді;
2) денсаулық сақтау саласының ақпараттық және коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуды;
3) жеке және заңды тұлғаларды денсаулық сақтау саласындағы деректермен және ақпаратпен қамтамасыз етуді;
4) дербес медициналық деректерді жинауды, өңдеуді, сақтауды, қорғауды;
5) дербес медициналық деректерді жинау, өңдеу, сақтау, қорғау және беру мақсатында ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсетуді;
6) қағазсыз медицинаға көшуді қамтиды.
2. Қашықтықтан медициналық қызметтер көрсетуге ықпал ететін электрондық ақпараттық ресурстар уәкілетті органның талаптарына сәйкес келуге тиіс.