8. Инвестициялық преференцияларды қолдану осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiне сәйкес жүзеге асырылады.
287-бап. Кедендік баждар салудан босату
1. Инвестициялық келiсiмшарт шеңберiнде инвестициялық жобаны iске асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы Кеден одағының заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес технологиялық жабдықтың, оның жинақтауыштары мен қосалқы бөлшектерiнiң, шикiзаттың және (немесе) материалдардың импорты кезiнде кедендiк баждар салудан босатылады.
Технологиялық жабдық деп инвестициялық жобаның технологиялық процесiнде пайдалануға арналған тауарлар түсініледі.
Жинақтауыштар деп жиынтығында технологиялық жабдықтың конструкциялық тұтастығын құрайтын және Кеден одағының Комиссиясы жасаған тауарлардың тиiстi тiзбесiне енгiзiлген құрамдас бөлiктер түсініледі.
Шикізат және (немесе) материал деп кез келген пайдалы қазба, жинақтауыш, бөлшек немесе бұл шикізаттың және (немесе) материалдың Қазақстан Республикасының аумағында өндірісі болмаған жағдайда инвестициялық жобаның технологиялық процесі арқылы дайын өнім алу үшін пайдаланылатын өзге де тауар түсініледі.
2. Технологиялық жабдықтың және оның жинақтауыштарының импорты кезiнде кедендік баждар салудан босату инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмiне, бiрақ инвестициялық келiсiмшарт тiркелген кезден бастап бес жылдан аспайтын мерзiмге берiледi.
3. Технологиялық жабдықтың қосалқы бөлшектерiнiң импорты кезiнде бес жылға дейiнгi мерзiмге кедендiк баж салудан босату тiркелген активтерге салынатын инвестициялардың көлемiне қарай және инвестициялық жоба Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен басым қызмет түрлерiнiң тiзбесiне сәйкес келген жағдайда Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына берiледi.
Шикiзаттың және (немесе) материалдардың импорты кезiнде кедендік баждар салудан босату жұмыс бағдарламасы бойынша тіркелген активтер пайдалану берілген күннен бастап бес жыл мерзімге ұсынылады.
Кедендік баждар салудан босату инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмiне, бiрақ жұмыс бағдарламасы бойынша тiркелген активтер пайдалануға енгiзілген күннен бастап бес жылдан аспайтын мерзiмге берiледi.
Жұмыс бағдарламасы өндiрiс пайдалануға берiлгенге дейiн инвестициялық жобаны iске асыру жөнiндегi жұмыстардың күнтiзбелiк кестесiн, сондай-ақ өндiрiс пайдалануға берiлгеннен кейiн жобаның негiзгi өндiрiстiк көрсеткiштерiн айқындайтын, инвестициялық келiсiмшартқа қосымшаны білдіреді.
Егер жұмыс бағдарламасында екi және одан көп тiркелген активтердi пайдалануға енгiзу көзделетiн жағдайда, технологиялық жабдықтың қосалқы бөлшектерiн, шикiзатты және (немесе) материалдарды әкелуге кеден бажын төлеуден босату мерзiмiн есептеу жұмыс бағдарламасы бойынша бiрiншi тiркелген актив пайдалануға енгiзiлген күннен бастап жүргiзiледi.
Осы баптың 2-тармағына сәйкес қабылданған шешiм туралы хабарламаны инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган бес жұмыс күнi iшiнде кеден органына жiбередi.
288-бап. Мемлекеттiк заттай гранттар
1. Мемлекеттiк заттай гранттар Қазақстан Республикасының меншiгi болып табылатын, Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына инвестициялық жобаны iске асыру үшiн уақытша өтеусiз пайдалануға берiле отырып, не уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен ұсыныла отырып, кейiннен меншiкке не жер пайдалануға өтеусiз берiлетін мүлiкті білдіреді.
2. Мемлекеттiк заттай гранттарды осы Кодексте белгiленген тәртiппен инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi уәкiлеттi органмен және (немесе) жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органмен, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдармен келiсу бойынша, инвестициялық келiсiмшартқа сәйкес инвестициялық мiндеттемелер орындалған жағдайда уақытша өтеусiз пайдалануға не уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен ұсына отырып, кейiннен меншiкке не жер пайдалануға өтеусiз бередi.
Инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органның шешiмi ұсынылған мемлекеттiк заттай грантты меншiкке немесе жер пайдалануға өтеусiз беру үшiн негiз болып табылады, бұл инвестор мен инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган арасында жасалған инвестициялық келiсiмшартқа сәйкес инвестор инвестициялық мiндеттемелерiн орындаған жағдайда инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмi өткеннен кейiн қабылданады.
3. Мемлекеттiк заттай гранттар ретiнде: жер учаскелерi, ғимараттар, құрылыстар, машиналар мен жабдықтар, есептеу техникасы, өлшейтiн және реттейтiн аспаптар мен құрылғылар, көлiк құралдары (жеңiл автокөлiктi қоспағанда), өндiрiстiк және шаруашылық құрал-саймандар берiлуi мүмкiн.
4. Мемлекеттiк заттай гранттарды бағалау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен олардың нарықтық құны бойынша жүзеге асырылады.
5. Мемлекеттiк заттай гранттың ең жоғары мөлшерi Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының тiркелген активтерiне салынатын инвестициялар көлемiнiң отыз пайызынан аспайды.
Егер сұрау салынған мемлекеттiк заттай гранттың бағаланған құны көрсетілген ең жоғары мөлшерден асып түскен жағдайда, Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының сұрау салынған мүлiктi оның бағаланған құны мен мемлекеттiк заттай гранттың ең жоғары мөлшерi арасындағы айырманы төлеп алуға құқығы бар.
289-бап. Қазақстан Республикасының заңнамасы өзгерген кездегі тұрақтылық кепілдігі
1. Инвестициялық басым жобаларды іске асыратын заңды тұлғаларға, сондай-ақ осы Кодекстің 286-бабының 2 және 3-тармақтарында көрсетілген инвестициялық стратегиялық жобаларды іске асыратын заңды тұлғаларға:
1) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес Қазақстан Республикасының салық заңнамасы;
2) Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасы шетелдік жұмыс күшін тарту саласында өзгерген кезде, тұрақтылыққа кепілдік беріледі.
2. Инвестициялық келісімшарттың қолданылуы осы Кодексте белгіленген тәртіппен мерзімнен бұрын тоқтатылған жағдайда, Қазақстан Республикасы заңнамасының тұрақтылығына кепілдіктің қолданылуы күшін жояды.
290-бап. Салықтар бойынша преференциялар
1. Салықтар бойынша преференциялар инвестициялық басым жобаларды қоса алғанда, инвестициялық жобаларды, сондай-ақ инвестициялық стратегиялық жобаларды іске асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарда беріледі.
2. Салықтар бойынша преференциялардың түрлері:
1) инвестициялық басым жобалар үшін:
есептелген корпоративтік табыс салығының сомасын 100 пайызға азайту;
жер салығы мөлшерлемелеріне 0 коэффициентін қолдану;
мүлік салығын салық базасына 0 пайыз мөлшерлемесі бойынша есептеу;
290-баптың 2-тармағының 2) тармақшасы 2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
2) инвестициялық басым жобаларды және инвестициялық стратегиялық жобаларды қоспағанда, инвестициялық жобалар үшін - инвестициялық келісімшарт шеңберінде шикізаттың және (немесе) материалдың импортын қосылған құн салығынан босату;
3) инвестициялық стратегиялық жобалар үшін:
инвестициялық стратегиялық жоба шеңберінде жүзеге асырылатын қызметтен есептелген корпоративтік табыс салығының сомасын 100 пайызға азайту;
жер салығы мөлшерлемелеріне 0 коэффициентін қолдану;
мүлік салығын салық базасына 0 пайыз мөлшерлемесі бойынша есептеу.
3. Инвестициялық келісімшартта салықтар бойынша преференциялардың әрбір түрінің қолданылу мерзімі белгіленеді, бірақ «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес айқындалған оларды қолданудың шекті мерзімінен аспайды.
4. Инвестициялық келісімшарттың қолданылуы осы Кодексте белгіленген тәртіппен мерзімнен бұрын тоқтатылған жағдайда, салықтар бойынша преференциялардың қолданылуы күшін жояды.
291-бап. Инвестициялық субсидия
1. Инвестициялық басым жобаны іске асыруға инвестициялық келісімшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына өтеусіз және қайтарылмайтын негізде инвестициялық преференция ретінде берілетін бюджеттік субсидия түрі инвестициялық субсидия болып табылады.
2. Өңірлік дамуға жәрдемдесу мақсатында инвестициялық субсидия инвестициялық басым жобаны іске асыратын инвесторға Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде беріледі.
3. Инвестициялық субсидия растайтын құжаттар негізінде қосылған құн салығы мен акциздер есепке алынбай, құрылыс-монтаж жұмыстарына және жабдық сатып алуға арналған, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік сараптаманың қорытындысы бар жобалау алдындағы құжаттамада көзделген шығындардың құнынан аспайтын, іс жүзіндегі шығындардың орнын отыз пайызға дейін өтеу арқылы беріледі.
4. Инвестордың іс жүзіндегі шығындарын растайтын құжаттар:
1) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес ресімделген бастапқы есепке алу құжаттары;
2) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес ресімделген шот-фактуралар;
3) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес ресімделген кедендік декларациялар болып табылады.
5. Инвестициялық субсидияны төлеу кестесі мен жылдық көлемі инвестициялық субсидияны инвестициялардың көлемі мен инвестициялық басым жобаның рентабельділігіне қарай кезеңге, бірақ өндіріс пайдалануға берілгеннен кейін және инвестициялық келісімшарттың қолданылуы тоқтатылғанға дейін кемінде үш жылға тең үлестермен бөлу арқылы инвестициялық келісімшарт шеңберінде белгіленеді.
6. Инвестициялық субсидияны төлеу инвестор инвестициялық міндеттемелерді орындаған кезде, өндіріс инвестициялық келісімшартта белгіленген толық көлемде пайдалануға берілгеннен кейін жүзеге асырылады.
7. Инвестициялық субсидия беру қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
292-бап. Инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiмге қойылатын талаптар
1. Инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiм:
1) заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;
2) заңды тұлға басшысының қолтаңбасымен және мөрімен (ол болған кезде) куәландырылған заңды тұлға жарғысының көшірмесі;
3) инвестициялық жобаның инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган белгiлейтiн талаптарға сәйкес жасалған бизнес-жоспары;
4) инвестициялық жобаны iске асыру кезiнде пайдаланылатын құрылыс-монтаж жұмыстарының сметалық құнын және тiркелген активтердi, шикiзатты және (немесе) материалдарды сатып алуға шығындарды негiздейтiн, тiзбесi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленетiн құжаттардың заңды тұлға басшысының қолтаңбасымен және мөрімен (ол болған кезде) куәландырылған көшiрмелерi;
5) өтiнiм берген Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы сұрау салған мемлекеттiк заттай гранттың мөлшерiн (құнын) және оны беру алдын ала келiсiлгенiн растайтын құжаттар;
6) 2017 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылды (бұр.ред.қара)
2. Егер инвестициялық преференциялар беруге арналған өтінімде инвестициялық субсидия беру көзделген жағдайда, инвестициялық басым жобаны іске асыру кезеңі ішінде инвестор жобалауалды және (немесе) жобалау құжаттамасының заңды тұлға басшысының қолтаңбасымен, мөрімен (ол болған кезде) куәландырылған сараптамалық қорытындыны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен береді.
293-бап. Инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiмдi қарау мерзiмдерi
1. Инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiм инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органға қарауға берiледi, ол осы Кодекстің 285 және 286-баптарында белгiленген талаптарға сәйкес инвестициялық преференциялар беру туралы шешiм қабылдайды және өтiнiм тiркелген кезден бастап жиырма жұмыс күнi iшiнде өтiнiм берушiге жазбаша нысанда жауап жiбередi.
2. Инвестициялық преференцияларды беруге арналған өтiнiмдi қабылдау, тiркеу және қарау тәртiбiн инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган айқындайды.
294-бап. Инвестициялық келiсiмшарт жасасу
1. Инвестицияларды жүзеге асыруды және инвестициялық преференциялар беруді көздейтiн инвестициялық жобаны іске асыруға арналған шарт инвестициялық келiсiмшарт болып табылады.
2. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган инвестициялық преференциялар беру туралы шешiм қабылданған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде үлгілiк келiсiмшарттың ережелерiн ескере отырып, инвестициялық келiсiмшартты қол қоюға дайындайды.
Үлгілiк келiсiмшарт деп Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн және инвестициялық келiсiмшарттар жасасқан кезде пайдаланылатын үлгiлік келiсiмшарт түсініледі.
3. Инвестициялық келiсiмшартты инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган қол қойған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде тiркейдi және тiркелген күнінен бастап күшiне енедi.
Инвестициялық келісімшартты инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган тіркеген күн оның жасалған күні болып табылады.
4. Инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмi инвестициялық преференциялардың қолданылу мерзiмiмен айқындалады. Жұмыс бағдарламасы бойынша жұмыстарды аяқтау мерзiмi инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмi аяқталуынан кемiнде тоғыз ай бұрын аяқталуға тиiс.
295-бап. Инвестициялық келiсiмшартты бұзу жағдайлары
1. Инвестициялық преференциялардың қолданылуы инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмi өткен соң тоқтатылады не осы бапта белгiленген тәртiппен осындай мерзiм өткенге дейiн тоқтатылуы мүмкiн.
2. Инвестициялық келiсiмшарттың қолданылуы:
1) тараптардың келiсуi бойынша;
2) бiржақты тәртiппен мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
3. Инвестор инвестициялық келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындамаған не тиісінше орындамаған кезде инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган инвесторға инвестициялық келісімшартқа өзгерістер енгізу үшін инвестициялық жобаның одан әрі іске асырылу мүмкіндіктерін негіздейтін құжаттарды ұсыну қажеттігі туралы хат жібереді.
Егер хатты алған кезден бастап үш ай ішінде инвестор құжаттарды ұсынбаған жағдайда, инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган инвесторға хабарлама жіберілген кезден бастап екі ай өткен соң инвестициялық келісімшарттың қолданылуы біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатылатыны туралы хабарлама жібереді.
Инвестициялық келісімшарт бұзылған жағдайда, аталған заңды тұлға инвестициялық келісімшарт бойынша берілген инвестициялық преференциялардың нәтижесінде бюджетке төленбеген салықтар мен кедендік баждар сомаларын төлейді.
4. Инвестициялық келiсiмшарт жасасқан Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының бастамасы бойынша инвестициялық келiсiмшарт бiржақты тәртiппен мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде аталған заңды тұлға инвестициялық келiсiмшарт бойынша берiлген инвестициялық преференциялар нәтижесінде төленбеген салықтар мен кедендік баждар сомаларын төлейдi.
5. Инвестициялық келiсiмшарт тараптардың келiсуi бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде инвестициялық келiсiмшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы инвестициялық келiсiмшарт бойынша берiлген инвестициялық преференциялар нәтижесінде төленбеген салықтар мен кедендік баждар сомаларын төлейдi.
6. Инвестициялық келiсiмшарт мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде инвестициялық келiсiмшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы өзiне мемлекеттiк заттай грант ретiнде берiлген мүлiктi заттай не инвестициялық келiсiмшарттың талаптарына сәйкес оның берiлген күнгi бастапқы құнын қайтарады.
7. Мемлекеттiк заттай грантты қайтаруды инвестициялық келiсiмшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органның инвестициялық келiсiмшартты мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы шешiмі қабылданғаннан кейiн күнтiзбелiк отыз күн iшiнде жүзеге асырады.
296-бап. Инвестициялық дауларды шешу
1. Инвестордың инвестициялық қызметiне байланысты инвесторлар, оның ішінде ірі инвесторлар мен мемлекеттiк органдар арасындағы шарттық мiндеттемелерден туындайтын дау инвестициялық дау болып табылады.
2. Инвестициялық даулар келiссөздер арқылы не дауларды шешудiң тараптармен бұрын келiсілген рәсiмiне сәйкес шешіледі.
2016.08.04. № 489-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Инвестициялық дауларды осы баптың 2-тармағының ережелерiне сәйкес шешу мүмкiн болмаған кезде дауларды шешу Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен заңнамалық актiлерiне сәйкес Қазақстан Республикасының соттарында, сондай-ақ тараптардың келiсiмімен айқындалатын төрелiктерде жүргiзiледi.
4. Инвестициялық дауларға жатпайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешiледi.
26-тарау. ҮШІНШІ ЕЛДЕРГЕ ҚАТЫСТЫ АРНАЙЫ ҚОРҒАУ, ДЕМПИНГКЕ ҚАРСЫ ЖӘНЕ ӨТЕМАҚЫ ШАРАЛАРЫ
297-бап. Ішкі нарықты қорғау шараларын енгізу туралы жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында үшінші елдерден шығарылатын және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарларға қатысты ішкі нарықты қорғау шаралары арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары түрінде енгізілуі мүмкін.
Үшінші елдер деп Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың қатысушылары болып табылмайтын елдер және (немесе) елдер бірлестіктері, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия бекітетін әлем елдерінің сыныптауышына енгізілген аумақтар түсініледі.
2. Арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шараларын енгізу және қолдану, қайта қарау немесе олардың күшін жою не тиісті шараны қолданбау туралы шешімдерді Еуразиялық экономикалық комиссия қабылдайды.
Арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану, арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану алдындағы тергеп-тексеруді жүргізу «Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
298-бап. Шаралардың түрлері
1. Импорттық квотаны, арнайы квотаны немесе арнайы бажды, оның ішінде алдын ала арнайы бажды енгізу арқылы Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімі бойынша қолданылатын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тауардың өскен импортын шектеу жөніндегі шара арнайы қорғау шарасы болып табылады.
2. Демпингке қарсы бажды, оның ішінде алдын ала демпингке қарсы бажды енгізу немесе экспорттаушы қабылдаған баға міндеттемелерін мақұлдау арқылы Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімі бойынша қолданылатын демпингтік импортқа қарсы іс-қимыл шарасы демпингке қарсы шара болып табылады.
3. Өтемақы бажын (оның iшiнде алдын ала өтемақы бажын) енгізу не субсидиялаушы үшінші елдің уәкiлеттi органы немесе экспорттаушы қабылдаған ерікті мiндеттемелерді мақұлдау арқылы Еуразиялық экономикалық комиссияның шешiмi бойынша қолданылатын, мүше мемлекеттердің экономика саласына экспорттаушы үшінші елдің ерекше субсидиясының әсер етуін бейтараптандыру жөніндегі шара өтемақы шарасы болып табылады.
299-бап. Арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану қағидаттары
Арнайы қорғау шарасы, егер тергеп-тексеру нәтижелері бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына осы тауардың импорты мүше мемлекеттердің экономика саласына елеулі нұқсан келтіретіндей немесе осындай нұқсан келтіру қатерін төндіретіндей өскен мөлшерлерде (мүше мемлекеттерде ұқсас немесе тікелей бәсекелес тауарды өндірудің жалпы көлеміне абсолютті немесе салыстырмалы көрсеткіштерде) және жағдайларда жүзеге асырылып жатқаны анықталған болса, тауарға қолданылуы мүмкін.
Демпингке қарсы шара, егер тергеп-тексеруді жүргізетін орган жүргізген тергеп-тексеру нәтижелері бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына осындай тауардың импорты мүше мемлекеттердің экономика саласына материалдық нұқсан келтіретіндігі, осындай нұқсанды келтіру қатерін төндіретіні немесе мүше мемлекеттердің экономика саласын құруды едәуір баяулататыны анықталған болса, демпингтік импорттың нысанасы болып табылатын тауарға қолданылады.
Өтемақы шарасы өндіру, егер тергеп-тексеруді жүргізетін орган жүргізген тергеп-тексеру нәтижелері бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына осындай тауардың импорты мүше мемлекеттердің экономика саласына материалдық нұқсан келтіретіні, осындай нұқсанды келтіру қатерін төндіретіні немесе мүше мемлекеттердің экономика саласын құруды едәуір баяулататыны анықталған болса, экспорттау немесе тасымалдау кезінде экспорттаушы үшінші елдің ерекше субсидиясы пайдаланылған импортталатын тауарға қолданылуы мүмкін.
Мүше мемлекеттер деп Еуразиялық экономикалық одақтың мүшелері және Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың Тараптары болып табылатын мемлекеттер түсініледі.
6-БӨЛІМ. КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ҚОРҒАУ НЫСАНДАРЫ МЕН ТӘСІЛДЕРІ
27-тарау. КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ
300-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау нысандары
1. Әрбір кәсіпкерлік субъектісінің өз құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғауға құқығы бар.
Кәсіпкерлік субъектілерінің бұзылған немесе даулы құқықтарын қорғау Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де тәртіппен (төрелік, медиация, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл, омбудсмен, келіссөздер, наразылық тәртіп және өзгелер) жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда лауазымды адамдардың әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) және мемлекеттік органдардың актілеріне (шешімдеріне) шағым жасау арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Заңдарда арнайы көзделген жағдайларда, кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау құқығы бұзылған кәсіпкерлік субъектісінің тiкелей iс жүзiндегi немесе заңдық әрекеттерiмен (өзiн-өзi қорғау) жүзеге асырылуы мүмкiн.
301-бап. Қорғаудың соттағы нысаны
Кәсіпкерлік субъектілері бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерiн қорғау үшiн Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде белгiленген тәртiппен сотқа жүгiнуге құқылы.
302-бап. Тараптары кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын дауларды сотқа дейін реттеу
1. Құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған кәсіпкерлік субъектілері осы құқықтарды бұзушымен дауды тікелей реттеу мақсатында оған Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен жазбаша кінәрат қоюын білдіреді.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда, дауды реттеудің сотқа дейінгі тәртібін сақтау міндетті емес болғанда, кәсіпкерлік субъектісі өзінің бұзылған құқығын қорғау үшін тікелей сотқа жүгінуге құқылы.
3. Даулар сотқа дейінгі тәртіппен реттелмеген жағдайда, кәсіпкерлік субъектісі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде белгiленген тәртiппен сотқа жүгiнуге құқылы.
303-бап. Қорғаудың соттан тыс нысандары
1. Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау Қазақстан Республикасының заңдарында және (немесе) шартта көзделген мынадай нысандарда:
1) төрелікте;
2) медиация қолдану арқылы;
3) партисипативтік рәсім тәртібімен жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғаудың басқа да соттан тыс нысандары белгіленуі мүмкін.
3. Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру процесінде туындайтын келіспеушіліктерді реттеу мақсатында кәсіпкерлік субъектілері осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларда Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілге, омбудсменге жүгінуге құқылы.
304-бап. Төрелікте құқықтарды қорғау
1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, азаматтық-құқықтық қатынастардан туындаған дау төрелік келісім болған кезде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен төрелікте қаралуы мүмкін.
2016.08.04. № 489-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Дауды шешу үшін төреліктер тұрақты жұмыс істейтін төрелік немесе нақты дауды шешуге арналған төрелік түрінде құрылуы мүмкін.
2016.08.04. № 489-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Тұрақты жұмыс істейтін төреліктерді ұйымдастыру және олардың қызметінің тәртібі олардың регламенттерінде және Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында белгіленеді.
2016.08.04. № 489-V ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Егер нақты дауды шешу үшін құрылатын төрелікті ұйымдастыруға және оның қызметінің тәртібіне қойылатын өзге де талаптар Қазақстан Республикасының заңында және халықаралық шарттарында белгіленбесе, онда олар тараптардың келісімімен айқындалады.
5. Егер төрелік шешім онда белгіленген мерзімде ерікті түрде орындалмаса, онда ол Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде көзделген тәртіппен мәжбүрлеп орындалуға жатады.