17-бап. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысушылардың мемлекет сыйлықақысын есептеу және есепке жазу кезіндегі өзара іс-қимылы
1. Оператор жыл сайын ағымдағы жылғы 1 сәуірге дейінгі мерзімде қатысушы банктердің салым шарттары бойынша ұсынған мәліметтерінің негізінде білім беру саласындағы уәкілетті органға алдағы қаржы жылына арналған мемлекет сыйлықақыларын есепке жазудың болжамды есептеулерін ұсынады.
2017.05.07. № 88-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Есепті жылдың қорытындылары бойынша оператор халықты әлеуметтік қорғау, балалардың құқықтарын қорғау және құжаттандыру және паспорттар мен жеке куәліктерді беру саласындағы уәкілетті органдардан қажетті мәліметтерді алғаннан кейін, есепті жылдан кейінгі жылдың 15 қаңтарына дейін білім беру саласындағы уәкілетті органға мемлекет сыйлықақыларының түпкілікті есептемесін ұсынады.
3. Білім беру саласындағы уәкілетті орган оператордан мемлекет сыйлықақылары сомасының түпкілікті есептеуін алғаннан кейін есепті жылдан кейінгі жылдың 15 ақпанына дейін оператордың шотына мемлекет сыйлықақыларының жалпы сомасын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аударады.
4. Оператор білім беру саласындағы уәкілетті органнан мемлекет сыйлықақыларының жалпы сомасын алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде әрбір жасасылған салым шарты бойынша мемлекет сыйлықақысының мөлшері туралы мәліметтерді ұсына отырып, қатысушы банкке мемлекет сыйлықақыларын есепке жатқызуды жүргізеді.
5. Қатысушы банк оператордан мемлекет сыйлықақыларының жалпы сомасын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде салымшылардың шоттарына мемлекет сыйлықақыларын есепке жатқызады.
2017.05.07. № 88-VI ҚР Заңымен 6-тармақпен толықтырылды
6. Қаржы жылы аяқталғаннан кейін алдыңғы есепті жылдар бойынша мемлекет сыйлықақысын толық есепке жазу қажеттілігіне әкеп соғатын фактілер анықталған жағдайда оператор толық есепке жазылған сомаларды осы баптың 2-тармағында көзделген тәртіппен есепті жыл бойынша мемлекет сыйлықақыларының түпкілікті есептемесіне енгізеді.
18-бап. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесiне қатысушылардың білім беру қызметтеріне ақы төлеу кезіндегі өзара іс-қимылы
1. Білім беру жинақтау салымы арқылы білім беру қызметтеріне ақы төлеу салымшының өтініші бойынша жүзеге асырылады. Білім беру қызметтерін көрсету шартының көшірмесі ұсынылған кезде қатысушы банк бір жұмыс күні ішінде қаражатты білім беру жинақтау салымынан білім беру ұйымының банк шотына аударады.
2. Оқуға қабылданған, ауысқан, академиялық демалыс ресімделген, академиялық демалыстан оралған, оқуға қайта қабылданған, білім беру ұйымынан шығарылған, оның ішінде оқуды бітіруге байланысты шығарылған кезде, салымшы үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қатысушы банкке және операторға растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынады.
3. Білім беру ұйымы:
1) салымшының оқуға қабылдануы, ауысуы, академиялық демалысты ресімдеуі, академиялық демалыстан оралуы, оқуға қайта қабылдануы, білім беру ұйымынан шығарылуы, оның ішінде оқуды бітіруге байланысты шығарылуы туралы тиісті құжаттардың көшірмелерін жіберу арқылы олар қабылданған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қатысушы банкті және операторды хабардар етеді;
2) салымшының немесе қатысушы банктің талап етуі бойынша қажет болып тұрған академиялық кезеңдегі оқу құны немесе анықтама берілетін күнгі оқудың толық құны туралы анықтама береді;
3) оператордың сұрау салуы бойынша білім беру ұйымында білім алатын салымшы туралы қажетті мәліметтерді ұсынады;
4) салымшы басқа білім беру ұйымына ауысқан кезде, қабылдайтын білім беру ұйымының шотына білім беру қызметтеріне төленген ақының қалдығын аударады, бұл жөнінде операторды үш жұмыс күні ішінде хабардар етеді.
Білім беру ұйымы салымшының оқуы үшін алған сома мен оқудан шығару туралы бұйрық шыққан күнге нақты алынған білім беру қызметтері құнының сомасы арасындағы айырма білім беру қызметтеріне төленген ақы қалдығы болып табылады.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
19-бап. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесiн мемлекеттік қолдау
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес білім беру жинақтау салымы жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беру объектісі болып табылады.
2. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесi шеңберінде салымшы білім беру кредитін жеңілдетілген шарттармен алуға өтініш білдіруге құқылы. Білім беру кредиті қарыз алушыға жинақталған сома оқу ақысын толық көлемде төлеу үшін қажетті соманың кем дегенде елу пайызы мөлшерін құраған кезде білім беру ұйымында оқу құнының ұлғаю сомасына оны түзету мүмкіндігімен қалған сомаға кредитордың кредиттік желі ашуы арқылы мемлекет уәкілеттік берген ұйымның жүз пайыз кепілдігімен беріледі.
20-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2013 жылғы қаңтардың 14-і.
№ 67-V