10. Қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) туралы арызды қарау нәтижелері бойынша шешім шағым жасауға жатпайды.
68-бап. Әкімшілік рәсімде өкілдік ету
1. Әкімшілік рәсімге қатысушы өзінің әкімшілік істерін жеке өзі, өкіл арқылы немесе онымен бірге жүргізуге құқылы.
2. Әкімшілік рәсімде өкілдік ету Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Әкімшілік рәсімге қатысушы өзінің әкімшілік істерін басқа адамның жүргізуіне уәкілеттік беруге құқылы, бұл туралы әкімшілік органға, лауазымды адамға ауызша нысанда хабарлайды. Бұл жағдайда әкімшілік орган, лауазымды адам өкілдің өкілеттігін жазбаша нысанда ресімдейді, оған өкілдік беруші қол қояды.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, өкіл өкілдік берушінің атынан әкімшілік рәсімді жүзеге асыруға байланысты барлық әрекеттерді жасауға құқылы.
4. Әкімшілік рәсімді жүзеге асыратын әкімшілік органның лауазымды адамы немесе қызметкері болып табылатын тұлға өкіл болуға құқылы емес.
5. Осы баптың төртінші бөлігінде көрсетілген өкілдерді әкімшілік орган, лауазымды адам шеттетеді.
Өкіл шеттетілген кезде әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімді жүзеге асыруды басқа өкілдің өкілеттіктерін ресімдеу үшін қажетті, бірақ үш жұмыс күнінен аспайтын мерзімге кейінге қалдырады.
69-бап. Әкімшілік істерді жүргізу және есепке алу
1. Әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімді жүзеге асыру үшін қажетті құжаттардан тұратын әкімшілік істі қағаз жеткізгіште және (немесе) электрондық нысанда қалыптастырады.
2. Әкімшілік істерді, оларды есепке алу журналдарын жүргізуді әкімшілік орган Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларының негізінде жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаларға келіп түсетін өтініштерді тіркеу, есепке алу, сондай-ақ «Электрондық жолданымдар» ақпараттық-талдау жүйесін жүргізу тәртібі құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы статистикалық қызметті өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
Жарнамасы бар ұсыныстар, сондай-ақ «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген жолданымдарды қоспағанда, мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша келіп түскен жолданымдар есепке алуға жатпайды.
4. Мемлекеттік органдардың басшылары жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарымен жұмысты ұйымдастыруға, іс жүргізудің жай-күйіне дербес жауапты болады.
70-бап. Әкімшілік рәсімді тоқтату
1. Мына мән-жайлардың тым болмағанда бірі болған кезде:
1) әкімшілік органның, лауазымды адамның жолданымда көрсетілген сол нысана туралы және сол негіздер бойынша әкімшілік рәсімге қатысушыға қатысты әкімшілік іс бойынша шешімі бар болса;
2) сол нысана туралы және сол негіздер бойынша сол адамға қатысты шығарылған заңды күшіне енген сот актісі бар болса;
3) әкімшілік орган, лауазымды адам жолданымды қайтарса;
4) әкімшілік орган, лауазымды адам арыз иесінен жолданымды кері қайтарып алуды қабылдаса;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздер бар болса, жолданым негізінде қозғалған әкімшілік рәсім тоқтатылуға жатады.
2. Әкімшілік орган, лауазымды адам өз бастамасы бойынша қозғалған әкімшілік рәсімді, егер әкімшілік рәсімді жүзеге асыру оны қозғауға негіз болған мән-жайлардың өзгеруіне байланысты қажет болмай қалса немесе Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа негіздер бойынша тоқтата алады.
3. Әкімшілік рәсім әкімшілік органның, лауазымды адамның шешімімен тоқтатылады, бұл туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде әкімшілік рәсімге қатысушыға хабарланады.
4. Әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімге осы Кодексте белгіленген тәртіппен шағым берілуі мүмкін.
5. Арыз иесі, егер жаңа дәлелдер немесе жаңадан ашылған мән-жайлар бар болса, осы Кодексте белгіленген тәртіппен қаралған мәселе бойынша қайта жолданым беруге құқылы.
10-тарау. ӘКІМШІЛІК ІСТІ ҚАРАУ
71-бап. Әкімшілік істі жеке-дара және алқалы түрде қарау
Әкімшілік істі лауазымды адам жеке-дара, ал Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда не әкімшілік органның шешімі бойынша алқалы құрам қарайды.
72-бап. Әкімшілік істің нақты мән-жайларын зерттеу
1. Әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік істі дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін шаралар қабылдауға міндетті.
2. Әкімшілік істің нақты мән-жайларын зерттеу тәртібі мен шектерін әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімге қатысушылардың пікірлерін ескере отырып айқындайды.
3. Әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік істің дәлелдеріне, нақты мән-жайларына байланысты болмайды және әкімшілік істі толық көлемде тексереді.
4. Әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік істің нақты мән-жайларын белгілеу мақсатында өз бастамасы бойынша дәлелдемелерді жинауға құқылы.
5. Әкімшілік орган, лауазымды адам қарау өздерінің құзыретіне жататын әкімшілік рәсімге қатысушылар ұсынған арыздар мен құжаттарды зерттеуден бас тартуға құқылы емес.
73-бап. Тыңдау
1. Әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімге қатысушыға әкімшілік іс бойынша алдын ала шешімге өз ұстанымын білдіруге мүмкіндік беруге міндетті, бұл туралы әкімшілік рәсімге қатысушы алдын ала, бірақ әкімшілік акт қабылданғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етіледі.
Тыңдау:
1) әкімшілік рәсімге қатысушыны әкімшілік іс бойынша тыңдауға шақыру, оның ішінде бейнеконференц-байланыс немесе өзге де коммуникация құралдары арқылы;
2) ақпараттық жүйелерді пайдалану;
3) әкімшілік рәсімге қатысушыға өзінің ұстанымын баяндауға мүмкіндік беретін өзге де байланыс тәсілдері арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Осы баптың бірінші бөлігінің ережелері, егер:
1) әкімшілік орган, лауазымды адам басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғамайтын қолайлы әкімшілік актіні қабылдайтын;
2) атқарушылық іс жүргізу жүзеге асырылатын;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында әкімшілік рәсімді жүзеге асыру үшін үш күндік мерзімнен аз уақыт белгіленген;
4) азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын, қоғамдық және (немесе) мемлекеттік мүдделерді қорғау мақсатында әкімшілік актіні дереу қабылдау талап етілетін;
5) әкімшілік рәсімге қатысушы бұл туралы өтінішхат берген;
6) оңайлатылған әкімшілік рәсім жүзеге асырылатын;
7) әкімшілік іс бойынша шешім автоматтандырылған процесті жүзеге асыру кезінде қабылданатын, бұл ретте әкімшілік органға, лауазымды адамға әкімшілік таңдау берілмеген жағдайларға қолданылмайды.
Осы бөліктің 4) тармақшасында белгіленген жағдайда, әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік актіде тыңдау жүргізілмеген дәлелдерді көрсетуге міндетті.
3. Әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік іс бойынша алдын ала шешімге қарсылықты алған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде оны беруге немесе білдіруге құқылы.
4. Әкімшілік рәсімге қатысушы өз қарсылығын ауызша білдірген жағдайда, әкімшілік орган, лауазымды адам тыңдау хаттамасын жүргізеді.
74-бап. Тыңдау хаттамасы
1. Тыңдау хаттамасы компьютерлік, электрондық, машинкамен жазу не қолжазба тәсілдерімен дайындалады.
2. Тыңдау хаттамасында:
1) әкімшілік іс қаралатын орын мен күн, оның басталатын және аяқталатын уақыты;
2) әкімшілік органның атауы, лауазымды адамның, хатшының тектері және аты-жөні;
3) әкімшілік рәсімге қатысушы және (немесе) әкімшілік іске қатысатын өзге де адам туралы мәліметтер;
4) қаралатын мәселенің мазмұны;
5) қатысатын тұлғалардың түсініктемелерінің, сұрақтары мен жауаптарының, сөйлеген сөздерінің мазмұны көрсетіледі.
3. Әкімшілік рәсімге қатысушы және (немесе) әкімшілік іске қатысатын өзге де адам әкімшілік істі қарау үшін өздері елеулі деп есептейтін нақты мән-жайлар туралы мәліметтерді тыңдау хаттамасына енгізу туралы өтінішхат беруге құқылы.
4. Тыңдау хаттамасын төрағалық етуші мен хатшы дайындауға және қол қоюға тиіс.
5. Әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік рәсімге қатысушыға және әкімшілік іске қатысатын өзге де тұлғаға тыңдау хаттамасымен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.
6. Әкімшілік рәсімге қатысушы және әкімшілік іске қатысатын өзге де адам танысқаннан кейін үш жұмыс күні ішінде тыңдау хаттамасына өз ескертулерін беруге құқылы.
Ескертулерді қарау нәтижелері бойынша төрағалық етуші оларды қанағаттандыру не оларды толық немесе ішінара қабылдамау туралы шешім қабылдайды.
75-бап. Әкімшілік рәсімге қатысушының әкімшілік іс материалдарымен танысуы
1. Әкімшілік рәсімге қатысушыға әкімшілік іс қаралғаннан кейін өтінішхат мәлімделген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде әкімшілік іс материалдарымен танысу мүмкіндігі берілуге тиіс.
2. Әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік іс материалдарымен танысқан кезде әкімшілік орган, лауазымды адам Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар және заңмен қорғалатын өзге де құпия туралы заңнамасының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
3. Әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік іс материалдарымен танысу процесінде кез келген мәліметтерді және кез келген көлемде көшіріп алуға, мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын мәліметтерді қоспағанда, құжаттардың көшірмелерін, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен түсіріп алуға құқылы.
76-бап. Жолданым негізінде қозғалған әкімшілік рәсімнің мерзімдері
1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жолданым негізінде қозғалған әкімшілік рәсімнің мерзімі жолданым келіп түскен күннен бастап он бес жұмыс күнін құрайды.
2. Жолданым негізінде қозғалған әкімшілік рәсімнің мерзімі ол қозғалған кезден бастап есептеледі.
3. Жолданым негізінде қозғалған әкімшілік рәсімнің мерзімін әкімшілік орган басшысының немесе оның орынбасарының уәжді шешімімен ақылға қонымды, бірақ әкімшілік істі дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мән-жайларды белгілеу қажеттігіне орай екі айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін, әкімшілік рәсімге қатысушы бұл туралы мерзім ұзартылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.
4. Шешім қабылдауға уәкілеттік берілген адам әкімшілік рәсім мерзімін негізсіз ұзартқаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тәртіптік және өзге де жауаптылықта болады.
77-бап. Әкімшілік істі қарау нәтижелері бойынша шешімдердің түрлері
1. Әкімшілік істі қарап, әкімшілік орган, лауазымды адам:
1) әкімшілік актіні қабылдау;
2) әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімдердің бірін шығарады.
2. Әкімшілік істі қарау аяқталғаннан кейін жазбаша нысанда шешім шығарылады, ол әкімшілік рәсімге қатысушыға жіберіледі.
11-тарау. ӘКІМШІЛІК АКТ
78-бап. Әкімшілік актілердің нысандары
1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, әкімшілік акт жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) нысанда қабылданады.
2. Егер әкімшілік рәсім жолданымның негізінде қозғалған болса, әкімшілік акт жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) нысанда ғана қабылданады.
3. Әкімшілік акт, егер:
1) азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын, қоғамдық немесе мемлекеттік мүдделерді қорғау талап етілсе;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда ауызша немесе өзге нысанда қабылдануы мүмкін.
4. Ауызша немесе өзге нысанда қабылданған әкімшілік акт әкімшілік рәсімге қатысушының өтінішхаты бойынша осындай өтінішхат мәлімделген күннен бастап бір жұмыс күні ішінде жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) нысанда ресімделуге тиіс.
79-бап. Әкімшілік актіге қойылатын жалпы талаптар
1. Әкімшілік акт заңды және негізделген болуға тиіс.
2. Әкімшілік акт түсіну үшін анық болуға, бірізді қолдануды қамтамасыз етуге, оның күші қолданылатын адамдар қатарын толық айқындауға тиіс.
80-бап. Жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) нысанда қабылданған әкімшілік актінің мазмұны
1. Жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) нысанда қабылданған әкімшілік актіде мыналар көрсетіледі:
1) әкімшілік актіні қабылдаған әкімшілік органның атауы, лауазымды адамның тегі және аты-жөні;
2) әкімшілік актінің қабылданған күні;
3) арыз иесі туралы мәліметтер: жеке тұлғалар үшін - тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), заңды тұлғалар үшін: атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны;
4) әкімшілік актіні қабылдаған кезде шешілетін мәселелердің сипаттамасы және әкімшілік актінің негіздемесі;
5) лауазымды адамның қолы.
2. Жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) нысанда қабылданған әкімшілік актінің негіздемесі, егер:
1) әкімшілік орган, лауазымды адам басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қозғамайтын қолайлы әкімшілік актіні қабылдаған;
2) әкімшілік орган, лауазымды адам күнтізбелік отыз күн ішінде саны бес әкімшілік актіден асатын бір нысана туралы ұқсас әкімшілік актілерді үздіксіз қабылдаған немесе әкімшілік актілерді интернет-ресурстарда орналастыруды қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарында жариялаған және әрбір жағдайда негіздеу қажеттігі болмаған;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда талап етілмейді.
3. Жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) нысанда қабылданған әкімшілік акт қолданысы әкімшілік актінің қолданылу мерзімінен аспайтын қосымшалар мен басқа да қосымша құжаттарды қамтуы мүмкін.
4. Қосымшалар мен басқа да қосымша құжаттар әкімшілік актінің ажырамас бөлігі болып табылады.
81-бап. Әкімшілік рәсімге қатысушының назарына жеткізу
1. Жазбаша (қағаз) нысанда қабылданған әкімшілік акт осы Кодекстің 66-бабына сәйкес әкімшілік рәсімге қатысушының назарына жеткізіледі.
2. Электрондық нысанда қабылданған әкімшілік акт Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік рәсімге қатысушының назарына жеткізіледі.
3. Ауызша нысанда қабылданған әкімшілік акт ауызша хабарлау арқылы әкімшілік рәсімге қатысушының назарына жеткізіледі.
4. Өзге нысанда қабылданған әкімшілік акт оны көріп және (немесе) естіп қабылдау үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы әкімшілік рәсімге қатысушының назарына жеткізіледі.
5. Мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қамтымайтын әкімшілік акт, егер әкімшілік актінің адресаты туралы мәліметтер белгісіз болса, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда интернет-ресурстарда орналастыруға жатады.
82-бап. Қате жазуларды және (немесе) арифметикалық қателерді түзету
1. Әкімшілік орган, лауазымды адам өзінің бастамасы бойынша немесе әкімшілік рәсімге қатысушының өтінішхаты бойынша әкімшілік актінің мазмұнын өзгертпей, әкімшілік актіде жіберілген қате жазуларды және (немесе) арифметикалық қателерді түзетуге құқылы.
2. Әкімшілік орган, лауазымды адам түзету үшін қажет құжатты талап етуге құқылы.
3. Қате жазуларды және (немесе) арифметикалық қателерді түзетулер туралы өтінішхатты қарау арыз келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
4. Қате жазулар және (немесе) арифметикалық қателер лауазымды адамның қолымен расталады.
5. Түзетілген әкімшілік актінің көшірмесі әкімшілік акт түзетілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде әкімшілік рәсімге қатысушыға жіберіледі.
83-бап. Әкімшілік актінің күшіне енуі, қолданысқа енгізілуі және қолданысының тоқтатылуы
1. Әкімшілік акт, егер онда анағұрлым кеш мерзім көрсетілмесе, қабылданған кезден бастап күшіне енеді.
2. Әкімшілік акт осы Кодекстің 81-бабында белгіленген тәртіппен әкімшілік рәсімге қатысушының назарына жеткізілген кезден бастап қолданысқа енгізіледі.
3. Әкімшілік актіде көзделген оқиға басталған, оның талаптары орындалған, әкімшілік актінің күші жойылған немесе қолданыс мерзімі өткен кезден бастап әкімшілік акт қолданысын тоқтатады.
84-бап. Заңсыз әкімшілік актінің күшін жою
1. Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасын бұзу, егер мұндай бұзу дұрыс емес әкімшілік акт қабылдауға алып келсе не алып келуі мүмкін болса, әкімшілік актіні заңсыз деп тану үшін негіз болып табылады.
Мәні бойынша дұрыс әкімшілік акт бір ғана формальды негіздер бойынша заңсыз деп таныла алмайды.
2. Заңсыз әкімшілік актінің толық немесе бір бөлігінде күші жойылуы мүмкін.
3. Заңсыз әкімшілік актінің күші жойылған кезде әкімшілік актіні заңсыз деп танудың заңды салдары туралы шешім қабылданады.
Әкімшілік акт қабылданған кезден бастап та, ол заңсыз деп танылған кезден бастап та жарамсыз деп танылуы мүмкін.
4. Заңсыз ауыртпалық түсіретін әкімшілік акт міндетті түрде күші жойылуға жатады.
5. Заңсыз қолайлы әкімшілік актінің күшін жойған кезде әкімшілік рәсімге қатысушының сенім құқығын қорғау қағидаты назарға алынады.
6. Әкімшілік рәсімге қатысушы, егер:
1) соның негізінде әкімшілік акт шығарылған құқықтық акт конституциялық емес деп танылса;
2) әкімшілік рәсімдерге қатысушы ұсынған құжаттың не мәліметтердің қасақана анық еместігі белгіленсе;
3) әкімшілік акт әкімшілік рәсімге қатысушының заңды күшіне енген сот үкімімен немесе қаулысымен, прокурордың, қылмыстық қудалау органының, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берілген органның (лауазымды адамның) қаулысымен белгіленген құқыққа қарсы әрекеттерді жасауы нәтижесінде қабылданса;
4) әкімшілік акт мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделерді, мемлекеттің қауіпсіздігін қозғайтын не адамдардың өмірі, денсаулығы үшін ауыр еңсерілмес салдарға алып келуі мүмкін болса, сенім құқығын қорғау қағидатына сілтеме жасауға құқылы емес.
7. Заңсыз қолайлы әкімшілік акт осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген жағдайларда ғана күші жойылуға жатады.
8. Заңсыз қолайлы әкімшілік актінің күшін жою салдарынан туындаған зиян әкімшілік рәсімге қатысушыға орны толтырылуға жатады, оның сенім құқығы Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының қағидаларына сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалады.
85-бап. Заңды әкімшілік актінің күшін жою
1. Қазақстан Республикасының заңнамасының негізінде және талаптарына сәйкес қабылданған әкімшілік акт заңды болып есептеледі.
2. Заңды әкімшілік актінің толық немесе бір бөлігінде күшін жойылуы мүмкін.
3. Заңды ауыртпалық түсіретін әкімшілік актінің күшін жоюға Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған жағдайларды қоспағанда, әкімшілік орган, лауазымды адам мұндай актінің күшін жоюы мүмкін.
4. Егер:
1) әкімшілік актінің күшін жою мүмкіндігі Қазақстан Республикасының заңдарында және әкімшілік актіде көзделсе;
2) әкімшілік акт шартпен қабылданса және бұл шарт орындалмаса не тиісінше түрде орындалмаса, заңды қолайлы әкімшілік актінің күші жойылуы мүмкін.
86-бап. Әкімшілік актіні орындау тәртібі мен мерзімдері
1. Әкімшілік акт барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар, азаматтар үшін міндетті және орындалуға жатады.
2. Әкімшілік актіні, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, оны қабылдаған әкімшілік орган, лауазымды адам орындауға енгізеді.
3. Әкімшілік акт, егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе әкімшілік актіде өзгеше белгіленбесе, бес жұмыс күні ішінде орындалуға тиіс.
12-тарау. ОҢАЙЛАТЫЛҒАН ӘКІМШІЛІК РӘСІМ
87-бап. Оңайлатылған әкімшілік рәсімді жүзеге асыру тәртібі
1. Хабарламаларды, ұсыныстарды, үн қосуларды және сұрау салуларды қарау оңайлатылған әкімшілік рәсім тәртібімен жүзеге асырылады.
2. Оңайлатылған әкімшілік рәсімді мемлекеттік орган, жергілікті өзін-өзі басқару органы, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлға және олардың лауазымды адамдары осы бөлімде белгіленген тәртіппен, осы тарауда белгіленген ерекшеліктермен жүзеге асырады.
3. Осы тараудың мақсаты үшін мемлекеттік органға, жергілікті өзін-өзі басқару органына, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаға және олардың лауазымды адамдарына хабарлама, ұсыныс, үн қосу немесе сұрау салу жіберген тұлға арыз иесі деп түсініледі.
88-бап. Оңайлатылған әкімшілік рәсімді тоқтату
1. Мына мән-жайлардың тым болмағанда бірі болған кезде:
1) қайталама хабарламаларда, ұсыныстарда, үн қосуларда, сұрау салуларда жаңа дәлелдер немесе жаңадан ашылған мән-жайлар келтiрiлмесе, ал алдыңғы хабарламаның, ұсыныстың, үн қосудың, сұрау салудың материалдарында тексерудің қажетті материалдары болса және арыз иесіне белгіленген тәртіппен жауаптар берілсе;
2) хабарламаның, ұсыныстың, үн қосудың, сұрау салудың авторын анықтау мүмкін болмаса, арыз иесінің қолтаңбасы, оның ішінде электрондық цифрлық қолтаңбасы, пошталық мекенжайы болмаса, оларда дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстық құқық бұзушылық не мемлекеттік немесе қоғамдық қауіпсіздікке төнген қатер туралы және олардың құзыретіне сәйкес мемлекеттік органдарға дереу жолдануға жататын мәліметтер қамтылған жағдайларды қоспағанда;
3) хабарламада, ұсыныста, үн қосуда, сұрау салуда мәселенің мәні баяндалмаса, оңайлатылған әкімшілік рәсім тоқтатылуға жатады.
2. Оңайлатылған әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімді хабарламаны, ұсынысты, үн қосуды, сұрау салуды қарайтын субъектінің басшысы немесе оның орынбасары қабылдайды.
3. Оңайлатылған әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімге осы Кодексте белгіленген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
89-бап. Әкімшілік істі оңайлатылған әкімшілік рәсімде қараудың нәтижелері бойынша шешімдердің түрлері
1. Әкімшілік істі оңайлатылған әкімшілік рәсімде қарау қорытындылары бойынша мынадай:
1) жауап, оның ішінде хабардың, ұсыныстың, үн қосудың, сұрау салудың мәні бойынша ақпарат беру;
2) назарға алу;
3) оңайлатылған әкімшілік рәсімді тоқтату туралы шешімдердің бірі шығарылады.
2. Хабарға, ұсынысқа, үн қосуға, сұрау салуға жауаптар Қазақстан Республикасының заңнамасына сілтеме жасай отырып, мемлекеттік тілде немесе өтініш берілген тілде мазмұны бойынша негізделген және уәжделген болуға, оның қабылданған шешімге шағым беру құқықтары түсіндіріле отырып, арыз иесінің дәлелдерін жоққа шығаратын немесе растайтын нақты фактілерді қамтуға тиіс.
3. Хабарды, ұсынысты, үн қосуды, сұрау салуды қарайтын субъектілер мен лауазымды адамдар арыз иесіне әкімшілік істі қараудың нәтижелері және қабылданған шаралар туралы хабар береді.
90-бап. Жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау
1. Мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары және олардың орынбасарлары тиісті мемлекеттік органның басшысы бекітетін қабылдау кестесіне сәйкес айына кемінде бір рет азаматтарды және заңды тұлғалардың өкілдерін, оның ішінде осы органдардың қызметкерлерін жеке қабылдауды жүргізуге міндетті.
2. Қабылдау белгіленген және жеке және заңды тұлғалардың назарына жеткізілген күндер мен сағаттарда жұмыс орны бойынша өткізілуге тиіс.
3. Егер жолданымды лауазымды адам қабылдау кезінде шеше алмаса, ол жазбаша нысанда баяндалады және онымен жазбаша жолданым ретінде жұмыс жүргізіледі.
13-тарау. ШАҒЫМ ЖАСАУ ТӘРТІБІ. ШАҒЫМ БЕРУ
91-бап. Шағым жасау тәртібі
1. Әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен әкімшілік актіні қабылдауға байланысты емес әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасауға құқылы.
Осы Кодексте көзделген жағдайларда әкімшілік рәсімге қатысушы әкімшілік актіні қабылдауға байланысты әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым жасауға құқылы.
2. Егер әкімшілік орган, лауазымды адам осы Кодексте белгіленген мерзімдерде әкімшілік актіні қабылдамаса, әкімшілік әрекет жасамаса, онда мерзімдер өткен күннен бастап әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік актіні қабылдаудан, әкімшілік әрекет жасаудан бас тартты деп есептеледі.
3. Шағымды әкімшілік тәртіппен (сотқа дейінгі) қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам (бұдан әрі - шағымды қарайтын орган) жүргізеді.