18-бап. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесiне қатысушылардың білім беру қызметтеріне ақы төлеу кезіндегі өзара іс-қимылы
1. Білім беру жинақтау салымы арқылы білім беру қызметтеріне ақы төлеу салымшының өтініші бойынша жүзеге асырылады. Білім беру қызметтерін көрсету шартының көшірмесі ұсынылған кезде қатысушы банк бір жұмыс күні ішінде қаражатты білім беру жинақтау салымынан білім беру ұйымының банк шотына аударады.
2. Оқуға қабылданған, ауысқан, академиялық демалыс ресімделген, академиялық демалыстан оралған, оқуға қайта қабылданған, білім беру ұйымынан шығарылған, оның ішінде оқуды бітіруге байланысты шығарылған кезде, салымшы үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қатысушы банкке және операторға растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынады.
3. Білім беру ұйымы:
1) салымшының оқуға қабылдануы, ауысуы, академиялық демалысты ресімдеуі, академиялық демалыстан оралуы, оқуға қайта қабылдануы, білім беру ұйымынан шығарылуы, оның ішінде оқуды бітіруге байланысты шығарылуы туралы тиісті құжаттардың көшірмелерін жіберу арқылы олар қабылданған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қатысушы банкті және операторды хабардар етеді;
2) салымшының немесе қатысушы банктің талап етуі бойынша қажет болып тұрған академиялық кезеңдегі оқу құны немесе анықтама берілетін күнгі оқудың толық құны туралы анықтама береді;
3) оператордың сұрау салуы бойынша білім беру ұйымында білім алатын салымшы туралы қажетті мәліметтерді ұсынады;
4) салымшы басқа білім беру ұйымына ауысқан кезде, қабылдайтын білім беру ұйымының шотына білім беру қызметтеріне төленген ақының қалдығын аударады, бұл жөнінде операторды үш жұмыс күні ішінде хабардар етеді.
Білім беру ұйымы салымшының оқуы үшін алған сома мен оқудан шығару туралы бұйрық шыққан күнге нақты алынған білім беру қызметтері құнының сомасы арасындағы айырма білім беру қызметтеріне төленген ақы қалдығы болып табылады.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
19-бап. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесiн мемлекеттік қолдау
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес білім беру жинақтау салымы жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беру объектісі болып табылады.
2. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесi шеңберінде салымшы білім беру кредитін жеңілдетілген шарттармен алуға өтініш білдіруге құқылы. Білім беру кредиті қарыз алушыға жинақталған сома оқу ақысын толық көлемде төлеу үшін қажетті соманың кем дегенде елу пайызы мөлшерін құраған кезде білім беру ұйымында оқу құнының ұлғаю сомасына оны түзету мүмкіндігімен қалған сомаға кредитордың кредиттік желі ашуы арқылы мемлекет уәкілеттік берген ұйымның жүз пайыз кепілдігімен беріледі.
20-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2013 жылғы қаңтардың 14-і.
№ 67-V