117-бап. Кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өтеу туралы хабарлама
1. Кеден органының төлеушіге кедендік төлемдерді, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу қажеттігі туралы қағаз жеткізгішпен немесе оның жазбаша келісуі бойынша электрондық тәсілмен жіберген хабарламасы кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өтеу туралы хабарлама деп танылады.
Кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өтеу туралы хабарламаның нысанын уәкілетті орган бекітеді.
2021.05.01. № 407-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары бойынша берешекті, өсімпұлдарды, пайыздарды өтеу туралы хабарлама төлеушіге:
1) тексеру нәтижелері туралы хабарламаның орындалу мерзімі өткен;
2) 2021.05.01. № 407-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3) осы Кодекстің 86-бабының 4-тармағына және 137-бабының 4-тармағына сәйкес жіберілген, кедендік баждардың, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, өсімпұлдардың, пайыздардың белгіленген мерзімде төленбеген сомалары туралы хабарламаның орындалу мерзімі өткен;
2021.05.01. № 407-VI ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2021 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) төлеушіге осы Кодекстің 55-тарауына сәйкес жіберілген тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымды қарау қорытындылары туралы хабарлама жіберілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей жіберіледі.
3. Декларанттың және кеден өкілінің осы Кодекстің 86 және 137-баптарында көзделгендей кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі ынтымақты міндеті болған кезде, бұл туралы осы хабарламаларда көрсете отырып, кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өтеу туралы хабарлама декларантқа және кеден өкіліне жіберіледі.
4. Кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өтеу туралы хабарлама төлеушіге оның әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тартылғанына қарамастан, жіберіледі.
5. Кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өтеу туралы хабарлама кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өндіріп алу жөнінде шаралар қабылданғанға дейін жіберіледі.
6. Кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өтеу туралы хабарламада:
1) төлеушінің сәйкестендіру нөмірі;
2) төлеушінің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) немесе атауы, төлеушінің тұрғылықты жері немесе тұрған жері;
3) кеден органының атауы;
4) хабарламаның күні;
5) кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары бойынша берешек сомасы;
6) хабарлама ұсынылған күнгі өсімпұлдар, пайыздар сомасы;
7) кедендік төлемдерді, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу туралы талап;
8) хабарламаны жіберу үшін негіз;
9) кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өтеу кезінде өсімпұлдарды, пайыздарды есептеу тәртібі;
10) шағым жасау тәртібі көрсетілуге тиіс.
7. Төлеуші кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өтеу туралы хабарлама тіркелген күннен бастап осындай берешек өтелген күнді қоса алғанда соған дейінгі кезең үшін есепке жазылуға жататын өсімпұлдарды есепке алмай, кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары бойынша берешекті өтеген кезде, кеден органы кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өтеу туралы бұрын ұсынылған хабарламаға толықтыру жібереді.
8. Төлеуші және осы Кодекске сәйкес кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу бойынша төлеушімен ынтымақты міндет атқаратын тұлға кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өтеу туралы хабарламаға осы Кодекстің 21-бабына сәйкес уәкілетті органға немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен сотқа шағым жасауға(даулауға) құқылы.
118-бап. Кедендік төлемдер, салықтар,арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өтеу туралы хабарламаны табыс ету және орындау тәртібі
1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, кедендік төлемдер, салықтар арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өтеу туралы хабарлама төлеушiнің жеке өзіне қолын қойғыза отырып немесе жіберу мен алу фактiсiн растайтын өзге де тәсiлмен табыс етілуге тиіс.
Бұл ретте төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген хабарлама мынадай жағдайларда төлеушіге табыс етілген болып саналады:
1) пошта арқылы хабарламасы бар тапсырыс хатпен жiберiлгенде - төлеушi пошта операторының хабарламасына белгi қойған күннен бастап;
2) электрондық тәсiлмен жiберiлгенде - веб-қосымшадағы хабарлама жеткізілген күннен бастап. Көрсетілген тәсiл Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен электрондық салық төлеушi ретiнде тiркелген төлеушiге қолданылады.
2. Кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өтеу туралы хабарламаны пошта операторы немесе байланыс операторы қайтарған жағдайда осы Кодекстің 116-бабының 6-тармағында белгіленген тәртіппен зерттеп-қарау актісі жасалған күн осындай хабарлама табыс етілген күн болып табылады.
3. Кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өтеу туралы хабарламаға шағым жасау Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстің 116-бабының 3-тармағында көзделген шараларды жүзеге асыруды тоқтата тұрмайды.
119-бап. Кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өндіріп алуды жүзеге асыратын кеден органы
1. Кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті осы баптың 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кедендік төлемдерді, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу орны бойынша кеден органы өндіріп алады.
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізілген тауарларға қатысты, тауарларды анық емес кедендік декларациялай отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізуді қоспағанда, кедендік баждарды, салықтарды аумағында тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы осындай заңсыз өткізу фактісі анықталған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің кеден органы өндіріп алады.
Осы Кодекстің 157-бабының 4-тармағында, 163-бабының 3-тармағында, 174-бабының 4-тармағында, 362-бабының 8-тармағында, 363-бабының 4-тармағында және 371-бабының 4-тармағында көрсетілген мән-жайлар туындаған кезде кедендік баждарды, салықтарды аумағында осындай мән-жайлар анықталған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің кеден органы өндіріп алады.
2. Осы Кодекстің 94-бабы 2-тармағының екінші бөлігінде және 3-тармағында көрсетілген жағдайларда, кедендік баждарды, салықтарды, егер осы баптың 3-тармағында өзгеше белгіленбесе, осы Кодекстің 94-бабы 2-тармағының екінші бөлігіне және 3-тармағына сәйкес өзінде кедендік баждар, салықтар төленуге жататын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің кеден органы өндіріп алады.
3. Егер тауарларды кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тасымалдау (тасу) кезінде кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету берілсе, онда осы Кодекстің 233-бабының 5-тармағында және 392-бабының 3-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде төленбеген кедендік баждарды, салықтарды өзіне кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету берілген кеден органы осындай қамтамасыз ету есебінен өндіріп алады.
Егер тауарларды кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тасымалдау (тасу) кезінде уәкілетті экономикалық оператор немесе кедендік тасымалдаушы осындай тауарлардың декларанты болып әрекет етсе, онда осы Кодекстің 233-бабының 5-тармағында және 392-бабының 3-тармағында көзделген мән-жайлар басталған кезде төленбеген кедендік баждарды, салықтарды өзінде кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың декларанты болып әрекет ететін тұлға уәкілетті экономикалық операторлар тізіліміне не кедендік тасымалдаушылар тізіліміне енгізілген кеден органы өндіріп алады.
4. Арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын осы тармақта көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, осы бапқа сәйкес кедендік баждарды, салықтарды өндіріп алуды жүзеге асыратын кеден органы өндіріп алады.
Егер тауарларды кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тасымалдау (тасу) кезінде арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету берілсе, онда осы Кодекстің 233-бабының 5-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде төленбеген арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын өзінің кеден органына арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету берілген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің кедендік реттеу туралы заңнамасына сәйкес айқындалатын кеден органы осындай қамтамасыз ету есебінен өндіріп алады.
Осы Кодекстің 233-бабының 5-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде төленбеген арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын өзінің кеден органына арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету берілген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің кедендік реттеу туралы заңнамасында айқындалатын кеден органы, егер орындалуы қамтамасыз етілген кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндет толық көлемде орындалса, осындай қамтамасыз ету есебінен өндіріп алады.
Егер тауарларды кедендік транзиттің кедендік рәсіміне сәйкес тасымалу (тасу) кезінде уәкілетті экономикалық оператор немесе кедендік тасымалдаушы осындай тауарлардың декларанты болып әрекет етсе, онда осы Кодекстің 233-бабының 5-тармағында көрсетілген мән-жайлар басталған кезде төленбеген арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын кеден органы кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлардың декларанты болып әрекет ететін тұлғаны уәкілетті экономикалық операторлар тізіліміне не кедендік тасымалдаушылар тізіліміне енгізілген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің кедендік реттеу туралы заңнамасында айқындалатын кеден органы өндіріп алады.
Кеден органдарының арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын осы тармақтың екінші, үшінші және төртінші бөліктеріне сәйкес өндіріп алу және арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының өндіріп алынған сомаларын өзінде арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары төленуге жататын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекетке аудару кезіндегі өзара іс-қимылы - Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексіне № 1 қосымшада көзделген тәртіппен, ал көрсетілген қосымшада реттелмеген бөлігінде Комиссия айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Кеден органдарының осы баптың 3-тармағына сәйкес кедендік баждарды, салықтарды өндіріп алу және кедендік баждардың, салықтардың өндіріп алынған сомаларын өзінде кедендік баждар, салықтар төленуге жататын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекетке аудару кезіндегі өзара іс-қимылы - Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінде көзделген тәртіппен, ал Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінде реттелмеген бөлігінде Комиссия айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
120-бап. Кедендік төлемдер, салықтар арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өтеу тәртібі
Кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өтеу мынадай кезектілікпен жүргізіледі:
1) кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, пайыздар сомасы;
2) өсімпұлдар.
121-бап. Кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы баждар, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешек сомаларын өндіріп алуға үмітсіз деп тану және есептен шығару
1. Кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша өндіріп алынуы мүмкін болмаған берешек сомалары, мынадай негіздердің бірі:
1) ұйымды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тарату;
2) банкрот деп тану;
3) жеке тұлғаның қайтыс болуы немесе соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде оны қайтыс болды деп жариялауы бойынша өндіріп алу үмітсіз деп танылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген берешек сомалары уәкілетті орган айқындаған тәртіппен есептен шығарылуға жатады.
122-бап. Кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті аванстық төлемдер сомасының, кедендік төлемдердің, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, өсімпұлдардың, пайыздардың артық төленген сомаларының есебінен, кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету есебінен өндіріп алу
1. Кеден органы кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өтеу туралы хабарлама төлеушіге табыс етілген күннен кейінгі бес жұмыс күні өткен соң көрсетілген берешекті төлеушінің аванстық төлемдерінің, кедендік төлемдердің, салықтардың тиісті түрлері бойынша кедендік төлемдердің, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, өсімпұлдардың, пайыздардың артық төленген сомалары есебінен не кедендік төлемдерді, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз ету есебінен өндіріп алады.
Бұл ретте кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті кеден органы осы Кодекстің 11-тарауына және 141-бабына сәйкес есепке жатқызуды жүргізу жолымен кедендік төлемнің және (немесе) салықтың өзге түрі бойынша кедендік төлемдердің және (немесе) салықтардың артық төленген сомалары есебінен өндіріп алады.
2. Осы бапқа сәйкес кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешектің өндіріп алынған сомасы туралы кеден органы олар өндіріп алынған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде төлеушіге жазбаша хабарлайды.
2-параграф. Кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешектің өтелуін қамтамасыз ету тәсілдері
123-бап. Жалпы ережелер
1. Кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өтеу мынадай тәсілдермен қамтамасыз етіледі:
1) кедендік төлемдердің, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының мерзімінде төленбеген сомасына өсімпұлды есепке жазу;
2) төлеушінің банктік шоттары бойынша (корреспонденттiк шоттарды қоспағанда) шығыс операцияларын тоқтата тұру;
3) төлеушінің кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру;
4) төлеушінің мүлікке билік етуін шектеу.
2. Заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті оған кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өтеу туралы хабарлама табыс етілген күннен кейін отыз жұмыс күні ішінде өтемеген жағдайда, кеден органы осы құрылымдық бөлімшені құрған заңды тұлғаға осы баптың 1-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешектің өтелуін қамтамасыз ету тәсілдерін қолданады.
Заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесіне осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тәртіппен кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өтеу тәсілдері қолданылғаннан кейін оның кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешегі өтелмеген жағдайда, заңды тұлғада біреуден көп құрылымдық бөлімше болған кезде, кеден органы осындай заңды тұлғаның барлық құрылымдық бөлімшелеріне бір мезгілде осы баптың 1-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешектің өтелуін қамтамасыз ету тәсілдерін қолданады.
Заңды тұлға кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өтеу туралы хабарлама өзіне табыс етілгеннен кейін отыз жұмыс күні ішінде кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті өтемеген жағдайда, кеден органы төлеушілерге - заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелеріне осы баптың 1-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген, бюджетке берешектің өтелуін қамтамасыз ету тәсілдерін қолданады.
3. Кедендік төлемдер мен салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешектің өтелуін қамтамасыз ету тәсілдері төлеушіге осы тарауда көзделген мерзiмдерде қолданылады.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешектің өтелуін қамтамасыз ету тәсілдері мынадай:
1) банкрот деп таныған жағдайда - соттың төлеушіні банкрот деп тану туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап;
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) оңалту рәсімі қолданылған жағдайда - оңалту рәсімін қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап;
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) сот берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бекіткен жағдайда - осындай келісімді бекіту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап;
4) екінші деңгейдегі банктер, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары мәжбүрлеп таратылған жағдайда - соттың мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап қолданылмайды.
Бұл ретте осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында айқындалған жағдайларда Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілмеген, берешекті қайта құрылымдау рәсімі қолданылғаннан кейін туындаған кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешектің сомасы бойынша осы тараудың ережелеріне сәйкес кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешектің өтелуін қамтамасыз ету тәсілдері қолданылады.
124-бап. Кедендік төлемдердің, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының мерзiмiнде төленбеген сомасына өсiмпұл
1. Кедендік төлемдердің, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомалары белгіленген мерзiмде төленбеген, сондай-ақ кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары бойынша берешек туындаған жағдайда өсiмпұл төленеді. Осы баптың 2-тармағында белгiленген кедендік төлемдердің, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының белгіленген мерзiмде төленбеген сомасына, сондай-ақ кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары бойынша берешекке есепке жазылатын мөлшер өсiмпұл болып танылады.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Өсiмпұл кедендік төлемдерді, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу мерзімдері аяқталған күннен кейінгі күннен бастап, төлеу күнін қоса алғанда, кедендік төлемдердi, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеудің мерзімі өткен әрбір күні үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінің 1,25 еселенген мөлшерінде есептеледі.
Өсiмпұл кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешектің өтелуін қамтамасыз ету тәсілдерін және кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жауаптылық шараларын қолдануға қарамастан, есепке жазылады және төленедi.
3. Өсiмпұл тексеру нәтижелері туралы хабарлама немесе бұзушылықтарды жою туралы хабарлама немесе кедендік төлемдердің, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, өсімпұлдардың, пайыздардың мерзiмiнде төленбеген сомалары туралы хабарлама шығарылған күннен бастап олар хабарламада көрсетілген талаптарды орындау мерзімі шегінде төленгенге дейін кедендік төлемдердің, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының төленбеген сомасына есепке жазылмайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген хабарламаның талаптарын орындау мерзімі шегінде кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпинге қарсы, өтемақы баждары төленбеген немесе толық төленбеген кезде өсімпұл мұндай хабарлама шығарылған күннен бастап кедендік төлемдерді, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі берешекті өтеу күніне дейін қоса алғанда есепке жазылады.
4. Өсімпұл тексеру нәтижелері туралы хабарламаға, камералдық кедендік тексеру нәтижелері бойынша бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға, кедендік баждардың, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, өсімпұлдардың, пайыздардың белгіленген мерзімде төленбеген сомалары туралы хабарламаға шағым жасалған жағдайда, егер тауарларды кедендік декларациялау кеден органының кейіннен осындай кеден органы не жоғары тұрған кеден органы күшін жойған және кері қайтарып алған алдын ала алынған жеке жазбаша түсіндірмесіне сәйкес жүзеге асырылған жағдайда, кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары бойынша берешек сомасына есепке жазылмайды.
Егер кеден органы өтініш иесі алдын ала жеке жазбаша түсіндірме алу үшін кеден органына анық емес және (немесе) толық емес мәліметтер қамтылған құжаттарды, жалған құжаттарды не анық емес және (немесе) толық емес мәліметтерді ұсынғанын анықтаған жағдайда, осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері қолданылмайды.
Тауарлардың жекелеген түрлерін сыныптау туралы қабылданған шешімдер мен түсіндірмелерге, тауарларды сыныптау туралы алдын ала шешімдерге, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы құрастырылмаған немесе бөлшектелген түрде, оның ішінде жасақталмаған немесе жасалып бітпеген түрде өткізілетін тауарларды сыныптау туралы шешімдерге, тауарлардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімдерге, әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау әдістерін қолдану мәселелері бойынша алдын ала шешімдерге қатысты осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері қолданылмайды.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Өсiмпұл кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары бойынша төлеушіде туындаған берешек сомасына:
1) «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сот берешекті қайта құрылымдау туралы келісімді бекіткен жағдайда, төлеушіге қатысты кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары бойынша берешекті өтеу мерзімі өзгерген кезде;
2) сот банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғау туралы ұйғарым шығарған кезде - осындай ұйғарым шығарылған күннен бастап;
3) сот оңалту туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғау туралы ұйғарым шығарған кезде - осындай ұйғарым шығарылған күннен бастап;
2022.30.12. № 179-VІІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2023 ж. 3 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) берешекті қайта құрылымдау рәсімі қолданылған кезде - осындай рәсімді қолдану туралы сот шешімі шығарылған күннен бастап;
2022.30.12. № 179-VІІ ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды (2023 ж. 3 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
5) сот төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы іс қозғау жөнінде ұйғарым шығарған кезде - осындай ұйғарым шығарылған күннен бастап есепке жазылмайды.