8. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметін жүзеге асыру қағидаларын қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.
35-бап. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының құқықтары мен міндеттері
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының:
1) ерікті зейнетақы жарналарын тартуға;
2) өз қызметі үшін комиссиялық сыйақы алуға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен сотта зейнетақымен қамсыздандыруға байланысты мәселелер бойынша міндетті зейнетақы жарналары салымшысының, өзі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаның, зейнетақы төлемдерін алушының мүдделерін білдіруге;
4) мүлікті жалға беруге;
5) филиалдар мен өкілдіктер ашуға;
6) меншікті активтерді инвестициялау нәтижесінде инвестициялық кіріс алуға;
7) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ішкі құжатында айқындалған тәртіппен биометриялық сәйкестендіру рәсімі немесе өзге де сәйкестендіру құралдары арқылы зейнетақы қызметтерін көрсетуге;
8) зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарттарға, кастодиандық шарттарға сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры:
1) міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын тартуға;
2) «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған, кепілдік берілетін депозит бойынша кепілді өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке жатқызуды және есепке алуды жүзеге асыруға;
3) зейнетақы төлемдерін алушыларға және (немесе) уәкілетті операторға Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға;
4) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен зейнетақы жинақтарын, оның ішінде инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын және төлемдерді жеке есепке алуды жүзеге асыруға;
5) өз атына жеке зейнетақы шоты ашылған жеке тұлғаға осы Кодекстің 55-бабында көзделген ережелерді ескере отырып:
оның ішінде осы Кодекстің 262-бабы 5-тармағының ережелерін ескере отырып, оның сұрау салуы бойынша бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жеке зейнетақы шоты ашылған күннен бастап кез келген сұрау салынатын күнге зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы;
міндетті зейнетақы жарналары есебінен құралған зейнетақы жинақтарының біржолғы зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру үшін қолжетімді сомасы туралы;
міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары есебінен құралған зейнетақы жинақтарының инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беру үшін қолжетімді сомасы туралы ақпаратты ақы алмай беруге міндетті.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының көрсетілген зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты беру тәсілі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ішкі құжаттарында айқындалады;
6) зейнетақы төлемдерін есепке алу, аудару, қайтару, тоқтату мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Мемлекеттік корпорациямен өзара іс-қимылды жүзеге асыруға;
7) біржолғы зейнетақы төлемдерін есепке алу, аудару, төлеу және қайтару мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен уәкілетті оператормен өзара іс-қимылды жүзеге асыруға;
8) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым арасында жасалған келісімде белгіленген тәртіппен депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйыммен өзара іс-қимылды жүзеге асыруға;
9) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде зейнетақы активтері есебінен қалыптасқан бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық портфелінің құрылымы туралы мәліметтерді өзінің интернет-ресурсында жариялауға;
10) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен және көлемде инвестициялық портфельді басқарушылар туралы ақпаратты, оның ішінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарттар жасасқан инвестициялық портфельді басқарушылардың тізбесін ашуға;
11) жыл сайын келесі қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заң ресми жарияланғаннан кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей, алдағы жылға есептелген және қолданыста болатын зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шектерін кемінде екі баспасөз басылымында қазақ және орыс тілдерінде, сондай-ақ өзінің интернет-ресурсында жариялау арқылы бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыруға;
12) міндетті зейнетақы жарналарының салымшыларына, өздері үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаларға (зейнетақы төлемдерін алушыларға) зейнетақы жүйесінің жұмыс істеуі және инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызмет мәселелері бойынша өтеусіз консультациялық қызметтер көрсетуге;
13) міндетті зейнетақы жарналары салымшысының, өзі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаның (зейнетақы төлемдерін алушының) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге;
14) осы Кодекстің нормаларын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болуға;
15) міндетті зейнетақы жарналары салымшысының, өзі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаның (зейнетақы төлемдерін алушының) зейнетақы жинақтарын осы Кодексте және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген тәртіппен сақтандыру ұйымына аударуға;
16) осы Кодексте және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген тәртіппен зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беруге;
17) осы Кодексте және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген тәртіппен зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруынан Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруына аударуды жүзеге асыруға;
18) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт жасасуға;
19) инвестициялық портфельді басқарушымен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт, сондай-ақ инвестициялық портфельді басқарушымен және кастодиан-банкпен кастодиандық шарт жасасуға;
20) өзі үшін ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаның (зейнетақы төлемдерін алушының) ерікті зейнетақы жарналары есебінен құралған зейнетақы жинақтарын осы Кодексте және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген тәртіппен ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына аударуға;
21) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган белгілеген және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қаржылық есептілік пен аудиторлық есепті, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен өзге де есептілік пен өзінің қызметі туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға және өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті. Бұл ретте бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жарналар бойынша кірістерге берілетін кепілдіктер немесе уәделер қамтылған ақпаратты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған өзге де мәліметтерді жариялауға жол берілмейді;
22) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің қарауы үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі туралы жыл сайынғы есепті ұсынуға;
23) міндетті зейнетақы жарналарының барлық салымшыларына, өздері үшін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаларға (зейнетақы төлемдерін алушыларға) тең жағдайларды қамтамасыз етуге;
2-тармақтың 24) және 25) тармақшалары 2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
24) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде сақтандыру жөніндегі дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйыммен зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша деректер алмасуды жүзеге асыруға;
25) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен сақтандыру жөніндегі дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйыммен өзара іс-қимылды жүзеге асыруға;
26) өз қызметінде сертификатталған жабдық мен бағдарламалық қамтылымды пайдалануға;
27) ақпаратты сақтауға арналған резервтік орталығы болуына;
28) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өз қызметінде пайдаланатын ақпараттық, коммуникациялық жүйелер мен технологияларды қоса алғанда, бағдарламалық-техникалық қамтылымға кемінде үш жылда бір рет аудит жүргізуге;
29) өз атына шартты зейнетақы шоты ашылған жеке тұлғаға ақы алмай жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары туралы ақпарат беруге міндетті.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының көрсетілген ақпаратты беру тәсілі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ішкі құжаттарында айқындалады.
3. Міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының, өздері үшін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғалардың (зейнетақы төлемдерін алушылардың) құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының:
1) осы Кодексте көзделген қызмет түрлерін қоспағанда, өзге де кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруына;
2) зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген мақсаттарға пайдалануына;
3) республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 100 еселенген мөлшерінен аспайтын сомада өзінің жұмыскерлеріне берілетін қаржылай көмекті қоспағанда, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының меншікті активтері есебінен өтеусіз негізде қаржылай көмек беруіне;
4) ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарықтарында қаржы құралдарымен мәмілелер жасасу кезінде маржалық немесе өзге де қамтамасыз етуді енгізу жағдайларын қоспағанда, зейнетақы активтерін кепілге беруіне;
5) ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарығында қаржы құралдарымен мәмілелер жасасу кезінде маржалық немесе өзге де қамтамасыз етуді енгізу, сондай-ақ тендерлерге және (немесе) конкурстарға қатысу кезінде қамтамасыз етуді енгізу жағдайларын қоспағанда, меншікті активтерді кепілге беруіне;
6) акциялардан басқа бағалы қағаздарды шығаруына;
7) қарыз қаражатын тартуына;
8) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарын сатып алуды, сондай-ақ қамтамасыз ету аясында бағалы қағаздармен қарыз беру жөніндегі операцияларды жүзеге асыруды қоспағанда, кез келген тәсілдермен қарыздарды беруіне;
9) кез келген түрдегі кепілгерліктер мен кепілдіктерді беруіне;
10) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры еңбек шартын жасамаған не Ұлттық пошта операторымен шарт жасаспаған адамдарды осы баптың 2-тармағының 12) тармақшасында көрсетілген міндеттерді орындау үшін тартуына;
11) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғаларды құруына және олардың қызметіне қатысуына тыйым салынады.
Осы тармақтың талаптары зейнетақы активтері және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының меншікті активтері есебінен жүзеге асырылатын бағалы қағаздармен «репо» операцияларына қолданылмайды.
36-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару тәртібі. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясы
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арасында жасалатын сенімгерлік басқару туралы шарттың негізінде жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбесін әзірлейді, сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясын әзірлейді және бекітеді.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі активтерді инвестициялық басқаруға арналған шартқа және осы Кодекске сәйкес өзіне сеніп тапсырылған зейнетақы активтерін басқаруға қажетті әрекеттер жасауды басқа тұлғаға тапсыра алады. Бұл ретте сенімгерлік басқарушы өзі таңдап алған сенім білдірілген тұлғаның әрекеті үшін оны өзі жасағандай түрде жауап береді.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару бөлігіндегі функциялары:
1) басқару тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау;
2) инвестициялау бағыттары бойынша ұсыныстарды қарау және тұжырымдау;
3) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін айқындау бойынша ұсыныстарды тұжырымдау;
4) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі туралы жыл сайынғы есепті қарау болып табылады.
5. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі ескеріле отырып жасалады.
37-бап. Инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерін басқару, сондай-ақ инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерін сақтау және есепке алу тәртібі
1. Инвестициялық портфельді басқарушының зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен инвестициялық портфельді басқарушының арасында жасалған зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт (бұдан әрі - зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт) негізінде жүзеге асырылады.
2. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры инвестициялық портфельді басқарушымен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт жасасады және зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт жасасқаннан кейін бір жұмыс күні ішінде осы Кодекстің 35-бабы 2-тармағының 10) тармақшасына сәйкес осындай инвестициялық портфельді басқарушы туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында орналастырады.
3. Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарттың үлгілік нысаны қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
Осы баптың 11-тармағында көрсетілген зейнетақы активтері кастодиан-банктегі шоттарға келіп түскен күннен бастап зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт күшіне енеді.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісіне сәйкес есептелген, инвестициялық портфельді басқарушы алған зейнетақы активтерінің номиналдық кірістілігі мен зейнетақы активтері кірістілігінің ең аз мәні арасында теріс айырма пайда болған жағдайда, инвестициялық портфельді басқарушы кейіннен осы соманы өтеу жүргізілетін жылдың алдындағы жылдың соңындағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтары осы инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруында болған міндетті зейнетақы жарналарының салымшыларына, өздері үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаларға аудару үшін осы теріс айырманы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде меншікті капитал есебінен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына өтейді.
5. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруына беруді мынадай шарттар бір мезгілде орындалған кезде:
1) міндетті зейнетақы жарналары салымшысының, өзі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаның бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ішкі құжаттарында белгіленген нысан бойынша және құжаттарды қоса бере отырып, инвестициялық портфельді басқарушыны таңдауы (өзгертуі) туралы жазбаша өтініші болған;
2) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, инвестициялық портфельді басқарушы және кастодиан-банк арасында жасалған зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт, сондай-ақ кастодиандық шарт болған;
3) міндетті зейнетақы жарналары салымшысының, өзі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаның инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруына берілуге жататын зейнетақы жинақтары:
міндетті зейнетақы жарналары салымшысының, өзі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаның инвестициялық портфельді басқарушыны таңдауы (өзгертуі) туралы өтініші келіп түскен күнге осы тұлғаның жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтары сомасының елу пайызынан аспаған кезде жүзеге асырылады.
Инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруына одан кейін беру кезінде зейнетақы жинақтарының көлемі инвестициялық портфельді басқарушының инвестициялық кірісі ескеріле отырып, бұрын берілген зейнетақы жинақтары есепке алынып айқындалады (өтініш беру зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруына берген күннен бастап жылына бір реттен жиілетпей жүргізіледі);
не
сақтандыру ұйымымен жасалған зейнетақы аннуитеті шарты болған жағдайда олардың жеке зейнетақы шоттарындағы міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен құралған зейнетақы жинақтарының мөлшерінен аспаған;
4) инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беруге жататын ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шотында бар зейнетақы жинақтарынан аспаған;
5) міндетті зейнетақы жарналары салымшысының, өзі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаның өтінішінде көрсетілген инвестициялық портфельді басқарушы қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сәйкес келген кезде жүзеге асырылады.
6. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беруді осы баптың 5-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген өтініш келіп түскен күннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде, осы баптың 5-тармағының 3) және 4) тармақшаларында белгіленген шектеулерді ескере отырып, осы өтініште көрсетілген зейнетақы жинақтарының сомасына сәйкес келетін сомада жүзеге асырады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген шарттар орындалмаған және (немесе) толық емес құжаттар топтамасы ұсынылған жағдайларда, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры осы баптың 5-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген өтініш келіп түскен күннен кейін бес жұмыс күні ішінде зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруына беруден бас тартады.
7. Инвестициялық портфельді басқарушы өзінің сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерін басқа тұлғаға сенімгерлік басқаруға беруге құқылы емес.
8. Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт:
1) инвестициялық портфельді басқарушы қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган белгілеген мерзімде қадағалап ден қою шараларын қолданудың негіздерін жоймаған жағдайда;
2) инвестициялық портфельді басқарушы осы Кодекстің 15-бабының 7) тармақшасына сәйкес зейнетақы активтерін басқаруды жүзеге асыру үшін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган белгілеген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда (инвестициялық портфельді басқарушы зейнетақы активтерін басқаруды жүзеге асыру үшін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның талаптарына сәйкес келетін инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімінен шығарылған жағдайда);
3) инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруында зейнетақы активтері мен олар жөніндегі міндеттемелер болмаған жағдайда, оның бастамасы бойынша;
4) инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерін сақтауды және есепке алуды жүзеге асыратын кастодиан-банк лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрған не одан айырылған және кастодиан-банктің лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұрған не ол одан айырылған күннен кейін күнтізбелік он күн ішінде басқа кастодиан-банкпен жаңа кастодиандық шарт жасалмаған жағдайда бұзылады.
9. Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт бұзылған кезде инвестициялық портфельді басқарушы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруына беру жөніндегі рәсімдерді жүзеге асырады.
10. Инвестициялық портфельді басқарушыға осы Кодекске қайшы келмейтін бөлігінде Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасының нормалары қолданылады.
11. Инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері инвестициялық портфельді басқарушы таңдайтын кастодиан-банктегі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының шоттарында сақталады және есепке алынады.
Бір инвестициялық портфельді басқарушыға инвестициялық басқаруға берілген зейнетақы активтерін сақтауды және есепке алуды бір кастодиан-банк жүзеге асыруға тиіс.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, инвестициялық портфельді басқарушы мен кастодиан-банк арасында жасалған кастодиандық шарттың үлгілік нысаны қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
Инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерін сақтау және есепке алу ерекшеліктері Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасында белгіленеді.
12. Инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері есебінен алуға рұқсат етілген қаржылық құралдардың тізбесін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.