252-бап. Ерікті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі
253-бап. Кепілдік берілетін депозит бойынша кепілді өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке жатқызу
254-бап. Аударылған міндетті зейнетақы жарналары, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары туралы мәліметтерді ұсыну
5-БӨЛІМ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ТУРАЛЫ ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ЖАУАПТЫЛЫҚ. ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ. ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
20-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ТУРАЛЫ ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ЖАУАПТЫЛЫҚ
255-бап. Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
256-бап. Төлеушінің әлеуметтік аударымдарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін, агенттің міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын уақтылы ұстап қалмағаны және аудармағаны үшін жауаптылығы
257-бап. Дауларды шешу
21-тарау. ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ
258-бап. Негізгі ережелер
259-бап. Әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар
260-бап. Мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторларының құқықтары мен міндеттері
261-бап. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау
22-тарау. ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
262-бап. Өтпелі ережелер
263-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі
ЖАЛПЫ БӨЛІК
1-БӨЛІМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-тарау. НЕГІЗГІ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар
1. Осы Кодексте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) абилитация - мүгедектігі бар адамдардың бойында тұрмыстық, қоғамдық және кәсіптік қызметке қабілеттілікті қалыптастыруға және дамытуға бағытталған шаралар кешені;
2) адамға (отбасына) көмектің жеке жоспары (бұдан әрі - жеке жоспар) - мансап орталығы атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге жүгінген адаммен және (немесе) оның отбасы мүшелерімен бірлесіп жасаған жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және (немесе) әлеуметтік бейімдеу жөніндегі іс-шаралар жоспары;
3) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету, «бір терезе» қағидаты бойынша өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
4) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер - адамның тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын негіздерді еңсеру үшін адамға (отбасына) жағдай жасауды қамтамасыз ететін және оның қоғам өміріне басқа азаматтармен бірдей қатысу мүмкіндіктерін жасауға бағытталған көрсетілетін қызметтер кешені;
5) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге арналған бағаның шектері - арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген мемлекеттік құнын қамтамасыз етуге арналған тариф тердің ең жоғары және ең төмен деңгейлері;
6) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж адам (отбасы) - осы Кодекстің 133-бабында көзделген, адамның тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, оны өз бетінше еңсере алмайтын негіздер бойынша осындай деп танылған адам (отбасы);
7) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алушы - арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж деп танылған адам (отбасы);
8) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын субъектілер - арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі мемлекеттік және мемлекеттік емес секторларда жұмыспен қамтылған жеке және (немесе) заңды тұлғалар;
9) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары - жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша құрылған және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж адамдарға (отбасыларға) стационар, жартылай стационар, уақытша болу жағдайларында және үйде арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын ұйымдар;
10) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттары - арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынудың сапасына, көлеміне және шарттарына қойылатын ең төмен талаптарды белгілейтін нормативтік құқықтық актілер;
11) арнаулы жүріп-тұру құралдары - мүгедектігі бар адамның жүріп-тұруын қамтамасыз ететін техникалық көмек түрі;
12) ассистент - мансап орталығының әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультантқа және кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне консультациялар, әңгімелесулер өткізуде, сондай-ақ әлеуметтік келісімшарт бойынша міндеттемелердің орындалуына мониторинг жүргізуде жәрдем көрсету жөніндегі функцияларды орындайтын жұмыскері;
13) асыраушы - өзінің асырауындағы отбасының еңбекке қабілетсіз мүшелерін өз кірісі есебінен асырайтын адам;
14) атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жөніндегі уәкілетті орган - республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, қаладағы ауданның мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындауды жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органы;
15) әлеуметтік аударымдар - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды төлеушілер төлейтін ақша;
16) әлеуметтік аударымдар бойынша берешек - осы Кодексте белгіленген мерзімдерде есептелген және төленбеген әлеуметтік аударымдар сомалары, сондай-ақ төленбеген өсімпұл сомалары;
17) әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесі - әлеуметтік аударымдар есептелетін объектінің шамасына пайыздық қатынаспен көрсетілген, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетін міндетті төлемдердің тіркелген мөлшері;
18) тармақшаның бірінші абзацының қолданысы 2025 ж. 1 қаңтарға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде бұл абзац 262-баптың 7-тармағының редакциясында қолданылады
18) әлеуметтік аударымдарды төлеуші (бұдан әрі - төлеуші) - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды есептеуді және төлеуді жүзеге асыратын жұмыс беруші, дара кәсіпкер, оның ішінде шаруа немесе фермер қожалығы, жеке практикамен айналысатын адам, оның ішінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалған, нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғалар үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар төлеуді жүзеге асыратын салық агенттері.
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 319-бабы 2-тармағы 31) тармақшасының тоғызыншы абзацына сәйкес жергілікті атқарушы органдар немесе жеке көмекшілерге материалдық пайда төлеген кезде өзге де заңды тұлғалар әлеуметтік төлемдерді төлеушілер деп танылады;
19) әлеуметтік бейімделудің бұзылуы - жеке адамның әлеуметтік ортамен өзара іс-қимылының бұзылуы;
20) әлеуметтік депривация - адамның (отбасының) негізгі өмірлік қажеттіліктерін өз бетінше қанағаттандыру мүмкіндігін шектеу және (немесе) одан айыру;
21) әлеуметтік еңбек саласындағы бірыңғай ақпараттық жүйе - уәкілетті мемлекеттік органның, халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың, еңбек мобильділігі орталықтарының, мансап орталықтарының, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының қызметін автоматтандыруға және әлеуметтік-еңбек саласында халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету мақсатында ведомствоаралық өзара іс-қимылға арналған ақпараттандыру объектісі;
22) әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультант - мансап орталығының мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға және табысы аз адамның (отбасының) кедейлік шегінде болуға байланысты жағдайдан шығуына жәрдемдесуді жүзеге асыратын жұмыскері;
23) әлеуметтік жұмыскер - арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін және (немесе) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге қажеттілікті бағалау мен айқындауды жүзеге асыратын, белгіленген талаптарға сәйкес келетін қажетті біліктілігі бар жұмыскер;
24) әлеуметтік кәсіптік бағдарлау - кәсіп таңдауда, қызмет түрін ауыстыруда және кәсіптік білімді, дағдыларды, жеке басының мүдделерін және еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып біліктілігін арттыруда практикалық көмек көрсетуге бағытталған өзара байланысты іс-шаралар кешені;
25) әлеуметтік келісімшарт - жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысушы мен еңбек мобильділігі орталығы (мансап орталығы) арасындағы, ал осы Кодексте көзделген жағдайларда жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын ұйымдастыруға тартылған жеке немесе заңды тұлғалармен арадағы, тараптардың құқықтарын және міндеттерін айқындайтын, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету туралы келісім;
26) әлеуметтік тәуекел - еңбекке қабілеттіліктен айырылуға және (немесе) жұмысынан айырылуға, асыраушысынан айырылуға, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға және бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылуға алып келген оқиғаның туындауы, соның нәтижесінде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы не ол қайтыс болған жағдайда, оның асырауында болған отбасы мүшелері осы Кодекске сәйкес әлеуметтік төлемдерді алу құқығына ие болады;
27) әлеуметтік төлемдер - Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры әлеуметтік төлемді алушының пайдасына жүзеге асыратын төлемдер;
28) әлеуметтік төлемді алушы - әлеуметтік тәуекел жағдайы туындағанға дейін өзі үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар жүргізілген және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры оған қатысты әлеуметтік төлемдерді тағайындау туралы шешім шығарған жеке тұлға, ал міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болып табылатын адам қайтыс болған жағдайда - қайтыс болған (сот хабарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған отбасы мүшелері;
29) әртараптандыру - зейнетақы активтерінен айрылу тәуекелін төмендету мақсатында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген талаптарға сәйкес оларды түрлі қаржы құралдарына орналастыру;
30) баспасөз басылымы - тізбесін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын мерзімді баспасөз басылымдары;
31) биометриялық сәйкестендіру - жеке тұлғаның физиологиялық және биологиялық өзгермейтін белгілері негізінде оның жеке басын анықтау рәсімі;
32) бос орын - жұмыс берушідегі бос жұмыс орны (лауазым);
33) біржолғы зейнетақы төлемі - осы Кодексте белгіленген тәртіппен міндетті зейнетақы жарналарының салымшысы (зейнетақы төлемдерін алушы) тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алатын, міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтары сомасы;
34) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры - зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдері жөніндегі қызметті, сондай-ақ осы Кодексте айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асыратын заңды тұлға;
35) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясы - инвестициялау объектілерінің тізбесін, зейнетақы активтеріне қатысты инвестициялық қызметтің мақсаттарын, стратегияларын, қойылатын шарттары мен шектеулерін, зейнетақы активтерін хеджирлеуге және әртараптандыруға қойылатын шарттарды айқындайтын құжат;
36) бірыңғай төлемді төлеуші - «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 776-1-бабына сәйкес айқындалған салық агенті;
37) депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым - акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын және «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің және жарғының негізінде депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым;
38) ең төмен күнкөріс деңгейі - шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;
39) еңбек нарығы - жұмыс күшіне деген сұраныс пен ұсынысты қалыптастыратын сала;
40) еңбек ресурстарын болжаудың ұлттық жүйесі - жұмыс күшіне деген болжамды сұраныс пен ұсынысты айқындауға мүмкіндік беретін, қолданылатын әдістер мен тәсілдер кешені;
41) Еңбек ресурстарын дамыту орталығы - Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша уәкілетті мемлекеттік органның жанынан құрылатын, еңбек нарығын ақпараттық-талдамалық жағынан сүйемелдеуді, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын, жұмыспен қамту қызметтерін әдіснамалық жағынан қолдауды, әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесін дамыту мен қолдап отыруды қамтамасыз ететін заңды тұлға;
42) еңбек мобильділігі орталығы - жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын әзірлеу және іске асыру мақсатында облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы құратын заңды тұлға;
43) еңбекке қабілетті адам (отбасының еңбекке қабілетті мүшесі) - бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды және (немесе) екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін аурулары бар адамдарды қоспағанда, он сегіз жастан бастап осы Кодекстің 207-бабының 1-тармағында көзделген жасқа дейінгі адам немесе отбасы мүшесі;
44) еркін таңдап алынған жұмыспен қамту - Қазақстан Республикасы азаматтарының, қандастардың, Қазақстан Республикасында тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың еңбекке, кәсіп пен қызмет түрін таңдауға деген қабілетін еркін пайдалану арқылы өздері таңдап алған қызметі;
45) ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры - қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы негізінде ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы;
46) ерікті зейнетақы жарналары - ерікті зейнетақы жарналарының салымшылары Қазақстан Республикасының заңнамасында және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта айқындалатын тәртіппен зейнетақы төлемдерін алушының пайдасына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына өз бастамасы бойынша салатын ақша және (немесе) депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударатын кепілдік берілген депозит бойынша кепілді өтемнің талап етілмеген сомасы;
47) ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт - ерікті зейнетақы жарналарына, жинақтарға және зейнетақы төлемдерін алуға байланысты құқықтық қатынастарды белгілеу, өзгерту немесе тоқтату туралы шарт, оның қойылатын шарттарын салымшы (алушы) ұсынылған шартқа тұтастай қосылу жолымен ғана қабылдайды;
48) ерікті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі - бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына төленетін төлемнің ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта айқындалатын мөлшері, оны ерікті зейнетақы жарналарының салымшысы өзі дербес айқындайды және өз қалауы бойынша өзгертуі мүмкін;
49) ерікті зейнетақы жарналарының салымшысы - ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа сәйкес зейнетақы төлемдерін алушының пайдасына ерікті зейнетақы жарналарын өзінің меншікті қаражаты есебінен жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ кепілдік берілген депозит бойынша кепілді өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен жүзеге асыратын жеке тұлға;
50) жалақыны субсидиялау - жұмыс берушінің субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеуге жұмсаған шығындарын толық немесе ішінара өтеу;
51) жалдамалы жұмыскер - жұмыс істелген уақыт не өндірілген тауардың бірлігі үшін не көрсетілген қызметтер үшін тәртіп пен төлемді тапсырыс беруші айқындайтын еңбек шарты бойынша жұмысты орындайтын не азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға;
52) жан басына шаққандағы орташа кіріс - отбасының жиынтық кірісінің айына отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;
53) тармақша 2028 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
53) жасына байланысты зейнетақының ең төмен мөлшері - республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына арнап белгіленген жасына байланысты зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері;
54) жеке зейнетақы шоты - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті зейнетақы жарналары салымшысының, өзі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаның (зейнетақы төлемдерін алушының) міндетті зейнетақы жарналары не міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары не ерікті зейнетақы жарналары, инвестициялық кіріс, өсімпұл және өзге де түсімдер есепке алынатын және зейнетақы төлемдері жүргізілетін жеке атаулы шоты;
55) жеке көмекші - жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды бірге алып жүру және объектілерге барған кезде көмек көрсету бойынша қызметтер көрсететін адам;
56) жеке практикамен айналысатын адам - жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат және кәсіби медиатор;
57) жиынтық кіріс - мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде ескерілетін кіріс түрлерінің сомасы;
58) жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен агенттер меншікті қаражаты есебінен шартты зейнетақы шотына аударған ақша;
59) жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі - агенттің бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төлемінің жұмыскердің кірісіне пайыздық қатынаста көрсетілген, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін қабылданатын мөлшері;
60) жұмыс күші - жұмыспен қамтылған және жұмыссыз халық;
61) жұмыс күшінің құрамына кірмейтін адамдар - жұмыспен қамтылған немесе жұмыссыз болып табылмайтын адамдар;
62) жұмыс орны - жұмыскердің еңбек қызметі процесінде еңбек міндеттерін орындауы кезінде тұрақты немесе уақытша болатын орны;
63) жұмыс іздеуші адам - жұмыспен қамтуға жәрдемдесу үшін мансап орталығына жүгінген жеке тұлға;
64) жұмысқа орналастыру - халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге ықпал етуге арналған ұйымдастырушылық, экономикалық және құқықтық іс-шаралар кешені;
65) жұмысқа орналастырудың жеке жоспары - жұмыссыздың жеке деректері, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша жоспарланатын және іске асырылатын іс-шаралар көрсетілетін құжат;
66) жұмыспен қамтудың жекеше агенттігі - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген, еңбек делдалдығын көрсететін жеке немесе заңды тұлға;
67) жұмыссыз - жұмыс іздеуші және жұмысқа кірісуге дайын жеке тұлға;
68) зейнетақы - мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің және (немесе) жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің және (немесе) еңбек сіңірген жылдары үшін және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдерінің және (немесе) зейнетақы аннуитеті шартына сәйкес сақтандыру ұйымы төлейтін сақтандыру төлемдерінің жиынтығы;
69) зейнетақы активтері - зейнетақы төлемдерін, аударымдарды қамтамасыз етуге және жүзеге асыруға, сондай-ақ осы Кодексте көзделген өзге де мақсаттарға арналған ақша, бағалы қағаздар, өзге де қаржы құралдары;
70) зейнетақы активтерінің инвестициялық кірісі - зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижесінде алынған (алынуға жататын) ақша;
71) зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі - зейнетақы активтерінің құрамына кіретін қаржы құралдарының жиынтығы;
72) зейнетақы аннуитеті шарты - сақтандыру шарты, оған сәйкес бір тарап (сақтанушы) сақтандыру ұйымына зейнетақы жинақтарының сомасын (сатып алу сомасын) беруге міндеттенеді, ал екінші тарап (сақтандыру ұйымы) сақтанушының және (немесе) сақтандырылушының сақтандырылушылардың) пайдасына өмір бойы немесе белгілі бір уақыт кезеңі ішінде сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға міндеттенеді;
73) зейнетақы және жәрдемақы беру жөніндегі уәкілетті ұйым - екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, «Қазпошта» акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;
74) зейнетақы жинақтары - шарттарға, осы Кодекске, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті зейнетақы жарналары салымшысының, өзі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаның (зейнетақы төлемдерін алушының) жеке зейнетақы шотында есепке алынатын, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және ерікті зейнетақы жарналарын, инвестициялық кірісті, өсімпұлды және өзге де түсімдерді қамтитын ақшасы;
75) зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегі - республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын ең төмен зейнетақы мөлшерінен төмен емес ай сайынғы зейнетақымен қамсыздандыруға қажетті, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен әдістемеге сәйкес айқындалған, міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының ең төмен мөлшері;
76) зейнетақымен қамсыздандыру - азаматтарды зейнеткерлік жас басталған кезде зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етуге бағытталған құқықтық, экономикалық және әлеуметтік шаралар және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де жағдайлар жиынтығы;
77) зейнетақы төлемдері:
жасына байланысты зейнетақы төлемі - 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кемінде алты ай еңбек өтілі бар жеке тұлғаларға еңбек өтіліне пропорционалды түрде жүзеге асырылатын ақша төлемдері;
еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемі - әскери қызметшілерге, арнаулы мемлекеттік органдардың және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлеріне, сондай-ақ арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдарға және Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарындағы медициналық лауазымдары 2022 жылғы 1 шілдеден және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қысқартылған, лауазымы қысқартылған кезде еңбек сіңірген жылдары үзіліссіз әскери қызметте, арнаулы мемлекеттік органдардағы және құқық қорғау органдарындағы қызметте, мемлекеттік фельдъегерлік қызметте кемінде он екі жыл және алты ай болған адамдар қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде орналасқан медициналық ұйымдарда жұмысын жалғастырған жағдайда, осындай адамдарға осы Кодекске сәйкес төленетін ақша төлемі;
бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемі - өздері үшін міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және (немесе) ерікті зейнетақы жарналары төленген жеке тұлғаларға төленетін ақша төлемі;
сақтандыру ұйымынан төленетін зейнетақы төлемі - зейнетақы аннуитеті шартына сәйкес жеке тұлғаларға сақтандыру ұйымынан төленетін ақша төлемі;
ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемі - өздері үшін ерікті зейнетақы жарналары төленген жеке тұлғаларға төленетін ақша төлемі;
78) зейнетақы төлемдерін алушы - мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі және (немесе) жасына байланысты зейнетақы төлемдері және (немесе) еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері және (немесе) зейнетақы аннуитеті шартына сәйкес сақтандыру ұйымынан сақтандыру төлемдері тағайындалған жеке тұлға;