Бағалы қағаздардың қайталама нарығында акционерлік қоғамдардың дауыс беретін акцияларының отыз және одан да көп пайызын иемденудің «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртібі Қорға немесе дауыс беретін акцияларының елу пайыздан астамын тікелей немесе жанама түрде Қор иеленетін заңды тұлғаларға қатысты қолданылмайды.
23-бап. Қордың орналастырылатын акцияларын төлеуге мүлікті енгізу арқылы оған мемлекеттік меншікті тоқтату
1. Мемлекеттік меншіктегі мүлік Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша Қордың орналастырылатын акцияларын төлеуге берілуі мүмкін.
2. Мемлекеттік меншіктегі мүлік Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес Қор меншігінде тұрған басқа мүлікке айырбастау арқылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша Қордың меншігіне берілуі мүмкін.
24-бап. Қордың тобына кіретін ұйымдарды басқару
1. Қордың тобында ішкі аудиттің бірыңғай орталықтандырылған қызметтері, сондай-ақ Қорға және акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызын тікелей немесе жанама түрде Қор иеленетін заңды тұлғаларға қатысты қызметті жүзеге асыратын Қордың орталықтандырылған қауіпсіздік қызметі құрылуы мүмкін. Ішкі аудиттің орталықтандырылған қызметін, орталықтандырылған қауіпсіздік қызметін құру туралы шешімді Қор басқармасы қабылдауы мүмкін.
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
2. Барлық дауыс беретін акциялары Қорға меншік және (немесе) сенімгерлік басқару құқығымен тиесілі компанияның жарғысында «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес акционерлердің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне кіретін мәселелер осындай компанияның директорлар кеңесінің құзыретіне жатқызылуы мүмкін, оған мынадай:
1) жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу немесе жарғыны жаңа редакцияда бекіту;
2) ерікті түрде қайта ұйымдастыру немесе тарату;
3) директорлар кеңесінің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның мүшелерін сайлау және олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;
4) директорлар кеңесінің мүшелеріне сыйақылар мөлшерін және оларды төлеу шарттарын айқындау;
5) «алтын акцияны» енгізу және оның күшін жою мәселелері қосылмайды.
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
3. Барлық дауыс беретін акциялары Қорға меншік және (немесе) сенімгерлік басқару құқығымен тиесілі компанияның жарғысында «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес директорлар кеңесінің айрықша құзыретіне кіретін мәселелер көрсетілген компанияның атқарушы органының құзыретіне жатқызылуы мүмкін, оған мынадай:
1) қызметтің басым бағыттарын айқындау;
2) акцияларды орналастыру (сату) туралы, оның ішінде жарияланған акциялар шегінде орналастырылатын (сатылатын) акциялардың саны, оларды орналастыру (сату) тәсілі мен бағасы туралы шешім қабылдау;
3) қоғамның орналастырылған акциялардың немесе басқа да бағалы қағаздардың құнын төлеуі және олардың құнын төлеу бағасы туралы шешім қабылдау;
4) атқарушы органның сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның басшысы мен мүшелерін (атқарушы органның функциясын жеке-дара жүзеге асыратын адамды) сайлау, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;
5) атқарушы органның басшысы мен мүшелерінің (атқарушы органның функциясын жеке-дара жүзеге асыратын адамның) лауазымдық жалақыларының мөлшерін және оларға еңбекақы мен сыйлықақы төлеудің шарттарын айқындау;
6) ішкі аудит қызметінің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның басшысын тағайындау, сондай-ақ оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, ішкі аудит қызметінің жұмыс тәртібін, ішкі аудит қызметінің қызметкерлеріне еңбекақы және сыйлықақы төлеудің мөлшері мен шарттарын айқындау;
7) корпоративтік хатшыны тағайындау, оның өкілеттік мерзімін айқындау, оның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ корпоративтік хатшының лауазымдық жалақысының мөлшерін және оған сыйақы беру шарттарын айқындау мәселелері қосылмайды.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Нәтижесінде құны ұлттық компания активтері құнының жалпы мөлшерінің он пайызынан аз болатын мүлікті ұлттық компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе өзара байланысты мәмілелер жиынтығын дауыс беретін акцияларының елу пайыздан астамы меншік құқығымен Қорға тиесілі ұлттық компанияның жасасуы туралы шешімді ұлттық компания басқармасы қабылдайды.
Нәтижесінде құны ұлттық компания активтері құнының жалпы мөлшерінің бір және одан аз пайызы болатын мүлікті ұлттық компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе өзара байланысты мәмілелер жиынтығын жасасуы туралы мәселе дауыс беретін акцияларының елу пайыздан астамы меншік құқығымен Қорға тиесілі ұлттық компанияның жарғысымен ұлттық компанияның атқарушы органы басшысының құзыретіне жатқызылуы мүмкін.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Осы Заңның 8-бабының 2-тармағында көзделген жағдайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметі мүшелерінің және өзге де мемлекеттік қызметшілердің Қорды басқару жөніндегі кеңестің ұсынымы бойынша сайлануын қоспағанда, Қазақстан Республикасы Үкіметі мүшелерінің және өзге де мемлекеттік қызметшілердің Қор тобына кіретін ұйымдардың директорлар кеңестерінің немесе байқау кеңестерінің құрамдарына кіруіне тыйым салынады.
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 24-1-баппен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
24-1-бап. Қордың және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы тікелей немесе жанама түрде Қорға меншік құқығымен тиесілі ұйымдардың активтерін бәсекелес ортаға беру
1. Қордың және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы тікелей немесе жанама түрде Қорға меншік құқығымен тиесілі ұйымдардың активтерін бәсекелес ортаға беру тәртібін Қордың директорлар кеңесі айқындайды.
2. Бәсекелес ортаға беру ұсынылатын, осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалар активтерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2017.11.07. № 89-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Активтерді бәсекелес ортаға беру екі кезеңдік ашық конкурс, тікелей атаулы сату, электрондық конкурс, аукцион тәсілдерімен, қор биржасында, Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де тәсілдермен жүзеге асырылады және:
2017.11.07. № 89-VI ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) әлеуметтік-экономикалық маңызы бар, оларды иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оларға билік ету Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің жай-күйіне әсер ететін активтер бойынша тәуелсіз консультанттарды тарта отырып жүргізіледі. Мұндай активтерді өткізу тәсілін Қордың директорлар кеңесі Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, тәуелсіз консультанттардың ұсыныстары негізінде айқындайды;
2017.11.07. № 89-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) өзге де активтер бойынша - осы баптың 1-тармағында көзделген, Қордың директорлар кеңесі айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.
4. Аукцион:
бірінші рет - бағаны көтеру әдісімен;
екінші және үшінші рет - бағаны төмендету әдісімен өткізіледі.
Екінші сауда-саттықта активті сату өткізілетін активтің алғашқы бағасының елу пайызы мөлшеріндегі ең төмен баға белгілене отырып, бағаны төмендету әдісі қолданылып аукционда жүзеге асырылады.
Үшінші сауда-саттықта активті сату ең төмен баға белгіленбей, бағаны төмендету әдісі қолданыла отырып аукционда жүзеге асырылады.
Әрбір кейінгі сауда-саттық жиырма жұмыс күні мерзімінде жүзеге асырылады.
5. Аукционды өткізу кезінде өткізілетін активтің бастапқы бағасы өткізілетін активті сатудың алғашқы бағасына тең.
6. Өткізілетін активтің алғашқы бағасын Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес сатушы белгілейді.
Өткізілетін активтің алғашқы бағасы өткізілетін активтің баланстық құнынан төмен болуы мүмкін.
7. Осы баптың 1-тармағында көзделген заңды тұлғалардың аукцион тәсілімен активтерді өткізуі мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында жүзеге асырылады.
8. Осы баптың 1-тармағында көзделген заңды тұлғалардың активтерін өткізілетін активтің баланстық құнынан төмен баға бойынша өткізуге жол беріледі.
9. Үш сауда-саттықтың нәтижелері бойынша өткізілмеген активтер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен таратылуға немесе қайта ұйымдастырылуға жатады.
10. Осы баптың 1-тармағында көзделген заңды тұлғалардың активтерін тікелей атаулы сату тәртібін Қордың директорлар кеңесі айқындайды.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
25-бап. Қордың және оның лауазымды адамдарының жауапкершілігі
Қор, Қордың тобына кіретін өзге де ұйымдар және олардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен және негіздерде жауапты болады.
26-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» 2009 жылғы 13 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2009 ж., № 2-3, 17-құжат; № 24, 133-құжат; 2011 ж., № 5, 43-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2012 жылғы ақпанның 1-і.
№ 550-IV