104-бап. 2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 104-1-баппен толықтырылды; 2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 104-1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
104-1-бап. Кепілді кредиторлардың талаптарын кепілге салынған мүлікті заттай қабылдау арқылы қанағаттандыру
1. Уақытша басқарушы сот борышкерді банкрот деп тану туралы шешім қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде кепілге салынған мүлікке бағалау жүргізуді ұйымдастырады.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Банкроттық басқарушы өзі тағайындалған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде кепілді кредиторға және (немесе) Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес кредиторлар синдикатына қатысушылардың атынан және мүдделерінде әрекет етуді жүзеге асыратын банк-агентке пошта арқылы тапсырыс хатпен осы баптың 4-тармағына сәйкес кепілді кредитор өтеуге жататын соманы көрсете отырып, кепілге салынған мүлікті заттай қабылдау туралы ұсыныспен бірге кепілге салынған мүлікті бағалау нәтижелерін жібереді.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 2-1-тармақпен толықтырылды
2-1. Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес кредиторлар синдикатына қатысушылардың атынан және мүдделерінде әрекет етуді жүзеге асыратын банк-агент кредиторлар синдикатына қатысушыларды кепілге салынған мүлікті заттай қабылдау туралы банкроттықты басқарушының келіп түскен ұсынысы туралы хабардар етуге міндетті.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Кепілді кредитор және (немесе) Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес кредиторлар синдикатына қатысушылардың атынан және мүдделерінде әрекет етуді жүзеге асыратын банк-агент осы баптың 2-тармағында көрсетілген ұсынысты алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей кепілге салынған мүлікті заттай қабылдауға келісімін немесе одан бас тартуын жазбаша түрде білдіруге міндетті.
Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес кредиторлар синдикатына қатысушылардың атынан және мүдделерінде әрекет етуді жүзеге асыратын банк-агенттің келісіміне синдикатталған қарыз туралы шартқа сәйкес қаржыландыру үлесі жиынтығында қаржыландырудың жалпы көлемінің кемінде үштен екісін құрайтын кредиторлар синдикатына қатысушылардың шешімі қоса беріледі.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Кепілді кредитор кепілге салынған мүлікті заттай қабылдауға келіскен жағдайда банкроттық басқарушыға кепілге салынған мүлікті заттай қабылдау туралы жазбаша хабарлама жіберілген күннен бастап бір айдан кешіктірмей оны қабылдағанға дейін кепілге салынған мүлікті бағалауға және күтіп-ұстауға байланысты әкімшілік шығыстарды, сондай-ақ кредиторлар талаптары тізілімінің бірінші кезектегі құрамына енгізілген, еңбекке ақы төлеу бойынша кредиторлар талаптарын өтеу үшін борышкердің өзге мүлкі болмаған жағдайда, көрсетілген талаптарды өтеуге міндетті.
Еңбекке ақы төлеу бойынша кредиторлар талаптары республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген, үш айдан аспайтын кезең үшін жалақының ең төмен мөлшері шегінде, бірақ кепілге салынған мүліктің бағалау құнының он бес пайызынан аспайтын мөлшерде қанағаттандырылады.
Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес кредиторлар синдикатына қатысушылардың атынан және мүдделерінде әрекет етуді жүзеге асыратын банк-агент кепілге салынған мүлікті заттай қабылдауға келісім білдірген жағдайда, кепілге салынған мүлікті бағалауға және күтіп-ұстауға байланысты әкімшілік шығыстарды, сондай-ақ кредиторлар талаптары тізілімінің бірінші кезегінің құрамына енгізілген кредиторлардың еңбекке ақы төлеу жөніндегі талаптарын кредиторлар синдикатына қатысушылар осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мерзімде осындай мүлік заттай қабылданғанға дейін өздерінің синдикатталған қарыз шартына сәйкес кепілмен қамтамасыз етілген талаптарының мөлшеріне пропорционалды түрде өтуге тиіс.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Банкроттықты басқарушы осы баптың 4-тармағында айқындалған әкімшілік шығыстар, сондай-ақ кредиторлар талаптары өтелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде кепілге салынған мүлікті кепілді кредиторға оның талаптарын қанағаттандыру есебіне береді.
Егер кепілге салынған мүлік синдикатталған қарыз шарты бойынша міндеттемелерді қамтамасыз ету нысанасы болып табылса, мұндай мүлік кредиторлар синдикатына қатысушыларға олардың синдикатталған қарыз шартына сәйкес кепілмен қамтамасыз етілген талаптарының мөлшеріне пропорционалды түрде үлестік меншікке беріледі.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Егер осы баптың 4-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген өтелген кредиторлар талаптарын шегергенде кепілге салынған мүліктің бағалау құны:
кепілді кредитор талаптарының мөлшерінен көп болса - кепілді кредитор және (немесе) Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес кредиторлар синдикатына қатысушылардың атынан және мүдделерінде әрекет етуді жүзеге асыратын банк-агент айырманы кепілге салынған мүлік өзіне берілген күннен бастап бір ай ішінде банкроттың мүліктік массасына береді;
кепілді кредитор талаптарының мөлшерінен аз болса - кепілді кредитордың айырма мөлшеріндегі талаптары кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізіледі және төртінші кезек құрамында қанағаттандырылуға жатады.
7. Кепілді кредитордың талаптарын қанағаттандыру:
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) кепілді кредитор және (немесе) Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес кредиторлар синдикатына қатысушылардың атынан және мүдделерінде әрекет етуді жүзеге асыратын банк-агент кепілге салынған мүлікті заттай қабылдаудан бас тартқан;
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) кепілді кредитор және (немесе) Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес кредиторлар синдикатына қатысушылардың атынан және мүдделерінде әрекет етуді жүзеге асыратын банк-агент уақытша басқарушының ұсынысына осы баптың 3-тармағында белгіленген мерзімде жауап ұсынбаған;
3) осы баптың 4-тармағында айқындалған әкімшілік шығыстар мен кредиторлар талаптары толық көлемде өтелмеген жағдайларда, осы Заңның 103-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Кепілді кредитор және (немесе) Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы заңнамасына сәйкес кредиторлар синдикатына қатысушылардың атынан және мүдделерінде әрекет етуді жүзеге асыратын банк-агент банкроттықты басқарушыға банкроттың кепілге салынған мүлкіне құқық белгілейтін құжаттарды осы баптың 7-тармағында көзделген жағдайлар басталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде беруге міндетті.
9. Осы бапта белгіленген тәртіп талаптары банкроттық рәсімін жүргізу кезеңінде банкроттықты басқарушының қарыз алуы нәтижесінде туындаған кредиторларға қолданылмайды.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 105-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
105-бап. Үшінші кезектегі кредиторлар талаптарының сомасы және оларды қанағаттандыру тәртібі
Үшінші кезек құрамына енгізілетін талаптар сомасын айқындау кезінде банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізу қозғалған күнге түзілген салықтық берешек, сондай-ақ кедендік төлемдер, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, пайыздар бойынша берешек ескеріледі.
Үшінші кезектегі кредиторлар талаптарын өтеу үшін мүлік жеткіліксіз болған жағдайда, мұндай мүлік өздерінің арасында тізілімге енгізілген талаптарының сомасына пропорционал бөлінеді.
106-бап. Төртінші кезектегі кредиторлар талаптарының сомасы және оларды қанағаттандыру тәртібі
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Төртінші кезектегі талаптардың құрамына енгізілетін талаптар сомасын айқындау кезінде азаматтық-құқықтық және өзге де міндеттемелер бойынша кредиторлар талаптары, сондай-ақ:
1) осы Заңның 104-1-бабы 6-тармағының үшінші абзацында көзделген жағдайда;
2) бірінші кезек құрамына кірмеген авторлық шарттардан туындаған кредиторлар талаптары ескеріледі.
2. Мүлік жеткіліксіз болған кезде ол төртінші кезектегі кредиторлардың арасында олардың қанағаттандырылуға жататын талаптарының сомасына пропорционалды түрде бөлінеді.
107-бап. Бесінші кезектегі кредиторлар талаптарының сомасы және оларды қанағаттандыру тәртібі
Мүлік жеткіліксіз болған кезде кредиторлардың залалдардың орнын толтыру және тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсiмпұлдарды) өндiрiп алу бойынша талаптары, сондай-ақ кредиторлардың осы Заңның 102-бабының 5 және 6-тармақтарында көрсетілген талаптары олардың тізілімге енгізілген талаптарының сомасына пропорционалды түрде қанағаттандырылуға жатады.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 107-1-баппен толықтырылды
107-1-бап. Алтыншы кезектегі кредиторлар талаптарының сомасы және оларды қанағаттандыру тәртібі
Мүлік жеткіліксіз болған кезде осы Заңның 100-бабының 7-тармағында көрсетілген кредиторлар талаптары олардың тізілімге енгізілген талаптарының сомасына пропорционал қанағаттандыруға жатады.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 108-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
108-бап. Кредиторлар талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлік
1. Кредиторлар талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған ақшаны банкроттықты басқарушы Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе банкроттың құрылтай құжаттарына сәйкес дара кәсіпкерге, банкрот - заңды тұлға мүлкінің меншік иесіне (ол уәкілеттік берген органға), құрылтайшыларына (қатысушыларына) береді.
2. Кредиторлар талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған, сатуға ұсынылған, бірақ өткізілмей қалған, сондай-ақ талаптарды қанағаттандыру есебіне кредитор немесе әкімшілік шығыстардың орнын толтыру есебіне әкімші қабылдамаған банкроттың заттай мүлкі, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, дара кәсіпкерге, банкрот - заңды тұлға мүлкінің меншік иесіне (ол уәкілеттік берген органға), құрылтайшыларына (қатысушыларына) беріледі.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 109-баптың тақырыбы жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
109-бап. Банкротты борыштардан босату және оның міндеттемелерін үшінші тұлғалардың орындауы
1. Кредиторлармен есеп айырысу аяқталғаннан кейін банкрот атқаруға қойылған және заңды тұлғаны банкрот деп тану кезiнде ескерiлген мiндеттемелер мен өзге де талаптарды орындаудан босатылады.
Кредиторлармен есеп айырысу аяқталғаннан кейін банкрот деп танылған дара кәсіпкер банкрот деп жарияланған тұлға өміріне немесе денсаулығына зиян келтіргені үшін олардың алдында жауаптылықта болатын азаматтардың талаптарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жеке сипаттағы өзге де талаптарды қоспағанда, кәсіпкерлік қызметке байланысты қалған міндеттемелерді орындаудан босатылады.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Банкроттың кредиторлар алдындағы банкроттық рәсімінің нәтижелері бойынша орындалмай қалған міндеттемелері өзіне қатысты соттың осындай кредиторлар талаптарының сомасын осы Заңның 96-бабының 3-тармағына сәйкес айқындалатын мөлшерде субсидиарлық тәртіппен өндіріп алу туралы шешімі заңды күшіне енген тұлғаның орындауына жатады.
2015.13.11. № 399-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 110-бап жаңа редакцияда
110-бап. Банкроттықты басқарушының қорытынды есебі
1. Кредиторлар талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн банкроттықты басқарушы сотқа тарату балансын және кредиторлар талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн қалған мүлiкті пайдалану туралы есептi қоса бере отырып, өз қызметi туралы кредиторлар жиналысымен келісілген қорытынды есептi ұсынады.
Банкроттың кәсіпорны сатылған жағдайда, тарату балансы қоса берілмейді.
2. Өтініші бойынша банкроттық туралы іс қозғалған салықтар және кедендік төлемдер бойынша кредитор не мемлекеттік орган немесе мемлекет қатысатын заңды тұлға сотта банкроттықты басқарушының қорытынды есебі қаралған кезде, егер банкроттық рәсімін жүргізу барысында жиынтығында мынадай мән-жайлар:
1) борышкер мүлкінің жоқ екені;
2) борышкердің жарамсыз деп тануға жатқан мәмілелерінің жоқ екені;
3) өзіне қатысты соттың субсидиарлық жауаптылыққа тарту туралы шешімі заңды күшіне енген борышкер құрылтайшысының (қатысушысының), лауазымды адамының Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасына сәйкес өндіріп алуды қолдануға мүмкін болатын мүлкінің жоқ екені не аталған тұлғаларды субсидиарлық жауаптылыққа тарту туралы талап қоюмен сотқа жүгіну үшін негіздердің жоқ екені анықталса, уақытша және банкроттықты басқарушыларға негізгі сыйақыны төлеу, сондай-ақ кредиторлар комитетінің шешімі бойынша өзге де әкімшілік шығыстардың орнын толтыру туралы өтінішхатты мәлімдеуге міндетті.
3. Сот ұсынылған күнінен бастап он жұмыс күнінен кешiктірілмейтiн мерзiмде банкроттықты басқарушының қорытынды есебiн, егер осы баптың 1-тармағының екінші бөлігінде өзгеше белгіленбесе, тарату балансын бекiтедi және банкроттық рәсімін аяқтау туралы ұйғарым шығарады.
Банкроттық рәсімін аяқтау туралы ұйғарымда банкроттың өткізілмей қалған мүлкiмен байланысты мәселелер шешiлуге тиiс. Сот ұйғарымның көшiрмесiн заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын органға, уәкiлеттi органға, мемлекеттiк статистика саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық органына, сондай-ақ талаптары қанағаттандырылмаған банкрот кредиторларына жiбередi. Осы бөліктің күші банкроттың кәсіпорнын сату жағдайларына қолданылмайды.
Соттың банкорттық рәсімін аяқтау туралы ұйғарымында осы баптың 2-тармағында көзделген өтінішхатта көрсетілген сомаларды төлеу туралы нұсқау да қамтылуға тиіс.
Уақытша және банкроттықты басқарушыларға негізгі сыйақыны төлеу тәртібін, сондай-ақ өзге де әкімшілік шығыстардың орнын толтыру тәртібі мен мөлшерін уәкілетті орган айқындайды.
4. Егер жүргізілген борышкердің банкроттық рәсімінің нәтижелері бойынша үшінші тұлғалардың кепілдігімен, кепілгерлігімен немесе мүлік кепілімен қамтамасыз етілген кредитор талаптары қанағаттандырылмай қалған болса, онда мұндай кредитор соттың банкроттық рәсімін аяқтау туралы заңды күшіне енген ұйғарымы негізінде Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген тәртіппен үшінші тұлғалар - кепілдік берушілерден, кепілгерлерден немесе кепіл берушілерден сомаларды өндіріп алу туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы.
2015.13.11. № 399-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 111-бап жаңа редакцияда
111-бап. Уәкілетті органның интернет-ресурсында борышкерлер тізімін орналастыру
1. Уәкілетті орган өзінің интернет-ресурсында:
1) өздеріне қатысты соттың банкрот деп тану, оңалту рәсімін қолдану, банкроттық рәсімін қозғамай тарату туралы шешімі заңды күшіне енген борышкерлер тізімін;
2) өздеріне қатысты соттың оңалту рәсімін тоқтату туралы ұйғарымы заңды күшіне енген дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар тізімін орналастырады.
Борышкерді банкрот деп тану, оңалту рәсімін қолдану не банкроттық рәсімін қозғамай тарату туралы шешімнің күші жойылған, бітімгершілік келісім жасалған немесе кәсіпорын сатылған жағдайларда, борышкер тізімнен алып тасталады.
Тізімде борышкердің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) не атауы, борышкердің экономикалық қызмет түрі, деректемелері, басшы мен құрылтайшылардың (қатысушылардың) тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), соттың борышкерді банкрот деп тану, оңалту рәсімін қолдану не банкроттық рәсімін қозғамай тарату туралы шешімінің, соттың банкроттық рәсімін аяқтау, оңалту рәсімін тоқтату не банкроттық рәсімін қозғамай таратуды аяқтау туралы ұйғарымының күні, сондай-ақ әкімшінің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), электрондық мекенжайы және байланыс телефоны көрсетіледі.
2. Осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген борышкерлер тізімі өздеріне қатысты соттың оңалту рәсімін немесе банкроттық рәсімін қолдану не банкроттық рәсімін қозғамай тарату туралы шешімі өткен тоқсанда заңды күшіне енген борышкерлерді енгізу, сондай-ақ өздеріне қатысты соттың қорытынды есепті бекіту не оңалту рәсімін тоқтату туралы ұйғарымы заңды күшіне енген борышкерлерді алып тастау жолымен өткен тоқсаннан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірілмей тоқсан сайын жаңартылады.
Осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген тізім соттың өздеріне қатысты оңалту рәсімін тоқтату туралы ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап екі жыл өткен дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды одан алып тастау жолымен жаңартылады.
112-бап. Банкротты таратуды аяқтау
2015.13.11. № 399-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ жаңа редакцияда
1. Осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, банкротты тарату аяқталды, ал банкрот жұмыс iстеуiн тоқтатты деп заңды тұлғалардың мемлекеттiк тiркелiмдерiне бұл туралы жазба енгiзiлгеннен кейін немесе жеке тұлға дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен алынғаннан кейін есептеледі.
Банкротты таратудың аяқталуы банкроттықты басқарушының өкілеттігін тоқтатады.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеудi жүзеге асыратын органдар банкротты заңды тұлғалардың тiркелiмiнен алып тастау туралы бұйрықтарды сотқа және уәкiлеттi органға, сондай-ақ банкроттың орналасқан жерi бойынша мемлекеттік кіріс органына жiбередi.
3. 2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2015.13.11. № 399-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Банкроттың кәсіпорнын сату борышкерді банкрот деп тану және шешім шығарған соттың банкроттық рәсімді қозғай отырып оны тарату туралы сот шешімінің күшін жоюға негіз болып табылады.
Шешімнің күші жойылғаннан кейін заңды тұлға немесе дара кәсіпкер өз қызметін жүзеге асыруды жалғастырады.
2015.13.11. № 399-V ҚР Заңымен Заң 6-1-тараумен толықтырылды
6-1-тарау. Бітімгершілік келісім
112-1-бап. Бітімгершілік келісімді жасасу шарттары
1. Банкроттық рәсімін жүргізудің кез келген сатысында борышкер мен кредиторлар бітімгершілік келісімді жасасуға құқылы.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Кредиторлар тарапынан бітімгершілік келісімді жасасу туралы шешім кредиторлар жиналысында қабылданады.
Банкрот тарапынан бітімгершілік келісім жасасу туралы шешімді дара кәсіпкер, банкрот - заңды тұлға мүлкінің меншік иесі (ол уәкілеттік берген орган), құрылтайшысы (қатысушысы) және банкроттықты басқарушы қабылдайды.
Бітімгершілік келісімде көзделген құқықтар мен міндеттерді өзіне алатын үшінші тұлғалардың бітімгершілік келісімге қатысуына жол беріледі.
3. Бітімгершілік келісімді сот бекітеді.
Бітімгершілік келісімді бекіткен кезде сот бітімгершілік келісімді бекіту туралы ұйғарым шығарады, онда банкроттық рәсімінің тоқтатылатыны және борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімді қолдану туралы шешімнің орындауға жатпайтыны көрсетіледі.
4. Бітімгершілік келісімді бекіту туралы соттың ұйғарымы күшіне енген күннен бастап ол күшіне енеді және бітімгершілік келісімге қатысатын борышкер, кредиторлар және үшінші тұлғалар үшін міндетті болып табылады.
5. Күшіне енген бітімгершілік келісімді орындаудан біржақты бас тартуға жол берілмейді.
112-2-бап. Бітімгершілік келісімнің мазмұны
1. Бітімгершілік келісім:
1) банкрот міндеттемелерін орындауды кейінге қалдыру және (немесе) мерзімін ұзарту;
2) банкроттың талап ету құқықтарын басқаға беру;
3) банкроттың міндеттемелерін үшінші тұлғалардың орындауы;
4) борышты аудару;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектеулерді ескере отырып, кредиторлардың талаптарын банкроттың акцияларына, жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне алмастыру;
6) кредиторлар талаптарын Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де тәсілдермен қанағаттандыру жағдайларында жасалуы мүмкін.
2. Бітімгершілік келісімде банкрот міндеттемелерін орындау мөлшері, тәртібі мен мерзімдері туралы және (немесе) оның міндеттемелерін тоқтату туралы мәліметтер болуға тиіс.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Банкрот тарапынан бітімгершілік келісімге банкрот - дара кәсіпкер, банкрот - заңды тұлға мүлкінің меншік иесі (ол уәкілеттік берген тұлға), құрылтайшысы (қатысушысы) және банкроттықты басқарушы қол қояды. Бітімгершілік келісімге кредиторлар атынан кредиторлар жиналысының төрағасы қол қояды.
4. Егер бітімгершілік келісімге үшінші тұлғалар қатысқан жағдайда олардың тарапынан бітімгершілік келісімге осы тұлғалар немесе олардың уәкілетті өкілдері қол қояды.
5. Бітімгершілік келісім борышкердің кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындау тәртібі мен мерзімдері туралы ережелерді қамтуға тиіс.
6. Бітімгершілік келісім жасасуға қарсы дауыс берген немесе дауыс беруге қатыспаған кредиторлар үшін бітімгершілік келісімнің шарттары оны жасауды жақтап дауыс берген кредиторларға арналған шарттарға қарағанда нашар болмауға тиіс.
112-3-бап. Мемлекеттік орган тарапынан бітімгершілік келісім жасасу шарттары
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Бітімгершілік келісім жасасу кезінде мемлекеттік орган кредиторлардың бірі болып әрекет еткен жағдайда, бітімгершілік келісім мұндай мемлекеттік орган алдында берешекті өтеуді бөліп төлеу шарттарымен бітімгершілік келісім бекітілген күннен бастап үш жылдан аспайтын мерзімге жасалуы мүмкін.
Осы баптың бірінші бөлігіндегі талаптар сақталған жағдайда салықтық берешек банкроттың және (немесе) үшінші тұлғаның мүлкін кепілге қою арқылы және (немесе) банк кепілдігімен өтеледі.
2019.27.12. № 290-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Кепілге қойылатын мүлік өтімді, жоғалудан немесе бүлінуден сақтандырылған болуға тиіс және оның нарықтық құны салықтық берешек сомасынан кем болмауға тиіс. Мыналар:
1) тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету объектілері;
2) энергияның электр, жылу және өзге де түрлері;
3) тыйым салынған мүлік;
4) мемлекеттік органдар салған шектеулері бар мүлік;
5) үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салынған мүлік;
6) тез бұзылатын шикізат, тамақ өнімдері кепіл заттары бола алмайды.
112-4-бап. Бітімгершілік келісімді соттың бекітуі
1. Бітімгершілік келісімді бірінші кезектегі кредиторлардың талаптары бойынша берешек өтелгеннен кейін ғана соттың бекітуі мүмкін.
2. Банкроттықты басқарушы бітімгершілік келісім жасасу туралы кредиторлар жиналысы шешім қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде сотқа бітімгершілік келісімді бекіту туралы өтініш беруге міндетті.
3. Бітімгершілік келісімді бекіту туралы өтінішке:
1) осы Заңның 112-2-бабының 3 және 4-тармақтарында көрсетілген тұлғалар қол қойған бітімгершілік келісім;
2) бітімгершілік келісім жасасу туралы шешімді қабылдаған кредиторлар жиналысының хаттамасы;
3) кредиторлардың тұрғылықты жері немесе орналасқан жері, сондай-ақ берешек сомасы көрсетілген кредиторлар тізімі;
4) бірінші кезектегі кредиторлардың талаптары бойынша берешектің өтелуін растайтын құжаттар;
5) бітімгершілік келісімді жасасуға қарсы дауыс берген кредиторлардың жазбаша қарсылықтары қоса беріледі.
4. Бітімгершілік келісім жасасқан және сот отырысының өткізілетін уақыты мен орны жөнінде тиісті түрде хабардар етілген адамдар сот отырысына келмей қалған жағдайда, егер осы адамдардан бітімгершілік келісімді бекіту мәселесін олардың қатысуынсыз қарастыру туралы өтініш түспесе, сот бұл мәселені қарамайды.
5. Бітімгершілік келісімді бекіту туралы соттың ұйғарымына Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасауға (наразылық білдіруге) болады.
6. Бітімгершілік келісімді бекіту туралы сот ұйғарымының күшін жою банкроттық рәсімін қозғау үшін негіз болып табылады.
112-5-бап. Бітімгершілік келісімді бекіту салдарлары
1. Бітімгершілік келісімді бекіту банкроттық рәсімін тоқтату үшін негіз болып табылады.
Борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып оны тарату туралы шешім одан әрі орындауға жатпайды.
2. Банкроттықты басқарушының өкілеттігі бітімгершілік келісімді бекіту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап тоқтатылады.
3. Бітімгершілік келісімді бекіту туралы сот ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап:
1) бітімгершілік келісімнің шарттарына сәйкес борышкер және (немесе) үшінші тұлғалар кредиторлар алдындағы берешекті өтеуге кіріседі;
2) осы Заңның 87-бабына сәйкес борышкерге қолданылған салдарлардың күші тоқтатылады.