Инвестициялық стратегиялық жоба Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тiзбеге кіретiн және Қазақстан Республикасының экономикалық дамуына стратегиялық ықпал етуге қабiлеттi инвестициялық жобаны білдіреді.
285-бап. Инвестициялық преференцияларды алу тәртiбi
1. Инвестициялық преференцияларды алу үшiн Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органға инвестициялық преференциялар беруге өтiнiм және өтiнiм берушiнiң осы Кодексте белгiленген талаптарға сәйкес келетiнiн растайтын құжаттарды инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша жiбередi.
2. Инвестициялық преференциялар инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган мен инвестициялық жобаны iске асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы арасында жасалған инвестициялық келiсiмшарт негiзiнде берiледi.
Инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органның инвестициялық басым жобаны iске асыратын инвесторларға «бiр терезе» қағидаты бойынша инвестициялық преференциялар беру қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
3. Инвестициялық стратегиялық жобалар үшін көзделген корпоративтік табыс салығы жөніндегі инвестициялық преференциялар инвестициялар жөніндегі уәкілетті органмен 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған инвестициялық келісімшартқа қосымша шарт жасау арқылы беріледі.
286-бап. Инвестициялық преференциялар беру шарттары
1. Инвестициялық преференциялар:
1) инвестициялық жоба бойынша - Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына;
2) инвестициялық басым жоба бойынша - Қазақстан Республикасының жаңадан құрылған заңды тұлғасына;
3) инвестициялық стратегиялық жоба бойынша - инвестициялар жөніндегі уәкілетті органмен 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған инвестициялық келісімшартқа сәйкес инвестициялық стратегиялық жобаны іске асыратын заңды тұлғаға берiледi.
2. Инвестициялық басым жоба үшiн инвестициялық преференцияларды қолдану мақсаттары үшiн мынадай шарттарға сәйкес келетiн заңды тұлға:
1) заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу инвестициялық преференциялар беруге өтiнiм берiлген күнге дейiн күнтiзбелiк жиырма төрт айдан аспай жүзеге асырылса;
2) заңды тұлға инвестициялық басым жобаларды iске асыру үшiн айқындалған басым қызмет түрлерiнiң тiзбесiне енгiзiлген қызмет түрлерiн жүзеге асырса;
3) инвестициялық басым жобаны iске асыру бiр инвестициялық келiсiмшарт шеңберiнде ғана жүзеге асырылса, Қазақстан Республикасының жаңадан құрылған заңды тұлғасы болып табылады.
3. Инвестициялық стратегиялық жоба үшін инвестициялық преференцияларды қолдану мақсаттары үшін заңды тұлға мынадай шарттарға сайкес болуға тиіс:
1) заңды тұлға Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен инвестициялық басым жобаларды іске асыру үшін айқындалған басым қызмет түрлерінің тізбесіне енгізілген қызмет түрлерін жүзеге асырады;
2) инвестициялық стратегиялық жобаны іске асыру 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған инвестициялық келісімшарт негізінде жүзеге асырылады.
4. Заңды тұлға Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен басым қызмет түрлерiнiң тiзбесiне енгiзiлген қызмет түрлерi бойынша инвестициялық жобаны iске асырған кезде инвестициялық преференциялар берiледi.
Басым қызмет түрлерiн айқындау техникалық реттеу саласындағы уәкiлеттi орган бекiткен экономикалық қызмет түрлерiнiң жалпы сыныптауышына сәйкес жүзеге асырылады.
Инвестициялық басым жобаларды iске асыру үшiн айқындалған басым қызмет түрлерiнiң тiзбесiне мынадай қызмет түрлерi енгiзiлуге жатпайды:
1) ойын бизнесi саласындағы қызмет;
2) жер қойнауын пайдалану саласындағы қызмет;
3) «Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексiнiң (Салық кодексi) 279-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 6) тармақшасында көзделген акцизделетiн тауарларды шығаруды, жинауды (жинақтауды) қоспағанда, акцизделетiн тауарлар шығару жөнiндегi қызмет.
Инвестициялық басым жобаларды iске асыру үшiн айқындалған басым қызмет түрлерiнiң тiзбесiн қоса алғанда, басым қызмет түрлерiнiң тiзбесi жылына бiр реттен артық қайта қаралмайды.
5. Инвестициялық басым жоба үшiн инвестициялық преференциялар мынадай шарттар сақталған кезде:
1) республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және инвестициялық преференциялар беруге өтiнiм берiлген күні қолданыста болатын айлық есептiк көрсеткiштiң кемінде екi миллион еселенген мөлшерінде инвестицияларды жүзеге асыратын, инвестициялық преференциялар беруге өтiнiм берiлген күні әрекет ететiн Қазақстан Республикасының жаңадан құрылған заңды тұлғасы алушы болып табылса беріледі, оған:
Қазақстан Республикасының салық заңнамасына және Қазақстан Республикасының бiлiм туралы заңнамасына сәйкес дербес бiлiм беру ұйымдары;
Қазақстан Республикасының салық заңнамасына және Қазақстан Республикасының арнайы экономикалық аймақтар туралы заңнамасына сәйкес арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметiн жүзеге асыратын ұйымдары қосылмайды.
2) Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) ретіндегі мемлекеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің үлесі жиырма алты пайыздан аспаса, беріледі.
Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) ретіндегі мемлекеттің және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісінің қатысуы инвестициялық келісімшарт тіркелген күннен бастап бес жылдан аспайтын мерзімді құрайды. Мемлекет және (немесе) квазимемлекеттік сектор субъектісі бес жыл ішінде Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшысы және (немесе) қатысушысы (акционері) құрамынан шығуға міндетті. Бұл шарт орындалмаған жағдайда, инвестициялық преференцияларды қолдану Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшылары және (немесе) қатысушылары (акционерлері) құрамынан ол (олар) толық шыққанға дейін, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге тоқтатыла тұрады.
Тоқтатыла тұрған кезең ішінде Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының құрылтайшылары және (немесе) қатысушылары (акционерлері) құрамынан шығу туралы шартты орындамау инвестициялық келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтатуға және бұрын берілген инвестициялық преференцияларды қайтаруға әкеп соғады;
3) инвестициялық басым жобаны iске асыру үшiн қаржыландыру көздерi не кепiлдiктерi ретiнде бюджет қаражаты тартылмаса;
4) инвестициялық қызмет мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты, оның ішінде концессия шарты шеңберiнен тыс жүзеге асырылса, беріледі.
6. Инвестициялық преференцияларды қолдану мерзiмi осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiнде белгiленедi және инвестициялық келiсiмшартта инвестициялық преференциялардың әрбiр түрi бойынша көрсетiледi.
7. Инвестициялық преференциялар инвесторға осы Кодекстің 292-бабында көзделген, инвестордың қойылатын талаптарға сәйкес келетiнiн растайтын құжаттар ұсынылған кезде берiледi.
8. Инвестициялық преференцияларды қолдану осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актiлерiне сәйкес жүзеге асырылады.
287-бап. Кедендік баждар салудан босату
1. Инвестициялық келiсiмшарт шеңберiнде инвестициялық жобаны iске асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы Кеден одағының заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес технологиялық жабдықтың, оның жинақтауыштары мен қосалқы бөлшектерiнiң, шикiзаттың және (немесе) материалдардың импорты кезiнде кедендiк баждар салудан босатылады.
Технологиялық жабдық деп инвестициялық жобаның технологиялық процесiнде пайдалануға арналған тауарлар түсініледі.
Жинақтауыштар деп жиынтығында технологиялық жабдықтың конструкциялық тұтастығын құрайтын және Кеден одағының Комиссиясы жасаған тауарлардың тиiстi тiзбесiне енгiзiлген құрамдас бөлiктер түсініледі.
Шикізат және (немесе) материал деп кез келген пайдалы қазба, жинақтауыш, бөлшек немесе бұл шикізаттың және (немесе) материалдың Қазақстан Республикасының аумағында өндірісі болмаған жағдайда инвестициялық жобаның технологиялық процесі арқылы дайын өнім алу үшін пайдаланылатын өзге де тауар түсініледі.
2. Технологиялық жабдықтың және оның жинақтауыштарының импорты кезiнде кедендік баждар салудан босату инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмiне, бiрақ инвестициялық келiсiмшарт тiркелген кезден бастап бес жылдан аспайтын мерзiмге берiледi.
3. Технологиялық жабдықтың қосалқы бөлшектерiнiң импорты кезiнде бес жылға дейiнгi мерзiмге кедендiк баж салудан босату тiркелген активтерге салынатын инвестициялардың көлемiне қарай және инвестициялық жоба Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен басым қызмет түрлерiнiң тiзбесiне сәйкес келген жағдайда Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына берiледi.
Шикiзаттың және (немесе) материалдардың импорты кезiнде кедендік баждар салудан босату жұмыс бағдарламасы бойынша тіркелген активтер пайдалану берілген күннен бастап бес жыл мерзімге ұсынылады.
Кедендік баждар салудан босату инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмiне, бiрақ жұмыс бағдарламасы бойынша тiркелген активтер пайдалануға енгiзілген күннен бастап бес жылдан аспайтын мерзiмге берiледi.
Жұмыс бағдарламасы өндiрiс пайдалануға берiлгенге дейiн инвестициялық жобаны iске асыру жөнiндегi жұмыстардың күнтiзбелiк кестесiн, сондай-ақ өндiрiс пайдалануға берiлгеннен кейiн жобаның негiзгi өндiрiстiк көрсеткiштерiн айқындайтын, инвестициялық келiсiмшартқа қосымшаны білдіреді.
Егер жұмыс бағдарламасында екi және одан көп тiркелген активтердi пайдалануға енгiзу көзделетiн жағдайда, технологиялық жабдықтың қосалқы бөлшектерiн, шикiзатты және (немесе) материалдарды әкелуге кеден бажын төлеуден босату мерзiмiн есептеу жұмыс бағдарламасы бойынша бiрiншi тiркелген актив пайдалануға енгiзiлген күннен бастап жүргiзiледi.
Осы баптың 2-тармағына сәйкес қабылданған шешiм туралы хабарламаны инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган бес жұмыс күнi iшiнде кеден органына жiбередi.
288-бап. Мемлекеттiк заттай гранттар
1. Мемлекеттiк заттай гранттар Қазақстан Республикасының меншiгi болып табылатын, Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына инвестициялық жобаны iске асыру үшiн уақытша өтеусiз пайдалануға берiле отырып, не уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен ұсыныла отырып, кейiннен меншiкке не жер пайдалануға өтеусiз берiлетін мүлiкті білдіреді.
2. Мемлекеттiк заттай гранттарды осы Кодексте белгiленген тәртiппен инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi уәкiлеттi органмен және (немесе) жер ресурстарын басқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органмен, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдармен келiсу бойынша, инвестициялық келiсiмшартқа сәйкес инвестициялық мiндеттемелер орындалған жағдайда уақытша өтеусiз пайдалануға не уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен ұсына отырып, кейiннен меншiкке не жер пайдалануға өтеусiз бередi.
Инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органның шешiмi ұсынылған мемлекеттiк заттай грантты меншiкке немесе жер пайдалануға өтеусiз беру үшiн негiз болып табылады, бұл инвестор мен инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган арасында жасалған инвестициялық келiсiмшартқа сәйкес инвестор инвестициялық мiндеттемелерiн орындаған жағдайда инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмi өткеннен кейiн қабылданады.
3. Мемлекеттiк заттай гранттар ретiнде: жер учаскелерi, ғимараттар, құрылыстар, машиналар мен жабдықтар, есептеу техникасы, өлшейтiн және реттейтiн аспаптар мен құрылғылар, көлiк құралдары (жеңiл автокөлiктi қоспағанда), өндiрiстiк және шаруашылық құрал-саймандар берiлуi мүмкiн.
4. Мемлекеттiк заттай гранттарды бағалау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен олардың нарықтық құны бойынша жүзеге асырылады.
5. Мемлекеттiк заттай гранттың ең жоғары мөлшерi Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының тiркелген активтерiне салынатын инвестициялар көлемiнiң отыз пайызынан аспайды.
Егер сұрау салынған мемлекеттiк заттай гранттың бағаланған құны көрсетілген ең жоғары мөлшерден асып түскен жағдайда, Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының сұрау салынған мүлiктi оның бағаланған құны мен мемлекеттiк заттай гранттың ең жоғары мөлшерi арасындағы айырманы төлеп алуға құқығы бар.
289-бап. Қазақстан Республикасының заңнамасы өзгерген кездегі тұрақтылық кепілдігі
1. Инвестициялық басым жобаларды іске асыратын заңды тұлғаларға, сондай-ақ осы Кодекстің 286-бабының 2 және 3-тармақтарында көрсетілген инвестициялық стратегиялық жобаларды іске асыратын заңды тұлғаларға:
1) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес Қазақстан Республикасының салық заңнамасы;
2) Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасы шетелдік жұмыс күшін тарту саласында өзгерген кезде, тұрақтылыққа кепілдік беріледі.
2. Инвестициялық келісімшарттың қолданылуы осы Кодексте белгіленген тәртіппен мерзімнен бұрын тоқтатылған жағдайда, Қазақстан Республикасы заңнамасының тұрақтылығына кепілдіктің қолданылуы күшін жояды.
290-бап. Салықтар бойынша преференциялар
1. Салықтар бойынша преференциялар инвестициялық басым жобаларды қоса алғанда, инвестициялық жобаларды, сондай-ақ инвестициялық стратегиялық жобаларды іске асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарда беріледі.
2. Салықтар бойынша преференциялардың түрлері:
1) инвестициялық басым жобалар үшін:
есептелген корпоративтік табыс салығының сомасын 100 пайызға азайту;
жер салығы мөлшерлемелеріне 0 коэффициентін қолдану;
мүлік салығын салық базасына 0 пайыз мөлшерлемесі бойынша есептеу;
290-баптың 2-тармағының 2) тармақшасы 2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
2) инвестициялық басым жобаларды және инвестициялық стратегиялық жобаларды қоспағанда, инвестициялық жобалар үшін - инвестициялық келісімшарт шеңберінде шикізаттың және (немесе) материалдың импортын қосылған құн салығынан босату;
3) инвестициялық стратегиялық жобалар үшін:
инвестициялық стратегиялық жоба шеңберінде жүзеге асырылатын қызметтен есептелген корпоративтік табыс салығының сомасын 100 пайызға азайту;
жер салығы мөлшерлемелеріне 0 коэффициентін қолдану;
мүлік салығын салық базасына 0 пайыз мөлшерлемесі бойынша есептеу.
3. Инвестициялық келісімшартта салықтар бойынша преференциялардың әрбір түрінің қолданылу мерзімі белгіленеді, бірақ «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес айқындалған оларды қолданудың шекті мерзімінен аспайды.
4. Инвестициялық келісімшарттың қолданылуы осы Кодексте белгіленген тәртіппен мерзімнен бұрын тоқтатылған жағдайда, салықтар бойынша преференциялардың қолданылуы күшін жояды.
291-бап. Инвестициялық субсидия
1. Инвестициялық басым жобаны іске асыруға инвестициялық келісімшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасына өтеусіз және қайтарылмайтын негізде инвестициялық преференция ретінде берілетін бюджеттік субсидия түрі инвестициялық субсидия болып табылады.
2. Өңірлік дамуға жәрдемдесу мақсатында инвестициялық субсидия инвестициялық басым жобаны іске асыратын инвесторға Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде беріледі.
3. Инвестициялық субсидия растайтын құжаттар негізінде қосылған құн салығы мен акциздер есепке алынбай, құрылыс-монтаж жұмыстарына және жабдық сатып алуға арналған, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік сараптаманың қорытындысы бар жобалау алдындағы құжаттамада көзделген шығындардың құнынан аспайтын, іс жүзіндегі шығындардың орнын отыз пайызға дейін өтеу арқылы беріледі.
4. Инвестордың іс жүзіндегі шығындарын растайтын құжаттар:
1) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес ресімделген бастапқы есепке алу құжаттары;
2) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес ресімделген шот-фактуралар;
3) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес ресімделген кедендік декларациялар болып табылады.
5. Инвестициялық субсидияны төлеу кестесі мен жылдық көлемі инвестициялық субсидияны инвестициялардың көлемі мен инвестициялық басым жобаның рентабельділігіне қарай кезеңге, бірақ өндіріс пайдалануға берілгеннен кейін және инвестициялық келісімшарттың қолданылуы тоқтатылғанға дейін кемінде үш жылға тең үлестермен бөлу арқылы инвестициялық келісімшарт шеңберінде белгіленеді.
6. Инвестициялық субсидияны төлеу инвестор инвестициялық міндеттемелерді орындаған кезде, өндіріс инвестициялық келісімшартта белгіленген толық көлемде пайдалануға берілгеннен кейін жүзеге асырылады.
7. Инвестициялық субсидия беру қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
292-бап. Инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiмге қойылатын талаптар
1. Инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiм:
1) заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;
2) заңды тұлға басшысының қолтаңбасымен және мөрімен (ол болған кезде) куәландырылған заңды тұлға жарғысының көшірмесі;
3) инвестициялық жобаның инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган белгiлейтiн талаптарға сәйкес жасалған бизнес-жоспары;
4) инвестициялық жобаны iске асыру кезiнде пайдаланылатын құрылыс-монтаж жұмыстарының сметалық құнын және тiркелген активтердi, шикiзатты және (немесе) материалдарды сатып алуға шығындарды негiздейтiн, тiзбесi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленетiн құжаттардың заңды тұлға басшысының қолтаңбасымен және мөрімен (ол болған кезде) куәландырылған көшiрмелерi;
5) өтiнiм берген Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы сұрау салған мемлекеттiк заттай гранттың мөлшерiн (құнын) және оны беру алдын ала келiсiлгенiн растайтын құжаттар;
292-баптың 1-тармақтың 6) тармақшасы 2017 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
6) салық берешегiнiң, мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналары және әлеуметтiк аударымдар бойынша берешегiнiң жоқ екендiгi туралы тiркеу орны бойынша мемлекеттік кіріс органының анықтамалары болған кезде инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган белгілеген нысан бойынша қабылданады және тiркеледi.
2. Егер инвестициялық преференциялар беруге арналған өтінімде инвестициялық субсидия беру көзделген жағдайда, инвестициялық басым жобаны іске асыру кезеңі ішінде инвестор жобалауалды және (немесе) жобалау құжаттамасының заңды тұлға басшысының қолтаңбасымен, мөрімен (ол болған кезде) куәландырылған сараптамалық қорытындыны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен береді.
293-бап. Инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiмдi қарау мерзiмдерi
1. Инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiм инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органға қарауға берiледi, ол осы Кодекстің 285 және 286-баптарында белгiленген талаптарға сәйкес инвестициялық преференциялар беру туралы шешiм қабылдайды және өтiнiм тiркелген кезден бастап жиырма жұмыс күнi iшiнде өтiнiм берушiге жазбаша нысанда жауап жiбередi.
2. Инвестициялық преференцияларды беруге арналған өтiнiмдi қабылдау, тiркеу және қарау тәртiбiн инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган айқындайды.
294-бап. Инвестициялық келiсiмшарт жасасу
1. Инвестицияларды жүзеге асыруды және инвестициялық преференциялар беруді көздейтiн инвестициялық жобаны іске асыруға арналған шарт инвестициялық келiсiмшарт болып табылады.
2. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган инвестициялық преференциялар беру туралы шешiм қабылданған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде үлгілiк келiсiмшарттың ережелерiн ескере отырып, инвестициялық келiсiмшартты қол қоюға дайындайды.
Үлгілiк келiсiмшарт деп Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн және инвестициялық келiсiмшарттар жасасқан кезде пайдаланылатын үлгiлік келiсiмшарт түсініледі.
3. Инвестициялық келiсiмшартты инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган қол қойған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде тiркейдi және тiркелген күнінен бастап күшiне енедi.
Инвестициялық келісімшартты инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган тіркеген күн оның жасалған күні болып табылады.
4. Инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмi инвестициялық преференциялардың қолданылу мерзiмiмен айқындалады. Жұмыс бағдарламасы бойынша жұмыстарды аяқтау мерзiмi инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмi аяқталуынан кемiнде тоғыз ай бұрын аяқталуға тиiс.
295-бап. Инвестициялық келiсiмшартты бұзу жағдайлары
1. Инвестициялық преференциялардың қолданылуы инвестициялық келiсiмшарттың қолданылу мерзiмi өткен соң тоқтатылады не осы бапта белгiленген тәртiппен осындай мерзiм өткенге дейiн тоқтатылуы мүмкiн.
2. Инвестициялық келiсiмшарттың қолданылуы:
1) тараптардың келiсуi бойынша;
2) бiржақты тәртiппен мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
3. Инвестор инвестициялық келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындамаған не тиісінше орындамаған кезде инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган инвесторға инвестициялық келісімшартқа өзгерістер енгізу үшін инвестициялық жобаның одан әрі іске асырылу мүмкіндіктерін негіздейтін құжаттарды ұсыну қажеттігі туралы хат жібереді.
Егер хатты алған кезден бастап үш ай ішінде инвестор құжаттарды ұсынбаған жағдайда, инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган инвесторға хабарлама жіберілген кезден бастап екі ай өткен соң инвестициялық келісімшарттың қолданылуы біржақты тәртіппен мерзімінен бұрын тоқтатылатыны туралы хабарлама жібереді.
Инвестициялық келісімшарт бұзылған жағдайда, аталған заңды тұлға инвестициялық келісімшарт бойынша берілген инвестициялық преференциялардың нәтижесінде бюджетке төленбеген салықтар мен кедендік баждар сомаларын төлейді.
4. Инвестициялық келiсiмшарт жасасқан Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының бастамасы бойынша инвестициялық келiсiмшарт бiржақты тәртiппен мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде аталған заңды тұлға инвестициялық келiсiмшарт бойынша берiлген инвестициялық преференциялар нәтижесінде төленбеген салықтар мен кедендік баждар сомаларын төлейдi.
5. Инвестициялық келiсiмшарт тараптардың келiсуi бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде инвестициялық келiсiмшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы инвестициялық келiсiмшарт бойынша берiлген инвестициялық преференциялар нәтижесінде төленбеген салықтар мен кедендік баждар сомаларын төлейдi.
6. Инвестициялық келiсiмшарт мерзiмiнен бұрын тоқтатылған кезде инвестициялық келiсiмшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы өзiне мемлекеттiк заттай грант ретiнде берiлген мүлiктi заттай не инвестициялық келiсiмшарттың талаптарына сәйкес оның берiлген күнгi бастапқы құнын қайтарады.
7. Мемлекеттiк заттай грантты қайтаруды инвестициялық келiсiмшарт жасасқан Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi органның инвестициялық келiсiмшартты мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы шешiмі қабылданғаннан кейiн күнтiзбелiк отыз күн iшiнде жүзеге асырады.
296-бап. Инвестициялық дауларды шешу
1. Инвестордың инвестициялық қызметiне байланысты инвесторлар, оның ішінде ірі инвесторлар мен мемлекеттiк органдар арасындағы шарттық мiндеттемелерден туындайтын дау инвестициялық дау болып табылады.
2. Инвестициялық даулар келiссөздер арқылы не дауларды шешудiң тараптармен бұрын келiсілген рәсiмiне сәйкес шешіледі.
2016.08.04. № 489-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Инвестициялық дауларды осы баптың 2-тармағының ережелерiне сәйкес шешу мүмкiн болмаған кезде дауларды шешу Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен заңнамалық актiлерiне сәйкес Қазақстан Республикасының соттарында, сондай-ақ тараптардың келiсiмімен айқындалатын төрелiктерде жүргiзiледi.
4. Инвестициялық дауларға жатпайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шешiледi.
26-тарау. ҮШІНШІ ЕЛДЕРГЕ ҚАТЫСТЫ АРНАЙЫ ҚОРҒАУ, ДЕМПИНГКЕ ҚАРСЫ ЖӘНЕ ӨТЕМАҚЫ ШАРАЛАРЫ
297-бап. Ішкі нарықты қорғау шараларын енгізу туралы жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында үшінші елдерден шығарылатын және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарларға қатысты ішкі нарықты қорғау шаралары арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары түрінде енгізілуі мүмкін.
Үшінші елдер деп Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың қатысушылары болып табылмайтын елдер және (немесе) елдер бірлестіктері, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия бекітетін әлем елдерінің сыныптауышына енгізілген аумақтар түсініледі.
2. Арнайы қорғау, демпингке қарсы немесе өтемақы шараларын енгізу және қолдану, қайта қарау немесе олардың күшін жою не тиісті шараны қолданбау туралы шешімдерді Еуразиялық экономикалық комиссия қабылдайды.
Арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану, арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану алдындағы тергеп-тексеруді жүргізу «Үшінші елдерге қатысты арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шаралары туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.
298-бап. Шаралардың түрлері
1. Импорттық квотаны, арнайы квотаны немесе арнайы бажды, оның ішінде алдын ала арнайы бажды енгізу арқылы Еуразиялық экономикалық комиссияның шешімі бойынша қолданылатын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына тауардың өскен импортын шектеу жөніндегі шара арнайы қорғау шарасы болып табылады.