166-бап. Заңды тұлғалардың үлестес тұлғалары
1. Осы бөлімнің мақсаттары үшін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғалардың үлестес тұлғалары деп акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғаларға акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу пайызынан астамы тiкелей не жанама түрде тиесiлi болатын заңды тұлғалар түсініледі.
2. Жанама тиесілілік өзге заңды тұлға акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу пайызынан астамы әрбір келесі үлестес тұлғаға тиесілі болатынын білдіреді.
15-тарау. МОНОПОЛИСТІК ҚЫЗМЕТ
167-бап. Монополистік қызмет ұғымы және оның түрлері
1. Жағдайы тиісті тауар нарығын бақылауға, оның ішінде тиісті тауар нарығындағы тауар айналысының жалпы жағдайына елеулі ықпал етуге мүмкіндік беретін нарық субъектілерінің қызметі монополистік қызмет болып табылады.
2. Осы Кодексте шектелген монополистік қызметке:
1) нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісімдері;
2) нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісілген әрекеттері;
3) үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану жатады.
168-бап. Бәсекелестікке қарсы келісімдер мен келісілген әрекеттердің түрлері
1. Бәсекелестер (бір тауар нарығында тауарлар сатуды не сатып алуды жүзеге асыратын нарық субъектілері) болып табылатын нарық субъектілері арасындағы бәсекелестікке қарсы келісімдер немесе келісілген әрекеттер деңгейлес болып табылады.
Тиісті тауар нарығында нарық субъектiлерiнің тауарына ұқсас не оның тауарымен өзара алмастырылатын тауарды өндіруіне және (немесе) өткiзуіне байланысты тиісті нарықтың басқа субъектiлерiмен жарыспалылық жағдайында болатын нарық субъектiсi бәсекелес болып табылады.
Бәсекелестiң тауарына ұқсас не оның тауарымен өзара алмастырылатын тауарды өндіру және (немесе) өткiзу мүмкiндiгi бар (жабдыққа, технологияларға ие), бiрақ тиiстi тауар нарығында оны өндірмейтін және өткiзбейтiн нарық субъектiсi әлеуеттi бәсекелес болып табылады.
2. Бірі тауарды сатып алатын, ал екіншісі тауарды ұсынатын немесе оның әлеуетті сатушысы (өнім берушісі) болып табылатын бәсекелес емес нарық субъектілері арасындағы бәсекелестікке қарсы келісімдер сатылас болып табылады.
169-бап. Бәсекелестікке қарсы келісімдер
1. Егер нарық субъектілері арасындағы деңгейлес келісімдер:
1) бағаларды (тарифтердi), жеңiлдетулерді, үстеме ақыларды (қосымша ақыларды) және (немесе) үстеме бағаларды белгiлеуге немесе ұстап тұруға;
2) сауда-саттықта бағаларды өсіруге, төмендетуге немесе ұстап тұруға, сауда-саттықтың, аукциондар мен конкурстардың қорытындыларын, оның ішінде лоттар бойынша бөлу жолымен бұрмалауға;
3) тауар нарығын аумақтық қағидат, тауарларды сату немесе сатып алу көлемi, өткiзiлетiн тауарлар ассортиментi не сатушылардың немесе сатып алушылардың (тапсырыс берушiлердiң) құрамы бойынша бөлуге;
4) тауар өндiрiсiн қысқартуға немесе тоқтатуға;
5) белгiлi бiр сатушылармен не сатып алушылармен (тапсырыс берушiлермен) шарт жасасудан бас тартуға әкеп соғатын немесе әкеп соғуы мүмкiн болса, мұндай келісімдер картель деп танылады және оларға тыйым салынады.
Осы тармақтың бірінші бөлігі 2) тармақшасының ережелері тұлғалардың бір тобына кіретін нарық субъектілері арасындағы келісімге де қолданылады.
2. Нарық субъектiлерi арасындағы сатылас келiсiмдерге, егер:
1) сатып алушы (тапсырыс беруші) үшiн сатушы тауарды қайта сатудың ең жоғары бағасын белгiлейтiн жағдайды қоспағанда, мұндай келiсiмдер тауарды қайта сату бағасын белгiлеуге әкеп соғатын немесе әкеп соғуы мүмкiн болса;
2) мұндай келiсiмде сатушының бәсекелесi болып табылатын нарық субъектiсiнiң тауарын сатып алушының (тапсырыс берушінің) сатпау мiндеттемесi көзделсе, тыйым салынады. Мұндай тыйым салу сатып алушының тауарларды тауар белгісімен не сатушыны немесе өндірушіні өзеге дараландыру құралымен сатуын ұйымдастыру туралы келісімге қолданылмайды;
3) мұндай келісімде сатып алушының (тапсырыс берушінің) бәсекелесі болып табылатын нарық субъектісіне сатушының тауар сатпау міндеттемесі көзделсе, тыйым салынады.
3. Нарық субъектiлерiнiң арасындағы кез келген нысанда қол жеткiзiлген, бәсекелестiктi шектеуге әкеп соғатын немесе әкеп соғуы мүмкiн, оның iшiнде:
1) нарықтың басқа субъектiлерiмен мәні бiрдей шарттарға кемсітушілік шарттар белгiлеуге немесе қолдауға, оның iшiнде тауарларды сатып алудың және (немесе) өткiзудiң келiсiлген шарттарын белгiлеуіне;
2) нарық субъектілерінің сол бір тауарға түрлі бағаларды (тарифтерді) экономикалық, технологиялық және өзге де түрде негізсіз белгілеуге;
3) сауда-саттықты, аукциондар мен конкурстарды өткiзудiң белгiленген тәртiбiн, оның iшiнде лоттар бойынша бөлу жолымен бұзу нәтижесiнде олардың қорытындыларын бұрмалауға;
4) тауарларды өткiзудi негiзсiз шектеуге немесе тоқтатуға;
5) нарықтың басқа субъектiлерiнiң белгiлi бiр тауарларды сатушылар (берушiлер) немесе олардың сатып алушылары ретiнде тауар нарығына кiруiн шектеуге немесе одан ығыстырып шығаруға;
6) контрагенттердiң өзiнiң мазмұны бойынша немесе iскерлiк айналым дәстүрiне сәйкес осы шарттардың нысанасына қатысы жоқ қосымша мiндеттемелер (қаржылай қаражатты және өзге де мүлiктi, мүлiктiк немесе мүлiктiк емес құқықтарды берудi негiзсiз талап ету) қабылдауы кезiнде шарттар жасасуға қатысты бәсекелестiкке қарсы келiсiмдерге тыйым салынады және олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен толығымен немесе iшiнара жарамсыз деп танылады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде белгiленген тыйымдар мемлекеттік-жекешелік әріпестік шарттары, оның ішінде концессия, кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) шарттары болып табылатын сатылас келiсiмдерге не егер нарық субъектiлерiнiң тауар нарығындағы жиынтық үлесi жиырма пайыздан аспаса, қолданылмайды.
4. Бәсекелестікке қарсы келісім деп нарық субъектілерінің бәсекелестікті шектеуге әкеп соғатын немесе әкеп соғуы мүмкін, оның ішінде жазбаша және (немесе) ауызша нысанда қол жеткізілген уағдаластықтары түсініледі.
5. Нарық субъектілерінің әрекеттерін осындай нарық субъектілерінің ешқайсысымен де бір тұлғалар тобына кірмейтін және нарық субъектілерінің әрекеттерін келісу жүзеге асырылатын сол тауар нарығында (тауар нарықтарында) қызметін жүзеге асырмайтын үшінші тұлғамен келісу экономикалық қызметті үйлестіру деп танылады. Нарық субъектiлерiнiң экономикалық қызметiн осы баптың 1 - 3-тармақтарында тізбеленген салдарларға әкеп соқтыра алатындай, әкеп соқтыратын немесе әкеп соқтырған үйлестiруге тыйым салынады.
6. Бәсекелестікке қарсы келісімдерге салынған тыйымдар, егер мұндай нарық субъектілерінің бірі басқа нарық субъектісіне қатысты бақылау орнатса, сондай-ақ мұндай нарық субъектілері бір тұлғаның бақылауында болса, тұлғалардың бір тобына кіретін нарық субъектілері арасындағы келісімге қолданылмайды.
Бақылау деп жеке немесе заңды тұлғаның мынадай бір немесе бірнеше әрекет:
1) заңды тұлғаның дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің, пайлардың) елу пайызынан астамына билік ету;
2) заңды тұлғаның атқарушы органының функцияларын жүзеге асыру арқылы басқа заңды тұлға қабылдайтын шешімдерді тікелей немесе жанама түрде (заңды тұлға немесе бірнеше заңды тұлға арқылы) айқындау мүмкіндігі түсініледі.
7. Осы баптың талаптары зияткерлiк қызметтiң нәтижелерiне айрықша құқықтарды жүзеге асыру туралы келiсiмдерге және соларға теңестiрiлген заңды тұлғаны дараландыру құралдарына, өнiмдi, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтердi дараландыру құралдарына қолданылмайды.
8. Осы баптың 1-тармағында көрсетілгендерді қоспағанда, осы бапта көзделген келiсiмдерге, егер олар нарық субъектiлерiне осы келiсiмдердiң мақсаттарына қол жеткiзу үшiн қажет болып табылмайтын шектеулер қоймаса және тиiстi тауар нарығында бәсекелестiктi жою үшiн мүмкiндiк жасамаса және егер нарық субъектiлерi мұндай келiсiмдер өз нәтижесiнде:
1) тауарлар өндiрудi (өткiзудi) жетiлдiруге немесе техникалық (экономикалық) прогресті ынталандыруға жәрдемдесетін немесе жәрдемдесе алатынын не әлемдiк тауар нарығында тараптар өндіретін тауарлардың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыратын немесе арттыра алатынын;
2) тиiстi тұлғалардың осындай әрекеттер жасауынан иеленетiн артықшылықтардың (пайдалардың) мөлшерлес бөлiгiн тұтынушылардың алатынын немесе алуы мүмкiн екенін дәлелдесе, жол берiлетін болып танылады.
170-бап. Нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісілген әрекеттері
1. Тауарлар өндіруді, өткізуді жүзеге асыратын нарық субъектілерінің бәсекелестікті шектеуге бағытталған, оның ішінде:
1) тауарларды сатып алу немесе өткізу бағаларын не басқа да жағдайларын белгілеуге және (немесе) ұстап тұруға;
2) тауарларды өндіруді не өткізуді негізсіз шектеуге;
3) белгілі бір сатушылармен (өнім берушілермен) не сатып алушылармен шарттар жасасудан негізсіз бас тартуға;
4) басқа субъектілермен мәні бірдей шарттарға кемсітушілік шарттар қолдануға қатысты келісілген әрекеттеріне тыйым салынады.
2. Нарық субъектілерінің осы баптың 1-тармағында көрсетілген әрекеттері, егер жиынтығында олар мынадай:
1) мұндай әрекеттердің нәтижесі нарық субъектілерінің әрқайсысының мүддесіне сай келген;
2) нарық субъектілерінің әрекеттері олардың әрқайсысына алдын ала белгілі болған;
3) аталған нарық субъектілерінің әрқайсысының әрекеттері келісілген әрекеттерге қатысатын өзге де нарық субъектілерінің әрекеттерінен туындаған және осы нарық субъектілеріне тең дәрежеде ықпал ететін мән-жайлардың салдары болып табылмаған;
4) оларға қатысатын нарық субъектілерінің жиынтық үлесі тиісті тауар нарығында отыз бес және одан көп пайызды құраған шарттарды қанағаттандырса, келісілген әрекеттер деп танылуы мүмкін.
3. Нарық субъектілерінің осы баптың 1-тармағында көрсетілген әрекеттері жазбаша келісімнің бар-жоғына қарамастан, келісілген әрекеттер деп танылады.
4. Егер келісілген әрекеттерді бір тұлғалар тобына кіретін нарық субъектілері жасаса және олар:
1) озық технологияларды ендіру жолымен өндірісті жетілдіруге;
2) шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға;
3) стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарды әзірлеуге және қолдануға бағытталса, ондай әрекеттерге жол беріледі.
171-бап. Нарық субъектілері келісімдерінің жобасын алдын ала қарау
1. Осы Кодекске сәйкес жол берілетін деп танылуы мүмкін келісімге қол жеткізу ниеті бар нарық субъектілері монополияға қарсы органға қажетті құжаттарды электрондық нысанда қоса отырып, келісім жобасының осы Кодекстің талаптарына сәйкестігін тексеру туралы өтініш жасауға құқылы.
2. Монополияға қарсы орган күнтізбелік отыз күнге дейінгі мерзімде нарық субъектісінің келісімі жобасының осы Кодекстің талаптарына сәйкестігі немесе сәйкессіздігі туралы шешім қабылдайды.
172-бап. Үстем немесе монополиялық жағдай
1. Тиісті тауар нарығындағы нарық субъектісінің немесе бірнеше нарық субъектілерінің нарық субъектісіне немесе бірнеше нарық субъектілеріне тиісті тауар нарығын бақылауға, оның ішінде тауар айналысының жалпы жағдайына елеулі ықпал етуге мүмкіндік беретін жағдайы үстем немесе монополиялық жағдай деп танылады.
2. Нарық субъектiсiнiң үстем жағдайы монополияға қарсы орган бекiтетiн Тауар нарығындағы бәсекелестiктiң жай-күйiне талдау және бағалау жүргізу жөніндегі әдiстемеге сәйкес белгіленеді.
3. Тиісті тауар нарығындағы үлесі отыз бес және одан көп пайызды құрайтын нарық субъектісінің жағдайы, егер осындай нарық субъектісіне қатысты жиынтығында мынадай мән-жайлар:
1) нарық субъектiсінiң бiржақты тәртiппен тауар бағасының деңгейiн айқындау және тиiстi тауар нарығында тауар айналысының жалпы шарттарына шешушi ықпал ету мүмкiндiгi;
2) тауар нарығына кiру үшiн экономикалық, технологиялық, әкiмшiлiк немесе өзге де шектеулердiң болуы;
3) нарық субъектiсiнiң тауар нарығында тауар айналысының жалпы шарттарына шешушi ықпал ету мүмкiндiгінің әрекет ету ұзақтығы белгіленсе, үстем жағдай деп танылады.
Егер нарық субъектісінің үлесі елу және одан көп пайыз болса, осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында тізбеленген мән-жайлар ескерілмей нарық субъектілерінің жағдайы үстем жағдай деп танылады.
4. Тиісті тауар нарығында неғұрлым көп үлес тиесілі, үшеуден аспайтын нарық субъектісінің жиынтық үлесі елу және одан көп пайызды құрайтын болса немесе тиісті тауар нарығында неғұрлым көп үлес тиесілі, төртеуден аспайтын нарық субъектісінің жиынтық үлесі жетпіс және одан көп пайызды құрайтын болса, егер нарық субъектісіне қатысты жиынтығында мынадай мән-жайлар:
1) ұзақ кезең ішінде (кемінде бір жыл ішінде немесе егер мұндай мерзім бір жылдан аз болса, тиісті тауар нарығының әрекет ету мерзімі ішінде) нарық субъектілері үлестерінің салыстырмалы мөлшері өзгермеген немесе аз өзгерістерге ұшырағаны;
2) нарық субъектілері өткізетін немесе сатып алатын тауар тұтыну кезінде (оның ішінде өндірістік мақсаттарда тұтыну кезінде) басқа тауармен алмастырыла алмайтыны;
3) тиісті тауар нарығында осы тауардың бағасы және (немесе) оны өткізу шарттары туралы ақпаратқа белгілі емес тұлғалардың тобына қолжетімді болғаны белгіленсе, бірнеше нарық субъектісінің әрқайсысының жағдайы үстем жағдай деп танылады.
5. Егер:
1) тиісті қаржы қызметтерін көрсету нарығында неғұрлым көп үлес тиесілі болатын, екеуден аспайтын қаржы ұйымының жиынтық үлесі елу және одан көп пайызды құраса;
2) тиісті қаржы қызметтерін көрсету нарығында неғұрлым көп үлес тиесілі болатын, үшеуден аспайтын қаржы ұйымының жиынтық үлесі жетпіс және одан көп пайызды құраса, қаржы ұйымдарының жағдайы үстем жағдай деп танылады.
6. Тиісті тауар нарығындағы, оның ішінде қаржы қызметтерін көрсету нарығындағы үлесі он бес пайыздан аспайтын нарық субъектісінің жағдайы осы баптың 4 және 5-тармақтарына сәйкес үстем жағдай деп таныла алмайды.
7. Табиғи монополия, мемлекеттік монополия субъектілерінің, сондай-ақ тиісті тауар нарығында жүз пайыз үстем үлеске ие нарық субъектілерінің (монополиялық жағдайға ие субъектілер) жағдайы монополиялық жағдай деп танылады.
173-бап 2017 ж. 1 қаңтарға дейін қолданылады
173-бап. Реттелетін нарықтарда үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің мемлекеттік тізілімін қалыптастыру және жүргізу
1. Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы заңнамасында айқындалған, реттелетін нарықтарда үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің тізбесі реттелетін нарықтарда үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің мемлекеттік тізілімі болып табылады.
2. Реттелетін нарықтарда үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің мемлекеттік тізілімін бекіту және оған өзгерістер енгізу монополияға қарсы органның шешімімен жүзеге асырылады.
3. Реттелетін нарықтарда үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің мемлекеттік тізілімі монополияға қарсы орган айқындайтын нысан бойынша бекітіледі.
4. Монополияға қарсы орган нарық субъектілерін реттелетін нарықтарда үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізу (алып тастау) туралы шешім қабылдаған жағдайда, осы нарықта үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісіне және реттеуші органдарға монополияға қарсы орган нарық субъектілерін тізілімге енгізу (алып тастау) туралы шешім қабылдаған кезден бастап он жұмыс күні ішінде тізілімнен үзінді көшірме жіберіледі.
5. Тұлғалар тобы реттелетін нарықтарда үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің мемлекеттік тізіліміне бірыңғай нарық субъектісі ретінде енгізіледі және бұл ретте тиісті тауар нарығында қызметті жүзеге асыратын тұлғалар тобына кіретін барлық жеке және (немесе) заңды тұлғалар көрсетіледі.
6. Нарық субъектілерін реттелетін нарықтарда үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізу және одан алып тастау монополияға қарсы орган бекіткен қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
174-бап. Үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану
Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектiлерiнiң тиiстi тауар нарығына кiрудi шектеуге, бәсекелестiктi болғызбауға, шектеуге және жоюға әкеп соққан немесе әкеп соғатын және (немесе) өзге де тұлғалардың заңды құқықтарына қысым жасайтын әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне), оның iшiнде:
1) монополиялық жоғары (төмен) немесе монопсониялық төмен бағаларды белгiлеу, ұстап тұру;
2) нарық субъектiлерiмен немесе тұтынушылармен жасалған мәні бiрдей келiсiмдерге объективті түрде ақтамайтын себептермен әртүрлi бағаларды не әртүрлi шарттарды қолдану;
3) өзiнен сатып алынған тауарларды қайта сатуға аумақтық белгiсi, сатып алушылар тобы, сатып алу шарттары бойынша, сондай-ақ саны, бағасы бойынша шектеулер белгiлеу;
4) нарық субъектiсiне немесе тұтынушыға өз мазмұны бойынша немесе iскерлiк айналым дәстүрiне сәйкес осы келiсiмдердiң нысанасына қатысы жоқ қосымша мiндеттемелер қабылдату арқылы келiсiм жасасуға шарт қою не оны күштеп таңу;
5) тиiстi тауарды өндiру немесе өткiзу мүмкiндiгi болған кезде жекелеген сатып алушылармен шарт жасасудан немесе тауарды өткізуден негiзсiз бас тарту не осындай шарт жасасуға күнтізбелік отыз күннен асатын мерзiмде жауап ұсынбаудан көрінетін жалтару;
6) бәсекелестер өндiрген не өткiзетiн тауарларды сатып алу кезiнде шектеулер қабылдау арқылы тауарларды беруге шарт қою;
7) өндiру немесе өнім беру мүмкiндiгi болған кезде тұтынушылардың сұраныстары немесе тапсырыстары бар тауарларды өндiру және (немесе) беру көлемiн негiзсiз қысқарту немесе өндiруді және (немесе) өнім беруді тоқтату;
8) егер тауардың бағасын көтеру тауарды алып қоюдың нәтижесi болып табылса, тауарды айналыстан алып қою;
9) контрагентке шарт нысанасына жатпайтын, экономикалық немесе технологиялық тұрғыдан негiзсіз шарт талаптарын күштеп таңу;
10) нарықтың басқа субъектiлерiне тауар нарығына кiруге немесе тауар нарығынан шығуға кедергiлер жасау;
11) сол бір тауарға әртүрлі бағаларды (тарифтерді) экономикалық, технологиялық тұрғыдан немесе өзге де түрде негізсіз белгілеу, кемсітушілік шарттар жасау сияқты әрекеттерiне тыйым салынады.
175-бап. Тауардың монополиялық жоғары және монополиялық төмен бағасы
1. Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі белгілеген баға, егер:
1) осы баға нақ сол тауар нарығында бәсекелестік жағдайында үстем жағдайға ие нарық субъектісімен бір тұлғалар тобына кірмейтін нарық субъектісі белгілейтін ең жоғары бағадан асып кетсе немесе салыстырмалы тауар нарығында бәсекелестік жағдайында қалыптасқан бағадан асып кетсе;
2) осы баға осындай тауарды өндіру және өткізу үшін қажет шығыстар мен пайда сомасынан асып кетсе, тауардың монополиялық жоғары бағасы болып табылады.
2. Тұтынушының тауарды сатып алуға экономикалық, аумақтық және технологиялық тұрғыдан мүмкіндіктері негізге алына отырып айқындалатын, тауардың немесе өзара алмастырылатын тауарлардың айналым аясы тауар нарығы болып табылады. Осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағаларды мемлекеттік реттеу енгізілген тауар нарықтары реттелетін нарықтар деп танылады.
3. Салыстырмалы тауар нарығы деп тауарды сатып алу немесе сату мақсаттары негізге алына отырып айқындалатын сатылатын тауар көлемі, тауарды сатып алушылар немесе сатушылар (берушілер) құрамы және тауар нарығына кіру шарттары бойынша салыстырылатын басқа тауар нарығы түсініледі.
Нақ сол тауар нарығында бағаны салыстыру мүмкін болмаған жағдайда, салыстырмалы тауар нарығындағы, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі салыстырмалы тауар нарығындағы тауар бағасымен салыстыру жүргізіледі.
Егер салыстырмалы тауар нарығында бәсекелестік жағдайында қалыптасқан бағаны не салыстырмалы тауар нарығын айқындау, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде айқындау мүмкін болмаған жағдайда, нарық субъектісінің шығыстарына және пайдасына талдау жүргізіліп, тауардың негізделген бағасы айқындалады.
4. Нарық субъектісіне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленген тауар бағасы монополиялық жоғары баға деп танылмайды.
5. Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі белгілеген баға, егер:
1) осы баға нақ сол тауар нарығында үстем жағдайға ие нарық субъектісімен бір тұлғалар тобына кірмейтін нарық субъектісі белгілейтін бағадан төмен болса;
2) осы баға осындай тауарды өндіру мен өткізудің нақты шығыстары сомасынан төмен болса, тауардың монополиялық төмен бағасы болып табылады.
6. Егер тауардың бағасы осы баптың 5-тармағында көрсетілген өлшемшарттардың ең болмағанда біреуіне сәйкес келмесе, ол монополиялық төмен баға деп танылмайды. Нарық субъектісіне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленген тауар бағасы монополиялық төмен баға деп танылмайды.
176-бап. Монопсониялық жағдай және монопсониялық төмен баға
1. Сатып алушы ретінде үстем немесе монополиялық жағдайға ие, тиісті тауар нарығындағы үлесі жетпіс және одан көп пайызды құрайтын нарық субъектісінің жағдайы монопсониялық жағдай деп танылады.
2. Монопсониялық жағдайға ие нарық субъектісінің тауарды сатып алатын тауар бағасы, егер:
1) осы баға монопсониялық жағдайға ие нарық субъектісіне тауар өткізетін нарық субъектілері есебінен өндіру және (немесе) өткізу шығындарын төмендету жолымен оған қосымша кіріс алуға мүмкіндік берсе;
2) осы баға тауар өткізетін нарық субъектісіне осындай тауарды өндіру мен өткізуіне қажетті шығыстар мен пайда сомасынан төмен болса, монопсониялық төмен баға болып табылады.
3. Егер тауардың бағасы осы баптың 2-тармағында көрсетілген өлшемшарттардың ең болмағанда біреуіне сәйкес келмесе, ол монопсониялық төмен баға болып танылмайды.
16-тарау. ЖОСЫҚСЫЗ БӘСЕКЕЛЕСТІК
177-бап. Жосықсыз бәсекелестік ұғымы
1. Құқыққа сыйымсыз артықшылықтарға қол жеткізуге немесе оларды беруге бағытталған бәсекелестіктегі кез келген әрекеттер жосықсыз бәсекелестік болып табылады. Жосықсыз бәсекелестікке тыйым салынады.
2. Жосықсыз бәсекелестікке мынадай әрекеттер жатады:
1) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ авторлық құқық объектілерін дараландыру құралдарын құқыққа сыйымсыз пайдалану;
2) басқа өндірушінің тауарын құқыққа сыйымсыз пайдалану;
3) бұйымның сыртқы түрін көшіріп алу;
4) нарық субъектісінің беделін түсіру;
5) көрінеу жалған, жосықсыз және анық емес жарнама;
6) мәжбүрлі ассортиментпен тауар өткізу (сатып алу);
7) бәсекелестің сатушысына (өнім берушісіне) бойкот жасауға шақыру;
8) сатып алушыны (өнім берушіні) кемсітуге шақыру;
9) нарық субъектісін бәсекелеспен шартты бұзуға шақыру;
10) сатушының (өнім берушінің) қызметкерін сатып алушылық;
11) сатып алушының қызметкерін сатып алушылық;
12) коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты құқыққа сыйымсыз пайдалану;
13) тұтынушыға тауардың сипатына, өндірілу тәсілі мен орнына, тұтынушылық қасиеттеріне, сапасы мен санына және (немесе) оны өндірушілерге қатысты анық емес ақпарат ұсына отырып, тауарды өткізу;
14) нарық субъектiсiнiң өзi өндiретiн және (немесе) өткiзетiн тауарларын нарықтың басқа субъектiлерi өндiретiн және (немесе) өткiзетiн тауарлармен орынсыз салыстыруы.
178-бап. Тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ авторлық құқық объектілерін дараландыру құралдарын құқыққа сыйымсыз пайдалану
Бөгде тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, фирмалық атауын, тауар шығарылған жердің атауын немесе біртекті тауарлар үшін олармен ұқсас белгілерді заңсыз пайдалану немесе құқық иеленушінің немесе осыған уәкілеттік берілген тұлғаның рұқсатынсыз әдеби, көркем шығармалардың, мерзімді басылымдардың атауларын пайдалану немесе буманы тұтынушыны тауардың сипатына, өндірілу тәсілі мен орнына, тұтынушылық қасиеттеріне, сапасы мен санына қатысты немесе оны өндірушілерге қатысты жаңылыстыруға ұшыратуы мүмкін болатындай етіп пайдалану тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді дараландыру құралдарын, сондай-ақ авторлық құқық объектілерін құқыққа сыйымсыз пайдалану болып табылады.
179-бап. Басқа өндірушінің тауарын құқыққа сыйымсыз пайдалану
Құқық иеленушінің немесе осыған уәкілеттік берілген тұлғаның рұқсатынсыз өндірушінің белгілерін өзгерту не алып тастау жолымен басқа өндірушінің тауарын өз белгісімен шаруашылық айналымына енгізу басқа өндірушінің тауарын құқыққа сыйымсыз пайдалану болып табылады.
180-бап. Бұйымның сыртқы түрін көшіріп алу
1. Нарықтың басқа субъектісі бұйымының сыртқы түрін қайта жасап шығару және оны тұтынушыны тауар өндірушіге қатысты жаңылыстыруға ұшыратуы мүмкін болатын шаруашылық айналымға енгізу бұйымның сыртқы түрін көшіріп алу деп табылады.
2. Бұйымның сыртқы түрін немесе оның бөліктерін көшіріп алу, егер мұндай көшіріп алу олардың функционалдық қолданылуына ғана байланысты болса, құқыққа сыйымсыз деп танылмайды.
181-бап. Нарық субъектісінің беделін түсіру
Нарық субъектісінің қызметіне байланысты көрінеу жалған, анық емес мәліметтерді кез келген нысанда тарату нарық субъектісінің беделін түсіру болып табылады.