6. Осы баптың 1-тармағында көрсетілмеген, мәліметтері мемлекеттік құпияларды құрайтын әдістерді және құралдарды пайдаланумен байланысты қарсы барлау іс-шараларының тізбесі және оларды жүргізу тәртібі қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
Осы іс-шаралар заңмен қорғалатын жеке өмірге қол сұғылмаушылықты, хат жазысу, телефон арқылы сөйлесу, телеграф хабарламалары мен пошта жөнелтілімдері құпиясын, сондай-ақ тұрғынжайға қол сұғылмаушылық құқығын қозғамауға тиіс. Оларда адамның өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ қоршаған ортаға қатер төндіретін әдістер мен құралдарды қолдануға жол берілмейді.
7. Қарсы барлау іс-шараларын техникалық жүргізу үшін Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңнамасында айқындалатын байланыс желілері мен құралдарына қойылатын талаптарға сәйкес байланыс операторлары сатып алған және орнатқан телекоммуникация жабдықтарының функциялары пайдаланылуы мүмкін.
8. Мемлекеттік күзет қызметі және сыртқы барлау саласындағы уәкілетті орган осы баптың 1-тармағының 13) және 14) тармақшаларында көрсетілген, Қазақстан Республикасының аумағында байланыс қызметтері мен құралдарын ұсынатын жеке және заңды тұлғалардың стационарлық аппаратурасы мен байланыс желілеріне қосылуды болғызбайтын қарсы барлау іс-шараларын жүргізуге құқылы.
9. Мемлекеттік күзет қызметінің жедел қамтамасыз ету объектілеріндегі және күзет іс-шаралары жүргізілетін аймақтағы қарсы барлау іс-шаралары қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың бірлескен нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған тәртіппен Мемлекеттік күзет қызметімен келісу бойынша жүргізіледі.
10. Нақты қарсы барлау іс-шараларының реттілігі мен мазмұны қарсы барлау қызметінің шарттарында айқындалады.
11. Қарсы барлау іс-шараларын жүргізу барысында алынған мүлікке билік ету және оны мемлекет кірісіне айналдыру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
12-бап. Қарсы барлау қызметінің материалдарын пайдалану
Қарсы барлау қызметінің материалдары:
1) Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы өзге де стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды әзірлеу;
2) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша шешімдер қабылдауы;
3) мемлекеттік органдардың, мемлекеттік заңды тұлғалардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін қорғау саласында шешімдер қабылдауы;
4) нормативтік құқықтық актілердің және Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының жобаларын әзірлеу;
5) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне төнетін қатерлерді талдау, бағалау және болжау;
6) барлау және (немесе) нұқсан келтіру акцияларының алдын алу, оларды әшкерелеу және жолын кесу;
7) Қазақстан Республикасының әкімшілік немесе қылмыстық-процестік заңнамасында көзделген тәртіппен әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін пайдаланылады.
13-бап. Қарсы барлау қызметін ақпараттық қамтамасыз ету және құжаттау
1. Осы Заңда көзделген міндеттерді шешу үшін қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын орган ақпараттандыру объектілерін құрады, пайдаланады, дамытады, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ қарсы барлау істерін жүргізеді.
2. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның ақпараттандыру объектілерін құру, дамыту, пайдалану және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
3. Қарсы барлау істерін ашу және тоқтату тәртібі Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келісу бойынша қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның бірінші басшысының нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
14-бап. Қарсы барлау қызметінің материалдарын сақтау
1. Қылмыстық іске қоса тіркелген мәліметтерді қоспағанда, қарсы барлау қызметінің материалдары қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органда ғана сақталуға және жойылуға тиіс.
2. Қарсы барлау қызметінің материалдарын сақтау мерзімдері, сақтау және жою тәртібі қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның бірінші басшысының нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
15-бап. Қарсы барлау қызметі саласындағы өзара іс-қимыл және халықаралық ынтымақтастық
1. Мемлекеттік органдар, мемлекеттік заңды тұлғалар, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері өз құзыреті шегінде қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдарға осы Заңның 3-бабында көзделген міндеттерді шешуде жәрдем көрсетеді.
2. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдар Қазақстан Республикасының тиісті халықаралық шарттары негізінде шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерімен, қауіпсіздік органдарымен, құқық қорғау органдарымен, халықаралық және өзге де ұйымдармен халықаралық ынтымақтастық шеңберінде өзара іс-қимыл жасайды.
3. Халықаралық шарттардың тараптары арасындағы қарсы барлау қызметі саласында өзара іс-қимыл жасау мәселелері бойынша мәліметтерге, сол сияқты өзара іс-қимыл жасаудың көлемі мен мазмұны туралы ақпаратқа қол жеткізу шектеледі және олар кімге болса да берілмейді немесе тараптардың әрқайсысының жазбаша келісімінсіз және талаптары толық ескерілмейінше пайдаланылмайды.
16-бап. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың қызметкерлері, әскери қызметшілері
1. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдар қызметкерлерінің, әскери қызметшілерінің құқықтық мәртебесі, оларды құқықтық және әлеуметтік қорғау шаралары Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
2. Қарсы барлау қызметіне заңсыз араласу немесе кедергі келтіру, сондай-ақ қарсы барлау іс-шараларын жүргізу кезінде қызметкерлердің, әскери қызметшілердің заңды талаптарын орындамау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
3. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның қызметкері немесе әскери қызметшісі қарсы барлау іс-шараларын жүргізген кезде оны әкімшілік ұстауға, сондай-ақ жеке басын жете тексеруге, ондағы заттарды, ол пайдаланатын қызметтік көлік құралдарын жете тексеруге жол берілмейді.
17-бап. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдар қызметкерлерінің, әскери қызметшілерінің жауаптылығы
1. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыру кезінде құқыққа қарсы әрекеттер жасаған қызметкерлер, әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
2. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардың іс-қимылдарымен келтірілген залал Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтеледі.
18-бап. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдарға жәрдем көрсететін құпия көмекшілер
1. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдарға жәрдем көрсететін құпия көмекшілер мемлекеттің қорғауында болады.
2. Құпия көмекшілердің жеке басы туралы мәліметтерді кімге болса да беруге болмайды.
3. Құпия көмекшілердің, сол сияқты олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстарының өмiрiне, денсаулығына немесе мүлкiне нақты қолсұғушылық қатері төнген кезде қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын орган құқыққа қарсы әрекеттерді болғызбау, кінәлілерді анықтау және оларды жауапқа тарту жөніндегі барлық қажетті шараларды, сондай-ақ қажет болған жағдайда, Қазақстан Республикасының қылмыстық процеске қатысатын адамдарды мемлекеттік қорғау туралы заңнамасына сәйкес қауіпсіздік шараларын қабылдауға мiндеттi.
4. Құпия көмекшілер қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдарға өтеулі немесе өтеусіз негізде жәрдем көрсетеді. Өтеулі негізде жәрдем көрсететін құпия көмекшілерге сыйақы төлеу тәртібін қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның бірінші басшысы белгілейді.
2018.26.12. № 203-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Құпия көмекші қарсы барлау іс-шараларын жүргізуге қатысуына байланысты қаза болған жағдайда, қаза тапқан адамның отбасына және оның асырауындағы адамдарға:
ақылы негізде ынтымақтасып жұмыс істеген қаза болған адамның ақшалай сыйақысының он жылдық сомасы;
қаза болған адам өтеусіз негізде ынтымақтасып жұмыс істеген кезде республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1411 еселенген мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді.
2018.26.12. № 203-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
6. Құпия көмекші қарсы барлау іс-шараларын жүргізуге қатысуына байланысты мертіккен немесе оның денсаулығына өзге де зиян келтірілген кезде оған қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның бірінші басшысы айқындайтын мөлшерде біржолғы жәрдемақы төленеді, оның мөлшері:
ақылы негізде ынтымақтасып жұмыс істегендер үшін ақшалай сыйақының бес жылдық сомасынан;
өтеусіз негізде ынтымақтасып жұмыс істегендер үшін республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 706 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
7. Құпия көмекші қарсы барлау іс-шараларын жүргізуге қатысуына байланысты қаза болған не мертіккен немесе оның денсаулығына өзге де зиян келтірілген жағдайларда біржолғы жәрдемақыны төлеу қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын тәртіппен қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның қаражатынан жүргізіледі.
8. Құпия көмекшілермен жұмысты ұйымдастыру және жүргізу тәртібі қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
19-бап. Қарсы барлау қызметін ведомстволық бақылау
1. Қарсы барлау қызметін ведомстволық бақылауды ұйымдастыру және жүргізу қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның бірінші басшысына жүктеледі.
2. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның бірінші басшысы:
қарсы барлау қызметінің ұйымдастырылуын, тактикасын, нысандары мен әдістерін, тартылған күштер мен құралдарды;
шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерімен, қауіпсіздік органдарымен, құқық қорғау органдарымен, халықаралық ұйымдармен халықаралық ынтымақтастықтың ұйымдастырылуын және жүзеге асырылуын;
құпиялылықтың және астыртын әрекет етудің қамтамасыз етілуін бақылауды жүзеге асырады.
20-бап. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыру кезіндегі прокурорлық қадағалау
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қарсы барлау қызметін жүзеге асыру кезінде заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және ол уәкілеттік берген прокурорлар жүзеге асырады.
Уәкілетті прокурорлардың тізбесі қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның бірінші басшысымен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бұйрығымен белгіленеді.
2. Қадағалауды ұйымдастыру кезінде прокуратура органдары мен қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның өзара қарым-қатынастары Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының және қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның бірінші басшысының бірлескен нормативтік құқықтық актісімен реттеледі.
3. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы, жеке немесе заңды тұлғаның құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның бұзғаны туралы арызы прокуратураның тексерулер жүргізуіне негіз болып табылады.
4. Құпия көмекшілер мен жасырын қызметкерлердің жеке басы туралы мәліметтер, сондай-ақ қарсы барлау қызметінің ұйымдастырылуы мен тактикасы, шет мемлекеттердің арнаулы қызметтерімен, қауіпсіздік органдарымен, құқық қорғау органдарымен, халықаралық және өзге де ұйымдармен қарсы барлау қызметі саласында өзара іс-қимыл жасау мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастық қадағалау нысанасына кірмейді.
5. Осы Заңның 11-бабы 1-тармағының 12) - 17) тармақшаларында көрсетілген қарсы барлау іс-шараларын жүргізуге санкцияны Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры немесе ол уәкілеттік берген прокурорлар береді.
Санкция алу кезінде прокурорға оларды жүргізуге негіз болған, нысаны мен мазмұны бойынша құпия көмекшілер мен жасырын қызметкерлердің жеке басы туралы мәліметтердің құпиясын ашу мүмкіндігін болғызбайтын, сондай-ақ қарсы барлау қызметінің ұйымдастырылуы мен тактикасына қатысты материалдар ұсынылады.
Қарсы барлау іс-шарасының нәтижелері туралы оны жүргізуге санкция берген прокурор хабардар етіледі.
6. Қадағалау мәселелері бойынша уәкілетті прокурорлардың қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын орган басшыларының қабылдауына кідіріссіз кіруге құқығы бар.
7. Уәкілетті прокурорлар қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органның объектілерінде болған уақытта оларға осы органда белгіленген өткізу және объектішілік режимдердің талаптары қолданылады.
21-бап. Қарсы барлау қызметін қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету
Қарсы барлау қызметін қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
22-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2016 жылғы желтоқсанның 28-і.
№ 35-VI