3. Жұмыскерлер айдың барлық жұмыс күндерінде емес, белгілі бір күндерінде сапарда болған жағдайда, төлем жұмыс (жұмыс өндірісі) орнына баруға және кері қайтуға жол жүрген нақты күндер санына пропорционалды түрде жүргізіледі.
131-бап. Жұмысынан айырылуына байланысты берілетін өтемақы төлемдері
1. Жұмыс беруші мынадай жағдайларда:
1) жұмыс беруші заңды тұлға таратылған не жұмыс беруші жеке тұлға қызметін тоқтатқан жағдайда, жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде;
2) жұмыскерлердің саны немесе штаты қысқартылған жағдайда, жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде;
3) жұмыс беруші еңбек шартының талаптарын орындамаған жағдайда жұмыскердің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде бір айдағы орташа жалақы мөлшерінде жұмысынан айырылуына байланысты өтемақы төлемдерін жүргізеді.
2. Жұмыс беруші жұмыс берушінің экономикалық жай-күйінің нашарлауына әкеп соққан өндіріс, орындалатын жұмыстар және көрсетілетін қызметтер көлемі азайған жағдайда, жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылған кезде екі айдағы орташа жалақы мөлшерінде жұмысынан айырылуына байланысты өтемақы төлемдерін жүргізеді.
3. Еңбек, ұжымдық шарттарда немесе жұмыс берушінің актісінде жұмысынан айырылуына байланысты өтемақы төлемінің неғұрлым жоғары мөлшері көзделуі мүмкін.
132-бап. Далалық жабдықталым ақшасын төлеудің тәртібі мен шарттары
1. Геологиялық барлау, топографиялық-геодезиялық, іздестіру ұйымдарының жұмыскерлеріне:
1) тұрғылықты тұратын жеріне күнделікті қайтып келмей тұрақты тұрғылықты жерінен тысқары жерде;
2) тұрғылықты тұратын жері болып табылмайтын далалық ұйым орналасқан жерге күнде қайтып келгенімен, тұрғылықты тұратын жерінен тысқары жерде;
3) еңбекті вахталық әдіспен ұйымдастыру жолымен тұрғылықты тұратын жерінен тысқары жерде далалық жағдайларда жұмыстар орындаған кезде далалық жабдықталым ақшасы төленеді.
2. Далалық жабдықталым ақшасын төлеу тәртібі, шарттары мен мөлшері, далалық жағдайдағы жұмыс уақытын есепке алу тәртібі келісімдерде, ұжымдық, еңбек шарттарында белгіленеді және жұмыс берушінің актісімен бекітіледі.
133-бап. Жұмыскерлерге жұмыс берушінің қаражаты есебінен еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеу
1. Жұмыс беруші өз қаражаты есебінен жұмыскерлерге еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы төлеуге міндетті.
2018.02.07. № 165-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ жаңа редакцияда
2. Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен берілген еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы парақтар еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік жәрдемақылар төлеу үшін негіз болып табылады.
3. Еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақылар жұмыскерлерге еңбекке қабілетсіздіктің бірінші күнінен бастап жұмысқа қабілеттілігі қалпына келген күнге дейін немесе мүгедектік белгіленгенге дейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төленеді.
4. Еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша жәрдемақы:
1) заңды күшіне енген сот үкімімен кінәлі екендігі анықталған жағдайда, өзінің қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезінде алған өндірістік жарақаттарының салдарынан еңбекке уақытша қабілетсіздігі туындаған жұмыскерге;
2) соттың ұйғарымы бойынша жұмыскерді мәжбүрлеп емдеген (психикалық науқастардан басқа) уақыт үшін;
3) заңды күшіне енген сот үкімімен немесе қаулысымен жұмыскердің кінәлі екені анықталған жағдайда, ол қамауда болған уақыт үшін және сот-медициналық сараптама жасалған уақыт үшін;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) жұмыскер алкогольді, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды тұтынуы салдарынан туындаған аурулардан немесе өндірістік жарақаттардан еңбекке уақытша жарамсыз болған кезде;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысымен сәйкес келетін еңбекке уақытша жарамсыз күндері үшін;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды
6) жалақы сақталмайтын демалысқа тура келетін еңбекке уақытша жарамсыз күндері үшін;
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 7) тармақшамен толықтырылды
7) бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалысқа тура келетін еңбекке уақытша жарамсыз күндері үшін төленбейді.
5. Еңбекке уақытша қабілетсіздік бойынша әлеуметтік жәрдемақы мөлшерін - Қазақстан Республикасының Үкіметі, оларды тағайындау және төлеу тәртібін еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
Жұмыс берушілер жұмыскерлерге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген еңбекке уақытша қабілетсіздік бойынша әлеуметтік жәрдемақы мөлшеріне қосымша төлемдер белгілеуге құқылы.
12-тарау. ЖҰМЫСКЕРЛЕРДІҢ ЖЕКЕЛЕГЕН САНАТТАРЫНЫҢ ЕҢБЕГІН РЕТТЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
134-бап. Маусымдық жұмыстар
1. Климаттық немесе өзге де табиғи жағдайларға байланысты белгілі бір, бірақ бір жылдан аспайтын кезең (маусым) ішінде орындалатын жұмыстар маусымдық деп танылады.
2. Еңбек шартында маусымдық жұмыстарды орындауға арналған шарт жасасу туралы талап және оларды орындаудың белгілі бір кезеңі көрсетілуге тиіс.
3. Маусымдық жұмыстарға арналған еңбек шартын жасасу кезінде жұмыскердің өзіне тапсырылатын жұмысқа сәйкестігін тексеру мақсатында сынақ мерзімі белгіленбейді.
4. Маусымдық жұмыстарда істейтін жұмыскерлермен еңбек шарты, осы Кодекстің 52-бабында көзделген негіздерден басқа:
1) жұмыс берушідегі жұмыстар өндірістік сипаттағы себептер бойынша екі аптадан артық мерзімге тоқтатыла тұрған;
2) жұмыскер еңбекке уақытша қабілетсіздігі салдарынан қатарынан бір ай бойы жұмысқа шықпаған жағдайларда жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылуы мүмкін.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2021.01.07. № 61-VII ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Маусымдық жұмыстарда істейтін жұмыскердің еңбек шартын өз бастамасы бойынша, бұл туралы жұмыс берушіні күнтізбелік жеті күн бұрын хабардар ете отырып бұзуға құқығы бар.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2021.01.07. № 61-VII ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Жұмыс беруші маусымдық жұмыстарда істейтін жұмыскерді осы Кодекстің 52-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша еңбек шартының алда бұзылатыны туралы күнтізбелік жеті күн бұрын хабардар етуге міндетті.
7. Маусымдық жұмыстарда істейтін жұмыскермен еңбек шарты бұзылған кезде жұмыс беруші пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақы төлемін жұмыс істелген уақытқа пропорционалды түрде төлейді.
8. Маусымдық жұмыстарда істейтін жұмыскермен еңбек шарты осы Кодекстің 52-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша бұзылған кезде екі апталық орташа жалақы мөлшерінде өтемақы төленеді.
135-бап. Вахталық жұмыс әдісі
1. Вахталық әдіс жұмыскерлердің тұрақты тұратын жеріне күнделікті қайтып келуі қамтамасыз етіле алмайтын кезде, олардың тұрақты тұрғылықты жерінен тысқары жерде еңбек процесін жүзеге асырудың ерекше нысаны болып табылады.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Жұмыс беруші вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмыскерлерді жұмыс өндірісі объектісінде болған кезеңде тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін тұрғын үймен қамтамасыз етуге және олардың тамақтануын, жиналу пунктінен жұмыс орнына дейін және одан кері жеткізіп салуды ұйымдастыруға, сондай-ақ жұмыстарды орындау және ауысымаралық тынығу үшін жағдаймен қамтамасыз етуге міндетті.
Жұмыс беруші еңбек, ұжымдық шарттарға және (немесе) жұмыс беруші бекітетін вахталық жұмыс әдісі туралы ережеге сәйкес вахталық жұмыс әдісін қолдану тәртібін айқындайды, сондай-ақ жұмыскердің жұмыс жүргізілетін объектіде және тұру үшін арнайы жабдықталған орындарда (вахталық кенттерде) болуына қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді.
Жұмыскер вахтада болған кезінде жұмыс жүргізілетін объектіде және тұру үшін арнайы жабдықталған орындарда (вахталық кенттерде) жұмыс беруші белгілеген тәртіптемені сақтауға міндетті.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); 2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Вахталық әдіспен орындалатын жұмыстарға он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлер, жүктілігі туралы анықтама берген, жүктілік мерзіміне он екі және одан көп апта болған жүкті әйелдер, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар медициналық қорытындыны ұсынған күннен бастап жіберілмейді. Өзге жұмыскерлер, егер оларға мұндай жұмыстардың медициналық қорытындылар негізінде қарсы көрсетілімі болмаса, вахталық әдіспен орындалатын жұмыстарға тартылуы мүмкін.
4. Объектіде жұмыстарды орындау уақытын және ауысымаралық тынығу уақытын қамтитын кезең вахта болып есептеледі. Вахтаның ұзақтығы күнтiзбелiк он бес күннен аспауға тиіс.
Жұмыскердің жазбаша келісімімен вахтаның ұзақтығы ұжымдық, еңбек шарттарына сәйкес күнтiзбелiк отыз күнге дейін ұзартылуы мүмкін.
Теңіз кемелері экипаждарының мүшелері үшін жұмыскердің келісімімен вахтаның ұзақтығы күнтiзбелiк бір жүз жиырма күнге дейін ұзартылуы мүмкін.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Жұмыстың вахталық әдісі кезінде тоқсан ішіндегі немесе өзге де неғұрлым ұзақ, бірақ күнтізбелік бір жылдан аспайтын кезең немесе белгілі бір жұмысты орындау кезеңі ішіндегі жұмыс уақытының жиынтық есебі белгіленеді.
Вахталық әдіспен жұмыс істейтін, уақытша болмаған жұмыскерді алмастыру уақытына кейіннен жұмыскерге жұмыс істеген сағаттары үшін демалыс күндері (сағаттары) беріле отырып, еңбек шарты тараптарының келісімі бойынша жұмыс уақыты режимін (бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасынан) вахталық жұмыс әдісіне өзгертуге жол беріледі.
6. Есептік кезең шегіндегі жұмыс уақыты мен тынығу уақыты вахтадағы жұмыс кестесімен (вахталар кестесімен) бекітіледі. Есептік кезең жұмыс уақытын, тынығу уақытын, жұмыс беруші орналасқан жерден немесе жиналатын жерден жұмыс орнына дейінгі және одан кері қайту жолының уақытын, сондай-ақ уақыттың осы күнтізбелік бөлігіне дәл келетін өзге де кезеңдерді қамтиды. Бұл ретте, есептік кезеңдегі жұмыс уақытының жалпы ұзақтығы осы Кодексте белгіленген нормалардан аспауға тиіс. Жұмыс беруші вахталық әдіспен жұмыс істейтін әрбір жұмыскердің жұмыс уақыты мен тынығу уақытының есебін жүргізуге міндетті.
Жұмыс беруші орналасқан жерден немесе жиналу пунктінен жерден жұмыс орнына дейін және одан кері қайту жолының уақыты жұмыс уақытына қосылмайды.
Жұмыс ауысымының ұзақтығы сегіз сағаттан асқан кезде тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс кемінде бір сағат болып белгіленеді.
7. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмыскерлердің түнгі уақыттағы, демалыс және мереке күндеріндегі жұмысына ақы төлеу еңбек, ұжымдық шарттарда көзделген жұмыс істелген айға жалақы төлеу күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.
136-бап. Үй жұмыскерлері
1. Егер жұмыстар (көрсетілетін қызметтер) жұмыс берушінің пайда алуы және (немесе) жұмыс беруші үшін пайда алу мақсатында орындалмаса (көрсетілмесе), жұмыс беруші жеке тұлғаларда отбасының бір немесе бірнеше мүшесі жүргізетін үй шаруашылығындағы жұмыстарды орындайтын (қызметтер көрсететін) жұмыскерлер үй жұмыскерлері деп танылады.
2. Жұмыс беруші үй жұмыскерін жұмысқа қабылдау не онымен еңбек қатынастарын тоқтату туралы акт шығаруды және оның жұмысы туралы мәліметтерді еңбек кітапшасына енгізуді жүргізбейді.
2020.04.05. № 321-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2021.01.07. № 61-VII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Үй жұмыскерімен еңбек шартының тоқтатылғаны (бұзылғаны) туралы хабарламаның мерзімдері, сондай-ақ жұмысынан айырылуына байланысты өтемақы төлем жағдайлары мен мөлшері еңбек шартында белгіленеді.
4. Үй жұмыскері мен жұмыс берушінің арасындағы жеке еңбек даулары тараптардың келісімі бойынша және (немесе) сотта шешіледі.
137-бап. Үйде жұмыс істейтін жұмыскерлер
1. Жұмыс берушімен жұмысты өз материалдарымен және өзінің немесе жұмыс беруші бөліп беретін не жұмыс берушінің қаражаты есебінен сатып алынатын жабдықтарды, құрал-саймандар мен құрылғыларды пайдалана отырып, үйде жеке еңбегімен орындау туралы еңбек шартын жасасқан адамдар үйде жұмыс істейтін жұмыскерлер деп есептеледі.
2. Жұмыскердің жұмысты үйде орындауы еңбек шартын жасасқан кезде, еңбек шартының қолданылу мерзімі ішінде де еңбек шартына тиісті өзгерістер енгізіле отырып белгіленуі мүмкін.
3. Үйде істелетін жұмысты орындау туралы еңбек шартында:
1) жұмысты жұмыскерге меншік құқығымен тиесілі немесе жұмыс беруші бөліп беретін не жұмыс берушінің қаражаты есебінен сатып алынатын жабдықтарды, материалдарды, құрал-саймандар мен құрылғыларды пайдалана отырып орындау;
2) жұмыскерді жұмысты орындау үшін қажетті шикізатпен, материалдармен, жартылай фабрикаттармен қамтамасыз ету тәртібі мен мерзімдері;
3) жұмыскерге төленетін өтемақы және өзге де төлемдер туралы талаптар міндетті түрде көзделуге тиіс.
2020.19.12. № 386-VІ ҚР Заңымен 137-1-баппен толықтырылды
137-1-бап. Персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсету бойынша қызметті жүзеге асыру тәртібі
1. Жіберуші тарап еңбек шартын не еңбек шартына қосымша келісімді жасасады және жіберуші тарап жұмыскерлерінің өз еңбек шарттарында айқындалған еңбек функцияларын қабылдаушы тараптың мүддесінде, басқаруымен және бақылауымен орындауы үшін жұмыскерлерді қабылдаушы тарапқа жібереді. Жіберуші тараптың жұмыскерлері үшін жіберуші тарап жұмыс беруші болып табылады және осы Кодексте көзделген құқықтар мен міндеттерге ие болады.
2. Жіберуші тараптың жұмыскерін қабылдаушы тарапқа жіберуге қабылдаушы тараптағы жұмыстың орындалатын орны көрсетіле отырып, жұмыскер мен жіберуші тарап еңбек шартына не еңбек шартына қосымша келісімге қол қойғаннан кейін жол беріледі.
Жіберуші тараптың жұмыскерін қабылдаушы тарапқа ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарды орындау үшін жіберуге қабылдаушы тараптың өндірістік объектілерін еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау нәтижелері болған, сондай-ақ жіберуші тараптың жұмыскері оның жұмыс орны бойынша осындай нәтижелермен таныстырылған жағдайда жол беріледі.
Жіберуші тарап персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шарт шеңберінде қызметті жүзеге асырған жағдайда, жіберілетін жұмыскердің кәсіптік тәуекел сыныбы «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес келуге тиіс. Жіберуші тарап жұмыскерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру бойынша сақтандырылмаған жіберуші тараптың жұмыскерін жіберуге құқылы емес, ал қабылдаушы тарап жұмыс орнына кіргізуге құқылы емес.
3. Жіберуші тараптың жұмыскерлерін қабылдаушы тарапқа мынадай жағдайларда:
1) жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмысты орындау үшін;
2) белгілі бір жұмысты орындау уақытына;
3) уақытша болмаған жұмыскерді алмастыру уақытына;
4) маусымдық жұмысты орындау уақытына жіберуге жол беріледі.
4. Қабылдаушы тарап жіберуші тарапқа жіберетін, жіберуші тараптың жұмыскерлерін қабылдаушы тараптың тарту мерзімінің аяқталғаны туралы хабарламада көрсетілген күн жіберуші тарап жұмыскерінің қабылдаушы тараптағы жұмысының аяқталған күні болып табылады.
5. Жіберуші тараптың жұмыскерлерін жұмысты орындау үшін қабылдаушы тарапқа жіберуге мынадай:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес ереуілге қатысатын жұмыскерлерді ауыстыру;
2) жұмыскердің денсаулық жағдайының нашарлауын қоспағанда, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен жұмысты орындаудан бас тартқан жұмыскерлерді ауыстыру;
3) жұмыскерлерді жұмыстан шығару қаупі төнген кезде жұмыс орындарын сақтап қалу мақсатында бос тұрып қалу, банкроттық рәсімін жүзеге асыру, толық емес жұмыс уақыты режимін енгізу жағдайларында жол берілмейді.
6. Жіберуші тарап жұмыскерлерінің жұмысты орындау шарттары мен тәртібі персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шартта айқындалады, ол Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жіберуші және қабылдаушы тараптар арасында жасалады.
Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен салыстырғанда персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шарттың жіберуші тарап жұмыскерлерінің жағдайын нашарлататын ережелері жарамсыз деп танылады және қолданылуға жатпайды.
7. Қабылдаушы тарап Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген еңбек және демалыс режимін реттеу кезінде жіберуші тарап жұмыскерлерінің құқықтарын сақтауға міндетті.
8. Қабылдаушы тараптың персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шартты жасасу кезінде жіберуші тараптың жұмыскерлеріне қатысты еңбекке ақы төлеу саласында кемсітушілікке жол беруіне тыйым салынады.
9. Жіберуші тарап жұмыскерінің өз денсаулығына немесе өміріне қауіп төндіретін жағдай туындаған кезде, бұл туралы қабылдаушы тараптың өкіліне және жұмыс берушінің өкіліне хабарлай отырып, жұмысты орындаудан бас тартуына құқығы бар, сондай-ақ осы Кодексте көзделген өзге де құқықтары болады және міндеттерді атқарады.
10. Қабылдаушы тараптың:
1) жіберуші тараптың жұмыскерлерінен қабылдаушы тараптың еңбек шартының талаптарын, еңбек тәртіптемесінің қағидаларын және басқа да актілерін орындауын талап етуге;
2) жіберуші тараптың жұмыскерлерін қабылдаушы тараптың актісінде көзделген тәртіппен көтермелеуге;
3) жіберуші тараптың жұмыскері еңбек міндеттерін атқарған кезде келтірген залалды өтетуге құқығы бар.
11. Қабылдаушы тарап:
1) жіберуші тараптың жұмыскерін қабылдаушы тараптың жұмысқа (еңбек функциясына) тікелей қатысы бар еңбек тәртіптемесі қағидаларымен, өзге де актілерімен таныстыруға;
2) жіберуші тараптың жұмыскерлеріне Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес өндірістік-тұрмыстық жағдайларды қамтамасыз етуге;
3) жіберуші тараптың жұмыскерлерін еңбек міндеттерін атқару үшін қажетті жабдықпен, аспаптармен, техникалық құжаттамамен және өзге де құралдармен өз қаражаты есебінен қамтамасыз етуге;
4) егер жұмысты жалғастыру жіберуші тарап жұмыскерінің және өзге де адамдардың өміріне, денсаулығына қауіп төндіретін болса, оны тоқтата тұруға;
5) жіберуші тараптың жұмыскерін зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайлары және кәсіптік аурудың ықтималдығы туралы хабардар етуге;
6) жұмыс орындары мен технологиялық процестерде тәуекелдерді болғызбау бойынша шаралар қабылдауға, өндірістік және ғылыми-техникалық прогресті ескере отырып, профилактикалық жұмыстар жүргізуге;
7) жіберуші тараптың әрбір жұмыскерінің жұмыс уақытының, оның ішінде ол орындайтын үстеме жұмыстардың, демалыс және мереке күндеріндегі, зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайларындағы жұмыстардың, ауыр жұмыстардың есебін жүргізуге міндетті.
12. Жіберуші тараптың жұмыскері еңбек тәртібін бұзған жағдайда, қабылдаушы тарап осы факт анықталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы шешім қабылдау үшін жіберуші тарапты хабардар етеді.
13. Жіберуші тарап жұмыскерінің қабылдаушы тарапқа келтірілген нұқсан үшін материалдық жауаптылығы осы Кодекстің 123-бабында, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде, сондай-ақ еңбек шартында көзделген жағдайларда басталады.
14. Жіберуші тарап жұмыскерлерінің еңбек қатынастары осы Кодекске, Қазақстан Республикасының заңдарына және еңбек шартына сәйкес жүзеге асырылады.
2021.01.07. № 61-VII ҚР Заңымен 138-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
138-бап. Қашықтан жұмыс істеу
1. Қашықтан жұмыс істеу еңбек шартын жасасу кезінде де, еңбек шартына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіле отырып, еңбек шартының қолданылу мерзімі ішінде де белгіленеді.
Қызметтік (лауазымдық) міндеттерін еңбек шартын жасаспай жүзеге асыратын, еңбегі Қазақстан Республикасының арнайы заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген ерекшеліктермен бірге осы Кодексте реттелетін, оның ішінде әскери қызметте тұрған жұмыскерлер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер үшін қашықтан жұмыс істеу тәртібі мен мерзімдері, еңбек міндеттерін орындау үшін қажетті жабдықпен, Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттандыру объектілерімен, көрсетілетін байланыс қызметтерімен және өзге де құралдармен қамтамасыз ету, шығыстарды өтеу жұмыс берушінің актісінде айқындалады.
2. Жұмыскердің немесе жұмыс берушінің бастамасымен тараптардың келісуі бойынша қашықтан жұмыс істеу немесе қашықтан аралас жұмыс істеу белгіленуі мүмкін.
3. Төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген, төтенше жағдай жарияланған не мемлекеттік органдардың немесе олардың лауазымды адамдарының шешімі бойынша өзге де шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген кезеңде, сондай-ақ жұмыскерлердің өміріне немесе денсаулығына қатер төндіретін басқа да айрықша жағдайларда жұмыс беруші жоғарыда көрсетілген жағдайлар жойылғанға дейін қашықтан жұмыс істеуді немесе қашықтан аралас жұмыс істеуді себептерін көрсете отырып, жұмыс берушінің актісімен уақытша белгілеуге құқылы. Бұл ретте жұмыскерлерді еңбек міндеттерін орындау үшін қажетті жабдықпен, Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттандыру объектілерімен, көрсетілетін байланыс қызметтерімен және өзге де құралдармен қамтамасыз ету, сондай-ақ шығыстарды өтеу жұмыс берушінің актісінде айқындалады.
Жұмыс берушінің актісінде міндетті түрде:
1) қашықтан жұмыс істеуді және (немесе) қашықтан аралас жұмыс істеуді уақытша белгілеу негізі;
2) өздеріне қатысты қашықтан жұмыс істеу және (немесе) қашықтан аралас жұмыс істеу уақытша белгіленген жұмыскерлердің тізімі;
3) қашықтан жұмыс істеуді және (немесе) қашықтан аралас жұмыс істеуді уақытша белгілеуге негіз болған жағдай жойылатын күннен аспайтын, қашықтан жұмыс істеу және (немесе) қашықтан аралас жұмыс істеу мерзімі қамтылуға тиіс.
4. Жұмыс беруші, қабылдаушы тарап жұмыскерді еңбек міндеттерін орындау үшін қажетті жабдықпен, Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттандыру объектілерімен, көрсетілетін байланыс қызметтерімен және өзге де құралдармен қамтамасыз етеді. Жұмыс беруші оларды орнату мен оларға қызмет көрсету шығыстарын көтереді.
Жұмыскер еңбек міндеттерін орындау процесінде жұмыс беруші, қабылдаушы тарап қамтамасыз еткен жабдықты, Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттандыру объектілерін, көрсетілетін байланыс қызметтерін және өзге де құралдарды пайдалануға міндетті.
Жұмыскер еңбек міндеттерін орындау үшін өз жабдығын, Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттандыру объектілерін және өзге де құралдарды пайдаланған, сондай-ақ көрсетілетін байланыс қызметтеріне ақы төлеу шығыстарын көтерген жағдайда, жұмыс беруші өтемақы төлейді, оның мөлшері, төлеу тәртібі мен мерзімі жұмыскермен келісу бойынша белгіленеді.
Тараптардың келісуі бойынша қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерге жұмыс беруші, қабылдаушы тарап үшін жұмысты орындауға байланысты өзге де негізделген шығыстар да, оның ішінде электр энергиясының құны өтелуі мүмкін.
5. Қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін жұмыс уақытының күнделікті ұзақтығының шектеулері сақтала отырып, жұмыс уақытының тіркелген есебі белгіленеді, оны бақылау ерекшеліктері еңбек шартында немесе жұмыс берушінің актісінде айқындалады.
Жұмыскер жұмыс уақытының шегінде жұмыс берушімен, қабылдаушы тараппен байланыс үшін қолжетімділік режимінде болуға тиіс.
Жұмыс беруші, қабылдаушы тарап, осы Кодекстің 77-бабының 2-тармағында және 86-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыскердің жұмыс уақытынан тыс кезде қолжетімділік режимінде болуын талап етуге құқылы емес.
Қашықтан жұмысты белгіленген жұмыс уақыты ұзақтығынан тыс орындау қажет болған жағдайда, жұмыскерді жұмысқа тартуға осы Кодекстің 108, 109 және 110-баптарына сәйкес жоғарылатылған мөлшерде ақы төлене отырып, оның жазбаша келісуімен ғана жол беріледі.