3) Қазақстан Республикасының дербес деректерді қорғау саласындағы заңнамасының талаптарын ескере отырып, жеке және заңды тұлғаларға әлеуметтік-еңбек саласындағы ақпараттық және консультациялық көрсетілетін қызметтерді ұсынуды жүзеге асырады.
9-бап. Жергілікті атқарушы органдардың құзыреті
Жергілікті атқарушы органдар халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды:
1) халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді қамтамасыз ететін іс-шараларды өткізу;
2) халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша жергілікті органдарды үйлестіруді және оларға әдістемелік басшылық жасауды жүзеге асыру;
3) кәсіпкерлік бастамашылықты дамыту арқылы жұмыс орындарын құруды қолдау;
4) жұмыс іздеп жүрген адамдарға, жұмыссыздарға әлеуметтік қорғау көрсету;
9-баптың 5) тармақшасы 2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
5) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бөлген квота шегінде не квотадан тыс корпоративішілік ауыстыру шеңберінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар беру және (немесе) ұзарту, сондай-ақ көрсетілген рұқсаттарды тоқтата тұру және кері қайтарып алу;
6) ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыс орындарын есептемегенде, жұмыс орындары санының екіден төрт пайызға дейінгі мөлшерiнде мүгедектер үшiн жұмыс орындарына квота белгiлеу;
7) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квота белгілеу;
8) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квота белгілеу;
9) ата-анасынан кәмелеттік жасқа толғанға дейін айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын жастар қатарындағы азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квоталар белгілеу;
10) халықты жұмыспен қамту орталықтарының жарғысын бекіту;
11) жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аударуы үшін елді мекендерді айқындау;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асыру арқылы қамтамасыз етеді.
10-бап. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органның құзыреті
Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті орган:
1) жұмыс күшіне қатысты бөлігінде сұраныс пен ұсынысты талдайды, болжайды, өңірдің еңбек нарығының жай-күйі туралы жергілікті атқарушы органдарға және халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға хабарлайды;
2) мемлекеттік, үкіметтік бағдарламалар және аумақтарды дамыту бағдарламалары, сондай-ақ жекеше сектор бастамалары шеңберінде іске асырылатын жобаларда сұранысқа ие мамандықтар бойынша ағымдағы бос орындар және құрылатын жұмыс орындарының болжамы туралы әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесінің дерекқорын қалыптастыруға қатысады;
3) осы Заңның 17-бабына сәйкес жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту шараларын әзірлейді, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын ұйымдастырады;
10-баптың 4) тармақшасы 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
4) мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
5) жергілікті атқарушы органдардың білім мәселелері жөніндегі құрылымдық бөлімшелерінен, білім жөніндегі ұйымдардан, кәсіптік оқытуды жүзеге асыратын білім беру қызметіне құқығы бар ұйымдардың жанындағы оқу орталықтарынан түлектердің жұмысқа орналасуы туралы мәліметтер, оқыту жүргізілетін кәсіптер (мамандықтар) туралы және нақты кәсіптер (мамандықтар) бойынша даярланған және даярлау жоспарланып отырған және бітіріп шығатын мамандар саны туралы ақпарат сұратады;
6) жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аударуы үшін елді мекендерді айқындау бойынша ұсыныстарды жергілікті атқарушы органдарға енгізеді;
7) халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын үйлестіреді;
8) жұмыс берушілерден кадрларға болжамды қажеттілік туралы ақпарат сұратады;
9) жұмыстан босату және жұмыс орындарын қысқарту қатері бар ұйымдардың мониторингін жүзеге асырады.
11-бап. Халықты жұмыспен қамту орталығы
Халықты жұмыспен қамту орталығы:
1) халықты жұмыспен қамтудың жай-күйін бағалауды және дамуын болжауды, халықты еңбек нарығының жай-күйі туралы хабардар етуді жүзеге асырады;
2) осы Заңда көзделген жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын, сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің қосымша шараларын іске асыруды жүзеге асырады;
3) өтініш білдірген адамдарды осы Заңның 13, 14-баптарына сәйкес жұмыс іздеуші және жұмыссыздар ретінде тіркейді;
4) жұмысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен әлеуметтік төлем тағайындау үшін тізбесін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген қажетті құжаттарды қабылдауды жүзеге асырады және оларды Мемлекеттік корпорацияға жібереді;
5) әлеуметтік кәсіптік бағдарлау бойынша қызметтер көрсетеді;
6) жұмыс іздеп жүрген адамдарға және жұмыссыздарға лайықты жұмыс таңдауда жәрдемдеседі, жұмысқа орналасу үшін жолдама береді;
7) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорымен өзара iс-қимыл жасауды жүзеге асырады;
8) бос жұмыс орындарының (бос орындардың) есебін жүргізеді;
9) жұмыссызды жұмысқа орналастырудың жеке картасын жүргізеді;
10) әлеуметтік келісімшарттар жасасады;
11) еңбек делдалдығын көрсетеді;
12) Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасында көзделген жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын көрсетеді.
3-тарау. ЖҰМЫССЫЗДЫҚ
12-бап. Лайықты жұмыс
1. Лайықты жұмыс тұрғылықты жерін өзгертумен байланысты жұмыс іздеп жүрген адамның немесе жұмыссыздың келісімімен ғана ұсынылуы мүмкін.
Тұрғылықты жерінен лайықты жұмысқа көлiктiң қолайлылығын, осы жердің қоғамдық көлік желілерінің дамуын ескере отырып, тиісті атқарушы орган айқындайды.
2. Бiрiншi рет жұмыс iздеп жүрген, бiрақ кәсiбi (мамандығы) жоқ, сондай-ақ екі жылдан артық жұмысы жоқ адамдар үшін алдын ала кәсiптiк даярлықты талап ететiн жұмысты, ал оны ұсыну мүмкін болмаған жағдайда адамдардың жас шамасы және өзге де ерекшеліктері мен Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптарын ескере отырып, басқа ақы төленетін жұмысты (уақытша сипаттағы жұмысты қоса алғанда) лайықты жұмыс деп есептеуге болады.
3. Мүгедек үшін оның тұрмыс-тіршілігінің шектелу дәрежесін ескере отырып, оған қолжетімді болуы қамтамасыз етілген жағдайдағы жұмыс, ал жеті жасқа дейінгі балаларды бағып-күтумен айналысатын адамдар үшін икемді және толық емес жұмыс уақыты режиміндегі жұмыс лайықты деп есептеледi.
4. Алдын ала даярлықты талап ететін немесе талап етпейтін (азаматтардың жас шамасы және өзге де ерекшелiктерiн ескере отырып) уақытша сипаттағы жұмыс:
1) бiрiншi рет жұмыс iздеп жүрген (бұрын жұмыс істемеген) және бұл ретте біліктілігі жоқ;
2) жазғы демалыс кезеңінде студенттер және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары;
3) тоқтап тұруға байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдар;
4) ұзақ үзілістен (екі жылдан астам) кейін еңбек қызметін қайта жалғастыруға талпынғандар, сондай-ақ халықты жұмыспен қамту орталықтары оқуға жібергендер және дәлелсіз себеппен оқуын тоқтатқандар;
5) жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем аяқталғаннан кейін кәсіптік оқытудан немесе қосымша білім алудан бас тартқан адамдар арасынан бiрiншi рет жұмыс iздеп жүрген адамдарға және жұмыссыздарға сәйкес келеді деп есептеледі.
13-бап. Жұмыс іздеп жүрген адам
1. Жұмыс іздеп жүрген, жұмысы және (немесе) табысы (кірісі) жоқ адам жұмысқа орналасуына жәрдемдесу үшін өтініш білдірген кезде, тұрғылықты жерi бойынша халықты жұмыспен қамту орталығында не «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы мынадай құжаттардың:
1) жеке басын куәландыратын құжат;
2) еңбек қызметін растайтын құжат (бар болған кезде);
3) білімі, біліктілігі, арнайы білімінің немесе кәсіптік даярлығының болуы туралы құжат (бар болған кезде) негізінде жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеледі.
Он алты жасқа толмаған адам сонымен қатар, өзінің заңды өкілдерінің бірінің жазбаша өтінішін ұсынады.
2. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс іздеп жүрген адамды тіркеген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лайықты жұмыс таңдау арқылы оған жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі, сондай-ақ тегін әлеуметтік кәсіптік бағдарлау бойынша қызметтер көрсетеді.
3. Жұмыс іздеп жүрген адам үш жұмыс күні ішінде кемінде бір рет халықты жұмыспен қамту орталығына, ал ауылдық елді мекендерде тұратындар кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне бару арқылы жұмыс іздеуге мүдделілік білдіруге тиіс.
14-бап. Жұмыссыздарды тiркеу
1. Осы баптың 5-тармағында аталған адамдарды қоспағанда, халықты жұмыспен қамту орталығы өтініш білдірген күннен бастап он жұмыс күні ішінде лайықты жұмыс таңдалмаған жұмыс іздеп жүрген жұмыссыз адамды жұмыссыз ретінде тіркеу туралы шешім қабылдайды.
2. Жұмыс іздеп жүрген адамды жұмыссыз ретінде тіркеу мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелері арқылы оның деректерін тексергеннен кейін жұмысқа орналастырудың жеке картасына алынған мәлiметтердi енгiзе отырып жүзеге асырылады.
3. Халықты жұмыспен қамту орталығы өтініш жасалған күннен бастап күнтізбелік он күн өткенде жұмыс іздеп жүрген адамды жұмыссыз ретінде тіркеу күні және есепке қою туралы немесе тіркеуден бас тарту туралы хабардар етеді.
4. Халықты жұмыспен қамту орталығында тiркелген жұмыссыздар - он жұмыс күні iшiнде кемінде бiр рет халықты жұмыспен қамту орталығында, ал ауылдық елдi мекендерде тұратын жұмыссыздар айына кемінде бiр рет кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiнде белгiленiп тұруға тиiс.
5. Жұмыссыз адам ретінде:
1) он алты жасқа толмаған;
2) еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн, оның ішінде жұмысты толық не толық емес жұмыс уақыты жағдайларында ақы үшiн орындайтын немесе табыс (кіріс) әкелетін өзге де ақы төленетiн жұмысы бар;
3) «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа толған;
4) жұмысы мен табысының (кірісінің) жоқтығы туралы көрінеу жалған мәліметтерді қамтитын құжаттар, сондай-ақ басқа да анық емес мәліметтер ұсынған адамдар тіркелмейді.
15-бап. Жұмыссыздардың құқықтары мен мiндеттерi
Жұмыссыздар:
1) халықты жұмыспен қамту орталығынан:
лайықты жұмыс іздестіру және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, оның ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары жөніндегі көрсетілетін қызметті;
қызмет (кәсіп) түрін таңдау немесе өзгерту мақсатында консультациялық, ақпараттық көрсетілетін қызметтерді және әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді;
еңбек нарығының біртұтас ақпараттық базасында қамтылған өзі туралы мәліметтерді тегін алуға;
2) егер ол міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып табылса, жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдер алуға;
3) «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек алуға;
4) тармақша 2017 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді
4) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырылуға құқығы бар.
2. Жұмыссыздар:
1) осы Заңның талаптарын сақтауға;
2) осы Заңға сәйкес халықты жұмыспен қамту орталығына келiп тұрудың тәртiбiн, шарттарын және мерзiмдерiн сақтауға;
3) халықты жұмыспен қамту орталығы берген жұмысқа жолдаманы алған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде жұмысқа орналасу мәселесi бойынша жұмыс берушiге жүгінуге;
4) халықты жұмыспен қамту орталығына:
тұрғылықты жерiн ауыстыруды;
тұрақты, уақытша жұмысқа, азаматтық-құқықтық сипаттағы жұмысқа шарттар бойынша орналасуды;
кәсiпкерлiк қызметпен айналысуды;
ұйымдық-құқықтық нысаны мен меншiк нысанына қарамастан, ұйымға құрылтайшы (ортақ құрылтайшы) болуды;
мүгедектiк тобын белгiлеудi немесе оның өзгеруiн;
зейнетақы төлемдерін тағайындауды қоса алғанда, жұмыссызбен алдағы уақытта жұмыс iстеу тәртiбiне ықпал ететiн өзгерiстер туралы мәлiметтердi уақтылы, бес жұмыс күнi iшiнде ұсынуға мiндеттi.
16-бап. Жұмыссызды есептен шығару
1. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссызды мынадай жағдайларда:
1) лайықты жұмыстың ұсынылған екi түрiнен бас тартқанда;
2) дәлелсiз себептермен:
халықты жұмыспен қамту орталығы жолдама берген күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде ұсынылған жұмысқа орналасу орнына немесе оқу орнына келмегенде;
шақыру бойынша халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу үшін үш жұмыс күнi ішінде халықты жұмыспен қамту орталығына келмегенде;
халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуды өз бетiнше тоқтатқанда;
3) жұмыссыз осы Заңда көзделген халықты жұмыспен қамту орталығына келiп тұру мерзiмдерiн дәлелсiз себептермен бұзғанда;
4) жұмыссыз бас бостандығынан айыру түрiндегi жазамен сотталғанда не заңды күшіне енген сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп емдеуге жiберiлгенде;
5) 15-баптың 2-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайларда;
6) көрінеу жалған немесе қолдан жасалған құжаттар бергенде есептен шығарады.
2. Осы баптың 1-тармағының 1) — 3) тармақшаларына сәйкес есептен шығарылған жұмыссыздар есептен шыққан күнінен бастап күнтiзбелiк отыз күн өткен соң ғана халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыс іздеуші адам ретінде қайтадан тiркеле алады.
4-тарау. ЖҰМЫССЫЗДЫҚТАН ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ
17-бап. Жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау шаралары
1. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган және жергілікті атқарушы органдар елдің және өңірлердің экономикалық және әлеуметтік даму болжамдары негізінде:
1) әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізуді;
2) еңбек делдалдығын;
3) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын;
4) жұмыссыздарға әлеуметтік көмек көрсетуді;
5) азаматтардың жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру үшін квоталар белгілеуді көздейтін жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету шараларын әзірлейді.
2. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары:
1) кәсіптік оқытуға жіберуді;
2) азаматтардың және оралмандардың кәсіпкерлік бастамашылығына жәрдемдесуді;
3) жастар практикасына жіберуді;
4) әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруды;
5) жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесуді;
6) тармақша 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
6) мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын ұйымдастыруды;
7) қоғамдық жұмыстарды қамтиды.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуға он алты жастан бастап «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа толғанға дейінгі адамдардың құқығы бар.
3. Әлеуметтік көмек:
1) міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын жұмыссыздарға жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді;
2) тармақша 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
2) «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген шарттарда және мөлшерде атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді;
3) тармақша 2017 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді
3) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын жұмыссыздарға «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген шарттарда және тәртіппен медициналық көмек көрсетуді қамтиды.
4. Жұмысқа орналастыруға арналған квоталар:
1) еңбек қызметі үшін медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектер;
2) кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы, білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын азаматтар;
3) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар;
4) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар үшін көзделеді.
18-бап. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау
1. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау бюджет қаражаты шегінде жеке адамның кәсіптік білімдерін, дағдыларын, қызығушылықтарын және еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, жұмыс іздеген адамдарға, жұмыссыздарға, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, оралмандарға, сондай-ақ студенттерге, жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларына мамандық таңдауда, қызмет түрін ауыстыруда және біліктілігін арттыруда практикалық көмек көрсету мақсатында жүргізіледі.
2. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау:
1) еңбек қызметі, еңбек нарығының жай-күйі, қолда бар мамандық бойынша жұмысқа орналастыру немесе кәсіптік оқытудан өту мүмкіндіктері туралы кәсіби хабардар етуді;
2) адамның жеке-психологиялық сипаттамасының, өмірлік жағдайлары ерекшеліктерінің, кәсіптік білімдерінің, дағдыларының, қызығушылықтарының, денсаулық жағдайының және еңбек нарығындағы қажеттіліктерінің негізінде жұмыс орны мен мамандық таңдауда кәсіби консультацияны;
3) нақты кәсіп (мамандықтар) түрлері және лауазымдар үшін айқындалған біліктілік талаптарына адамдардың сәйкестігін белгілеу арқылы кәсіби іріктеуді қамтиды.
3. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлауды Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы және мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктерін және (немесе) өзге де ұйымдарды тарту құқығымен халықты жұмыспен қамту орталықтары жүргізеді.
4. Халықты жұмыспен қамту орталықтары әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өткен адамдар туралы мәліметтерді еңбек нарығының біртұтас ақпараттық базасында орналастырады.
19-бап. Кәсіптік оқыту
1. Кәсіптік оқыту кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды қамтиды.
2. Егер:
1) қажетті кәсіптік біліктіліктің болмауынан лайықты жұмыс таңдау мүмкін болмағанда;
2) кәсіптік дағдыларға сай келетін жұмыстардың болмауына байланысты кәсібін (мамандығын), қызмет түрін өзгерту қажет болғанда;
3) бұрынғы мамандығы бойынша жұмысты орындау қабілетін жоғалтқанда, халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша кәсіптік оқыту жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Кәсіптік оқыту:
1) жұмыс іздеп жүрген адамдар;
2) жұмыссыздар;
3) еңбек шарты бойынша жұмыс істейтіндер үшін жүзеге асырылады.
4. Басым тәртіппен кәсіптік оқытудан өтуге:
1) мүгедектердің;
2) мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың, асырап алушылардың, қорғаншылардың (қамқоршылардың);
3) халықты жұмыспен қамту орталығында алты айдан астам есепте тұрған жұмыссыздардың;
4) алғаш рет жұмыс іздеп жүрген (бұрын жұмыс істемеген) және бұл ретте біліктілігі жоқ адамдардың;
5) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және (немесе) мәжбүрлеп емдеуден өткен адамдардың құқығы бар.
5. Кәсіптік оқыту бюджет қаражаты шегінде Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасына сәйкес білім беру ұйымдарында не жұмыс берушілердің білім беру қызметіне құқығы бар оқу орталықтарында жұмыс берушілердің тапсырыстары бойынша еңбек нарығындағы қажеттіліктер ескеріліп жүргізіледі.
6. Халықты жұмыспен қамту орталығы, оқытуды жүргізетін ұйым, жұмыс беруші және оқитын адам арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады.
Әлеуметтік келісімшарт тараптардың құқықтары мен міндеттерін, оқуға ақы төлеу шартын, мерзімінен бұрын бұзу шартын, кәсіптік оқыту мерзімі мен қаржыландыру көздерін қамтуға тиіс.
7. Халықты жұмыспен қамту орталығы кәсіптік оқытуға жіберген адамдар өздігінен, дәлелсіз себептермен оқуын тоқтатса, халықты жұмыспен қамту орталығында қайта тіркелген күннен бастап үш жыл өткен соң оқуға қайта жіберілуі мүмкін.
20-бап. Әлеуметтік жұмыс орнын ұйымдастыру
1. Жұмыс беруші әлеуметтік жұмыс орындарын құрады, оларды құру кезінде тұрақты жұмыс орындарына арналған бос орындар пайдаланылмайды және олар ауыр жұмыстарда, зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарда құрылмайды.
2. Әлеуметтік жұмыс орындары жұмыссыздар үшін арнайы құрылады, олардың арасында:
1) балалар ауылының тәрбиеленушiлерi және балалар үйлерінің түлектері, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған он алты жастан жиырма үш жасқа дейiнгi балаларға арналған мектеп-интернаттардың;
2) зейнеткерлiк жас алдындағы (зейнеткерлiкке шығуға екi жыл қалған) адамдар;
3) мүгедектер;
4) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және (немесе) мәжбүрлеп емдеуден өткен адамдар;
5) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар;
6) кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған жалғызiлiктi, көпбалалы ата-аналар;
7) жеті жасқа дейінгі баланы, мүгедек баланы, бірінші және екінші топтағы мүгедектерді бағып-күтуді жүзеге асыратын адамдар;
8) оралмандар;
9) терроризм актісінің нәтижесінде зардап шеккен адамдар және оның жолын кесуге қатысқан адамдар басым құқыққа ие болады;
3. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органның шешімі бойынша:
1) әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға сұраныс пен ұсыныс айқындалады;
2) әлеуметтік жұмыс орнын құруға өтініш берген өңірлердегі ұйымдардың тізбесі, ұйымдастырылатын жұмыс орындарының саны және нақты жұмыс жағдайы, төленетін еңбекақы мөлшері және оларды қаржыландыру көздері бекітіледі.
4. Жұмыссыздарды әлеуметтік жұмыс орындарына жіберуге олардың келісімімен ғана жол беріледі. Әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу кезінде жұмыссыздардың денсаулық жағдайы, жас, кәсіптік және басқа да жеке ерекшеліктері ескеріледі.
Халықты жұмыспен қамту орталығы мен арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс беруші және әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілетін жұмыссыз арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады.
Әлеуметтік келісімшарт тараптардың құқықтары мен міндеттерін, еңбекақы мөлшерін және оны төлеу шарттарын, әлеуметтік жұмыс орындарын қаржыландыру мерзімдері мен көздерін қамтуға тиіс.
5. Әлеуметтік жұмыс орындарындағы еңбек қызметін дәлелсіз себептермен өз бетінше тоқтатқан жұмыссыздар жұмыссыздар ретінде есептен шығарылады және халықты жұмыспен қамту орталығына қайтадан тіркелген күннен бастап үш ай өткеннен кейін ғана жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қайта қатысуы мүмкін.
6. Әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген адамдарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы қолданылады.
21-бап. Жастар практикасын ұйымдастыру
1. Жастар практикасы алған кәсібі (мамандығы) бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының жиырма тоғыз жастан аспаған түлектері қатарындағы жұмыссыздарға арнайы белгіленген.
2. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органдар:
1) жастар практикасын ұйымдастыруға сұраныс пен ұсынысты қалыптастырады;
2) жастар практикасын ұйымдастыруға өтініш берген өңірлердегі ұйымдардың тізбесін, білім беру ұйымдары түлектерінің қатарынан тартылатын жұмыссыздардың санын, олардың еңбек жағдайы мен еңбегіне ақы төлеуді және қаржыландыру көздерін айқындайды.
3. Жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығымен жасасқан шарт негізінде жастар практикасынан өту үшін жұмыс орындарын құрады. Жұмыс орындарын құрған кезде тұрақты жұмыс орындарына арналған бос орындар пайдаланылмайды.
Құрылған жұмыс орындары түлектің алған кәсібіне (мамандығына) сәйкес келуге тиіс.
4. Білім беру ұйымдары түлектерінің қатарындағы жұмыссыздарды жастар практикасына жіберуге олардың келісімімен ғана жол беріледі. Олардың еңбегіне ақы төлеу бюджет қаражаты шегінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған көздерден жүзеге асырылады.