1. Электрондық тіркеуді қоспағанда, тіркеуші орган жүргізілген тіркеуді тіркеуге ұсынылған құқық белгілейтін құжатта жазба жасау арқылы куәландыруға міндетті.
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді); 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 1-1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 1-1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1-1. Электрондық тіркеу тіркеуші органның электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған, тіркеу жүргізілгені туралы хабарламаны бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйеге, сондай-ақ бар болған кезде - мәмілеге қатысушылардың электрондық мекенжайларына және олардың «электрондық үкімет» веб-порталындағы жеке кабинеттеріне жөнелту арқылы расталады.
2. Тіркеуші орган өтініш берушіге құқықтарды тіркеу тұрғын үй, тұрғын үй-құрылыс, саяжай, гараж және өзге де тұтыну кооперативтерінде толық көлемде пай жарнасын енгізу туралы құжаттар негізінде жүзеге асырылған жағдайларда жылжымайтын мүлікке меншік құқығы (өзге де заттай құқық) туралы куәлік беруге міндетті.
35-бап. Тіркеуші органның тіркеу ісіндегі құқық белгілейтін немесе өзге де құжаттарды жоғалту (бүлдіру) және тіркеу жазбаларын жою (бүлдіру) кезіндегі өкілеттіктері
1. Егер тіркеу ісінде сақталатын құқық белгілейтін немесе басқа да құжаттар бүлінген немесе жойылған болса, тіркеуші орган көрсетілген құжаттарды барлық жол берілетін тәсілдермен, оның ішінде қажетті құжаттарды құқық иелерінен, оларды шығарған мемлекеттік органдардан талап ету арқылы қалпына келтіре алады. Жоғалған құжаттарды құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесінен алуға жол беріледі.
2. Қағаз жеткізгіштерде толтырылған тіркеу парақтары жоғалған (бүлінген) кезде жоғалған парақ бойынша мәліметтер құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесінен және (немесе) тіркеу ісінде сақталатын материалдардан қалпына келтірілуі мүмкін.
36-бап. Құқық белгілейтін құжатты қалпына келтіру
1. Құқықтық кадастрда тіркеу соның негізінде жүргізілген жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттың түпнұсқасы (куәландырылған көшірмесі) жоғалған немесе бүлінген жағдайларда құқық белгілейтін құжатты қалпына келтіру көрсетілген құжаттың тіркеу ісінде сақталатын көшірмесінен телнұсқа беру арқылы жүргізіледі.
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 1-тармақ екінші бөлікпен толықтырылды (2013 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
Егер тіркеу ісінде электрондық құжаттың тек қағаздағы көшірмесі болса, құқық белгілеуші құжаттың телнұсқасын нотариус береді.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайларда жоғалған немесе бүлінген құқық белгілейтін құжаттың телнұсқасын беру және түпнұсқасының (куәландырылған көшірмесінің) күшін жою уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
5-тарау. Жекелеген құқық түрлерін мемлекеттік тіркеу ерекшеліктері
37-бап. Мемлекеттік тіркеусіз танылатын бұрын туындаған құқықтарға қатысты ауыртпалықтарды өзгертуді, тоқтатуды немесе белгілеуді мемлекеттік тіркеу
1. Құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеусіз туындаған деп танылатын жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтарды (құқық ауыртпалықтарын) өзгертуді, тоқтатуды немесе бұрын туындаған құқықтарға қатысты ауыртпалықты белгілеуді мемлекеттік тіркеуден осындай құқықты (құқық ауыртпалығын) тіркеудің болмауына байланысты бас тартуға болмайды.
2. Иеліктен айыру немесе өзге де заңдық фактілердің пайда болуы нәтижесінде бұрын туындаған құқық ауысқан кезде бұрын туындаған құқықтың туындауы және оның тоқтатылуы туралы жазба сатып алушыда құқық туындауын тіркеумен бір мезгілде жүзеге асырылады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген жағдайларда мемлекеттік тіркеу үшін өтініш беруші (оның уәкілетті өкілі), осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тіркеуші органға жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықты (құқық ауыртпалығын) растайтын құжаттарды ұсынуға тиіс. Көрсетілген құжаттар құқық (құқық ауыртпалығы) туындаған кезде қолданыста болған Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
4. Бұрын туындаған құқықтың құқық иесі (уәкілетті өкіл) тіркеуші органға мемлекеттік тіркеусіз танылатын осындай құқыққа бұрын туындаған ауыртпалықтар туралы жазбаша түрде мәліметтер ұсынуға тиіс. Осындай ауыртпалықтарды растайтын құжаттар болған кезде олар туралы жазба тіркеу парағында бұрын туындаған құқықтар туралы жазба тәріздес тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Соттардың, құқық қорғау, өзге де мемлекеттік органдардың шешімдері бойынша жылжымайтын мүлікке бұрын туындаған құқықтарға қатысты белгіленетін ауыртпалықтарды мемлекеттік тіркеу мақсатында және құқық иесінің ерік білдіруінсіз ауыртпалық салынған өзге де жағдайларда тіркеуші орган құқықтық кадастрда жылжымайтын мүлік объектісі, оның құқық иесі туралы қандай да бір ақпарат болмаған, ал өтініш берушінің бұрын туындаған құқықты растайтын құжаттарды ұсыну мүмкіндігі болмаған жағдайларда субъектілік белгі бойынша ақпараттық базаны жүргізеді.
38-бап. Тіркелмеген жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу
1. Құқығы тіркелмеген жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуге, егер мұндай учаскеге құқық жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу жүйесі енгізілгеннен кейін туындаса және мемлекеттік тіркеусіз туындаған деп танылмаса, жер учаскесіне құқықтарын тіркеусіз жол берілмейді. Жер учаскесіне және жылжымайтын мүліктің көрсетілген объектілеріне құқықтарды мемлекеттік тіркеу бір мезгілде жүзеге асырылуы мүмкін.
2. Құқықтық кадастрда құқығы тіркелмеген және бұрын туындаған құқық ретінде мемлекеттік тіркеусіз жарамды жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуге бұрын туындаған құқықтарды жүйелі тіркеу үшін осы Заңның 6-тарауында белгіленген ережелер бойынша жер учаскесіне құқықты есептік тіркеу бір мезгілде жүргізілген жағдайларда жол беріледі.
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды
3. «Байқоңыр» кешенінің мемлекеттік заңды тұлғаға бекітіліп берілген үйлеріне (құрылыстарына, ғимараттарына) құқықтарды мемлекеттік тіркеу жер учаскесіне байланыстырылмай жүзеге асырылады.
39-бап. Кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеу
2011.22.07. № 479-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеу үшін кондоминиум қатысушылары немесе олардың уәкілетті өкілі мынадай құжаттарды:
1) белгіленген нысандағы жазбаша өтінішті;
2) 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3) егер кондоминиум объектісі тіркелген кезге дейін жер учаскесіне құқық тіркелмеген болса, жер учаскесіне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттарын;
4) Қазақстан Республикасының тұрғын үй қатынастары туралы заңнамалық актісінде көзделген тәртіппен айқындалған ортақ мүліктегі үлестердің мөлшерін;
5) кондоминиум қатысушыларының уәкілетті өкілінің жеке басын және өкілеттіктерін растайтын құжаттарды ұсынады.
Осы баптың 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес кондоминиум объектісін тіркеу туралы өтінішті кондоминиум қатысушысы берген жағдайларда, оның кондоминиум объектісін тіркеуге өкілеттіктері өзіне меншік құқығында (өзге де заттай құқықта) тиесілі кейінгі жылжымайтын мүлік объектісіне құқық белгілейтін құжаттың нотариат куәландырған көшірмесімен айқындалады.
2. Кондоминиум объектісін мемлекеттік тіркеу кезінде кондоминиум қатысушыларының уәкілетті өкілдері болып:
1) кондоминиум қатысушыларының жалпы жиналысында сайланған адам;
2) 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3) егер ортақ мүліктегі үлестердің мөлшері тұрғын үй қатынастары туралы заңнамалық актіде көзделген тәртіппен айқындалатын болса, кез келген кондоминиум қатысушысы танылады.
3. Кондоминиум қатысушылары келісімінің, ортақ мүлік мөлшері өзгеруінің негізінде кейінгі жылжымайтын мүлік объектілері аудандарының өзгеруіне байланысты ортақ мүліктегі үлестер мөлшерінің өзгеруі де тіркеуге жатады.
4. Кондоминиум объектісін тіркеу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
40-бап. Пәтерлерге және кондоминиум объектісінің құрамына кіретін басқа да үй-жайларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу
1. Жеке (бөлек) меншіктегі (өзге де заттай құқықтағы) кондоминиум объектісінің құрамындағы әрбір кейінгі объект жылжымайтын мүліктің жекелеген объектісі ретінде қаралады, оған мемлекеттік тіркеу мақсатында уәкілетті орган белгілеген тәртіппен дербес кадастрлық нөмір беріледі.
2. Кондоминиум объектісінің құрамына кіретін кейінгі объектілерге құқықтарды мемлекеттік тіркеу үшін жер учаскесіне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары талап етілмейді.
Кейінгі объектіге құқықтарды тіркеу үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес кондоминиум объектісінің құрамына кіретін жер учаскесіне құқықтардағы үлес сатып алуға жататын жағдайларда немесе оны иеліктен айырған жағдайда кондоминиум қатысушысы жер учаскесіне құқығындағы үлесін сатып алғанын растайтын құжатты ұсынуға тиіс.
41-бап. Сервитуттарды мемлекеттік тіркеу
1. Мемлекеттік тіркеуге осы Заңның 8-бабына сәйкес басым мүдделерге жатқызылған сервитуттардан басқа сервитуттар жатады.
2. Сервитутты тіркеу туралы жазба жер учаскесіне немесе сервитутпен ауыртпалық салынған өзге де жылжымайтын мүлік объектісіне жатқызылған тіркеу парағында жүзеге асырылады.
Сервитуттар үстемдікке ие жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүлік объектісінің пайдасына белгіленген жағдайларда, тіркеу жазбасы пайдасына сервитут туындаған жылжымайтын мүлік объектісіне жататын тіркеу парағында да жүзеге асырылады.
3. Біртектес сервитуттарды белгілеу туралы бір немесе бірнеше құқық белгілейтін құжаттар негізінде кезегімен орналасқан бірнеше жылжымайтын мүлік объектілеріне қатысты туындаған сервитуттарды (адамдардың жаяу жүріп өтуі, көлік құралдарының өтуі, әуе, жерүсті және жерасты желілерін қоса алғанда, тыныс-тіршілікті қамтамасыз етудің инженерлік коммуникациялар жүйелерінің төсемдері, техникалық қызмет көрсету, жөндеу және бөлшектеу үшін) тіркеу кезінде өтініш беруші тіркеуге бір өтініш беруге құқылы. Бұл ретте тіркеуші орган әрбір жылжымайтын мүлік объектісіне қатысты уәкілетті орган белгілеген тәртіппен сервитуттар белгілеу туралы жазба енгізеді.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Сервитутты қолдану аясы құқық белгілейтін құжатта сипаттау арқылы айқындалады не қажет болған жағдайларда, осы Заңның 21-бабының 2-тармағында көзделген құжаттарға сервитуттың қолданылу аясы көрсетілген жер учаскесіне сәйкестендіру құжатының көшірмесі қоса беріледі.
Егер сервитуттың қолданылу аясы оны сипаттау немесе жер учаскесіне сәйкестендіру құжатының көшірмесінде көрсету арқылы анықталмаса, сервитут бүкіл жылжымайтын мүлік объектісіне қолданылады.
42-бап. Мемлекеттік меншік құқығын мемлекеттік тіркеу
1. Мемлекеттік меншік құқығын тіркеу мемлекеттік заңды тұлғалардың шаруашылық жүргізу, оралымды басқару құқығын немесе мемлекеттік және мемлекеттік емес жер пайдаланушылардың жер пайдалану құқығын тіркеумен бір мезгілде жүргізіледі.
2. Мемлекеттік заңды тұлғалар арасында бекітіліп берілмеген мүлікке мемлекеттік меншік құқығы мемлекеттік тіркеуді қажет етпейді.
Мемлекеттік заңды тұлғалар арасында бөлінбеген бастапқы және кейінгі жылжымайтын мүлік объектілерін жалға, өтеусіз пайдалануға, сенімгерлік басқаруға беру туралы мәмілелер жасау кезінде және мәміле жасау осындай мүліктің жеке меншікке өтуіне әкеп соқпайтын басқа да жағдайларда құқықтық кадастрдың тіркеу парағында ауыртпалықты тіркеу туралы жазба енгізілгенге дейін бұрын туындаған мемлекеттік меншік құқығы туралы жазба енгізіледі. Бұрын туындаған мемлекеттік меншік құқығына құқық белгілейтін құжаттар болған кезде осындай құқықтың туындауы туралы мәліметтер көрсетілген құжаттардың негізінде енгізіледі. Мұндай құжаттар болмаған кезде бұрын туындаған мемлекеттік меншік құқығы туралы жазбаны тіркеуші орган мемлекеттік меншікте осындай мүліктің барын растайтын уәкілетті мемлекеттік органның құжаты негізінде енгізеді.
3. Тіркеуші орган Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес мемлекеттік құпияларға жататын мәліметтердің сақталуына жауапты болады.
43-бап. Мемлекеттік емес мекемелердің құқықтарын тіркеу ерекшеліктері
1. Мемлекеттік емес мекемелердің өздеріне тиесілі жылжымайтын мүлікке құқықтарын тіркеу кезінде бір мезгілде құрылтайшылардың осы мүлікке тиісті құқықтары тіркелген болып есептеледі.
2. Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік емес мекемеге оралымды басқару құқығында тіркелген жылжымайтын мүлік құрылтайшылардың салымдарының мөлшеріне қарай ортақ үлестік меншігі болып танылады.
3. Мемлекеттік емес мекеменің жылжымайтын мүлікке құқықтарын тіркеу кезінде бірнеше құрылтайшылар болған кезде, тіркеу үшін қажетті басқа құжаттармен бірге құрылтай шарты және әрбір құрылтайшының ортақ меншіктегі немесе өзге де ортақ құқықтағы үлесінің мөлшерін растайтын мәліметтер ұсынылуға тиіс. Осындай құжаттардың негізінде тіркеу парағына құрылтайшылардың құрамы, олардың үлестерінің мөлшерлері туралы мәліметтер және өзге де қажетті деректер енгізіледі.
4. Мұраға қалдыру, шығу, үлесті иеліктен айыру нәтижесінде құрылтайшылар құрамының өзгеруі кезінде, сондай-ақ мемлекеттік емес мекеменің мүлкіндегі үлесті кепілге салу кезінде сатып алушылырдың және кепіл ұстаушылардың тиісті құқықтары немесе үлестердің өзгеруі мемлекеттік тіркеуге жатады.
44-бап. Құқықтық кадастрда сот актілерінің негізінде мемлекеттік тіркеу
2012.27.04. № 15-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Сот актiсiмен белгiленген жылжымайтын мүлiкке құқық (құқық ауыртпалығы) осы бапта белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып, жалпы негiздерде тiркелуге жатады.
Тіркеуші орган, сот актісі негізінде туындаған ауыртпалықтардың болуын қоспағанда, сот шешімімен белгіленген құқықтарды тіркеуден бас тартуға құқылы емес.
2. Заңды күшіне енбеген сот актілерінің негізінде заңдық талаптарды мемлекеттік тіркеу жүзеге асырылады.
3. Жылжымайтын мүлікке қатысты сот актілеріне шағымдану немесе наразылық білдіру фактілері де құқықтық кадастрда тіркелуге тиіс.
4. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген негіздер бойынша және тәртіппен сот актісінің күші жойылған кезде құқықтық кадастрдағы тіркеу туралы жазбаның уәкілетті орган белгілеген ережелер бойынша күші жойылуға тиіс. Көрсетілген жағдайларда жылжымайтын мүлікке құқық (құқық ауыртпалығы) туындады деп есептелмейді.
2010.02.04. № 262-IV ҚР Заңымен 44-1-баппен толықтырылды (жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
44-1-бап. Сот шешімдерін орындау үшін белгіленген тәртіппен сатып алынған мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу
Сот орындаушысы мен сатып алушы қол қойған сатып алу-сату шарты немесе сот орындаушысының қаулысы және мүлікті қабылдап алу-тапсыру актісі сот шешімдерін орындау үшін белгіленген тәртіппен сатып алынған мүлікке меншік құқығын тіркеу үшін негіз болып табылады.
45-бап. Мұраға қалдыру және азаматты хабар-ошарсыз кеткен, іс-әрекетке қабілеті шектеулі немесе іс-әрекетке қабілетсіз деп тану кезінде мемлекеттік тіркеу
1. Мұра қалдырушының мүлкіне мұрагерлердің құқықтарын тіркеу кезінде өтініш беруші мұрагерлікке құқығы туралы куәлікті не Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де құжаттарды, сондай-ақ осы Заңның 21-бабында көзделген құжаттарды ұсынады.
2. Мұра қалдырушының жылжымайтын мүлікке құқықтары құқықтық кадастрда тіркелмеген және құқықтар тіркеусіз туындаған болып есептелмейтін жағдайларда, тіркеу құқығы мұрагерлерге өтеді. Аталған жағдайда осы Заңның 21-бабында көзделген құқық белгілейтін және мұра қалдырушының атына берілген басқа да құжаттар және мұрагерлердің мұра қалдырушының мүлкін мұраға алу туралы құқықтарын растайтын құжаттар ұсынылады. Мұра қалдырушы құқығының туындаған күні аталған жағдайларда құқық белгілейтін құжаттардың негізінде, ал қажетті жағдайда заңдық факт (заңдық құрам) пайда болған мұрагерлік ашылу алдындағы күнмен айқындалады.
3. Хабар-ошарсыз кеткен, іс-әрекетке қабілеті шектеулі немесе іс-әрекетке қабілетсіз деп танылған адамның жылжымайтын мүлкіне қорғаншылықты тіркеу қорғаншылық және қамқоршылық органның қорғаншыны (қамқоршыны) тағайындау туралы тиісті шешімі болған кезде хабар-ошарсыз кеткен адам мүлкінің қорғаншысының (қорғаншының уәкілетті өкілінің) өтініші бойынша жүзеге асырылады.
46-бап. Заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру кезінде құқықтарды мемлекеттік тіркеу
2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру кезінде құқықтық мирасқорға құқықтарды тіркеуді жүзеге асыру үшін тиісінше табыстау актісі немесе бөлу балансы ұсынылады.
Кредитордың әмбебап құқықтық мирасқорлық нәтижесінде басқа тұлғаға өткен міндеттеме бойынша құқықтары борышкердің, оның ішінде кепіл беруші болып табылатын борышкердің келісімінсіз тіркелуге жатады.
2. Қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның жылжымайтын мүлікке құқықтары тіркелмеген және тіркеусіз туындамаған болып есептелмейтін жағдайларда тіркеу құқығы құқықтық мирасқорға өтеді. Құқықтық мирасқорға құқықтарды тіркеу үшін көрсетілген жағдайларда қайта ұйымдастырылған заңды тұлғада құқықтың туындауына негіз болып табылатын жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттар талап етіледі.
3. Заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру кезінде құқықтық мирасқорда жылжымайтын мүлікке құқықтың туындау күні болып қайта ұйымдастыру фактісін куәландыру мақсатында заңды тұлғаларды тіркеген күн танылады.
47-бап. Банкроттық рәсімдерде жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқық ауыртпалықтарын) мемлекеттік тіркеу
2014.07.03. № 177-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Құқықтық кадастрда осы Заңның 21-бабында көзделген тәртiппен борышкердiң мүлкiн басқару құқығының оңалтуды не банкроттықты басқарушыға өтуi мемлекеттiк тiркелуге жатады.
2. Борышкердің жылжымайтын мүлікке құқықтары тіркелмеген жағдайларда борышкердің мүлкі мен істерін басқару құқығы өткен тұлғаларға жылжымайтын мүлікке құқықтарды ресімдеу және борышкер банкроттық рәсімдер енгізілгенге дейін жасаған (қол қойған) мәмілелердің және өзге де құқық белгілейтін құжаттардың негізінде тіркеуге өтініш беру құқығы да өтеді.
Аталған тұлғалардың банкроттық рәсімдер енгізілгенге дейін борышкер қол қойған мәмілелердің негізінде тіркеуге өтініш беруден бас тартуын мүдделі тұлғалар сот тәртібімен даулай алады.
48-бап. Жылжымайтын мүлік кепілін мемлекеттік тіркеу
1. Кепілді мемлекеттік тіркеу осы бапта көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Заңда және Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы заңда белгіленген жалпы ережелер бойынша жүзеге асырылады.
2. Жылжымайтын мүлік кепілі, сондай-ақ ипотека куәлігімен жасалатын мынадай операциялар:
1) ипотека куәлігін беру;
2) ипотека куәлігінің кепілі және оны табыстау құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеу объектісі болып табылады.
3. Тіркеуші орган негізгі міндеттеменің орындалуына, кепіл затының жоғалуына (жойылуына, бүлінуіне) байланысты кепілді тоқтатуды тіркеу кезінде бір мезгілде ипотека куәлігінің күшін тоқтату туралы жазба енгізеді.
Ипотека куәлігінен туындайтын талаптар негізгі міндеттеме бойынша борышкерге негізгі міндеттемені орындау мерзімі туындағаннан кейін бір ай өткенге дейін қойылмаған жағдайларда тіркеуші орган ипотека куәлігінің күшін тоқтату туралы жазба енгізеді. Осы негіз бойынша ипотека куәлігінің күші тоқтатылғаннан кейін тіркеуші орган ипотека куәлігімен жасалатын кейінгі операцияларды тіркеуден бас тартуға міндетті.
4. Кепіл заты болып табылатын жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқық ауыртпалықтарының) туындауын, өзгеруін, тоқтатылуын тіркеу Қазақстан Республикасының көрсетілген қатынастарды реттейтін заңнамалық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
5. Кепілдің мынадай өзгерістері:
1) затты ауыстыру;
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) қатысушылар құрамының және негiзгi мiндеттеменiң қолданылу (орындалу) мерзімінің өзгеруі;
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) негізгі міндеттеме мөлшерінің өзгеруі құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркелуге тиіс.
Кепілдің басқа өзгерістерін қатысушылардың қалауы бойынша құқықтық кадастрда тіркеуге болады.
6. Кепілді мемлекеттік тіркеу туралы жазба:
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) негізгі міндеттеменің орындалуына байланысты кепіл ұстаушының өтініші негізінде кепілді тоқтату кезінде;
2) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен кепіл затты өндіріп алу кезінде;
3) кепіл шартын бұзуға байланысты кепіл тоқтатылған кезде;
4) Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 322-бабында көзделген өзге де негіздер бойынша кепілді тоқтату кезінде өтеледі.
49-бап. Жылжымайтын мүлік объектілерін біріктіруді және бөлуді тіркеу
1. Жер учаскелерін және өзге де жылжымайтын мүлік объектілерін біріктіру және бөлу құқықтық кадастрда тіркелуге тиіс.
2. Егер:
1) біріктірілетін объектілер сабақтас болмаса және (немесе) оларға құқықтар біртектес болмаса;
2) егер жер учаскелерін біріктіру немесе бөлу жаңадан құрылған объектілерге сәйкестендіру құжаттарын жасау арқылы жүргізілмесе;
3) егер бастапқы және кейінгі объектілерді біріктіру немесе бөлу кезінде Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының талаптары сақталмаған болса;
4) егер бастапқы және кейінгі объектілерді біріктіру немесе бөлу кезінде біріктіру немесе бөлу нысанасы болып табылатын жылжымайтын мүлік объектісіне шектеулі мүліктік және (немесе) өзге де құқықтардың иегерлері болып табылатын тұлғалардың, оның ішінде кепіл ұстаушылардың, жалға алушылардың, сервитуттық құқықтар иегерлерінің немесе басқа да пайдаланушылардың мүдделерін қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары сақталмаған болса, жылжымайтын мүлік объектілерін біріктіруді немесе бөлуді тіркеуге жол берілмейді.
3. Кепілмен, жалға берумен, сервитутпен ауыртпалық салынған немесе өзге де ауыртпалықтары бар жылжымайтын мүлік объектісін біріктіруді немесе бөлуді тіркеу кезінде жаңадан құрылған жылжымайтын мүлік объектілеріне толтырылатын тіркеу парақтарына көрсетілген объектілерге қатысты қолданылуы сақталатын ауыртпалықтар туралы жазбалар көшіріліп жазылады. Басқа жазбаларды көшіру, егер олар жарамды болса және өз мағынасын сақтаса жүзеге асырылады.
4. Жылжымайтын мүлік объектісі құқықтық кадастрда біріктіру немесе бөлу тіркелген кезден бастап біріктірілген немесе бөлінген болып есептеледі.
50-бап. Шаруа немесе фермер қожалығының мүшелеріне тиесілі жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу ерекшеліктері
1. Шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерінің жылжымайтын мүлікке құқықтарын тіркеу кезінде құқық белгілейтін құжатта осындай шаруашылықтың бүкіл мүшелері көрсетілуге тиіс.
2. Шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерінің құрамы өзгерген кезде, оның ішінде мұраға қалдыруға, шығуға, жаңа мүшелердің қосылуына байланысты шаруа немесе фермер қожалығының жаңа мүшелерінде жылжымайтын мүлікке құқықтардың туындауы және (немесе) үлестер мөлшерінің өзгеруі құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркелуге тиіс.