4. Бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама табыс етілген күнінен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде орындалуға тиіс.
5. Бақылау субъектісі хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген кезде хабарлама табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға қарсылықты жіберуге құқылы.
6. Бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны белгіленген мерзімде орындамау бақылау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізіміне енгізу жолымен бақылау субъектісіне бару арқылы профилактикалық бақылау тағайындауға алып келеді.
7. Бақылау субъектісіне бармай профилактикалық бақылау тоқсан сайын жүзеге асырылады.
12-бап. Құпиялылық
1. Уәкілетті орган мен қаржы басқарушысы борышкердің келісімін алмай, осы Заңда көзделген рәсімдерді қолданудың алдындағы үш жылға дейінгі кезең үшін борышкердің қаржылық жағдайы, оның мүлкі мен міндеттемелері туралы мәліметтерді сұратуға және алуға құқылы.
2. Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, қаржы басқарушысының не уәкілетті органның лауазымды адамының борышкер туралы өздеріне сеніп тапсырылған немесе қызметі немесе жұмысы бойынша белгілі болған, Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын мәліметтерді жария етуі, сол сияқты осындай мәліметтерді қамтитын құжаттарды жоғалтуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
3. Уәкілетті органның немесе қаржы басқарушысының өздеріне берілген ақпаратты Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда мемлекеттік органдарға беруі құпия ақпаратты жария ету болып табылмайды.
4. Осы Заңда көзделген рәсімдерді жүргізу кезінде мынадай:
1) қаржы басқарушысы;
2) кредиторлар;
3) кредиторлар талаптарының тізіліміне енгізілген талаптардың сомасы және кезектер бөлінісінде оларды қанағаттандыру мөлшері;
4) рәсімдерді жүргізу мерзімдері;
5) кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру графигінің орындалуы;
6) қаржы басқарушысының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдардың болуы және оларды қарау нәтижелері;
7) қаржы басқарушысын анықталған құқық бұзушылық фактілері бойынша әкімшілік жауаптылыққа тарту;
8) осы Заңда көзделген рәсімдерді тоқтату негіздері;
9) осы Заңда белгіленген құқықтарды іске асыру шеңберінде уәкілеттік берілген адамдар бастамашылық жасаған сот талқылаулары туралы ақпарат құпия болып табылмайды.
13-бап. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімдеріне қатысушылардың өзара іс-қимылы
Егер осы Заңда өзгеше белгіленбесе, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсімдеріне қатысушылар Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған кез келген тәсілмен өзара іс-қимылды жүзеге асыруға құқылы.
Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс немесе сот арқылы банкроттық рәсіміне қатысушылар электрондық тәсілмен өзара іс-қимыл жасаған кезде уәкілетті органның интернет-ресурсының веб-қосымшасын пайдаланады.
14-бап. Борышкердің мәмілелерін жарамсыз деп тану және мүлікті қайтару
1. Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген негіздер болған кезде, егер мәмілелерді борышкер немесе ол уәкілеттік берген тұлға төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот арқылы банкроттық рәсімдерін қолдану туралы іс қозғалғанға дейін үш жыл ішінде жасаса, олар жарамсыз деп танылады.
2. Осы бапта көзделген мәмілелер анықталған кезде қаржы басқарушысы, оның ішінде мәмілені анықтаған кредитордың өтінішхаты бойынша, осындай мәмілелер анықталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде оларды жарамсыз деп тану туралы арызбен сотқа жүгінуге міндетті.
3. Мәміле жарамсыз деп танылған кезде жауапкер мәміле бойынша алынғанның бәрін қайтаруға, заттай қайтару мүмкін болмаған кезде, егер Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде немесе өзге заңдарда мәміленің жарамсыз болуының өзге салдары көзделмесе, қайтарылуға жататын мүліктің құнын, мүлікті пайдаланудың, орындалған жұмыстардың немесе көрсетілген қызметтердің құнын ақшамен өтеуге міндетті.
Бұл ретте жауапкер борышкерге талап қою құқығына ие болады, ол осы Заңның 40-бабының 4-тармағына сәйкес қанағаттандырылуға жатады.
4. Мүліктің жоғалуына, бүлінуіне не кейіннен үшінші тұлғалардың адал жолмен сатып алуына байланысты оны қайтару мүмкін болмаған кезде немесе мүлік өтеусіз берілген кезде, талап етілетін мүлікті бастапқы сатып алушылар борышкердің алдында жоғарыда санамаланған әрекеттерге байланысты туындаған залалдарды өтеу бойынша жоғалған, бүлінген, берілген не үшінші тұлғалар адал жолмен сатып алған мүліктің құны шегінде жауапты болады.
15-бап. Қаржы басқарушысы
15-баптың 1-тармағы 2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
1. Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес қаржы басқарушысы қызметінің басталғаны туралы хабарламасы рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізіліміне енгізілген Қазақстан Республикасының азаматы қаржы басқарушысы болып әрекет ете алады.
15-баптың 2-тармағы 2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
2. Қаржы басқарушысы қызметінің басталғаны туралы хабарламаны:
1) «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қызметті жүзеге асыратын әкімші;
2) кәсіби бухгалтер;
3) аудитор;
4) заң консультанты беруге құқылы.
3. Қаржы басқарушысының қызметі кәсіпкерлік қызметке жатпайды, сондай-ақ аудиторлық қызмет болып табылмайды.
15-баптың 4-тармағы 2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
4. Егер арыз беруші осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген адам болып табылған жағдайда, қаржы басқарушысы қызметінің басталғаны туралы хабарламаға кәсіби бухгалтердің сертификаты қоса беріледі.
15-баптың 5-тармағы 2023 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
5. Осы баптың 2-тармағында көрсетілген адамдар қаржы басқарушысы қызметінің басталғаны туралы хабарламаны мынадай мән-жайлар:
1) психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда психикасының, мінез-құлқының бұзылуларына (ауруларына), оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты есепте тұратыны туралы мәліметтер болмаған;
2) жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы болмаған;
3) соттың әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танығаны туралы мәліметтер болмаған кезде береді.
6. Қаржы басқарушысы мынадай:
1) борышкерге немесе оның кредиторларына талаптары немесе міндеттемелері болған;
2) егер ол борышкердің немесе кредитордың жақын туысы, жұбайы (зайыбы), жұбайының (зайыбының) жақын туысы болған жағдайларда, өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға құқылы емес.
7. Қызметтің басталғаны туралы хабарламада көрсетілген деректер өзгерген кезде қаржы басқарушысы деректер өзгерген күннен бастап он жұмыс күні ішінде уәкілетті органға көрсетілген өзгерістер туралы хабарлама жіберуге міндетті.
8. Қызметі тоқтатылған кезде қаржы басқарушысы қызметі тоқтатылған кезден бастап он жұмыс күні ішінде уәкілетті органға тиісті хабарлама жіберуге міндетті.
9. Уәкілетті орган мынадай:
1) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған;
2) осы баптың 5-тармағында көзделген құжат ұсынылмаған;
3) уәкілетті орган осы баптың 6-тармағында көзделген мән-жайларды анықтаған;
4) тексерудің нәтижелері бойынша осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген талаптарды бұзушылықтар анықталған;
5) қылмыстық іс тоқтатылған не қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9) және 12) тармақтарында немесе 36-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша босатылған;
6) осы тұлғаға қатысты айыптау үкімі заңды күшіне енген;
7) психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсету ұйымдарында психикасының, мінез-құлқының бұзылуларына (ауруларына), оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды қолдануға байланысты есепке қойылған;
8) сот тәртібімен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған;
9) қаржы басқарушысы қызметін тоқтату туралы хабарлама берген;
10) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкімшінің, кәсіби бухгалтердің, аудитордың, заң консультантының қызметі тоқтатылған немесе қызметімен айналысу құқығынан айырылған;
11) қайтыс болған немесе сот қайтыс болды деп жариялаған не хабарсыз кетті деп таныған жағдайларда, қаржы басқарушысының хабарламасын рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінен алып тастайды.
10. Уәкілетті орган осы баптың 9-тармағында белгіленген жағдайлар анықталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қаржы басқарушысының хабарламасын рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінен алып тастауды жүзеге асырады.
11. Уәкілетті орган хабарламаны рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінен алып тастаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде борышкер мен кредиторға қаржы басқарушысының осындай тізілімнен алып тасталғаны туралы және жаңа қаржы басқарушысының тағайындалуы туралы ақпарат жібереді.
12. Уәкілетті орган хабарламасын рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінен алып тастаған адам алып тастау себептері жойылған жағдайда, бірақ алып тасталған күннен бастап үш жыл өткен соң қаржы басқарушысы қызметінің басталғаны туралы хабарламаны қайтадан беруге құқылы.
2-тарау. СОТТАН ТЫС БАНКРОТТЫҚ РӘСІМІ
16-бап. Борышкердің соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арызы
1. Борышкер белгіленген нысан бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) нысанда соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арыз береді.
2. Борышкердің соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арызына:
1) кредиторлардың атауы, берешек сомасы, тұрған жері көрсетілген тізімі;
2) борышкердің банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті реттеуді және (немесе) өндіріп алуды жүргізу жөнінде шаралар қабылдағанын растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.
Екінші деңгейдегі банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалының, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның және (немесе) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның банктік қарыз шартының және (немесе) микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгертуден бас тарту туралы оның себептерінің уәжді негіздемесі көрсетілген жауаптары осы тармақшада көрсетілген рәсімнің жүргізілгенін растайтын құжаттар болып табылады.
Екінші деңгейдегі банк, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкінің филиалы, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым және (немесе) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым борышкердің арызына жауап бермеген жағдайда, борышкер арызының көшірмесі немесе арыздың электрондық форматта жіберілгені туралы растама осы тармақшада көзделген рәсімнің жүргізілгенін растайтын құжат болып табылады.
3. Борышкер осы Заңның 5-бабында көзделген мән-жайларға сәйкес келген кезде, уәкілетті орган борышкер туралы мәліметтерді он бес жұмыс күні ішінде «электрондық үкімет» веб-порталында орналастырады.
4. Борышкер осы Заңның 5-бабында көзделген мән-жайларға сәйкес келмеген кезде уәкілетті орган он бес жұмыс күні ішінде уәкілетті орган белгілеген нысанда соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тарту туралы хабарлама береді.
5. Борышкер соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тартуға себеп болған негіздерді жойғаннан кейін, бірақ бас тартуды алған күннен кейін үш ай өткен соң соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арызды қайтадан беруге құқылы.
17-бап. Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану
1. Уәкілетті органның соттан тыс банкроттық рәсімін жүргізу мерзімі борышкер туралы мәліметтер «электрондық үкімет» веб-порталында орналастырылған күннен бастап алты айды құрайды.
2. Борышкер туралы мәліметтер «электрондық үкімет» веб-порталында орналастырылған күннен бастап мынадай салдар басталады:
1) борышкердің соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арызда көрсетілген кредиторлар алдындағы борыштық міндеттемелерінің мерзімдері өткен болып есептеледі;
2) соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арызда көрсетілген кредиторлардың борышкерден міндеттемелерді орындауды талап етуіне тыйым салынады;
3) борышкердің соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арызда көрсетілген кредиторлар алдындағы берешегінің барлық түрлері бойынша тұрақсыздық айыбын (өсімпұлды, айыппұлдарды) және сыйақыны есепке жазу тоқтатылады;
4) борышкердің жаңа ақшалай немесе мүліктік міндеттемелерді қабылдауына (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа) тыйым салынады;
5) уәкілетті органның мемлекеттік органдар мен өзге де органдардан және ұйымдардан борышкердің соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану алдындағы үш жылға дейінгі кезеңдегі жалпы ортақ мүлкін қоса алғанда, мүлкі туралы ақпарат алуына борышкердің келісімі берілген деп есептеледі;
6) борышкердің банктік шоттарынан кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру есебіне ақша өндіріп алуға жол берілмейді;
7) соттардың борышты өндіріп алу туралы шешімдерін орындау тоқтатыла тұрады.
18-бап. Соттан тыс банкроттық рәсімін тоқтату
1. Соттан тыс банкроттық рәсімі, егер мұндай рәсімді жүргізу мерзімі ішінде:
1) борышкер уәкілетті органға өзінің меншігіне мүлік түсіп немесе өзінің қаржылық және (немесе) мүліктік жағдайы өзгеріп, бұл оның кредиторлар алдындағы өз міндеттемелерін толық немесе отыз пайыздан асырып орындауына мүмкіндік беретініне не кредитормен кредитордың алдындағы берешекті реттеу туралы келісім жасасқанына байланысты соттан тыс банкроттық рәсімін тоқтату туралы жазбаша (қағаз және (немесе) электрондық) нысандағы арызды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы берсе;
2) мүлікті немесе мүліктік міндеттемелерді, мүлік, оның мөлшері, тұрған жері туралы мәліметтерді не мүлік туралы өзге де ақпаратты жасыру, мүлікті өзгенің иеленуіне беру, мүлікті иеліктен шығару немесе жою, сондай-ақ мүлік туралы мәліметтерді көрсететін құжаттарды жасыру, жою, бұрмалау фактілері анықталса;
3) борышкер қайтыс болса, соттың оны хабар-ошарсыз кетті деп тану туралы немесе оны қайтыс болды деп жариялау туралы шешімі заңды күшіне енсе;
4) осы Заңның 1-бабы 11) тармақшасында көрсетілген басқа кредиторлардың болу фактілері анықталып, соның салдарынан берешектің жалпы сомасы осы Заңның 5-бабы 1-тармағының бірінші абзацында көрсетілген сомадан асып түсетін болса, тоқтатылады.
2. Уәкілетті орган соттан тыс банкроттық рәсімінің тоқтатылғаны туралы хабарландыруды «электрондық үкімет» веб-порталында орналастыру арқылы осындай рәсімді тоқтатуды жүзеге асырады.
3. Соттан тыс банкроттық рәсімін тоқтату борышкердің кредиторлар алдындағы міндеттемелерін тоқтатуға алып келмейді.
Соттан тыс банкроттық рәсімі тоқтатылған күннен бастап осы Заңның 17-бабының 2-тармағында көзделген салдардың қолданылуы тоқтатылады.
19-бап. Соттан тыс банкроттық рәсімін аяқтау және борышкерді міндеттемелерден босату
1. Осы Заңның 18-бабына сәйкес соттан тыс рәсімді тоқтату үшін негіздер болмаған кезде, борышкер соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арыз берген күннен бастап алты ай өткен соң уәкілетті орган соттан тыс банкроттық рәсімін аяқтау және борышкерді банкрот деп тану туралы шешім шығарады. Шешім уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша шығарылады және «электрондық үкімет» веб-порталында орналастырылуға жатады.
2. Соттан тыс банкроттық рәсімін аяқтау және борышкерді банкрот деп тану туралы хабарландыру «электрондық үкімет» веб-порталында орналастырылған күннен бастап борышкердің соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы арызда көрсеткен міндеттемелері тоқтатылады.
3. Соттан тыс банкроттық рәсімінің аяқталғаны туралы хабарландыру орналастырылған күннен бастап бес жыл бойы банкротқа қарыздар (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа) берілмейді, сондай-ақ одан банктік қарыз және микрокредит беру шарттары бойынша кепіл, кепілдік және кепілгерлік түріндегі қамтамасыз ету қабылданбайды.
3-тарау. ТӨЛЕМ ҚАБІЛЕТТІЛІГІН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ
НЕМЕСЕ СОТ АРҚЫЛЫ БАНКРОТТЫҚ РӘСІМІ
20-бап. Борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арызы
1. Борышкер осы Заңның 6-бабында көзделген негіздер болған кезде төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арызбен сотқа жүгінеді.
2. Борышкер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арызды өзінің тұрғылықты жері бойынша сотқа жазбаша түрде немесе электрондық құжат нысанында береді.
Борышкердің арызында:
1) арыз берілетін соттың атауы;
2) кредиторлардың талаптарын қанағаттандыра алмаудың негіздемесі;
3) қоса берілетін құжаттардың тізбесі қамтылуға тиіс.
Борышкердің арызында, егер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы істі қарау үшін қажет болса, өзге де мәліметтер, сондай-ақ арыз берушіде бар өтінішхаттар көрсетілуі мүмкін.
3. Борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арызына:
1) барлық кредиторлар мен дебиторлардың тізбесі (берешек тердің сомасын және олардың қалыптасқан күнін, оларды кейіннен хабардар ету үшін тұрғылықты жерінің немесе тұрған жерінің мекенжайын, электрондық мекенжайларын және байланыс телефондарының нөмірлерін (осындай ақпарат болған кезде) көрсете отырып);
2) банкрот деп тану туралы арызбен жүгінгенге дейін кемінде алты ай бұрын жасалған бағалау туралы есепті (ол болған кезде) қоса бере отырып, борышкер мүлкінің тізімдемесі;
3) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арыз бергенге дейінгі соңғы үш жыл ішіндегі азаматтық-құқықтық және (немесе) өзге де, оның ішінде талаптары борышкердің мүлік кепілімен қамтамасыз етілген міндеттеме бойынша міндеттемелердің тізбесі;
4) борышкердің банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті реттеуді жүргізу жөнінде шаралар қабылданғанын растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі;
Екінші деңгейдегі банктің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалының, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның және (немесе) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның себептерінің уәжді негіздемесі көрсетілген банктік қарыз шартының және (немесе) микрокредит беру туралы шарттың талаптарын өзгертуден бас тарту туралы жауаптары осы тармақшада көрсетілген рәсімнің жүргізілгенін растайтын құжаттар болып табылады.
Екінші деңгейдегі банк, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалы, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым және (немесе) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым борышкердің арызына жауап бермеген жағдайда, борышкер арызының көшірмесі немесе арыздың электрондық форматта жіберілгені туралы растама осы тармақшада көзделген рәсімнің жүргізілгенін растайтын құжат болып табылады.
4. Борышкердің осы бапта белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арызын сот оны қарамастан кері қайтарады.
21-бап. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғау
1. Арыз осы Заңның 20-бабында белгіленген шарттарға сәйкес келген жағдайда сот арыз келіп түскен күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану жөнінде іс қозғау туралы ұйғарым шығарады.
2. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану жөнінде іс қозғау туралы ұйғарымда уәкілетті органның осындай ұйғарым шығарылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде қаржы басқарушысын тағайындау міндеті, сондай-ақ борышкердің, мүлікке құқықтарды тіркеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың және өзге де органдардың, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының осы Заңның 22-бабының 1-тармағында көзделген салдарды орындау жөніндегі міндеттері көрсетіледі.
Сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану жөнінде іс қозғау туралы ұйғарымда борышкердің мүліктік массасына түгендеу жүргізу үшін оған қаржы басқарушысының қол жеткізуін қамтамасыз ету бойынша борышкердің міндеті де көрсетіледі.
3. Сот төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану жөнінде іс қозғау туралы сот ұйғарымының көшірмелерін борышкерге, уәкілетті органға және борышкердің тұрғылықты жері бойынша аумақтық әділет органына және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жолдайды, олар мүлікке құқықтарды тіркеуді жүзеге асырады.
22-бап. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы іс қозғаудың салдары
1. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғау туралы ұйғарым шығарылған күннен бастап мынадай салдар басталады:
1) борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арызда көрсетілген борыштық міндеттемелерінің мерзімдері өткен болып есептеледі;
2) төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арызда көрсетілген кредиторлардың борышкерден міндеттемелерді орындауды талап етуіне тыйым салынады;
3) борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы арызда көрсетілген кредиторлар алдындағы берешегінің барлық түрлері бойынша тұрақсыздық айыбын (өсімпұлды, айыппұлдарды) және сыйақыны есепке жазу тоқтатылады;
4) борышкердің өзіне жаңа ақшалай немесе мүліктік міндеттемелерді қабылдауына (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа) тыйым салынады;
5) кредиторлардың мемлекеттік органдардан және өзге де органдар мен ұйымдардан борышкердің мүлкі туралы ақпарат алуына борышкердің келісімі берілген деп есептеледі;
6) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде емделу, жақын туысын емдеуге алып жүру, жақын туысын жерлеу қажет болған жағдайларды қоспағанда, борышкердің Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге шығуына тыйым салынады;
7) борышкердің банктік шоттарынан кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру есебіне ақшаны өндіріп алуға, сондай-ақ борышкердің мүлкіне өндіріп алуды қолдануға жол берілмейді;
8) осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, борышкерге талаптар төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімінің шеңберінде ғана қойылуы мүмкін;
9) борышкердің мүлкіне қатысты соттардың бұрын қабылданған шешімдерінің орындалуы тоқтатыла тұрады;
10) мемлекеттік органдардың, өзге де органдар мен ұйымдардың борышкер мүлікті беруге, мүліктік міндеттемелерді төлеуге немесе өзге де тәсілмен орындауға міндетті болатын шешімдерін орындау тоқтатыла тұрады.
Осы тармақтың бірінші бөлігі 1), 2), 3), 7), 8) және 9) тармақшаларының ережелері алименттер туралы және өмірге немесе денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу туралы талаптарға қолданылмайды.
2. Борышкер үшінші тұлғалардың кепілдігімен, кепілгерлігімен немесе кепілімен қамтамасыз етілген өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы іс бойынша іс жүргізуді қозғау кредитордың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы істің шеңберінен тыс борышкердің орындалмаған міндеттемелері бойынша кепілдік етушілерге, кепілгерлерге және кепіл берушілерге талаптар қою жөніндегі әрекеттерді жүзеге асыруына кедергі болмайды.
23-бап. Қаржы басқарушысының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін жүргізу кезіндегі өкілеттіктері
1. Уәкілетті орган соттың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қозғау туралы ұйғарымы шығарылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде қаржы басқарушысы қызметінің басталғаны туралы хабарламалары Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізіліміне енгізілген адамдар ішінен қаржы басқарушысын тағайындайды.
2. Осы Заңда қаржы басқарушысына жүктелген өкілеттіктерді өзге тұлғаларға беруге болмайды.
3. Егер осы Заңда өзгеше белгіленбесе, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімінде қаржы басқарушысының сыйақысы борышкердің қаражаты есебінен төленеді.
Қаржы басқарушысы ай сайынғы сыйақысының мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген бір ең төмен жалақының мөлшерін құрайды.