276-бап. Қазақстан Республикасының аумағында инвесторлардың қызметiн құқықтық қорғау кепiлдiктерi
277-бап. Кiрiстердi пайдалану кепiлдiктерi
278-бап. Мемлекеттiк органдардың инвесторларға қатысты қызметiнiң жариялылығы және инвестициялық қызметтi жүзеге асыруға байланысты ақпаратқа инвесторлардың қол жеткiзуiн қамтамасыз ету
279-бап. Мемлекет меншiгiне алу және реквизициялау кезiндегi инвесторлар құқықтарының кепiлдiктерi
280-бап. Инвестор құқықтарының басқа тұлғаға ауысуы
2-параграф. Инвестицияларды мемлекеттік қолдау
281-бап. Инвестицияларды мемлекеттiк қолдаудың мақсаты
282-бап. Инвестициялар жөніндегі уәкiлеттi орган
283-бап. Инвестициялық преференциялар ұғымы және түрлері
284-бап. Инвестициялық жоба
285-бап. Инвестициялық преференцияларды алу тәртiбi
286-бап. Инвестициялық преференциялар беру шарттары
287-бап. Кедендік баждар салудан босату
288-бап. Мемлекеттiк заттай гранттар
289-бап. Қазақстан Республикасының заңнамасы өзгерген кездегі тұрақтылық кепілдігі
290-бап. Салықтар бойынша преференциялар
291-бап. Инвестициялық субсидия
292-бап. Инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiмге қойылатын талаптар
293-бап. Инвестициялық преференциялар беруге арналған өтiнiмдi қарау мерзiмдерi
294-бап. Инвестициялық келiсiмшарт жасасу
295-бап. Инвестициялық келiсiмшартты бұзу жағдайлары
295-1-бап. Арнайы инвестициялық келiсiмшартты жасасу және бұзу
296-бап. Инвестициялық дауларды шешу
26-тарау. ҮШІНШІ ЕЛДЕРГЕ ҚАТЫСТЫ АРНАЙЫ ҚОРҒАУ, ДЕМПИНГКЕ ҚАРСЫ ЖӘНЕ ӨТЕМАҚЫ ШАРАЛАРЫ
297-бап. Ішкі нарықты қорғау шараларын енгізу туралы жалпы ережелер
298-бап. Шаралардың түрлері
299-бап. Арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану қағидаттары
6-БӨЛІМ. КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ҚОРҒАУ НЫСАНДАРЫ МЕН ТӘСІЛДЕРІ
27-тарау. КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ
300-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау нысандары
301-бап. Қорғаудың соттағы нысаны
302-бап. Тараптары кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын дауларды сотқа дейін реттеу
303-бап. Қорғаудың соттан тыс нысандары
304-бап. Төрелікте құқықтарды қорғау
305-бап. Құқықтарды медиация рәсімін қолдану арқылы қорғау
306-бап. Құқықтарды партисипативтік рәсім тәртібімен қорғау
28-тарау. ҚАЗАҚСТАН КӘСІПКЕРЛЕРІНІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ. ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ОМБУДСМЕН
1-параграф. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің құқықтық мәртебесі
307-бап. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл ұғымы
308-бап. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл қызметінің негіздері
309-бап. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің функциялары
310-бап. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің міндеттері
311-бап. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің өтініштерді қарау тәртібі
312-бап. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілді лауазымға тағайындау және лауазымынан босату
313-бап. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің қызметін ұйымдастыру
2-параграф. Инвестициялық омбудсменнің құқықтық мәртебесі
314-бап. Инвестициялық омбудсмен
315-бап. Инвестициялық омбудсменнің функциялары
316-бап. Инвестициялық омбудсменнің құқықтары мен міндеттері
317-бап. Инвестициялық омбудсменнің қызметін ұйымдастыру
29-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДЫҢ ЖӘНЕ ЛАУАЗЫМДЫ АДАМДАРДЫҢ ШЕШІМДЕРІНЕ, ӘРЕКЕТТЕРІНЕ (ӘРЕКЕТСІЗДІГІНЕ) ШАҒЫМ ЖАСАУ
318-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің шағымдарын қараудың міндеттілігі
319-бап. Шағым жасау құқығы
7-БӨЛІМ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫНДАҒЫ ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ЖАУАПТЫЛЫҚ. ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
30-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫНДАҒЫ ЗАҢНАМАСЫН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ЖАУАПТЫЛЫҚ
320-бап. Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық
321-бап. Мемлекеттік органдардың және олардың лауазымды адамдарының өз қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауаптылығы
322-бап. Кәсiпкерлiк субъектiсiн тексерудiң белгiленген тәртiбiн бұзғаны үшiн жауаптылық
31-тарау. ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
323-бап. Осы Кодекстің жекелеген нормаларын қолдану тәртібі
324-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгiзу тәртiбi
Осы Кодекс Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік еркіндігін қамтамасыз ететін құқықтық, экономикалық және әлеуметтік жағдайлар мен кепілдіктерді айқындайды, кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимылына, оның ішінде кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеуге және қолдауға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-БӨЛІМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-тарау. КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІ МЕН МЕМЛЕКЕТТІҢ ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1-бап. Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Қатысушылардың теңдігіне негізделген тауар-ақша және өзге де мүліктік қатынастар, сондай-ақ мүліктік қатынастарға байланысты жеке мүліктік емес қатынастар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасымен реттеледі.
Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Кодексте көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде қамтылған Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасы нормаларының олқылықтары немесе осы Кодекстің ережелеріне қайшылықтары анықталған жағдайда, осы Кодекстің ережелері қолданылады.
Кәсіпкерліктің жекелеген түрлерін жүзеге асырудың ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
2-бап. Кәсіпкерлік ұғымы және оны құқықтық реттеудің шектері
Азаматтардың, оралмандардың және заңды тұлғалардың мүлікті пайдалану, тауарларды өндіру, сату, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету арқылы таза кіріс алуға бағытталған, жеке меншік құқығына (жеке кәсіпкерлікке) не шаруашылық жүргізу немесе мемлекеттік кәсіпорынды жедел басқару құқығына (мемлекеттік кәсіпкерлікке) негізделген дербес, бастамашыл қызметі кәсіпкерлік болып табылады. Кәсіпкерлік қызмет кәсіпкер атынан, оның тәуекел етуімен және мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылады.
Кәсіпкерлік қызмет тек Қазақстан Республикасының заңдарымен ғана шектелуі мүмкін.
Мемлекеттік органдардың жекелеген кәсіпкерлік субъектілерінің артықшылықты жағдайын белгілейтін нормативтік құқықтық актілер қабылдауына тыйым салынады.
3-бап. Кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимылының мақсаттары мен қағидаттары
1. Кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимылы Қазақстан Республикасында кәсіпкерлікті дамыту және қоғам үшін қолайлы жағдайлар жасауға, кәсіпкерлік бастаманы ынталандыруға бағытталады.
2. Кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимылының қағидаттары мыналар болып табылады:
1) заңдылық;
2) кәсіпкерлік еркіндігі;
3) кәсіпкерлік субъектілерінің теңдігі;
4) меншікке қол сұғылмаушылық;
5) адал бәсекелестік;
6) тұтынушылар, кәсіпкерлік субъектілері және мемлекет мүдделерінің теңгерімі;
7) мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы және ақпаратқа қолжетімділік;
8) кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің тиімділігі;
9) кәсіпкерлік субъектілерінің өз құқықтары мен заңды мүдделерін өз бетінше қорғау қабілеттілігін арттыру;
10) құқық бұзушылықтың алдын алу басымдығы;
11) кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара жауапкершілігі;
12) сыбайлас жемқорлықтан азат болу;
13) кәсіпкерлік қызметті ынталандыру және оны қорғау мен қолдауды қамтамасыз ету;
14) отандық тауарлар өндірушілерді, жұмыс орындаушыларды, қызмет көрсетушілерді қолдау;
15) мемлекеттің кәсіпкерлік субъектілерінің ісіне заңсыз араласуына жол бермеу;
16) жеке кәсіпкерлік субъектілерінің норма шығарушылыққа қатысуы;
17) кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін ынталандыру;
18) мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке шектеулі қатысуы;
3-баптың 2-тармағының 19) тармақшасы өзін-өзі реттеу туралы заңнамалық акт қолданысқа енгізілгеннен кейін қолданысқа енгізіледі
19) өзін-өзі реттеу.
4-бап. Заңдылық
1. Кәсіпкерлік субъектілері кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде, мемлекеттік органдар, мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасы Конституциясының, осы Кодекстің және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын сақтауға міндетті.
2. Мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының Конституциясына және оған сәйкес келетін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне мазмұны, ресімделуі және (немесе) оларды қабылдау рәсімдері бойынша қайшы келетін актілері мен шешімдері қабылданған кезінен бастап заңсыз әрі жарамсыз деп танылады және күші жойылуға жатады.
5-бап. Кәсіпкерлік еркіндігі
1. Әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы бар.
2. Кәсіпкерлік субъектілері Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған кез келген кәсіпкерлік қызмет түрлерін жүзеге асыруға құқылы.
6-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің теңдігі
1. Кәсіпкерлік субъектілері өздерінің меншік нысанына және кез келген өзге де мән-жайларға қарамастан, заң мен сот алдында тең.
2. Кәсіпкерлік субъектілері кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде тең мүмкіндіктерге ие болады.
7-бап. Меншікке қол сұғылмаушылық
1. Кәсіпкерлік субъектілерінің меншігіне қол сұғылмаушылыққа заңмен кепілдік беріледі.
2. Кәсіпкерлік субъектілері заңды түрде сатып алған кез келген мүлікті меншігінде иелене алады.
3. Сот шешімінсіз кәсіпкерлік субъектілерін өз мүлкінен айыруға болмайды. Заңда көзделген айырықша жағдайларда мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару тең бағамен өтелген жағдайда жүргізілуі мүмкін.
8-бап. Адал бәсекелестік
1. Бәсекелестікті шектеуге немесе жоюға, тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым көрсетуге бағытталған қызметке, жосықсыз бәсекелестікке тыйым салынады.
Монополистік қызмет заңмен реттеледі және шектеледі.
2. Монополияға қарсы реттеу бәсекелестікті қорғау, тауар нарықтарының тиімді жұмыс істеуі үшін жағдайлар жасау, экономикалық кеңістіктің біртұтастығын, Қазақстан Республикасында тауарлардың еркін өткізілуін және экономикалық қызметтің еркіндігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
9-бап. Тұтынушылар, кәсіпкерлік субъектілері және мемлекет мүдделерінің теңгерімі
Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің нысандары мен құралдарын енгізу қызмет немесе әрекеттер (операциялар) қауіпсіздігінің жеткілікті деңгейін, кәсіпкерлік субъектілеріне объективті түрде қажетті ең аз жүктеме кезінде тұтынушылардың құқықтарын барынша тиімді қорғауды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік органдар мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру кезінде кәсіпкерлік субъектілерінен Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде көзделмеген құжаттарды және (немесе) қосымша мәліметтерді ұсынуды талап етуге құқылы емес.
3. Біліктілік және рұқсат беру талаптары кәсіпкерлік субъектілеріне жүзеге асырылатын қызмет, әрекеттер (операциялар) қауіпсіздігінің немесе объект қауіпсіздігінің талап етілетін деңгейін қамтамасыз ету үшін жеткілікті ресурстардың, нормативтер мен көрсеткіштердің ең аз қажетті жиынтығын қамтамасыз етуге тиіс.
10-бап. Мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы және ақпаратқа қолжетімділік
1. Мемлекеттік органдардың қызметі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шекте жариялы және ашық болуға тиіс.
2. Мемлекеттік органдар кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын шешімдер қабылдау бойынша өз қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге міндетті.
3. Мемлекеттік органдарда бар және кәсіпкерлік субъектілеріне қажетті ақпарат, егер оны пайдалану Қазақстан Республикасының заңдарымен шектелмесе, қолжетімді болуға тиіс. Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, мұндай ақпарат тегін беріледі.
4. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеуге байланысты барлық рәсімдер мен талаптар нақты және түрлі түсіндірілуге жатпайтын мағынаны қамтуға тиіс.
11-бап. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің тиімділігі
Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеудің тиімділігіне оның негіздеудің, келісудің және мониторингтеудің міндетті рәсімдерін ендіру арқылы қол жеткізіледі.
12-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің өз құқықтары мен заңды мүдделерін өз бетінше қорғау қабілеттілігін арттыру
1. Кәсіпкерлік субъектілері осы Кодексте белгіленген тексеру жүргізуге қойылатын талаптарды мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдары сақтамаған жағдайларда, лауазымды адамдарды тексеруге жібермеуге құқылы.
2. Мемлекеттік бақылаудың және қадағалаудың жүзеге асырылуы барысында өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында кәсіпкерлік субъектілері үшінші тұлғаларды тексеруге қатысуға тартуға құқылы.
13-бап. Құқық бұзушылықтың алдын алу басымдығы
1. Құқық бұзушылықтар профилактикасының және кәсіпкерлік субъектісінің Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген талаптарды орындау уәждемесінің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру процесінде мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану алдында басымдығы бар.
2. Кәсіпкерлік субъектісі жасаған құқық бұзушылық үшін мемлекеттік мәжбүрлеу шаралары оның сипатына және ауырлығына сәйкес болуға тиіс.
14-бап. Кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара жауапкершілігі
1. Мемлекет рұқсат беру арқылы лицензиаттың, екінші санаттағы рұқсат иесінің мемлекеттік реттеудің мақсаттарына сәйкес қауіпсіздіктің ең төмен деңгейін қамтамасыз ететінін растайды.
2. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу процесінде мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының тарапынан кәсіпкерлік субъектілері заңды қызметінің жүзеге асырылуына кедергілер жасалмауға тиіс.
3. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу процесінде кәсіпкерлік субъектілері өз міндеттерін орындаған немесе өздеріне заң бойынша берілген құқықтарды іске асырған кезде, олардың әрекеттерінің адалдығы көзделеді.
Кәсіпкерлік субъектісі сонымен қатар, егер құқықтарын, заңды мүдделерін іске асыру және (немесе) міндеттерін орындау кезінде ол мемлекеттік органның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оған бекітіліп берілген құзыреті шегінде берген ресми түсіндірулерін басшылыққа алса, адал деп есептеледі.
Мемлекеттік органның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтін актісін шығаруы салдарынан, сондай-ақ осы органдардың лауазымды адамдарының әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) кәсіпкерлік субъектісіне келтірілген залалдар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген тәртіппен өтелуге жатады.
4. Мемлекеттік орган қарап жатқан мән-жайлар туралы кәсіпкерлік субъектілерінің берген нақты деректері сот немесе мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес керісінше деп белгіленге дейін дұрыс деп есептеледі.
5. Басқа кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым көрсету немесе бұрыннан бар міндеттерін орындаудан немесе нақты жасалған құқық бұзушылықтар үшін заңды жауаптылықтан жалтару мақсатымен осы Кодекспен және өзге де нормативтік құқықтық актілермен берілген құқықтарды олардың мақсатына қайшы келетіндей етіп пайдалануға тыйым салынады.
15-бап. Сыбайлас жемқорлықтан азат болу
1. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеуді енгізу және жүзеге асыру кезінде мүдделер қақтығысы және құқықты таңдап қолдану фактілері орын алмауға тиіс.
2. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу процесінде кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік органдармен байланыстарын шектеу мақсатында нормативтік құқықтық актілерде «бір терезе» қағидатын қолдану көзделуге тиіс, бұл ретте мемлекеттік органдардан барлық қажетті келісулерді ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасау тәртібімен мемлекеттік органдардың өздері алуға тиіс.
3. Мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың және оларға теңестірілген, кәсіпкерлік қызметті реттеуді жүзеге асыратын адамдардың мүліктік игіліктер мен артықшылықтарды қолдану мақсатында қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалануына жол берілмейді.
16-бап. Кәсіпкерлік қызметті ынталандыру және оны қорғау мен қолдауды қамтамасыз ету
1. Кәсіпкерлік субъектілерін дамытуды ынталандыру мақсатында мемлекет кәсіпкерлік бастаманы іске асыру үшін қолайлы құқықтық, экономикалық, әлеуметтік жағдайлар мен кепілдіктер жасауға бағытталған шаралар кешенін жүргізеді.
2. Кәсіпкерлік қызметті ынталандыру, оның ішінде кәсіпкерлікті қорғау мен қолдауды қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады.
17-бап. Отандық тауар өндірушілерді, жұмыс орындаушыларды, қызмет көрсетушілерді қолдау
1. Мемлекеттік органдар және өзге де ұйымдар тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің отандық өндірісін дамытуды ынталандыру үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі шараларды іске асырады.
2. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу және оларға сараптама жасау, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу және халықаралық ұйымдардың шешімдер қабылдауына қатысу кезінде отандық тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделері ескеріледі.
18-бап. Мемлекеттің кәсіпкерлік субъектілерінің ісіне заңсыз араласуына жол бермеу
Мемлекеттің кәсіпкерлік субъектілерінің, олардың бірлестіктерінің ісіне, сондай-ақ көрсетілген бірлестіктердің мемлекеттің ісіне заңсыз араласуына және оларға мемлекеттік органдардың функцияларын жүктеуге жол берілмейді.
19-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің норма шығарушылыққа қатысуы
Жеке кәсіпкерлік субъектілері Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің аккредиттелген бірлестіктері арқылы, кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын, Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының жобаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шарттарды әзірлеуге және оларға сараптама жасауға қатысады.
20-бап. Кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін ынталандыру
Кәсіпкерлік субъектілерінің өз қызметіне әлеуметтік жауапкершілікті ендіруіне мемлекет кепілдік береді және оны көтермелейді.
21-бап. Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке шектеулі қатысуы
1. Мемлекет кәсіпкерлік қызметке осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының заңдарымен шектелген шекте қатысады.
2. Мемлекет жеке кәсіпкерлікті және бәсекелестікті дамыту мақсатында мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысу үлесін кәсіпкерлік саласында мемлекеттік заңды тұлғалар, жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғалар құруды шектеу арқылы қысқартуға бағытталған шараларды қолданады.
22-бап өзін-өзі реттеу туралы заңнамалық акт қолданысқа енгізілгеннен кейін қолданысқа енгізіледі
22-бап. Өзін-өзі реттеу
Мемлекет кәсіпкерлік және кәсіби қызметте өзін-өзі реттеуді дамыту үшін мемлекеттік реттеу саласын ондағы ең төмен қажеттілікті негізге ала отырып қысқарту арқылы жағдайлар жасайды.
2-тарау. КӘСІПКЕРЛІК СУБЪЕКТІЛЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЖҰМЫС ІСТЕУ ШАРТТАРЫ
1-параграф. Кәсіпкерлік субъектілері туралы жалпы ережелер
23-бап. Кәсіпкерлік субъектілері
1. Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын азаматтар, оралмандар және мемлекеттік емес коммерциялық заңды тұлғалар (жеке кәсіпкерлік субъектілері), мемлекеттік кәсіпорындар (мемлекеттік кәсіпкерлік субъектілері) кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.
2. Кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын жеке тұлға осы Кодексте көзделген тәртіппен дара кәсіпкер ретінде тіркеледі.
3. Кәсіпкерлік субъектісі болып табылатын заңды тұлға Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген ұйымдық-құқықтық нысанда құрылуы мүмкін.
24-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің санаттары
1. Жұмыскерлердің жылдық орташа санына және жылдық орташа кіріске қарай кәсіпкерлік субъектілері мынадай санаттарға жатқызылады:
шағын кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілері;
орта кәсіпкерлік субъектілері;
ірі кәсіпкерлік субъектілері.
2. Кәсіпкерлік субъектілерін осы баптың 1-тармағында көрсетілген санаттарға жатқызу мынадай мақсаттар үшін пайдаланылады:
мемлекеттік статистика;
мемлекеттік қолдау көрсету;
Қазақстан Республикасы заңнамасының өзге де нормаларын қолдану.
Мемлекеттік статистика мақсаттары үшін жұмыскерлердің жылдық орташа санының өлшемшарты ғана пайдаланылады.
Мемлекеттік қолдау көрсету және Қазақстан Республикасы заңнамасының өзге де нормаларын қолдану мақсаттары үшін екі өлшемшарт: жұмыскерлердің жылдық орташа саны және жылдық орташа кіріс пайдаланылады.
Кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа саны осы субъект филиалдарының, өкілдіктерінің және басқа да оқшауланған бөлімшелерінің жұмыскерлерін, сондай-ақ дара кәсіпкердің өзін қоса алғанда, барлық жұмыскерлер ескеріле отырып айқындалады.
Соңғы үш жылдағы жиынтық жылдық кірістердің немесе Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес патент немесе оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын кәсіпкерлік субъектілері кірістерінің үшке бөлінген сомасы жылдық орташа кіріс деп есептеледі.
Жеке кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау бағдарламаларында өзге де өлшемшарттар көзделуі мүмкін.
Кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа санын және жылдық орташа табысын есептеу қағидаларын қараңыз
3. Заңды тұлға құрмаған дара кәсіпкерлер және жұмыскерлерінің жылдық орташа саны бір жүз адамнан аспайтын және жылдық орташа кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің үш жүз мың еселенген мөлшерінен аспайтын, кәсіпкерлікті жүзеге асыратын заңды тұлғалар шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.
Жұмыскерлерінің жылдық орташа саны он бес адамнан аспайтын немесе жылдық орташа кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің отыз мың еселенген мөлшерінен аспайтын, жеке кәсіпкерлікті жүзеге асыратын шағын кәсіпкерлік субъектілері микрокәсіпкерлік субъектілері болып табылады.
4. Мемлекеттік қолдау және Қазақстан Республикасы заңнамасының өзге де нормаларын қолдану мақсаттары үшін:
1) есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты әрекетті;
2) акцизделетін өнімді өндіруді және (немесе) көтерме саудада өткізуді;
3) астық қабылдау пункттерінде астық сақтау жөніндегі қызметті;
4) лотереялар өткізуді;
5) ойын бизнесі саласындағы қызметті;
6) радиоактивті материалдардың айналымына байланысты қызметті;
7) банк қызметін (не банк операцияларының жекелеген түрлерін) және сақтандыру нарығындағы қызметті (сақтандыру агенті қызметінен басқа);
8) аудиторлық қызметті;
9) бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызметті;
10) кредиттік бюролар қызметін;
11) күзет қызметін;
12) азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарының айналымына байланысты қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар шағын кәсіпкерлік, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілері деп танылмайды.
Осы тармақта көрсетілген қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар - орта кәсіпкерлік субъектілеріне, ал осы баптың 6-тармағында белгіленген өлшемшарттарға сай келген жағдайда ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жатқызылады.
Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес ойын бизнесі салығын, тіркелген салықты және бірыңғай жер салығын төлеушілер болып табылатын жеке кәсіпкерлік субъектілері үшін жұмыскерлердің саны бойынша өлшемшарт пайдаланылады.
5. Кәсіпкерлікті жүзеге асыратын, осы баптың 3 және 6-тармақтарына сәйкес шағын және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне жатпайтын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.
6. Кәсіпкерлікті жүзеге асыратын және мынадай өлшемшарттардың біреуіне немесе екеуіне сай келетін: жұмыскерлерінің жылдық орташа саны екі жүз елу адамнан асатын және (немесе) жылдық орташа кірісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің үш миллион еселенген мөлшерінен асатын дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар ірі кәсіпкерлік субъектілері болып табылады.