2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 114-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
114-бап. Қазақстан Республикасының орман заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының орман заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
115-бап. Мемлекеттік орман қорынан өз бетiмен иеленген аумақтарды қайтару
1. Мемлекеттік орман қорынан өз бетiмен иеленген аумақтар оларды заңсыз пайдалану кезiнде шыққан шығындар өтелместен тиесiлi иелерiне қайтарылады. Бұл ретте мемлекетке орман иеленушi шеккен залал өтеледi.
2. Өз бетімен тұрғызылған құрылыстарды бұзу, жерлерді нысаналы мақсатына сәйкес келтiру және орман алқаптарын қалпына келтiру заң бұзушылар есебiнен жүргiзiледi.
2012.25.01. № 548-IV ҚР Заңымен 116-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
116-бап. Орман қорына кiрмейтiн ағаш және бұта өсiмдiктерiн жойғаны немесе зақымдағаны үшiн жауаптылық
Осы Кодекстiң 6-бабы 5-тармағының 3) тармақшасында көрсетiлгеннен басқа, орман қорына кiрмейтiн ағаш және бұта өсiмдiктерiн заңсыз жою немесе зақымдау Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
20-тарау. Қорытынды ережелер
117-бап. Ормандарды күзету, қорғау, молықтыру, орман өсiру мен орман пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастық
Ормандарды күзету, қорғау, молықтыру, орман өсiру мен орман пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен белгiленген принциптерге сәйкес жүзеге асырылады.
2017.15.06. № 73-VІ ҚР Заңымен 117-1-баппен толықтырылды
117-1-бап. Орман шаруашылығының мамандарын құқықтық және әлеуметтік қорғау
1. Орман шаруашылығының мамандары Қазақстан Респрубликасының заңнамасына сәйкес құқықтық және әлеуметтік қорғалуға жатады.
2-тармақ 2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
2. Азаматтық қызметшілер болып табылатын және ауылдық жерде жұмыс істейтін орман шаруашылығының мамандарына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кемінде жиырма бес пайызға жоғарылатылған лауазымдық айлықақылар белгіленеді.
3. Орман шаруашылығының мамандарына мал жаю және шөп шабу үшін жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша жер учаскелері беріледі.
118-бап. Осы Кодекстi қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Кодекс ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
2. Мыналардың күшi жойылды деп танылсын:
1) 1993 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Орман кодексi (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1993 ж., № 3, 45-құжат; 1995 ж., № 20, 120-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., № 11, 357-құжат; 2001 ж., № 3, 20-құжат; № 24, 338-құжат);
2) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң «Қазақстан Республикасының Орман кодексiн күшiне енгізу тәртібі туралы» 1993 жылғы 23 қаңтардағы Қаулысы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң Жаршысы, 1993 ж., № 3, 46-құжат).
Қазақстан Республикасының Президентi | Н. Назарбаев |
Астана, Ақорда, 2003 жылғы шілденің 8-і.
№ 477-II