9) Экономикалық саясат жөніндегі кеңес мақұлдаған инвестициялық декларацияда Қордың активтерін орналастыру кезінде әртараптандыру және тәуекелдерді азайту жөніндегі талаптарды белгілеу;
10) осы Кодекске сәйкес Қордың басшы қызметкерлеріне қойылатын талаптарды белгілеу арқылы қамтамасыз етіледі.
30-бап. Қордың активтерін басқару тәртібі
1. Қордың активтерін сенімгерлік басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Экономикалық саясат жөніндегі кеңес мақұлдаған инвестициялық декларация және Қор мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі арасында жасалатын шарт негізінде жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қордың активтерін инвестициялау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған қаржы құралдарының тізбесі мен лимиттеріне сәйкес Қордың активтерін орналастыруды жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қордың активтерін шоғырландыру және орналастыру, инвестициялық кіріс алу жөніндегі барлық операциялардың есебін жүргізеді және жасалған шартқа сәйкес Қорға тоқсан сайын оның шоттарының және Қор активтерімен жүргізілетін инвестициялық қызметтің жай-күйі туралы есепті ұсынады.
31-бап. Қордың есепке алуы және есептілігі
1. Қор Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бухгалтерлік есепке алуды жүргізеді және Қордың меншікті қаражаты мен активтері бойынша қаржылық есептілікті бөлек-бөлек ұсынады.
2. Қор бухгалтерлік есепке алуды және есептілікті жасау кезінде пайдаланылатын құжаттардың есепке алынуы мен сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Сақталуға жататын негізгі құжаттардың тізбесі және оларды сақтау мерзімдері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленеді.
32-бап. Қордың аудиті
1. Қордың жылдық қаржылық есептілігінің аудитін Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес аудит жүргізуге құқылы аудиторлық ұйымдар жүргізеді.
2. Аудиторлық есеп коммерциялық құпия болып табылмайды.
3. Қордың жылдық қаржылық есептілігіне жүргізілген міндетті аудиттің нәтижелері бойынша аудиторлық ұйым:
1) Қордың меншікті қаражаты;
2) Қордың активтері бойынша екі аудиторлық есеп жасайды.
4. Қордың жылдық қаржылық есептілігінің міндетті аудиті бойынша шығыстар Қордың меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
33-бап. Қордың басшы қызметкерлеріне қойылатын талаптар
1. Атқарушы органның бірінші басшысы мен оның орынбасарлары, бас бухгалтер Қордың басшы қызметкерлері болып танылады.
2. Қордың басшы қызметкерлеріне мынадай талаптар белгіленеді:
1) атқарушы органның бірінші басшысы мен оның орынбасарлары үшін:
білімі - жоғары кәсіби (заңгерлік, қаржылық, экономикалық);
халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшы лауазымдарда кемінде алты жыл жұмыс өтілі;
2) бас бухгалтер үшін:
білімі - жоғары кәсіби (қаржылық, экономикалық);
қаржы-бухгалтерлік саладағы басшы лауазымдарда кемінде бес жыл жұмыс өтілі.
3. Қордың басшы қызметкері болып мынадай:
1) мінсіз іскерлік беделі жоқ адам тағайындалмайды.
Кәсібилігін, адалдығын, алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығының болмауын, оның ішінде қаржы ұйымының, банк және (немесе) сақтандыру холдингінің басшы қызметкері лауазымын атқару және қаржы ұйымының ірі қатысушысы (ірі акционері) болу құқығынан өмір бойына айыру түріндегі қылмыстық жазаны қолдану туралы заңды күшіне енген сот үкімінің болмауын растайтын фактілердің болуы мінсіз іскерлік бедел болып табылады;
2) бұрын осы адам заңды тұлғаның бірінші басшысы, бірінші басшысының орынбасары, бас бухгалтері лауазымында болған кезеңде банкрот деп танылған немесе санацияға, консервациялауға, мәжбүрлеп таратуға ұшыраған заңды тұлғаның бірінші басшысы, бірінші басшысының орынбасары, бас бухгалтері болған;
3) заңда белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған;
2023.04.07. № 15-VІІІ ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін өзіне қатысты соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі бар немесе сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;
5) тағайындалған күнге дейін үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жаза қолданылған адам тағайындалмайды.
5-тарау. БІРЫҢҒАЙ ЖИНАҚТАУШЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫ
34-бап. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметін ұйымдастыру
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры акционерлік қоғам нысанында құрылады, коммерциялық емес ұйым болып табылады.
2. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының атауында «бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» деген сөздер болуға тиіс.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының атауында «БЖЗҚ» деген аббревиатура пайдаланылып, оның атауын қысқартуға жол беріледі.
3. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын қоспағанда, заңды тұлғалардың өз атауында «бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» деген сөздерді қандай тілде болмасын, толық және қысқартылған түрінде пайдалануына тыйым салынады.
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жалғыз акционері болып табылады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру, қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдайды.
5. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Қазақстан Республикасының Үкіметіне тиесілі акцияларын сенімгерлік басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады.
6. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының органдары, олардың функциялары мен өкілеттіктері, олардың шешімдерді қалыптастыруы мен қабылдауының тәртібі осы Кодексте, Қазақстан Республикасының Үкіметімен, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жарғысында және ішкі құжаттарында айқындалады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және уәкілетті мемлекеттік органның өкілдері бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының директорлар кеңесінің құрамына дауыс беру құқығымен тұрақты негізде кіреді.
2023.16.11. № 40-VIII ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған, кепілдік берілетін депозит бойынша кепілді өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке жатқызуды және есепке алуды жүзеге асырады және зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.
Өзге тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын тартуына, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған, кепілдік берілетін депозит бойынша кепілді өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке жатқызуына және есепке алуына тыйым салынады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтарды нысаналы жинақтау шоттарына есепке алу мен есепке жатқызуды, нысаналы жинақтарды алушыға нысаналы жинақтау шотынан нысаналы жинақтарды алушылардың нысаналы жинақ төлемдерін есепке жатқызуға арналған банктік шоттарына нысаналы жинақтарды төлеуді, нысаналы жинақтардың қайтарылуын есепке алуды жүзеге асырады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры нысаналы жинақты алушы он сегіз жасқа толғаннан кейін он жыл ішінде пайдаланылмаған нысаналы жинақтарды алушының нысаналы жинақтарын нысаналы жинақтау шоттарынан ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған жеке зейнетақы шотына аударады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында нысаналы жинақтары бар нысаналы талаптарға қатысушы немесе нысаналы жинақтарды алушы қайтыс болған не оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген жағдайда, мұндай нысаналы жинақтар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады.
8. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметін жүзеге асыру қағидаларын қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.
35-бап. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының құқықтары мен міндеттері
1. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының:
1) ерікті зейнетақы жарналарын тартуға;
2) өз қызметі үшін комиссиялық сыйақы алуға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен сотта зейнетақымен қамсыздандыруға байланысты мәселелер бойынша міндетті зейнетақы жарналары салымшысының, өзі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаның, зейнетақы төлемдерін алушының мүдделерін білдіруге;
4) мүлікті жалға беруге;
5) филиалдар мен өкілдіктер ашуға;
6) меншікті активтерді инвестициялау нәтижесінде инвестициялық кіріс алуға;
7) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ішкі құжатында айқындалған тәртіппен биометриялық сәйкестендіру рәсімі немесе өзге де сәйкестендіру құралдары арқылы зейнетақы қызметтерін көрсетуге;
8) зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарттарға, кастодиандық шарттарға сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
2. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры:
1) міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын тартуға;
2) «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған, кепілдік берілетін депозит бойынша кепілді өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке жатқызуды және есепке алуды жүзеге асыруға;
3) зейнетақы төлемдерін алушыларға және (немесе) уәкілетті операторға Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға;
4) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен зейнетақы жинақтарын, оның ішінде инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын және төлемдерді жеке есепке алуды жүзеге асыруға;
5) өз атына жеке зейнетақы шоты ашылған жеке тұлғаға осы Кодекстің 55-бабында көзделген ережелерді ескере отырып:
оның ішінде осы Кодекстің 262-бабы 5-тармағының ережелерін ескере отырып, оның сұрау салуы бойынша бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жеке зейнетақы шоты ашылған күннен бастап кез келген сұрау салынатын күнге зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы;
міндетті зейнетақы жарналары есебінен құралған зейнетақы жинақтарының біржолғы зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру үшін қолжетімді сомасы туралы;
міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары есебінен құралған зейнетақы жинақтарының инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беру үшін қолжетімді сомасы туралы ақпаратты ақы алмай беруге міндетті.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының көрсетілген зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты беру тәсілі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ішкі құжаттарында айқындалады;
6) зейнетақы төлемдерін есепке алу, аудару, қайтару, тоқтату мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Мемлекеттік корпорациямен өзара іс-қимылды жүзеге асыруға;
7) біржолғы зейнетақы төлемдерін есепке алу, аудару, төлеу және қайтару мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен уәкілетті оператормен өзара іс-қимылды жүзеге асыруға;
8) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мен депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым арасында жасалған келісімде белгіленген тәртіппен депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйыммен өзара іс-қимылды жүзеге асыруға;
9) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде зейнетақы активтері есебінен қалыптасқан бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық портфелінің құрылымы туралы мәліметтерді өзінің интернет-ресурсында жариялауға;
10) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен және көлемде инвестициялық портфельді басқарушылар туралы ақпаратты, оның ішінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарттар жасасқан инвестициялық портфельді басқарушылардың тізбесін ашуға;
11) жыл сайын келесі қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заң ресми жарияланғаннан кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей, алдағы жылға есептелген және қолданыста болатын зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шектерін кемінде екі баспасөз басылымында қазақ және орыс тілдерінде, сондай-ақ өзінің интернет-ресурсында жариялау арқылы бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыруға;
12) міндетті зейнетақы жарналарының салымшыларына, өздері үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаларға (зейнетақы төлемдерін алушыларға) зейнетақы жүйесінің жұмыс істеуі және инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызмет мәселелері бойынша өтеусіз консультациялық қызметтер көрсетуге;
13) міндетті зейнетақы жарналары салымшысының, өзі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаның (зейнетақы төлемдерін алушының) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге;
14) осы Кодекстің нормаларын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болуға;
15) міндетті зейнетақы жарналары салымшысының, өзі үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаның (зейнетақы төлемдерін алушының) зейнетақы жинақтарын осы Кодексте және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген тәртіппен сақтандыру ұйымына аударуға;
16) осы Кодексте және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген тәртіппен зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беруге;
17) осы Кодексте және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген тәртіппен зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруынан Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруына аударуды жүзеге асыруға;
18) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт жасасуға;
19) инвестициялық портфельді басқарушымен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт, сондай-ақ инвестициялық портфельді басқарушымен және кастодиан-банкпен кастодиандық шарт жасасуға;
20) өзі үшін ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаның (зейнетақы төлемдерін алушының) ерікті зейнетақы жарналары есебінен құралған зейнетақы жинақтарын осы Кодексте және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген тәртіппен ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына аударуға;
21) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган белгілеген және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қаржылық есептілік пен аудиторлық есепті, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен өзге де есептілік пен өзінің қызметі туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға және өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті. Бұл ретте бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жарналар бойынша кірістерге берілетін кепілдіктер немесе уәделер қамтылған ақпаратты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған өзге де мәліметтерді жариялауға жол берілмейді;
22) Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің қарауы үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі туралы жыл сайынғы есепті ұсынуға;
23) міндетті зейнетақы жарналарының барлық салымшыларына, өздері үшін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғаларға (зейнетақы төлемдерін алушыларға) тең жағдайларды қамтамасыз етуге;
2-тармақтың 24) және 25) тармақшалары 2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
24) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде сақтандыру жөніндегі дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйыммен зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша деректер алмасуды жүзеге асыруға;
25) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалған тәртіппен сақтандыру жөніндегі дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйыммен өзара іс-қимылды жүзеге асыруға;
26) өз қызметінде сертификатталған жабдық мен бағдарламалық қамтылымды пайдалануға;
27) ақпаратты сақтауға арналған резервтік орталығы болуына;
28) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өз қызметінде пайдаланатын ақпараттық, коммуникациялық жүйелер мен технологияларды қоса алғанда, бағдарламалық-техникалық қамтылымға кемінде үш жылда бір рет аудит жүргізуге;
2023.16.11. № 40-VIII ҚР Заңымен 29) тармақша өзгертілді (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
29) өз атына шартты зейнетақы шоты ашылған жеке тұлғаға ақы алмай жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары туралы ақпарат беруге;
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының көрсетілген ақпаратты беру тәсілі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ішкі құжаттарында айқындалады.
2023.16.11. № 40-VIII ҚР Заңымен 30) тармақшамен толықтырылды (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
30) «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.
3. Міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының, өздері үшін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, ерікті зейнетақы жарналары аударылған жеке тұлғалардың (зейнетақы төлемдерін алушылардың) құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының:
1) осы Кодексте көзделген қызмет түрлерін қоспағанда, өзге де кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруына;
2) зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген мақсаттарға пайдалануына;
3) республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 100 еселенген мөлшерінен аспайтын сомада өзінің жұмыскерлеріне берілетін қаржылай көмекті қоспағанда, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының меншікті активтері есебінен өтеусіз негізде қаржылай көмек беруіне;
4) ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарықтарында қаржы құралдарымен мәмілелер жасасу кезінде маржалық немесе өзге де қамтамасыз етуді енгізу жағдайларын қоспағанда, зейнетақы активтерін кепілге беруіне;
5) ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарығында қаржы құралдарымен мәмілелер жасасу кезінде маржалық немесе өзге де қамтамасыз етуді енгізу, сондай-ақ тендерлерге және (немесе) конкурстарға қатысу кезінде қамтамасыз етуді енгізу жағдайларын қоспағанда, меншікті активтерді кепілге беруіне;
6) акциялардан басқа бағалы қағаздарды шығаруына;
7) қарыз қаражатын тартуына;
8) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарын сатып алуды, сондай-ақ қамтамасыз ету аясында бағалы қағаздармен қарыз беру жөніндегі операцияларды жүзеге асыруды қоспағанда, кез келген тәсілдермен қарыздарды беруіне;
9) кез келген түрдегі кепілгерліктер мен кепілдіктерді беруіне;
10) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры еңбек шартын жасамаған не Ұлттық пошта операторымен шарт жасаспаған адамдарды осы баптың 2-тармағының 12) тармақшасында көрсетілген міндеттерді орындау үшін тартуына;
11) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғаларды құруына және олардың қызметіне қатысуына тыйым салынады.
Осы тармақтың талаптары зейнетақы активтері және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының меншікті активтері есебінен жүзеге асырылатын бағалы қағаздармен «репо» операцияларына қолданылмайды.
36-бап. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару тәртібі. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясы
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры арасында жасалатын сенімгерлік басқару туралы шарттың негізінде жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін тізбесін әзірлейді, сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясын әзірлейді және бекітеді.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі активтерді инвестициялық басқаруға арналған шартқа және осы Кодекске сәйкес өзіне сеніп тапсырылған зейнетақы активтерін басқаруға қажетті әрекеттер жасауды басқа тұлғаға тапсыра алады. Бұл ретте сенімгерлік басқарушы өзі таңдап алған сенім білдірілген тұлғаның әрекеті үшін оны өзі жасағандай түрде жауап береді.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңестің бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару бөлігіндегі функциялары:
1) басқару тиімділігін арттыру жөніндегі ұсыныстарды тұжырымдау;
2) инвестициялау бағыттары бойынша ұсыныстарды қарау және тұжырымдау;
3) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін айқындау бойынша ұсыныстарды тұжырымдау;
4) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметі туралы жыл сайынғы есепті қарау болып табылады.
5. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық декларациясы бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі ескеріле отырып жасалады.
37-бап. Инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерін басқару, сондай-ақ инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерін сақтау және есепке алу тәртібі