7) Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттердегі ұрыс қимылдары кезеңінде қаза тапқан (хабарсыз кеткен) немесе жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің отбасыларына; бейбіт уақытта әскери қызметін, арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметін өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің отбасыларына; қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерінің отбасыларына; Чернобыль АЭС-індегі апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жою кезінде қаза тапқандардың отбасыларына; сәуле ауруының салдарынан қайтыс болған адамдардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ белгіленген тәртіппен Чернобыль АЭС-індегі апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты қайтыс болған азаматтардың отбасыларына - 4,59 айлық есептік көрсеткіш;
8) Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдары нан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адамдар деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысына қатысушының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен немесе «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) - 2,56 айлық есептік көрсеткіш;
9) Кеңес Одағының батырларына, «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» құрметті атағына ие болған адамдарға - 138,63 айлық есептік көрсеткіш;
10) Социалистік Еңбек ерлеріне, үш дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегерлеріне, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған адамдарға - 138,63 айлық есептік көрсеткіш;
11) «Халық қаһарманы» атағына ие болған адамдарға - 138,63 айлық есептік көрсеткіш;
12) Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген), мемлекеттік наградалармен наградталмаған адамдарға - 2,13 айлық есептік көрсеткіш;
13) 1988-1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысушылар, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылғандар (өз еркімен кеткендер) қатарындағы адамдарға - 4,8 айлық есептік көрсеткіш;
14) осы Кодекстің 177-бабының 8-тармағында көзделген жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақы мөлшеріне дейін қосымша төлем алушыларды қоспағанда, жасына байланысты зейнетақы төлемдері немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері тағайындалған бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын жағдайда Байқоңыр қаласында тұратын бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдарға - 1,71 айлық есептік көрсеткіш;
15) осы Кодекстің 177-бабының 8-тармағында көзделген жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақы мөлшеріне дейін қосымша төлем алушыларды қоспағанда, жасына байланысты зейнетақы төлемдері немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері тағайындалған үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын жағдайда Байқоңыр қаласында тұратын үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға - 0,74 айлық есептік көрсеткіш;
16) Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын жағдайда Байқоңыр қаласында тұратын мүгедектігі бар жеті жасқа дейінгі балаларға - 1,10 айлық есептік көрсеткіш;
17) Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын жағдайда Байқоңыр қаласында тұратын жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі:
бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар балаларға - 1,71 айлық есептік көрсеткіш;
үшінші топтағы мүгедектігі бар балаларға - 1,10 айлық есептік көрсеткіш;
18) саяси қуғын-сүргін құрбандарына, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен мүгедектігі бар немесе зейнеткерлер болып табылатын адамдарға - 1,23 айлық есептік көрсеткіш;
19) Қазақстан Республикасына сіңірген ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған адамдарға 1,23 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде тағайындалады.
195-бап. Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеуді тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату
1. Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу:
1) алушының банктік шоты бойынша үш және одан да көп ай бойы шығыс операциялардың болмауы туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер келіп түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ретте арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны төлеу тоқтатыла тұрған күннен бастап қайта басталады;
2) хабарсыз кеткен адамдардың іздестіруде болу фактісінің анықталуы туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер келіп түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ретте арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны төлеу адамды хабарсыз кетті деп тану туралы сот шешімінің күшін жою туралы сот актісі күшіне енген күннен бастап, бірақ тоқтатыла тұрған күннен кейін қайта басталады;
3) ата-ана құқықтарынан және қорғаншы (қамқоршы) құқықтарынан айыру фактілерінің анықталғаны туралы, босатылған және шеттетілген қорғаншылар (қамқоршылар) туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер келіп түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ретте арнаулы мемлекеттік жәрдемақы баланың (балалардың) заңды өкіліне тоқтатылған күннен бастап не қорғаншы (қамқоршы) болып тағайындалған адамға қорғаншылық (қамқоршылық) белгіленген күннен бастап, бірақ тоқтатыла тұрған күннен кейін жүргізіледі. Ата-ана құқықтары қалпына келтірілген кезде арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны төлеу ата-ана құқықтарын қалпына келтіру немесе шектеудің күшін жою туралы сот шешімі күшіне енген күннен бастап қайта басталады;
4) жәрдемақы алушылардың Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кету фактісінің анықталғаны туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер келіп түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ретте алушыға арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны төлеу Қазақстан Республикасының аумағына тұрақты тұруға келген күннен бастап, бірақ тоқтатыла тұрған күннен кейін қайта басталады;
5) шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатының, азаматтығы жоқ адамның куәлігінің қолданылу мерзімінің өткені туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер келіп түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ретте арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны төлеу Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжат берілген күннен бастап, бірақ тоқтатыла тұрған күннен кейін қайта басталады;
6) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушының бас бостандығынан айыру түрінде сот тағайындаған қылмыстық жазаны өтеп жатқаны туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер келіп түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ретте арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны төлеу қылмыстық-түзету жүйесінің мекемесінен босаған күннен бастап, бірақ тоқтатыла тұрған күннен кейін қайта басталады.
Егер мұндай арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушы осы Кодекстің 190-бабы 3-тармағының 6) тармақшасында көрсетілген азаматтарға жататын болса, онда арнаулы мемлекеттік жәрдемақы отбасының бұған құқығы бар басқа мүшесіне қайта ресімделуі мүмкін;
7) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілгеннен тыс көлемі ұсынылатын адамдарды қоспағанда, арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушылардың арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында стационар жағдайында тұруы және мемлекеттің толық қамтамасыз етуінде болуы туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер келіп түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ретте арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны төлеу алушы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығынан шығарылған күннен бастап, бірақ тоқтатыла тұрған күннен кейін қайта басталады;
8) медициналық-әлеуметтік сараптамаға анық емес құжаттарды ұсыну және (немесе) сараптамалық қорытындыны негізсіз шығару фактісінің анықталғаны туралы хаттаманы ресімдеу туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер келіп түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады. Бұл ретте мүгедектігі бойынша арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны төлеу бақылау бойынша қайта куәландырылғанда бұрын шығарылған сараптамалық қорытынды расталған кезде тоқтатыла тұрған күннен бастап қайта басталады;
9) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау үшін ұсынылған құжаттардың анық еместігі туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден мәліметтер келіп түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады.
2. Арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны төлеу арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқығы сақталған жағдайда арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны тоқтата тұруды туындатқан мән-жайлардың өткенін растайтын, ақпараттық жүйелерден алынған құжаттардың және (немесе) мәліметтердің негізінде өтініш бойынша қайта басталады.
3. Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу оны тағайындау үшін негіздер жойылған немесе алушы қайтыс болған жағдайда тоқтатылады.
2023.21.12. № 49-VIII ҚР Заңымен 14-1-тараумен толықтырылды (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
14-1-тарау. Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау
195-1-бап. Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдардың әлеуметтік қорғалу құқығы
1. Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін Қазақстан Республикасы азаматтарының, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың елу бес жасқа толған және олар үшін жиынтығында кемінде сексен төрт ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген кезде мыналардан:
1) арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыдан;
2) зейнеткерлік алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемінен;
3) жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемнен;
4) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемінен тұратын арнаулы әлеуметтік төлемге құқығы болады.
Осы тармақта көзделген төлемдерге құқық еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін жұмыскер еңбек қызметін тоқтатқан немесе зиянды өндірістік факторлардың әсерін болғызбайтын басқа жұмысқа ауысқан жағдайда туындайды.
2. Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істемейтін Қазақстан Республикасы азаматтарының, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың елу бес жасқа толған және олар үшін жиынтығында кемінде сексен төрт ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген кезде:
1) арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыға;
2) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлеміне құқығы болады.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген құқықтар:
«Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылатын зейнеткерлік алдындағы аннуитеттік сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемін;
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жүзеге асырылатын жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлемді қоспағанда, осы Кодексте көзделген тәртіппен және шарттарда іске асырылады.
195-2-бап. Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау және жүзеге асыру тәртібі
1. Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы жүгінген күннен бастап тағайындалады.
Өтініштің және қажетті құжаттардың тіркелген күні немесе «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес проактивті көрсетілетін қызмет арқылы арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны тағайындауға өтініш берушінің келісімін алған күн арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны тағайындауға жүгінген күн болып есептеледі.
2. Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны төлеу ағымдағы ай үшін жүзеге асырылады. Алушы қайтыс болған жағдайда арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы - қайтыс болған айды қоса алғанда, ал арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны алушы Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен жағдайда кеткен айды қоса алғанда жүзеге асырылады.
3. Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
4. Тағайындалған, бірақ арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны алушы талап етпеген сомалар өткен уақытқа, бірақ оларды алуға жүгінген күнге дейін үш жылдан аспайтын уақытқа төленеді.
5. Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау, оны төлеуді жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
195-3-бап. Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақының мөлшері
Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақының мөлшері ай сайын республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген 2,0 ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасын құрайды.
Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны төлеу республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейі шамасының өзгеруі ескеріле отырып жүзеге асырылады.
195-4-бап. Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны тағайындауға арналған өтінішті қабылдаудан және оны тағайындаудан бас тарту
1. Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны тағайындауға арналған өтінішті қабылдаудан бас тартуға:
1) уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесінен арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыға өтініш беру, оны тағайындау, төлеуді жүзеге асыру немесе «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес оны тағайындауға проактивті көрсетілетін қызмет арқылы келісім беру фактісін растайтын мәліметтер алу;
2) жеке басын куәландыратын құжат бойынша мәліметтердің (мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтермен расталатын, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны ауыстырудан басқа) арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны тағайындауға қажетті құжаттарға сәйкес келмеуі;
3) арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау құқығының болмауы;
4) өтініш берушінің арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау үшін талап етілетін қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге келісімінің болмауы негіз болып табылады.
2. Осы Кодекстің 195-1-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген шарттарға сәйкес келмеу арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны тағайындаудан бас тартуға негіз болып табылады.
195-5-бап. Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы төлеуді тоқтата тұру, қайта бастау және тоқтату
1. Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны төлеу мынадай мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер келіп түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатыла тұрады:
1) арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны алушының банктік шоты бойынша үш және одан көп ай бойы шығыс операцияларының болмауы туралы мәлімет. Бұл ретте арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны төлеу ол тоқтатыла тұрған күннен бастап қайта басталады;
2) арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны алушының Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кетуі туралы мәлімет. Бұл ретте арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны төлеу Қазақстан Республикасының аумағына тұрақты тұруға келген күннен бастап, бірақ жәрдемақы тоқтатыла тұрған күннен кейін қайта басталады;
3) шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжаттың қолданылу мерзімінің өтуі туралы мәлімет. Бұл ретте арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны төлеу Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжат берілген күннен бастап, бірақ жәрдемақы тоқтатыла тұрған күннен кейін қайта басталады;
4) арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны алушыға қатысты хабарсыз кеткен адамды іздестіру жөніндегі жедел-іздестіру іс-шараларының жүргізілуін растайтын құжаттың немесе адамды хабарсыз кетті деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімінің болуы туралы мәлімет. Бұл ретте арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны төлеу хабарсыз кеткен адамды іздестіру жөніндегі жедел-іздестіру іс-шаралары тоқтатылған немесе адамды хабарсыз кетті деп тану туралы сот шешімінің күшін жою туралы сот актісі заңды күшіне енген күннен бастап, бірақ жәрдемақы тоқтатыла тұрған күннен кейін қайта басталады;
5) арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны алушының «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген негіздер бойынша Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуы туралы мәлімет. Бұл ретте арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны төлеу Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжат берілген күннен бастап қайта басталады.
2. Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны төлеу арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны тоқтата тұруға себеп болған мән-жайлардың аяқталғанын растайтын, оның ішінде ақпараттық жүйелерден алынған құжаттардың және (немесе) мәліметтердің негізінде өтініш бойынша қайта басталады.
3. Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны төлеу:
1) арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны алушының қайтыс болғаны туралы мәліметтер, оның ішінде ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер;
2) арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны алушының ішкі істер органдарында тіркеуден шығарылғанын растайтын құжатты ұсына отырып, арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы төлеуді тоқтату туралы өтініші;
3) Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтату фактісінің анықталғаны туралы мәліметтер;
4) арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны алушының пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу фактісінің анықталғаны туралы мәліметтер келіп түскен айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатылады.
Арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақыны төлеу осындай төлемді алушы осы Кодекстің 207-бабында белгіленген зейнеткерлік жасқа толғанға дейін жүзеге асырылады.
15-тарау. ЗЕЙНЕТАҚЫМЕН ҚАМСЫЗДАНДЫРУ
1-параграф. Жалпы ережелер
196-бап. Зейнетақымен қамсыздандырылу құқығы
1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың:
1) мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі;
2) жасына байланысты зейнетақы төлемдері;
3) еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері;
4) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері;
5) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері;
6) зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша сақтандыру ұйымдарынан сақтандыру төлемдері түріндегі зейнетақымен қамсыздандырылуға құқығы бар.
2. Бір мезгілде жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің тағайындалуына құқығы бар адамдарға олардың қалауы бойынша зейнетақы төлемдерінің осы түрлерінің біреуі тағайындалады.
3. Осы бапта көзделген құқықтар осы Кодексте көзделген тәртіппен және шарттарда іске асырылады.
4. Жұмыс істеп жүрген зейнеткерлердің осы Кодексте көзделген шектеулер ескеріле отырып, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін толық мөлшерде алуға құқығы бар.
197-бап. Зейнетақымен қамсыздандыру жөніндегі мемлекеттік кепілдіктер
1. Мемлекет:
1) 1999 жылғы 1 сәуірге дейінгі зейнетақы төлемдерінің белгіленген мөлшерін сақтай отырып, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнеткерлікке шыққан азаматтарды;
2) еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар және осы құқығын еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тағайындайтын және (немесе) жүзеге асыратын органдарда 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін тіркеген азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруға кепілдік береді.
Бұл жағдайда еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері осы баптың 1-тармағы 1) тармақшасының және 3-тармағының талаптарын сақтай отырып, қызметтен босатылған күннен бастап жүзеге асырылады.
2. Ең төмен зейнетақы мөлшері осы Кодекске сәйкес әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарт болып табылады.
3. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін жыл сайын арттыру республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген мөлшерде жүзеге асырылады.
198-бап. Зейнетақы төлемдерін алу құқығы бар азаматтар санаттары
Зейнетақы төлемдері азаматтардың мынадай санаттарына:
1) 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетақы алатындарға;
2) осы Кодекстің 207-бабының 1-3-тармақтарына сәйкес зейнеткерлік жасқа толғандарға;
3) еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар әскери қызметшілерге, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің арнаулы атақтар, сыныптық шендер берілген және біліктілік сыныптары белгіленген қызметкерлеріне, сондай-ақ арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киім киіп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдарға және Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарындағы медициналық лауазымдары 2022 жылғы 1 шілдеден және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қысқартылған, лауазымы қысқартылған кезде еңбек сіңірген жылдары үзіліссіз әскери қызметте, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметте, мемлекеттік фельдъегерлік қызметте кемінде он екі жыл және алты ай болған адамдарға, олар қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде орналасқан медициналық ұйымдарда жұмысын жалғастырған жағдайда төленеді.
199-бап. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау және төлеу тәртібі
1. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алу құқығы бар адамның немесе оның заңды өкілінің өтініші мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін негіз болып табылады.
2. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу (айқындау), оларды тағайындау, жүзеге асыру, тоқтата тұру, қайта есептеу, қайта бастау, тоқтату және тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешімді қайта қарау тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайды.
3. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау жүгінген күннен бастап жүргізіледі. Өтініш пен қажетті құжаттар тіркелген күн мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындауға өтініш жасалған күн болып есептеледі.