5. Наградталған анаға берілетін жәрдемақыны алушы қайтыс болған жағдайда, ол оның қайтыс болған айына қоса төленеді.
10-тарау. ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ
1-параграф. Жалпы ережелер
96-бап. Халықты жұмыспен қамту саласындағы құқықтар
1. Халықты жұмыспен қамту саласындағы құқықтар:
1) консультация және әлеуметтік кәсіптік бағдар алу;
2) еңбек делдалдығы;
3) жергілікті атқарушы органдар белгілеген квоталар шеңберінде жұмысқа орналасу;
4) мүгедектігі бар адамдар үшін құрылған арнаулы жұмыс орындары шеңберінде жұмысқа орналасу;
5) мыналар:
кәсіптік оқу;
кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу;
субсидияланатын жұмыс орындарына жіберу;
жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін ерікті қоныс аударуға жәрдемдесу кіретін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу;
6) жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемді алу құқықтарын қамтиды.
2. Осы бапта көзделген құқықтар осы Кодексте көзделген тәртіппен және шарттарда жүзеге асырылады.
97-бап. Жұмыспен қамтылған адамдар
1. Ақы үшін немесе мүлікті пайдалану, тауарларды өндіру және сату, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету арқылы кіріс алу жолымен қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға жұмыспен қамтылған адам болып табылады.
2. Жұмыспен қамтылған адамдарға мыналар:
1) жалдамалы жұмыскерлер, сондай-ақ ақы төленетін өзге де жұмысы бар (сайланған, тағайындалған немесе бекітілген) адамдар;
2) дара кәсіпкерлер;
3) жеке практикамен айналысатын адамдар;
4) азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша қызметті жүзеге асыратын, жалдамалы жұмыскерлерге жатпайтын жеке тұлғалар;
5) шаруашылық серіктестіктерінің құрылтайшылары (қатысушылары) және акционерлік қоғамдардың құрылтайшылары, акционерлері (қатысушылары), сондай-ақ өндірістік кооперативтердің мүшелері болып табылатын жеке тұлғалар;
6) тәуелсіз жұмыскерлер;
7) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет атқарып жүргендер;
8) шаруа немесе фермер қожалығы нысанындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалар жатады.
98-бап. Жұмыс іздеуші адамдар
1. Жұмысы және (немесе) табысы (кірісі) жоқ, жұмыс іздеп жүрген Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен жұмыс іздеуші адам ретінде тіркеледі.
2. Мансап орталығы жұмыс іздеуші адамға жұмыспен қамту мәселелері бойынша уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен консультацияларды өтеусіз негізде ұсынады, жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетеді және (немесе) әлеуметтік кәсіптік бағдарлау бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсынады.
3. Мансап орталығынан, оның ішінде Электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыс туралы ұсыныс алған жұмыс іздеуші адам мансап орталығын ұсынылған жұмысқа келісетіні немесе одан бас тартатыны туралы хабардар етуге тиіс.
99-бап. Жұмыссыздар
1. Жұмыс іздеуші адам уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен оның деректері мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелері арқылы тексерілгеннен кейін жұмыссыз адам ретінде тіркеледі.
2. Мансап орталығынан, оның ішінде Электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыс туралы ұсыныс алған тіркелген жұмыссыз адам мансап орталығын ұсынылған жұмысқа келісетіні немесе одан бас тартатыны туралы уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен хабардар етуге тиіс.
3. Мыналар:
1) он алты жасқа толмаған;
2) жұмыспен қамтылған адамдар;
3) осы Кодекстің 207-бабының 1 - 3-тармақтарында белгіленген зейнеткерлік жасқа толған адамдар;
4) жұмысы мен табысының (кірісінің) жоқ екендігі туралы көрінеу жалған мәліметтерді қамтитын құжаттарды, сондай-ақ басқа да анық емес мәліметтерді ұсынған адамдар;
5) осы Кодекске сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуға үміткер студенттер мен жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары;
6) сот шешімі бойынша түзеу жұмыстарына не қоғамдық жұмыстарға, сондай-ақ бас бостандығынан айыру түріндегі жаза шартты түрде тағайындалмаған жағдайда, осындай жазаға сотталған адамдар жұмыссыз адам ретінде тіркелмейді.
4. Жұмыссыздар:
1) жұмыс берушінің өтінімі бойынша кәсіптік оқытуды аяқтағаннан кейін ол мәлімдеген жұмыс орнына жұмысқа орналасуға;
2) осы Кодекске және жұмыс іздеуші адамдарды, жұмыссыздарды тіркеу және мансап орталықтары көрсететін еңбек делдалдығын жүзеге асыру қағидаларына сәйкес мансап орталығына бару немесе оны хабардар ету тәртібін, шарттары мен мерзімдерін сақтауға;
3) мансап орталығы хабардар еткен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жұмысқа орналасу мәселесі бойынша жұмыс берушіге жүгінуге;
4) мансап орталығына:
тұрғылықты жерін ауыстыруды;
тұрақты, уақытша жұмысқа, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмысқа орналасуды;
кәсіпкерлік қызметпен айналысуды;
ұйымдық-құқықтық нысаны мен меншік нысанына қарамастан, ұйымға құрылтайшы (ортақ құрылтайшы) болуды;
мүгедектік тобын белгілеуді немесе оның өзгеруін;
зейнетақы төлемдерін тағайындауды қоса алғанда, жұмыссыз адаммен одан әрі жұмыс істеу тәртібіне әсер ететін өзгерістер туралы мәліметтерді уақтылы, бес жұмыс күні ішінде ұсынуға міндетті.
5. Осы баптың 4-тармағының 1) тармақшасында көзделген жұмысқа орналастыру жөніндегі міндет:
1) басқа тұрақты жұмысқа орналасқан жағдайда;
2) жұмыссыз адамның тиісті құжаттармен расталатын қайтыс болуына байланысты;
3) әскери қызметке шақырылуға байланысты;
4) сот шешімі бойынша бас бостандығынан айырылған жағдайда;
5) жүктілікке байланысты;
6) үш жасқа дейінгі баланы (балаларды) өзі тәрбиелеген жағдайда;
7) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына оқуға түсуге байланысты тоқтатылады.
100-бап. Жұмыссыз адамды есептен шығару
1. Мансап орталығы жұмыссыз адамды (әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік органдар және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасы мүшелерін, сондай-ақ олардың асырауындағы, еңбек қызметін жүзеге асырмайтын, уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен тіркелетін және есептен шығарылатын адамдарды қоспағанда) мынадай жағдайларда:
1) мансап орталығы ұсынған лайықты жұмыстың үш нұсқасынан бас тартқанда немесе жұмыссыз адам ретінде тіркелгеннен кейін лайықты жұмыстың ұсынылған нұсқаларымен келісетіні немесе одан бас тартатыны туралы мансап орталығын, ал ауылдық елді мекендерде тұратын адам - кент, ауыл, ауылдық округ әкімін уақтылы хабардар етпегенде;
2) мынадай:
мансап орталығы хабардар еткен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ұсынылған жұмысқа орналасу немесе оқу орны бойынша;
мансап орталығына жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу үшін шақыру бойынша үш жұмыс күні ішінде дәлелді себептерсіз келмегенде;
3) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуды өз бетінше тоқтатқанда;
4) жұмыссыз адамның осы Кодексте және жұмыс іздеуші адамдарды, жұмыссыздарды тіркеу және мансап орталықтары көрсететін еңбек делдалдығын жүзеге асыру қағидаларында көзделген мансап орталығына бару немесе оны хабардар ету мерзімдерін дәлелді себептерсіз бұзғанда;
5) егер бас бостандығынан айыру түріндегі жаза шартты түрде тағайындалмаса, жұмыссыз адам заңды күшіне енген сот шешімі бойынша бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға сотталғанда не мәжбүрлеп емдеуге жіберілгенде;
6) осы Кодекстің 99-бабының 4-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайларда;
7) көрінеу жалған немесе қолдан жасалған құжаттар бергенде есептен шығарады.
2. Осы баптың 1-тармағының 1) - 4) тармақшаларына сәйкес есептен шығарылған жұмыссыздар есептен шығарылған күннен бастап күнтізбелік отыз күн өткен соң ғана мансап орталығына жұмыссыз адам ретінде қайта тіркеле алады.
101-бап. Лайықты жұмыс
1. Кәсіптік даярлығына, еңбек өтіліне және бұрынғы мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесіне, денсаулық жағдайына, жұмыс уақытының режиміне, жұмыс орнына көлікпен жетудің қолжетімді болуына сәйкес келетін, оның ішінде уақытша сипаттағы жұмыс лайықты жұмыс деп есептеледі.
2. Жұмыс іздеуші адамның немесе жұмыссыз адамның келісуімен ғана тұрғылықты жерін өзгертуге байланысты лайықты жұмыс ұсынылуы мүмкін.
Тұрғылықты жерден лайықты жұмысқа көлікпен жетудің қолжетімділігін мансап орталықтары қоғамдық көлік қозғалысы маршруттарының болуын және лайықты жұмыстың тұрғылықты жерден қашықтығын ескере отырып айқындайды.
3. Бірінші рет жұмыс іздеп жүрген, бірақ кәсібі (мамандығы) жоқ, сондай-ақ екі жылдан артық жұмысы болмаған адамдар үшін алдын ала кәсіптік даярлауды талап ететін жұмысты, ал оны ұсыну мүмкін болмаған жағдайда - адамдардың жас шамасы мен өзге де ерекшеліктері және Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының талаптары ескеріле отырып, ақы төленетін басқа жұмысты (уақытша сипаттағы жұмысты қоса алғанда) лайықты жұмыс деп есептеуге болады.
4. Мүгедектігі бар адам үшін оның тыныс-тіршілігінің шектелу дәрежесі ескеріле отырып, оған қолжетімді болуы қамтамасыз етілген жағдайдағы жұмыс, ал үш жасқа дейінгі балаларды күтумен айналысатын адамдар үшін икемді және толық емес жұмыс уақыты режиміндегі жұмыс лайықты жұмыс деп есептеледі.
5. Алдын ала даярлықты талап ететін немесе талап етпейтін (азаматтардың жас шамасы мен өзге де ерекшеліктерін ескере отырып) уақытша сипаттағы жұмыс:
1) бірінші рет жұмыс іздеп жүрген (бұрын жұмыс істемеген) және бұл ретте біліктілігі жоқ;
2) жазғы демалыс кезеңінде студенттер және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары;
3) тоқтап тұруға байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдар;
4) ұзақ (екі жылдан астам) үзілістен кейін еңбек қызметін қайта жалғастыруға талпынғандар, сондай-ақ мансап орталықтары оқуға жібергендер және дәлелсіз себеппен оқуын тоқтатқандар;
5) жұмысынан айырылу жағдайы бойынша төленетін әлеуметтік төлем тоқтатылғаннан кейін кәсіптік оқытудан немесе қосымша білім алудан бас тартқан адамдар қатарындағы жұмыс іздеуші адамдарға және жұмыссыздарға лайық деп есептеледі.
102-бап. Платформалық жұмыспен қамту
1. Платформалық жұмыспен қамту интернет-платформаларды және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшаларын пайдалана отырып, қызметтер көрсету немесе жұмыстарды орындау жөніндегі қызмет түрін білдіреді.
2. Платформалық жұмыспен қамтудың тараптары:
1) интернет-платформаның операторы (бұдан әрі - Оператор) - интернет-платформада тіркелген орындаушылар мен тапсырыс берушілер арасында қызметтер көрсету және жұмыстарды орындау бойынша байланыстар орнату және мәмілелер жасасу үшін ақпараттық технологиялар мен жүйелерді қолдана отырып, техникалық, ұйымдастырушылық (оның ішінде жұмыстарды немесе қызметтерді көрсету үшін үшінші тұлғаларды тарта отырып көрсетілетін қызметтерді), ақпараттық және өзге де мүмкіндіктерді ұсыну жөніндегі қызметтерді интернет-платформаны пайдалана отырып көрсететін дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;
2) тапсырыс беруші - интернет-платформада тіркелген, онда қызметтер көрсетуге немесе жұмыстарды орындауға тапсырыс орналастыратын жеке немесе заңды тұлға;
3) орындаушы - интернет-платформада тіркелген, жария шарт негізінде интернет-платформаларды пайдалана отырып, тапсырыс берушілерге қызметтер көрсететін немесе жұмыстарды орындайтын жеке тұлға, дара кәсіпкер немесе заңды тұлға.
3. Платформалық жұмыспен қамтуды жүзеге асыру үшін тапсырыс беруші мен орындаушы интернет-платформада және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшасында тіркеледі.
Оператор мен тапсырыс беруші, сондай-ақ орындаушы арасындағы өзара қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес реттеледі.
4. Интернет-платформаларды және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильдік қосымшаларын пайдалана отырып қызметтер көрсету және жұмыстарды орындау үшін орындаушы-заңды тұлға жұмыскерлерді тартқан жағдайда, олармен еңбек қатынас тары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес ресімделеді.
103-бап. Жұмыс берушілердің халықты жұмыспен қамтуға қатысуы
1. Жұмыс берушілер халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға:
1) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес еңбек және ұжымдық шарттардың талаптарын сақтай отырып, жұмысқа орналасуға жәрдем көрсету;
2) персоналды кәсіптік оқыту жүйесін дамыту;
3) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары арқылы кадрлар даярлау;
4) құрылымдық өзгерістер барысында білікті жұмыскерлердің кадрлық әлеуетін сақтау және ұтымды пайдалану;
5) субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін жұмыс орындарын ұсыну;
6) жұмысқа орналасу мәселесі бойынша жүгінген, оның ішінде мансап орталықтары, сондай-ақ жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктері жіберген адамдарды бар бос орындарға ұйымдарда белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес қабылдау;
7) мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнаулы жұмыс орындарын құру;
8) мансап орталықтарына (еңбек мобильділігі орталығына) және (немесе) Электрондық еңбек биржасына сұранысқа ие мамандықтар бөлінісінде ағымдағы бос орындарды және жұмыс орындарының болжамды құрылуы туралы деректерді беру;
9) жұмыс орындарын құру жолымен қатысады.
2. Жұмыс беруші:
1) мемлекеттік қызметшілердің, сайланбалы мемлекеттік лауазымдардың, Қазақстан Республикасы Парламенті және мәслихаттары депутаттарының, судьяларының, әскери қызметтегі адамдардың, арнаулы мемлекеттік органдар, құқық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі мен оның ведомстволары, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган жұмыскерлерінің бос лауазымдарын қоспағанда, бос орындар пайда болған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бос орындардың бар-жоғы туралы мәліметтерді Электрондық еңбек биржасына еңбек жағдайлары мен төлемін көрсете отырып орналастыруға;
2) мансап орталығына (еңбек мобильділігі орталығына) жұмыс беруші - жеке тұлғаның қызметінің тоқтатылуына не жұмыс беруші - заңды тұлғаның таратылуына, жұмыскерлер санының немесе штатының қысқаруына, жұмыс берушінің экономикалық жай-күйінің нашарлауына алып келген өндірістер және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемінің төмендеуіне байланысты алдағы уақытта жұмыскерлердің жұмыстан босатылатыны туралы, босатылу қатысты болуы ықтимал жұмыскерлердің саны мен санаттары туралы ақпаратты жұмыстан босатылатын жұмыскерлердің лауазымдары мен кәсіптерін, мамандықтарын, біліктілігі мен еңбегіне төленетін ақының мөлшерін және олар босатылатын мерзімдерді көрсете отырып, босату басталғанға дейін бір айдан аз уақыт бұрын жазбаша немесе Электрондық еңбек биржасы арқылы толық көлемде беруге;
3) жұмыс беруші-заңды тұлға таратылған не жұмыс беруші-жеке тұлғаның қызметі тоқтатылған, жұмыскерлер саны немесе штаты қысқартылған, жұмыс берушінің экономикалық жай-күйінің нашарлауына алып келген өндірістердің және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің көлемі төмендеген жағдайларды қоспағанда, жұмыссыз адам оқуын аяқтағаннан кейін оны өз өтінімі бойынша мәлімделген жұмыс орнына орналастыруға немесе мансап орталығының (еңбек мобильділігі орталығының) оқытуға жұмсаған шығыстарын өтеуге;
4) жұмыс беруші-заңды тұлға таратылған не жұмыс беруші-жеке тұлғаның қызметі тоқтатылған, жұмыскерлер саны немесе штаты қысқартылған, жұмыс берушінің экономикалық жай-күйінің нашарлауына алып келген өндірістердің, орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің көлемі төмендеген жағдайларды қоспағанда, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін белгіленген квотаны орындауға;
5) жұмысқа қабылдау үшін бос орындар туралы ақпаратта еңбек саласындағы кемсітушілік сипаттағы талаптарға жол бермеуге;
6) осы Кодекске сәйкес зейнетақы аударымдары мен әлеуметтік аударымдарды жүргізуге;
7) осы Кодекске және Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес жұмыскерлердің аударымдарын және (немесе) жарналарын есептеуге (ұстап қалуға) және аударуға (төлеуге) міндетті.
3. Жұмыс берушінің:
1) өзіне тікелей жүгінген адамдарды мансап орталықтары, сондай-ақ жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктері жіберген адамдармен теңдей жағдайда жұмысқа қабылдауға;
2) еңбек нарығының жай-күйі туралы ақпаратты өтеусіз негізде алуға;
3) мансап орталықтарынан жұмыссыздарды іріктеу және жұмысқа орналасуға жіберу бойынша көрсетілетін қызметтерді алуға;
4) уақытша жұмыс орындарын ұйымдастыруға қатысуға;
5) мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнаулы жұмыс орындарын құруға субсидия алуға құқығы бар.
2-параграф. Консультация және әлеуметтік кәсіптік бағдарлау
104-бап. Мансап орталықтары жұмыскерлерінің консультациясы
Мансап орталықтарының жұмыскерлері жүгінген адамдарға:
1) бос тұрған (бос) жұмыс орындарының болуы және сұранысқа ие мамандықтар бөлінісінде жұмыс орындарының болжамды құрылатыны туралы;
2) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу мүмкіндіктері мен шарттары;
3) жұмыс іздеуші адамдар мен жұмыссыздардың кепілдіктері, құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат береді.
105-бап. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау
1. Жұмыс іздеуші адамдардың, жұмыссыздардың, қандастардың, сондай-ақ студенттердің, жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларының әлеуметтік кәсіптік бағдар алуға құқығы бар.
2. Әлеуметтік кәсіптік бағдар:
1) еңбек қызметі, еңбек нарығының жай-күйі, меңгерген кәсібі (мамандығы) бойынша жұмысқа орналасу немесе кәсіптік оқытудан өту мүмкіндіктері туралы кәсіби ақпарат беруді;
2) адамның кәсіптік білімдерінің, дағдыларының, қызығушылықтарының, денсаулық жағдайының және еңбек нарығындағы қажеттіліктердің негізінде жұмыс орны мен кәсіп таңдауда кәсіби консультацияны;
3) адамдардың нақты кәсіп (мамандықтар) түрлері және лауазымдар үшін айқындалған біліктілік талаптарына сәйкестігін анықтау арқылы кәсіби іріктеуді қамтиды.
3. Әлеуметтік кәсіптік бағдарлау уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.
4. Мансап орталықтары әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өткен адамдар туралы мәліметтерді әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесінде және (немесе) Электрондық еңбек биржасында орналастырады.
3-параграф. Еңбек делдалдығы
106-бап. Еңбек делдалдығын көрсету
1. Мансап орталықтарына және (немесе) жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктеріне жүгінген жұмыс іздеуші адамдардың, жұмыссыздардың немесе жұмыс берушілердің еңбек делдалдығына құқығы бар.
2. Мансап орталықтары:
жұмыс берушілер үшін:
1) персоналды іріктеуді жүзеге асырады;
2) субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру мен қаржыландыру және кәсіптік оқыту мәселелері бойынша консультация береді;
3) олардың өтінімдері бойынша кәсіптік оқытуды ұйымдастырады және әлеуметтік келісімшарт жасасады;
4) субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру мен қаржыландыруға шарт жасасады;
5) субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған адамдардың жалақысын толық немесе ішінара субсидиялайды;
ізденушілер үшін:
1) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу мәселелері бойынша консультация береді;
2) жұмыссыздарды еңбек нарығына орнықты интеграциялау мақсатында оларды жұмысқа орналастырудың жеке жоспарын қалыптастырады;
3) жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуға жолдамалар береді.
3. Мансап орталықтары уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен еңбек делдалдығын көрсетеді.
4. Еңбек мобильділігі орталығы жұмыспен қамтудың жекеше агенттігімен халықты жұмыспен қамту саласындағы көрсетілетін қызметтердің аутсорсингі туралы шарт жасасуға құқылы.
Еңбек мобильділігі орталығы халықты жұмыспен қамту саласындағы көрсетілетін қызметтердің аутсорсингі туралы шарт жасалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде Электрондық еңбек биржасында оның жасалғаны туралы ақпаратты орналастырады.
Халықты жұмыспен қамту саласындағы көрсетілетін қызметтердің аутсорсингіне қатысуға үміткер жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктерінің халықты жұмыспен қамту саласындағы көрсетілетін қызметтердің аутсорсингі туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындау үшін жеткілікті тиісті тәжірибесі, материалдық және еңбек ресурстары болуға тиіс.
Көрсетілетін қызметтердің аутсорсингін ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын, көрсетілетін қызметтердің аутсорсингіне қатысуға үміткер жұмыспен қамтудың жекеше агенттіктеріне қойылатын біліктілік талаптарын, аутсорсинг шеңберінде ұсынылатын көрсетілетін қызметтердің тізбесін, сондай-ақ халықты жұмыспен қамту саласындағы көрсетілетін қызметтердің аутсорсингі туралы шарттың үлгілік нысанын уәкілетті мемлекеттік орган әзірлейді және бекітеді.
5. Жұмыспен қамтудың жекеше агенттігінің:
1) халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша жүгінген адамдарға консультация беруге;
2) жұмысқа орналасу мүмкіндігі туралы ақпарат беруге және еңбек делдалдығы бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсынуға;
3) бос жұмыс орындары бар жұмыс берушілер мен жұмысқа орналасқысы келетін адамдар туралы мәліметтерді қалыптастыруға;
4) жұмыскерлерді жұмыс берушінің біліктілік талаптарына сәйкес келуін ескере отырып, іріктеуді жүзеге асыруға;
5) жүгінген адамдарды кейіннен жұмысқа орналастыра отырып, кәсіптік даярлау мен қайта даярлауды ұйымдастыруға;
6) еңбек мобильділігі орталығынан еңбек нарығының жай-күйі туралы ақпаратты өтеусіз негізде алуға;
7) жұмысқа орналастыру, жұмыс орындарын құру, кәсіптік оқыту мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен, еңбек мобильділігі орталықтарымен, мансап орталықтарымен, жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл жасауға;
8) осы Кодекске сәйкес халықты жұмыспен қамту саласындағы көрсетілетін қызметтердің аутсорсингіне қатысуға құқығы бар.
6. Жұмыспен қамтудың жекеше агенттігі:
1) кемсітушіліктің кез келген нысанына жол бермеуге;
2) жүгінген адамдардан алынатын ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге;
3) бала еңбегін пайдалануға, адамдарды сексуалдық тұрғыдан және (немесе) өзгеше түрде пайдалану үшін азғырып-көндіруге жол бермеуге;
4) жүгінген адамдармен еңбек делдалдығы бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсыну туралы шарттар жасасуға;
5) кәсіптер (мамандықтар) бөлінісінде еңбек делдалдығы үшін жүгінген және жұмысқа орналасқан адамдардың саны туралы, сондай-ақ мансап орталықтарында тіркелген және жұмысқа орналасу үшін жұмыспен қамтудың жекеше орталықтарына жіберілген адамдар туралы ақпаратты Электрондық еңбек биржасы арқылы еңбек мобильділігі орталығына тоқсан сайын беруге міндетті.
4-параграф. Жұмыс орындарының квоталары және мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнаулы жұмыс орындарын ұйымдастыру
107-бап. Жұмыс орындарының квоталары
1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары белгілейтін жұмыс орындары квотасының шеңберінде жұмысқа орналасуға:
1) мүгедектігі бар адамдардың;
2) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдардың;
3) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдардың;
4) он сегіз жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын жастар қатарындағы азаматтардың құқығы бар.
2. Жергілікті атқарушы органдар ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, жұмыскерлердің тізімдік саны 50 адамнан асатын және одан жоғары жұмыс берушілерге мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен екіден төрт пайызға дейінгі мөлшерде квота белгілейді.
3. Мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктеріне, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың саны жұмыскерлердің жылдық орташа санының жиырма пайызынан астамын құрайтын ұйымдарға квота белгіленбейді.
4. Осы баптың 1-тармағында көзделген квоталарды белгілеу кезінде жіберуші тарап жұмыскерлерінің тізімдік санында персоналды ұсыну жөніндегі қызметтер көрсетуге арналған шартқа сәйкес жұмысқа тартылатын жұмыскерлер есепке алынбайды.
108-бап. Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнаулы жұмыс орындарын ұйымдастыру
1. Арнаулы жұмыс орны мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру және олардың жұмыспен қамтылуын сақтау үшін уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен ол құрылған кезден бастап кемінде күнтізбелік он екі ай мерзімге құрылады.