4. Қауіпті өндірістік объектінің технологиялық процесіне қатысатын, қауiптi өндiрiстiк объектiлерді пайдаланатын, техникалық қызмет көрсетуді, техникалық куәландыруды, монтаждауды және жөндеуді орындайтын, қауіпті өндірістік объектілерге жұмысқа кіретін, сондай-ақ қауіпті өндірістік объектілердегі жұмысқа тартылатын аттестатталған ұйымдардағы, жобалау ұйымдары мен өзге де ұйымдардағы техникалық басшылар, мамандар және жұмыскерлер:
1) қауіпті өндірістік объектілердегі жұмыстарды қауіпсіз жүргізуге жауапты лауазымды адамдар, сондай-ақ олардағы жұмыстарды орындайтын жұмыскерлер - он сағаттық бағдарлама бойынша алдын ала оқытыла отырып, жыл сайын;
2) техникалық басшылар, мамандар және инженерлік-техникалық жұмыскерлер - қырық сағаттық бағдарлама бойынша алдын ала оқытыла отырып, үш жылда бір рет даярлауға жатады.
5. Қауіпті өндірістік объектінің технологиялық процесіне қатысатын, қауiптi өндiрiстiк объектiлерді пайдаланатын, техникалық қызмет көрсетуді, техникалық куәландыруды, монтаждауды және жөндеуді орындайтын, сондай-ақ қауіпті өндірістік объектілердегі жұмысқа тартылатын аттестатталған ұйымдардағы, жобалау ұйымдары мен өзге де ұйымдардағы техникалық басшылар, мамандар және жұмыскерлер он сағаттық бағдарлама бойынша алдын ала оқытылып, мынадай жағдайларда:
1) өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын белгілейтін Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілері қолданысқа енгізілген кезде немесе өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын белгілейтін Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау саласындағы нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде;
2) егер жаңа міндеттер басшыдан немесе маманнан қауіпсіздік бойынша қосымша білімді талап ететін болса, лауазымға тағайындалған кезде немесе басқа жұмысқа ауысқан кезде;
3) өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары бұзылған кезде;
4) жаңа жабдықты пайдалануға берген немесе жаңа технологиялық процестерді енгізген кезде;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшелері өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын жеткілікті түрде білмейтінін анықтаған кезде олардың талабы бойынша қайта даярлануға жатады.
6. Қауiптi өндiрiстiк объектiлердiң, сондай-ақ қауіпті өндірістік объектілердегі жұмысқа тартылатын аттестатталған ұйымдардың, жобалау ұйымдары мен өзге де ұйымдардың мамандарының, жұмыскерлерiнің білімін тексеруді (емтихандарды) ұйымдастыруды және өткізуді өздерінің басшылары бекітілген графиктерге сәйкес қамтамасыз етеді. Білімі тексерілуге жататын адамдар графикпен танысуға тиіс.
7. Қауiптi өндiрiстiк объектiлердi пайдаланатын ұйымдардың, сондай-ақ қауіпті өндірістік объектілердегі жұмысқа тартылатын аттестатталған ұйымдардың, жобалау ұйымдары мен өзге де ұйымдардың мамандарының, жұмыскерлерінің білімін тексеруді жүргізу үшін қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланатын ұйым немесе оқу ұйымы басшысының бұйрығымен (өкімімен) тұрақты жұмыс істейтін емтихан комиссиялары құрылады, оларды қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланатын ұйымның оқу орталығының немесе оқу ұйымының басшысы немесе басшының орынбасары басқарады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Өнеркәсіптік қауіпсіздікті декларациялайтын заңды тұлғалардың басшылары, сондай-ақ аталған заңды тұлғалардың тұрақты жұмыс істейтін емтихан комиссияларының мүшелері өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен үш жылда бір рет емтихан тапсырады.
Өзге де заңды тұлғалардың басшылары және тұрақты жұмыс істейтін емтихан комиссияларының мүшелері облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторының немесе оның орынбасарының төрағалық етуімен өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің комиссиясына үш жылда бір рет емтихан тапсырады.
9. Құрамы үш адамнан кем емтихан комиссиясының білімді тексеруіне жол берілмейді.
10. Емтихан билеттерін және (немесе) тестілеудің электрондық бағдарламаларын оқу ұйымдары әзірлейді және оны өздерінің басшылары бекітеді.
11. Бiлiмдi тексеру нәтижелерi хаттамалармен ресiмделедi. Бiлiмдi тексеру хаттамалары білімді кезекті тексергенге дейін сақталады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 12-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
12. Емтихан тапсырған адамдарға емтихан комиссиясының төрағасы қолын қойған, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган белгілеген бірыңғай үлгідегі куәлiк беріледi.
13. Куәлiк онда көрсетiлген мерзiмдер кезеңінде Қазақстан Республикасының аумағында жарамды.
14. Емтихан тапсырмаған адамдар бір айдан кешіктірілмейтін мерзімде білімін қайта тексеруден өтеді.
15. Емтиханды тапсырмаған адамдар жұмысқа жiберiлмейдi.
16. Мерзiмi өткен куәлiгі бар адамдар жұмысқа жiберiлгеннен кейiн бiр ай iшiнде емтихан тапсыруға тиiс.
17. Оқытуды ұйымдастыру жөніндегі, оның ішінде емтихан комиссиясы мүшелерінің еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланатын ұйымдарға, қауіпті өндірістік объектілердегі жұмысқа тартылатын аттестатталған ұйымдарға, жобалау ұйымдары мен өзге де ұйымдарға жүктеледі.
80-бап. Аварияларды жою жоспары
1. Қауіпті өндірістік объектіде аварияларды жою жоспары әзірленеді.
2. Аварияларды жою жоспарында адамдарды құтқару жөніндегі іс-шаралар, авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары басшыларының және жұмыскерлерінің іс-қимылы көзделеді.
3. Аварияларды жою жоспарында:
1) жедел бөлім;
2) аварияларды жоюға қатысатын жұмыскерлер арасында міндеттерді бөлу, іс-қимылдардың дәйектілігі;
3) авария болған жағдайда құлақтандырылатын және оны жоюға қатысатын лауазымды адамдар мен мекемелердің тізімі қамтылады.
4. Аварияларды жою жоспарын ұйым басшысы бекітеді және ол кәсіби авариялық-құтқару қызметтерімен және (немесе) құралымдарымен келісіледі.
81-бап. Оқу дабылдары және аварияларға қарсы жаттығулар
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қауіпті өндірістік объектіде ұйым басшысы бекіткен жоспар бойынша оқу дабылдары және аварияларға қарсы жаттығулар жүргізіледі.
Ұйым оқу дабылдарын және аварияларға қарсы жаттығулар өткізу туралы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне жазбаша хабар береді.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Оқу дабылы мен аварияға қарсы жаттығуды ұйым басшысы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның аумақтың бөлімшесінің және кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының өкілдерімен бірлесіп өткізеді.
3. Оқу дабылының, аварияға қарсы жаттығудың қорытындылары актімен ресімделеді. Актіде жазылған ұсыныстардың орындалуын бақылау ұйым басшысына жүктеледі.
15-тарау. ҚАУІПТІ ӨНДІРІСТІК ОБЪЕКТІЛЕРДЕГІ ОҚЫС ОҚИҒАЛАРДЫ, АВАРИЯЛАРДЫ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ЖӘНЕ ЕСЕПКЕ АЛУ
82-бап. Қауіпті өндірістік объектіні пайдалануды жүзеге асыратын ұйымның оқыс оқиға, авария кезіндегі іс-қимылы
1. Қауiптi өндiрiстiк объектiнi пайдалануды жүзеге асыратын ұйым оқыс оқиға кезінде:
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) қауіпті өндірістік факторлардың туындағаны және болған оқыс оқиға туралы жұмыскерлерге, төтенше жағдайдың есепті аймағына жататын халыққа, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне, жергілікті атқарушы органдарға дереу хабар береді;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) бір тәулiк iшiнде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiне хабар береді;
3) оқыс оқиғаны тергеп-тексеруді жүргiзедi;
4) оқыс оқиғаларды болғызбау жөнiндегi iс-шараларды әзiрлейдi және жүзеге асырады;
5) болған оқыс оқиғаларды есепке алуды жүргiзедi.
2. Қауіпті өндірістік объектіні пайдалануды жүзеге асыратын ұйым авария кезінде:
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) болған авария туралы объектіге қызмет көрсететін кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарына, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне, жергілікті атқарушы органдарға, ал қауіпті өндірістік факторлар туындаған кезде - төтенше жағдайдың есепті аймағына жататын халыққа және жұмыскерлерге дереу хабар береді;
2) аварияны тергеп-тексеру жөнiндегi комиссияға өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыру үшін қажеттi барлық ақпаратты береді;
3) комиссия жұмысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн iс-шараларды жүзеге асырады.
83-бап. Аварияларды тергеп-тексеру жөнiндегi комиссия
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Қауіпті өндірістік объектідегі аварияны, авария салдарынан болған жазатайым оқиғаны тергеп-тексеруді өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшесі өкілінің төрағалық етуімен комиссия жүргізеді.
Қауіпті өндірістік объектідегі бестен көп адам қаза тапқан топтық жазатайым оқиға болған аварияны тергеп-тексеруді Қазақстан Республикасының Үкіметі құратын мемлекеттік комиссия жүргізеді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі қауіпті өндірістік объектідегі аварияны тергеп-тексеру жөніндегі мемлекеттік комиссияны өзге де негіздер бойынша да құруға құқылы.
2. Қауіпті өндірістік объектідегі аварияны және авария салдарынан болған жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру жөніндегі комиссияның құрамына қауіпті өндірістік объектіні пайдаланатын ұйым басшысы, жергілікті атқарушы органның өкілі және кәсіби авариялық-құтқару қызметінің немесе құралымының өкілі кіреді.
84-бап. Аварияны тергеп-тексеру жөніндегі комиссияның құқықтары
1. Аварияны тергеп-тексеру жөніндегі комиссия төрағасының аварияны тергеп-тексеруге қатысты мәселелер бойынша сараптама тағайындауға құқығы бар.
2. Сараптама комиссиясы аварияны тергеп-тексеру жөнiндегi комиссия төрағасының өкiмiмен тағайындалады. Сараптама қорытындысын талап ететiн мәселелер жазбаша нысанда қойылады. Барлық мүшелер қол қойған сараптама комиссиясының материалдары аварияны тергеп-тексеру жөнiндегi комиссияға комиссия төрағасы белгiлеген мерзiмдерде ұсынылады.
3. Аварияны тергеп-тексеру жөнiндегi комиссияның тергеп-тексеру барысында оқиғаны көргендерден, лауазымды адамдардан және басқа да адамдардан жазбаша және ауызша түсiнiктемелер алуға құқығы бар.
85-бап. Аварияны тергеп-тексерудің мiндеттерi
Аварияны тергеп-тексеру жөніндегі комиссия тергеп-тексеру барысында аварияның алдында болған мән-жайларды анықтайды, оның себептерiн, техникалық құрылғыларды пайдалану шарттарының, технологиялық процестердiң бұзылу сипатын, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылуын анықтайды, мұндай авариялардың салдарларын жою және оларды болғызбау жөнiндегі iс-шараларды, авариядан келтірілген материалдық нұқсанды айқындайды.
86-бап. Аварияны тергеп-тексеру материалдары
1. Аварияны тергеп-тексеру материалдарына:
1) аварияны тергеп-тексеру жөніндегі комиссияны тағайындау туралы құқықтық акт;
2) аварияны тергеп-тексеру актiсi, оған:
авария орнын қарап тексеру хаттамасы, жоспарлар, схемалар, фотосуреттер;
авария орнының нобайлары;
комиссия төрағасының сараптамалар тағайындау туралы өкiмi және аварияны тергеп-тексеру жөнiндегi комиссия шығарған басқа да өкiмдер;
сараптама комиссиясының авария себептерi туралы қорытындысы, зертханалық және басқа зерттеулердiң, эксперименттердің, талдаулардың нәтижелерi қоса берiледi;
3) кәсіби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдары жұмыскерлерінің, егер олар аварияны жою үшiн шақырылған болса, баянхаттары;
4) аварияға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ өнеркәсiптiк қауiпсiздiк талаптарының сақталуына жауапты лауазымды адамдарға сауал қою және түсініктеме алу хаттамалары;
5) қызмет көрсететiн персоналды өнеркәсiптiк қауiпсiздiк бойынша оқыту туралы, оның бiлiмiн тексеру жөніндегі, нұсқамадан өтуі туралы анықтамалар;
6) аварияның мән-жайлары мен себептерiн сипаттайтын басқа да материалдар кіреді.
2. Аварияны тергеп-тексеру материалдарын ресімдеуге техникалық жәрдемдесу қауiптi өндiрiстiк объектiнi пайдаланатын ұйымға жүктеледі. Аварияны тергеп-тексеру материалдары аварияны тергеп-тексеру жөніндегі комиссияны тағайындаған органға дереу жiберiледі.
87-бап. Аварияны тергеп-тексеру қорытындылары
1. Аварияны тергеп-тексерудің нәтижелерi бойынша қауіпті өндірістік объектіні пайдаланатын ұйым күнтізбелік он күн ішінде бұйрық шығарады.
Бұйрықта аварияның мән-жайлары мен себептерi туралы комиссияның тұжырымдары жариялануға, оның салдарын жою жөніндегі шаралар, сондай-ақ мұндай авариялардың алдын алу және жұмыскерлерді жауапқа тарту жөнiндегi шаралар белгiленуге тиiс.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қауіпті өндірістік объектіні пайдаланатын ұйым аварияларды тергеп-тексеру нәтижелерi бойынша ұсынылған iс-шаралардың орындалу мерзiмдерi туралы жазбаша ақпаратты өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiне береді.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Егер авария техникалық құрылғылардың конструкциялық ақауларынан болған болса, қауіпті өндірістік объектіні пайдаланатын ұйым оны дайындаушыға рекламация, ал өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлiмшесiне оның көшiрмесiн жiбередi.
88-бап. Аварияны тергеп-тексеру бойынша шығыстар
Аварияны тергеп-тексеруге байланысты барлық шығыстарды қауiптi өндiрiстiк объектiнi пайдаланатын ұйым көтереді.
7-БӨЛІМ. МЕМЛЕКЕТТІК РЕЗЕРВ
16-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК РЕЗЕРВ ЖҮЙЕСІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 89-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
89-бап. Мемлекеттiк резерв жүйесi
Мемлекеттiк резерв жүйесiн мемлекеттік резерв саласындағы уәкiлеттi орган, мемлекеттік резерв саласындағы құрылымдық бөлімше және оның ведомстволық бағынысты ұйымдары құрайды.
90-бап. Мемлекеттiк резервтiң мақсаты
Мемлекеттiк резерв:
1) жұмылдыру мұқтаждарын қамтамасыз ету;
2) төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою жөнiнде шаралар қабылдау;
3) нарыққа реттеушiлiк ықпал ету;
4) босқындарға көмек көрсету;
5) гуманитарлық көмек көрсету мақсатында құрылады және пайдаланылады.
91-бап. Мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарының құқықтық мәртебесi
1. Мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарының запастары, олардың сақталу орнына қарамастан, республикалық меншiк болып табылады.
2. Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтары орналастырылған сақтау пункттеріне және (немесе) объектілеріне шетел қатысатын ұйымдардың құқықтарымен болжамды ауыртпалық түскен жағдайда, материалдық құндылықтар Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құпиялылық режимі сақтала отырып, басқа сақтау пункттеріне орналастырылады.
92-бап. Мемлекеттiк резервке материалдық құндылықтарды қоюға тапсырыстарды орналастыру
1. Мемлекеттiк резервке материалдық құндылықтарды қоюға тапсырыстар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен бюджет қаражаты есебiнен өнім берушілер арасында орналастырылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Мемлекеттік резерв саласындағы уәкiлеттi орган мемлекеттiк резервке материалдық құндылықтарды беруге тапсырыс берушi ретінде әрекет етеді.
3. Мемлекеттiк резервке қойылатын материалдық құндылықтар бүкiл сақталу мерзiмiнде Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиiс.
4. Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сақтау нормативтерін мемлекеттік резерв жүйесінің ведомстволық бағынысты ұйымы әзірлейді.
93-бап. Мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарын орналастыру
1. Мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтары мемлекеттік резерв жүйесінің ведомстволық бағынысты ұйымдарында және мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарын сақтау пункттерiнде сақталады.
2. Мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарын сақтау пункттерi және жұмылдыру тапсырыстары белгіленген ұйымдар сақтауға берiлген мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарының сапасы мен саны жағынан сақталуына жауапты болады.
3. Жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын сақтауды жүзеге асыратын ұйымдардың тізбесі, осы құндылықтардың номенклатурасы мен сақтау көлемі Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тиісті кезеңге арналған тауарларды өндіру, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жоспарымен айқындалады.
4. Жұмылдыру тапсырыстары белгіленген ұйымдар мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын жұмылдыру тапсырыстарына сәйкес қалыптастыруды, орналастыруды, сақтауды, олардың орнын ауыстыруды, уақтылы жаңартылуын, сондай-ақ оларды өткізу кезінде босатуды қамтамасыз етуге міндетті.
Кейіннен өздерінен жұмылдыру тапсырыстары алынған және жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтары броньнан шығарылған жағдайда, оларды сақтау мемлекеттік резервтен толық шығарылғанға дейін жүзеге асырылады.
5. Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сақтау пункттері және жұмылдыру тапсырыстары белгіленген ұйымдар, мемлекеттік резерв жүйесінің ведомстволық бағынысты ұйымдары мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарының бар-жоғы және олардың қозғалысы туралы есептер береді.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сақтау пункттері және жұмылдыру тапсырыстары белгіленген ұйымдар өздерінің бейіні өзгерген, қайта ұйымдастырылған, жекешелендірілген не таратылған жағдайларда, көрсетілген рәсімдерді жүргізу туралы шешім қабылданғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік резерв саласындағыуәкілетті орган мен тиісті орталық атқарушы органдарды хабардар етеді.
17-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК РЕЗЕРВТІ ПАЙДАЛАНУ
94-бап. Мемлекеттiк резервтен материалдық құндылықтарды пайдалану негiздерi және шығару тәртiбi
1. Мемлекеттiк резервтi жұмылдыру мұқтаждары үшiн пайдалану Қазақстан Республикасының жұмылдыру дайындығы мен жұмылдырудың тиісті жоспарлары негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік резервті нарыққа реттеушілік ықпал ету, босқындарға көмек көрсету және гуманитарлық көмек көрсету үшін пайдалану Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүзеге асырылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі шаралар қабылдау үшін пайдалану мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті органның шешімімен жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттiк резервтен материалдық құндылықтарды шығару:
1) оларды жаңартуға байланысты;
2) қарызға беру тәртiбiмен;
3) броньнан шығару тәртiбiмен жүзеге асырылады.
5. Мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды қарызға беру тәртiбiмен шығарған кезде қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын бақылау және қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi орган айқындайтын тәртiппен екiншi деңгейдегi банктердiң кепiлдiк беруi міндетті шарт болып табылады.
6. Егер материалдық құндылықтарды алушының:
1) бюджет алдында берешегі болған;
2) өзі бұрын алған мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарын қайтармаған;
3) банкроттық сатысында тұрған жағдайларда, мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтары қарызға беру тәртiбiмен шығарыла алмайды.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды қарызға беру тәртiбiмен шығарған кезде мемлекеттік резерв саласындағы уәкiлеттi орган алушымен шарт (келiсiмшарт) жасасады.
8. Мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды қарызға беру тәртібімен шығарған кезде алушы қарызға беру шартының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында кепіл салым бағасы жалпы сомасының үш пайызының ақысын төлейді.
9. Мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды жаңарту және броньнан шығару тәртiбiмен шығару, оларды төтенше жағдайлар мен олардың салдарының алдын алу және оларды жою жөнінде шаралар қабылдау, нарыққа реттеушілік ықпал ету, босқындарға көмек көрсету, гуманитарлық көмек көрсету, басқа мемлекеттік органдардың балансына беру үшін шығару жағдайларын қоспағанда, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 10-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сатып алу туралы заңнамасына сәйкес сатып алуды жүзеге асыратын заңды тұлғалардың мемлекеттiк резерв тауарларын сатып алуы мемлекеттік резерв саласындағы уәкiлеттi органда немесе мемлекеттік резерв саласындағы оның құрылымдық бөлімшесінде жүргiзiледi.
11. Материалдық құндылықтарды броньнан шығару тәртiбiмен шығару - номенклатурасы өзгерген және кәдеге жаратылған (жойылған) жағдайларда кейіннен салынбай, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарының алдын алу және оларды жою жөнiнде шаралар қабылдау, нарыққа реттеушілік ықпал ету, босқындарға көмек көрсету және гуманитарлық көмек көрсету үшін - кейіннен салына отырып жүзеге асырылады.
12. Материалдық құндылықтарды мемлекеттiк резервтен шығарған кезде оларды өткізуден алынған қаражат шарт орындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде бюджет есебіне жатқызылуға жатады.
13. Төтенше жағдайлар мен олардың салдарының алдын алу және оларды жою жөнінде шараларды қабылдау, нарыққа реттеушілік ықпал ету, босқындарға көмек көрсету және гуманитарлық көмек көрсету кезiнде пайдаланылған мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтары бюджет қаражаты есебінен өтелуге жатады.
Гуманитарлық көмекті жеткізу және оны беру бойынша шығындарды өтеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен жүзеге асырылады.
95-бап. Нарыққа реттеушiлiк ықпал ету үшiн мемлекеттiк резервті пайдалану
Ішкі нарықта сұраныс пен ұсыныстың арасында дағдарыс құбылыстары мен қатер төндіретін диспропорциялар туындаған жағдайда, мемлекеттік резервтiң материалдық құндылықтары Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмдерi негiзiнде нарыққа реттеушілiк ықпал ету үшiн пайдаланылады.
96-бап. Мемлекеттiк резервтен материалдық құндылықтарды нарыққа реттеушiлiк ықпал ету үшін шығару тәртiбi
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік резерв саласындағы уәкілетті орган және агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы уәкілетті орган тауарларға бағалар мониторингiн жүргiзедi және бағалардың нарыққа реттеушiлiк ықпал етуі орынды болатын деңгейге жеткен жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкiметiне сауда қызметiнiң субъектiлерi - шығарылатын материалдық құндылықтарды алушыларды, олардың көлемiн, сауда үстемеақысының бағасын және мөлшерiн көрсете отырып, нарыққа реттеушiлiк ықпал ету үшін мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды шығару қажеттiгi туралы ұсыныс енгiзедi.
2. Мемлекеттік резервті нарыққа реттеушілік ықпал ету үшін пайдаланған жағдайда, сауда қызметінің субъектілерін іріктеу мынадай критерийлер негізінде жүзеге асырылады:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке басты куәландыратын және дара кәсіпкер ретінде тіркелгені туралы куәландыратын құжаттармен немесе заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлікпен расталған құқық қабілеттілігі және әрекетке қабілеттілігі;
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) банктен немесе оның филиалынан алынған анықтаманың және салық берешегінің жоқ екендігі туралы мемлекеттік кіріс органы анықтамасының болуымен расталған салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешегінің, сондай-ақ сауда қызметінің субъектісіне қызмет көрсететін банк алдында берешегінің жоқ екендігі көрсетілген төлем қабілеттілігі;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, құқық белгілейтін құжаттармен немесе бөлшек сауда желісі объектілерін жалға алу шартымен расталған, бөлшек сауда желілерінде сатып алынатын тауарды өткізу мүмкіндігі;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, құқық белгілейтін құжаттармен немесе қойма үй-жайларын жалға алу шартымен, денсаулық сақтау саласындағы және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органдардың құжаттарымен расталған, сатып алынатын тауардың тиісінше сақталуын қамтамасыз ете алатын қойма үй-жайларының болуы.