2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Құжаттарды, Қазақстан Республикасының аумағына импортталған тауарларды және заттарды алып қою туралы хаттамада (әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамада) алып қойылған құжаттардың түрi мен деректемелері, алып қойылған заттардың түрi, саны, өзге де сәйкестендіру белгiлерi туралы, оның iшiнде алып қойылған қарудың тұрпаты, маркасы, моделі, калибрi, сериясы, нөмiрi, өзге де сәйкестендіру белгiлерi, оқ-дәрiлердiң, арнаулы жедел-iздестiру шараларын өткiзуге арналған арнайы техникалық құралдардың және ақпаратты қорғаудың криптографиялық құралдарының саны мен түрi туралы мәлiметтер қамтылады.
2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Хаттамаға оны жасаған лауазымды адам, тиiстi құжаттары, Қазақстан Республикасының аумағына импортталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізілетін тауарлары және заттары алып қойылған адам, куәгерлер қол қояды. Өзiнен тиiстi құжаттары мен заттары алып қойылған адам хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, онда тиiстi жазба жасалады.
2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Алып қойылған заттар, Қазақстан Республикасының аумағына импортталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізілетін тауарлар және құжаттар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қаралғанға дейiн алып қоюды жүргiзген лауазымды адам айқындайтын орындарда тиiстi уәкiлеттi мемлекеттiк орган айқындайтын тәртiппен сақталады.
2016.22.12. № 28-VI ҚР Заңымен 6-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Алып қойылған атыс қаруы мен өзге де қару, сондай-ақ оқ-дәрiлер, арнаулы жедел-iздестiру іс-шараларын жүргізуге арналған арнаулы техникалық құралдар және ақпаратты қорғаудың криптографиялық құралдары Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi айқындайтын тәртiппен сақталады немесе жойылады.
2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен 7-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
7. Iс қаралғаннан кейiн шығарылған қаулыға сәйкес, алып қойылған құжаттар, Қазақстан Республикасының аумағына импортталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізілетін тауарлар және заттар олардың иесiне қайтарылады немесе тәркiленедi немесе өткізіледі немесе сақталады немесе белгiленген тәртiппен жойылады. Жол жүрiсi саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстер бойынша алып қойылған құжаттар iс бойынша қабылданған қаулы орындалғанға дейiн сақталады.
8. Егер адам жасаған әкімшілік құқық бұзушылық үшін осы Кодексте көлік құралын басқару құқығынан айыру түрінде санкция көзделген жағдайда ғана көлік құралын басқару құқығына жүргізуші куәлігі алып қоюға жатады. Басқа жағдайларда әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылғаннан кейін көлік құралын басқару құқығына жүргізуші куәлігі тез арада иесіне қайтарылады.
9. Жол жүрiсi қағидаларын бiлуiн тексеруге жiберу туралы қаулы бойынша алып қойылған жүргiзушi куәлiгi немесе жүргiзушi куәлiгiнiң орнына берiлген көлiк құралын басқару құқығына куәлiк, иесi жол жүрiсi қағидаларын бiлуiн тексеруге арналған емтиханды тапсырған жағдайда жүргiзушiге қайтарылады.
Жүргiзушi емтиханға жiберу туралы қаулыны алған күннен бастап екi ай iшiнде жол жүрiсi қағидаларын бiлуiн тексеруге арналған емтиханды тапсырмаған кезде, қаулы шығарған лауазымды адам Қазақстан Республикасының жол жүрiсi қауiпсiздiгi саласындағы заңнамасында көзделген шараларды қолданады.
Алып қойылған жүргiзушi куәлiгiнiң орнына жүргiзушiге уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша уақытша куәлiк берiледi.
10. Көлік құралдарының мемлекеттік нөмірлері екі куәгердің және (немесе) көлік құралы меншік иесінің қатысуымен ғана алып қоюға жатады, бұл ретте мемлекеттік нөмірлерді алып қоюды жүргізетін уәкілетті лауазымды адам көлік құралының иесіне алып қоюды жүргізудің негізін түсіндіруге міндетті. Салынған айыппұлды өндіріп алу мақсатында көлік құралдарының мемлекеттік нөмірлерін алып қоюды жүргізуге тыйым салынады.
11. Алып қойылған орден, медаль, Қазақстан Республикасының, Қазақ КСР-iнiң, КСРО-ның және басқа да мемлекеттердiң құрметтi атағының төсбелгiсi олардың заңды иесiне қайтарылады, ал егер ол белгiсiз болса, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Әкiмшiлiгiне жiберiледi.
2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен 12-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
12. Жеке тұлғаның өзімен бірге алып жүрген заттарын, Қазақстан Республикасының аумағына импортталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізілетін тауарларын және құжаттарын алып қою осы Кодекстің 785-бабының бірінші бөлігінде көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін айрықша жағдайларда ғана жүргізіледі. Аталған шараны осы Кодексте көзделмеген мақсаттарда қолдану Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
796-бап. Көлiк құралын, кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені басқарудан шеттету және масаң күйiн куәландыру
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Көлiк құралын, кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені басқаратын жүргiзушi, кеме жүргiзушi масаң күйде деп пайымдауға жеткiлiктi негiздер болса, олар көлiк құралын, кемені, оның ішінде шағын көлемдi кеменi басқарудан шеттетiлуге және масаң күйiн куәландыруға жатады.
2. Көлiк құралын, кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені басқарудан шеттетудi, масаң күйiн куәландыруды және медициналық куәландыруға жiберудi: Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының және көлiктік бақылау органдарының көлiк құралын басқаратын адам құқық бұзушылықтар жасаған жағдайда - тиiсiнше ішкі істер органдарының, әскери полицияның қызметкерлері жүргiзедi.
3. Масаң күйiн куәландыруға жiберу, масаң күйiн куәландыру және оның нәтижелерiн ресiмдеу Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жүргiзiледi. Жүргiзушi, кеме жүргiзушi куәландыру нәтижелерiмен келiспеген жағдайда, олар медициналық куәландыруға медициналық мекемеге жiберiледi.
4. Масаң күйiн куәландыру үшiн көлiк құралын, кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені басқарудан шеттету туралы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаға белгi жасалады.
5. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамада куәландырудан өткiзу үшiн көлiк құралын, кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені басқарудан шеттетiлген күн, уақыт, орын, негiздер көрсетiледi. Хаттаманың көшiрмесi өзiне қатысты іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан адамға не оның заңды өкiлiне тапсырылады.
6. Масаң күйiн куәландыру актiсi тиiстi хаттамаға қоса беріледi.
797-бап. Көлiк құралын, кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені ұстап алу, жеткiзу және пайдалануға тыйым салу
1. Мынадай:
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) осы Кодекстiң 367, 368, 370, 372, 381, 382, 383, 392, 393, 394, 395, 396, 506, 510, 511, 512, 513, 514, 515, 516, 517, 571, 572, 573, 574, 575, 581, 582, 586, 589, 590 (екiншi, үшiншi және төртінші бөлiктерiнде), 593 (екiншi, үшiншi, төртінші, бесінші, алтыншы және жетінші бөлiктерiнде), 597 (үшiншi, төртiншi бөлiктерiнде), 612 (бiрiншi, екiншi, төртiншi, бесiншi бөлiктерiнде), 613 (екiншi бөлiгiнде), 654 (590, 591, 592, 593, 594, 595, 596, 597, 598, 599, 600, 601, 602, 603, 606, 607, 609, 610, 611, 612, 613-баптарда көзделген құқық бұзушылықтар бөлiгiнде)-баптарында көрсетілген бұзушылықтар жасалған кезде осы баптың екiншi бөлiгiнде аталған уәкiлеттi лауазымды адам көлiк құралдарын, кемелерді, оның iшiнде шағын көлемдi кемелердi уақытша сақтау үшiн оларды арнаулы алаңдарға, тұрақтарға немесе стационарлық көлiктiк бақылау бекетiне iргелес жатқан алаңдарға, оның iшiнде басқа да көлiк құралын (эвакуаторды), кеменi немесе шағын көлемдi кеменi пайдалана отырып жеткiзу арқылы ұстап алу себептерi жойылғанға дейiн ұстап алуға, жеткiзуге және пайдалануға тыйым салуға құқылы;
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
2) осы Кодекстiң 573, 575, 593 (екiншi, үшінші, төртiншi және бесiншi бөлiктерiнде)-баптарында көрсетiлген бұзушылықтар жасалған кезде осы баптың екiншi бөлiгiнде аталған уәкiлеттi лауазымды адам шетелдiктерге немесе шетелдiк заңды тұлғаларға тиесiлi көлiк құралдарын уақытша сақтау үшiн оларды арнайы алаңдарға, тұрақтарға немесе стационарлық көлiктiк бақылау бекетiне iргелес жатқан алаңдарға, оның iшiнде басқа көлiк құралын (эвакуаторды) пайдалана отырып жеткiзу арқылы әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулы орындалғанға дейiн ұстап алуға, жеткiзуге және пайдалануға тыйым салуға;
3) осы Кодекстiң 590 (бiрiншi, бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы және оныншы бөлiктерiнде), 597 (бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде), 610, 611-баптарында көрсетілген бұзушылықтар жасалған кезде осы баптың екiншi бөлiгiнде аталған уәкiлеттi лауазымды адам көлiк құралын пайдалануға тыйым салу себептерi жойылғанға дейiн мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерiн алып қою арқылы көлiк құралдарын пайдалануға тыйым салуға құқылы.
Көлiк құралын уақытша сақтау үшiн арнаулы алаңдарға, тұрақтарға немесе стационарлық көлiктiк бақылау бекетiне iргелес жатқан алаңдарға оны жеткiзу (эвакуациялау) көлiк құралы жүргiзушiсі тоқтау немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзған және өздерi сол жерде болмаған жағдайларда, сондай-ақ жүргiзушiлердiң қайда екенiн анықтау мүмкiн болмаса, олар жолда қараусыз қалдырған көлiк құралдарына қатысты да қолданылуы мүмкiн.
2015.03.12. № 432-V ҚР Заңымен 2-бөлік өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Көлiк құралын, кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені ұстап алуды, жеткiзудi және пайдалануға тыйым салуды Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа әскерлері мен әскери құралымдарының, өз өкiлеттiктерi шегiнде көлiктік бақылау органдарының, орман және аңшылық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, балық қорғау органдарының (орман, балық, аңшылық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнаманы бұзған кезде) көлiк құралын басқаратын адам әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кезде ішкі істер органдарының, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету және қорғау кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, әскери полицияның қызметкерлері, мемлекеттік кіріс органдарының лауазымды адамдары өз өкілеттіктері шегінде жүргiзедi.
3. Көлiк құралын, кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені ұстап алу, жеткiзу және пайдалануға тыйым салу туралы белгiленген нысандағы акт жасалады және әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамаға қоса тiркеледi.
Пайдалануға тыйым салынатын ақауы бар немесе тиiстi рұқсатсыз қайта жабдықталған, немесе белгiленген тәртiппен тiркелмеген, немесе мемлекеттiк немесе мiндеттi техникалық қарап-тексеруден өтпеген, сол сияқты мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi жоқ не жасырын, қолдан жасалған немесе ұлттық стандартқа сай емес нөмiр белгiлерi бар көлiк құралын, шағын көлемдi кеменi пайдалануға тыйым салынады.
4. Ұстап алынған көлiк құралын, кемені, оның ішінде шағын көлемді кемені сақтау жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмi бойынша құрылатын және коммуналдық меншiк болып табылатын арнаулы алаңдарда немесе тұрақтарда жүзеге асырылады.
798-бап. Заңды тұлғаға тиесiлi аумақтарды, үй-жайларды, тауарларды, өзге де мүлiктi, сондай-ақ тиiстi құжаттарды қарап-тексеру
1. Заңды тұлғаға тиесiлi аумақтарды, үй-жайларды, тауарларды, өзге де мүлiктi, сондай-ақ тиiстi құжаттарды қарап-тексерудi осы Кодекстiң 804-бабына сәйкес заңды тұлғалардың әкiмшiлiк құқық бұзушылықтары туралы хаттамалар жасауға уәкiлеттiк берілген лауазымды адамдар жүргiзедi.
2. Қарап-тексеру заңды тұлға өкiлiнiң және екi куәгердiң қатысуымен жүргiзiледi.
3. Қарап-тексеруді жүргiзу туралы хаттама жасалады. Хаттаманың көшiрмесi өзiне қатысты іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан заңды тұлғаның өкiлiне тапсырылады.
4. Заңды тұлғаға тиесiлi аумақтарды, үй-жайларды, тауарларды, өзге де мүлiктi, сондай-ақ тиiстi құжаттарды қарап-тексеру хаттамасында оның жасалған күнi мен орны, хаттама жасаған адамның лауазымы, тегі мен аты-жөні, тиiстi заңды тұлға туралы, сондай-ақ оның заңды өкiлiнің не өзге де қызметкерiнің жеке басы туралы мәлiметтер, қарап-тексерiлген аумақтар мен үй-жайлар, тауарлар мен басқа да заттардың түрлерi, саны, өзге де сәйкестендіру белгiлерi, құжаттардың түрлерi мен деректемелері туралы мәлiметтер көрсетiледi.
5. Қарап-тексеру хаттамасында оны жүргiзу барысында фото- және кинотүсiрiлiмдерi, бейнежазбалар, құжаттарды тіркеудің белгiленген өзге де тәсілдері қолданылғаны туралы жазба жасалады. Фото-, кинотүсiрiлiмдерiнiң, бейнежазбалардың, заттай дәлелдемелердi тіркеудiң белгiленген өзге де құралдары нәтижесiнде алынған материалдар тиiстi хаттамаға қоса беріледi.
6. Заңды тұлғаға тиесiлi аумақтарды, үй-жайларды, тауарларды, өзге де мүлiктi, сондай-ақ тиiстi құжаттарды қарап-тексеру хаттамасына оны жасаған лауазымды адам, оның өкiлi не кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайларда заңды тұлғаның қызметкерi, сондай-ақ куәгерлер қол қояды. Аталған заңды тұлғаның өкiлi немесе өзге де қызметкерi хаттамаға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, онда тиiстi жазба жасалады.
799-бап. Заңды тұлғаға тиесiлi құжаттар мен мүлiктi алып қою
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау құралы не нысанасы болған, заңды тұлғаға тиесiлi, әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған жерде не заңды тұлғаға тиесiлi аумақтарды, үй-жайларды, көлiк құралдарын, тауарларды, өзге де мүлiкті қарап-тексеруді жүргiзу кезiнде табылған құжаттарды, тауарларды, өзге де мүлiктi, нәрселерді алып қоюды осы Кодекстiң 804-бабында аталған лауазымды адамдар, сондай-ақ осы Кодекстiң 235, 236, 237, 416-баптары бойынша әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы хаттама жасауға құқығы бар уәкiлеттi лауазымды адамдар жүзеге асырады. Заңды тұлғаға тиесiлi құжаттарды, тауарларды, өзге де мүлiктi алып қоюды ресiмдеу, сондай-ақ оларды сақтау осы Кодекстiң 795-бабында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
800-бап. Заңды тұлғаға тиесiлi тауарларға, көлiк құралдарына және өзге де мүлiкке тыйым салу
1. Заңды тұлғаға тиесiлi, әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау құралдары не нысанасы болған тауарларға, көлiк құралдарына және өзге де мүлiкке тыйым салу өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша, iс жүргiзудi қамтамасыз етудiң осы шарасы қолданылған заңды тұлғаның өкiлiне оларға билiк етуге (ал қажет болған жағдайларда пайдалануға да) тыйым салу туралы хабарлана отырып, көрсетілген тауарлардың, көлiк құралдарының және өзге де мүлiктiң тiзiмдемесiн білдіреді және егер осы тауарларды, көлiк құралдарын және өзге де мүлiктi алып қою мүмкiн болмайтын және (немесе) олардың сақталуын алып қоюсыз қамтамасыз ету мүмкiн болатын жағдайда қолданылады. Тыйым салынған тауарлар, көлiк құралдары және өзге де мүлiк тыйым салған лауазымды адам тағайындаған басқа тұлғаларға жауапкершiлiкпен сақтауға берiлуi мүмкiн.
2. Заңды тұлғаға тиесiлi тауарларға, көлiк құралдарына және өзге де мүлiкке тыйым салуды тауар, көлiк құралы және өзге де мүлiк иесi мен екi куәгердiң қатысуымен осы Кодекстiң 787-бабында, 804-бабының бiрiншi бөлiгiнде аталған, осыған уәкiлеттiк берiлген лауазымды адамдар жүзеге асырады.
Кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайларда, тауарларға, көлiк құралдарына және өзге де мүлiкке тыйым салу олардың иесiнiң қатысуынсыз жүзеге асырылуы мүмкiн.
3. Қажет болған жағдайларда фото- және кинотүсiрілім, бейнежазба қолданылады.
4. Заңды тұлғаға тиесiлi тауарларға, көлiк құралдарына және өзге де мүлiкке тыйым салу туралы хаттама жасалады. Заңды тұлғаға тиесiлi тауарларға, көлiк құралдарына және өзге де мүлiкке тыйым салу туралы хаттамада оның жасалған күнi мен орны, хаттама жасаған адамның лауазымы, тегі мен аты-жөнi, өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз етудiң осы шарасы қолданылған заңды тұлға туралы және иелiгiнде тыйым салынған тауарлар, көлiк құралдары және өзге де мүлкi бар тұлға туралы мәлiметтер, олардың тiзiмдемесi және сәйкестендiру белгiлерi көрсетiледi, сондай-ақ фото- және кинотүсiрілімдері, бейнежазбалар қолдану туралы жазба жасалады. Фото- және кинотүсiрілімдер, бейнежазбалар қолданылып, тыйым салуды жүзеге асыру кезiнде алынған материалдар хаттамаға қоса беріледi.
5. Қажет болған жағдайларда тыйым салынған тауарлар, көлiк құралдары және өзге де мүлiк оралады және (немесе) оларға мөр басылады.
6. Заңды тұлғаға тиесiлi тауарларға, көлiк құралдарына және өзге де мүлiкке тыйым салу туралы хаттаманың көшiрмесi өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз етудiң осы шарасы қолданылған заңды тұлғаның өкiлiне тапсырылады.
7. Заңды тұлғаға тиесiлi, тыйым салынған тауарларды, көлiк құралдарын және өзге де мүлiктi өзiне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi қамтамасыз етудiң осы шарасы қолданылған заңды тұлғаның не тыйым салынған мүлiктi сақтауды жүзеге асыратын тұлғаның иелiктен шығаруы немесе жасыруы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
801-бап. Қызметті немесе оның жекелеген түрлерін тоқтата тұру не оған тыйым салу
1. Қызметті немесе оның жекелеген түрлерiн тоқтата тұруды не оларға тыйым салуды әкiмшiлiк құқық бұзушылықты жасағаны үшін қызметті немесе оның жекелеген түрлерiн тоқтата тұру не оған тыйым салу түріндегі әкімшілік жаза қолданылуы мүмкін, ол туралы хаттама жасауға осы Кодекстің 804-бабына сәйкес уәкiлеттiк берілген лауазымды адам жүзеге асырады. Қызметтi немесе оның жекелеген түрлерiн тоқтата тұруға не оларға тыйым салуға үш тәуліктен аспайтын мерзімге жол беріледі. Көрсетілген мерзімде орган (лауазымды адам) сотқа әкімшілік құқық бұзушылық туралы материалдарды жіберуге міндетті.
2. Қызметті немесе оның жекелеген түрлерін тоқтата тұру не оларға тыйым салу туралы акт жасалады, онда осы шараны қолданудың негізі, оның жасалған күні мен орны, акт жасаған лауазымды адамның лауазымы, тегі мен аты-жөні, өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлға туралы мәліметтер, қызметіне уақытша тыйым салынған қызмет объектісі, қызметтің нақты тоқтатылған уақыты, тұлғаның түсініктемесі және істі дұрыс шешу үшін қажетті өзге де деректер көрсетіледі. Бұл ретте қызметті немесе оның жекелеген түрлерін тоқтата тұру не оларға тыйым салу туралы акт сот шешімін шығарғанға дейін қолданыста болады.
3. Қызметті немесе оның жекелеген түрлерін тоқтата тұру не оларға тыйым салу туралы актіге оны жасаған лауазымды адам, қызметі уақытша тоқтатылған жеке тұлға немесе заңды тұлғаның өкілі қол қояды. Егер аталған тұлғалардың біреуі актіге қол қоймаған жағдайда, лауазымды адам бұл жөнінде актіде тиісті жазба жасайды.
4. Қызметті немесе оның жекелеген түрлерін тоқтата тұру не оларға тыйым салу туралы актінің көшірмесі қызметі уақытша тоқтатылған тұлғаға қолхатпен тапсырылады.
5. Қызметті немесе оның жекелеген түрлерін тоқтата тұру не оларға тыйым салу туралы актіні жасаған лауазымды адам пломбаларды салуды, үй-жайларға, тауарлар мен өзге де материалдық құндылықтар сақталатын орындарға, кассаларға мөр басуды жасайды, сондай-ақ актіде көрсетілген тұлғалардың қызметті уақытша тоқтатуға қажетті іс-шараларды орындау бойынша басқа да іс-шаралар қолданылады.
41-тарау. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғау
802-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғау үшін себептер мен негiз
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғауға:
1) осы баптың үшінші бөлiгiнiң ережелерiн ескере отырып, әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасау фактiсiн уәкiлеттi лауазымды адамның тiкелей анықтауы;
2) құқық қорғау органдарынан, сондай-ақ басқа да мемлекеттiк органдардан, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарынан түскен материалдар;
3) жеке және заңды тұлғалардың хабарламалары немесе мәлiмдемелерi, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарындағы хабарламалар;
2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
4) арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарының, сондай-ақ сертификатталған арнайы техникалық бақылау-өлшеу құралдары мен автоматты режимде жұмыс iстейтiн және жолдағы жағдайды фото-, бейнетүсiрiлiм арқылы көлiк құралының жүру жылдамдығы мен бағытын, жол жүрiсiне басқа да қатысушылардың iс-қимылдарын айқындау арқылы автомобиль көлiгi және жол жүрiсi қауiпсiздiгi саласында әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың жасалуын тiркейтiн бақылау аспаптарының көрсеткiштерi;
2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
5) бақылау-өлшеу аппаратурасының және (немесе) радиотехникалық бақылау құралдарының көрсеткіштері себептер болып табылады.
2. Іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын, осы Кодекстің 741-бабында көзделген мән-жайлар болмаған кезде, әкiмшiлiк құқық бұзушылық белгiлерiн көрсететiн жеткiлiктi деректердiң болуы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғау үшiн негiз болып табылады.
2014.29.12. № 272-V ҚР Заңымен 3-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара); 2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде белгіленген тәртіппен жүргiзiлген тексерудiң нәтижесi тексерілетін субъектіге қатысты осы баптың бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғауға негiз болып табылады.
Осы бөліктің күші Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 129-бабының 4, 5 және 6-тармақтары мен 140-бабының 3 және 5-тармақтарында көзделген салаларда, сондай-ақ мемлекеттік статистика саласында бақылау және қадағалау жүзеге асырылған кезде және мемлекеттік кіріс органдары бақылаудың өзге де нысандарын жүзеге асырған кезде әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайларға қолданылмайды.
4. Осы Кодекстің 785-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы бірінші хаттама жасалған, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама жасалған немесе прокурор әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғау туралы қаулы шығарған кезден бастап, сондай-ақ судья (сот) сот талқылауы барысында процеске қатысушы тұлғаның тарапынан сотты құрметтемеушiлiк фактiсiнiң белгіленгені туралы жариялаған кезден бастап әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс қозғалған деп есептеледі.
Егер әкімшілік құқық бұзушылықты автоматты режимде жұмыс істейтін сертификатталған арнайы техникалық бақылау-өлшеу құралдары мен аспаптары тіркеген жағдайда, сондай-ақ істерді мемлекеттік кіріс органдары қарайтын әкімшілік құқық бұзушылықтар жасалған кезде әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі хабардар ету (хабарлау) тиісті түрде жеткізілген кезден бастап қозғалған деп есептеледі.