543-бап. Кәмелетке толмаған сотталушыны сот отырысының залынан шығарып жіберу
1. Сот қорғаушының немесе заңды өкiлдiң өтiнiшхаты бойынша, сондай-ақ өзiнiң бастамасы бойынша, тараптардың пiкiрiн ескере отырып, кәмелетке толмаған сотталушыға терiс әсер етуi мүмкiн мән-жайларды зерттеу уақытына өзiнiң қаулысымен оны сот отырысының залынан шығарып жіберуге құқылы.
2. Кәмелетке толмаған сотталушы сот отырысының залына қайта келгеннен кейін ол болмаған кезде өткен талқылаудың мазмұнын төрағалық етушi қажеттi көлемде және нысанда хабарлайды және кәмелетке толмаған адамға өзi болмаған кезiнде жауап алынған адамдарға сұрақ қою мүмкiндiгiн бередi.
544-бап. Кәмелетке толмаған адамның iсi бойынша үкiм шығару кезiнде сот шешетiн мәселелер
1. Сот кәмелетке толмаған адамға жаза тағайындау туралы мәселені шешу кезінде бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза қолдану не кәмелетке толмаған адамға мәжбүрлеп тәрбиелік ықпал ету шараларын қолдануға байланысты оны қылмыстық жазадан босату мүмкіндігін талқылауға және оны үкімде уәждеуге тиіс. Бұл ретте сот кәмелетке толмаған адамға жекелеген жаза түрлерін қолдану сотталушының құқық бұзушылық жасау кезіндегі кәмелетке толмауымен айқындалатынын назарда ұстай отырып, оларды тағайындаудың қылмыстық заңда белгіленген шектерін ескеруге тиіс.
2. Шартты түрде соттау, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза шарасын тағайындау, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру не мәжбүрлеп тәрбиелiк ықпал ету шараларын қолдану жағдайларында сот бұл туралы мамандандырылған мемлекеттiк органға хабарлайды және оған сотталушының мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыруды жүктейдi.
545-бап. Мәжбүрлеп тәрбиелiк ықпал ету шараларын қолдана отырып, кәмелетке толмаған адамды жазадан босату
Егер қылмыстық теріс қылық туралы немесе онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыс немесе ауыр қылмыс туралы iс бойынша осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған кәмелетке толмаған адам қылмыстық жаза шарасы қолданылмастан түзелуi мүмкiн деп танылса, сот айыптау үкiмiн шығара отырып, кәмелетке толмаған сотталушыны жазадан босатуға және оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 84-бабында көзделген мәжбүрлеп тәрбиелiк ықпал ету шараларын қолдануға құқылы. Үкiмнiң көшiрмесi мамандандырылған мемлекеттiк органға жiберiледi.
57-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚУДАЛАУДАН АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ МЕН ИММУНИТЕТІ БАР АДАМДАРДЫҢ ІСТЕРІ БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
546-бап. Қылмыстық қудалаудан артықшылықтары мен иммунитеті бар адамдардың істері бойынша іс жүргізу ерекшеліктерін қолдану шегі
Осы тарауда көзделген қылмыстық істер бойынша іс жүргізу ерекшеліктері сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталуы себебін тіркеу кезінде тиісті лауазымда болуы заңда көзделген негіздер бойынша тоқтатылған адамдарға қолданылмайды.
547-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзу
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау себебі Бірыңғай тізілімге тіркелгеннен кейін Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісуімен ғана жалғастырылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты қылмыс орнында ұстап алынған не оның ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немес аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін, бірақ оған бір тәулік ішінде міндетті түрде хабарлай отырып жалғасуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына қатысты істер бойынша алдын ала тергеу жүргізу міндетті.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүргізілген процестік әрекеттердің заңдылығын хабарлама алғаннан кейін екі тәулік ішінде зерделейді және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыру туралы қаулы шығара отырып, бұған келісім береді не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтата отырып, бұдан бас тартады. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін заңсыз жалғасқан болса, оның нәтижелерін қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде жіберуге болмайды.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры күдік келтірілетін Қазақстан Республикасы Парламентi депутатының іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарады.
3. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаты өз өкiлеттiктерінің мерзiмi iшiнде қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайларды қоспағанда, оны тиiстi Палатаның қолсұғылмаушылықтан айыруға берген келiсiмiнсiз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
4. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатын қылмыстық жауаптылыққа тартуға, ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге келiсiм алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Парламентінiң Сенатына немесе Мәжiлiсiне ұсыну енгiзедi. Ұсыну депутатқа күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны ұсынудың, сотқа күзетпен ұстау, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат енгізудің, депутатты ұстап алу, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына мәжбүрлеп әкелу қажеттігі туралы мәселені шешудің алдында енгізіледі.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 5-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Қылмыс жасады деп күдік келтірілетін Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатын күзетпен ұстау немесе үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шараларын санкциялау туралы мәселені Астана қаласының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған қаулысы негізінде шешеді. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына қатысты күзетпен ұстау немесе үйқамақ мерзімін осы Кодексте көзделген тәртіппен ұзарту туралы өтінішхат оны Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған кезде ғана сотқа жіберілуі мүмкін.
6. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы депутатты қылмыстық жауаптылыққа тартуға келiсiм берсе, бұдан кейiнгi тергеп-тексеру осы бапта көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, осы Кодексте белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
7. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге келiсiм берсе, депутатқа осы бұлтартпау, процестік мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселе осы Кодексте белгiленген тәртiппен шешiледi.
8. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы депутатты қылмыстық жауаптылыққа тартуға келiсiм бермесе, қылмыстық iс осы негіз бойынша тоқтатылуға жатады.
9. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы депутатқа күзетпен ұстау, үйқамақ, ұстап алу, күштеп әкелу түріндегі бұлтартпау, процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға келiсiм бермесе, оған көрсетілген шараларды қолдануға болмайды. Депутатқа қатысты өзге процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға Парламенттің тиісті Палаталарының келісімі талап етілмейді және олар осы Кодексте белгіленген тәртіппен қолданылуы мүмкін.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 10-бөлікке енгізілетін өзгерісті қараңыз (2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі)
10. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына қатысты осы Кодекске сәйкес прокурор санкциялауға тиіс тергеу әрекеттерін жүргізуге санкцияны Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыруға келісу туралы өзі қаулы шығарғаннан кейін береді.
11. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қылмыстық істі айыптау актісімен бірге осы Кодексте белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына бередi, ол осы Кодекстің 301 - 305-баптарында көзделген әрекеттерді орындайды. Депутатқа қатысты тергеп-тексерілген іс Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының айыпталушыны сотқа беру туралы қаулысы болған кезде ғана тиісті соттың іс жүргізуіне қабылдануы мүмкін.
Ескертпе. Осы тараудың баптарында қолсұғылмаушылықтан айыру деп қылмыстық жауаптылыққа тартуға және процестік мәжбүрлеу шараларын қолдануға келісім беру түсініледі.
548-бап. Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидатқа, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына кандидатқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзу
1. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатқа, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына кандидатқа қатысты істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу осы баптың екінші бөлігінде көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына қатысты қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына кандидатты қолсұғылмаушылықтан айыруға келісім беру Орталық сайлау комиссиясынан сұратылады.
549-бап. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшесiне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзу
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау себебі Бірыңғай тізілімге тіркелгеннен кейін Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшесiне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісуімен ғана жалғастырылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасы немесе мүшесi қылмыс орнында ұстап алынған не оның ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін, бірақ оған бір тәулік ішінде міндетті түрде хабарлай отырып жалғасуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшесiне қатысты істер бойынша алдын ала тергеу жүргізу міндетті.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүргізілген процестік әрекеттердің заңдылығын хабарламаны алғаннан кейін екі тәулік ішінде зерделейді және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыру туралы қаулы шығара отырып, бұған келісім береді не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтата отырып, бұдан бас тартады. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін заңсыз жалғасқан болса, оның нәтижелерін қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде жіберуге болмайды.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры күдік келтірілетін Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесi Төрағасының немесе мүшесiнің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарады.
3. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасы мен мүшесi өз өкiлеттiктерiнiң мерзiмi iшiнде қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайларды қоспағанда, оларды Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қолсұғылмаушылықтан айыруға берген келiсiмiнсiз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
4. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасын немесе мүшесiн қылмыстық жауаптылыққа тартуға, ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге келiсiм алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасының Парламентiне ұсыну енгiзедi. Ұсыну Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасына немесе мүшесiне күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны ұсынудың, сотқа күзетпен ұстау, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат енгізудің, оны ұстап алу, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына мәжбүрлеп әкелу қажеттігі туралы мәселені шешудің алдында енгізіледі.
5. Қылмыс жасады деп күдік келтірілетін Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасын немесе мүшесін күзетпен ұстау, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы мәселені Астана қаласы аудандық сотының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған қаулысының негізінде шешеді. Көрсетілген адамдарға қатысты күзетпен ұстау немесе үйқамақ мерзімін осы Кодексте көзделген тәртіппен ұзарту туралы өтінішхат оны Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған кезде ғана сотқа жіберілуі мүмкін.
6. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Парламентiнiң шешiмiн алғаннан кейін iс бойынша одан әрі iс жүргiзу осы Кодекстiң 547-бабының алтыншы, жетiншi, сегiзiншi, тоғызыншы, оныншы және он бірінші бөлiктерiнде белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
550-бап. Судьяға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау себебі Бірыңғай тізілімге тіркелгеннен кейін судьяға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісуімен ғана жалғастырылуы мүмкін.
Судья қылмыс орнында ұстап алынған не оның ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін, бірақ оған бір тәулік ішінде міндетті түрде хабарлай отырып жалғасуы мүмкін.
Судьяға қатысты істер бойынша алдын ала тергеу жүргізу міндетті.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүргізілген процестік әрекеттердің заңдылығын хабарламаны алғаннан кейін екі тәулік ішінде зерделейді және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыру туралы қаулы шығара отырып, бұған келісім береді не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтата отырып, бұдан бас тартады. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының келісімін алғанға дейін заңсыз жалғасқан болса, оның нәтижелерін қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде жіберуге болмайды.
2. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры күдік келтірілетін судьяның іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарады.
3. Судья қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайларды қоспағанда, оны - Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің қорытындысына негізделген Қазақстан Республикасы Президентінің келісімінсіз не Қазақстан Республикасы Конституциясының 55-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының келісімінсіз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
4. Судьяны қылмыстық жауаптылыққа тартуға, ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге келiсiм алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры - Қазақстан Республикасының Президентіне, ал Қазақстан Республикасы Конституциясының 55-бабының 3) тармақшасында көзделген жағдайда, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына ұсыну енгiзедi. Ұсыну судьяға күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны ұсынудың, сотқа күзетпен ұстау, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат енгізудің, оны ұстап алу, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына мәжбүрлеп әкелу қажеттігі туралы мәселені шешудің алдында енгізіледі.
5. Қылмыс жасады деп күдік келтірілетін судьяны күзетпен ұстау, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы мәселені Астана қаласы аудандық сотының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған қаулысы негізінде шешеді. Судьяға қатысты күзетпен ұстау немесе үйқамақ мерзімін осы Кодексте көзделген тәртіппен ұзарту туралы өтінішхат оны Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған кезде ғана сотқа жіберілуі мүмкін.
6. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының шешімдерін алғаннан кейін іс бойынша одан әрі іс жүргізу осы Кодекстің 547-бабының алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы және он бірінші бөліктерінде белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
551-бап. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталу себебі Бірыңғай тізілімде тіркелгеннен кейін Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры бірінші орынбасарының келісуімен ғана жалғастырылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қылмыс орнында ұстап алынған не оның ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасауға дайындалу немесе оқталу фактісі анықталған не ол ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайларда, оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры бірінші орынбасарының келісімін алғанға дейін, бірақ оған бір тәулік ішінде міндетті түрде хабарлай отырып жалғасуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты істер бойынша алдын ала тергеу жүргізу міндетті.
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары жүргізілген процестік әрекеттердің заңдылығын хабарламаны алғаннан кейін екі тәулік ішінде зерделейді және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыру туралы қаулы шығара отырып, бұған келісім береді не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтата отырып, бұдан бас тартады. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры бірінші орынбасарының келісімін алғанға дейін заңсыз жалғасқан болса, оның нәтижелерін қылмыстық іс бойынша дәлелдемелер ретінде жіберуге болмайды.
2. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары күдік келтірілетін Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарады.
3. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайларды қоспағанда, оны Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының қолсұғылмаушылықтан айыруға берген келiсiмiнсiз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
4. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорын қылмыстық жауаптылыққа тартуға, ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге келісім алу үшін Бас Прокурордың бірінші орынбасары Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына ұсыну енгізеді. Ұсыну Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны ұсынудың, сотқа күзетпен ұстау, үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхат енгізудің, оны ұстап алу, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына мәжбүрлеп әкелу қажеттігі туралы мәселені шешудің алдында енгізіледі.
5. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының шешімін алғаннан кейін іс бойынша одан әрі іс жүргізу осы Кодекстің 547-бабының алтыншы, жетінші, сегізінші және тоғызыншы бөліктерінде белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 6-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6. Қылмыс жасады деп күдік келтірілетін Қазақстан Республикасының Бас Прокурорын күзетпен ұстау немесе үйқамаққа алу түріндегі бұлтартпау шараларын санкциялау туралы мәселені Астана қаласының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары қолдаған қаулысы негізінде шешеді. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты күзетпен ұстау немесе үйқамақ мерзімін осы Кодексте көзделген тәртіппен ұзарту туралы өтінішхат оны Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары қолдаған кезде ғана сотқа жіберілуі мүмкін.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 7-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалауды оның бірінші орынбасары жүзеге асырады. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты тергеу мерзімін осы Кодексте көзделген тәртіппен ұзартуды Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары жүргізеді.
7-бөліктің екінші абзацы 2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі
Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты, осы Кодекске сәйкес санкциялануға жататын тергеу әрекеттерін жүргізуге санкцияны Астана қаласының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасарымен келісілген қаулысы негізінде береді.
8. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін қылмыстық істі айыптау актісімен бірге осы Кодексте белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасарына бередi, ол осы Кодекстің 301 - 305-баптарында көзделген әрекеттерді орындайды. Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты тергеп-тексерілген іс Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасарының айыпталушыны сотқа беру туралы қаулысы болған кезде ғана тиісті соттың іс жүргізуіне қабылдануы мүмкін.
552-бап. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына кандидатқа, Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатқа, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасына немесе мүшесіне, судьяға, Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты қылмыстық істі соттың талқылауы
1. Істі қарау осы бапта баяндалған ережелер ескеріле отырып, сот талқылауының жалпы қағидалары бойынша жүргізіледі.
2. Сот сотталушыға - Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттығына кандидатқа, Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатқа, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасына немесе мүшесіне, судьяға, Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына бұлтартпау шарасы ретінде күзетпен ұстауды, үйқамаққа алуды, ал процестік мәжбүрлеу шарасы ретінде - күштеп әкелуді, егер Қазақстан Республикасы Конституциясы 52-бабының 4-тармағында, 71-бабының 5-тармағында, 79-бабының 2-тармағында және 83-бабының 3-тармағында көрсетілген мемлекеттік органдар сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге келісім беруден бас тартса немесе олардан ондай келісім сұратылмаған болса, бұған тиісінше осы Кодекстің 547-бабының төртінші бөлігінде, 548-бабының екінші бөлігінде, 549-бабының төртінші бөлігінде, 550-бабының төртінші бөлігінде, 551-бабының төртінші бөлігінде көзделген тәртіппен келісім беру туралы ұсынумен өтініш жасай отырып қолдануға құқылы.
553-бап. Қылмыстық қудалаудан дипломатиялық иммунитетi бар адамдар
1. Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес мына адамдар:
1) шет мемлекеттердiң дипломатиялық өкiлдiктерiнiң басшылары, осы өкiлдiктердiң дипломатиялық персоналының мүшелері және егер олармен бірге тұрса және Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, олардың отбасы мүшелерi;
2) егер дипломатиялық өкiлдiктердiң қызмет көрсету персоналының қызметкерлерi және олардың өздерімен бiрге тұратын отбасы мүшелерi Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса немесе Қазақстанда тұрақты тұрмаса, осы қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерi, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, өздерінің қызметтік мiндеттерiн орындауы кезiнде жасаған іс-әрекеттерiне қатысты консулдықтардың басшылары және консулдықтың басқа да лауазымды адамдары - өзара түсіністік негiзде;
3) егер дипломатиялық өкiлдiктердiң әкiмшiлiк-техникалық персоналының қызметкерлері мен олардың өздерімен бiрге тұратын отбасы мүшелерi Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса немесе Қазақстанда тұрақты тұрмаса, осы қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерi - өзара түсіністік негiзде;
4) дипломатиялық курьерлер;
5) шет мемлекеттердiң басшылары мен өкiлдерi, парламенттік және үкiметтік делегациялардың мүшелерi және өзара түсіністік негiзде - Қазақстанға халықаралық келiссөздерге, халықаралық конференциялар мен кеңестерге қатысу үшiн немесе басқа ресми тапсырмалармен келетiн, не сондай мақсаттармен Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен бара жатқан шет мемлекеттер делегацияларының қызметкерлерi және олар Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмаса, осы көрсетілген адамдарға ілесіп жүретін отбасы мүшелерi;
6) халықаралық ұйымдардағы шет мемлекеттер өкiлдiктерiнiң басшылары, мүшелерi және персоналы, халықаралық шарттардың немесе жалпы жұрт таныған халықаралық салт-дәстүрлер негiзiнде Қазақстан Республикасының аумағында болатын осы ұйымдардың лауазымды адамдары;