6. Сот отырысының дайындық бөлігі жүргізілгеннен кейін тиісінше сотталған адам не жазаны орындайтын мекеме немесе орган өтінішхатты баяндайды. Содан кейін сот келіп түскен материалдарды зерттейді және сот отырысына келген адамдардың түсініктемелерін тыңдайды. Сотталған адам сот отырысында барлық материалдарды зерттеуге қатысуға, сотта сөз сөйлеуге және қаралып отырған мәселе бойынша өз пікірін айтуға құқылы.
Прокурор сотқа өтінішхатты қанағаттандыру немесе оны қанағаттандырусыз қалдыру туралы дәйектелген пікірін баяндайды.
7. Сот қарау нәтижелері бойынша:
1) сотталған адамды жазаны одан әрі өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатты қанағаттандыру және немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн басқа неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыру туралы өтінішхатты қанағаттандыру туралы;
2) жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатты қанағаттандырудан немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн басқа неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыру туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы;
3) жазаның өтелмеген бөлiгiн басқа неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыру туралы шешім қабылдай отырып, жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
Сот жазаның өтелмеген бөлiгiн басқа неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыру туралы шешімді бұл туралы келіп түскен өтінішхатты қанағаттандырған жағдайда да, жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартқан жағдайда да қабылдауға құқылы.
481-бап. Жазадан ауруына байланысты босату туралы өтінішхаттарды қарау
1. Жазаны өтеуден ауруына байланысты босату туралы мәселе сотталған адамның (оның заңды өкілінің немесе өкілінің) немесе жазаны орындайтын мекеменің немесе органның өтінішхаты бойынша қаралады.
2. Жазаны орындайтын мекеме немесе орган сотқа заңды шешім қабылдау үшін маңызы бар, оның ішінде сотталған адамның сот үкімі бойынша тағайындалған жазаны өтеген мерзімін растайтын материалдарды, сотталған адамның алкоголизмнен және нашақорлықтан емделгені және оның нәтижелері туралы мәліметтерді қоса алғанда, сотталған адамның жазаны өтеу уақытындағы мінез-құлқын сипаттайтын егжей-тегжейлі деректерді, сотталған адамның жазаны өтеуіне кедергі келтіретін психикасының бұзылуының немесе өзге де ауыр науқасының бар-жоғы, тиісті емдеу жүргізудің қажеттігі және оны қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде жүзеге асырудың мүмкін еместігі туралы медициналық комиссияның қорытындысын ұсынуға міндетті.
3. Жазаны орындайтын мекеме немесе орган сотқа сотталған адамның ауруына байланысты босатылғаннан кейін болжамды түрде тұратын орны туралы деректерді, ал егер аурудың сипаты оған заңда көзделген жағдайларда міндетті емдеуді қолдануды талап еткенде - сотталған адам жіберілетін немесе орналастырылатын мекеменің атауын ұсынады.
4. Жазадан ауруына байланысты босату туралы мәселені қарау кезінде сот отырысына қорғаушының, заңды өкілдің, прокурордың, жазаны орындайтын мекеме немесе орган өкілінің, қорытынды берген дәрігерлік комиссия өкілінің қатысуы міндетті. Қажет болған жағдайларда сот отырысына сот қаулысы бойынша сараптама жүргізген және қорытынды берген сарапшы қатысады.
Сот медициналық қорытындының жазаны өтеуден босатуға негіз болып табылатын, уәкілетті орган белгілеген аурулар тізбесіне сәйкестігін зерттейді.
Сотталған адамның ауруының сипаты кедергі келтірмесе, сот отырысына қатысады.
5. Сот отырысының дайындық бөлігі жүргізілгеннен кейін тиісінше сотталған адам (егер ол қатысып отырса) не жазаны орындайтын мекеме немесе орган өтінішхатты баяндайды. Содан кейін сот келіп түскен материалдарды зерттейді және сот отырысына келген адамдардың түсініктемелерін тыңдайды. Сот аурудың диагнозын және ауырлығын нақтылау, сондай-ақ арнайы білімді қажет ететін өзге де мәселелерді шешу қажет болған кезде сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптама, оның ішінде қайталама сараптама тағайындауға құқылы.
6. Сот өтінішхаттарды қарау нәтижелері бойынша:
1) өтінішхатты қанағаттандыру және сотталған адамды ауруына байланысты жазаны одан әрі өтеуден медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданып немесе қолданбай босату туралы;
2) егер психикасының бұзылуы немесе өзге де ауыр науқасы жазаны өтеуге кедергі келтірмесе, өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
7. Сотталған адамның психикасының бұзылуына байланысты оны жазаны өтеуден босатқаннан кейін медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселені шешу кезінде сот мынадай:
1) сотталған адам психикасының дертті бұзылуы оның өзі үшін немесе басқа адамдар үшін қауіп төндіретін-төндірмейтіні не өзгедей зиян келтіру мүмкіндігін туғызатын-туғызбайтыны;
2) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы және оның нақты қайсысы қолданылуға жататын-жатпайтыны жөніндегі мәселелерді шешеді.
Сотталған адам психикасының бұзылуы оның өзі үшін немесе басқа адамдар үшін қауіп төндірмейтінін не өзгедей зиян келтіру мүмкіндігі жоқтығын тани отырып, сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды тағайындамайды.
Соттың қаулысында сотталған адам сауыққаннан кейін, егер бұл кезде айыптау үкімінің ескіру мерзімі өтіп кетпесе, оның жазаны өтеуі қайта басталатыны көрсетілуге тиіс. Сотталған адамның мәжбүрлі емдеуде болған уақыты жазаның өтелген мерзіміне есептеледі.
482-бап. Сотталғандардың шағымдарын қарау
1. Сотталған адам жазаны орындайтын мекеменің немесе органның өз құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ прокурордың үкімді орындауға байланысты мәселелер жөніндегі шешімдеріне не прокурордың осыған ұқсас шағымдарды қанағаттандырудан бас тартуына сотқа шағым жасауға құқылы. Сотталғандардың шағымдарын қарауды сотталған адамның жазасын өтеу орны бойынша аудандық сот жүзеге асырады.
2. Сот отырысына сотталған адамның және әрекетіне шағым жасалған адамның қатысуы міндетті.
3. Сотталғандардың шағымдарын қарау осы Кодекстің 106-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Қарау нәтижелері бойынша судья кеңесу бөлмесінде:
1) шағымды қанағаттандыру, шағым жасалған әрекеттерді (әрекетсіздікті) және шешімдерді заңсыз деп тану және олардың күшін жою туралы;
2) шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы;
3) азаптаулар, өзге де заңсыз әрекеттер қолдану, қатыгез қарым-қатынас жасау туралы арыз бойынша тергеп-тексеруді жүзеге асыру үшін шағымды тиісті прокурорға жіберу туралы қаулы шығарады.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 483-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
483-бап. Судьяның қаулысына шағым жасау және оны прокурордың апелляциялық өтінішхаты бойынша қайта қарау
Үкiмдi орындауға байланысты мәселелердi шешу кезiнде шығарылған сот қаулыларына осы Кодекстiң 48, 49-тарауларында белгiленген қағидалар бойынша апелляциялық тәртіппен шағым жасалуы және олар прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкiн.
10-БӨЛІМ. СОТТЫҢ ЗАҢДЫ КҮШІНЕ ЕНГЕН ШЕШІМДЕРІН ҚАЙТА ҚАРАУ ЖӨНІНДЕ ІС ЖҮРГІЗУ
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 52-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
52-тарау. Сот актілерін Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кассациялық тәртіппен қайта қарауы
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 484-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
484-бап. Кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін сот актілері
1. Жоғарғы Сот бірінші сатыдағы соттар шығарған, заңды күшіне енген үкімдер мен қаулыларға өтінішхаттар бойынша олар апелляциялық сатыда қаралғаннан кейін, прокурордың наразылықтары бойынша, сондай-ақ апелляциялық сатыдағы үкімдер мен қаулыларға өтінішхаттар мен наразылықтар бойынша істерді кассациялық тәртіппен қарайды.
2. Кассациялық тәртіпте қайта қарауға:
1) қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар туралы істер бойынша;
2) сот талқылауы барысында шығарылған осы Кодекстің 10-бабының екінші бөлігінде көрсетілген, сондай-ақ процеске қатысушылардың дәлелдемелерін, өтінішхаттарын зерттеу тәртібі мен тәсіліне, сот отырысының залында тәртіп сақтауға қатысты, мемлекеттік және жекеше айыптаушының айыптаудан бас тартуына байланысты мәселелер бойынша, үкімді орындауға байланысты мәселелер бойынша;
3) тергеу судьясы шығарған сот актілері жатпайды.
3. Жергілікті және басқа да соттардың заңды күшіне енген сот актілері оларға шағым жасаудың апелляциялық тәртібі сақталмаған жағдайда, сондай-ақ осы баптың екінші бөлігі 1) тармағында көрсетілгендер:
1) осы Кодекстің 485-бабында көзделген негіздер болған кезде Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша;
2) осы Кодекстің 485-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздер болған кезде Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша кассациялық тәртіппен қайта қаралуы мүмкін.
4. Кассациялық сатының қаулылары осы Кодекстің 485-бабының екінші бөлігінде көзделген негіздер болған кезде Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы және Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бойынша қайта қаралуы мүмкін.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 485-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
485-бап. Заңды күшіне енген сот үкімдері мен қаулыларын кассациялық тәртіппен қайта қарау негіздері
1. Осы Кодекстің 484-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға істі тергеп-тексеру немесе сотта қарау кезінде жол берілген, мыналарға:
1) кінәсізді соттауға;
2) негізсіз ақтау үкімін шығаруға немесе істі тоқтатуға;
3) сотталған адамның іс-әрекетін дұрыс сараламауға, қылмыстың қайталану түрін және қылмыстық атқару жүйесінің түзеу мекемелері режимін дұрыс айқындамауға;
4) жәбіленушіні сот арқылы қорғалу құқығынан айыруға;
5) жазаның дұрыс тағайындалмауына не сот тағайындаған жазаның қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығы мен сотталған адамның жеке басына сәйкес келмеуіне;
6) талап қоюды қараусыз қалдыру жағдайларынан басқа, азаматтық талап қоюды дұрыс шешпеуге, мүлікті тәркілеу туралы мәселені дұрыс шешпеуге;
7) жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану кезінде қаулыны заңсыз немесе негізсіз түрде шығаруға;
8) осы Кодекстің 446-бабының үшінші бөлігінде көзделген жағдайда қайшылықтарды жою туралы ұсыну енгізілген сот актілері не Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты кассациялық алқасы судьясының жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша шығарған қаулысы бойынша қайшылықтарға әкеп соққан, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзушылықтар не қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдардың дұрыс қолданылмауы негіздер болып табылады.
2. Осы Кодекстің 484-бабының үшінші және төртінші бөліктерінде көрсетілген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер:
1) сот актісі мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделерді, мемлекеттің қауіпсіздігін қозғаған не адамдардың өмірі, денсаулығы үшін орны толмас ауыр салдарларға әкеп соқтыруы мүмкін болған;
2) үкім арқылы адам өлім жазасына немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталған;
3) қабылданған сот актісі соттардың құқық нормаларын түсіндірудегі және қолданудағы біркелкілікті бұзған жағдайлар болып табылады.
3. Заңды күшіне енген, өлім жазасы туралы үкімдер өлім жазасын орындауға мораторийдің күші жойылған жағдайда кассациялық тәртіппен қайтадан қайта қаралады.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 486-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
486-бап. Заңды күшіне енген сот актілеріне өтінішхат беруге, ұсыну енгізуге, наразылық келтіруге құқығы бар адамдар
1. Осы Кодекстің 484-бабының бірінші бөлігінде көзделген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхатты осы Кодекстің 414-бабының бірінші бөлігінде аталған адамдар және сот актілері мүдделерін қозғайтын басқа адамдар және олардың өкілдері беруі мүмкін.
2. Заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өз бастамасымен де, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдардың өтінішхаты бойынша да, осы Кодекстің 485-бабында көрсетілген негіздер бойынша Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы ұсыну келтіруге, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры наразылық келтіруге құқылы.
Өтінішхат ұсынуға немесе наразылыққа қоса тіркеледі.
3. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьялары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры не оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасарлары, облыстың прокурорлары мен оларға теңестірілген прокурорлар қылмыстық істі тиісті соттан кассациялық тәртіппен тексеру үшін талап етіп алдыруы мүмкін.
4. Сот істі талап етіп алдыру туралы сұрауды келіп түскен күнінен бастап жеті тәуліктен кешіктірмей орындайды. Сұрау жазбаша нысанда не электрондық құжат нысанында жіберілуі мүмкін.
Іс талап етіп алдырылған жағдайда наразылық келтіру туралы өтінішхат іс прокуратураға келіп түскен күннен бастап отыз тәулік ішінде прокурордың кассациялық тәртіпте қарауына жатады. Бұл мерзім істің күрделі немесе көлемі үлкен болуына байланысты, бірақ әрбір ретте бір айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 487-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
487-бап. Заңды күшіне енген сот актілеріне кассациялық тәртіппен шағым жасау мерзімдері
1. Заңды күшіне енген айыптау үкімін сотталған адамның кінәсіздігі уәждері бойынша, сондай-ақ жазаның қатаңдығына орай неғұрлым жеңіл қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдану қажеттігіне байланысты немесе сотталған адамның жағдайын жақсартуға әкеп соғатын өзге де негіздер бойынша кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат, наразылық, ұсыну беру мерзімдері шектелмеген.
2. Заңды күшіне енген ақтау үкімін, айыптау үкімін жазаның жеңілдігіне қарай неғұрлым ауыр қылмыстық құқық бұзушылық туралы заңды қолдану қажеттігіне байланысты немесе сотталған адамның жағдайын нашарлатуға әкеп соғатын өзге де негіздер бойынша не соттың істі тоқтату туралы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхат, наразылық, ұсыну беруге олар заңды күшіне енгеннен кейін бір жыл ішінде жол беріледі.
Аталған мерзімді қалпына келтіруге жол берілмейді.
Егер өтінішхат, наразылық, ұсыну Жоғарғы Сотқа бір жыл өткенге дейін келіп түссе, олар сотталған, ақталған адамның жағдайын нашарлататын шешім қабылдана отырып, дау туғызып отырған сот актісі заңды күшіне енген кезден бастап бір жыл өтіп кеткен соң да, олар кассациялық сатыда қарауға жатады.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 488-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
488-бап. Заңды күшіне енген сот үкімін, қаулысын қайта қарау туралы өтінішхат, наразылық, ұсыну беру тәртібі
1. Заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат, наразылық, ұсыну жазбаша түрде не электрондық құжат нысанында Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына беріледі. Өтінішхатта, наразылықта, ұсынуда осы Кодекстің 423-бабында санамаланған мән-жайлардан басқа, іс бойынша іс жүргізу кезінде қандай заң бұзушылыққа жол берілгені және осы бұзушылықтар шығарылған сот шешімдерінде қалай көрініс тапқаны және шағым жасалып отырған сот актісін қайта қарау үшін осы Кодекстің 485-бабында санамаланған негіздердің қайсысы бар екені көрсетілуге тиіс. Өтінішхатта оны берген адамдардың қатысуымен немесе қатысуынсыз қаралатыны туралы көрсетілуге тиіс.
2. Өтінішхатқа, наразылыққа, ұсынуға өтінішхат, наразылық, ұсыну дәлелдерінің негізділігін растайтын материалдар қоса берілуге тиіс.
3. Заңды күшіне енген сот үкімдеріне, қаулыларына берілген, өзге мемлекеттік органдарға немесе қоғамдық ұйымдарға жолданған өтінішхаттар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының іс жүргізуіне қабылданбайды.
4. Осы Кодекстің 493-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхаттың, наразылықтың, ұсынудың берілуі олардың орындалуын тоқтата тұрмайды.
5. Өтінішхат не наразылық, ұсыну берген адам сот отырысы басталғанға дейін өз өтінішхатын, наразылығын, ұсынуын өзгертуге не жаңа дәлелдермен толықтыруға құқылы. Бұл ретте прокурордың қосымша наразылығында немесе оның наразылықты өзгерту туралы арызында, сол сияқты жәбірленушінің, жекеше айыптаушының немесе өкілдердің үкімге шағым жасаудың осы Кодекстің 487-бабының екінші бөлігінде белгіленген мерзімі өткен соң берген қосымша өтінішхатында, егер бастапқы наразылықта, өтінішхатта сотталған адамның жағдайын нашарлату туралы талап жазылмаған болса, осындай мәселе қойыла алмайды.
6. Өтінішхатты, наразылықты, ұсынуды берген адам іс кассациялық сатыда қаралғанға дейін оларды кері қайтарып алуы мүмкін. Сотталған адам өзінің мүддесінде өз қорғаушысы немесе заңды өкілі берген өтінішхатты кері қайтарып алуға құқылы.
489-бап. Өтінішхаттарды, наразылықты, ұсынуды қарамай қайтару
1. Заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат, наразылық, ұсыну мынадай негiздер бойынша:
1) өтінішхат, наразылық, ұсыну осы Кодекстiң 488-бабының талаптарына сай келмесе;
2) өтінішхатты, наразылықты, ұсынуды осы Кодекстiң 486-бабына сәйкес, заңды күшiне енген осы сот актісіне шағым жасауға, наразылық білдіруге құқығы жоқ адамдар берсе;
3) өтінішхат, наразылық, ұсыну осы Кодекстiң 487-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген мерзiм өткеннен кейiн берiлсе;
4) өтінішхат, наразылық, ұсыну мәнi бойынша қаралғанға дейiн олар керi қайтарып алынса;
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
5) өтінішхаттар осы Кодекстің 484-бабының екінші бөлігіне сәйкес кассациялық тәртіппен қайта қаралуға жатпайтын сот актiлерiне берiлсе;
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
6) осы Кодекстің 484-бабының үшінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, судьяның өтінішхатты іспен бірге бұған дейін қаралған нақ сол негіздер бойынша кассациялық сатыда қарауға беруден бас тарту туралы қаулысы болса, олар берген адамдарға қайтарылуға жатады.
2. Өтінішхатты, наразылықты, ұсынуды қайтару үшін негіз болған, осы баптың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақтарында көрсетілген кемшіліктер жойылған кезде, олар жалпы негіздерде қайтадан берілуі мүмкін.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 3-бөлікпен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
3. Өтінішхат немесе наразылық осы баптың бірінші бөлігінің 3) және 4) тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, үш тәулік ішінде хатпен кері қайтарылады.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 490-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
490-бап. Заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхатты алдын ала қарау
1. Сот актісін қайта қарау туралы өтінішхатты кассациялық сатының судьясы зерделеп, он тәуліктен аспайтын мерзімде мынадай:
1) өтінішхатты осы Кодекстің 489-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша кері қайтаруға негіздердің бар-жоғы туралы;
2) сот ісін талап етіп алдыруға негіздердің бар-жоғы туралы мәселелерді шешеді.
2. Өтінішхат кассациялық сатыдағы сотқа келіп түскен күнінен бастап отыз тәулік ішінде, ал іс талап етіп алдырылған жағдайда іс келіп түскен күннен бастап отыз тәулік ішінде қаралуға тиіс. Осы Кодекстің 486-бабында көрсетілген бірнеше адамның белгілі бір іс бойынша берілген өтінішхаттары біріктірілуі және бірге қаралуы мүмкін. Бұл мерзім істің күрделі немесе көлемі үлкен болуына байланысты, сондай-ақ басқа да дәлелді себептер болған кезде кассациялық сатыдағы соттың қаулысымен, бірақ әрбір ретте бір айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
3. Өтінішхатты алдын ала қарағанға дейін судья тиісті мамандарға қаралып отырған қылмыстық іс бойынша қолданылған заңдардың нормаларына қатысты ғылыми қорытынды дайындауды тапсыруға құқылы. Қажет болған жағдайларда мамандар кассациялық сот алқасының отырысында түсініктемелер бере алады.
4. Осы Кодекстің 490 және 491-баптарында көзделген қағидалар Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуына, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығына, облыстық сот төрағасының осы Кодекстің 446-бабының үшінші бөлігіне сәйкес енгізілетін ұсынуына, сондай-ақ өлім жазасына немесе өмір бойы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдардың немесе олардың қорғаушыларының өтінішхаттарына қолданылмайды және оларды кассациялық сатыдағы сот тікелей қарайды.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 491-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
491-бап. Өтінішхатты алдын ала қарау нәтижелерi бойынша қабылданатын шешімдер
1. Судья өтінішхатты алдын ала қарау нәтижелерi бойынша:
1) сот актiлерiн қайта қарауға негіздер болған кезде, өтінішхатты іспен бірге кассациялық сатыдағы сот отырысының қарауына беру туралы;
2) сот актiлерiн қайта қарауға негіздердің болмауына байланысты өтінішхатты кассациялық сатыдағы сот отырысының қарауына беруден бас тарту туралы;
3) осы Кодекстің 489-бабы бірінші бөлігінің 3) және 4) тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша өтінішхатты кері қайтару туралы қаулы шығарады.
2. Судьяның өтінішхатты алдын ала қарау нәтижелерi бойынша шығаратын қаулысында:
1) шығарылған датасы мен орны;
2) өтінішхатты қараған судьяның тегi мен аты-жөні;
3) дау туғызған сот актiсi көрсетіле отырып, қаулы шығарылған iс;
4) өтінішхатты берген адамның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса);
5) өтінішхатта келтiрiлген дәлелдер;
6) қабылданған процестік шешімнің уәждері;
7) өтінішхатты қарау нәтижелері бойынша түйіндер көрсетiлуге тиiс.
3. Сот актілерін қайта қарауға негіздер болған кезде қаулы, өтінішхат және оған қоса берілген құжаттар іспен бірге кассациялық сатыдағы сотқа алдын ала қаралған күнінен бастап бес тәуліктен кешіктірілмей беріледі.
4. Өтінішхатты алдын ала қараудың нәтижелері бойынша шығарылған қаулының көшірмесі өтінішхатты берген адамға жіберіледі. Өтінішхат кері қайтарылған жағдайда оған қоса берілген құжаттар кері қайтарылуға жатады.
5. Өтінішхатты алдын ала қарау нәтижелері бойынша шығарылған қаулы шағым жасалуға жатпайды, бірақ ол нақ сол адамның немесе осы Кодекстің 486-бабында көрсетілген басқа адамдардың, бірақ басқа негіздер бойынша қайтадан өтінішхат беруіне кедергі болмайды.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 492-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
492-бап. Кассациялық сатыдағы сот отырысын тағайындау
1. Кассациялық сатыдағы сот судьяның қаулысы, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығы бар істі алғаннан кейін үш тәулік ішінде тараптарға көрсетілген құжаттардың көшірмелерін, сот отырысы өткiзілетін датаны, уақытты, орынды көрсете отырып не олардың электрондық көшірмелерімен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының интернет-ресурсы арқылы танысу мүмкіндігі туралы хабардар ете отырып, iстiң кассациялық сатыда қаралуы туралы хабарлама жiбередi.
2. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты алқасының судьясы өтінішхатты сотта қарауға дайындау кезінде тиісті маманнан қаралып отырған қылмыстық іс бойынша қолданылған заңдардың нормаларына қатысты ғылыми қорытынды сұратуға және қажет болған кезде оны сот отырысына шақыртуға құқылы.
3. Іс кассациялық сатыдағы сотқа берілген күнінен не ұсыну, наразылық келіп түскен күннен бастап отыз тәулік ішінде қаралуға тиіс. Бұл мерзім істің күрделі немесе көлемі үлкен болуына байланысты, сондай-ақ басқа да дәлелді себептер болған кезде кассациялық сатыдағы соттың қаулысымен, бірақ әрбір ретте бір айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін.
2015.31.10. № 378-V ҚР Заңымен 493-бап жаңа редакцияда (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр.ред.қара)
493-бап. Соттың үкiмiн, қаулысын орындауды тоқтата тұру
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры кассациялық тәртiппен тексеру үшiн iстi талап етіп алдырумен бiр мезгiлде сот үкiмiнің, қаулысының орындалуын үш айдан аспайтын мерзiмге тоқтата тұруға құқылы.