2) тану үшін ұсынылған нәрсемен немесе құжатпен біртектес нәрсе немесе құжат;
3) егер сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамда не оның тапсырмасы бойынша әрекет етуші маманда, сарапшыда немесе сарапшылық мекемеде олар жоқ болса, тергеу әрекеттерін не сараптамалық зерттеу жүргізу кезінде қолдануға арналған құрылғылар, құралдар, аспаптар, материалдар жатады.
Қажеттілігі өткеннен кейін бұл нәрселер, құжаттар тиесілілігі бойынша қайтарылуға жатады.
2. Мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың басшылары және лауазымды адамдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның прокурормен келісілген талабы бойынша өз құзыреті шегінде жоспардан тыс тексеру, құжаттамалық ревизия немесе өзге де қызметтік тексеру жүргізуге және ревизия немесе тексеру актісін барлық қосымшаларымен бірге белгіленген мерзімде ұсынуға міндетті. Қылмыстық қудалау органы жеке кәсіпкерлік субъектілеріне ревизиялар және тексерулер жүргізу талабы туралы бір тәулік ішінде прокурорды хабардар етеді.
3. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам ревизия немесе тексеру актісінде не басқа құжатта белгіленген қағидалардан ауытқушылықтарды, олқылықтарды, қайшылықтарды және басқа да кемшіліктерді таба отырып, құжаттағы атап өтілген қателердің жойылуын талап етуге құқылы.
261-бап. Нәрселер мен құжаттарды беру хаттамасы
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам заттай дәлелдемелер ретінде маңызы болуы мүмкін нәрселер мен құжаттардың берілгені туралы осы Кодекстің 199-бабының қағидаларына сәйкес хаттама жасайды.
Хаттамада, сондай-ақ:
1) нәрсені немесе құжатты берген тұлға туралы мәліметтер;
2) осы тұлғаның нәрсені немесе құжатты іске қосып тігу туралы өтінішхаты;
3) нәрсені немесе құжатты қарап-тексерудің, ал егер ол пошта арқылы берілген болса, онда қаптаманы да қарап-тексерудің барысы мен нәтижелері;
4) осы нәрселердің белгілері, қасиеттері, техникалық сипаттамалары, егер олардың іс үшін мәні болса, талап етіп алдырылған нәрселер пайдаланылған іс жүргізу кезінде тергеу әрекетінің хаттамасында көрсетіледі;
5) нәрсенің немесе құжаттың сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға іс жүзінде берілгені не нәрсенің немесе құжаттың оны берген тұлғаға қайтарылғаны көрсетілуге тиіс.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам заттай дәлелдеме ретінде маңызы болуы мүмкін нәрсені немесе құжатты берген тұлғаға хаттаманың қол қойылып куәландырылған көшірмесін береді.
3. Егер қабылданған нәрсе немесе құжат пошта арқылы келіп түскен болса, жөнелтушіге хаттаманың көшірмесі немесе оның үзінді көшірмесі жіберіледі, ал пошталық квитанция хаттамаға қоса беріледі. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам пошта арқылы келіп түскен нәрсені немесе құжатты іске қатысты емес деп есептеген және оны пошта арқылы жөнелтушіге қайтарған жағдайда да, квитанция хаттамаға қоса тігіледі.
4. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам берілген нәрсені немесе құжатты заттай дәлелдеме ретінде іске қосып тігу туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы шығарады. Жазбаша дәлелдемелер ретінде берілген, ревизиялардың және басқа да қызметтік тексерулердің актілері арнайы ресімделмей-ақ іске қосып тігіледі.
5. Тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде уақытша пайдалану үшін талап етіп алдырылған нәрселерді алу мен қайтару хаттамада көрсетіледі және нәрсені берген тұлғаның қолымен куәландырылады.
34-тарау. ҮЛГІЛЕРДІ АЛУ
262-бап. Үлгiлерді алудың негiздерi
1. Қылмыстық процесті жүргізетін орган, егер тiрi адамның, мәйiттiң, жануардың, өсімдіктің, нәрсенің, материалдың немесе заттектің қасиеттерiн көрсететін үлгiлерді сараптамалық зерттеу сарапшының алдына қойылған мәселелерді шешу үшін қажет болса, оларды алуға құқылы.
2. Үлгi ретiнде, атап айтқанда:
1) қан, шәует, шаш, тырнақ қиындылары, дененiң сыртқы тері қабаттарының микроскопиялық қырындылары;
2) сiлекей, тер және басқа да шығындылар;
3) терi бедерiнiң iзi, тiстiң қалыбы;
4) қолжазба мәтiн, бұйымдар, адамның дағдысын бейнелейтiн басқа материалдар;
5) дауыс фонограммасы;
6) материалдардың, заттектердің, шикiзаттың, дайын өнiмнiң сынамалары;
7) гильзалардың, оқтардың, қарулар мен механизмдер iздерiнiң үлгiлерi алынады.
3. Үлгiлер алу туралы уәждi қаулы шығарылады, онда: үлгiлердi алатын адам; үлгiлер алынатын адам (ұйым); нақты қандай үлгiлердің қандай мөлшерде алынуға тиiс екенi; өзінен үлгiлердi алу үшiн адамның қашан және кiмге келуi керек екенi; үлгiлер алынғаннан кейiн олардың қашан және кiмге ұсынылуға тиiс екенi көрсетiлуге тиiс.
263-бап. Үлгiлер алуға құқығы бар адамдар мен органдар
1. Егер бұл үлгілер алынатын басқа жынысты адамды жалаңаштаумен ұштаспайтын және ерекше кәсіби машықтарды талап етпейтін болса, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жеке өзі, қажет болған кезде дәрігердің, өзге маманның қатысуымен үлгілерді алуға құқылы. Өзге жағдайларда үлгілерді сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның тапсырмасымен дәрігер немесе маман алуы мүмкін.
2. Үлгілерді алу сараптамалық зерттеудің бір бөлігі болып табылған жағдайларда, оны сарапшы жүргізуі мүмкін.
3. Зерттеу процесінде сарапшы эксперименттік үлгілерді дайындауы мүмкін, ол туралы қорытындыда хабарланады. Қылмыстық процесті жүргізетін орган осындай үлгілерді дайындау кезінде қатысуға құқылы, бұл оның өзі жасайтын хаттамада көрсетіледі.
Зерттеу жүргiзгеннен кейiн сарапшы үлгiлердi қапталған және мөрленген түрде өзiнiң қорытындысына қоса береді.
264-бап. Өздерінен үлгілер алуға жол берілетін адамдар
1. Үлгiлер күдіктiден, айыпталушыдан, жәбiрленушiден, сондай-ақ өзіне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жөнiнде iс жүргiзiлiп отырған адамнан алынуы мүмкiн.
2. Оқиға орнындағы немесе заттай дәлелдемелердегі iздердi өзге адамның қалдыруы мүмкiн екенi туралы жеткiлiктi деректер болған кезде үлгiлер сол адамнан, бiрақ одан көрсетілген iздердің пайда болуы мүмкiн мән-жайлар туралы куә (жәбiрленушi) ретiнде жауап алынғаннан кейiн ғана алынуы мүмкiн.
265-бап. Үлгiлерді алу тәртiбi
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам өзiне адамды шақыртып немесе ол тұрған жерге келiп, оны үлгiлер алу туралы қаулымен немесе өзіне келіп түскен сот қаулысымен қолын қойғыза отырып таныстырады, осы адамға, маманға олардың құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiредi, егер қарсылық білдірулер мәлімделген болса, олар туралы мәселені шешеді. Содан кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам немесе прокурор қажетті әрекеттерді жасайды және сараптамалық зерттеу үшін үлгілер алады. Бұл ретте ауыртпайтын және адамның өмірі мен денсаулығы үшін қауіпті емес ғылыми-техникалық құралдар қолданылуы мүмкін.
2. Мәйіттен үлгілер алу, сондай-ақ шикізаттың, өнімнің, басқа да материалдардың сынамаларын үлгілер ретінде алу тиісінше эксгумациялау, алу немесе тінту жүргiзу арқылы жүзеге асырылады.
3. Алынған үлгілер қапталады, мөрленеді және үлгілерді алған адамның қолымен куәландырылады. Содан кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам немесе прокурор оларды алынған үлгілер хаттамасымен бірге тиісті сарапшыға жібереді және ол үлгілерді алған адамның қолымен куәландырылады.
Егер үлгілерді алу соттың қаулысы бойынша жүзеге асырылса, онда осы қаулыны орындаған тергеуші, анықтаушы немесе прокурор үлгілерді оларды алу хаттамасымен бірге сотқа жібереді. Сот тараптардың қатысуымен үлгілерді қарайды, олардың төлнұсқалығы мен сақталғанына көз жеткізеді, содан кейін үлгілерді осы қаулымен және оларды алу хаттамасымен бірге тиісті сарапшыға береді.
266-бап. Дәрiгердiң немесе басқа маманның үлгiлерді алуы
1. Қылмыстық процесті жүргізетін орган үлгi алынуға тиiстi адамды, сондай-ақ одан үлгіні алу туралы қаулыны дәрiгерге немесе басқа маманға жiбередi. Дәрiгерге, басқа маманға қарсылық білдіру туралы мәселенi қаулы шығарған орган шешедi.
2. Дәрiгер немесе басқа маман қажеттi әрекеттерді жүргізеді және сарапшылық зерттеу үшін үлгiлер алады. Бұл ретте ауыртпайтын және адамның өмірі мен денсаулығы үшін қауіпті емес ғылыми-техникалық құралдар қолданылуы мүмкін. Үлгiлер қапталып, мөрленеді, үлгілерді алған адамның қолымен куәландырылады және қылмыстық процесті жүргізетін органға жiберiледi.
3. Егер жануарлардан зерттеу үшін үлгілерді алу қажеттігі туындаса, қылмыстық процесті жүргізетін орган тиісті қаулыны ветеринарға немесе басқа маманға жібереді.
267-бап. Үлгiлерді алу кезiнде жеке бастың құқықтарын қорғау
Үлгiлерді алудың әдiстерi мен ғылыми-техникалық құралдары адамның өмiрi мен денсаулығына қауiпсiз болуға тиiс. Ауырсыну сезімдерін туғызатын күрделi медициналық емшараларды немесе әдiстердi қолдануға тек үлгiлер алынуға тиiстi адамның жазбаша келісуімен, ал егер ол кәмелетке толмаған болса немесе психикалық аурудан зардап шегетін болса, оның заңды өкiлдерiнің келiсуімен ғана жол берiледі.
268-бап. Үлгiлерді алу туралы қаулының орындалу мiндеттiлiгi
1. Күдіктіден, айыпталушыдан үлгiлер мәжбүрленiп алынуы мүмкiн.
2. Күдікті, айыпталушы өзiн қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деп әшкерелейтiн айғақтарды тексеруді табанды түрде талап еткен, сондай-ақ венерологиялық аурулар мен өзге де жұқпалы аурулардың диагностикасы iс үшiн маңызы болғанда осындай диагностика үшiн үлгiлер алу қажет болған жағдайларды қоспағанда, жәбiрленушi мен куәдан үлгiлер олардың келісімімен ғана алынуы мүмкiн.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Осы баптың екiншi бөлiгiнде көрсетілген жағдайларда жәбiрленушiден, куәдан, сондай-ақ арыз иесінен және арыз иесі қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам деп тікелей көрсеткен адамнан үлгiлердi мәжбүрлеп алуға осы Кодекстің 220-бабының 13-1, 13-3 және 13-4-бөліктерінде көзделген тәртіппен, тергеу судьясының санкциясымен немесе соттың қаулысы бойынша ғана жол берiледi.
269-бап. Үлгiлер алу хаттамасы
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам үлгiлердi алып, хаттама жасайды, онда үлгiлердi алу үшiн жасалған барлық әрекеттер жүргiзiлу ретiмен, бұл ретте қолданылған ғылыми-зерттеу және басқа әдiстер мен рәсiмдер, сондай-ақ үлгiлердiң өзi сипатталады.
2. Егер үлгiлердi қылмыстық процесті жүргізетін органның тапсырмасы бойынша дәрiгер немесе басқа маман алса, онда ол бұл туралы ресми құжат жасайды, оған көрсетілген әрекетке қатысушылардың барлығы қол қояды және ол осы Кодекстiң 199-бабының тоғызыншы бөлiгiнде белгiленген тәртiппен қылмыстық iске қосып тiгу үшiн қылмыстық процесті жүргізетін органға беріледi.
3. Хаттамаға алынған үлгiлер қапталған және мөрленген түрде қоса беріледі.
35-тарау. СОТ САРАПТАМАСЫ
270-бап. Сараптаманы тағайындау
Iс үшiн маңызы бар мән-жайлар сарапшының материалдарды арнайы ғылыми бiлiмдер негiзiнде жүргiзетiн зерттеуінің нәтижесiнде алынуы мүмкiн жағдайларда сараптама тағайындалады. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысатын өзге адамдардың мұндай бiлiмiнiң болуы қылмыстық iстi жүргізетін адамды тиiстi жағдайларда сараптама тағайындау қажеттiгiнен босатпайды.
271-бап. Сараптаманы мiндеттi түрде тағайындау
1. Егер iс бойынша:
1) өлiмнiң себептерiн;
2) денсаулыққа келтiрiлген зиянның сипаты мен ауырлық дәрежесiн;
3) iс үшiн маңызды болып, бірақ жасы туралы құжаттар болмаған немесе күмән туғызған жағдайларда, күдіктiнiң, айыпталушының, жәбiрленушiнiң жасын;
4) күдіктiнiң, айыпталушының есiнiң дұрыстығы немесе қылмыстық процесте өзінің құқықтары мен заңды мүдделерiн өзі қорғау қабiлетi күмән туғызғанда, олардың психикалық немесе физикалық жай-күйiн;
5) жәбiрленушiнiң, куәнiң iс үшiн маңызы бар мән-жайларды дұрыс қабылдау және олар туралы айғақтар беру қабiлетi күмән туғызған жағдайларда, олардың психикалық немесе физикалық жай-күйiн;
6) iстiң басқа дәлелдемелерімен анық белгіленбейтін өзге мән-жайларын анықтау қажет болғанда, сараптаманы тағайындау және жүргiзу мiндеттi.
2. Егер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде өлiм жазасы немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза көзделген қылмысты жасады деп күдік келтірілетін, айыпталатын адамның психикалық жай-күйiне күмән туындаса, сот-психиатриялық сараптаманы тағайындау мен жүргiзу міндетті.
Ескертпе. Осы баптың бірінші бөлігінің 4) және 5) тармақтарында санамаланған негіздер бойынша күдіктіге, айыпталушыға, жәбірленушіге, куәға қатысты амбулаториялық сот-психиатриялық сараптама тағайындалады және жүргiзіледі. Егер сарапшы стационарлық сот-психиатриялық сараптама жүргізбей және сынақтан өтушіні стационарлық қарап-зерттеуге орналастырмай, қорытынды беру мүмкін еместігі туралы мәлімдесе, онда қылмыстық іс бойынша осы Кодекстің 279-бабында көзделген тәртіппен стационарлық сот-психиатриялық сараптама тағайындалады.
272-бап. Сараптама тағайындау тәртібі
1. Қылмыстық процесті жүргізетін орган, тергеу судьясы сараптама тағайындау қажет деп тауып, бұл туралы қаулы шығарады, онда: сараптаманы тағайындаған органның атауы, сараптаманы тағайындау уақыты, орны; сараптаманың түрі; сараптаманы тағайындау үшін негіздер; сараптамаға жіберілетін объектілер және олардың шығу тегі туралы ақпарат, сондай-ақ зерттеу барысында көрсетілген объектілерді ықтимал толық немесе ішінара жоюға, олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгертуге рұқсат; сот сараптамасы органының атауы және (немесе) сот сараптамасын жүргізу тапсырылған адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) көрсетіледі.
2. Қылмыстық процесті жүргізетін органның, тергеу судьясының сараптама тағайындау туралы қаулысы ол жіберілген және бұл өздерінің өз құзыретіне кіретін органдардың немесе адамдардың орындауы үшін міндетті.
3. Осы Кодекстің 271-бабы бірінші бөлігінің 2), 3) және 5) тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жәбірленушіге, куәға қатысты сот сараптамасы олардың келісуімен немесе олардың заңды өкілдерінің келісуімен жүргізіледі, көрсетілген адамдар келісімді жазбаша түрде береді.
4. Сараптаманы тағайындаған адам сот сараптамасының тағайындалғаны туралы қаулымен күдіктіні, айыпталушыны, оның қорғаушысын, жәбірленушіні, оның өкілін, сондай-ақ сараптамаға ұшырайтын куәны, оның заңды өкілін таныстырады және оларға осы Кодекстің 274-бабында көзделген құқықтарын түсіндіреді. Бұл туралы сараптама тағайындаған адам және қаулымен таныстырылған адамдар қол қоятын хаттама жасалады.
5. Сараптама өздерінің құқықтары мен мүдделерін немесе өздері өкілдік ететін құқықтар мен мүдделерді қорғайтын процеске қатысушылардың бастамасы бойынша тағайындалуы мүмкін. Өздерінің құқықтары мен мүдделерін немесе өздері өкілдік ететін құқықтар мен мүдделерді қорғайтын процеске қатысушылар қылмыстық процесті жүргізетін органға өздерінің пікірі бойынша сарапшының қорытындысы берілуге тиіс мәселелерді жазбаша түрде ұсынады, зерттеу объектілерін көрсетеді, сондай-ақ сарапшы ретінде шақырылуы мүмкін адамды атайды. Шешу үшін ұсынылған мәселелер қылмыстық іске немесе сот сараптамасының нысанасына жатпайтын жағдайларды қоспағанда, қылмыстық процесті жүргізетін органның сараптама тағайындаудан бас тартуға құқығы жоқ. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам өтінішхат келіп түскен кезден бастап үш тәулік ішінде өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы уәжді қаулы шығарады.
6. Тергеу судьясы осы Кодекстің 55-бабы екінші бөлігінің 7) тармағында көзделген тәртіппен сараптама тағайындау туралы мәселені шешкен кезде қорғаушы тарапқа сарапшының алдына қойылуы қажет сұрақтарды жазбаша нысанда беруін ұсынады және олар бойынша процеске қатысушылардың пікірін тыңдайды.
Тараптар қай объектілердің сарапшылық зерттеуге жататынын, сондай-ақ сараптама жүргізуді кімге тапсыруға болатынын көрсетуге және сарапшыға қарсылық білдіруді мәлімдеуге құқылы.
Тергеу судьясы сараптама тағайындаған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам өзінің іс жүргізуінде жатқан қажетті нәрселерді, материалдарды сарапшының билігіне береді.
7. Қылмыстық процестегі сараптама осы Кодекстің 122-бабы үшінші бөлігінің 3) тармағында көзделген тәртіппен сарапшылық қорытынды беру туралы адвокаттың сұрау салуы негізінде қылмыстық процесті жүргізетін органнан зерттеу объектісін талап етіп алдыру қажет болмаған жағдайларда жүргізіледі.
8. Қорғаушының немесе жәбірленуші өкілінің осы баптың жетінші бөлігінде көзделген тәртіппен сарапшылық қорытынды беру туралы сұрау салуды жібергені туралы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам бір мезгілде хабардар етіледі, ол қажет болған кезде сарапшыға қосымша мәселелерді жолдайды. Қорғаушының немесе жәбірленуші өкілінің сұрау салуы негізінде берілген сарапшының қорытындысы екі данада жасалып, оның біреуі сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға жолданады.
9. Өзінің бастамасы бойынша сараптама тағайындалған процеске қатысушы сарапшылық зерттеу объектілері ретінде нәрселерді, құжаттарды ұсынуы мүмкін. Қылмыстық процесті жүргізетін орган оларды осындай нәрселер, құжаттар қатарынан уәжді қаулымен алып тастауға құқылы.
10. Қылмыстық процесті жүргізетін орган ұсынылған сұрақтарды қарап, олардың қылмыстық іске немесе сот сараптамасының нысанасына қатысы жоқтарын алып тастайды, сарапшыға қарсылық білдіру негіздерінің бар-жоғын анықтайды, содан кейін осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген талаптарды сақтай отырып, сараптама тағайындау туралы қаулы шығарады.
11. Сараптаманы жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу, сондай-ақ сарапшының еңбегіне ақы төлеу осы Кодекстің 21-тарауының қағидалары бойынша жүргізіледі. Қорғаушының немесе жәбірленуші өкілінің сұрау салуы бойынша сараптама жүргізілген жағдайларда, шығыстарды өтеу өзінің мүддесі үшін сараптама жүргізілген адамға жүктеледі.
12. Осы баптың жетінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, қылмыстық процесті жүргізетін орган, егер сараптама жүргізілгенде күдіктінің, жәбірленушінің, айыпталушының, куәнің қатысуы қажет деп танылса, оларды сарапшыға жеткізуді қамтамасыз етеді. Осы Кодекстің 55-бабы бірінші бөлігінің 9) тармағында көзделген жағдайларда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам сот алдында күзетпен ұсталмайтын адамды сот-психиатриялық және (немесе) сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру туралы өтінішхат енгізеді.
273-бап. Сот сараптамасын жүргiзу тапсырылуы мүмкiн адамдар
1. Сот сараптамасын жүргізу:
1) сот сараптамасы органдарының қызметкерлеріне;
2017.10.02. № 45-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) лицензия негізінде сот-сараптама қызметімен айналысатын адамдарға;
3) заңда көзделген тәртіппен және шарттарда біржолғы тәртіппен өзге адамдарға тапсырылуы мүмкін.
2. Сараптама жүргiзу процеске қатысушылар ұсынған адамдардың бiреуiне тапсырылуы мүмкiн.
3. Қылмыстық процесті жүргізетін органның, тергеу судьясының сараптама жүргiзу тапсырылған адамды шақыру туралы талабы көрсетілген адам жұмыс iстейтiн ұйымның басшысы үшiн мiндеттi.
274-бап. Күдіктінің, айыпталушының, жәбірленушінің, куәнің, қорғаушының және жәбірленуші өкілінің сараптама тағайындау және жүргізу кезіндегі құқықтары
1. Сараптама тағайындау және жүргізу кезінде жәбірленушінің, күдіктінің, айыпталушының, қорғаушының және жәбірленуші өкілінің:
1) сараптама жүргізілгенге дейін оның тағайындалғаны туралы қаулымен танысуға және өздеріне тиесілі құқықтарға түсіндірме алуға құқығы бар, бұл туралы хаттама жасалады;
2) сарапшыға қарсылық білдіруді немесе сот сараптамасы органын сараптама жүргізуден шеттету туралы өтінішхатты мәлімдеуге;
3) өздері көрсеткен адамдарды немесе нақты сот сараптамасы органдарының қызметкерлерін сарапшылар ретінде тағайындау, сондай-ақ сараптаманы сарапшылар комиссиясының жүргізуі туралы өтінішхат беруге;
4) сарапшы алдына қосымша мәселелер қою немесе қойылған мәселелерді нақтылау туралы өтінішхат беруге;
5) сараптама жүргізілген кезде қылмыстық процесті жүргізетін органның рұқсатымен, осы Кодекстің 278-бабында көзделген тәртіппен қатысуға;
6) сарапшының қорытындысымен не осы Кодекстің 284-бабында көзделген тәртіппен қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабармен танысуға құқығы бар.
2. Санамаланған құқықтарға куә, оның ішінде қорғалуға құқығы бар, сараптамаға ұшырайтын куә да және, егер өзінің психикалық жай-күйі мүмкіндік берсе, өзіне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жөнінде іс жүргізілетін адам да ие болады.
3. Егер сараптама адамды күдікті деп танығанға дейін немесе күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы шығарылғанға дейін жүргізілген болса, қылмыстық қудалау органы оны сараптама тағайындау туралы қаулымен, сарапшының қорытындысымен таныстыруға және оған осы Кодекстің 286-бабында көзделген құқықтарын түсіндіруге міндетті.
4. Жәбірленушілер мен куәларға, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалуынан зардап шеккен адамға және өзіне қатысты күдікті деп тану туралы мәселе шешіліп жатқан адамға сараптама олардың жазбаша келісуімен ғана жүргізіледі. Егер осы адамдар кәмелетке толмаған немесе сот оларды әрекетке қабілетсіз деп таныған болса, сараптама жүргізуге жазбаша келісімді олардың заңды өкілдері береді. Көрсетілген қағида осы Кодекстің 271-бабында көзделген жағдайларда сараптама жүргізуге қолданылмайды.
5. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген адамдар мәлімдеген өтінішхаттар қанағаттандырылған жағдайда, қылмыстық процесті жүргізетін орган тиісінше сараптама тағайындау туралы өзінің қаулысын өзгертеді немесе толықтырады. Өтінішхаттарды қанағаттандырудан бас тартылған жағдайда, ол уәжді қаулы шығарып, оны өтінішхатты мәлімдеген адамға қол қойғыза отырып, жария етеді.
275-бап. Өздеріне қатысты сот сараптамасы жүргізілетін адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне кепілдік беру
1. Тірі адамдарға сот сараптамасын жүргізу кезінде:
1) олардан мәліметтер алу мақсаттарында оларды заңмен кепілдік берілген құқықтарынан айыруға немесе құқықтарына қысым көрсетуге (оның ішінде алдау, азаптау, қатыгез қарым қатынас, зорлық-зомбылық, қорқыту және өзге де заңсыз шаралар қолдану арқылы);
2) көрсетілген адамдарды медициналық технологияларды, фармакологиялық және дәрілік заттарды клиникалық зерттеулердің субъектілері ретінде пайдалануға;
3) хирургиялық араласуды көздейтін зерттеу әдістерін қолдануға тыйым салынады.
2. Сот сараптамасын тағайындаған орган өзіне қатысты сот сараптамасы жүргізілетін адамға сот-сараптама зерттеуінің баламалы әдістерін қоса алғанда, пайдаланылатын әдістері туралы, ықтимал ауырсыну сезімдері мен жанама әсерлер туралы қолжетімді нысанда хабарлауға тиіс. Көрсетілген ақпарат өзіне қатысты сот сараптамасы жүргізіліп жатқан адамның заңды өкілінің өтінішхаты бойынша оған да беріледі.
3. Өзіне қатысты сот сараптамасы жүргізіліп жатқан адамға медициналық көмек заңда көзделген негіздер бойынша және тәртіппен ғана көрсетілуі мүмкін.
4. Медициналық ұйымға орналастырылған адамға шағымдар және өтінішхаттар беру мүмкіндігі беріледі. Осы Кодексте көзделген тәртіппен берілген шағымдарды және өтінішхаттарды медициналық ұйымның әкімшілігі жиырма төрт сағат ішінде адресатқа жібереді және олар цензураға жатпайды.
5. Өзі келісім берген адамға қатысты жүргізілетін сот сараптамасы көрсетілген адамның бастамасы бойынша оның кез келген сатысында тоқтатылуы мүмкін.
276-бап. Сот сараптамасы органының сараптама жүргізуі. Сот сараптамасы органы басшысының құқықтары мен міндеттері
1. Сараптама сот сараптамасы органына тапсырылған кезде қылмыстық процесті жүргізетін орган, тергеу судьясы сараптаманы тағайындау туралы қаулыны және қажетті материалдарды оның басшысына жібереді. Сараптаманы сот сараптамасы органының қаулыда көрсетілген қызметкері жүргізеді. Егер қаулыда нақты сарапшы көрсетілмесе, сарапшыны таңдауды сот сараптамасы органының басшысы жүзеге асырады, бұл туралы сараптаманы тағайындаған адамға үш күн мерзімде хабарлайды.
2. Сараптама жүргізу тергеу судьясының қаулысымен тағайындалған жағдайда, қылмыстық процесті жүргізетін орган сот сараптамасы органының басшысына қажетті материалдарды, нәрселерді жолдайды.
3. Сараптама қорғаушының немесе жәбірленуші өкілінің сұрау салуы бойынша жүргізілген жағдайда, қажетті материалдарды қорғаушы немесе жәбірленушінің өкілі береді.
4. Сот сараптамасы органының басшысы:
1) егер: осы сот сараптамасы органында қажетті арнаулы ғылыми білімі бар сарапшы болмаса; осы сот сараптамасы органының материалдық-техникалық базасы мен жағдайлары нақты сарапшылық міндеттерді шешуге мүмкіндік бермесе; сот сарапшысының алдына қойылған мәселелер оның құзыретінің шегінен тыс болса; сараптама жүргізуге арналған материалдар осы Кодекстің талаптары бұзыла отырып ұсынылған жағдайда, дәлелдерді көрсете отырып, қылмыстық процесті жүргізетін органға сот сараптамасын тағайындау туралы қаулыны орындамастан және зерттеуге ұсынылған объектілерді қайтаруға;