3. Егер нәрселерді ауқымды болуына немесе өзге де себептерге байланысты қылмыстық iспен бiрге сақтау мүмкін болмаса, олар фото- немесе бейнетүсіру құралдарымен түсiрiп алынуға, мүмкiндiгiнше мөрленуге және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам көрсеткен орында сақталуға тиiс. Iске заттай дәлелдеменің үлгiсi қоса тiркелуi мүмкiн. Істе заттай дәлелдеменің табылған жерi туралы тиiстi анықтама болуға тиiс.
Заттай дәлелдемелерді алып қою, сақтау, беру және жою, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізетін орган алып қойған ұлттық және шетелдік валютадағы ақшаны сақтау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
4. Тез бұзылуға бейім заттай дәлелдемелер, егер оларды иесiне қайтару мүмкін болмаса, жергілікті атқарушы орган айқындайтын тиiстi ұйымдарға мақсатына сай пайдалану не алынған сомаларды сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргiзетін органның депозитiне сала отырып, өткізу үшін тапсырылады. Сақталуы елеулі материалдық шығынды талап ететiн заттай дәлелдемелер, егер иесiне тиісті түрде хабарланғаннан кейін алты ай өткен соң қайтарып берiлуi мүмкiн болмаса, ал иесі анықталмаған жағдайда - нәрселерді заттай дәлелдемелер деп таныған кезден бастап сол мерзімде өткізіледі. Заттай дәлелдемелер алынған соманы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізетін органның депозитiне сала отырып, заңнамада белгiленген тәртiппен өткізіледі. Негiздер болған кезде, пайдаланылған немесе өткізілген заттай дәлелдемелер иесіне сондай түрдегі және сападағы нәрселермен қайтарылады немесе соңғысына олардың құны соттың шешімі бойынша мемлекеттік бюджет есебінен төленедi.
Әрбір атауы (түрі) бойынша аса ірі мөлшерге жатқызудың белгіленген шегінен асатын мөлшердегі есірткі, психотроптық заттар сот сараптамасы жүргізілгеннен кейін заттай дәлелдемелер деп танылып, іске үлгі ретінде қоса берілгендерін қоспағанда, прокурордың келісімімен қылмыстық қудалау органы қаулысының негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жойылуға тиіс. Есірткі заттарды жою туралы, прокурормен келісілген қаулы және заң талаптарына сәйкес және жою кезінде бейнетіркеуді қолдана отырып жасалған, оны іс жүзінде жою туралы акт қылмыстық іске қоса тігіледі.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қылмыстық іске қосып тігу үшін прокурормен келісілген тиісті қаулының негізінде маманның міндетті түрде қатысуымен және бейнежазбаны қолданып, алып қойылған есірткі, психотроптық заттардың жалпы көлемінен әрбір атауы (түрі) бойынша тиісті есірткі, психотроптық заттар үшін заңда белгіленген аса ірі мөлшерге тең шамасында үлгілер іріктеп алынуға, олар қапталып, мөрленуге тиіс, қаптамада заттың атауы және оның көлемі туралы жазба жасалып, қаптамада қамтылғанның анықтығы осы әрекетке қатысқан адамдардың қойған қолдарымен куәландырылады.
Бақыланатын жеткізілім немесе өзге де жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде заңсыз айналымнан алып қойылған есірткі заттарын немесе психотроптық заттарды пайдалану қажет болған жағдайда, оларды жою тиісті жасырын тергеу әрекеттері аяқталғанға дейін прокурордың келісімімен жүргізілмеуі мүмкін.
5. Анықтау органы iстi сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға немесе бір анықтау органынан басқа анықтау органына не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын бір адамнан екiншiсіне берген кезде, сол сияқты iс прокурорға және сотқа жiберiлген кезде заттай дәлелдемелер, осы баптың үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, белгiленген тәртiпке сәйкес жөнелтiледi. Заттай дәлелдемелер қапталған және мөрленген түрде оларды даралайтын белгiлерi көрсетiліп, қамтылған тiзiмдемемен қоса берiледi.
6. Қылмыстық іс тоқтатылған кезде заттай дәлелдемелердің және мұндай деп танылмаған нәрселердің тағдыры туралы мәселе осы Кодекстің 118-бабы үшінші бөлігінің қағидалары бойынша шешіледі.
222-бап. Адамның мәйiтiн қарап-тексеру
1. Адамның мәйiтiн ол табылған жерде сыртынан қарап-тексеру оның жалпы қағидалары сақтала отырып және сот медицинасы саласындағы маман дәрiгердiң, ал оның қатысуы мүмкiн болмаған жағдайда өзге дәрiгердiң мiндеттi түрде қатысуымен жүргiзiледi. Адамның мәйiтiн қарап-тексеру үшiн басқа мамандар да тартылуы мүмкiн.
2. Адамның мәйiтiн қосымша немесе қайталап қарап тексерген жағдайда, сот медицинасы саласындағы маман дәрiгердiң қатысуы мiндеттi.
3. Танылмаған адамның мәйiтiн фотосуретке түсiру, оған дактилоскопия жасау, сондай-ақ сараптамалық зерттеу жүргізу үшін үлгілер алу міндетті болып табылады.
4. Адамның мәйiтiн сырттай қарап-тексеру кейіннен сот-медициналық сараптаманың жүргiзiлуiн алмастыра алмайды және жоққа шығармайды.
5. Мәйiттi қарап-тексеру процесінде азаматтардың қайтыс болған адамды тану туралы мәлiмдемелерi кейiннен мәлiмдеушiден куә ретiнде жауап алынып, сол тергеу әрекетінің хаттамасына енгiзiледі, бұл адам мәйiтін бұдан әрі басқа адамдарға тану үшiн көрсетудi жоққа шығармайды.
223-бап. Куәландыру
1. Адам денесiндегi ерекше белгiлердi, қылмыстық құқық бұзушылық iздерiн, денсаулыққа келтiрілген зиянның белгiлерiн табу, мас болу жағдайын немесе iс үшiн маңызы бар өзге де қасиеттер мен белгiлердi анықтау үшiн, егер бұл үшiн сараптама жүргiзу талап етiлмесе, күдіктiге, жәбiрленушiге, куәға, арыз иесіне және арыз иесі қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам ретінде тікелей көрсеткен адамға куәландыру жүргiзiлуi мүмкiн.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 2-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам куәландыру жүргiзу туралы қаулы шығарады, ол күдікті, айыпталушы үшін, сондай-ақ арыз иесі қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам ретінде тікелей көрсеткен адам үшін міндетті болып табылады.
Жәбiрленушiнi, куәнi, арыз иесін мәжбүрлеп куәландыру осы Кодекстің 220-бабының 13-1, 13-3 және 13-4-бөліктерінде көзделген тәртіппен, тергеу судьясының санкциясымен жүргiзiледi.
3. Куәландыруды сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам дәрiгердiң немесе басқа маманның қатысуымен жүргізеді.
4. Егер куәландыру адамның денесiн жалаңаштаумен ұштастырылатын болса, онда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жынысы басқа адамды куәландыру кезiнде қатыспайды. Бұл жағдайда куәландыруды сот медицинасы саласындағы маман немесе дәрiгер жүргiзедi.
224-бап. Қарап-тексеру, куәландыру хаттамасы
1. Қарап-тексерудің, куәландырудың барысы мен нәтижелері тергеу әрекетін жүргізетін адам жасаған хаттамада осы Кодекстiң 199-бабының талаптары сақтала отырып, көрсетіледі.
2. Хаттамада қарап-тексеру немесе куәландыру кезiнде жүргізілген барлық әрекеттер, сол сияқты қарап-тексеру немесе куәландыру кезінде анықталғандардың барлығы олар жүргiзiлген ретпен және қарап-тексеру немесе куәландыру кезiнде анықталған күйiнде сипатталады. Хаттамада қарап-тексеру немесе куәландыру кезiнде алып қойылған барлық объектiлер санамаланады және сипатталады.
3. Хаттамада: қарап-тексеру немесе куәландыру қай уақытта, қандай ауа райы кезінде және жарықтың түсуi қандай болғанда жүргiзiлгенi; қандай ғылыми-техникалық құралдар қолданылғаны және қандай нәтижелер алынғаны; көрсетілген тергеу әрекетiн жүргiзуге кiмдердің тартылғаны және олардың қалай қатысқаны; қандай объектiлердің мөрленгені және қандай мөрмен бекiтiлгенi; қарап-тексеруден кейiн адамның мәйіті немесе iс үшiн маңызы бар нәрселер қайда жiберiлгенi көрсетiлуге тиiс.
28-тарау. ЭКСГУМАЦИЯ
225-бап. Эксгумациялау үшін негіздер
1. Егер:
1) адамның мәйiтін қарап-тексеру, оның iшiнде оны қосымша немесе қайталап қарап-тексеру;
2) тану үшiн көрсету;
3) сараптама үшін үлгілер алу және сараптама жүргізу;
4) іс үшін елеулі маңызы бар өзге де мән-жайларды анықтау талап етiлгенде, адамның мәйiтiн жерленген жерiнен шығарып алу (эксгумация) жүргізіледі.
2. Эксгумация сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның сот санкциялаған уәжді қаулысы негізінде жүргiзiледi. Эксгумацияның жүргізілетіні туралы қайтыс болған адамның туыстарының біреуі хабардар етіледі.
Эксгумациялау туралы қаулы адам жерленген жердің әкiмшiлiгi үшiн мiндеттi болып табылады.
226-бап. Эксгумациялау туралы қаулыны санкциялау тәртібі
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Эксгумациялау жүргізу қажет болған кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам эксгумациялау жүргізу туралы қаулы шығарады және оны тергеу судьясына жібереді.
Қаулыға қылмыстық істің эксгумациялау жүргізу қажеттігін растайтын материалдарының куәландырылған көшірмелері қоса беріледі.
Қаулының көшірмесі бір мезгілде прокурорға жіберіледі.
2. 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 3-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Эксгумациялауды санкциялау туралы өтінішхатты тергеу судьясы материалдар сотқа келіп түскен кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде тараптардың қатысуынсыз жеке-дара қарайды.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 4-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Тергеу судьясы өтінішхатты және істің ұсынылған материалдарын қарап шығып, эксгумациялауды санкциялайды не оны санкциялаудан уәжді қаулымен бас тартады, ал сот отырысы өткізіліп жатқан жағдайда эксгумациялауды санкциялау не санкциялаудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
Тергеу судьясы шешімінің немесе қаулысының көшірмесі эксгумациялау туралы қаулы шығарған сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына орындау үшін жіберіледі.
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 5-бөлік жаңа редакцияда
5. Эксгумациялау жүргізу немесе одан бас тарту туралы шешімге осы Кодекстің 107-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы, осы шешім прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.
227-бап. Эксгумациялауды жүргізу тәртібі
1. Эксгумациялауды, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы жергілікті санитариялық-эпидемиологиялық қызметке алдын ала хабарлай отырып, адам жерленген жердiң әкімшілігі сот медицинасы саласындағы маманның қатысуымен жүргізеді.
Эксгумациялауды жүргізу кезінде эксгумациялау туралы қаулы шығарған, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қатысады.
2. Адамның мәйiтін тану мен қарап-тексеру, үлгiлер алу эксгумациялау орнында жүргiзiлуi мүмкiн.
3. Эксгумациялаудан кейiн адамның мәйiті өзге де зерттеулер жүргiзу үшiн медициналық ұйымға жеткiзiлуi мүмкiн.
4. Анықтау органдары эксгумациялау жүргiзуде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға жәрдемдесуге мiндеттi.
5. Эксгумациялаудың барысы мен нәтижелері осы Кодекстің 199-бабының талаптары сақтала отырып жасалатын хаттамада көрсетіледі.
Хаттамада:
1) тергеу әрекетi жүргiзілген күн, уақыт пен орын;
2) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) және лауазымы;
3) эксгумациялауға қатысқан сот медицинасы саласы маманының лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде);
4) қайтыс болған адамның қатысқан жақын туыстарының немесе заңды өкілдерінің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), туған жылы, айы, күні, туған жері, тұрғылықты жері;
5) эксгумациялау жүргізу кезінде қатысқан өзге де адамдар туралы мәліметтер;
6) жүргізілген фотосуретке түсіру, дыбыс-, бейне- және кинотүсіру немесе өзге де жазып алатын ғылыми-техникалық құралдардың пайдаланылғаны туралы белгі және олар туралы мәліметтер;
7) жерленген адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), қайтыс болған күні, сондай-ақ эксгумациялау кезіндегі барлық әрекеттер мен барлық табылғандар олардың жүргізілу және табылу ретімен;
8) тергеу әрекетіне қатысатын адамдардың ескертулері;
9) эксгумациядан кейін адам мәйіті жіберілген мекеме не осы тергеу әрекетін жүргізу кезінде табылған, іс үшін маңызы бар, өзге де нәрселер көрсетіледі.
6. Тергеу әрекетіне барлық қатысушылар эксгумациялау туралы хаттамаға қол қояды. Егер хаттама бірнеше бетте жасалса, тергеу әрекетіне қатысушылар оның әрбір парағына қол қояды.
Егер эксгумациялау кезінде фотосуретке түсіру, бейне- және кинотүсіру немесе өзге де жазып алатын ғылыми-техникалық құралдар пайдаланылған болса, онда фотосуреттер, таспалар немесе өзге де ақпарат жеткізгіштер хаттамаға қоса беріледі.
7. Егер мәйітті тану, қарап-тексеру, үлгілер алу басқа жерде жүргізілген болса, бұл туралы жеке хаттама жасалады.
228-бап. Эксгумациялаудан кейін адамның мәйiтін жерлеу
Эксгумациялаудан және одан кейiнгi процестік әрекеттерден кейін адамның мәйiтін жерлеудi оның қаулысы бойынша эксгумация жүргізілген адамның қатысуымен жерлеу орнының әкiмшiлiгi жүргiзеді. Адамның мәйiтін жерлеу туралы хаттама жасалады.
29-тарау. ТАНУ
229-бап. Тану үшiн көрсету
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам бұрын байқалған адаммен немесе объектiмен ұқсастықты немесе айырмашылықты анықтау мақсатында адамды немесе нәрсені тану үшiн куәға, жәбiрленушiге, күдіктiге көрсете алады. Тану үшiн мәйiт те көрсетiлуi мүмкiн.
2. Танушы адамдардан тиiстi адамды немесе нәрсені қандай жағдайда байқағаны туралы, қандай белгiлерi мен ерекшелiктерiне қарай тани алатыны туралы алдын ала жауап алынады.
230-бап. Тану үшiн көрсету тәртiбi
1. Танылуға тиiс адам танушы адамға жынысы бiр, сыртқы пiшiнi мен киiмiнде айқын айырмасы жоқ өзге адамдармен бiрге көрсетiледi. Тану үшiн көрсетiлетiн адамдардың жалпы саны кемiнде үш адам болуға тиіс. Бұл қағида адам мәйiтін тану үшін көрсетуге қолданылмайды.
2. Тергеу әрекетіне өздерінің арасында танылуға тиiс адам болған өзге де адамдардың қатысуы тек олар ерiктi түрде келiскен кезде және танушы адам олармен көрінеу таныс болмаған жағдайда ғана мүмкiн болады.
3. Әдетте мәйiттің жеке өзі көрсетiледi. Апаттар туралы iстер және құрбан болғандардың саны айтарлықтай болған басқа да iстер бойынша мәйiтті тану үшiн көрсету жалпы қаза болғандармен бiрге жүргізілуі мүмкiн. Қажет болған жағдайларда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның нұсқауы бойынша мәйiттi танушы адамға көрсетудің алдында маман мәйiтті гримдейді («жасандырады»). Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның адам мәйiті қойылған жерде сақталуын қамтамасыз ету туралы нұсқауы тану үшiн көрсетуді жүргізуге қажеттi уақыт кезеңiнде орындалуға мiндетті.
4. Егер танушы адам куә немесе жәбiрленушi болса, оған тану үшін көрсетудің алдында айғақтар беруден бас тартқаны үшiн, көрiнеу жалған айғақтар бергенi үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертiледi, оған - өзiне, жұбайына (зайыбына) және өзiнiң жақын туыстарына, ал дiни қызметшiге тәубеге келу үстiнде өзiне сырын ашқан адамдарға қарсы куәлiк етпеу құқығы түсiндiрiледi.
5. Тану үшін көрсетуді бастаудың алдында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам танылуға тиiс адамға өзге де адамдар арасында кез келген орынды таңдап алуын ұсынады, бұл хаттамада көрсетiледi.
6. Адамды тану үшін көрсету мүмкiн болмаған кезде тану үшін көрсету сыртқы пішіні танылуға тиіс адаммен мүмкіндігінше ұқсас, бір мезгілде кемінде үш басқа адамның фотосуреттерімен бірге көрсетілетін оның фотосуреті, сондай-ақ дыбыс және бейне жазба бойынша жүргізілуі мүмкін.
7. Нәрсе кемiнде үш бiртектес нәрселер тобында көрсетiледi. Нәрсені тану үшін көрсету кезінде соған ұқсас объектiлердi таңдап алу мүмкiн болмаған немесе қиын болғанда тану үшiн көрсету жалғыз көрсетілген дана бойынша жүргiзiледi.
8. Танушы адамға өзi ол туралы айғақтар берген адамды немесе нәрсені көрсету ұсынылады. Жетелеуші сұрақтар қоюға жол берілмейді.
9. Егер танушы адам өзіне көрсетiлген адамдардың біреуін немесе нәрселердің бiрiн көрсетсе, оған бұл адамды немесе нәрсені қандай белгiлерi немесе ерекшелiктерi бойынша танығанын түсiндiру ұсынылады.
10. Тану үшiн көрсету оның барысы мен нәтижелерін тіркейтін ғылыми-техникалық құралдар қолданыла отырып жүргiзiледі.
11. Танушы адамның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ дауыс, сөйлеу, жүрiс ерекшелiктерi бойынша тану кезiнде адамды тану үшiн көрсету танылуға тиіс адамның танушы адамды көзбен шолып байқауын болдырмайтын жағдайларда жүргiзiлуi мүмкiн. Танушы адамға тану үшiн көрсетiлген адамдарды жеткiлiктi түрде көзбен шолып байқау мүмкiндiгi қамтамасыз етiлуге тиiс.
12. Адамды сол бір белгiлерi бойынша сол бір танушы адамның қайталап тануы жүргiзiлмейді.
13. Тану үшiн көрсету туралы осы Кодекстiң 199-бабының талаптары сақтала отырып, хаттама жасалады. Хаттамада танудың шарттары, барысы, нәтижелерi көрсетiледi және танушы адамның түсiнiктемелерi мүмкiндiгiнше сөзбе-сөз жазылады. Егер адамды тану үшiн көрсету танылуға тиiс адамның танушы адамды көзбен шолып байқауын болдырмайтын жағдайда жүргiзiлсе, бұл да хаттамада көрсетiледi.
30-тарау. ЖАСЫРЫН ТЕРГЕУ ӘРЕКЕТТЕРІ
231-бап. Жасырын тергеу әрекеттерінің түрлері
1. Осы тараудың ережелеріне сәйкес мынадай жасырын тергеу әрекеттері:
1) адамды немесе орынды жасырын аудио- және (немесе) бейнебақылау;
2) электр (телекоммуникация) байланыс желілері арқылы берілетін ақпаратты жасырын бақылау, ұстап қалу және түсіріп алу;
3) абоненттер және (немесе) абоненттік құрылғылар арасындағы қосылулар туралы ақпаратты жасырын алу;
4) компьютерлерден, серверлерден және ақпаратты жинауға, өңдеуге, жинақтауға және сақтауға арналған басқа да құрылғылардан ақпаратты жасырын түсіріп алу;
5) пошта жөнелтілімдерін және өзге де жөнелтілімдерді жасырын бақылау;
6) орынға жасырын кіру және (немесе) оны тексеру;
7) адамды немесе орынды жасырын байқауға алу;
8) 2017.03.07. № 84-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
9) жасырын бақыланатын сатып алу;
10) жасырын ендіру және (немесе) қылмыстық әрекетті имитациялау жүзеге асырылады.
232-бап. Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу шарттары мен негіздері
1. Егер қылмыстық іс бойынша дәлелденуге жататын мән-жайларды, қылмыстық процеске тартылған тұлғалардың мүдделерін қозғайтын фактілер туралы мәліметтерді оларға хабарламай алу қажет болғанда, осы тарауда көзделген жасырын тергеу әрекеттері жүргізіледі.
2. Пошта жөнелтілімдерін және өзге де жөнелтілімдерді жасырын бақылауды қоспағанда, жасырын тергеу әрекеттерін сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының тапсырмасы бойынша құқық қорғау органының немесе арнаулы мемлекеттік органның уәкілетті бөлімшесі жедел-іздестіру қызметінің нысандары мен әдістерін пайдалана отырып жүргізеді.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен (2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2018.12.07. № 180-VІ Заңымен (бұр.ред.қара) 3-бөлік жаңа редакцияда
3. Осы Кодекстің 231-бабының 1) - 6) тармақтарында көзделген жасырын тергеу әрекеттері мамандандырылған тергеу сотының, мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының тергеу судьясының санкциясымен жүргізіледі, оны алу тәртібі осы Кодекстің 234-бабында белгіленген.
4. Жасырын тергеу әрекеттері мына негіздердің бірі болған кезде:
1) жасағаны үшін санкциясы бір жылдан бастап және одан да жоғары мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейтін қылмыстар туралы істер бойынша;
2) қылмыстық топ дайындайтын және жасайтын қылмыстар бойынша жүргізіледі.
5. Осы баптың төртінші бөлігінде көзделмеген басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау, олардың жолын кесу және оларды ашу үшін осы Кодекстің 231-бабының тек 7) - 10) тармақтарында көзделген жасырын тергеу әрекеттері жүргізілуі мүмкін.
6. Жекелеген адамдардың өміріне, денсаулығына, меншігіне қатер төнген жағдайда, олардың арызы бойынша немесе жазбаша келісуімен, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының қаулысы негізінде, қаулы шығарылған кезден бастап жиырма төрт сағаттың ішінде прокурорды міндетті түрде хабардар ете отырып, осы Кодекстің 231-бабының 1) және 2) тармақтарында көзделген жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге рұқсат етіледі.
7. Жасырын тергеу әрекеттері:
1) қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызда, хабарда оны дайындап жатқан, жасап жатқан немесе жасаған адам ретінде көрсетілген не өзіне қатысты оның тергеліп жатқан құқық бұзушылыққа қатысы бар не дайындалып жатқан, жасалып жатқан немесе жасалған қылмыстық құқық бұзушылық туралы мәліметтерге ие деп пайымдауға өзге де негіздер бар адамға;
2) күдіктіге;
3) жәбірленушінің жазбаша келісімі бойынша оған;
4) егер үшінші тұлғаның іс үшін маңызы бар ақпаратты алатыны немесе беретіні туралы мәліметтер болса, үшінші тұлғаға;
5) егер онда болып жатқан немесе болуы болжанатын мән-жайлардың іс үшін маңызы болатын болса, жерге қатысты жүргізіледі.
8. Кәсіби көмекті жүзеге асыратын адвокаттар ауыр немесе аса ауыр қылмыс дайындап жатыр немесе жасады деп пайымдауға негіз болған жағдайларды қоспағанда, оларға қатысты жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге тыйым салынады.
9. Осы Кодексте көзделмеген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыруға, сондай-ақ оларды жүргізу барысында алынған ақпаратты пайдалануға жол берілмейді.
10. Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келісім бойынша құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдар айқындайды.
233-бап. Жасырын тергеу әрекетін жүргізу туралы қаулы
1. Жасырын тергеу әрекетін жүргізу тапсырылған органның уәкілетті лауазымды адамы осы Кодекстің 198-бабында белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс қаулы шығарады.
Қаулыда:
1) оның жасалған орны мен уақыты;
2) қаулы шығарған адамның лауазымы, тегі мен аты-жөні, жеке қойған қолы;
3) 2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен алып тасталды (2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4) аясында жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу болжанып отырған қылмыстық істің нөмірі;
5) қаулы шығаруға негіз болған осы Кодекстің баптары;
6) қылмыстық іс фабуласының қысқаша сипаттамасы;
7) жасырын тергеу әрекетін жүргізу қажеттігінің негіздемесі;
8) өзіне қатысты жасырын тергеу әрекетін жүргізу жоспарланып отырған адам, орын немесе зат туралы мәліметтер;
9) жасырын тергеу әрекетін жүргізу мерзімі;
10) жасырын тергеу әрекетін жүргізу тапсырылатын орган туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
2. Өзіне қатысты жасырын тергеу әрекеті жүргізілетін объектінің шифрын ашуды болғызбау мақсатында қаулыда нақты деректердің орнына бүркеншік атты, шартты атауды көрсетуге жол беріледі. Құпиялық талаптары сақтала отырып, деректерді өзгерту туралы прокурормен келісілетін тиісті қаулы шығарылады.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 234-бап жаңа редакцияда (2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
234-бап. Жасырын тергеу әрекеттерін санкциялау
2018.12.07. № 180-VІ Заңымен 1-бөлік жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Жасырын тергеу әрекеттері сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның не осы Кодексте тиісті қаулы шығаруға уәкілеттік берілген өзге де лауазымды адамдардың уәжді қаулысы негізінде мамандандырылған тергеу сотының, мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының тергеу судьясының санкциясымен жүргізіледі.
2. Жасырын тергеу әрекетін жүргізу туралы қаулы шығарылғанынан кейін жиырма төрт сағат ішінде көрсетілген тергеу әрекетін жүргізудің негізділігін растайтын материалдармен бірге тергеу судьясына ұсынылады.
Жасырын тергеу әрекетін санкциялау тиісті қаулы сотқа келіп түскен кезден бастап он екі сағат ішінде жүргізіледі.
Қосымша материалдарды талап етіп алдыру қажет болған жағдайларда, қаулыны белгіленген мерзімнен асырып, бірақ жиырма төрт сағаттан аспайтын мерзімде қарауға жол беріледі.
Шығарылған қаулы негізсіз болған жағдайда, тергеу судьясы оны санкциялаудан бас тартады.
Жасырын тергеу әрекетін санкциялау барысында берілген ақпараттың анықтығына күмән болған кезде, тергеу судьясы қаулыны санкциялап, жиырма төрт сағат ішінде оның заңдылығын процестік прокурордың тексеруіне бастама жасауға құқылы.
Процестік прокурор бес тәулік ішінде тиісті тексеру жүргізіп, оның нәтижелері туралы тергеу судьясын хабардар етуге міндетті.
Егер тексеруде жасырын тергеу әрекетін жүргізу туралы қаулының заңсыз екені анықталған жағдайда, прокурор тергеу судьясына тиісті өтінішхат енгізуге міндетті.
3. Тергеу судьясы жасырын тергеу әрекеттерін прокурордың өтінішхаты бойынша тоқтатуы мүмкін.
4. Судьяға қатысты жасырын тергеу әрекетін санкциялауды Астана қаласының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келісілген қаулысы бойынша жүргізеді.
Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына қатысты жасырын тергеу әрекетін санкциялауды Астана қаласының тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасарымен келісілген қаулысы бойынша жүргізеді.
5. Жасырын тергеу әрекеті аяқталған күннен бастап екі тәуліктен кешіктірілмей, уәкілетті прокурор оны жүргізу нәтижелері туралы хабардар етіледі.
2017.21.12. № 118-VI ҚР Заңымен 235-бап жаңа редакцияда (2018 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
235-бап. Кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайларда жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу
1. Кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайларда, тергеу судьясын жиырма төрт сағат ішінде хабардар ете отырып және санкцияны кейіннен осы Кодекстің 234-бабында көзделген тәртіппен ала отырып, осы Кодекстің 232-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуге жол беріледі.
2. Тергеу судьясы ұсынылған материалдарды зерделеп шығып, кейінге қалдыруға болмайтынына келіскен жағдайда - жасырын тергеу әрекетін жүргізу туралы қаулыны санкциялайды, ал оған келіспеген жағдайда оны тоқтату және алынған нәтижелерді дәлелдемелер ретінде пайдалануға жол берілмейтіні туралы қаулы шығарады.