Аталған құқық өндіруге арналған келісімшарт жасалған немесе бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт бойынша өндіру кезеңі басталған күннен бастап жер қойнауын пайдалануға арналған тиісті келісімшарттың қолданылуы аяқталған күнге дейінгі кезеңде қолданылады және өзгертуге жатпайды.
Салық төлеуші осы құқықты қолдану туралы хабарламаны өндіруге арналған келісімшарт жасалған немесе бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарт бойынша өндіру кезеңі басталған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей тұрған жеріндегі салық органына жібереді.
Мұндай хабарлама болмаған жағдайда тарихи шығындарды өтеу бойынша төлем, пайдалы қазбаларды өндіру салығы және үстеме пайда салығы бойынша салықтық міндеттемені орындау осы Кодекстің 84, 85 және 86-тарауларында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген, 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың арнайы төлемдер мен салықтар жөніндегі салықтық міндеттемені орындауының баламалы тәртібін 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолдану құқығы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылуының қалған барлық кезеңіне жүргізіледі және өзгертуге жатпайды, бұл туралы салық төлеуші тұрған жеріндегі салық органына 2018 жылғы 1 наурыздан кешіктірмей хабарлама жібереді.
767-бап. Жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу тәртібі
1. Жер қойнауын пайдалануға баламалы салық жер қойнауын пайдалануға арналған әрбір жекелеген келісімшарт бойынша келісімшарттық қызметтің салықтық кезеңі үшін айқындалады.
2. Жер қойнауын пайдалануға баламалы салықтың салық салу объектісі жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу мақсаттары үшін жылдық жиынтық кіріс пен осы Кодекстің 287-бабында көзделген түзетулер ескеріле отырып, жер қойнауын пайдалануға баламалы салықтың мақсаттары үшін шегерімдер арасындағы айырмасы ретінде айқындалады.
3. Жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу мақсаттары үшін жылдық жиынтық кіріс жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу мақсатында жылдық жиынтық кіріске қосуға жатпайтын теріс бағамдық айырма сомасынан оң бағамдық айырма сомасының асып кетуін қоспағанда, корпоративтік табыс салығын есептеу мақсаттары үшін осы Кодексте айқындалған тәртіпке сәйкес және осы Кодекстің 241-бабында көзделген жылдық жиынтық кірісті түзету есепке алынбай айқындалады.
4. Жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу мақсаттары үшін шегерімдер корпоративтік табыс салығын есептеу мақсаттары үшін мыналар:
сыйақылар, оның ішінде осы Кодекстің 246-бабына сәйкес шегерімге жатқызылатын немесе күрделі шығындар ретінде есепке алынуға жататын сыйақылар шегерімге жатпайтыны;
теріс бағамдық айырма сомасынан оң бағамдық айырма сомасының асып кетуі шегерімге жатпайтыны;
есептелген (есепке жазылған) корпоративтік табыс салығының сомасы шегерімге жатпайтыны ескеріле отырып, осы Кодексте айқындалған тәртіпке сәйкес айқындалады.
5. Егер нақ сол шығыстар (шығындар) осы баптың 4-тармағында белгіленген шығыстардың (шығындардың) бірнеше түрінде көзделген жағдайда, онда жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу кезінде аталған шығыстар (шығындар) тек бір рет шегеріледі.
6. Жер қойнауын пайдалануға баламалы салық жер қойнауын пайдалануға осындай салықтың салық салу объектісі мен осы Кодекстің 768-бабында белгіленген мөлшерлеменің көбейтіндісі ретінде есептеледі.
768-бап. Салықтық мөлшерлеме
Жер қойнауын пайдалануға баламалы салық осы Кодекстің 741-бабының 3-тармағында айқындалған тәртіппен есептелген мұнайдың әлемдік бағасы негізге алына отырып, мына мөлшерлемелер бойынша есептеледі:
| Р/с № | Әлемдік баға | Мөлшерлеме %-бен |
| 1 | 2 | 3 |
| 1. | Бiр баррель үшiн 50 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 0 |
| 2. | Бiр баррель үшiн 60 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 6 |
| 3. | Бiр баррель үшiн 70 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 12 |
| 4. | Бiр баррель үшiн 80 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 18 |
| 5. | Бiр баррель үшiн 90 АҚШ долларын қоса алғанға дейiн | 24 |
| 6 | Бiр баррель үшiн 90 АҚШ долларынан жоғары | 30 |
769-бап. Салықтық кезең
1. Жер қойнауын пайдалануға баламалы салық үшін салықтық кезең күнтізбелік жыл болып табылады.
2. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт
күнтізбелік жыл ішінде жасалған болса, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт күшіне енген күннен бастап күнтізбелік жылдың соңына дейінгі уақыт кезеңі осындай келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу үшін бірінші салықтық кезең болып табылады.
3. Егер жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы күнтізбелік жылдың соңына дейін өткен болса, күнтізбелік жылдың басынан бастап жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы аяқталған күнге дейінгі уақыт кезеңі осындай келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу үшін соңғы салықтық кезең болып табылады.
4. Егер күнтізбелік жыл басталғаннан кейін күшіне енген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы осы күнтізбелік жылдың соңына дейін өткен болса, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт күшіне енген күннен бастап жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданысы аяқталған күнге дейінгі уақыт кезеңі осындай келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдалануға баламалы салықты есептеу үшін салықтық кезең болып табылады.
770-бап. Салықты төлеу мерзімі
Жер қойнауын пайдалануға баламалы салық салық төлеушінің тұрған жеріндегі бюджетке декларация тапсыру үшін белгіленген мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей төленуге жатады.
771-бап. Салық декларациясы
Салық төлеуші жер қойнауын пайдалануға баламалы салық бойынша декларацияны тұрған жеріндегі салық органына есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей тапсырады.
88-тарау. ПАЙДАЛЫ ҚАЗБАЛАРДЫ ӨНДІРУ САЛЫҒЫ, КӨМІРСУТЕКТЕР БОЙЫНША ЭКСПОРТҚА РЕНТА САЛЫҒЫ, РОЯЛТИ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ӨНІМДІ БӨЛУГЕ БАЙЛАНЫСТЫ ҮЛЕСІ БОЙЫНША САЛЫҚТЫҚ МІНДЕТТЕМЕЛЕРДІ ЗАТТАЙ НЫСАНДА ОРЫНДАУ ТӘРТІБІ
772-бап. Роялти және Қазақстан Республикасының өнімді бөлу бойынша үлесі бойынша салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау тәртібі
1. Роялтиді және Қазақстан Республикасының өнімді бөлуге байланысты үлесін төлеу бойынша салықтық міндеттемені ақшалай нысанда орындау мынадай шарттар бір мезгілде сақталған кезде:
1) осы Кодекстің 722-бабында көрсетілген, өнімді бөлу туралы келісімдерде (келісімшарттарда), Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта роялтиді және (немесе) Қазақстан Республикасының өнімді бөлуге байланысты үлесін төлеу бойынша салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда пайдалы қазбаларды жер қойнауын пайдаланушының беруі көзделген;
2) жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда берген пайдалы қазбаларды мемлекет атынан алушы Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалған кезде уақытша, толық немесе ішінара заттай нысанға ауыстырылуы мүмкін.
2. Салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау үшін:
1) жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекстің 722-бабында көрсетілген, өнімді бөлу туралы келісімде (келісімшартта) және (немесе) Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта не осындай келісімде және (немесе) келісімшартта көзделген өзге де құжатта белгіленген тәртіппен және мерзімдерде пайдалы қазбаларды мемлекет атынан алушыға береді;
2) мемлекет атынан алушы Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасының сақталуын ескере отырып, пайдалы қазбаларды дербес немесе осындай өткізуді жүзеге асыруға мемлекет атынан алушы уәкілеттік берген тұлға арқылы өткізеді.
Жер қойнауын пайдаланушы міндеттемені заттай нысанда орындау есебіне алынған пайдалы қазбаларды өткізуді мынадай:
заңдылық;
ашықтық;
айқындық;
адалдық;
әділдік;
барынша көп пайда алу;
ілеспе шығыстарды барынша азайту қағидаттарын сақтай отырып, жүзеге асырады;
3) мемлекет атынан алушы немесе осындай өткізуді жүзеге асыруға мемлекет атынан алушы уәкілеттік берген тұлға Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған міндеттемені заттай нысанда орындау тәртібіне сәйкес есептелген мөлшерде ағымдағы төлемдерді айқындайды және бюджетке аударады;
4) жер қойнауын пайдаланушы, мемлекет атынан алушы салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау бойынша декларацияны (ағымдағы төлемдердің есеп-қисабын) тұрған жеріндегі салық органдарына осы Кодексте айқындалған тәртіппен және уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша тапсырады.
3. Салықтар бойынша жер қойнауын пайдаланушының салықтық міндеттемені заттай нысанда орындауы үшін салықтық кезең күнтізбелік тоқсан болып табылады.
Салықтар бойынша жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда беретін пайдалы қазбаларды іс жүзінде өткізуден алынған ақшаны төлеу бөлігінде мемлекет атынан алушы үшін салықтық кезең күнтізбелік жыл болып табылады.
4. Салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда берілетін пайдалы қазбалардың көлемін айқындау, оны ақшалай мәнде есептеу, сондай-ақ оларды өткізу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, міндеттемені заттай нысанда орындау тәртібімен жүзеге асырылады.
5. Жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау туралы декларацияны тұрған жеріндегі салық органына салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірмей тапсырады.
6. Мемлекет атынан алушы тұрған жеріндегі салық органына:
1) салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау бойынша ағымдағы төлемдердің есеп-қисабын салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-күнінен кешіктірмей ұсынады.
Осы Кодекстің 210-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау бойынша ағымдағы төлемдердің есеп-қисабын ұсынуға, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізуге, сондай-ақ осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген декларацияны тапсыру үшін белгіленген мерзімнен кейін оны қайтарып алуға жол берілмейді;
2) күнтізбелік жыл үшін салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау туралы декларацияны есепті күнтізбелік жылдан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей тапсырады.
Мемлекет атынан алушы салықтық міндеттемені заттай нысанда орындауға байланысты қызметке қатысты корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығы бойынша декларацияны тапсырмайды.
7. Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген ағымдағы төлемдерді қоспағанда, салықтық кезең ішінде мемлекет атынан алушы тоқсан сайын салықтарды заттай нысанда төлеу есебіне ағымдағы төлемдерді айқындайды және оларды салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 25-күнінен кешіктірмей бюджетке аударады.
Алдыңғы салықтық кезеңдер үшін алынған, бірінші тоқсанда өткізілген пайдалы қазбалар бойынша ағымдағы төлемдер алдыңғы күнтізбелік жылдың төртінші тоқсаны үшін заттай нысандағы ағымдағы төлемдердің қосымша есеп-қисабында көрсетілуге жатады және осы баптың 8-тармағында белгіленген мерзімде бюджетке аударылады.
Ағымдағы төлемдер Қазақстан Республикасының Үкіметі
айқындаған міндеттемені заттай нысанда орындау тәртібіне сәйкес
өтелуге жататын, осындай өткізу бойынша шығыстар азайтыла
отырып, тиісті салықтық кезеңде пайдалы қазбаларды өткізуден алынған ақша мөлшерінде бюджетке аударылады.
8. Салықтық міндеттемені заттай нысанда орындау туралы
декларацияны тапсыру үшін белгіленген мерзімнен кейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмейтін мерзімде жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені орындау есебіне алдыңғы күнтізбелік жыл ішінде заттай нысанда берген пайдалы қазбаларды өткізуден алынған ақшаны төлеуді мемлекет атынан алушы жүзеге асырады. Мұндай төлеу өнімді бөлу туралы тиісті келісімде (келісімшартта) және (немесе) осы Кодекстің 722-бабында көрсетілген Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта көзделген валютада жүзеге асырылады.
Заттай нысандағы салықтық міндеттеменің күнтізбелік жыл үшін мөлшері Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған, міндеттемені заттай нысанда орындау тәртібіне сәйкес айқындалады.
9. Төлеу (аудару) кезінде төлем құжаттарында мемлекет атынан алушының атауы мен сәйкестендіру нөмірі де көрсетіледі.
10. Мерзімінде орындалмаған салықтық міндеттеме мерзімінде орындалмаған салықтық міндеттеме бойынша пайдалы қазбалардың физикалық көлемінің ақшалай мәнге аударылғандағы мөлшерінде айқындалады.
11. Мерзімінде орындалмаған салықтық міндеттеме бойынша пайдалы қазбалардың физикалық көлемі жер қойнауын пайдаланушы үшін салықтық кезең үшін берілуге жататын пайдалы қазбалардың физикалық көлемі мен салықтық кезең үшін іс жүзінде берілген пайдалы қазбалардың физикалық көлемі арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Пайдалы қазбалардың физикалық көлемі осы Кодекстің 722-бабында көзделген, өнімді бөлу туралы келісімдерге (келісімшарттарға), Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартқа сәйкес айқындалған шартты бағалар қолданыла отырып, ақшалай мәнге аударылады.
Осы Кодекстің 722-бабында көзделген, өнімді бөлу туралы келісімдерде (келісімшарттарда), Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта шартты бағаларды айқындау тәртібі болмаған жағдайда мұндай шартты бағалар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған міндеттемені заттай нысанда орындау тәртібіне сәйкес айқындалады.
12. Күнтізбелік жыл бойынша мерзімінде орындалмаған салықтық міндеттеме бойынша пайдалы қазбалардың физикалық көлемі мемлекет атынан алушы үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған міндеттемені заттай нысанда орындау тәртібіне сәйкес есептелетін салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда алынған пайдалы қазбалардың есепті күнтізбелік жыл үшін өткізуге жататын физикалық көлемі мен есепті күнтізбелік жылда іс жүзінде өткізілген пайдалы қазбалардың физикалық көлемі арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Күнтізбелік жыл бойынша мерзімінде орындалмаған салықтық міндеттеме бойынша пайдалы қазбалардың физикалық көлемі мемлекет атынан алушы үшін есепті күнтізбелік жыл үшін орташа өлшемді нақты баға, бірақ осы баптың 11-тармағында көзделген орташа өлшемді шартты бағадан төмен емес баға қолданыла отырып, ақшалай мәнге аударылады.
773-бап. Пайдалы қазбаларды өндіру салығын, көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығын заттай нысанда төлеу тәртiбi
1. Осы Кодекстің 715-бабының 2-тармағында және 737-бабының 2-тармағында белгіленген жағдайларда салық төлеуші пайдалы қазбаларды өндіру салығын, көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығын төлеу есебіне пайдалы қазбаларды заттай нысанда Қазақстан Республикасына беруді жүргізуге міндетті.
2. Осы Кодексте белгіленген пайдалы қазбаларды өндіру салығын және көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығын төлеудің ақшалай нысанын ауыстыру уақытша, толық немесе iшiнара жүргізілуі мүмкін.
3. Заттай нысанда төленетін, осы Кодексте белгіленген пайдалы қазбаларды өндіру салығының және көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығының мөлшері осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мөлшерлерде ақшалай мәнде есептелген осы салықтар мен төлемдердің сомасына барабар болуға тиіс.
Жер қойнауын пайдаланушы салықтық міндеттемені орындау есебіне заттай нысанда беретін пайдалы қазбалардың көлемін айқындау, оны ақшалай мәнде есептеу, сондай-ақ мұндай пайдалы қазбаларды өткізу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған міндеттемені заттай нысанда орындау тәртібімен жүзеге асырылады.
4. Салық төлеушінің осы Кодексте белгіленген пайдалы қазбаларды өндіру салығын және көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығын заттай нысанда төлеуі көзделетін қосымша келісім жасасқан кезде, онда:
1) салық төлеуші пайдалы қазбаларды өндіру салығы, көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығы түрінде Қазақстан Республикасына заттай нысанда беретін пайдалы қазбалардың көлемдерін мемлекет атынан алушы;
2) салық төлеуші пайдалы қазбаларды өндіру салығы, көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығы түрінде Қазақстан Республикасына заттай нысанда беретін пайдалы қазбалардың көлемдерін беру пункті, шарттары мен мерзімдері міндетті түрде көрсетіледі.
5. Осы Кодексте белгіленген пайдалы қазбаларды өндіру салығын және көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығын төлеу есебіне заттай нысанда берілетін пайдалы қазбаларды салық төлеушінің беру мерзімдері көрсетілген салықтар мен төлемдерді бюджетке ақшалай нысанда төлеудің осы Кодексте белгіленген мерзімдеріне сәйкес келуге тиіс.
6. Мемлекет атынан алушы пайдалы қазбаларды өндіру салығының, көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығының тиесілі сомасын көрсетілген салықтар мен төлемдерді төлеудің осы Кодексте белгіленген мерзімдерінде ақшалай нысанда бюджетке аударады.
7. Мемлекет атынан алушы салық төлеушінің пайдалы қазбалардың тиiстi көлемін өзіне уақтылы әрі толық беруiн бақылауды дербес жүзеге асырады.
Салық төлеуші Қазақстан Республикасына заттай нысанда беретін, осы Кодексте белгіленген пайдалы қазбаларды өндіру салығының және көмірсутектер бойынша экспортқа рента салығының бюджетке толық әрі уақтылы аударылуы үшін салық төлеуші пайдалы қазбалардың тиісті көлемдерін іс жүзінде тиеп жөнелткен күннен бастап мемлекет атынан алушы жауаптылықта болады.
8. Салық төлеуші және мемлекет атынан алушы тұрған жеріндегі салық органдарына осы Кодексте белгіленген пайдалы қазбаларды өндіру салығының және шикі мұнай, газ конденсаты бойынша экспортқа рента салығының мөлшерлері және оларды заттай нысанда төлеу (беру) мерзімдері туралы есептілікті осы Кодексте белгіленген мерзімдерде және уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша ұсынады.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2017 жылғы 25 желтоқсан
№ 120-VI ҚРЗ