2. Өнеркәсіптік-инновациялық қызметті мемлекеттік ынталандыруды жүзеге асыратын ұлттық даму институттарының және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергілікті атқарушы органдарының инвестициялық қызметінің нәтижелері барлық өнеркәсіптік-инновациялық жобалар бөлінісінде инвестициялық кіріс негізінде айқындалады.
3. Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерін ынталандыру саласындағы ұлттық даму институты өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерінің жарғылық капиталдарына инвестицияларды:
1) өнеркәсіптік-инновациялық жобалар капиталды көп қажет еткен және (немесе) олардың өзін-өзі ақтау мерзімдері ұзақ және (немесе) рентабельділігі төмен болған;
2) экономиканың басым секторларындағы өнеркәсіптік-инновациялық жобалар әлеуметтік маңызды болған жағдайларда жүзеге асыра алады.
35-бап. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету
1. Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мыналар үшін жүзеге асырылады:
1) бәсекеге қабілетті жаңа өндірістерді құру;
2) жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғырту (техникалық қайта жарақтандыру) және кеңейту.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген бағыттарға сәйкес келетін өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды іске асыратын өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салуға (реконструкциялауға) бюджет қаражатын бөлу арқылы жүзеге асырылады.
3. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салуға (реконструкциялауға) бюджет қаражатын бөлу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
36-баптың қолданысы 2023 ж. 29 маусымға дейін тоқтатылды, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бап 68-баптың 2) тармақшасының редакциясында қолданылды
36-бап. Жер учаскелерін беру
Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне жер учаскелерін беру Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес уақытша жер пайдалану құқығымен жер учаскелерін бөлу арқылы жүзеге асырылады.
37-бап. Ішкі нарықта ынталандыру
1. Отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілетуге бағытталған өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган елішілік құндылықты дамыту саласындағы ұлттық даму институтын тарта отырып, отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілетуге бағытталған өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын көрсету қағидаларына сәйкес жүзеге асырады.
2. Елішілік құндылықты дамыту саласындағы ұлттық даму институты өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган мен елішілік құндылықты дамыту саласындағы ұлттық даму институты арасында жасалатын шарт негізінде отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілетуге бағытталған өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын көрсетуге бөлінген қаражатты басқаруды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының резиденті екінші деңгейдегі банкте ағымдағы шот ашады.
Қаржы жылының соңына есепте болатын ағымдағы шоттағы қаражат қалдықтары өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті органға және тиісінше мемлекеттік бюджетке қайтарылуға жатпайды, келесі қаржы жылында отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілетуге бағытталған өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын көрсетуге жұмсалады.
38-бап. Өңдеу өнеркәсібінің отандық тауарлары мен көрсетілетін қызметтерінің экспортын дамыту және ілгерілету, оларды өткізуге жәрдем көрсету
1. Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсынуды сыртқы сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган шикізаттық емес экспортты ілгерілету жөніндегі бірыңғай операторды тарта отырып, мыналар арқылы жүзеге асырады:
1) қабылданған халықаралық міндеттемелер шеңберінде өңдеу өнеркәсібінің отандық тауарлары мен көрсетілетін қызметтерін, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық көрсетілетін қызметтерді сыртқы нарықтарға ілгерілету бойынша өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу қағидаларына сәйкес өңдеу өнеркәсібінің отандық тауарлары мен көрсетілетін қызметтерін сыртқы нарықтарға ілгерілету бойынша өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу;
2) шикізаттық емес экспортты ілгерілету жөніндегі бірыңғай оператор тарапынан сақтандырылуға жататын өңдеу өнеркәсібінің отандық жоғары технологиялық тауарлары мен көрсетілетін қызметтерін шетелдік сатып алушыларға екінші деңгейдегі банктердің, Қазақстанның Даму Банкінің, лизингтік қызметті жүзеге асыратын өзге де заңды тұлғалардың берілетін кредиттер және жасалатын лизингтік мәмілелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауы;
3) экспорттық саудалық қаржыландыру, шикізаттық емес экспортты ілгерілету жөніндегі мәмілелерді кредиттеу және сақтандыру, қайта сақтандыру және кепілдік беру тетіктерін пайдалану.
2. Өңдеу өнеркәсібінің отандық жоғары технологиялық тауарлары мен көрсетілетін қызметтерін шетелдік сатып алушыларға екінші деңгейдегі банктердің, Қазақстанның Даму Банкінің, лизингтік қызметті жүзеге асыратын өзге де заңды тұлғалардың берілетін кредиттер және жасалатын лизингтік мәмілелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын қаржы агенті жүзеге асырады.
39-бап. Еңбек өнімділігін арттыруды ынталандыру
1. Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерінің еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсынуды өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган өнеркәсіпті дамыту саласындағы ұлттық даму институтын тарта отырып жүзеге асырады.
2. Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерінің еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну мынадай шығындар бойынша жүзеге асырылады:
1) жұмыскерлердің құзыретін арттыру;
2) цифрлық технологияларды ендіру;
3) технологиялық процестерді жетілдіру;
4) өндірісті ұйымдастыру тиімділігін арттыру.
3. Өнеркәсіпті дамыту саласындағы ұлттық даму институты өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган мен өнеркәсіпті дамыту саласындағы ұлттық даму институты арасында жасалатын шарт негізінде өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерінің еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсынуға бөлінген қаражатты басқаруды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының резиденті екінші деңгейдегі банкте ағымдағы шот ашады.
40-бап. Аумақтық кластерлерді дамытуды ынталандыру
1. Аумақтық кластерлерді дамытуда өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсынуды өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган өнеркәсіпті дамыту саласындағы ұлттық даму институтын тарта отырып жүзеге асырады.
Аумақтық кластерлерді мемлекеттік ынталандыру аумақтық кластерлерді конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша және (немесе) аумақтық кластерлердің тізіліміне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Аумақтық кластерлерді дамытуда өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну кластерлік ұйымның жұмыс істеуін қолдау үшін және аумақтық кластерлердің жобаларын іске асыруға шығындарды өтеу және (немесе) шығындарды қаржыландыру және (немесе) қоса қаржыландыру және аумақтық кластерлерді дамытуда өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандырудың өзге де шаралары арқылы жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, аумақтық кластердің дамуын әдістемелік, ұйымдастырушылық, сараптамалық-талдамалық және ақпараттық қолдап отыруды жүзеге асыратын кластерлік ұйым аумақтық кластерді дамыту жөніндегі жұмыс жоспарын әзірлеу және іске асыруды қолдап отыру, аумақтық кластерге қатысушылар, сондай-ақ білім және ғылым мекемелерін, қаржы ұйымдарын және мемлекет қатысатын заңды тұлғаларды, даму институттарын және мемлекеттік органдарды қоса алғанда, мүдделі ұйымдар арасында өзара іс-қимылды ұйымдастыру жөніндегі қызметті қамтамасыз етеді.
3. Өнеркәсіпті дамыту саласындағы ұлттық даму институты өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган мен өнеркәсіпті дамыту саласындағы ұлттық даму институты арасында жасалатын шарт негізінде аумақтық кластерлерді дамытуда өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсынуға бөлінген қаражатты басқаруды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының резиденті екінші деңгейдегі банкте ағымдағы шот ашады.
41-бап. Берешекті қайта құрылымдау
1. Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілері өнеркәсіптік-инновациялық жобаны іске асыру мақсатында үшінші тұлғалардан қосымша қаржыландыруды тартқан және (немесе) меншікті жылжымалы және (немесе) жылжымайтын мүлкі, оның ішінде ақшасы түріндегі тиісінше қамтамасыз етуді ұсынған жағдайда берешекті қайта құрылымдау оларды қаржылық-экономикалық сауықтыру, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған және (немесе) тоқтап тұрған өндірістердің инвестициялық тартымдылығын жақсарту және (немесе) қалпына келтіру, өндірістерді іске қосу үшін пайдаланылатын құралдардың спектрін кеңейту мақсатында жүзеге асырылады.
2. Берешекті қайта құрылымдау төлемдер кестесін өзгерту, құқықтарды (талаптарды) толық немесе ішінара тоқтату, тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлдарды), сыйақыны, оның ішінде негізгі борышқа капиталдандырылған сыйақыны, инвестициялық өсімді, негізгі борышты және өзге де дебиторлық берешекті кешіру, инвестициялау және (немесе) кредит беру, және (немесе) қаржыландыру мерзімдері мен шарттарын өзгерту, берешекті жарғылық капиталдарға айырбастау және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де тәсілдер арқылы мүмкін болады.
42-бап. Өнеркәсіптік гранттар беру
1. Өнеркәсіптік грант деп өңдеу өнеркәсібінің өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне олардың өнеркәсіптік-инновациялық жобаларын іске асыру үшін өтеусіз негізде берілетін және қарсы міндеттемелер орындалған жағдайда қайтарымсыз болып табылатын бюджет қаражаты түсініледі. Өнеркәсіптік гранттар беруді өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган өнеркәсіпті дамыту саласындағы ұлттық даму институтын тарта отырып жүзеге асырады.
2. Өнеркәсіптік гранттар өңдеу өнеркәсібінің жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне басым тауарлар тізбесіне енгізілген бәсекеге қабілетті өнім жасауға бағытталған өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды іске асыру үшін қарсы міндеттемелердің шарттарымен қоса қаржыландыру арқылы беріледі.
3. Өнеркәсіптік гранттар беру кезінде алынған өтінімдерге өнеркәсіптік гранттар беру қағидаларына сәйкес сараптама жүргізіледі.
Өнеркәсіптік гранттар беру өлшемшарттары өнеркәсіптік гранттар беру қағидаларында белгіленеді.
4. Өнеркәсіпті дамыту саласындағы ұлттық даму институты гранттар берілген өнеркәсіптік-инновациялық жобалар бойынша жоспарланған мақсаттарға қол жеткізуді талдау мақсатында берілген өнеркәсіптік гранттардың мониторингін жүзеге асырады.
5. Өнеркәсіпті дамыту саласындағы ұлттық даму институты өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган мен өнеркәсіпті дамыту саласындағы ұлттық даму институты арасында жасалатын шарт негізінде өнеркәсіптік гранттар беруге бөлінген қаражатты басқаруды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының резиденті екінші деңгейдегі банкте ағымдағы шот ашады.
Қаржы жылының соңына есепте болатын ағымдағы шоттағы қаражат қалдықтары өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті органға және тиісінше мемлекеттік бюджетке қайтарылуға жатпайды, келесі қаржы жылында өнеркәсіптік гранттар беруге жұмсалады.
3-тарау. ӨТКІЗУ НАРЫҚТАРЫНА ІЛГЕРІЛЕТУ
43-бап. Өңдеу өнеркәсібінің отандық кәсіпорындарын сыртқы нарықтарға ілгерілету
1. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен шет елдердегі мекемелер өз құзыреті шегінде өнеркәсіп саласындағы қызмет субъектілерінің құқықтары мен мүдделерін шетелде қорғауды жүзеге асырады, оның ішінде сыртқы сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органға өңдеу өнеркәсібінің отандық тауарлары мен көрсетілетін қызметтерін сыртқы нарықтарға ілгерілетуге жәрдем көрсетеді.
2022.30.12. № 177-VІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2022 ж. 8 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Өңдеу өнеркәсібінің отандық тауарлары мен көрсетілетін қызметтерін сыртқы нарықтарға ілгерілету бойынша өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерін сервистік қолдауды сыртқы сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган шикізаттық емес экспортты ілгерілету жөніндегі бірыңғай операторды тарта отырып, мыналар арқылы жүзеге асырады:
1) олардың экспорттық әлеуетін диагностикалау;
2) сауда миссияларын ұйымдастыру және өткізу, көрме-жәрмеңке қызметін жүзеге асыру, отандық өндірушілердің тауар белгілерін шетелде ілгерілету және қазақстандық өндірушілердің шетелде ұлттық стендтерін ұйымдастыру;
3) отандық өндірушілер және олардың тауарлары, көрсетілетін қызметтері туралы ақпаратты шетелде тұрақты негізде орналастыру арқылы әлеуетті шетелдік сатып алушылардың хабардар болуын арттыру;
4) өңдеу өнеркәсібінің отандық тауарлары мен көрсетілетін қызметтерінің экспортын дамыту және ілгерілету мәселелері бойынша ақпараттық және талдамалық қолдау көрсету;
5) өңдеу өнеркәсібінің отандық тауарлары мен көрсетілетін қызметтерін гуманитарлық көмектің халықаралық нарығына ілгерілетуге жәрдемдесу;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де шаралар.
44-бап. Қосылған құнның жаһандық тізбектеріне кіру
1. Қосылған құнның жаһандық тізбектеріне кіру трансұлттық корпорациялармен, инвесторлармен және олардың өнім берушілерімен ынтымақтастық жасау жолымен, сондай-ақ қосылған құны жоғары тауарларды сыртқы нарықтарға ілгерілету арқылы жүзеге асырылады.
2. Сыртқы сауда қызметін реттеу, өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру, инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы және инвестициялық саясатты іске асыру жөніндегі уәкілетті органдар өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілеріне қосылған құнның жаһандық тізбектеріне кіру бойынша, оның ішінде тауарлардың жаңа түрлерін өндіруге арналған техникалық құжаттаманы және нақты тауарлар бойынша көш бастап тұрған жетекші әлемдік өндірушілердің әлемдік өндірістік франшизаларын қолдану арқылы жәрдем көрсетеді.
45-бап. Өнеркәсіп саласындағы қызмет субъектілерінің өзара іс-қимылына жәрдемдесу
Мемлекет өнеркәсіп саласындағы қызмет субъектілерінің өзара іс-қимылына мынадай нысанда жәрдем көрсетеді:
1) өнеркәсіпті дамыту жөніндегі проблемаларды зерделеу және ұсыныстар әзірлеу бойынша өнеркәсіпті дамыту институттарын дамытуды білдіретін институционалдық қолдау;
2) өнеркәсіп саласындағы қызмет субъектілерін ақпараттық-талдамалық, оқу-әдіснамалық, ғылыми-әдістемелік қолдауды білдіретін ақпараттық қолдау.
Өнеркәсіп саласындағы қызмет субъектілерінің өзара іс-қимылына мемлекеттік жәрдемдесу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де қолдау түрлерін көздейді.
46-бап. Өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттар
1. Өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттар осы Заңға сәйкес мыналар арқылы жасалады:
1) өндірісін өнім беруші ұйымдастыратын және өндірісі бұрын болмаған өңдеу өнеркәсібінің тауарларын, оның ішінде жүзеге асырылатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер шеңберінде сатып алынатын тауарларын ұзақ мерзімді кепілдендірілген сатып алуды көздейтін офтейк-келісімшарттар;
2) өңдеу өнеркәсібінің тауарларын, оның ішінде жүзеге асырылатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер шеңберінде сатып алынатын тауарларын сатып алудан бөлек, осы Заңның 49-бабына сәйкес сатып алу талаптарында көзделген, шарт сомасынан қаражаттың бір бөлігін Қазақстан Республикасының экономикасына инвестициялау бойынша елеулі талаптарды көздейтін келісімшарттық сатып алу шарттары.
Өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттарды жоспарлау және жасасу, сондай-ақ олардың орындалуын мониторингтеу қағидаларында үлгілік талаптар көзделеді.
2. Кең таралған пайдалы қазбаларды қоспағанда, пайдалы қазбаларды өндірумен айналысатын жер қойнауын пайдаланушылар, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей немесе жанама түрде ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға тиесілі ұйымдар, сондай-ақ жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілген, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей немесе жанама түрде ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компанияларға тиесілі заңды тұлғаларды қоспағанда, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттар бойынша тапсырыс берушілер болып табылады.
Осы баптың ережелері Ұлттық әл-ауқат қорына және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы меншік немесе сенімгерлік басқару құқығымен тікелей немесе жанама түрде Ұлттық әл-ауқат қорына тиесілі заңды тұлғаларға қолданылмайды.
47-бап. Өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттарды жоспарлау және жасасу тәртібі
1. Өнеркәсіпті дамыту саласындағы ұлттық даму институты, көмірсутектер, пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органдар жыл сайын 20 мамырға дейінгі мерзімде осы Заңның 46-бабының 2-тармағында көзделген ұйымдардың жоспарларына және сатып алынған тауарлары, жұмыстары мен көрсетілетін қызметтері туралы есептеріне сәйкес тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудағы қажеттіліктерді талдайды және өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті органға ақпарат жібереді.
2. Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган осы баптың 1-тармағына сәйкес берілген ақпарат негізінде жыл сайын 30 мамырға дейінгі мерзімде ұлттық экономиканың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін қажетті өңдеу өнеркәсібі тауарларының, оның ішінде жүзеге асырылатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер шеңберінде сатып алынатын тауарларының тізбесін (бұдан әрі - тауарлардың тізбесі) осы Заңның 46-бабының 1-тармағында көзделген шарттардың түрлері бөлінісінде қалыптастырады және (немесе) жаңартып отырады және оны көмірсутектер, пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органдарға жібереді.
3. Көмірсутектер, пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органдар тапсырыс берушілермен тауарлардың тізбесін келіседі және келісілген ұсыныстарды өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті органға жыл сайын 1 шілдеге дейінгі мерзімде жібереді.
Келісілген ұсыныстар техникалық ерекшеліктерді қоса бере отырып, тапсырыс берушілердің атауы, өңдеу өнеркәсібі тауарларының атауы және олардың көлемі, шарттар қолданылатын болжамды мерзімдер туралы ақпаратты және өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттарды жоспарлау және жасасу, сондай-ақ олардың орындалуын мониторингтеу қағидаларында көзделген өзге де ақпаратты қамтуға тиіс.
4. Өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган жыл сайын 1 тамызға дейінгі мерзімде тауарлардың тізбесін бекітеді және әлеуетті өнім берушілерге ақпарат беру үшін оны тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтер мен оларды берушілердің дерекқорында орналастырады.
5. Тапсырыс берушілер өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттарды жоспарлау және жасасу, сондай-ақ олардың орындалуын мониторингтеу қағидаларына сәйкес тауарлардың бекітілген тізбесі негізінде офтейк-келісімшарттар мен келісімшарттық сатып алу шарттарын жасасады.
48-бап. Офтейк-келісімшарттар
1. Офтейк-келісімшарттар бойынша өнім беруші тиісті тауардың өндірісін, оның ішінде шартқа сәйкес тапсырыс берушіден алынған қаражат есебінен ұйымдастыруға міндеттенеді.
Жасалған офтейк-келісімшарттар қаржы ұйымдарында, оның ішінде екінші деңгейдегі банктерде және Қазақстанның Даму Банкінде кепіл нысанасы ретінде пайдаланылуы мүмкін.
2. Жасалған офтейк-келісімшартқа сатып алу көлемін азайту және тауардың бағасын төмендету бойынша біржақты тәртіппен өзгерістер енгізуге жол берілмейді.
Ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарт бойынша тапсырыс беруші өнім беруші осындай шартта белгіленген міндеттемелерді тиісінше орындаған жағдайда, осындай шартта көзделген көлемдерде тауарларды қабылдауды және олардың ақысын:
шарт қолданылатын бірінші жылда - жүз пайыз мөлшерінде;
шарт қолданылатын екінші және одан кейінгі жылдарда кемінде елу пайыз мөлшерінде төлеуді қамтамасыз етуге міндетті.
Осы тармақтың екінші бөлігінде белгіленген міндеттемелер тиісті күнтізбелік жылға арналған шартта көзделген тауарды беру көлемін негізге ала отырып есептеледі.
3. Офтейк-келісімшарттың қолданылу мерзімі шартта айқындалады.
4. Тапсырыс берушінің өндірілген тауардың ескерілген көлемін сатып алудан өнім берушінің кінәсі болмай бас тартуы мөлшері өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттарды жоспарлау және жасасу, сондай-ақ олардың орындалуын мониторингтеу қағидаларына сәйкес айқындалатын тұрақсыздық айыбын көздейді.
5. Офтейк-келісімшарттарда тауарлардың егжей-тегжейлі техникалық сипаттамалары, физикалық және (немесе) химиялық қасиеттері, жиынтықталуы, шарт қолданылатын бүкіл мерзімге беру көлемдері, тауарды бірмәнді сәйкестендіруге мүмкіндік беретін басқа да ақпарат көрсетіле отырып, олардың нақты атаулары, сондай-ақ елішілік құндылықтың ең төмен деңгейі бойынша талаптар, елішілік құндылықтың көрсеткішін арттыру бағдарламасын әзірлеу жөніндегі міндеттемелер көрсетіледі.
49-бап. Келісімшарттық сатып алу шарттары
1. Келісімшарттық сатып алу тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу сомасы жылына тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің бес жүз мың еселенген мөлшерінен асқан жағдайда офсеттік саясат қағидаттарымен жүзеге асырылады.
2. Келісімшарттық сатып алуға сәйкес өнім беруші тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді беруден бөлек, шартта көзделетін қосымша талаптарды, оның ішінде бірлескен өндірісті құру арқылы орындауға міндеттенеді, олар мыналар сияқты сатып алынатын өнімнің түріне байланысты болады:
1) тікелей инвестициялар (оның ішінде өнім берушіге тікелей байланысты емес инвестициялық жобаларға салымдар);
2) ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға инвестициялар;
3) өндірістерді құру;
4) мамандандырылған оқу орталықтарын салу, Қазақстан Республикасы үшін әртүрлі бағыттағы мамандарды даярлау және қайта даярлау бағдарламаларын іске асыру;
5) сатып алынатын тауарға қызмет көрсету жөніндегі инфрақұрылымды дамыту;
6) елге технологиялар трансфертін қамтамасыз ететін техникалық құжаттаманы, лицензияларды және өзге де құжаттарды беру;
7) өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттарды жоспарлау және жасасу, сондай-ақ олардың орындалуын мониторингтеу қағидаларына сәйкес өзге де талаптар.
Жоғарыда көрсетілген талаптар жеке-жеке де, үйлесімде де қолданылуы мүмкін, ақшалай мәнде шарт сомасының кемінде бес пайызын құрауға тиіс.
3. Өнім берушінің осы баптың 2-тармағында көзделген өз міндеттемелерін орындамауы шартқа сәйкес тұрақсыздық айыбын өндіріп алуға және басқа да құқықтық салдарға алып келеді.
50-бап. Өнеркәсіптік өнімнің реттелетін сатып алуы
1. Өнеркәсіптік өнімнің сатып алуын реттеу Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу, жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану, ақпараттандыру туралы заңнамасына және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Өнеркәсіптік өнімнің реттелетін сатып алуы Қазақстан Республикасы ұлттық стандарттарының талаптары ескеріле отырып жүзеге асырылуға тиіс.
51-бап. Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтер мен оларды берушілердің дерекқоры
1. Ұлттық экономиканың өзіне жеткіліктілігін қамтамасыз ету мақсатында өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган елішілік құндылықты дамыту саласындағы ұлттық даму институтын тарта отырып, тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтер мен оларды берушілердің дерекқорын қалыптастырады және жүргізеді.
2. Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтер мен оларды берушілердің дерекқоры өнеркәсіптік өнімді сатып алуда пайдалану үшін қазақстандық болып табылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өндірушілер мен берушілердің тізбесін көздейді.