5. Жұмыскерлердің, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғалардың осы Заңның 29-бабына сәйкес есептелген кірістері олардың жарналарын есептеу объектісі болып табылады.
Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұрған жекеше нотариустарды, жеке сот орындаушыларын, адвокаттарды, кәсіби медиаторларды және Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұрған немесе әрекетсіз деп танылған дара кәсіпкерлерді қоспағанда, республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген жалақының екі еселенген ең төмен мөлшері дара кәсіпкерлердің, жекеше нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың жарналарын есептеу объектісі болып табылады.
6. Республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген жалақының ең төмен мөлшері Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кеткен азаматтардың, сондай-ақ өзге де төлеушілердің, оның ішінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұрған жекеше нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың және Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұрған немесе әрекетсіз деп танылған дара кәсіпкерлердің жарналарын есептеу объектісі болып табылады.
7. Қорға жарналар төлеуден мыналар:
1) жұмысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер алушыларды қоспағанда, осы Заңның 26-бабының 1-тармағында көрсетілген адамдар;
2) әскери қызметшілер;
3) арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері;
4) құқық қорғау органдарының қызметкерлері босатылады.
2017.30.06. № 80-VІ ҚР Заңымен 29-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
29-бап. Аударымдарды және (немесе) жарналарды есептеу үшін қабылданатын кірістер
1. Осы баптың 4-тармағында белгіленген кірістерді қоспағанда, жұмыс берушілер есепке жазған кірістер жұмыскерлердің аударымдар мен жарналарды есептеу үшін қабылданатын кірістері болып табылады.
Кәсіби қызметін жүзеге асырумен байланысты шет мемлекеттің аумағында болуы кезеңінде осы баптың 4-тармағында белгіленген кірістерді қоспағанда, жұмыс беруші Қазақстан Республикасының аумағында ұлттық валютада есепке жазған кірістер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының шетелдік мекемесіне жұмысқа жіберілген дипломатиялық қызмет персоналының кірістері болып табылады.
2. Осы баптың 4-тармағында белгіленген кірістерді қоспағанда, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша барлық есепке жазылған кірістер аталған шарттар бойынша жеке тұлғаның кірістері болып табылады.
3. Аударымдарды есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы объект республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген жалақының он бес еселенген ең төмен мөлшерінен аспауға тиіс.
Жарналарды есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы кіріс жеке тұлғаның кірістерінің барлық түрінің сомасы бойынша есептелуге тиіс және республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген жалақының он бес еселенген ең төмен мөлшерінен аспауға тиіс.
Республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген жалақының он бес еселенген ең төмен мөлшеріне тең, жұмыскердің кіріс сомасынан жарналарды төлеу кезінде жеке тұлғаның басқа табысынан жарналар төлеу осындай жарналар төлеуді растайтын құжаттар болған кезде талап етілмейді.
Салық органы берген, алынған кірістердің, есептелген және төленген жарналардың сомалары туралы анықтама осындай құжат болып табылады.
Егер күнтізбелік ай үшін аударымдарды және (немесе) жарналарды есептеу объектісі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын жалақының ең төмен мөлшерінен аз болған жағдайда, осы Заңның 28-бабы 5-тармағының екінші бөлігінде белгіленген жағдайды қоспағанда, аударымдар және (немесе) жарналар жалақының ең төмен мөлшері негізге алына отырып есептеледі және аударылады.
4. Қорға аударымдар және (немесе) жарналар мынадай төлемдер мен кірістерден ұсталмайды:
1) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 155-бабының 3-тармағында көрсетілген кірістер;
2) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 156-бабы 1-тармағының 8-2), 10), 12), 13), 13-2) тармақшаларында белгіленген кірістерді қоспағанда, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 156-бабының 1-тармағында белгіленген кірістер;
3) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 200-1-бабы 1-тармағының 13) тармақшасында белгіленген кірістер;
4) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 357-бабының 2-тармағы екінші бөлігінің 1), 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген кірістер.
6-тарау. АУДАРЫМДАРДЫ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ЖАРНАЛАРДЫ ЕСЕПТЕУ (ҰСТАП ҚАЛУ) ЖӘНЕ АУДАРУ
30-бап. Аударымдарды және (немесе) жарналарды есептеу (ұстап қалу) және аудару
1. Жұмыскерлердің аударымдарын және (немесе) жарналарын есептеуді (ұстап қалуды ) және аударуды жұмыс беруші ай сайын жүзеге асырады.
2. Азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғалардың жарналарын есептеуді (ұстап қалуды) және аударуды осындай шарттар жасасқан салық агенттері ай сайын жүзеге асырады.
2017.30.06. № 80-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Дара кәсіпкерлердің, жекеше нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың ай сайынғы жарналарын есептеу және төлеу Мемлекеттік корпорацияның қордың шотына кейіннен аударуы үшін банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы жүзеге асырылады.
2017.30.06. № 80-VІ ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кеткен азаматтардың, сондай-ақ өзге де төлеушілердің жарналарын қорға төлеу Мемлекеттік корпорацияның қордың шотына кейіннен аударуы үшін банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы жүргізіледі.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдар қорға алдағы кезеңге жарналар төлеуді жүзеге асыруға құқылы.
2017.30.06. № 80-VІ ҚР Заңымен 3-2-тармақпен толықтырылды
3-2. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының шетелдік мекемесіне жұмысқа жіберілген, Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі персоналымен бірге жүретін жұбайының (бірге жүретін зайыбының) жарналарын төлеу олардың өтініші бойынша Мемлекеттік корпорация арқылы қордың шотына кейіннен аудару үшін дипломатиялық қызмет персоналының жалақысынан ұлттық валютада ұстап қалу жолымен жүргізілуі мүмкін.
4. Резидент заңды тұлғаның шешімі бойынша оның филиалдары мен өкілдіктері аударымдарды және (немесе) жарналарды төлеушілер ретінде қарастырылуы мүмкін.
5. Аударымдар және (немесе) жарналар Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында төленеді.
2017.30.06. № 80-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Есепке жазылған (ұстап қалған) аударымдарды және (немесе) жарналарды қордың шотына Мемлекеттік корпорацияның кейіннен аударуы үшін банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы:
1) дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар (осы тармақтың 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген тұлғалардан басқа), жекеше нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар мен кәсіби медиаторлар - кіріс төленген айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей;
2) дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар (осы тармақтың 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген тұлғалардан басқа), жекеше нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар мен кәсіби медиаторлар өз пайдасына - есепті айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей;
3) арнаулы салық режимін қолданатын шаруа немесе фермер қожалықтары - Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген тәртіппен және мерзімдерде;
4) оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын шағын бизнес субъектілері - Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген мерзімде;
2017.30.06. № 80-VІ ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) патент негізінде арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер - Қазақстан Республикасының салық заңнамасында патент құнын төлеу үшін көзделген мерзімде;
2017.30.06. № 80-VІ ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды
6) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кеткен азаматтар, сондай-ақ өзге де төлеушілер - есепті айдан кейінгі айдың 25-інен кешіктірмей аударады.
7. Банктен немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымнан аударымдардың және (немесе) жарналардың сомасына төлем тапсырмасының акцептін алған күн - қолма-қол ақшасыз нысанда жүзеге асырылатын аударымдарды және (немесе) жарналарды төлеу күні, төлеушінің аударымдарды және (немесе) жарналарды банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға енгізген күні қолма-қол ақша нысанында жүзеге асырылатын аударымдарды және (немесе) жарналарды төлеу күні болып есептеледі.
2017.30.06. № 80-VІ ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Осы Заңның 14-бабы 2-тармағының 1), 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген төлеушілердің жарналарды төлеуін қоспағанда, аударымдарды және (немесе) жарналарды және (немесе) осы Заңның 31-бабының 1-тармағына сәйкес есептелген өсімпұлды төлеудің толықтығын және уақтылығын бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік кіріс органдары жүзеге асырады.
31-бап. Төлеушінің аударымдарды және (немесе) жарналарды уақтылы аудармағаны үшін жауаптылығы
1. Аударымдардың және (немесе) жарналардың уақтылы аударылмаған сомаларын мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алады және оларды төлеуші Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген қайта қаржыландырудың 2,5 еселенген ресми мөлшерлемесі мөлшерінде мерзімі өткен әр күн үшін (қорға төлеген күнді қоса алғанда) есептелген өсімпұлмен бірге қордың шотына аударуға тиіс.
2. Аударымдар және (немесе) жарналар толық және (немесе) уақтылы аударылмаған жағдайда, мемлекеттік кіріс органдары жиналып қалған берешек шегіндегі ақшаны төлеушінің банктік шоттарынан өндіріп алуға құқылы.
Аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешекті өндіріп алу уәкілетті орган айқындаған тәртіппен төлеушіге хабарлама жіберіле отырып, мемлекеттік кіріс органының инкассолық өкімі негізінде жүргізіледі.
Егер аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешек республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген бір айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі сомадан аспаса, мұндай хабарлама жіберілмейді.
Төлеуші аударымдар және (немесе) жарналар жүргізілетін жұмыскерлердің тізімін уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде мемлекеттік кіріс органына ұсынуға міндетті.
Төлеушіге қойылатын барлық талаптарды қанағаттандыру үшін банктік шоттарда ақша болмаған немесе жеткіліксіз болған жағдайларда, банк төлеушінің ақшасын Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген кезектілік тәртібімен алып қоюды жүргізеді.
Төлеушінің банктік шоттарында ұлттық валютада ақша болмаған жағдайда, аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешекті өндіріп алу мемлекеттік кіріс органдары ұлттық валютада қойған инкассолық өкімдер негізінде төлеушінің банктік шоттарынан шетел валютасында жүргізіледі.
3. Осы баптың 2-тармағында көзделген хабарлама тапсырылған күннен бастап бес жұмыс күні өткен соң төлеуші аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешегі бар төлеуші жұмыскерлердің тізімін ұсынбаған жағдайда, мемлекеттік кіріс органдары төлеушінің банктік шоттары мен кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрады.
Мемлекеттік кіріс органдарының өкімі бойынша банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, мемлекетті қоспағанда, төлеушілердің банктік шоттарындағы барлық шығыс операцияларын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тоқтата тұруға және аударымдарды және (немесе) жарналарды аударуға қатысты нұсқауларды орындауға міндетті.
Мемлекеттік кіріс органдарының банктік шоттар мен касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімдерінің күшін осындай өкімдерді шығарған мемлекеттік кіріс органы банктік шоттар мен касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрудың себептері жойылған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей жояды.
4. Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар аударымдардың және (немесе) жарналардың сомаларын Мемлекеттік корпорация арқылы қордың шотына осы сомалар төлеушінің банктік шотынан есептен шығарылған күні аударуға міндетті.
5. Төлеушінің банктік шоттары мен кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүзеге асырылады.
6. Осы баптың мақсаты үшін аударымдарды төлеушілер, дара кәсіпкерлер, жекеше нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар төлеуші деп түсініледі.
32-бап. Жүргізілген аударымдар туралы хабарлау
1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, жұмыс беруші болып табылатын төлеуші есепке жазылған аударымдар және (немесе) жарналар жөніндегі мәліметтер көрсетілетін жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық бойынша декларацияны Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мерзімдерде табыс етеді.
2. Декларацияның нысаны және оны жасау тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленеді.
3. Жұмыс берушілер уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес әрбір жұмыскер бойынша есептелген (ұстап қалған) және аударылған аударымдарды және (немесе) жарналарды бастапқы есепке алуды жүргізуге міндетті.
4. Жұмыс беруші аударымдар және (немесе) жарналар төленетін жұмыскерлерге есептелген (ұстап қалған) және аударылған аударымдар және (немесе) жарналар туралы мәліметтерді есепті айдан кейінгі айдың 15-інен кешіктірмей ұсынуға міндетті.
33-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қате төленген аударымдарды және (немесе) жарналарды және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдарды және (немесе) жарналарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлды қайтару
Төлеуші қате төлеген аударымдардың және (немесе) жарналардың және (немесе) аударымдарды және (немесе) жарналарды уақтылы және (немесе) толық төлемегені үшін өсімпұлдың сомалары уәкілетті орган айқындаған тәртіппен қайтарылуға жатады.
7-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ СУБЪЕКТІЛЕРІНЕН МІНДЕТТІ ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ЖҮЙЕСІНДЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ ЖӨНІНДЕГІ КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІ САТЫП АЛУ
34-бап. Денсаулық сақтау субъектілерінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу тәртібі
1. Денсаулық сақтау субъектілерінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алуды қор уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен мынадай:
1) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі кірістерінің медициналық көмек көрсету жөніндегі міндеттемелермен теңгерімділігі;
2) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің аумақтық қолжетімділігін қамтамасыз ету;
3) денсаулық сақтау субъектілерінің теңдігі;
4) адал бәсекелестік;
5) медициналық қызметтер көрсетудің сапасы мен тиімділігі қағидаттарының негізінде жүзеге асырады.
2. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету жөніндегі қызметтерді сатып алу кезінде:
1) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес денсаулық сақтау саласында аккредиттеуден өткен;
2) көрсетілетін қызметтерді сатып алу жүзеге асырылған айдың алдындағы үш жыл бойы Қазақстан Республикасының аумағында үздіксіз тиісті медициналық көмек ұсыну тәжірибесі бар денсаулық сақтау субъектілері басым құқыққа ие болады.
3. Денсаулық сақтау субъектілері, егер:
1) қордың шешім қабылдау құқығы бар лауазымды адамы (не оның жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаттары) олардың құрылтайшысы, қатысушысы не акционері болып табылса;
2) алдыңғы үш жыл ішінде жасалған көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартын қор орындалмауына, уақтылы не тиісінше орындалмауына байланысты біржақты тәртіппен бұзған болса;
3) алдыңғы үш жыл ішінде жасалған көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты денсаулық сақтау субъектісінің бастамасы бойынша біржақты тәртіппен бұзылған болса;
4) денсаулық сақтау субъектілерінің қаржылық-шаруашылық қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрған болса;
5) денсаулық сақтау субъектілері заңды тұлғаның қызметі туралы анық емес деректерді және (немесе) жалған мәліметтерді қамтитын ақпаратты ұсынса, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жіберілмейді.
2017.30.06. № 80-VІ ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды
4. Осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарының талаптары дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медициналық техниканы, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қолданылмайды, оның тәртібі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде айқындалады.
35-бап. Көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға осы Заңға сәйкес денсаулық сақтау субъектісі мен қор арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету жөніндегі қызметтерге жүргізілген сатып алу қорытындылары бойынша жасалған көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартының талаптарымен ұсынылады.
36-бап. Денсаулық сақтау субъектілерінің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету жөніндегі көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу
1. Денсаулық сақтау субъектілерінің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету жөніндегі көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу көрсетілген қызметтер актілерінің негізінде, уәкілетті орган бекіткен тарифтер бойынша және:
2017.30.06. № 80-VІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы мен көлемі жөніндегі шарттық міндеттемелерді мониторингтеу нәтижелері;
2) денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау нәтижелері;
3) азаматтардың осы Заңның 6-бабында көзделген тәртіппен денсаулық сақтау субъектісін таңдау құқығын іске асыруы ескеріле отырып жүзеге асырылады.
2. Денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеу көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартының талаптары негізінде қор активтерінің есебінен жүзеге асырылады.
3. Денсаулық сақтау субъектілері қордан көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартында көзделмеген өз шығыстарын өтеуді талап етуге құқылы емес.
37-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көрсетілетін қызметтер сапасын қамтамасыз ету
1. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көрсетілетін қызметтер сапасы:
1) денсаулық сақтау саласындағы стандарттарды, медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру жөніндегі клиникалық хаттамалар мен алгоритмдерді жетілдірумен;
2) медициналық ұйымдарды аккредиттеумен;
3) медициналық көрсетілетін қызметтер сапасының ішкі сараптамасымен;
4) медицина жұмыскерлеріне қосымша білім берумен;
5) медициналық қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік бақылаумен қамтамасыз етіледі.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасын қамтамасыз ету шаралары «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде белгіленеді.
38-бап. Көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартын бұзу негіздері және тәртібі
1. Денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартының талаптарын орындамауы, уақтылы немесе тиісінше орындамауы қордың біржақты тәртіппен оны бұзуы үшін негіздер болып табылады.
2. Көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартын бұзуға сондай-ақ:
1) денсаулық сақтау субъектілерінің осы Заңның 16-бабы 2-тармағының талаптарын орындамауы;
2) денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартының талаптарын елеулі түрде бұзуы;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында және көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартында көзделген өзге де жағдайлар негіз болып табылады.
3. Көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартын бұзу осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда, шартты бұзу туралы тиісті хабарлама жіберу арқылы жасалады.
4. Көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты осы бапта көзделген негіздер бойынша бұзылған жағдайда, көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарт бойынша міндеттемелердің орындалмаған (тиісінше орындалмаған) көлеміне қайтадан жүргізіледі.
8-тарау. ӨТПЕЛІ ЖӘНЕ ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
39-бап. Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
2017.30.06. № 80-VІ ҚР Заңымен 40-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
40-бап. Өтпелі ережелер
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 31 наурызға дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекке құқық барлық адамдарға, оның ішінде өздері үшін қорға аударымдар және (немесе) жарналар түспеген адамдарға қолданылады деп белгіленсін.
2016.22.12. № 29-VI ҚР Заңымен (2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2017.30.06. № 80-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 41-бап жаңа редакцияда
41-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң:
2018 жылғы 31 наурыздан бастап қолданысқа енгізілетін 5-баптың 1-тармағын;
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 5-баптың 2 - 4-тармақтарын, 6 және 7-баптарын қоспағанда, 2016 жылғы 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Заңның 5-бабы 3-тармағының екінші бөлігі 2018 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады деп белгіленсін.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2015 жылғы қарашаның 16-і.
№ 405-V