34-бап. Банктік қарыз операциясы
1. Банкпен, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйыммен жасалған банк қарызы, лизинг, факторинг, форфейтинг операцияларын жүзеге асыру, вексельдердi есепке алу, кепiлдiктер, кепiлдемелер, аккредитивтер шығару шарттары туралы ақпарат Қазақстан Республикасының кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңнамасында айқындалған шарттарда мемлекет қатысатын кредиттік бюроға міндетті түрде беруге жатады.
2015.17.07. № 333-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 2-тармақ өзгертілді; 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара);
2. Банктік қарыз шартын жасасу тәртібі, оның ішінде банктік қарыз шартының мазмұнына, ресімделуіне, міндетті талаптарына қойылатын талаптар, қарызды өтеу графигінің нысандары және қарыз алушыға-жеке тұлғаға арналған жадынамалар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген талаптар ескеріле отырып, уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен бекітіледі.
2-1. 2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді және олар қолданысқа енгізілген күннен бастап бұрын жасалған шарттардан туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылды) (бұр.ред.қара); 2020.03.07. № 359-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым банктік қарыз шартының талаптарын, қарыз алушы үшін оларды жақсарту талаптарын қоспағанда, біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы емес.
Осы тармақтың мақсаттарында қарыз алушы үшін банктік қарыз шартының талаптарын жақсарту деп:
банктік қарызға қызмет көрсетуге байланысты көрсетілетін қызметтер үшін комиссияларды және өзге де төлемдерді азайту жағына қарай өзгерту немесе толық күшін жою;
тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) азайту жағына қарай өзгерту немесе толық күшін жою;
банктік қарыз шарты бойынша сыйақы мөлшерлемесін азайту жағына қарай өзгерту;
банктік қарыз шарты бойынша төлемдерді кейінге қалдыру және (немесе) ұзарту;
Алтыншы абзацтың күші орындалмаған ақшалай міндеттемелер бойынша бұрын жасалған банктік қарыз шарттарынан туындаған құқықтық қатынастарға қолданылды
қарыздың шетел валютасын Қазақстан Республикасының ұлттық валютасына ауыстырған кезде шетел валютасымен берілген ипотекалық қарыз бойынша ақшалай міндеттемені азайту жағына қарай өзгерту түсініледі.
Банктік қарыз шартында қарыз алушы үшін жақсарту талаптарының қосымша тізбесі көзделуі мүмкін.
Төртінші бөліктің күші орындалмаған ақшалай міндеттемелер бойынша бұрын жасалған банктік қарыз шарттарынан туындаған құқықтық қатынастарға қолданылды
Осы тармақтың екінші бөлігінің алтыншы абзацында көзделген жағдайды қоспағанда, банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым жақсарту талаптарын қолданған жағдайда, қарыз алушы банктік қарыз шартында көзделген тәртіппен банктік қарыз шарты талаптарының өзгергені жөнінде хабардар етіледі.
Қарыз алушы хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде банктік қарыз шартында көзделген тәртіппен банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым қолданған жақсарту талаптарынан бас тартуға құқылы.
Алтыншы бөліктің күші орындалмаған ақшалай міндеттемелер бойынша бұрын жасалған банктік қарыз шарттарынан туындаған құқықтық қатынастарға қолданылды
Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекіткен Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыру мақсатында осы тармақтың екінші бөлігінің алтыншы абзацында көзделген жақсарту талабын қолданған жағдайда, мұндай талап туралы хабарландыру жарияланады. Хабарландыру Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады. Хабарландыру жарияланған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қарыз алушыдан және (немесе) кепіл берушіден жазбаша қарсылықтың болмауы қарыз алушының және (немесе) кепіл берушінің осы тармақтың екінші бөлігінің алтыншы абзацында көзделген жақсарту талабын қолдануға келісуі ретінде қаралады.
3-1. 2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
4. Кез келген валютаның баламасына таңылып, теңгемен берілген банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені және төлемдерді индекстеуге жол берілмейді. Бұл шектеулер банктердің арасында жасалатын шарттарға қолданылмайды.
5. Тізбесін уәкілетті орган белгілейтін оффшорлық аймақтарда тіркелген тұлғаларға банктік қарыздар беруге тыйым салынады.
6-тармақтың қолданысы 2011 ж. 10.02. № № 406-IV ҚР Заңы қолданысқа енгізілген күннен бастап бұрын жасалған шарттардан туындайтын қатынастарға қолданылды
6. Банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның мынадай:
1) банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның жаңа қарыздар беруді жүзеге асырмау құқығы туындайтын, банктік қарыз шартында көзделген;
2) қарыз алушы банктік қарыз шарты бойынша банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның алдындағы өз міндеттемелерін бұзған;
3) уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінің талаптарына сәйкес банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар жүргізетін мониторинг нәтижелері бойынша анықталған қарыз алушының қаржылық жағдайы нашарлаған;
4) банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның банктік қарыз шартын тиісінше орындауына әсер ететін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары өзгерген жағдайларды қоспағанда, жасалған банктік қарыз шартының (шарттарының) шеңберінде жаңа қарыздар беруді біржақты тәртіппен тоқтата тұруға құқығы жоқ.
2019.27.12. № 291-VІ ҚР Заңымен 6-1-тармақпен толықтырылды
6-1-тармақтың күші бұрын жасалған банктік қарыз және микрокредит беру туралы шарттардан туындаған құқықтық қатынастарға қолданылды
6-1. Қарыз алушы - жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз шарты бойынша банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға негізгі борыш және (немесе) сыйақы сомалары бойынша төлемдердің кез келгенін өтеу міндеттемесін орындау мерзімін өткізіп алудың қатарынан күнтізбелік тоқсан күні өткен соң тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлдарды), сондай-ақ қарызды беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдерді есепке жазуға және талап етуге тыйым салынады.
Осы тармақтың талабы банктік қарыз шартына, егер оны жасасу күні негізгі борыш сомасы тіркеуге жататын мүлік кепілімен және (немесе) ақша кепілімен толық қамтамасыз етілген болса, қолданылмайды.
2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен 6-2-тармақпен толықтырылды (2021 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді)
6-2. Жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарыз шартын орындау талаптарын өзгерту немесе жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарызын өтеу мақсатында жаңа қарыз беру кезінде негізгі борыш сомасына капиталдандырылған (жинақтап қосылған) мерзімі өткен сыйақыға, тұрақсыздық айыбына (айып пұлдарға, өсімпұлдарға), қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдерге сыйақыны есепке жазуға жол берілмейді.
7. Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес, тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қарыз алған қарыз алушы - жеке тұлға, қарыз берілген күннен бастап банк есептеген сыйақыларды төлей отырып, банктік қарыз шартын жасасқан күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде қарызды қайтаруға құқылы.
Осы тармақта көзделген жағдайда, қарызды қайтарғаны үшін тұрақсыздық айыбы немесе айыппұл санкцияларының өзге де түрлері алынбайды.
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 7-1-тармақпен толықтырылды (2016 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді және олар қолданысқа енгізілген күннен бастап бұрын жасалған шарттардан туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылды); 2019.27.12. № 291-VІ ҚР Заңымен 7-1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
7-1. Жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шарты бойынша қарыз алушы жүргізген төлем сомасы, егер ол қарыз алушының банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерін орындауы үшін жеткіліксіз болса, қарыз алушының берешегін мынадай кезектілікпен өтейді:
1) негізгі борыш бойынша берешек;
2) сыйақы бойынша берешек;
3) осы Заңның 35-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалған мөлшердегі тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл);
4) төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін негізгі борыш сомасы;
5) төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін есепке жазылған сыйақы;
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 5-1) тармақшамен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
5-1) қарызды беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдер;
6) кредитордың орындауды алу бойынша шығасылары.
Мерзімін өткізіп алудың қатарынан күнтізбелік тоқсан күні өткеннен кейін жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шарты бойынша қарыз алушы жүргізген төлем сомасы, егер ол қарыз алушының банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерін орындауы үшін жеткіліксіз болса, қарыз алушының берешегін мынадай кезектілікпен өтейді:
1) негізгі борыш бойынша берешек;
2) сыйақы бойынша берешек;
3) төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін негізгі борыш сомасы;
4) төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін есепке жазылған сыйақы;
5) осы Заңның 35-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалған мөлшердегі тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл);
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 5-1) тармақшамен толықтырылды (2019 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
5-1) қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдер;
6) кредитордың орындауды алу бойынша шығасылары.
2012.05.07. № 30-V ҚР Заңымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2021.27.12. № 87-VIІ ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Банктiк қарыз операциялары банктiң, ипотекалық ұйымның немесе агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне кредит беруді жүзеге асыратын, дауыс беретін акцияларының жүз пайызы тікелей немесе жанама түрде ұлттық басқарушы холдингке тиесілі ұйымның басқару органы бекiтетiн Ішкi кредит саясаты туралы қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
9. Банктiң кредит комитетi ішкi кредиттік саясатты жүзеге асыратын орган болып табылады.
10. Iшкi кредиттік саясат туралы қағидалар банктiк қарыз операцияларын жүзеге асыру кезiнде тәуекелдi төмендету мақсатында жасалады және мыналарды:
1) жеке және заңды тұлғаларға кредиттер беру шарттарын;
2) лауазымды адамдар мен банк қызметкерлерiне кредит беру шарттарын;
3) кредиттік комитеттiң ұйымдық құрылымын, функциясын және өкiлеттiгiн;
4) кредиттік комитет мүшелерiнiң жауапкершiлiгiн;
5) кредит берудiң лимиттерін;
6) кредиттік шарттарды бекіту рәсiмiн;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 6-1) тармақшамен толықтырылды
6-1) жеке тұлғаға банктік қарыз беру үшін кредиттік скорингтің болу қажеттілігін;
7) кредит беру туралы өтініштерді қараудың, кредит беру (беруден бас тарту) туралы шешім қабылдаудың, кредит беру шарттарын өзгертудің шекті мерзімдерін айқындайды.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 10-1-тармақпен толықтырылды
10-1. Банктік қарыз беру туралы мәселені қарау кезінде банк өз әдістемесі негізінде есептелген жеке тұлғаның кредиттік скорингін немесе кредиттік бюро берген кредиттік скорингті ескереді.
11-тармақтың қолданысы 2011 ж. 10.02. № № 406-IV ҚР Заңы қолданысқа енгізілген күннен бастап бұрын жасалған шарттардан туындайтын қатынастарға қолданылады
11. Егер қарыз беру туралы шарттарда сақтандыру және (немесе) қамтамасыз ету болып табылатын мүліктің нарықтық құнын айқындау мақсатында бағалау жүргізу шарттарын жасасу туралы талаптар көзделген болса, банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның қарыз алушыға, кепіл берушіге сақтандыру ұйымын және (немесе) бағалаушыны таңдауда шек қоюға құқығы жоқ.
Қарыз алушыға банктік қарыз шартымен өз өмірін немесе денсаулығын сақтандыру міндеті жүктелмейді.
2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен 12-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
12. Осы баптың 4, 5, 8 - 11-тармақтарында белгіленген нормалар банктердің кепілдіктер мен кепілдемелер беру жөніндегі операцияларына, сондай-ақ ислам банктерінің осы Заңның 52-5-бабы 1-тармағының 3), 4), 4-1) және 5) тармақшаларында көрсетілген операцияларына қолданылады.
13. Ислам банкінің банктiк қарыз және өзге де операцияларды жүргiзу ерекшелiктерi мен шектеулерi осы Заңның 4-1-тарауында белгiленедi.
2017.06.05. № 63-VІ ҚР Заңымен 14-тармақпен толықтырылды
14. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым банктік қарыз шарты бойынша құқықты (талап етуді) үшінші тұлғаға берген кезде, қарыз алушының құқық (талап ету) берілген үшінші тұлғамен құқықтық қатынастарына Қазақстан Республикасының заңнамасында кредитордың қарыз алушымен банктік қарыз шарты шеңберіндегі өзара қатынастарына қойылатын талаптар мен шектеулердің күші қолданылады.
Өзіне құқық (талап ету) берілген үшінші тұлғаның Қазақстан Республикасының заңнамасында кредитордың қарыз алушымен банктік қарыз шарты шеңберіндегі өзара қатынастарына қойылатын талаптар мен шектеулерді бұзуы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 34-1-баппен толықтырылды
34-1-бап. Жеке тұлғаға кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз беру ерекшеліктері
1. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым жеке тұлғамен кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шартын жасағанға дейін банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның ішкі қағидаларына сәйкес қарыз алушының кредит төлеу қабілеттілігін (төлем қабілеттілігін) жан-жақты, толық және сапалы бағалауды (бұдан әрі - қарыз алушының кредит төлеу қабілеттілігін тиісінше бағалау) жүзеге асыруға міндетті.
Банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның:
1) банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның қалауы бойынша мынадай құжаттардың бірімен:
жеке зейнетақы шотынан берілетін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының соңғы алты айдағы үзінді-көшірмесімен;
жұмыс орнынан берілген соңғы алты айдағы кірістері туралы анықтамамен;
қарыз алушының - жеке тұлғаның жеке табыс салығы бойынша соңғы салық кезеңіндегі салық декларациясымен;
банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның ішкі құжаттарына және рәсімдеріне сәйкес жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шарты бойынша қарыз алушының міндеттемелерін орындау мүмкіндігінің бар екенін көрсететін өзге де құжаттармен расталған, жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шарты бойынша қарыз алушының міндеттемелерді орындау мүмкіндігінің болуын;
2) қарыз алушының соңғы алты айдағы кредиттік тарихының бар екенін не жоқ екенін;
3) салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегінің бар екенін не жоқ екенін;
4) үшінші тұлғалар алдында кредиттік есепте көрсетілген берешектің бар екенін не жоқ екенін айқындау жөніндегі іс-шаралары осы баптың мақсаттары үшін қарыз алушының кредит төлеу қабілеттілігін тиісінше бағалау болып танылады.
Қарыз алушының кредит төлеу қабілеттілігін қарыз алушы жөніндегі мәліметтермен жиынтықта тиісінше бағалау жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шарты бойынша қарызды қайтару жөніндегі міндеттемелердің орындалуы үшін ынтамақты жауапты ретінде әрекет ететін жеке тұлға (қоса қарыз алушы) жөніндегі мәліметтерді ескереді.
Банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның осы тармақта көзделген қарыз алушының кредит төлеу қабілеттілігін тиісінше бағалауды жүзеге асыруы үшін қарыз алушының (қоса қарыз алушының) анық емес ақпарат ұсынғаны үшін банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым жауапты болмайды.
2. Жеке тұлға өтініш жасаған күннің алдындағы қатарынан алты ай ішінде шетел валютасында кірісі болмаған жеке тұлғаларға кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыздарды шетел валютасында беруге тыйым салынады.
3. Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шарттары бойынша ипотекалық қарызды беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты банктік шотты жүргізгені үшін, сондай-ақ банктік шотқа қарызды есепке жатқызғаны үшін комиссия белгілеуге және алуға құқылы емес.
4. Жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық тұрғын үй қарызы шартының талаптарын өзгерту немесе ипотекалық тұрғын үй қарызы шартын өтеу мақсатында жаңа қарыз беру кезінде мерзімі өткен сыйақыны, тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) негізгі борыш сомасына капиталдандыруға (жинақтауға) жол берілмейді.
5. Жеке тұлға болып табылатын қарыз алушы ипотекалық тұрғын үй қарызының нысаналы пайдаланылуын қамтамасыз етуге міндетті.
Банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым ипотекалық тұрғын үй қарызы шартында белгіленген тәртіппен жеке тұлғаның ипотекалық тұрғын үй қарызының нысаналы пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады.
Жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық тұрғын үй қарызы нысаналы пайдаланылмаған кезде қарыз алушы банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға ипотекалық тұрғын үй қарызын мерзімінен бұрын қайтаруға және ипотекалық тұрғын үй қарызын пайдалану бөлігінде ипотекалық тұрғын үй қарызының нысанасы пайдаланылған бүкіл кезең үшін ипотекалық тұрғын үй қарызы шарты бойынша есепке жазылған сыйақы төлеуге міндетті.
6. Қарыз алушының жеке басына байланысты өзгерістер болған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарыз алушы банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға осындай барлық өзгерістер туралы ақпарат береді.
Қарыз алушының жеке басына байланысты өзгерістерге оның тұрғылықты жерінің өзгеруі, тегінің, атының, әкесінің атының (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса) ауысуы, жеке басты куәландыратын құжаттарды ауыстыруы, қарыз алушымен байланысу үшін пайдаланылатын байланыс ақпаратының және байланыс тәсілінің өзгеруі жатады.
Егер қарыз алушы ақпараттың тиісті түрде жіберілгенін дәлелдесе, банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның қарыз алушыдан оның жеке басына байланысты барлық өзгерістер туралы ақпарат алмағаны туралы мәлімдемесі қарыз алушының тарапынан осы баптың талаптарын бұзу болып табылмайды.
7. 2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (2021 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
8. 2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен алып тасталды (2021 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2021.24.05. № 43-VІІ ҚР Заңымен (2021 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 9-тармақ өзгертілді
9. Жеке тұлға болып табылатын қарыз алушы берешегінің ұлғаюын болғызбау мақсатында банкке, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шарты бойынша негізгі борыш және (немесе) сыйақы сомалары бойынша төлемдердің кез келгенін өтеу міндеттемесін орындау мерзімін өткізіп алудың қатарынан күнтізбелік бір жүз сексен күн өткен соң есепке жазылған сыйақыны, тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлды), сондай-ақ қарызды беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдерді төлеуді талап етуге тыйым салынады.
10. Егер қарыз алушы жүргізген төлем сомасы жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес ипотекалық қарыз шарты бойынша қарыз алушының міндеттемесін орындау үшін жеткіліксіз болса, ол қарыз алушының берешегін мынадай кезектілікпен өтейді:
1) сыйақы бойынша берешек;
2) ипотекалық қарызды беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдер бойынша берешек;
3) осы Заңның 35-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалған мөлшерде тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл);
4) төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін есепке жазылған сыйақы;
5) ипотекалық қарызды беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдер;
6) банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның орындауды алу бойынша шығасылары;
7) негізгі борыш бойынша берешек;
8) төлемдердің ағымдағы кезеңі үшін негізгі борыш сомасы.
ҚР 16.07.99 ж. № 436-1; 10.07.03 ж. № 483-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 35-бап өзгертiлдi; 2011.10.02. № 406-IV ҚР Заңымен 35-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2011.28.12. № 524-ІV ҚР Заңымен 35-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
35-бап. Кредиттердің қайтарымдылығын қамтамасыз ету
1. Кредиттердің қайтарымдылығы тұрақсыздық айыбымен, кепiлмен, кепiлдiкпен, кепiлдемемен және Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе шартта көзделген басқа да әдiстермен қамтамасыз етiлуi мүмкiн.
2-тармақтың қолданысы бұрын жасалған банктік қарыз шарттарынан туындайтын қатынастарға қолданылады. 2011 ж. 10.02. № 406-IV ҚР Заңы қолданысқа енгізілгенге дейін төленген жеке тұлғалармен жасалған банктік қарыз шарттары бойынша тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) не заңды күшіне енген сот актісіне сәйкес төленуге жататын тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) қайта есептеуге жатпайды
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2016 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді және олар қолданысқа енгізілген күннен бастап бұрын жасалған шарттардан туындайтын құқықтық қатынастарға қолданылады. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін төленген, жеке тұлғалармен жасалған банктік қарыз шарттары бойынша тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) не заңды күшіне енген сот актісіне сәйкес төленуге жататын тұрақсыздық айыбы (айыппұл, өсімпұл) қайта есептеуге жатпайды) (бұр.ред.қара)
2. Жеке тұлғамен жасалған банктік қарыз шарты бойынша қарыз сомасын қайтару және (немесе) сыйақы төлеу жөніндегі міндеттемені бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсімпұлдың) мөлшері мерзімін өткізіп алудың тоқсан күні ішінде мерзімі өткен әрбір күн үшін мерзімі өткен төлем сомасының 0,5 пайызынан аспауға тиіс, мерзімін өткізіп алудың тоқсан күні өткеннен кейін мерзімі өткен әрбір күн үшін мерзімі өткен төлем сомасының 0,03 пайызынан аспауға, бірақ банктік қарыз шарты қолданылатын әрбір жылға берілген қарыз сомасының он пайызынан артық болмауға тиіс.
3. Клиент кредитті өтеу қабiлеті жоғары және сенiмдi болған жағдайда, банк қамтылымсыз кредит (бланктік кредит) беру туралы шешiм қабылдауға құқылы. Қамтылымсыз кредит (бланкілік кредит) беру критерийлері уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
4. Егер кредиттің қайтарымдылығын қамтамасыз ету үшін бірнеше кепіл нысанасы берілсе, онда қарыз алушы банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерін тиісінше орындаған жағдайда және қарыз алушы, кепіл беруші кепілдік қамтамасыз етуді азайту туралы талаппен өтініш жасаған кезде бағалаушы айқындаған кепіл нысаналарының нарықтық құны банктің (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның) кепілдік саясатының талаптарын ескергенде, қарыз алушы міндеттемелерінің орындалмаған бөлігінің сомасынан асып кеткен жағдайда, банк (банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым) қарыз алушы, кепіл беруші өтініш жасаған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарыз алушы міндеттемелерінің мөлшерінен асып кеткен бөлігінде бір немесе бірнеше кепіл нысанасының кепілі туралы шартты (шарттарды) бұзу (өзгерту) жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Кепiл туралы шартта, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда, банк кепiлдегі мүлiктi сауда-саттық (аукцион) өткізу арқылы соттан тыс тәртіппен дербес өткізуге құқылы.