32. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар шеңберінде көмірсутектерді барлау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылардың мынадай шарттар бір мезгілде сақталған:
1) жер қойнауын пайдаланушының осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған қолданыстағы келісімшарт бойынша құзыретті органның хабарламасында көрсетілген жойылмаған бұзушылықтары болмаған;
2) жер қойнауын пайдаланушы осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған қолданыстағы келісімшарт бойынша Қазақстан Республикасының салық заңнамасының талаптарына сәйкес қол қою бонусын толық көлемде төлеген;
3) осы Кодекстің талаптарына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған барлау жұмыстарының жобасын бекіткен;
4) құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес келетін жаңа редакциядағы көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшартты жасасу туралы өтінішті жер қойнауын пайдаланушы мынадай шарттар бір мезгілде сақталған кезде:
осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған, шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді барлау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылу мерзімі өткенге дейін;
осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап он сегіз ай ішінде берген кезде құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес әзірленген жаңа редакциядағы көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшартты жасасу арқылы осы Кодексте көзделген жер қойнауын пайдалану шарттарына өтуге құқығы бар.
Құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес келетін жаңа редакциядағы барлау мен өндіруге арналған келісімшартты жасасу туралы өтініште мыналар қамтылуға тиіс:
1) жер қойнауын пайдаланушының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), атауы;
2) шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді барлау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдалануға арналған қолданыстағы келісімшарттың тіркеу нөмірі мен күні;
3) шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді барлау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдалануға арналған қолданыстағы келісімшарт бойынша геологиялық бөлуге сәйкес жер қойнауы учаскесіне сәйкес келуге тиіс барлау учаскесіне нұсқау.
Өтінішке қосымша мыналар қоса беріледі:
1) құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес келетін, жер қойнауын пайдаланушы қол қойған көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшарт;
2) көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшартқа оның ажырамас бөлігі ретінде қоса берілетін, барлау кезеңіндегі жұмыстардың көлемдерін, сипаттамасын және орындалу мерзімдерін қамтитын және шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді барлау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдалануға арналған қолданыстағы келісімшарт бойынша жұмыс бағдарламасында көзделген, жұмыстардың көлемдері мен түрлері бойынша талаптарға сәйкес келетін жұмыстар бағдарламасы;
3) жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған барлау жұмыстарының жобасы.
Бұл ретте мұндай келісімшартта осы Кодекстің 116-бабы 1-тармағының бірінші бөлігінде көзделген ережелерге сәйкес, құзыретті орган бекітетін үлгілік келісімшартқа сәйкес әзірленген жаңа редакциядағы барлау мен өндіруге арналған келісімшартты жасасу туралы өтініш берілген күнге, шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді барлау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдалануға арналған қолданыстағы келісімшарттың нақты қолданылу мерзіміне азайтылған барлау кезеңі бекітіліп беріледі.
Шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді барлау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдалануға арналған қолданыстағы келісімшартта көзделген инвестициялық міндеттемелер (болған кезде), оқыту, ғылым және өңірлерді әлеуметтік-экономикалық дамыту саласындағы міндеттемелерді қоспағанда, құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес келетін көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшартқа толық көлемде кіреді.
Өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшартты жасасу туралы шешім қабылдайды немесе оны жасасудан бас тартады.
Құзыретті орган:
1) өтініш осы тармақта белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
2) жер қойнауын пайдаланушы осы тармақта көзделген талаптарды сақтамаған жағдайларда, көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшартты жасасудан бас тартады.
Құзыретті органның бас тартуы жер қойнауын пайдаланушыны жер қойнауын пайдалануға арналған қолданыстағы келісімшарттың қолданылу мерзімі ішінде және осы тармақта көзделген өзге де талаптарды сақтай отырып, қайта өтініш беру құқығынан айырмайды.
Құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес келетін көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшартты жасасу шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді барлау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылу кезеңінде жол берілген Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылығы үшін жер қойнауын пайдаланушыны жауаптылықтан босатуға негіз болып табылмайды.
Барлау кезеңін ұзартудың және осы тармаққа сәйкес жасалған көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшарт бойынша қызметті жүзеге асырудың кейінгі шарттары осы Кодекстің ережелеріне сәйкес айқындалады.
33. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар шеңберінде көмірсутектерді барлау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылардың мынадай шарттар бір мезгілде сақталған:
1) барлау кезеңін ұзарту туралы өтінішті осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап он сегіз ай ішінде берген;
2) жер қойнауын пайдаланушының осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған қолданыстағы келісімшарт бойынша құзыретті органның хабарламасында көрсетілген жойылмаған бұзушылықтары болмаған;
3) өтініш осы Кодекстің 117-бабының 4 - 11-тармақтарында көзделген тәртіппен берілген және қаралған;
4) осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт шеңберінде сынамалап пайдалану жүргізілген жағдайда, оның ұзақтығы өтініш берілген кезге үш жылдан аспаған;
5) өтінішке жер қойнауын пайдаланушы тарапынан қол қойылған, құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес келетін жаңа редакциядағы көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшарт қосымша қоса берген кезде, осы Кодекстің 117-бабының 2 және 3-тармақтарында көзделген негіздер бойынша және барлау кезеңінің жалпы ұзақтығы бойынша талаптарды сақтамай барлау кезеңін бір рет ұзартуға құқығы бар.
Бұл ретте мұндай келісімшартта сұралып отырған ұзарту мерзіміне сәйкес келетін, бірақ үш жылдан аспайтын барлау кезеңі бекітіліп беріледі.
Осы Кодекстің 117-бабының 2-тармағында көзделген негіз бойынша жасалған келісімшарт бойынша барлау кезеңін осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес кейіннен ұзартуға осы Кодекстің 117-бабының 3-тармағында көзделген негіздер бойынша ғана жол беріледі.
Осы Кодекстің 117-бабының 3-тармағында көзделген негіз бойынша жасалған келісімшарт бойынша барлау кезеңін осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес кейіннен ұзартуға тыйым салынады.
Құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес келетін көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшартты жасасу шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді барлау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылу кезеңінде жол берілген Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылығы үшін жер қойнауын пайдаланушыны жауаптылықтан босатуға негіз болып табылмайды.
34. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар (бастапқы келісімшарт) бойынша көмірсутектерді барлау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын не жүзеге асырған жер қойнауын пайдаланушылардың мынадай шарттар бір мезгілде сақталған:
1) жер қойнауын пайдаланушының осы баптың 32 және 33-тармақтарының ережелеріне сәйкес жаңа редакциядағы көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшартты жасасу арқылы осы Кодексте көзделген жер қойнауын пайдалану шарттарына өтпеген;
2) осы Кодекстің талаптарына сәйкес бастапқы келісімшарт шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы жер қойнауының мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысын алған кен орнының қорларын есептеу бойынша есепті жасаған және бекіткен;
3) жер қойнауын пайдаланушының құзыретті органның хабарламасында көрсетілген, бастапқы келісімшарт бойынша міндеттемелерді жойылмаған бұзушылықтары болмаған кезде, өтініш негізінде, құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес келетін көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасасуға құқығы бар.
Егер бастапқы келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектердің екі немесе одан көп кен орнын ашқан болса, онда жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді өндіруге арналған бір келісімшарт не әрбір кен орны бойынша жекелеген келісімшарттар жасасуға құқылы.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген жағдайда көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшарт дайындық кезеңіне жасалады, оның ұзақтығын жер қойнауын пайдаланушы өтініште айқындайды, бірақ үш жылдан аспайды.
Егер есептеу бойынша есебі осы Кодексте көзделген жер қойнауы мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысын алған көмірсутектер кен орнының бастапқы геологиялық қорлары бір жүз миллион тонна мұнай немесе елу миллиард текше метр табиғи газ мәнінен асатын болса, мұндай кен орнына қатысты өндіруге арналған келісімшарттың ережелері осы Кодекстің 119-бабының 7-тармағында көрсетілген міндеттемелердің бірін қамтуға тиіс.
Көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасасу туралы өтінішті жер қойнауын пайдаланушы құзыретті органға қолданылу мерзімі ішінде не бастапқы келісімшарттың қолданылуы тоқтатылғаннан кейін он екі ай ішінде береді.
Құзыретті орган осы тармақтың бесінші бөлігінде көрсетілген мерзім ішінде, сондай-ақ өтінішті қарау және осы тармақтың тоғызыншы - он алтыншы бөліктерінде көзделген әрекеттерді жүзеге асыру кезеңінде мұндай жер қойнауы учаскесі бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын өзге тұлғаларға беруге құқылы емес.
Көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасау туралы өтініште мыналар қамтылуға тиіс:
1) жер қойнауын пайдаланушының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), атауы;
2) бастапқы келісімшартты тіркеу нөмірі мен күні;
3) өндіру учаскесіне нұсқау;
4) үш жылдан аспайтын дайындық кезеңінің ұзақтығы.
Өтінішке қосымша мыналар қоса беріледі:
1) осы тармақтың төртінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес келетін, жер қойнауын пайдаланушы қол қойған көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшарт;
2) жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және жер қойнауы мемлекеттік сараптамасының оң қорытындысын алған қорларды есептеу бойынша есеп.
Өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға жатады. Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) осы тармақтың төртінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасасу туралы шешім;
2) осы тармақтың төртінші бөлігінде көзделген жағдайда, осы тармақта көзделген мерзімдерде және тәртіппен жер қойнауын пайдаланушымен келіссөздер жүргізу туралы шешім;
3) көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасасудан бас тарту туралы шешім.
Құзыретті орган өтініш осы тармақта белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасасудан бас тартады.
Құзыретті органның бас тартуы жер қойнауын пайдаланушыны осы тармақтың бесінші бөлігінде көрсетілген мерзім ішінде қайта өтініш беру құқығынан айырмайды.
Осы тармақтың тоғызыншы бөлігінің 1) тармақшасында көзделген жағдайда, құзыретті орган мұндай шешім қабылданған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде өтініш иесімен осы тармақтың үшінші бөлігіне сәйкес айқындалған мерзімге көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасасады және оның қол қойылған бір данасын өтініш иесіне жібереді.
Осы тармақтың тоғызыншы бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайда, құзыретті орган мұндай шешім қабылданған күннен бастап жиырма төрт ай ішінде жер қойнауын пайдаланушымен осы Кодекстің 119-бабының 7-тармағында көзделген міндеттеменің шарттарын және орындалу тәртібін айқындау бойынша келіссөздер жүргізеді.
Келіссөздер нәтижелері бойынша құзыретті орган бес жұмыс күні ішінде мынадай шешімдердің бірін қабылдайды және бұл туралы жер қойнауын пайдаланушыны хабардар етеді:
1) көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасасу туралы;
2) оны жасасудан бас тарту туралы.
Осы тармақтың он төртінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген жағдайда, жер қойнауын пайдаланушы хабарламаны алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде құзыретті органға өз тарапынан қол қойылған, осы Кодекстің 119-бабының 7-тармағында көзделген міндеттеменің шарттарын және орындалу тәртібін айқындайтын көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жібереді.
Құзыретті орган көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты алған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде осындай келісімшартты жасасады және оның қол қойылған бір данасын жер қойнауын пайдаланушыға жібереді.
Осы тармақтың он төртінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген жағдайда, бұрынғы жер қойнауын пайдаланушы кен орындарын табуға және бағалауға жұмсалған шығындарын өтетуге құқығы бар.
Мұндай өтеуді жаңа жер қойнауын пайдаланушы мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның ресми статистикалық ақпараты негізінде айқындалатын инфляцияны ескере отырып, тиісті шығындардың толық сомасының біржолғы төлемі тәртібімен жүзеге асырады.
Мұндай шығындарды өтеу мерзімін құзыретті орган белгілейді және жаңа жер қойнауын пайдаланушымен келісімшарт жасалған күннен бастап он екі айдан аспауға тиіс.
Жаңа жер қойнауын пайдаланушы өзі өтейтін шығындардың аудитін жүргізуге құқылы. Жаңа және бұрынғы жер қойнауын пайдаланушылар арасында өтелетін шығындар мөлшері туралы дау болған жағдайда, мұндай дау сот тәртібімен шешілуге жатады.
35. Осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар (қолданыстағы келісімшарт) бойынша көмірсутектерді өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылардың мынадай шарттар бір мезгілде сақталған:
1) осы Кодекстің талаптарына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған кен орнын әзірлеу жобасын бекіткен;
2) көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшарт бойынша өндіру кезеңі кен орнын әзірлеу жобасы негізінде айқындалған, бірақ бұл өтініш беру кезінде қалған жер қойнауын пайдалануға арналған қолданыстағы келісімшарттың мерзімінен аспаған;
3) қолданыстағы келісімшартта көзделген инвестициялық міндеттемелер (олар болған кезде) көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартқа толық көлемде қосылған;
4) өтініш беру кезінде жер қойнауын пайдаланушының құзыретті органның хабарламасында көрсетілген, жер қойнауын пайдалануға арналған қолданыстағы келісімшарт бойынша міндеттемелерді жойылмаған бұзушылықтары болмаған кезде, өтініші негізінде құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес келетін жаңа редакциядағы көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасасу арқылы осы Кодексте көзделген жер қойнауын пайдалану шарттарына өтуге құқығы бар.
Егер жер қойнауын пайдалануға арналған қолданыстағы келісімшартта көмірсутектердің екі немесе одан көп кен орны бекітіліп берілсе, онда жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді өндіруге арналған бір келісімшарт жасасуға құқылы.
Көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасасу туралы өтініште мыналар қамтылуға тиіс:
1) жер қойнауын пайдаланушының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), атауы;
2) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартты тіркеу нөмірі мен күні.
Өтінішке қосымша мыналар қоса беріледі:
1) құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес келетін және осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген ережелер ескерілетін, жер қойнауын пайдаланушы қол қойған көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшарт;
2) жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және осы Кодекс пен Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген сараптамалардың оң қорытындыларын алған кен орнын әзірлеу жобасы.
Өтініш құзыретті органға келіп түскен күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
Өтінішті қарау нәтижелері бойынша құзыретті орган көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасасу туралы шешім қабылдайды немесе оны жасасудан бас тартады.
Құзыретті орган:
1) өтініш осы тармақта белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
2) осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген талаптар сақталмаған жағдайларда, көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасасудан бас тартады.
Құзыретті органның бас тартуы жер қойнауын пайдаланушыны жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылу мерзімі ішінде қайта өтініш беру құқығынан айырмайды.
Көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасасу туралы шешім қабылданған жағдайда, құзыретті орган жиырма жұмыс күні ішінде осындай келісімшартты жасасады және өтініш иесіне оның қол қойылған бір данасын жібереді.
Құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес келетін көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасасу шеңберінде жер қойнауын пайдаланушы көмірсутектерді өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың қолданылу кезеңінде жол берілген Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылығы үшін жер қойнауын пайдаланушыны жауаптылықтан босатуға негіз болып табылмайды.
Осы тармаққа сәйкес жаңа редакцияда көмірсутектер өндіруге арналған келісімшарт жасасқан жер қойнауын пайдаланушылар осындай келісімшарт бойынша жер қойнауы учаскесін (учаскелерін) бөлуді жүргізуге құқылы емес.
36. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес өткізілген, қорытындысы осы Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шығарылған көмірсутектерді барлауға немесе өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстың жеңімпаздары болып табылатын тұлғалардың (конкурс жеңімпазының) мынадай шарттар бір мезгілде сақталған:
1) конкурс жеңімпазымен «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен және шарттарда жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жасалмаған;
2) конкурс жеңімпазының Қазақстан Республикасы салық заңнамасының талаптарына сәйкес қол қою бонусын толық көлемде төлеген;
3) көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты жасасу туралы өтініш осы Кодекс қолданысқа енгізілген күннен бастап он екі ай ішінде берілген кезде, құзыретті орган бекітетін үлгілік келісімшартқа сәйкес әзірленген көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты жасасуға құқығы бар.
Конкурс жеңімпазы осы тармаққа сәйкес құзыретті органға жіберетін көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты жасасу туралы өтініште мыналар қамтылуға тиіс:
1) көмірсутектерді барлауға немесе өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстың жеңімпазы болып табылатын тұлғаның атауы;
2) осы тармақта көзделген шарттардың сақталғанын растайтын мәліметтер мен құжаттар;
3) осы Кодекстің 96-бабының 2 - 4-тармақтарында көзделген мәліметтер мен құжаттар.
Өтінішке мыналар қоса берілуге тиіс:
1) құзыретті орган бекітетін үлгілік келісімшартқа сәйкес және осы тармақта көзделген талаптар ескеріле отырып әзірленген, конкурс жеңімпазы қол қойған көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшарт;
2) «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес әзірленген және келісілген іздестіру жұмыстарының жобасы негізінде немесе тендерге қатысу үшін конкурстық ұсыныста немесе акуционға қатысу үшін өтінімде белгіленген, барлау кезеңіндегі жұмыстардың көлемдері, сипаттамасы және орындалу мерзімдері бойынша шарттар негізінде жасалған, барлау кезеңіндегі жұмыстардың көлемдерін, сипаттамасын және орындалу мерзімдерін қамтитын жұмыстар бағдарламасы.
Осы тармақтың мақсаттары үшін:
1) құзыретті орган бекітетін үлгілік келісімшартқа сәйкес келетін көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшартты жасасу кезінде:
барлау учаскесі осы Кодекстің талаптарына сәйкес айқындалады және «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өткізілген, көмірсутектерді барлауға жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстың шарттарында көрсетілген жер қойнауы учаскесінің көлемінен аспайды;
осы тармаққа сәйкес жасалған көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшарт бойынша барлау жұмыстарының жобасын әзірлеу және оның сараптамасы осы Кодекске сәйкес жүзеге асырылады;
2) құзыретті орган бекітетін үлгі келісімшартқа сәйкес келетін көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартты жасау кезінде:
өндіру учаскесі осы Кодекстің талаптарына сәйкес айқындалады және «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өткізілген көмірсутектерді өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған конкурстың шарттарында көрсетілген жер қойнауы учаскесінің көлемінен аспайды;
көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартта конкурс жеңімпазы осы тармақта көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, осы Кодексте көзделген ережелерге сәйкес (оның ішінде жобалау құжаттарын әзірлеу және олардың сараптамасы бөлігінде, сондай-ақ инвестициялық міндеттемелер және өзге де мәселелер бөлігінде) дайындық кезеңін не өндіру кезеңін бекітіп беруге бастама жасауға құқылы;
3) осы тармаққа сәйкес жасалған көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшартта тендерге қатысу үшін конкурстық ұсынысына немесе аукционға қатысу үшін өтініміне сәйкес конкурс жеңімпазы өзіне қабылдаған, келісімшарт бойынша жұмыстарды орындау үшін қажетті кадрлардағы, жұмыстардағы, көрсетілетін қызметтердегі елішілік құндылыққа қатысты міндеттемелерге сәйкес келетін міндеттемелер көзделуге тиіс;
4) осы тармаққа сәйкес жасалған көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартта тендерге қатысу үшін конкурстық ұсынысына немесе аукционға қатысу үшін өтініміне сәйкес конкурс жеңімпазы өзіне қабылдаған, өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытуға және оның инфрақұрылымын дамытуға арналған шығыстар мөлшеріне; келісімшарт бойынша жұмыстарды орындау үшін қажетті кадрлардағы, тауарлардағы және көрсетілетін қызметтердегі елішілік құндылық үлестеріне; келісімшарт бойынша жұмыстарды орындау үшін қажетті қазақстандық кадрларды оқыту, Қазақстан Республикасының аумағында ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстар мөлшеріне қатысты міндеттемелерге сәйкес келетін міндеттемелер көзделуге тиіс.
Өтініш осы Кодексте көмірсутектерді барлау мен өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты жасасу туралы өтініштерді қарау үшін белгіленген мерзімдерде қаралуға жатады.
Құзыретті орган:
1) өтініш осы тармақта белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;
2) осы тармақта көзделген талаптарды конкурс жеңімпазы сақтамаған;
3) осы Кодекстің 97-бабы 3-тармағының 2) - 6), 8) және 9) тармақшаларында көзделген жағдайларда көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшартты жасасудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.