622-бап. Өзге де әрекеттер жасаған кезде мемлекеттiк баж төлеуден босату
Мемлекеттік баж төлеуден мыналар босатылады:
1) қылмыстық iсте азаматтық талап қоюды қойған кезде;
2) Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері арқылы апостильдеуге түсетін құжаттарға апостиль қойған кезде;
3) азаматтық хал актілерін тіркеу туралы куәліктер қайтадан берілген кезде - Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері арқылы өтініш жасаған азаматтар;
4) Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорттары мен жеке куәліктері, сондай-ақ шетел азаматының Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхат және азаматтығы жоқ адамның куәлiктерi берілген кезінде:
Кеңес Одағының батырлары, Социалистік Еңбек ерлері;
үш дәрежелі Даңқ орденінің және үш дәрежелі Еңбек Даңқы, «Алтын Қыран», «Отан» ордендерімен наградталған, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болған;
«Батыр Ана» атағына ие болған, «Алтын алқа», «Күмiс алқа» алқаларымен наградталған көп балалы аналар;
Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша оларға теңестiрiлген адамдар, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, 1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар, мүгедектер, сондай-ақ бала жасынан мүгедектің, мүгедек баланың ата-анасының бірі;
қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын қарттар, балалар үйлерінде және (немесе) интернаттарда тұратын, мемлекеттің толық қамсыздандыруындағы және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
Чернобыль апатының салдарынан зардап шеккен азаматтар;
5) автомобильге, автомобильдің тіркемесіне, мотокөлікке мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісі берілген кезде:
Кеңес Одағының батырлары, Социалистік Еңбек ерлері, үш дәрежелі Даңқ және үш дәрежелі Еңбек Даңқы, «Алтын Қыран», «Отан» ордендерімен наградталған, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болған адамдар;
Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша оларға теңестiрiлген адамдар, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, 1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар, мүгедектер, сондай-ақ бала жасынан мүгедектің, мүгедек баланың ата-анасының бірі;
Чернобыль апатының салдарынан зардап шеккен азаматтар.
623-бап. Мемлекеттiк бажды төлеу тәртiбi
1. Мемлекеттiк баж:
1) соттар қарайтын істер бойынша - Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік Кодексінің 106-бабының үшінші бөлігінде көзделген істерді қоспағанда, тиісті арыз (шағым) немесе сот бұйрығын шығару туралы арыз берілгенге дейін, сондай-ақ сот құжаттардың көшірмелерін берген кезде;
2) нотариаттық әрекеттердi орындағаны үшiн, сондай-ақ құжаттардың көшiрмелерiн, телнұсқаларды бергенi үшiн - жасалған нотариаттық әрекеттi тiркеген кезде;
3) азаматтық хал актiлерiн мемлекеттiк тiркегенi үшiн, азаматтық хал актiлерiнiң жазбаларына өзгерістер, толықтырулар, қалпына келтірулер мен түзетулер енгiзгенi үшiн, сондай-ақ анықтамалар және қайтадан куәлiктер бергенi үшiн - оларды берген кезде;
4) кәмелетке толмаған балалары жоқ ерлi-зайыптылардың өзара келiсiмi бойынша неке бұзуды мемлекеттiк тiркегенi үшiн - актiні тiркеген кезде;
2018.20.06. № 161-VI ҚР Заңымен 5) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
5) мыналарды:
Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорттары мен жеке куәліктерін, азаматтығы жоқ адамның куәліктерін, шетелдік азаматтың Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхат бергені үшін;
жүктерді халықаралық автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыруға рұқсат беру куәлігін (рұқсат беру куәлігінің телнұсқасын) бергені үшін;
аңшы куәлігін (аңшы куәлiгiнің телнұсқасын) бергенi (қайта ресімдегені) үшін;
өсімдіктердің, жануарлардың және бекiре тұқымдас балықтардың сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген түрлерiн, сондай-ақ олардың бөлiктерi мен дериваттарын әкелуге және әкетуге рұқсаттар бергенi үшiн;
азаматтық, қызметтік қаруды және оның патрондарын иеленуге, сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге, тасымалдауға рұқсаттар, Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге қорытындылар, сондай-ақ комиссиялық сатуға жолдама бергені үшін;
азаматтық пиротехникалық заттарды және олар қолданылып жасалған бұйымдарды сатып алуға рұқсаттар бергені үшін;
жеке және заңды тұлғалардың азаматтық, қызметтiк қаруының (аңшылық суық қаруды, белгi беретiн қаруды, механикалық шашыратқыштарды, аэрозольдi және көзден жас ағызатын немесе тiтiркендiретiн заттар толтырылған басқа да құрылғыларды, үрлемелі энергиясы 7,5 Дж-дан аспайтын және калибрi 4,5 мм-ді қоса алғанға дейiнгi пневматикалық қаруды қоспағанда) әрбiр бiрлiгiн тiркегенi және қайта тiркегенi үшiн;
Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға немесе Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан кетуге және Қазақстан Республикасына келуге байланысты iстер бойынша;
зияткерлiк меншiк саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның тауар белгісін жалпыға бірдей белгiлi деп тануға, патенттiк сенiм бiлдiрiлген өкілдердi аттестаттауға және патенттік сенiм бiлдiрiлген өкіл ретінде тiркеуге байланысты заңдық мәні бар әрекеттер жасағаны үшiн;
теңізшінің жеке куәлігін, Қазақстан Республикасының теңізде жүзу кітапшасын және кәсіби дипломды бергені үшін тиiстi құжаттарды бергенге дейiн;
6) жүргізуші куәліктерін, тракторшы-машинист куәліктерін, механикалық көлік құралдарын және тіркемелерді мемлекеттік тіркеу туралы куәліктерді, мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін, сондай-ақ мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісінің телнұсқасын бергені үшін - тиісті құжаттарды, мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін, мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісінің телнұсқасын бергенге дейін;
7) Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттiк берген мемлекеттiк органдардың Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен нотариустарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қойғаны үшiн - апостиль қойғанға дейiн төленеді.
2. Мемлекеттiк баж уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың немесе лауазымды адамдардың заңдық мәнi бар әрекеттер жасаған және (немесе) құжаттарды берген жерi бойынша есепке жатқызылады.
3. Мемлекеттік баж сомаларын бюджетке төлеу екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар арқылы аудару не оны уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша қатаң есептілік бланкілері негізінде қолма-қол ақшаны енгізу жолымен жүргізіледі.
4. Мемлекеттік баж сомалары қолма-қол ақшамен төленген кезде мұндай қабылданған мемлекеттік баж сомаларын уәкілетті мемлекеттік органдар ақша қабылдау жүзеге асырылған күннен бастап келесі операциялық күннен кешіктірмей екінші деңгейдегі банктерге немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарға кейіннен оларды бюджетке есепке жатқызу үшін тапсырады. Егер қолма-қол ақшаның күн сайынғы түсімдері АЕК-тің 10 еселенген мөлшерінен аз болса, ақшаны тапсыру ақша қабылдау жүзеге асырылған күннен бастап операциялық үш күнде бір рет жүзеге асырылады.
2-параграф. Консулдық алым
624-бап. Жалпы ережелер
Консулдық алым Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері консулдық әрекеттер жасағаны және заңдық маңызы бар құжаттар бергені үшін шетелдіктерден, азаматтығы жоқ адамдардан, бейрезидент-шетелдік заңды тұлғалардан, Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларынан алатын, бюджетке төленетін төлем болып табылады.
625-бап. Консулдық алым төлеушiлер
Осы Кодекстің 626-бабында көзделген консулдық әрекеттер өздерінің мүдделерi үшiн жасалатын шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және бейрезидент-шетелдiк заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары консулдық алым төлеушiлер болып табылады.
626-бап. Алу объектілері
Консулдық алым мынадай консулдық әрекеттер жасағаны үшін алынады:
1) Қазақстан Республикасының дипломатиялық және қызметтік паспорттарын ресімдеуді қоспағанда, Қазақстан Республикасы азаматының паспортын ресiмдеу;
2) Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың визалар беру туралы өтініштерін пысықтау және Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне визалар беру (визалық қолдау) туралы нұсқама жіберу;
3) Қазақстан Республикасының визаларын беру;
4) Қазақстан Республикасына қайта оралуға куәлік беру;
5) шетелде болу мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының өтiнiшхаттарын ресiмдеу;
6) Қазақстан Республикасының азаматтығы мәселелерi бойынша құжаттарды ресiмдеу;
7) азаматтық хал актiлерiн тiркеу;
8) құжаттарды талап етіп алдыру;
9) құжаттарды заңдастыру, сондай-ақ апостильдеу үшін құжаттарды қабылдау және одан әрі өткізу;
10) нотариаттық әрекеттер жасау;
11) консулдық мекемеде өсиеттерді, құжаттар бар пакетті (өсиеттен басқа), ақшаны, бағалы қағаздарды және басқа да құндылықтарды (мұрагерлікті қоспағанда) сақтау;
12) жария сауда-саттықтарда тауарларды немесе өзге де мүлікті сату;
13) мүлікті немесе ақшалай сомаларды тиесілігі бойынша беру үшін алты айға дейінгі мерзімге депозитке қабылдау;
14) заңды тұлғалардың мекенжайына дипломатиялық поштамен құжаттар жіберу;
15) кеме шетелден сатып алынған жағдайда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеріп жүзу құқығына уақытша куәлік беру;
16) Қазақстан Республикасының кемелеріне қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда көзделген кез келген декларацияны немесе басқа да құжатты жасау немесе куәландыру;
17) шетелдегі Қазақстан Республикасы кемесінің немесе жүгінің опат немесе зақымдануы (кемелердің кеме апатына ұшырауы) жағдайында теңіз наразылығы туралы акт жасау;
18) заңдық мәні бар өзге де құжаттар (анықтамалар) беру.
627-бап. Консулдық алым мөлшерлемелері
1. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) Қазақстан Республикасының аумағында алынатын консулдық алым мөлшерлемелерін;
2) Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерде алынатын консулдық алым мөлшерлемелерінің базалық ең төмен және ең жоғары мөлшерлерін белгілейді.
2. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес белгіленген консулдық алым мөлшерлемелерінің базалық ең төмен және ең жоғары мөлшерлері шегінде шет мемлекеттің аумағында консулдық әрекеттер жасағаны үшін консулдық алым мөлшерлемелерін бекітеді.
Шет мемлекеттің аумағында консулдық әрекеттер жасағаны үшін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі белгілеген консулдық алым мөлшерлемелері болмаған кезде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі айқындайтын, басқа шет мемлекеттің аумағында консулдық әрекеттер жасағаны үшін белгіленген консулдық алым мөлшерлемелері қолданылады.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес бекітілген мөлшерлемелерге қосымша өзара түсіністік қағидаты негізінде жеделдеткені үшін консулдық алым мөлшерлемелерін белгілеуге құқылы.
628-бап. Консулдық алым төлеуден босату
Консулдық алым:
1) осы Кодекстің 617-622-баптарында көзделген жағдайларда;
2) Қазақстан Республикасымен консулдық алымдар алудан өзара бас тарту туралы келiсiм бар елдердiң жеке және заңды тұлғаларынан;
3) Қазақстан Республикасы құқықтық көмек туралы шарттар жасасқан елдердің билік орындары мен жекелеген азаматтарының сұрау салуы бойынша отбасылық, азаматтық және қылмыстық iстер бойынша, алименттер туралы, мемлекеттiк жәрдемақылар мен зейнетақылар туралы, ұл бала (қыз бала) асырап алу туралы құжаттарды талап етіп алдырғаны үшiн;
4) мыналарға:
Қазақстан Республикасы ресми делегацияларының мүшелеріне және олармен бірге жүретін адамдарға;
Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарына;
қызметтік істер бойынша шетелге шығатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілеріне - Қазақстан Республикасының дипломатиялық, қызметтік немесе ұлттық паспорт иелеріне;
Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері персоналының отбасы мүшелеріне;
Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері қызметкерінің немесе жұмыскерінің сырқаттануына немесе қайтыс болуына байланысты шетелге шығатын Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері персоналының жақын туыстарына және олармен бірге жүретін адамдарға визалар беру туралы шетелдік дипломатиялық өкілдіктерге және консулдық мекемелерге нота жасағаны және басып шығарғаны үшін;
5) Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың визалар беру туралы өтініштерін пысықтағаны және:
Қазақстан Республикасына баратын шетелдік ресми делегациялардың мүшелеріне және олармен бірге жүретін адамдарға;
республикалық және халықаралық маңызы бар іс-шараларға (симпозиумдарға, конференцияларға және өзге де саяси, мәдени, ғылыми және спорттық іс-шараларға) қатысу үшін Қазақстан Республикасына баратын шетелдіктерге;
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің, мемлекеттік органдардың, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдіктерінің шақыруы бойынша Қазақстан Республикасына баратын шетелдіктерге;
Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен келісілген гуманитарлық көмекпен Қазақстан Республикасына баратын шетелдіктерге;
халықаралық ұйымдардың қызметтік істер бойынша Қазақстан Республикасына баратын қызметкерлеріне;
өзара түсіністік қағидаты негізінде шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелердің, сондай-ақ Қазақстан Республикасында аккредиттелген халықаралық ұйымдардың шақыруы бойынша Қазақстан Республикасына баратын шетелдіктерге;
инвесторлық визаларды;
Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарға;
өзара түсіністік қағидаты негізінде 16 жасқа дейінгі балаларға визалар беру (визалық қолдау) туралы Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне нұсқама жібергені үшін;
6) мыналарға:
Қазақстан Республикасына баратын шетелдік ресми делегациялардың мүшелеріне және олармен бірге жүретін адамдарға;
республикалық және халықаралық маңызы бар іс-шараларға (симпозиумдарға, конференцияларға және өзге де саяси, мәдени, ғылыми және спорттық іс-шараларға) қатысу үшін Қазақстан Республикасына баратын шетелдіктерге;
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Парламентінің, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының, Қазақстан Республикасының Президенті Іс басқармасының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің шақыруы бойынша Қазақстан Республикасына баратын шетелдіктерге;
Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен келісілген гуманитарлық көмекпен Қазақстан Республикасына баратын шетелдіктерге;
халықаралық ұйымдардың қызметтік істер бойынша Қазақстан Республикасына баратын қызметкерлеріне;
өзара түсіністік қағидаты негізінде шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелердің, сондай-ақ Қазақстан Республикасында аккредиттелген халықаралық ұйымдардың шақыруы бойынша Қазақстан Республикасына баратын шетелдіктерге;
қызметтік істер бойынша Қазақстан Республикасына баратын шетелдіктерге - дипломатиялық және қызметтік паспорт иелеріне;
өзара түсіністік қағидаты негізінде 16 жасқа дейінгі балаларға;
Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарға;
шетелде тұрақты тұратын және жақын туыстарының жерлеуіне Қазақстан Республикасына баратын, Қазақстан Республикасының бұрынғы азаматтарына визалар;
инвесторлық визаларды;
қызметтік визаларды;
дипломатиялық визаларды бергені үшін;
7) Қазақстан Республикасы консулдық мекемелерінің және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері жіберген қателері бар бастапқы визалардың орнына қайтадан визалар бергені үшін;
8) жоғалту, дүлей зілзала немесе басқа да форс-мажорлық мән-жайлар салдарынан құжаттары мен ақшасы жоқ Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасына қайта оралуға куәліктер және анықтамалар бергені үшін;
9) шетелде қайтыс болған Қазақстан Республикасы азаматтарының мәйіті салынған табыттар мен урналарды Қазақстан Республикасына жіберген кезде қайтыс болу туралы куәліктер және анықтамалар бергені үшін;
10) өзара түсіністік қағидаты негізінде шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелердің өтінішхаттары бойынша құжаттарды талап етіп алдырғаны үшін;
11) Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері арқылы талап етіп алдырған құжаттарын заңдастырғаны үшін;
12) өзара түсіністік қағидаты негізінде шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелердің, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өтінішхаттары бойынша құжаттарды заңдастырғаны үшін;
13) шетелде уақытша және тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарын, сондай-ақ шетелдіктерге асырап алуға берілген, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды консулдық есепке қойғаны және консулдық есептен шығарғаны үшін алынбайды.
629-бап. Консулдық алымды төлеу тәртiбi
1. Консулдық алым консулдық әрекеттер жасалғанға дейiн төленедi.
2. Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкiлдiктерi мен консулдық мекемелерi консулдық әрекеттерді төлеушi консулдық алымды төлегеннен кейiн жүзеге асырады.
3. Мөлшерлемесі АҚШ долларымен белгiленген консулдық алымдарды Қазақстан Республикасының аумағында төлеу алымды төлеу күніне Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгілеген ресми бағам бойынша теңгемен жүргiзiледi.
4. Консулдық алым:
1) Қазақстан Республикасының аумағында - екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар арқылы аудару жолымен бюджетке консулдық әрекеттер жүзеге асырылатын жер бойынша немесе Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі белгілеген нысан бойынша қатаң есептiлiк бланкiлерi негiзiнде консулдық мекемелерде қолма-қол ақшамен төленеді.
Консулдық алым қолма-қол ақшамен төленген жағдайда, консулдық алымның осы сомасын уәкілетті мемлекеттік орган ақша қабылдау жүзеге асырылған күннен бастап келесі операциялық күннен кешіктірмей екінші деңгейдегі банктерге немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдарға кейіннен оларды бюджетке есепке жатқызу үшін тапсырады. Егер қолма-қол ақшаның күн сайынғы түсімдері АЕК-тің 10 еселенген мөлшерінен аз болса, ақшаны тапсыру ақша қабылдау жүзеге асырылған күннен бастап операциялық үш күнде бір рет жүзеге асырылады;
2) Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жерде - шаруашылық пайдалану құқығынсыз дипломатиялық өкілдіктің немесе консулдық мекеменiң банктік шотына банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар арқылы аудару жолымен немесе Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі белгілеген нысан бойынша қатаң есептiлiк бланкiлерi негiзiнде консулдық мекемелерде қолма-қол ақшамен төленедi.
5. Консулдық алымды төлеу аумағында консулдық әрекеттер жасалатын елдің валютасымен немесе кез келген басқа еркін айырбасталатын валютамен жүргізіледі.
6. Шетелде қабылданған консулдық алым сомаларын дипломатиялық өкілдік немесе консулдық мекеме олар қабылданған күннен бастап операциялық он күннен кешіктірмей дипломатиялық өкілдік немесе консулдық мекеме орналасқан елдің шетелдік банкіне шетелдік банктік шотқа есепке жатқызу үшін тапсырады.
Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі орналасқан елдің валютасымен шетелдік банктік шотқа түскен консулдық алымдарды шетелдік банк дипломатиялық өкілдіктің немесе консулдық мекеменің тапсырмасы бойынша АҚШ долларына, евроға, ағылшын фунт стерлингіне, швейцар франкіне, Канада долларына, жапон иеніне, Ресей рубліне, Қытай юаніне айырбастайды.
Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігінің немесе консулдық мекемесінің бірінші қол қою құқығы бар басшысы шетелдік банктік шотқа билік етуші болып табылады.
Шетелдік банктік шотқа түскен консулдық алымдарды дипломатиялық өкілдік немесе консулдық мекеме ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің валюталық шотына одан әрі бюджет кірісіне есепке жатқызу үшін аударады. Егер дипломатиялық өкілдікке немесе консулдық мекемеге консулдық алымдардан түсетін ай сайынғы түсімдер 1 000 АҚШ долларынан аз болса, оның есепті кезеңнің соңындағы бағамы бойынша осы тармақта көрсетілген валюта түрлеріндегі баламасын құраса, аудару тоқсан сайын, есепті айдан кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық өкілдік немесе консулдық мекеме аударған консулдық алымдарды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінен шетелдік валютадағы корреспондеттік шоттар бойынша үзінді көшірмелерді алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде электрондық нысандағы төлем құжаттарын қоса бере отырып, республикалық бюджет кірісіне аударады.
7. Төленген консулдық алым сомалары қайтарылуға жатпайды.
71-тарау 2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі
71-тарау. ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ КІРІСТЕРІ МЕН МҮЛКІН ЖАЛПЫҒА БІРДЕЙ ДЕКЛАРАЦИЯЛАУ
1-параграф. Активтер мен міндеттемелер туралы декларация
630-бап. Активтер мен міндеттемелер туралы декларация
1. Егер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, осы баптың 2-тармағында аталған тұлғалар активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсыру жылының алдындағы жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны толтырады.
2. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсыратын жылдың 1 қаңтарында мынадай:
1) осы Кодекстің ережелеріне сәйкес мынадай адамдардың бірі:
Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматы;
оралман;
тұруға ықтиярхаты бар адам болып табылатын Қазақстан Республикасының резиденті;
2) осы баптың 4-тармағында айқындалған жағдайларда шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;
3) осы баптың 5-тармағында айқындалған жағдайда кәмелетке толмаған адам болып табылатын жеке тұлға активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырады.
3. Осы Кодексті қолдану мақсатында кәмелетке толмаған адамның және (немесе) әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі адамның салық міндеттемесін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес заңды өкілі орындайды.
4. Шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар мынадай жағдайда активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсырады:
1) активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсыратын жылдың алдындағы жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша меншік құқығында мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын мүлкінің, сондай-ақ құқықтары және (немесе) мәмілелері Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын мүлкінің болуы;
2) активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсыратын жылдың алдындағы жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үй құрылысына қатысу үлесінің болуы.
Осы тармақтың ережелері Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық немесе оларға теңестірілген өкілдіктердің, шет мемлекеттердің консулдық мекемелерінің, халықаралық ұйымдардың және олардың өкілдіктерінің қызметкерлері болып табылатын шетелдіктерге немесе азаматтығы жоқ адамдарға, сондай-ақ олардың өздерімен бірге тұратын отбасы мүшелеріне қолданылмайды.