197-бап. Тергеу әрекеттерін жүргiзудiң жалпы қағидалары
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам заңда көзделген тергеу әрекеттеріне қатысуға адамдарды тарта отырып, олардың жеке басына көз жеткізеді, оларға құқықтары мен мiндеттерiн, сондай-ақ тергеу әрекетін жүргiзу тәртiбiн түсiндiредi.
2. Кейінге қалдырылмайтын жағдайларды қоспағанда, тергеу әрекетін түнгi уақытта жүргiзуге жол берiлмейдi.
3. Тергеу әрекеттерін жүргiзу кезiнде ғылыми-техникалық құралдар қолданылуы және қылмыстық құқық бұзушылықтың iздерi мен заттай дәлелдемелердi анықтаудың, тіркеу мен алудың ғылыми негiзделген тәсілдері пайдаланылуы мүмкiн.
4. Тергеу әрекеттерін жүргiзу кезiнде азаптауға, зорлық-зомбылық көрсетуге, қорқытуға және өзге де заңсыз шараларды, қатыгез қарым-қатынасты қолдануға, сол сияқты оған қатысатын адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндіруге жол берiлмейдi.
5. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тергеу әрекеттеріне қылмыстық қудалау органының басқа да қызметкерлерiн тартуға құқылы.
2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен 6-бөлік өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Осы Кодекстiң 255-бабы үшiншi бөлiгiнiң 2) тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, 220-бабының он үшiншi және он төртiншi бөлiктерiнде, 252-бабында, 254-бабының төртінші бөлігінде, 255-бабында көзделген тергеу әрекеттерiн жүргiзу кезiнде куәгерлердi тарту мiндеттi болады.
Қалған жағдайларда тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде олардың барысы мен нәтижелерін тіркейтін ғылыми-техникалық құралдар міндетті түрде қолданылады.
Ғылыми-техникалық тіркеу құралдары болмаған немесе оларды қолдану мүмкін болмаған жағдайда, тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде куәгерлер тартылады.
Әрекеттердің барысы мен нәтижелерін тіркейтін ғылыми-техникалық құралдарды қолдану тәртібін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры тиісті мемлекеттік органдармен келісу бойынша айқындайды.
198-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында шығарылатын қаулылар
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру процесiнде осы Кодекске сәйкес қандай да бiр процестік шешiмді қабылдау кезiнде сотқа дейінгі тергеп-тексерудi жүзеге асыратын адам қаулы шығарады, онда оның жасалған орны мен уақыты, осы адамның тегі және лауазымы, қабылданатын шешiмнiң мәнi мен негiздерi, олардың негізінде қаулы шығарылған осы Кодекстiң баптары көрсетiледi.
199-бап. Тергеу әрекетінің хаттамасы
1. Тергеу әрекетінің хаттамасы тергеу әрекетiн жүргiзу барысында немесе ол аяқталған бойда жасалады.
2. Хаттама қолмен жазылуы, машинкамен не компьютермен басу тәсілі арқылы жасалуы мүмкiн. Хаттаманың толық болуын қамтамасыз ету үшiн стенографиялау, киноға түсiру, дыбыс- және бейнежазба немесе өзге де ғылыми-техникалық құралдар қолданылуы мүмкiн. Стенографиялық жазба, дыбыс- және бейнежазба материалдары немесе өзге де ақпарат жеткізгіштер хаттамаға қосып тігіледі және iспен бiрге сақталады.
3. Хаттамада: тергеу әрекетiн жүргiзу орны мен күнi; оның басталу және аяқталу уақыты минутына дейiнгі дәлдікпен; тергеу әрекетін жүргізген адамның лауазымы мен тегі, тергеу әрекетіне қатысқан әрбір адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) көрсетiледi.
Хаттамада процестік әрекеттер олардың болған ретiмен, оларды жүргiзу кезінде анықталған iс үшiн елеулі мән-жайлар, сондай-ақ тергеу әрекетін жүргiзуге қатысқан адамдардың мәлiмдемелерi жазылады.
4. Осы Кодекстің 97-бабы қолданылған жағдайда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тергеу әрекетінің хаттамасында жәбірленушінің, оның өкілінің, сондай-ақ куәлардың (куәгерлердің) жеке басы туралы деректерді келтірмейді, қорғалатын адам өзі қатысатын тергеу әрекеттерінің хаттамаларында таңдайтын адамның бүркеншік аты мен қоятын қолын қолданады.
5. Егер тергеу әрекетін жүргiзу кезiнде фотосуретке түсiру, киноға түсiру, дыбыс- және бейнежазба немесе өзге де ғылыми-техникалық құралдар қолданылса не iздiң баспа-таңбалары мен бедерлері әзірленсе, сызбалар, схемалар, жоспарлар жасалса, онда хаттамада сондай-ақ оны жүргiзу барысында қолданылған ғылыми-техникалық құралдар, оларды пайдалану талаптары мен тәртiбi, осы құралдар қолданылған объектiлер және алынған нәтижелер көрсетiлуге тиiс. Хаттамада бұған басқа ғылыми-техникалық құралдарды қолданудың алдында бұл туралы тергеу әрекетін жүргiзуге қатысқан адамдардың хабардар етiлгенi аталуға тиiс.
6. Хаттама танысу үшiн тергеу әрекетін жүргiзуге қатысқан барлық адамдарға ұсынылады. Оларға хаттамаға енгiзiлуге жататын ескертулер жасау құқығы түсiндiрiледi. Хаттамаға енгiзiлген барлық ескертулер, толықтырулар, түзетулер келісілуге және осы адамдардың қолдарымен куәландырылуға тиiс.
7. Хаттамаға оны жасаған лауазымды адам, жауап алынған адам, аудармашы, маман, куәгерлер және тергеу әрекетін жүргiзуге қатысқан барлық өзге де адамдар қол қояды. Тергеу әрекетінің хаттамасына қол қоюдан бас тартылған немесе қол қою мүмкiн болмаған жағдайда, бұл фактiнi куәландыру осы Кодекстiң 123-бабының жетіншi және оныншы бөлiктерiне сәйкес жүргiзiледi.
8. Хаттамаға тергеу әрекетін жүргiзу кезiнде орындалған фотографиялық негативтер мен суреттер, кинотаспалар, диапозитивтер, фонограммалар, бейнежазба кассеталары, өзге ақпарат жеткізгіштер, сызбалар, жоспарлар, схемалар, iздiң баспа-таңбалары мен бедерлері қоса тiркеледi.
9. Егер тергеу әрекетін жүргiзу барысында маман өз зерттеу нәтижелерi бойынша ресми құжат жасаса, осы құжат хаттамаға қоса тiркеледi, бұл туралы хаттамаға тиiстi жазба жасалады.
200-бап. Қылмыстық құқық бұзушылықтар және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнiндегi ұсыну
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде қылмыстық құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен мән-жайларды анықтай отырып, тиiстi мемлекеттiк органдарға, ұйымдарға немесе онда басқарушылық функцияларды орындайтын адамдарға осы мән-жайларды немесе басқа да заң бұзушылықтарды жою жөнiндегі шаралар қолдану туралы ұсыну енгізуге құқылы.
2. Ұсынулар қолданылған шаралар туралы міндетті түрде хабардар етіле отырып бір ай мерзімде қаралуға тиіс.
201-бап. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерi жария етiлмеуге тиіс. Олар, егер бұл тергеп-тексеру мүдделерiне қайшы келмесе және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзуға байланысты болмаса, прокурордың рұқсатымен қандай көлемде жария ету мүмкiн деп танылса, сол көлемде жария етiлуi мүмкiн.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам қорғаушыға, куәларға, жәбiрленушiге, азаматтық талапкерге, азаматтық жауапкерге немесе олардың өкiлдерiне, сарапшыға, маманға, аудармашыға, куәгерлерге және тергеу әрекеттерiн жүргiзу кезiнде қатысқан басқа да адамдарға өзiнiң рұқсатынсыз iстегi мәлiметтердi жария етуге жол берiлмейтiнi туралы ескертедi, бұл туралы көрсетілген адамдардан жауаптылық туралы ескертіле отырып қолхат алынады.
25-тарау. АДАМДЫ КҮДІКТІ ДЕП ТАНУ ЖӘНЕ КҮДІКТІНІҢ ІС-ӘРЕКЕТІНІҢ САРАЛАНУЫН АЙҚЫНДАУ
202-бап. Адамды күдікті деп тану туралы жариялау
1. Адамның қылмыс жасағанын көрсететін, оның ішінде осы Кодекстің 128-бабы екінші бөлігінің 1) - 4) тармақтарында көзделген деректер болған кезде, егер бұл ретте оған процестік ұстап алуды қолданудың қажеттігі болмаса, сондай-ақ ұстап алынған адамға осы Кодекстің 139-бабын қолданған кезде оған қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы оны күдікті деп тану туралы қаулы шығарады.
2. Адамды күдікті деп тану туралы қаулыда:
1) оның жасалған уақыты мен орны; қаулыны кімнің жасағаны; күдікті деп танылатын адамның тегі, аты және әкесінің аты (ол болған кезде), оның туған күні, айы, жылы және туған жері;
2) адамға қандай қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілетіні көрсетілуге тиіс.
Кәсіптік және қызметтік міндеттерін орындауға байланысты қылмыстар жасаған кезде адвокатты, прокурорды, тергеушіні, анықтаушыны, тергеу бөлімінің бастығын, анықтау органының бастығын күдікті деп тану туралы қаулыны прокуратура басшысы бекітеді.
Адамды күдікті деп тану туралы қаулы сол адамға жарияланады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам өзіне қатысты күдікті деп тану туралы қаулы шығарылған адамға күдіктінің құқықтарын түсіндіруге, бұл туралы қаулыда белгі жасауға және оған сол қаулының көшірмесін табыс етуге міндетті.
3. Адамды күдікті деп тану туралы қаулының көшірмесі ол шығарылғаннан кейін жиырма төрт сағат ішінде прокурорға жіберіледі.
203-бап. Күдіктінің іс-әрекетінің саралануын айқындау
1. Адамның қылмыс жасағаны туралы күдікті растайтын оған қатысты жеткілікті дәлелдемелер болған кезде прокурор, Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы уәжді қаулы шығарады. Іс-әрекетті саралау туралы қаулы қисынды мерзімде шығарылуға тиіс.
Адвокат, прокурор, тергеуші, анықтаушы, тергеу бөлімінің бастығы, анықтау органының бастығы кәсіптік және қызметтік міндеттерін орындауға байланысты қылмыстар жасаған кезде, олардың іс-әрекетін саралау туралы қаулыны прокуратура басшысы бекітеді.
2. Прокурор, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктіге оған күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы жарияланатын күн туралы хабарлайды және сонымен бір мезгілде оған қорғаушы шақыру не оның қатысуын қамтамасыз ету туралы өтіну құқығын түсіндіреді.
3. Осы Кодекстің қағидаларына сәйкес қорғаушының қатысуы міндетті болатын істер бойынша прокурор, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам, егер қорғаушыны күдіктінің өзі, оның заңды өкілі не оның тапсырмасы немесе оның келісімі бойынша басқа адамдар шақырмаған болса, оның келуін қамтамасыз ету бойынша шаралар қолданады.
4. Күдіктінің іс-әрекетінің саралануын айқындаған кезде іс материалдарына, егер ол бұрын жасалмаған болса, жеке басты куәландыратын құжаттың прокурор, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам куәландырған көшірмесі қоса беріледі.
5. Күдіктінің, айыпталушының жеке басын куәландыратын құжаты болмаған не жоғалған, оны жоғалтқан жағдайда, оны құжаттауды уәкілетті орган сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік органдармен келісу бойынша белгіленген тәртіппен жүргізеді.
204-бап. Күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы
1. Күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыда:
1) оның жасалған уақыты мен орны; хаттаманы кімнің жасағаны; күдіктінің тегі, аты және әкесінің аты (ол болған кезде), туған күні, айы, жылы және туған жері;
2) қылмыстың жасалған уақыты, орны, сондай-ақ осы Кодекстің 113-бабына сәйкес дәлелденуге жататын өзге де мән-жайларды көрсете отырып, осы адам жасады деп күдік келтірілген қылмыстың сипаттамасы;
3) адамға оны жасады деп күдік келтіріліп отырған қылмыс үшін жауаптылықты көздейтін қылмыстық заң (бап, бөлік, тармақ) көрсетілуге тиіс.
2. Бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген кезде күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыда қылмыстық заң баптарының (бөліктерінің, тармақтарының) әрқайсысы бойынша адамның нақты қандай әрекеттер (әрекетсіздік) жасады деп күдік келтірілетіні көрсетілуге тиіс.
3. Күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулының көшірмесі ол шығарылғаннан кейін жиырма төрт сағаттың ішінде прокурорға жіберіледі.
205-бап. Күдіктінің келу мiндеттiлiгi
1. Өзіне қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалмаған күдікті жазбаша хабарлама-шақыру қағазы арқылы жауап алуға шақырылады. Хабарлама телефонограмма немесе жеделхат және өзге де байланыс құралдары арқылы да берiлуi мүмкiн.
2. Шақыру қағазында кiмнің, қайда және кiмге шақырылатыны, келетiн күні мен сағаты, сондай-ақ келмей қалуының салдары көрсетiлуге тиiс.
3. Шақыру қағазы күдіктіге одан қолхат ала отырып табыс етіледі, ал ол уақытша болмаған жағдайда, күдіктіге беру үшiн отбасының кәмелетке толған мүшесiне табыс етіледі немесе тұрғын үй-пайдалану ұйымына немесе тұрғылықты жерi бойынша әкiмшiлiкке не жұмыс орны бойынша әкiмшiлiкке берiледi, олар жауап алуға шақырылып отырған күдіктіге шақыру қағазын беруге мiндетті. Күдікті басқа байланыс құралдарын пайдалану арқылы да шақырылуы мүмкін. Күдікті Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде болған және сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарына келуден жалтарған жағдайларда, хабарлама республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ жалпыға қолжетімді телекоммуникациялық желілерде, ал оның тұрып жатқан жері белгілі болған жағдайда, күдіктінің тұрып жатқан жері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
4. Өзіне қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалмаған күдікті сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның шақыруы бойынша белгiленген мерзiмде келуге мiндетті.
5. Күдікті белгіленген мерзімде келмеу себептері және дәлелді себептері бар екендігі туралы сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамды хабардар етуге міндетті.
6. Дәлелді себептерсіз келмеген жағдайларда, күдікті күштеп әкелінуі мүмкін.
7. Қамаудағы күдікті күзетпен ұстау орнының әкiмшiлiгi арқылы шақырылады және жеткізіледі.
206-бап. Күдіктіге оның іс-әрекетін саралау туралы қаулыны жария ету тәртібі
1. Күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулы, егер қорғаушының қатысуы заң бойынша міндетті болса немесе бұл туралы күдікті өтінішхат берсе, қорғаушының қатысуымен және қаулы шығарылған кезден бастап жиырма төрт сағаттан кешіктірілмей жария етіледі. Күдікті немесе оның қорғаушысы келмей қалған жағдайда, қаулы жиырма төрт сағат өткеннен кейін де жариялануы мүмкін.
2. Күштеп әкелінген күдіктіге қаулы ол күштеп әкелiнген күнi жарияланады. Бұл ретте сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны жариялау кезiнде қорғаушының қатысуы заң бойынша мiндеттi болған жағдайларда қорғаушының қатысуын қамтамасыз ету шараларын қолдануға тиiс.
3. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктінің жеке басына және қорғаушының қорғауды жүргiзу туралы тапсырмасына көз жеткізгеннен кейiн күдіктіге және оның қорғаушысына күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны жариялайды.
4. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам күдіктіге күдік келтірудің мәнiн түсiндiруге мiндеттi.
5. Осы баптың үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде көрсетiлген әрекеттердi орындау күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны жариялау күнi мен сағаты көрсетіле отырып, осы қаулыға күдіктінің, қорғаушының және тергеушiнiң қойылған қолдарымен куәландырылады.
6. Күдікті қол қоюдан бас тартқан жағдайда, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам және егер ол күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыны жариялау кезінде қатысқан болса қорғаушы күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыда күдіктіге қаулы мәтінінің жария етілгенін куәландырады.
7. Күдіктіге күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулының көшiрмесi табыс етіледі.
8. Күдікті Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде болған және қылмыстық қудалау органдарына келуден жалтарған жағдайда - сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам, ал қорғаушы келген жағдайда - қорғаушы да, күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыда оның Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде болуына және сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарына келуден жалтаруына байланысты күдікті деп жариялау мүмкін еместігін куәландырады.
Егер күдіктінің тұрып жатқан жері белгілі болса, қаулының көшірмесі оған байланыс құралдарын пайдалану, оның ішінде пошта арқылы да жіберіледі. Қажет болған жағдайда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам прокурордың келісімімен республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында, күдіктінің тұрып жатқан жері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында, сондай-ақ жалпыға қолжетімді телекоммуникациялық желілерде күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы хабарламаны жариялауды ұйымдастыруға құқылы.
207-бап. Күдіктінің іс-әрекетін саралауды өзгерту және толықтыру
1. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу кезінде күдіктінің іс-әрекетін саралауды өзгерту және толықтыру үшін негіздер туындаса, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 204-бабының талаптарын сақтай отырып, күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы жаңа қаулы жасауға және оны осы Кодекстің 205, 206-баптарында белгіленген тәртіппен күдіктіге жариялауға міндетті. Күдіктінің іс-әрекетінің түпкілікті саралануы соңғы қаулының шығарылған күні бойынша айқындалады.
2. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жария етілген күдік қандай да бір бөлігінде расталмаса, тергеуші өзінің қаулысымен осы бөлікте қылмыстық қудалауды тоқтатады, бұл туралы қабылданған шешімнің көшірмесін табыс ете отырып, күдіктіні және процестің басқа да қатысушыларын хабардар етеді.
26-тарау. ЖАУАП АЛУ ЖӘНЕ БЕТТЕСТІРУ
208-бап. Жауап алуға шақыру тәртiбi
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам куәны, жәбiрленушiні, күдіктiні жауап алуға шақыру қағазы арқылы шақырады.
Шақыру қағазында жауап алуға шақырылатын адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), адамды шақырып отырған адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), лауазымы, жауап алуға келетін мекенжай мен уақыты (күні, сағаты), адвокат шақыру құқығы, сондай-ақ дәлелді себептерсіз келмеудiң салдары көрсетiледi.
Шақыру қағазы жауап алуға шақырылатын адамға одан қолхат ала отырып табыс етіледі не байланыс құралдарының көмегімен беріледі. Жауап алуға шақырылатын адам уақытша болмаған жағдайда, шақыру қағазы оның отбасының кәмелетке толған мүшесiне немесе тұрғылықты жерi бойынша тұрғын үй-пайдалану ұйымына немесе әкiмшiлiкке не жұмыс орны бойынша әкiмшiлiкке немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның тапсырмасы бойынша өзге адамдар мен ұйымдарға табыс етіледі, олар шақыру қағазын жауап алуға шақырылатын адамға беруге міндетті.
Жауап алынатын адам өзге байланыс құралдарын пайдалана отырып шақырылуы мүмкiн.
Күзетпен ұсталып отырған күдіктi жауап алуға күзетпен ұстау орнының әкiмшiлiгi арқылы шақырылады және жеткізіледі.
2. Жауап алуға шақырылатын адам белгіленген мерзімде келуге не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамды келмеу себептері туралы алдын ала хабардар етуге міндетті. Жауап алуға шақырылатын адам дәлелді себептерсіз келмеген жағдайда күштеп әкелінуі мүмкін не оған осы Кодексте көзделген өзге де процестік мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкін.
3. Он сегіз жасқа толмаған адам жауап алуға оның заңды өкілдері арқылы, ал олар болмаған кезде қорғаншы және қамқоршы орган арқылы не оның жұмыс немесе оқу орны бойынша әкімшілігі арқылы шақырылады.
4. Әскери қызметші жауап алуға әскери бөлім қолбасшылығы арқылы шақырылады.
209-бап. Жауап алу орны, уақыты мен ұзақтығы
1. Жауап алу сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген жерде жүргiзiледi. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам, егер оны қажет деп тапса, жауап алуды жауап алынатын адам тұратын жерде жүргiзуге құқылы.
2. Жауап алу кейiнге қалдыруға болмайтын жағдайларды қоспағанда, күндiзгi уақытта жүргiзiледi.
3. Жауап алу үзiлiссiз төрт сағаттан артық жүргiзiлмеуге тиiс. Жауап алуды демалу мен ас iшуге арналған кемiнде бiр сағат үзiлiстен кейiн жалғастыруға жол беріледі, бұл ретте жауап алудың бiр күн iшiндегi жалпы ұзақтығы сегiз сағаттан аспауға тиiс. Медициналық көрсетілімдер болған жағдайда, жауап алудың ұзақтығы дәрiгердiң жазбаша қорытындысының негiзiнде белгiленедi.
4. Кәмелетке толмаған адамнан жауап алу тәуліктің күндізгі уақытында жүргізіледі және үзіліссіз екі сағаттан артық, жалпы алғанда күніне төрт сағаттан артық жүргiзiлмейді. Кәмелетке толмаған адамның қажығаны анық болған жағдайда, жауап алу осындай уақыт өткенге дейін де үзілуі мүмкін.
210-бап. Жауап алуды жүргiзудiң жалпы қағидалары
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жауап алу алдында жауап алынатын адамның жеке басына көз жеткізуге тиiс. Егер жауап алынатын адамның iс бойынша iс жүргiзiлiп отырған тiлдi білетіні-білмейтініне күмән келтірсе, оның айғақтарды қай тiлде бергiсi келетiнi анықталады. Қажет болған жағдайларда оны аудармашымен тегін қамтамасыз етеді.
2. Жауап алуға шақырылған адамға одан кiм ретiнде, қандай қылмыстық iс бойынша жауап алынатыны хабарланады, осы Кодексте көзделген құқықтары мен мiндеттерi түсiндiрiледi, бұл туралы хаттамада белгi жасалады.
Бір іс бойынша шақырылған адамдар басқа жауап алынатын адамдардан бөлек жауап береді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам бір іс бойынша жауап алуға шақырылған адамдардың жауап алу басталғанға дейін бір-бірімен сөйлесе алмауы үшін шаралар қолданады.
3. Жауап алу жауап алынатын адамға iстің өзiне белгiлi болған мән-жайларын айтуды ұсынудан басталады. Егер жауап алынатын адам iске мүлде қатысы жоқ мән-жайлар туралы айтатын болса, оған бұл туралы ескертiлуге тиiс.
4. Еркiн баяндау аяқталғаннан кейiн жауап алынып отырған адамға айғақтарды нақтылауға және толықтыруға бағытталған сұрақтар қойылуы мүмкiн. Жетелеушi сұрақтар қоюға тыйым салынады.
5. Егер айғақтар цифрлық деректермен немесе есте сақтауға қиын өзге де мәлiметтермен байланысты болса, жауап алынатын адам құжаттар мен жазбаларды пайдалануға құқылы, олар жауап алынатын адамның өтiнiшхаты бойынша немесе оның келiсiмiмен хаттамаға қоса тiгілуі мүмкiн.
6. Егер жауап алу барысында жауап алынып отырған адамға заттай дәлелдемелер мен құжаттар көрсетілсе, басқа тергеу әрекеттерінің хаттамалары жария етілсе және тергеу әрекетінің дыбыс- және (немесе) бейнежазба, киноға түсiру материалдары тыңдатылып-көрсетілсе, онда бұл туралы жауап алу хаттамасында тиісті жазба жасалады. Бұл ретте хаттамада жауап алынып отырған адамның оған көрсетілген дәлелдемелер, жария етілген хаттамалар, тыңдатылып көрсетілген тергеу әрекеттерінің дыбыс- және (немесе) бейнежазбалары, кино түсiрілімдер бойынша берген айғақтары көрсетіледі.
7. Мылқау немесе саңырау куәдан, жәбiрленушiден, күдіктiден, айыпталушыдан жауап алу сурдоаударма дағдыларын меңгерген адамның қатысуымен жүзеге асырылады. Мұндай адамның жауап алуға қатысуы хаттамада көрсетiледi.
8. Жауап алынатын адамның психикалық немесе өзге ауыр науқасы болған кезде одан жауап алу дәрiгердiң рұқсатымен және оның қатысуымен жүзеге асырылады.
9. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның шешімі бойынша, сондай-ақ күдіктінің, айыпталушының, куәнің немесе жәбірленушінің өтінуі бойынша жауап алу кезінде дыбыс- және бейнежазба қолданылуы мүмкін. Жауап алынатын адамға мұндай дыбыс- және бейнежазбаның қолданылатыны туралы жауап алу басталғанға дейін хабарланады.
10. Дыбыс- және бейнежазба жауап алудың барысын толығымен көрсетуге және жауап алынатын адамдардың айғақтарын толық қамтуға тиiс. Жауап алудың бiр бөлiгiн дыбыс- және бейнежазбаға түсiруге, сондай-ақ сол жауап алудың барысында берiлген айғақтарды жазып алу үшiн арнайы қайталауға жол берiлмейдi.
11. Жауап алу аяқталғаннан кейiн дыбыс- және бейнежазба толығымен жауап алынып отырған адамға тыңдатылып-көрсетіледі. Айғақтардың дыбыс- және бейнежазбасына жауап алынып отырған адам жасаған толықтырулар да фонограммаға және бейнеграммаға енгiзiледi. Дыбыс- және бейнежазба жауап алынатын адамның олардың дұрыстығын куәландыратын мәлiмдемесiмен аяқталады.
12. Жауап алу барысында дыбыс- және бейнежазба қолданылып алынған айғақтар жауап алу хаттамасына енгiзiледi. Жауап алу хаттамасы, сондай-ақ: дыбыс- және бейнежазбаның қолданылғаны және бұл туралы жауап алынып отырған адамға хабарланғаны туралы белгiнi; ғылыми-техникалық құралдар, дыбыс- және бейнежазба жағдайлары мен оны тоқтата тұру фактiлерi, тоқтатудың себептерi мен ұзақтығы туралы мәлiметтердi; жауап алынып отырған адамның дыбыс- және бейнежазбаны қолдану себебі жөнiндегi мәлiмдемесiн; жауап алынып отырған адамға дыбыс- және бейнежазбаның тыңдатылып көрсетілгені туралы белгiнi; жауап алынып отырған адамның және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның хаттаманың және дыбыс- және бейнежазбаның дұрыстығын куәландырғанын қамтуға тиiс. Фонограмма мен бейнеграмма iспен бiрге сақталады және олар сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейiн мөрмен бекiтiледi.
211-бап. Қосымша және қайталап жауап алу
1. Қосымша және қайталап жауап алу осы Кодекстің 210-бабында көзделген қағидалар сақтала отырып жүргізіледі.
2. Қосымша жауап алу мынадай:
1) жауап алынған адам тергелетін істің мән-жайлары бойынша бұрын берген айғақтарын олардың жеткілікті түрде анық немесе толық болмауына қарай нақтылауға немесе толықтыруға ниет білдірген;