Қазақстан Республикасының
Заңы
Рұқсаттар және хабарламалар туралы
(2019.19.01. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2019 жылғы 21 қаңтарда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заңға өзгерістер енгізу туралы:
ҚР 2015 жылғы 24 қарашадағы № 422-V Заңын қараңыз (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі);
ҚР 2018 жылғы 4 шілдедегі № 173-VI Заңын қараңыз (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі);
ҚР 2018 жылғы 4 шілдедегі № 173-VI Заңын қараңыз (2021 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі);
ҚР 2019 жылғы 8 қаңтардағы № 215-VІ Заңын қараңыз (2019 ж. 11 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі)
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен кіріспе жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
Осы Заң жеке кәсіпкерлік субъектілерінің және осы Заңда көзделген басқа да тұлғалардың жекелеген қызмет түрлерін немесе әрекеттерді жүзеге асыруына рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізуге және іске асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
2015.24.11. № 419-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1) тармақша жаңа редакцияда
1) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган - ақпараттандыру және «электрондық үкiмет» саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2) біліктілік талаптары - өтініш берушінің және лицензиаттың жекелеген лицензияланатын қызмет түрімен және (немесе) лицензияланатын қызмет түрінің кіші түрімен айналысу қабілетін сипаттайтын, лицензия және (немесе) лицензияға қосымша беру кезінде де, оның жарамдылығы уақытының бүкіл кезеңінде де қойылатын сандық және сапалық нормативтер мен көрсеткіштер жиынтығы;
3) екінші санаттағы рұқсатты беруге уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құзыретіне рұқсат беру рәсімін жүзеге асыру жөніндегі функциялар жатқызылған мемлекеттік орган немесе лауазымды тұлға;
4) екінші санаттағы рұқсатты иеленуші - екінші санаттағы жарамды рұқсаты бар жеке немесе заңды тұлға;
5) лицензияланатын қызмет түрі - айналысу үшін осы Заңға сәйкес лицензия алу талап етілетін қызмет түрі (белгілі бір әрекет (операция, сақтандыру сыныптары);
6) лицензия - жеке немесе заңды тұлғаға қауіптіліктің жоғары деңгейіне байланысты лицензияланатын қызмет түрін не лицензияланатын қызметтің кіші түрін жүзеге асыруға лицензиар беретін бірінші санаттағы рұқсат;
7) лицензиар - осы Заңға сәйкес лицензиялауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
8) лицензиат - лицензиясы бар жеке немесе заңды тұлға;
9) лицензияланатын қызмет түрінің кіші түрі - бір лицензия аясында тиісті лицензияланатын қызмет түрін нақтылау;
10) лицензиялау - лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаларды және лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшалардың телнұсқасын беруге және қайта ресімдеуге, рұқсаттық бақылауды жүзеге асыруға, лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшалардың қолданысын тоқтата тұруға, қайта бастауға және тоқтатуға байланысты іс-шаралар кешені;
11) лицензияның иеліктен шығарылатындығы - басқа жеке немесе заңды тұлғаның біліктілік талаптарына сәйкестігін тексеру рәсімдерін жүргізбей, оған лицензияны қайта ресімдеу мүмкіндігі;
12) жарамды рұқсат - берілген, ұзартылған немесе қайта ресімделген, қолданысы осы Заңға сәйкес тоқтатыла тұрмаған немесе тоқтатылмаған рұқсат;
13) өтініш беруші - лицензиялаудан немесе рұқсат беру рәсімінен өту үшін тиісті рұқсат беру органына жүгінген немесе хабарлама жіберген жеке немесе заңды тұлға, заңды тұлғаның филиалы немесе өкілдігі, лицензиат, екінші санаттағы рұқсатты иеленуші;
14) реттеуші мемлекеттік органдар - рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібі енгізілген немесе енгізу жоспарланып жатқан нақты салада кәсіпкерлік қызметті реттеуге жауапты мемлекеттік органдар;
15) рұқсат - рұқсат беру органдары лицензиялау немесе рұқсат беру рәсімі арқылы жүзеге асыратын, жеке немесе заңды тұлғаның қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыруға құқығын растау;
16) рұқсаттық бақылау - рұқсат беру органдарының рұқсат және (немесе) рұқсатқа қосымша берілгенге дейін өтініш берушінің біліктілік немесе рұқсат беру талаптарына сәйкестігін тексеруге бағытталған қызметі, сондай-ақ, олар берілгеннен кейін лицензиаттардың және екінші санаттағы рұқсатты иеленушілердің Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету;
17) рұқсат беру органдары - лицензиарлар және екінші санаттағы рұқсаттарды беруге уәкілетті органдар;
18) рұқсат беру тәртібі - қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыру басталғанға дейін тұлғаның осы Заңда көзделген жарамды рұқсатқа ие болу міндетін белгілеу;
19) рұқсат беру рәсімі - екінші санаттағы рұқсатты беруге және оған қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де әрекеттерді жасауға, сондай-ақ рұқсаттық бақылауды жүзеге асыруға байланысты іс-шаралар кешені;
20) рұқсат беру талаптары - өтініш берушінің және екінші санаттағы рұқсатты иеленушінің рұқсат беру тәртібі енгізілген жекелеген қызмет түрін немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыру қабілетін сипаттайтын, екінші санаттағы рұқсатты беру кезінде де, оның жарамдылығы уақытының бүкіл кезеңінде де қойылатын сандық және сапалық нормативтер мен көрсеткіштердің жиынтығы;
21) рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі - берілген, қайта ресімделген, тоқтатыла тұрған, күші жойылған, ұзартылған, қайта басталған және қолданысы тоқтатылған рұқсаттар және олардың телнұсқалары туралы, сондай-ақ алынған хабарламалар туралы мәліметтер қамтылған рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесінің құрауышы;
22) рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті орган - рұқсаттар мен хабарламалар саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;
2015.12.11. № 391-V ҚР Заңымен 23) тармақша жаңа редакцияда (ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
23) рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібінің реттеушілік әсерін талдау (бұдан әрі - реттеушілік әсерді талдау) - кейіннен мемлекеттік реттеу, сондай-ақ кәсіптік немесе кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің өзін-өзі реттеуі мақсаттарына қол жеткізуді бағалауға мүмкіндік беретін, енгізілетін рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібінің пайдасы мен шығындарын салыстырудың талдамалық рәсімі;
24) рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін қатаңдату - өтініш берушілерге, лицензиаттарға немесе екінші санаттағы рұқсаттарды иеленушілерге қосымша талаптар, міндеттер белгілеу немесе жүктемені өзгеше ұлғайту;
25) рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесі - лицензиялауды, сәйкестендіру нөмірін бере отырып, рұқсат алу бөлігінде рұқсат беру рәсімдерін электрондық түрде жүзеге асыруға, өтініш берушінің хабарлама жіберуіне және осы процестерді қамтамасыз етуге арналған, «электрондық үкіметтің» құрауышы болып табылатын ақпараттық жүйе;
26) рұқсаттың электрондық нысаны - рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесін пайдалана отырып ресімделетін және алынатын, қағаз жеткізгіштегі рұқсатпен мәні бірдей электрондық құжат нысанындағы рұқсат;
27) тарихи деректер - хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыратын рұқсат беру органдары мен мемлекеттік органдарда рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу мүмкіндігі уақытша немесе ұдайы болмаған кезеңде берілген немесе жіберілген рұқсаттар мен хабарламалар туралы ақпарат;
27-1) 2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 28) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
28) хабарлама - рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті орган немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi бекiткен нысан бойынша өтiнiш берушi жасаған, қызметтiң немесе әрекеттiң жүзеге асырылуының басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы ақпарат беретiн құжат;
29) хабарлама жасау тәртібі - қызметті немесе әрекеттерді жүзеге асыру басталғанға дейін жеке немесе заңды тұлғаның бұл туралы осы Заңда белгіленген тәртіппен хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органды хабардар ету міндетін белгілеу;
30) ілеспе рұқсат - өтініш берушіге басқа рұқсатты беру үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті шарт болып табылатын екінші санаттағы рұқсат;
31) экспорт және импорт саласындағы уәкілетті органдар - экспорт және импорт саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық мемлекеттік органдар.
2-бап. Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленген болса, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу саласы
1. Осы Заңның күші Қазақстан Республикасындағы бір мезгілде мынадай белгілерге сәйкес келетін барлық рұқсаттар мен хабарламаларға қолданылады:
1) жеке немесе заңды тұлға қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыруды бастау үшін - рұқсатты алған, ал хабарламаны жіберген болуға тиіс;
2) Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес рұқсат (ілеспе рұқсаттан басқа) алу және хабарлама жіберу Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тұлғалар тобы үшін міндетті болып табылады, ал оларды алмай қызметті немесе әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыру қылмыстық немесе әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады;
3) рұқсатты беруді және хабарламаны қабылдауды уәкілетті мемлекеттік органдар немесе уәкілетті мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары жүзеге асырады;
4) рұқсат алу, хабарлама жіберу жөніндегі міндет: жеке және заңды тұлғаларға - жекеше кәсіпкерлік субъектілеріне; реттелетін кәсіби қызметпен айналысуға құқық алатын жеке тұлғаларға; жекеше кәсіпкерлік субъектілері болып табылмайтын, бірақ өзінің қызметін немесе әрекеттерін (операцияларын) жүзеге асыру үшін жекеше кәсіпкерлік субъектілері сияқты сондай рұқсаттарды алуға міндетті жеке және заңды тұлғаларға жүктеледі;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) рұқсат берудi жүзеге асыратын органдар нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптарға сәйкестiгiн тексерудi жүргiзуге және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайларда рұқсат беруден бас тартуға уәкiлеттi болады;
2016.29.03. № 479-V ҚР Заңымен 6) тармақшамен толықтырылды
6) жеке кәсіпкерлік субъектілері алатын рұқсаттар оларға кейіннен жеңілдіктер (жеңілдік шарттарын) беру үшін негіздеме болып табылмайды.
2. Осы Заңның күші:
1) осы Заңға 1 және 2-қосымшаларда көзделмеген, «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген рұқсаттарға;
2) заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуге және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеуге, заңды тұлғалар қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеуге, филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеуден шығаруға;
3) «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылатын валюталық операцияларды тіркеуге және валюталық операциялар туралы және шетел банкінде шот ашу туралы хабарлама жасауға;
4) «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бағалы қағаздар эмитенттері ұсынатын ақпарат пен есептерді қоса алғанда, эмиссиялық бағалы қағаздарды шығаруды мемлекеттік тіркеуге, шет мемлекет аумағында резидент-ұйымдардың эмиссиялық бағалы қағаздарын шығаруға және (немесе) орналастыруға рұқсат беруге;
5) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес қаржы саласындағы қызметті және қаржы ресурстарын шоғырландыруға байланысты қызметті жүзеге асыру процесінде бағалы қағаздар эмитенттері мен қаржы ұйымдары жіберетін хабарламаларға (мәліметтерге);
2015.24.11. № 422-V ҚР Заңымен 5-1) тармақшамен толықтырылады (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгiзiледi)
6) «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген, осы Заңға 2-қосымшада көзделмеген рұқсаттарға;
7) табиғи монополиялар салаларында және реттелетін нарықтарда табиғи монополиялар субъектілерінің тариф белгілеуді реттеу және реттелетін нарық субъектілерінің баға белгілеу бөлігінде басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның әрекеттеріне;
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 8) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
8) «Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген рұқсаттарға;
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 9) тармақшамен толықтырылды; 2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 9) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
9) ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздік жөніндегі талаптарды орындауға жатқызылатын және азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган жеке және заңды тұлғаларға беретін рұқсаттарға;
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 10) тармақшамен толықтырылды
10) қаржы ұйымдарының, сондай-ақ өзге де заңды тұлғалардың «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен және шарттарда ерекше реттеу режимі шеңберінде жүзеге асырылатын қызметіне қолданылмайды.
4-бап. Рұқсаттар және хабарламалар саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттары
Рұқсаттар және хабарламалар саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттары мыналар болып табылады:
1) тұтынушылар, кәсіпкерлер және мемлекет мүдделерінің теңгерімі;
2) рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізудің негізділігі және тиімділігі;
3) мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы және ақпаратқа қолжетімділік;
4) өзара жауаптылық;
5) сыбайлас жемқорлықтан азат болу.
5-бап. Тұтынушылар, кәсіпкерлер және мемлекет мүдделерінің теңгерімі
1. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізу қызмет немесе әрекеттер (операциялар) қауіпсіздігінің жеткілікті деңгейін, кәсіпкерлерге объективті түрде қажетті ең аз жүктеме кезінде тұтынушылардың құқықтарын барынша тиімді қорғауды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.
2. Біліктілік және рұқсат беру талаптары өтініш берушіге, лицензиатқа немесе екінші санаттағы рұқсатты иеленушіге алдағы қызмет және әрекет (операция) немесе объект қауіпсіздігінің талап етілетін деңгейін қамтамасыз ету үшін жеткілікті сандық және сапалық нормативтер мен көрсеткіштердің ең аз қажетті жиынтығын қамтамасыз етуге тиіс.
3. Рұқсат беру органдарының Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде тікелей көзделмеген құжаттарды беруді талап етуге құқығы жоқ.
6-бап. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізудің негізділігі және тиімділігі
1. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізудің негізділігі және тиімділігі мемлекеттік реттеу мақсатына қол жеткізуде негіздеудің, келісудің және олардың тиімділігіне мониторинг жүргізудің міндетті рәсімдерін енгізу арқылы қамтамасыз етіледі.
2. Рұқсаттарды беру кезінде, сондай-ақ өзге жағдайларда алынатын алымдардың немесе төлемдердің мөлшері мемлекеттің рұқсат беру тәртібін әкімшілендіруге жұмсалатын шығындарын өтеу қажеттігіне байланысты айқындалуға тиіс.
Реттеу шектеуші сипатта болған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарымен рұқсаттар беру кезінде алымдарды немесе төлемдерді алу және олардың мөлшері мүлік цензі және нарыққа кіру үшін шектеу ретінде,
сондай-ақ қауіптілік деңгейі жоғары қызметке немесе шектеулі ресурстар немесе квотаны пайдалану қызметіне берілетін рұқсаттарға қатысты көзделуі мүмкін.
3. Енгізілген рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібінің жүктемесі реттеушілік әсерді талдау арқылы өлшенуге және бағалануға тиіс.
4. Реттеу құралдарын таңдау қызмет түрлеріне немесе әрекеттерге (операцияларға) және жекеше кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тәуекелдерді бағалау және басқару қағидаттары негізге алына отырып жүзеге асырылады.
Әртүрлі жекеше кәсіпкерлік субъектілерінің алдағы қызметіне немесе әрекетіне (операциясына) байланысты қауіптілік деңгейіне қарай қызметтің бір түрі немесе әрекет (операция) шеңберінде рұқсат алу немесе хабарлама жіберу жөнінде талап белгіленуі мүмкін.
5. Рұқсат беру тәртібі, егер Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өнімге қойылатын талаптар, сәйкестікті міндетті растау жөніндегі талаптар мемлекеттік реттеу мақсаттарына қол жеткізу үшін жеткіліксіз болған жағдайларда белгіленеді.
7-бап. Мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы және ақпараттың қолжетімділігі
1. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне рұқсаттарға және (немесе) хабарламаларға қатысты өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу осы өзгерістер және (немесе) толықтырулар жұртшылықпен талқыланғаннан кейін жүзеге асырылуға тиіс.
2. Мемлекеттік органдарда бар, пайдаланылуы шектелмеген және мүдделі адамдарға қажетті ақпарат қолжетімді болуға тиіс.
3. Мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты қоспағанда, берілген рұқсаттар, жіберілген хабарламалар, рұқсаттар берудің және хабарламалар жіберудің шарттары туралы мәліметтер «электрондық үкіметтің» веб-порталында және мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында қазақ және орыс тілдерінде орналастырылуға тиіс.
4. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізуге және жүзеге асыруға байланысты барлық рәсімдер мен талаптар барлық мүдделі адамдар үшін түсінікті болуға тиіс.
8-бап. Өзара жауаптылық
1. Рұқсат беру арқылы мемлекет лицензиаттың, екінші санаттағы рұқсатты иеленушінің мемлекеттік реттеу мақсаттарына сәйкес қауіпсіздіктің ең төмен деңгейін қамтамасыз етуін растайды.
2. Алқалы түрде қарау және (немесе) шешім қабылдау мүмкіндігі, әдетте, өтініш берушінің тәжірибесін және (немесе) біліктілігін бағалауды немесе басқа өтініш берушілердің жағдайларымен салыстырғанда өтініш берушінің қызметті немесе әрекетті (операцияны) жүзеге асыруының неғұрлым үздік жағдайын таңдауды жүзеге асыру қажет болған жағдайда белгіленуі мүмкін.
9-бап. Сыбайлас жемқорлықтан азат болу
1. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін енгізу және жүзеге асыру кезінде мүдделер қақтығысы және құқықты таңдап қолдану фактілері орын алмауға тиіс.
2. Рұқсат беру рәсімдерін жүзеге асыру тәртібін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілерді қабылдау кезінде лицензиялау және рұқсат беру рәсімдері процесінде жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік органдармен байланыстарын шектеу мақсатында, әдетте, «бір терезе» қағидатын қолдану көзделеді, бұл ретте мемлекеттік органдардан алынатын барлық қажетті келісулерді рұқсат беретін органдардың өздері алуға тиіс.
3. Жеке және заңды тұлғалардан осы Заңда көзделмеген рұқсаттардың немесе хабарламалардың болуын талап етуге ешкім де құқылы емес.
2-тарау. РҰҚСАТТАР ЖӘНЕ ХАБАРЛАМАЛАР САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ ЖҮЙЕСІ
10-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыретіне:
1) рұқсаттар және хабарламалар саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу;
2015.12.11. № 391-V ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді)
1-1) өзін-өзі реттеуді дамыту үшін жағдайлар жасау;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) лицензиарларды және лицензия беруге келісуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды айқындау;
3) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) екінші санаттағы рұқсаттарды беруге уәкілетті органдарды, екінші санаттағы рұқсатты беруді келісуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды айқындау;
5) - 7) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 8) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8) өндірілуі, өңделуі, сатып алынуы, сақталуы, өткізілуі, пайдаланылуы және жойылуы лицензиялануға жататын улардың тізбесін бекіту;
9) - 11) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
12) өзіне Конституцияда, осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындау жатады.
11-бап. Рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Рұқсаттар және хабарламалар саласындағы уәкілетті органның құзыретіне:
1) рұқсаттар және хабарламалар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) даму процесін басқару, қолжетімділік құқықтарын белгілеу, рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3) тармақша жаңа редакцияда
3) лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алуға және қайта ресімдеуге арналған өтініштердің нысандарын, лицензияның және (немесе) лицензияға қосымшаның нысандарын әзірлеу және бекіту;
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 4) тармақша жаңа редакцияда
4) хабарламалар нысандарын және мемлекеттік органдардың хабарламаларды қабылдау қағидаларын бекіту туралы, сондай-ақ хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды айқындау туралы нормативтік құқықтық актіні әзірлеу және бекіту;
5) - 11) 2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
12) автоматтандыруға жататын және жатпайтын рұқсаттар тізбесін бекіту туралы ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен бірлескен бұйрықты бекіту;
13) 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
14) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
12-бап. Реттеуші мемлекеттік органдардың құзыреті
1. Реттеуші мемлекеттік органдардың құзыретіне:
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)