Бұл ретте тиісті жобаларды келісу кезінде мемлекеттік органдарға әзірлеуші мемлекеттік органдардан тиісті мемлекеттік орган айқындаған, бірақ сараптама кеңесінің мүшесі және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы хабарламаларды алған күннен бастап он жұмыс күнінен аз емес мерзімдерде сараптама қорытындысын ұсынбаған сараптама кеңестерінің мүшелерінен және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан сараптама қорытындыларын алуды талап етуге тыйым салынады.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген сараптама қорытындысын алу жөніндегі талап орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды көздейтін нормативтік құқықтық актілерінің жобаларына қолданылмайды.
2. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қатысты Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде белгіленген жағдайларда және тәртіппен реттеушілік әсерге талдау жүргізіледі.
3. Сараптама қорытындылары сараптама кеңесі мүшесінің немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жазбаша ұстанымын білдіреді, ұсынымдық сипатта болады және заң жобасының тұжырымдамасына, нормативтік құқықтық актінің жобасына ол қабылданғанға дейін, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен әрбір келесі келісу кезінде міндетті қосымшалар болып табылады.
Сараптама қорытындылары қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады.
4. Әзірлеуші органдар сараптама қорытындыларын қарауды Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырады.
5. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актіні қолданысқа енгізу мерзімдері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленетін талаптарға сәйкес қызметін жүзеге асыруға дайындалу үшін жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қажетті мерзімдер негізге алынып белгіленуге тиіс.
Нормативтік құқықтық актілерді қолданысқа енгізу тәртібі мен мерзімдері жеке кәсіпкерлік субъектілеріне нұқсан келтірмеуге тиіс.
6. Осы бапта көзделген рәсімдер жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді қабылдаудың міндетті шарттары болып табылады.
7. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобалары оларды сараптама кеңесі және Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қарағанға дейін, интернет-ресурстарда орналастыруды қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялануға (таратылуға) жатады.
20-бап. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу мен қабылдау ерекшеліктері
1. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу процесіне коммерциялық емес ұйымдарды, азаматтарды тарту мақсатында «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен қоғамдық кеңестер құрылады.
2019.21.01. № 217-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды көздейтін нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда, орталық мемлекеттік органдар, жергілікті өкілді және атқарушы органдар азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актінің жобасын «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен құрылатын қоғамдық кеңестерге жібереді.
Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ұсынымдарды беру үшін белгіленетін мерзім ол Қоғамдық кеңеске келіп түскен кезден бастап он жұмыс күнінен кем болмауы керек.
Қоғамдық кеңес мемлекеттік орган белгілеген мерзімде ұсынымдар бермеген жағдайда, нормативтік құқықтық актінің жобасы ескертусіз келісілді деп есептеледі.
Ұсынымдар нормативтік құқықтық актінің жобасы қабылданғанға дейін, оның ішінде мүдделі мемлекеттік органдармен осы жобаны әрбір келесі келісу кезінде оған міндетті қосымша болып табылады.
Ұсынымдар қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады.
3. Орталық мемлекеттік орган, жергілікті өкілді немесе жергілікті атқарушы орган Қоғамдық кеңестің ұсынымдарымен келіскен кезде нормативтік құқықтық актінің жобасына тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді.
Орталық мемлекеттік орган, жергілікті өкілді немесе жергілікті атқарушы орган ұсынымдармен келіспеген жағдайда, тиісті Қоғамдық кеңеске он жұмыс күні ішінде келіспеуінің себептерін негіздей отырып, жауап жібереді. Негіздемесі бар мұндай жауаптар нормативтік құқықтық актінің жобасы қабылданғанға дейін оған міндетті қосымша болып табылады.
21-бап. Нормативтік құқықтық актінің жобасын мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісу
1. Нормативтік құқықтық актінің дайындалған жобасы, ал қажет болған кезде оны іске асыру мақсатында қабылданатын басқа нормативтік құқықтық актінің жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісуге жіберіледі.
Мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қаржы-экономикалық есеп-қисаптар қоса беріледі.
Егер заң жобасында қамтылған құқық нормаларын іске асыру үшін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер қабылдау қажет болса (егер ондай қажеттілік болмаса, онда ол ілеспе хатта көрсетіледі), заң жобасына заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобалары қоса беріледі. Егер заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу басқа мемлекеттік органның құзыретіне жататын болса, онда осы мемлекеттік орган заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің тиісті жобасын әзірлеуші органға ұсынады.
2. Қазақстан Республикасы Президенті актілерінің жобаларын және Қазақстан Республикасының Президенті немесе Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары заң шығару бастамасы тәртібімен енгізетін заңнамалық актілердің жобаларын қоспағанда, нормативтік құқықтық актілердің жобалары міндетті түрде келісілуге жататын мемлекеттік органдардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
3. Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен дайындалған заңнамалық актілердің жобалары Қазақстан Республикасының Президенті немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы айқындайтын жағдайларда Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарымен келісіледі.
4. Нормативтік құқықтық актінің жобасы келісілуге жіберілген мемлекеттік органдар мен ұйымдар, егер Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі өзгеше белгілемесе, оны алған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша өз ескертулері мен ұсыныстарын дайындауға немесе олардың жоқтығы туралы нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеген әзірлеуші органға хабарлауға тиіс.
Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасының Мәжілісіне енгізілетін заңнамалық актілер жобаларының келісілу мерзімі, егер Қазақстан Республикасының Президенті немесе оның тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы өзге, неғұрлым қысқа мерзім белгілемесе, он жұмыс күнінен аспауы керек.
Мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша ескертулері кемшіліктерді жою жөніндегі ұсыныстарды қамтуға, негізделген және тиянақты болуға, жазбаша нысанда ұсынылуға тиіс.
5. Әзірлеуші орган нормативтік құқықтық актінің жобасын алынған ескертулер бойынша пысықтап, қабылданған және қабылданбаған ескертулер, ескертулерді қабылдамау уәждері туралы анықтама жасайды.
6. Жұмыс тобын құрған әзірлеуші орган нормативтік құқықтық актінің жобасына жұмыс тобында талқылануға тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізе алады немесе нормативтік құқықтық актінің жобасын жұмыс тобына пысықтауға қайтара алады.
7. Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
22-бап. Нормативтiк құқықтық актiнiң деректемелері
Нормативтiк құқықтық актiлердiң мынадай деректемелері болуға тиiс:
1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы;
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) акт нысанына нұсқау: Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Заңы; Қазақстан Республикасының конституциялық заңы; Қазақстан Республикасының кодексi; Қазақстан Республикасының шоғырландырылған заңы; Қазақстан Республикасының заңы; Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қаулысы; Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының қаулысы; Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң қаулысы; Қазақстан Республикасы Президентiнiң жарлығы; Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы; Министрдiң бұйрығы; орталық мемлекеттiк орган басшысының бұйрығы; ведомство басшысының бұйрығы; орталық мемлекеттiк органның қаулысы; мәслихаттың шешiмi; әкiмдiктің қаулысы; әкiмнің шешiмi; тексеру комиссияның қаулысы және нормативтiк құқықтық актiнiң осы Заңда көзделген өзге де нысаны;
3) нормативтiк құқықтық актiнiң реттеу нысанасын бiлдiретiн тақырып;
4) нормативтiк құқықтық актiнiң қабылданған жерi мен күні;
5) нормативтiк құқықтық актiнiң тiркеу нөмiрi;
6) нормативтiк құқықтық актiлерге қол қоюға уәкiлеттiк берiлген адамның немесе адамдардың қолтаңбалары;
7) осы Заңның 7-бабы 2-тармағының 6), 7), 8) және 9) тармақшаларында көзделген нормативтiк құқықтық актiнiң мемлекеттiк тiркелген күнi мен нөмiрiн көрсету;
8) елтаңбалы мөр.
23-бап. Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымы
1. Құқық нормаларын қамтитын абзац, бөлiк, тармақша, тармақ және бап нормативтiк құқықтық актiнiң негiзгi құрылымдық элементтері болып табылады.
Нормативтiк құқықтық акт бабының, тармағы мен тармақшасының iшiнде бөлiк - қисынды аяқталған, абзац арқылы бөлiнiп көрсетiлген, бас әрiптен басталатын құқықтың жеке нормасы болуы мүмкiн. Егер тармақшада бірнеше бөлік болса, тармақшаның бірінші бөлігі кіші әріптен басталады.
Бөлiктiң бас әрiппен басталатын бiрiншi абзацын қоспағанда, мәтiннiң кiшi әрiптен басталатын, бiрiншi жолда абзац арқылы бөлiнiп көрсетiлетiн және мағыналық біртұтастықты білдіретін бөлiгi абзац деп есептеледі. Абзацтар (бөлiктiң бiрiншi және соңғы абзацтарынан басқасы) нүктелi үтiрмен аяқталады.
Заңнамалық актiлер, әдетте, «бап» деген атауы бар баптардан тұрады, олар бөлiктi, тармақты, тармақшаны және абзацты қамтуы мүмкiн.
Өзге де нормативтiк құқықтық актiлер олардың атауында «тармақ» деген сөз жазылмайтын тармақтардан тұрады, олар тармақшаларды, бөлiктердi, абзацтарды қамтуы мүмкiн.
2. Көлемi ауқымды нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұны жағынан жақын баптары (тармақтары) тарауларға бiрiктiрiлуi мүмкiн. Мазмұны жағынан жақын бiрнеше тарау - бөлiмдерге, ал бөлiмдер нормативтiк құқықтық актiнiң бөлiктерiне бiрiктiрiлуi мүмкiн. Көлемі жағынан үлкен тараулар мен бөлiмдерде тиiсiнше параграфтар және кiшi бөлiмдер бөлiнiп көрсетiлуi мүмкiн. Кодекстерде ішкі құрылымның басқа да белгілемелері пайдаланылуы мүмкін.
Нормативтiк құқықтық актiлердегi тарау, параграф, бөлім, кiшi бөлiм тиiсiнше «тарау», «параграф», «бөлім», «кiшi бөлiм» деген сөздермен белгiленедi.
3. Кодекс, әдетте, атауында «бөлiк» деген сөз жазылмайтын бөлiктерге бөлiнетiн баптардан тұрады, олар араб цифрларымен нөмiрленедi.
4. Нормативтiк құқықтық актiнiң әрбiр тармағы, бабы, параграфы, тарауы, кiшi бөлiмi және бөлiмi араб цифрларымен нөмiрленедi. Нормативтiк құқықтық акт баптарының, тарауларының, бөлiмдерiнің және бөлiктерiнің нөмiрленуі тұтас болып табылады. Нормативтiк құқықтық актiнiң әрбiр тарауындағы параграфтардың нөмірленуі және әрбiр бөлiміндегi кiшi бөлiмдердің нөмірленуі дербес болып табылады.
5. Нормативтік құқықтық актілердің тармақтарындағы (баптарындағы) тармақшаларының, баптарындағы тармақтардың, сондай-ақ жекелеген кодекстер баптарындағы бөліктердің нөмірленуі әрбір бап үшін дербес болады. Тармақтардағы тармақшалардың нөмiрленуi араб цифрларымен жақша арқылы мынадай түрде белгiленедi: 1), 2), 3) және одан әрi қарай.
6. Заңды қабылдау мақсаттарына және оның алдында тұрған негiзгi мiндеттерге түсiндiрме беру қажет болған жағдайларда, құқық нормаларын жазудың алдынан кiрiспе бөлiк (кiрiспе) беріледі.
Кiрiспе бөлiк (кiрiспе) Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу туралы заң жобаларында жазылмайды.
7. Нормативтiк құқықтық актiде пайдаланылатын терминдер мен анықтамаларды нақтылау қажет болғанда, онда олардың мәніне түсiндiрме беретiн бап (тармақ) болады. Қазақ тiлiндегi нормативтiк құқықтық актiдегi терминдер мен анықтамалар әлiпбилiк ретпен орналастырылады. Орыс тiлiндегi нормативтiк құқықтық актiдегi терминдер мен анықтамалар қазақ тiлiнде жазылған ретке сәйкес болуға тиiс.
Нормативтiк құқықтық актiде пайдаланылатын терминдер мен анықтамалар бiртектес қоғамдық қатынастарды реттейтiн жоғары тұрған нормативтiк құқықтық актiде қолданылатын терминдер мен анықтамаларға сәйкес келуге тиiс.
8. Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымдық элементі тиiстi нұсқауларды нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнiнде құқық нормасының мәніне нұқсан келтiрмей жазу мүмкiн болмаған кезде ескертпемен толықтырылуы мүмкiн.
9. Пайдалануға ыңғайлы болу үшiн нормативтiк құқықтық актiнiң әрбiр бабының, тарауының, бөлiмiнің, бөлiгiнің, сондай-ақ тарауының параграфы мен бөлiмінiң кiшi бөлiмiнiң тақырыптары болуға тиiс.
Бұл талап республикалық бюджет туралы заңға және заңнамалық актiлерге өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу туралы заңнамалық актiлердiң баптарына қолданылмайды.
Нормативтiк құқықтық акт бөлiктерiнiң, бөлiмдерiнiң, кiшi бөлiмдерiнiң, тарауларының және параграфтарының тақырыптары алдыңғы мәтiннен - екi, ал келесi мәтiннен бiр жоларалық интервалмен бөлiнедi.
Нормативтік құқықтық актінің, оның бабының, тарауының, бөлігінің, бөлімінің, кіші бөлімінің және параграфының тақырыбы нормативтік құқықтық актінің өзінің, сондай-ақ тиісті бабының, тарауының, бөлігінің, бөлімінің, кіші бөлімінің және параграфының реттеу нысанасын көрсетуге тиіс.
10. Кодекстiң құрылымына мазмұн кiредi. Баптың тақырыбына өзгеріс және (немесе) толықтыру енгізген кезде, сондай-ақ кодексті баптармен толықтырған немесе кодекстен баптарды алып тастаған кезде мазмұнға тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу қажет.
11. Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымына қосымшалар енгiзiлуi мүмкiн.
24-бап. Нормативтiк құқықтық акт мәтiнiнiң мазмұнына және жазылу стилiне қойылатын талаптар
1. Мемлекеттiк органдардың қоғамдық қатынастарды мемлекеттiк реттеу саласындағы құзыретi, функциялары мен мiндеттерi нормативтiк құқықтық актiлерде Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк рәсiмдер туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттiк басқару деңгейi бойынша аражiгi нақты ажыратылып белгiленуге тиiс.
Мемлекеттiк органдардың типтiк функцияларын айқындау жөнiндегi әдiстемелiк ұсынымдарды Қазақстан Республикасының Үкiметi қабылдайды.
2. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнi бiрыңғай қарiппен басылуға тиiс.
3. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнi әдеби тiл нормалары, заң терминологиясы және заң техникасы сақтала отырып жазылады, оның ережелерi барынша қысқа болуға, нақты мағынаны және әртүрлi түсiндiруге жатпайтын мағынаны қамтуға тиiс. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнiнде мағыналық және құқықтық жүктемесi жоқ декларативтік сипаттағы ережелер қамтылмауға тиiс.
Ескірген және көп мағыналы сөздер мен сөз орамдарын, эпитеттердi, метафораларды қолдануға, сөздердi қысқартуға жол берiлмейдi. Нормативтiк құқықтық актiнiң құрылымдық элементінде жазылған құқық нормасы нақ осы актiнiң басқа құрылымдық элементтерiнде қайталап жазылмайды.
Қазақ және орыс тілдеріндегі нормативтік құқықтық актілердің мәтіндері теңтүпнұсқалы болуға тиіс.
4. Заңнамалық актіде құқықтық реттеудің негізгі қағидаттары, оның мәтінінде пайдаланылатын негізгі ұғымдар, заңнамалық акт күшіне енгеннен кейін өзге нормативтік құқықтық актілердің қолданылу тәртібі мен шарттары белгіленуі мүмкін.
Заңнамалық актінің өтпелі ережелерінде ол қолданысқа енгізілгенге дейін қатынастарды реттеу тәртібі көрсетіледі, жаңа құқық нормаларына ауысу мерзімдері мен тәсілдері белгіленеді.
Заңнамалық актінің қорытынды ережелерінде осы актіні қолданысқа енгізу туралы, бұрын шығарылған актінің күші жойылды деп тану туралы, оның күшін жою туралы нормалар бекітіледі. Осы актіні орындау және дамыту мақсатында қажет болғанда басқа да мемлекеттік органдардың актілерді шығаруы туралы талаптар белгіленеді.
Осы тармақта белгіленген талаптар Қазақстан Республикасы Парламентінің және оның Палаталарының қаулыларына қолданылмайды.
5. Нормативтік құқықтық актілердегі тапсырмалар мемлекеттік органдарға не қажет болғанда олардың басшыларына жолдануға тиіс.
Тапсырма беруші тұлғаға бағынысты емес мемлекеттік органдарға қатысты, нормативтік құқықтық актілердегі тапсырмалар ұсынымдық нысанда не олармен келісім бойынша жазылуға тиіс. Соңғы жағдайда мемлекеттік органның атауынан кейін «(келісім бойынша)» деген белгі көрсетіледі.
6. Нормативтік құқықтық актінің мәтінінде мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың атаулары ресми атауына сәйкес толық және бүкіл мәтін бойынша бірізді жазылады.
Нормативтік құқықтық акт мәтінінің қарапайым және ықшам болуын қамтамасыз ету мақсатында нормативтік құқықтық акт мәтінінің өзінде қысқартудың не аббревиатураның мағынасын таратып жаза отырып, мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың атауларын қысқартуға жол беріледі.
7. Нормативтік құқықтық актілердің мәтінінде абзацтарды сызықшалармен немесе өзге де белгілермен белгілеуге, жекелеген сөздер мен сөз тіркестерін бөліп көрсетуге және астын сызуға жол берілмейді.
25-бап. Нормативтiк құқықтық актiлерде сiлтеме жасау және жазып келтіру
1. Қажет болғанда нормативтік құқықтық актілерде жоғары тұрған нормативтік құқықтық актілердің құрылымдық элементтеріне сілтеме жасалуы, сондай-ақ жоғары тұрған нормативтік құқықтық актілерге сілтеме жасала отырып, осындай актілерден жекелеген құқық нормалары жазып келтірілуі мүмкін.
2. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементтерінде оның басқа құрылымдық элементтеріне сілтеме жасауға құқық нормаларының өзара байланысын көрсету не қайталауды болғызбау қажет болатын жағдайларда ғана жол беріледі.
3. Мәтін жолдарына және сөйлемдерге сілтеме жасау кезінде олардың нөмірленуі реттік сан есімдермен (жазумен) белгіленеді.
4. Нормативтік құқықтық актінің мәтінінде құрылымдық элементке сілтеме жасау оның реттік нөмірін жазумен немесе цифрлармен көрсету арқылы келтіріледі (оларды белгілеу үшін сын есімдерді пайдалануға жол берілмейді).
2017.11.07. № 91-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2018.05.10. № 184-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 11 сәуірден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 5-тармақ өзгертілді
5. Нормативтік құқықтық актіге сілтеме жасау кезінде мынадай кезектілікпен осы нормативтік құқықтық актінің нысаны, қабылданған күні, тіркеу нөмірі және тақырыбы көрсетіледі.
Мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық актіге сілтеме жасау кезінде оның Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген нөмірі қосымша көрсетіледі.
Заңнамалық актілерге сілтеме жасау кезінде олардың тіркелген нөмірлерін көрсету талап етілмейді.
Стандарттау жөніндегі құжаттың түрі ғана көрсетілетін заңнамалық актілерді қоспағанда, нормативтік құқықтық актілерде стандарттау жөніндегі құжаттарға сілтеме жасалған кезде олардың атауы не түрі көрсетіледі.
Нормативтік құқықтық актілерде ұлттық, мемлекетаралық стандарттарды және ұлттық техникалық-экономикалық ақпарат сыныптауыштарын қолдану тәртібін стандарттау саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
6. Егер нормативтік құқықтық актінің мәтінінде бір ғана нормативтік құқықтық актіге екі және одан да көп сілтеме қатарынан келтірілсе, онда осы нормативтік құқықтық актінің толық тақырыбы оған кейіннен сілтеме жасала отырып, бір рет (мәтінде алғаш рет аталған кезде) көрсетіледі.
7. Егер нормативтік құқықтық актіде қосымшаларға сілтеме болса, онда нормативтік құқықтық актіге бір қосымша болатын жағдайларды қоспағанда, қосымшалардың нормативтік құқықтық актінің мәтінінде олардың аталу реті бойынша берілетін нөмірлері көрсетіледі.
26-бап. Нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық актілерді ресімдеу
1. Заңдарды қоспағанда, нормативтік құқықтық актіге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің тақырыбында актінің нысанына, қабылданған күніне, тіркеу нөміріне және тақырыбына сілтеме қамтылуға тиіс.
Нормативтік құқықтық актіге немесе нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің тақырыбында бірінші кезекте «өзгерістер» немесе «өзгеріс» деген сөз көрсетіледі.
2. Заңнамалық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы заңнамалық акт жобасының мәтінінде аталған заңнамалық актілердің тақырыбы, қабылданған күні, сондай-ақ жақша ішінде - олардың бастапқы жарияланған жылы, нөмірі және құжаты, ал оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда - тиісті заңнамалық актілердің «Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы» жинағында не егер заңнамалық акт аталған жинақта жарияланбаса, осы Заңға сәйкес ресми жарияланымның өзге де дереккөзінде жарияланған жылы, нөмірі және құжаты көрсетіледі.
Нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы өзге де нормативтік құқықтық акт жобасының мәтінінде аталған нормативтік құқықтық актілердің тақырыбы, қабылданған күні, тіркеу нөмірі, сондай-ақ жақша ішінде - олардың «Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілер жинағы» жинағында жарияланған жылы, нөмірі және құжаты не егер нормативтік құқықтық акт ресми жариялануға жатқызылған болса, осы Заңға сәйкес алғашқы ресми жарияланған күні және ресми жарияланымның өзге де дереккөзінің атауы көрсетіледі.