2. Жоғалтқан табысты (кiрiстi) анықтау кезiнде жарақаттануына немесе денсаулығына өзгедей зақым келтiрiлуiне байланысты жәбiрленушiге тағайындалған мүгедектiк бойынша жәрдемақы, денсаулығына зиян келтiргенге дейiн де, одан кейiн де тағайындалған басқа да жәрдемақы түрлерi, сондай-ақ зейнетақы төлемдерi өтеу есебiне қосылмайды. Зиянды өтеу есебiне жәбiрленушiнiң денсаулығы зақымданғаннан кейiн алатын табыс та есептелмейдi.
3. Осы бапқа сәйкес жәбiрленушiге тиесiлi өтемнiң көлемi мен мөлшерi заң актілерімен немесе шартпен көбейтiлуi мүмкiн.
ҚР 24.12.01 № 276-II Заңына сәйкес; 2014.07.11. № 248-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 938-бап өзгертілді
938-бап. Денсаулықтың зақымдануы салдарынан жоғалтылған табысты (кiрiстi) анықтау
1. Өтеуге жататын жоғалтылған табыстың (кiрiстiң) мөлшерi жарақаттануына немесе денсаулығының өзгедей зақымдануына дейiнгi не жәбiрленушiнiң кәсiби еңбекке қабiлетiн, ал ол болмаған кезде - жалпы еңбекке қабiлетiн жоғалтуы дәрежелерiне сәйкес, еңбекке жарамдылығынан айырылу басталғанға дейiнгi орташа айлық табысының (кiрiсiнiң) проценттерiмен анықталады.
2023.21.12. № 49-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Жоғалтылған табыстың (кiрiстiң) құрамына негiзгi жұмыс орны бойынша да, сондай-ақ қоса атқаратын жұмысы бойынша да еңбек және азаматтық-құқықтық шарттар бойынша еңбекке ақы төлеудiң жеке табыс салығы салынатын барлық түрлерi кiргізіледi. Біржолғы сипаттағы төлемдер (пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақылар, жұмыстан босатылған кездегі жұмыстан шығу жәрдемақысы және басқалары) және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалған басқа да төлемдер ескерілмейді. Уақытша еңбекке жарамсыздық және жүктілік пен босануға байланысты демалыс кезеңi үшiн төленген жәрдемақы есепке алынады. Кәсiпкерлiк қызметтен алынатын кiрiстер, сондай-ақ авторлық қаламақы жоғалтылған табыстың құрамына кiргізіледi, бұл ретте кәсiпкерлiк қызметтен алынатын кiрiстер мемлекеттік кіріс органы деректерiнiң негiзiнде кіргiзiледi.
Табыстың (кiрiстiң) барлық түрлерi салықтар ұсталғанға дейiн есептелген сомаларда ескерiледi.
2023.21.12. № 49-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Орташа айлық табыс (кiрiс) денсаулыққа зақым келтiрудiң не еңбек қабiлетiн жоғалту басталардың алдындағы жұмыстың он екi айындағы табыстың (кiрiстiң) жалпы сомасын он екiге бөлу жолымен есептеледi. Зиян келтiрiлген кезде жәбiрленушi он екi айдан аз уақыт жұмыс iстеген жағдайда орташа айлық табыс (кiрiс) денсаулыққа зақым келтiрудiң алдындағы нақты жұмыс iстелген айларда тапқан табыстың (кiрiстiң) жалпы сомасын осы айлардың санына бөлу жолымен есептеледi.
Жәбiрленушi толық жұмыс iстемеген айлар толық жұмыс iстеген айлардың алдындағы айлармен ауыстырылады не оларды ауыстыру мүмкiн болмаған жағдайда есептен шығарып тасталады.
4. Жәбiрленушi зиян келтiрiлген кезде жұмыс iстемеген жағдайда оның қалауы бойынша жұмыстан босатылғанға дейiнгi табысы не осы жердегi оның біліктілігіндегі қызметкер сыйақысының жай мөлшерi ескерiледi, бiрақ ол заң актілерімен белгiленген бiр айлық есептiк көрсеткiштiң он еселенген мөлшерiнен кем болмауға тиiс.
5. Егер жәбiрленушiнiң табысында (кiрiсiнде) оған жарақат келтiрiлгенге немесе денсаулығының өзгедей зақымдануына дейiн оның мүлiктiк жағдайын жақсартатын тұрақты өзгерістер болса (атқаратын қызметi бойынша жалақысы арттырылса, бiршама жоғары ақы төленетiн жұмысқа ауыстырылса, оқу орнын бiтiргеннен кейiн жұмысқа тұрса және жәбiрленушiнiң еңбегiне ақы төлеудiң өзгертiлуiнiң тұрақтылығы немесе өзгеру мүмкiндiгi дәлелденген басқа жағдайларда), оның орташа айлық табысын (кiрiсiн) белгiлеу кезiнде ол алған немесе тиiстi өзгертуден кейiн алуы тиiс болған табыс (кiрiс) қана ескерiледi.
6. 2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 939-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
939-бап. Кәмелетке толмаған адамның денсаулығы зақымданған кезде зиянды өтеу
1. Жасы он төртке жетпеген және табысы жоқ кәмелетке толмаған адам (жас бала) жарақат алған немесе денсаулығы өзгедей зақымданған жағдайда зиян үшiн жауапты адамдар денсаулықтың зақымдануына байланысты шығындарды өтеуге мiндеттi.
2. Жәбiрленушiнiң он төрт жасқа толғаннан кейiн, сондай-ақ табысы (кiрiсi) жоқ он төрттен он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағанға зиян келтiрiлген жағдайда зиян үшiн жауапты адамдар денсаулығының зақымдануынан туындаған шығындардан басқа, еңбекке ақы төлеудiң заң актілерімен белгiленген он еселенген айлық есептiк көрсеткiштi негiзге ала отырып, оның еңбек қабiлетiн жоғалтуына және еңбек қабiлетiнiң төмендеуiне байланысты зиянды да жәбiрленушiге өтеуге мiндеттi.
Егер денсаулығы зақымданған кезде кәмелетке толмаған адамның табысы болса, зиян осы табыстың мөлшерi негiзiнде, бiрақ еңбекке ақы төлеудiң заң актілерімен белгiленген кемiнде он еселенген айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде өтеледi.
Еңбек қызметi басталғаннан кейiн жәбiрленушi өзi алатын табысты негiзге ала отырып, бiрақ кемiнде өзi атқаратын қызмет бойынша белгiленген сыйақының немесе өзiнiң жұмыс орны бойынша сол біліктіліктегi қызметкер табысының мөлшерiнде зиян өтемiнiң көбейтiлуiн талап етуге құқылы.
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 940-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
940-бап. Азаматтың қайтыс болуы салдарынан залал шеккен адамдарға зиянды өтеу
1. Азамат қайтыс болған жағдайда қайтыс болған адамның асырауындағы немесе ол қайтыс болған күнге дейiн одан жәрдем ақша алуға құқылы болған еңбекке жарамсыз адамдардың, қайтыс болған адамның ол қайтыс болғаннан кейiн туған баласының, сондай-ақ ата-анасының бiреуі, зайыбы не еңбекке қабiлеттілігiне қарамастан жұмыс iстемейтiн және қайтыс болған адамның асырауында болған балаларын, немерелерiн, жасы он төртке толмаған не аталған жасқа толса да, медицина органдарының қорытындысы бойынша денсаулық жағдайына байланысты басқа адамның күтуiне мұқтаж аға-iнiлерi мен апа-қарындастарын (жас балаларды) күтумен айналысатын, отбасының басқа да мүшесiнiң зиянды өтетiп алуға құқығы бар.
2. Қайтыс болған адамның асырауында болған және ол қайтыс болғаннан кейiн бес жылдың iшiнде еңбекке жарамсыз болып қалған адамдардың да зиянды өтетiп алуға құқығы бар.
Ата-аналарының бiреуi, зайыбы не жұмыс iстемейтiн және қайтыс болған адамның осы баптың 1-тармағында көрсетiлген балаларын, немерелерiн, аға-iнiлерi мен апа-қарындастарын күтумен айналысатын және күтудi жүзеге асыру кезеңiнде еңбекке жарамсыз болып қалған отбасының басқа мүшесi осы адамдарды күту аяқталғаннан кейiн зиянды өтетiп алу құқығын сақтап қалады.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2022.27.06. № 129-VII ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 3-тармақ өзгертілді
3. Зиян: кәмелетке толмағандарға - он сегiз жасқа толғанға дейiн, он сегiздегi және одан да ересек жастағы оқушыларға - күндiз оқыту нысанындағы оқу орындарындағы оқуы аяқталғанға дейiн, бiрақ әрi кеткенде жиырма үш жасқа дейiн; Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында белгіленген зейнеткерлік жасқа толған адамдарға - өмiр бойы; мүгедектігі бар адамдарға мүгедектiк мерзiмiне; қайтыс болған адамның асырауында болған балаларын, немерелерін, аға-інілері мен апа-сіңлілерін (қарындастарын) күтумен айналысатын ата-анасының біреуіне, жұбайына не отбасының басқа мүшесiне - олар он төрт жасқа толғанға дейiн не денсаулық жағдайы өзгергенге дейiн өтеледi.
941-бап. Азамат қайтыс болған жағдайда келтiрiлген зиянды өтеу мөлшерi
1. Азаматтың қайтыс болуына байланысты зиянды өтетуге құқығы бар адамдарға зиян оның көзi тiрi кезiнде өзiнiң асырауына алған немесе алуға құқылы қайтыс болған адамның табысының (кiрiсiнiң) осы Кодекстiң 938-бабының ережелерi бойынша есептелген үлесi мөлшерiнде өтеледi. Осы адамдарға зиянды өтеудi белгiлеген кезде қайтыс болған адамның кiрiстерiнiң құрамына оның табысымен қатар көзi тiрi кезiнде алып жүрген зейнетақысы, ғұмырлық жәрдем ақшасы мен осы сияқты басқа да төлемдер қосылады.
2. Зиянды өтеудiң мөлшерiн анықтаған кезде адамдарға асыраушының қайтыс болуына байланысты тағайындалған жәрдемақылар, асыраушы қайтыс болғанға дейiн де, одан кейiн де тағайындалған басқа да жәрдемақы түрлерi, сондай-ақ табыс, стипендия, зейнетақы төлемдерi ескерiлмейдi.
3. Асыраушының қайтыс болуына байланысты зиянды өтетуге құқығы бар адамдардың әрқайсысына белгiленген өтемнiң мөлшерi, баланың асыраушы қайтыс болғаннан кейiн туылуы; қайтыс болған асыраушының балаларын, немерелерiн, аға-iнiлерi мен апа-қарындастарын күтумен айналысатын адамдарға өтемнiң тағайындалуы (тоқтатылуы) жағдайларын қоспағанда бұдан әрi қайта есептеуге жатпайды.
Өтемнiң көлемi мен мөлшерi заң актiсiмен немесе шартпен көбейiтiлуi мүмкiн.
942-бап. Зиянды өтеу мөлшерiн өзгерту
1. Еңбек қабiлетiн iшiнара жоғалтқан жәбiрленушi, егер оның еңбек қабiлетi оған өтем тағайындалған кезде өзiнде болған еңбек қабiлетiне қарағанда денсаулығына зақым келтiрiлуiне байланысты төмендеп кетсе, зиянды өтеу мiндетi жүктелген адамнан өтем мөлшерiн тиiсiнше көбейтудi кез келген уақытта талап етуге құқылы.
2. Жәбiрленушi денсаулығының зақымдануына байланысты зиянды өтеу мiндетi жүктелген адамдар, егер жәбiрленушiнiң еңбек қабiлетi зиян үшiн өтем тағайындаған кезде өзiнде болған еңбек қабiлетiне қарағанда артып кетсе, өтем мөлшерiн тиiсiнше төмендетудi талап етуге құқылы.
3. Егер зиянды өтеу мiндетi жүктелген азаматтың мүлiктiк жағдайы жақсарса, ал өтемнiң мөлшерi осы Кодекстiң 935-бабының 5-тармағына сәйкес төмендесе, жәбiрленуші зиянды өтеу мөлшерiн көбейтудi талап етуге құқылы.
4. Зиян келтiрiлген азаматтың талабы бойынша, егер зиянды өтеушiнiң мүлiктiк жағдайы зиянды өтеу тағайындалған кездегiмен салыстырғанда мүгедектiгіне не зейнет жасына толуына байланысты нашарласа, сот зиянды өтеу мөлшерiн төмендетуi мүмкiн (осы Кодекстiң 935-бабының 5-тармағы).
2011.30.03. № 424-IV ҚР Заңымен 943-бап өзгертілді (бұр.ред.қара); 2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен 943-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
943-бап. Күнкөрiс құнының артуына байланысты зиянды өтеуді ұлғайту
Азаматтарға денсаулығының зақымдануына немесе жәбiрленушiнің қайтыс болуына байланысты төленетiн зиянды өтеу сомалары инфляцияның болжамды деңгейінің орташа мәніне пропорционалды түрде жыл сайын ұлғайтылады.
2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен 944-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
944-бап. Зиянды өтеу жөніндегі төлемдер
2015.02.08. № 342-V ҚР Заңымен (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2023.20.04. № 226-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Жәбiрленушiнiң еңбекке қабiлеттілігiнiң төмендеуiне немесе қайтыс болуына байланысты зиянды өтеу ай сайынғы төлемдермен жүргiзiледi.
Жәбірленушінің еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде жоғалтылған табысы бөлігінде зиянды өтеу еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін белгілеу мерзіміне, бірақ оның Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетуінен аспайтын мерзімге жүзеге асырылады.
Бұл ретте, жоғалтылған табыс (кіріс) бөлігінде зиянды өтеу сомасынан Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында белгіленген мөлшерде және тәртіппен міндетті зейнетақы жарналары ұсталады және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылады.
Дәлелдi себептер болған кезде сот зиян келтiрушiнiң мүмкiндiктерiн ескере отырып, өтеттіруге құқығы бар азаматтың талап етуі бойынша оған тиесiлi төлемдердi бiржолғы, бiрақ үш жылдан аспайтындай етіп тағайындауы мүмкiн.
2. Қосымша шығындарды өндiрiп алу медициналық сараптама қорытындысының негiзiнде белгiленген мерзiмдердiң шегiнде алдағы уақытқа, сондай-ақ қызмет көрсету мен мүлiктiң құнына алдын ала ақы төлеу қажет болған жағдайда (жолдама сатып алу, жол ақысын төлеу, арнайы көлiк құралдарына ақы төлеу және т.б.) жүргiзiлуi мүмкін.
3. Жәбiрленушi заң актілеріне сәйкес мiндеттеменi тоқтатуды немесе мерзiмiнен бұрын орындауды талап етуге құқығы болған жағдайларда, мұндай талап тиiстi мерзiмдiк төлемдердi капиталдандыру жолымен қанағаттандырылады.
2011.30.03. № 424-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.27.04. № 311-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 945-бап өзгертілді
945-бап. Заңды тұлға тоқтатылған ретте зиянды өтеу
1. Өмiр мен денсаулыққа келтiрiлген зиян үшiн белгiленген тәртiппен жауапты болып танылған заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда тиiстi төлемдердi төлеу жөніндегі мiндетiн оның құқықтық мирасқоры алады. Оған зиянды өтеу жөнiнде талаптар қойылады.
2023.21.12. № 49-VIII ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
2. Өмір мен денсаулыққа келтiрiлген зиян үшiн белгіленген тәртiппен жауапты болып танылған заңды тұлға таратылған жағдайда тиiстi төлемдер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен оларды жәбiрленушiге төлеу үшiн капиталдандырылуы тиіс.
2023.21.12. № 49-VIII ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (2024 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Таратылатын заңды тұлғада мүлiктiң болмауы немесе жеткiлiксiз болуы себептi төлемдердi капиталдандыруды жүргiзу мүмкiн болмаған жағдайларда тағайындалған сомаларды жәбiрленушiге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекет төлейдi.
4. Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалардың өтеуі жөніндегі төлемдерді капиталдандыру кезеңі аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының азаматына Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен ай сайынғы төлемдер түрінде әлеуметтік көмек жүзеге асырылады, олардың мөлшерлері инфляцияның болжамды деңгейінің орташа мәніне пропорционалды түрде жыл сайын ұлғайтылады.
946-бап. Жерлеуге жұмсалған шығындарды өтеу
Жәбiрленушiнiң қайтыс болуына байланысты зиян үшiн жауапты адамдар жерлеуге қажеттi шығындарды осы шығындарды көтерген адамға өтеуге мiндеттi.
Осы шығындарды көтерген азаматтардың жерлеуге арнап алған жәрдемақысы зиянды өтеу есебiне қосылмайды.
3. Тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң жеткiлiксiздiгi салдарынан келтiрiлген зиянды өтеу
947-бап. Тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң жеткiлiксiздiгi салдарынан келтiрiлген зиянды өтеу негiздерi
Тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң) конструкциялық, рецептуралық немесе өзгедей жеткiлiксiздiгi салдарынан, сондай-ақ тауар (жұмыс, қызмет көрсету) туралы анық емес немесе жеткiлiксiз ақпараттың салдарынан азаматтың өмiрiне, денсаулығына немесе мүлкiне не заңды тұлғаның мүлкiне келтiрiлген зиян, олардың кiнәсiне және жәбiрленушiнiң олармен шарттық қатынастарда болғандығына немесе болмағандығына қарамастан, сатушының немесе дайындаушының (орындаушының) өтеуiне жатады. Осы ереже тек тауарды (жұмысты, қызмет көрсетудi) тұтынушылық мақсаттарда сатып алған жағдайларда ғана қолданылады.
948-бап. Тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң кемшiлiгi салдарынан келтiрiлген зиян үшiн жауапты тұлғалар
1. Тауардың кемшiлiгi салдарынан келтірілген зиянды жәбiрленушiнiң таңдауы бойынша тауарды сатушы немесе дайындаушы өтеуге тиiс.
2. Жұмыстың немесе қызмет көрсетулердiң кемшiлiгi салдарынан келтiрiлген зиянды орындаушы өтеуге тиiс.
3. Тауардың (жұмыстың, қызмет көрсетудiң) қасиеттерi мен оларды пайдалану ережелерi туралы толық немесе анық ақпарат бермеудiң салдарынан келтiрiлген зиян осы баптың 1, 2-тармақтарының ережелерiне сәйкес өтелуге тиiс.
949-бап. Тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң кемшiлiгi салдарынан келтiрiлген зиянды өтеу мерзiмдерi
1. Тауардың (жұмыстың, қызмет көрсетудiң) кемшiлiгiнен туындаған зиян, егер ол тауардың (жұмыстың, қызмет көрсетудiң) жарамдылығының (қызметтiң) белгiленген мерзiмдерi iшiнде келтiрiлсе өтелуге, ал жарамдылық (қызмет) мерзiмi белгiленбесе - тауарды (жұмыс, қызмет көрсету) өндiрiлген күннен бастап он жыл iшiнде өтелуге тиiс.
2. Зиян:
1) егер заң актілерінiң талаптары бұзыла отырып жарамдылық (қызмет) мерзiмi белгiленбесе;
2) егер сатып алушы (тұтынушы) жарамдылық (қызмет) мерзiмi өткеннен кейiн қажеттi iс-әрекеттер туралы және аталған iс- әрекеттердi орындамаған жағдайда мүмкiн болатын зардаптар туралы ескертiлмесе, осы баптың 1-тармағында аталған мерзiмдер шегiнен тыс өтелуге тиiс.
950-бап. Тауарлардың, жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң кемшiлiктерi салдарынан келтiрiлген зиян үшiн жауапкершiлiктен босату негiздерi
Тауар сатушы немесе дайындаушы, жұмысты немесе қызмет көрсетудi орындаушы, егер зиян дүлей күштiң немесе тұтынушының тауарды (жұмыстың, қызмет көрсетудiң нәтижелерiн) пайдалану немесе оларды сақтау ережелерiн бұзуы салдарынан пайда болғанын дәлелдеген жағдайларда ғана жауапкершiлiктен босатылады.
4. Моральдық зиянды өтеу
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 951-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
951-бап. Моральдық зиянды өтеу
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Моральдық зиян - жеке тұлғалардың өзiндiк мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарының бұзылуы, кемсiтiлуi немесе олардан айырылуы, оның iшiнде өзiне қарсы құқық бұзушылықтың жасалуы салдарынан жәбiрленушiнiң, ал осындай құқық бұзушылық салдарынан ол қайтыс болған жағдайда - жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) басынан кешірген (төзімін тауысқан, уайымға салған) жан азабы немесе тән азабы (қорлау, ызаландыру, қысым жасау, ашуландыру, ұялту, түңілту, тән қиналуы, залал шегу, қолайсыз жағдайда қалу және т.б.).
2. Моральдық зиянды осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайлардан басқа реттерде, зиян келтiрушiнiң кiнәсi болған кезде зиян келтiрушi өтейдi.
«1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) 951-бабы 2-тармағының және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Соттардың моральдық зиянды өтеу жөніндегі заңнаманы қолдануы туралы» 2015 жылғы 27 қарашадағы № 7 нормативтік қаулысының 9-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 6 қазандағы № 32-НҚ нормативтік қаулысын қараңыз
3. Зиян келтірушінің кінәсіне қарамастан моральдық зиян мына жағдайларда, егер:
1) зиян азаматтың өмiрi мен денсаулығына жоғары қауiптілiк көзi арқылы келтiрiлсе;
2) зиян азаматқа оның заңсыз сотталуының, заңсыз қылмыстық жауапқа тартылуының, бұлтартпау шарасы ретiнде заңсыз қамауға алуды, үйде қамауда ұстауды немесе ешқайда кетпеуi туралы қолхат алуды қолданудың, қамауда ұстау, психиатриялық емдеу мекемесiне немесе басқа емдеу мекемесiне орналастыру түрiнде әкiмшiлiк жазаны заңсыз қолданудың салдарынан келтiрiлсе;
3) зиян ар-ожданына, қадiр-қасиетi мен iскерлiк беделiне нұқсан келтiретiн мәлiметтер тарату арқылы келтiрiлсе;
4) заң актілерінде көзделген өзге де жағдайларда өтеледi.
4. Заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, азаматтың мүлiктiк құқықтарын бұзатын әрекеттер (әрекетсiздiк) арқылы келтiрiлген моральдық зиян өтелуге жатпайды.
952-бап. Моральдық зиянды өтеу мөлшерi
1. Моральдық зиян ақшалай нысанда өтеледi.
2017.27.02. № 49-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Моральдық зиянның мөлшерiн анықтаған кезде жәбірленушінің не оған қарсы жасалған құқық бұзушылық салдарынан ол қайтыс болған жағдайда жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) келтiрiлген адамгершiлiк залалдың ауырлығын субъективті бағалауы да, сондай-ақ жәбiрленушiнiң не ол қайтыс болған жағдайда оның жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) жан азабы мен тән азабының дәрежесiн дәлелдейтiн объективтi деректер де: қол сұғу объектiсi болған игiлiктiң (өмiр, денсаулық, ар-ождан, қадiр-қасиет, бостандық, тұрғын үйге ешкiмнiң тиіспеуi және т.б.) өмірлiк маңыздылығы; құқық бұзушылық зардаптарының ауырлығы (жақын туыстарын өлтiру, мүгедектiкке алып келген дене жарақатын салу, бас бостандығынан айыру, жұмыстан немесе тұрғын үйден айыру және т.б.); ұятқа қалдыратын жалған мәлiметтер тарату сипаты мен аясы; жәбiрленушiнiң өмiр сүру жағдайлары (қызметтік, отбасылық, тұрмыстық, материалдық, денсаулық жағдайы, жасы және басқалары), өзге де назар аударуға тұратын мән-жайлар ескерiледi.
3. Моральдық зиян өтелуге тиiс мүлiктiк зиянға қарамастан өтеледi.
48-тарау. Негізсіз баю салдарынан туындайтын міндеттемелер
953-бап. Негiзсiз байлықты қайтару мiндетi
1. Заңдармен немесе мәмiлемен белгiленген негiздерсiз мүлiктi басқа тұлғаның (жәбiрленушiнiң) есебiнен иеленiп алған немесе жинаған тұлға (сатып алушы), осы Кодекстің 960-бабында көзделген жағдайлардан басқа ретте, негiзсiз иеленiп алынған немесе жинақталған мүлiктi (негiзсiз баю) алдыңғысына қайтаруға мiндеттi.
2. Егер мүлiк иеленiп алынған немесе жинақталған негiз кейіннен жоққа шыққанда да, осы баптың 1-тармағында белгiленген мiндет туындайды.
3. Осы тараудың ережелерi негiзсiз баю мүлiктi иеленушiнiң, жәбiрленушiнiң өзiнiң немесе үшiншi тұлғалардың пиғылының нәтижесi не оқиғаның салдары болып табылғанына қарамастан қолданылады.
954-бап. Негiзсiз байлықты қайтару туралы талаптардың азаматтық құқықтарды қорғау туралы басқа талаптармен арақатынасы
Осы Кодексте, басқа да заң актілерінде өзгеше белгiленбесе және тиiстi қарым-қатынастар мәнiнен өзгеше туындамаса, осы тараудың ережелерi:
1) жарамсыз мәмiле бойынша орындалғандарды қайтару туралы;
2) меншiк иесiнiң мүлiктi бөгде бiреудiң заңсыз иеленуiнен сұратып алуы туралы;
3) мiндеттемедегi бiр тараптың екiншiсiне осы мiндеттемеге байланысты орындалғандарды қайтару туралы;
4) зиянды, оның iшінде байыған тұлғаның терiс пиғылынан келтiрiлген өтем туралы талаптарға да қолданылуға тиiс.
955-бап. Негiзсiз байлықты заттай қайтару
1. Мүлiктi иеленушiнiң негiзсiз байлығын құрайтын мүлiк жәбiрленушiге заттай қайтарылуға тиiс.
2. Мүлiктi иеленушi баюының негiзсiздiгi туралы ол бiлгеннен немесе бiлуге тиiстi болғаннан кейiн болған, оның iшiнде негiзсiз иеленiлген немесе жинақталған қандай болса да мүлiктiң кездейсоқ кем шыққаны немесе бүлiнгенi үшiн жәбiрленушiнiң алдында жауап бередi. Бұған дейiн ал тек жасырын ниетi мен өрескел абайсыздығы үшiн ғана жауап бередi.
956-бап. Негізсіз байлықтың құнын өтеу
1. Негiзсiз алынған немесе жинақталған мүлiктi заттай қайтарып беру мүмкін болмаған жағдайда мүлікті иеленуші жәбiрленушiге осы мүлiктiң оны алған кездегi нақты құнын өтеуi, сондай-ақ егер мүлiктi иеленушi оның құнын баюдың негiзсiздiгi туралы бiлгеннен кейiн дереу өтемесе, мүлiк құнының кейiнгi өзгеруi арқылы келтiрiлген шығындарды өтеуге тиiс.
2. Басқаның мүлкiн не басқаның қызмет көрсетулерiн негiзсiз уақытша пайдаланған (оны иелену ниетiнсiз) адам жәбiрленушiге пайдалану тоқтатылған кездегi және оның болған жеріндегі бағамен осындай пайдалану салдарынан жинақтағанын өтеуге тиiс.
957-бап. Құқықты басқа тұлғаға негiзсiз берудiң зардабы
Талаптарын беру арқылы немесе өзiне өзге де түрде тиесiлi құқығын жоқ немесе жарамсыз мiндеттеме негiзiнде басқа тұлғаға берген тұлға өзiнiң бұрынғы жағдайын қалпына келтiрудi, оның iшiнде берiлген құқықты куәландыратын құжаттардың өзiне қайтарылуын талап етуге құқылы.
958-бап. Жәбiрленушiге алынбаған табыстарды өтеу
1. Мүлiктi негiзсiз алған немесе жинақтаған тұлға мұндай баюдың негiзсiздiгi туралы бiлген немесе бiлуге тиiстi болған уақыттан бастап осы мүлiктен өзi алған немесе алуға тиiстi болған барлық кiрiстердi жәбiрленушiге қайтаруға немесе өтеуге мiндеттi.
2. Негiзсiз ақшалай баюдың сомасына ақшаны иемденушiге ақша алудың немесе жинақтаудың негiзсiздiгi туралы бiлген немесе бiлуге тиiстi болған уақыттан бастап бөгде ақшаны пайдаланғаны үшiн тұрақсыздық айыбы есептелуге тиіс.
959-бап. Қайтарылуға жататын мүлікке шыққан шығындарды өтеу
Негiзсiз алынған немесе жинақталған мүлiктi қайтарған (осы Кодекстiң 955-бабы) немесе оның құнын өтеген кезде (осы Кодекстiң 956-бабы) мүлiктi иемденушi өзi алған пайданы есептей отырып, кiрiстi қайтаруға өзi мiндеттi болған (осы Кодекстiң 958-бабы) уақыттан бастап мүлiктi ұстауға және сақтауға қажеттi шығындарды өтеудi жәбiрленушiден талап етуге құқылы. Шығындарды өтеу құқығы мүлiктi иемденушi қайтарылуға жататын мүлікті қасақана ұстаған жағдайларда жойылады.