4. Сақтандырушы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік-құқықтық актісіне сәйкес айқындалған зиян мөлшерінде сақтандыру төлемін жүзеге асырады.
5. Жәбірленуші (пайда алушы) сақтандырушы айқындаған зиян мөлшерімен келіспеген кезде, жәбірленуші (пайда алушы) сақтандырушы айқындаған зиян мөлшеріне сотта дау айтуға құқылы.
Сақтандырушы пайда алушыға тиесілі сақтандыру төлемінен зиян мөлшерін айқындауға байланысты өз шығыстарын ұстап қалуға құқылы емес.
Сақтандырушы сақтанушының, жәбірленушінің (пайда алушының) сұрау салуы бойынша мүлікке келтірілген зиянның айқындалған мөлшеріне қатысты дауды қарауға және шешуге қатысты кез келген құжаттарды сұрау салу алынған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде беруге міндетті.
6. Сақтандыру оқиғасын қасақана жасау, сондай-ақ сақтандыру төлемін заңсыз алуға бағытталған өзге де алаяқтық әрекеттер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес жауаптылыққа алып келеді.»;
8) 24-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«24-бап. Сақтандырушының жауаптылық шектері»;
1-тармақтың 1) тармақшасының сегізінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«мертiгуге, жарақаттануға немесе денсаулықтың мүгедектiк белгіленбеген өзге де зақымдануына - амбулаториялық және (немесе) стационарлық емделуге жұмсалған нақты шығыстар мөлшерiнде, бiрақ 300-ден көп емес;»;
9) 25-баптың 2-тармағында:
4-2) тармақшадағы «7» деген цифр «3» деген цифрмен ауыстырылсын;
5) және 8) тармақшалар алып тасталсын;
10) 26-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«26-1-бап. Тікелей реттеу
1. Сақтандыру жағдайы басталған кезде, жәбірленуші немесе жәбірленушінің қайтыс болуына байланысты Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес зиянды өтетуге құқығы бар адам кінәсінен сақтандыру жағдайы туындаған адамда сақтандыру полисі болған жағдайда, келтірілген зиянның өтемін алу үшін жәбірленуші көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шартын жасасқан сақтандырушыға өтiнiш жасауға құқылы.
Зиян келтiрiлген мүлiктiң меншiк иесi болып табылмайтын жәбiрленушi осы Заңда көзделген тәртiппен кiнәсiнен сақтандыру жағдайы туындаған адамның сақтандырушысына өтініш жасайды.
2. Сақтандырушы осы Заңның 25-бабы 2-тармағының 1), 2), 3), 4), 4-1) және 6) тармақшаларында көзделген құжаттарды алған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде келтірілген зиянды өтейді.
Тікелей реттеу шеңберінде сақтандырушы жүзеге асыратын жәбiрленушiнiң өмiрiне, денсаулығына және (немесе) мүлкiне келтiрiлген зиянды өтеу ол үшін жәбірленушімен жасасқан көлiк құралдары иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шарты және сақтандыру төлемі бойынша міндеттемелердің орындалуы болып табылмайды.
3. Кінәсінен сақтандыру жағдайы туындаған адамның сақтандыру компаниясы сақтандыру жағдайын реттеген сақтандырушыға нақты төлеген сомасын өтеп береді.».
11) 29-баптың 2-тармағының 6) тармақшасындағы «7» деген цифр «3» деген цифрмен ауыстырылсын.
25. «Бағалы қағаздар рыногы туралы» 2003 жылғы 2 шілдедегi Қазақстан Республикасының Заңына (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 14, 119-құжат; 2004 ж., № 16, 91-құжат; № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 7-8, 24-құжат; № 14, 58-құжат; № 23, 104-құжат; 2006 ж., № 3, 22-құжат; № 4, 24-құжат; № 8, 45-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 55-құжат; 2007 ж., № 2, 18-құжат; № 4, 28-құжат; № 9, 67-құжат; № 17, 141-құжат; 2008 ж., № 15-16, 64-құжат; № 17-18, 72-құжат; № 20, 88-құжат; № 21, 97-құжат; № 23, 114-құжат; 2009 ж., № 2-3, 16, 18-құжаттар; № 17, 81-құжат; № 19, 88-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 28-құжат; № 17-18, 111-құжат; 2011 ж., № 3, 32-құжат; № 5, 43-құжат; № 11, 102-құжат; № 15, 125-құжат; № 24, 196-құжат; 2012 ж., № 2, 14, 15-құжаттар; № 10, 77-құжат; № 13, 91-құжат; № 20, 121-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 10-11, 56-құжат; 2014., № 6, 27-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 61-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 22, 131-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 8, 45-құжат; 2015 жылғы 29 қазанда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 27 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы):
1) 1-бапта:
мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
«3-1) ашық сауда-саттық әдісі - сауда-саттыққа қатысушының өзі өтініш берген және сауда-саттыққа ықтимал шектеусіз қатысушылар саны арасында болжалды бәсеке болатын сауда-саттық әдісі;»;
10), 22) және 40) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
«10) бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау - қаржы нарығы субъектілерінің ұсыныс пен сұраныстың объективтi арақатынасы нәтижесiнде бағалы қағаздарға және өзге де қаржы құралдарына, оның ішінде шетелдік валюталар мен туынды қаржы құралдарына орныққан бағадан (бағамнан) жоғары немесе төмен баға (бағам) белгiлеуге және (немесе) ұстап тұруға, бағалы қағазбен немесе өзге де қаржы құралдарымен сауда-саттықтың көрiнiсiн жасауға, инсайдерлiк ақпаратты пайдаланып мәмiле жасауға бағытталған әрекеттерi;».
«22) депозитарийлiк қызмет - басқа номиналды ұстаушылар, орталық депозитарийдің клиенттері болып табылатын ұйымдар үшiн бағалы қағаздарды номиналды ұстау қызметтерiн көрсету және ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында жасалған қаржы құралдарымен мәмiлелер бойынша есеп айырысуды жүзеге асыру жөнiндегi қызмет;»;
«40) ислам арнайы қаржы компаниясы - ислам бағалы қағаздарын шығаруды жүзеге асыратын, осы Заңға сәйкес акционерлiк қоғамның не жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын заңды тұлға, сондай-ақ мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясы;»;
мынадай мазмұндағы 47-1) тармақшамен толықтырылсын:
«47-1) клирингтік ұйымның (орталық контрагенттің) резервтік қоры - клирингтік ұйымның (орталық контрагенттің) меншікті активтері есебінен қалыптастырылған және клирингтік ұйым (орталық контрагент) қызметінің тәуекелдерін төмендетуге арналған қаражат;»;
50) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«50) қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша клиринг қызметі - қаржы құралдарымен мәмілелерге қатысушылардың талаптары және (немесе) міндеттемелері туралы ақпаратты айқындау, тексеру және беру процесі;»;
мынадай мазмұндағы 61-1) тармақшамен толықтырылсын:
«61-1) мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясы - Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктiң ұйымдық-құқықтық нысанында мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган құратын, мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығаруды жүзеге асыратын ислам арнайы қаржы компаниясы;»;
62), 63), 71) және 90) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
62) мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаз - Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және жергiлiктi атқарушы органдар қарыз алушы болатын қарызға қатысты оны ұстаушының құқықтарын куәландыратын немесе жалдау шарты негiзiнде активтердi пайдаланудан табыстар алуға оны ұстаушының құқықтарын куәландыратын эмиссиялық бағалы қағаз;
63) мiнсiз iскерлiк бедел - кәсiпқойлықты, адалдықты растайтын фактiлердiң болуы, алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығының болмауы, оның ішінде қаржы ұйымының, банк және (немесе) сақтандыру холдингінің басшы қызметкері лауазымын атқару және қаржы ұйымының ірі қатысушысы (ірі акционері) болу құқығынан өмір бойына айыру түріндегі қылмыстық жаза қолдану туралы заңды күшіне енген сот шешімінің болмауы;»;
«71) оригинатор - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң талаптарына сай келетiн, сатып алу-сату шартының негiзiнде активтердi ислам арнайы қаржы компаниясына беретiн және (немесе) ислам арнайы қаржы компаниясының құрылтайшысы болып табылатын Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғасы, сондай-ақ мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган;»;
«90) ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарығы - бағалы қағаздардың және өзге де қаржы құралдарының айналым саласы, онда бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен, оның ішінде шетел валюталарымен және туынды қаржы құралдарымен жасалатын мәмiлелер сауда-саттықты ұйымдастырушының iшкi құжаттарында белгiленген талаптар сақталмай жүзеге асырылады;»;
2) 3-баптың 2-тармағы мынадай мазмұндағы 22-2) тармақшамен толықтырылсын:
«22-2) номиналды ұстаушылардың электрондық көрсетілетін қызметтерді ұсыну тәртібі мен талаптарын айқындайды;»;
3) 3-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«3-1-бап. Уәкілетті орган қолданатын шектеулі ықпал ету шаралары мен санкциялар
1. Уәкілетті орган бағалы қағаздар нарығы субъектісінің пруденциялық нормативтерді және (немесе) сақталуы міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді бұзуын, Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықты байқаған, бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің құқыққа сыйымсыз әрекеттерін немесе әрекетсіздігін анықтаған, сондай-ақ уәкілетті органның осы Заңда көзделген өзге де талаптарын орындамаған жағдайларда, уәкілетті орган бағалы қағаздар нарығының субъектілеріне мынадай шектеулі ықпал ету шараларының бірін қолдануға:
1) орындалуы міндетті жазбаша нұсқама беруге;
2) жазбаша ескерту шығаруға;
3) жазбаша келісім жасауға;
4) инвестициялық комитеттің мүшелерін инвестициялық комитет құрамындағы міндеттерін орындаудан шеттетуге құқылы.
2. Осы баптың 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында келтірілген шаралар, егер уәкілетті орган ірі қатысушысы белгілері бар тұлғалардың, сондай-ақ инвестициялық портфельді басқарушылардың ірі қатысушыларының, олардың лауазымды адамдарының немесе қызметкерлерінің бұзушылықтары, құқыққа сыйымсыз әрекеті немесе әрекетсіздігі инвестициялық портфельді басқарушының қаржылық жай-күйін нашарлатқанын анықтаса, ірі қатысушысы белгілері бар тұлғаларға, сондай-ақ инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушыларына қатысты қолданылуы мүмкін.
3. Бағалы қағаздар нарығының субъектісіне анықталған бұзушылықтарды және (немесе) олардың жасалуына ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды белгіленген мерзімде жоюға бағытталған, орындалуы міндетті түзету шараларын қолдануға және (немесе) белгіленген мерзімде анықталған бұзушылықтарды және (немесе) олардың жасалуына ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі - іс-шаралар жоспары) беру қажеттілігіне берілген нұсқау жазбаша нұсқама болып табылады.
Жазбаша нұсқамада белгіленген мерзімде ұсынылған іс-шаралар жоспарында бұзушылықтардың, олардың туындауына алып келген себептердің сипаттамасы, жоспарланған іс-шаралардың тізбесі, оларды жүзеге асыру мерзімдері, сондай-ақ жауапты лауазымды адамдар көрсетіледі.
Уәкілетті органның жазбаша нұсқамасына сотқа шағым жасау оның орындалуын тоқтата тұрмайды.
4. Уәкілетті орган жазбаша ескерту шығарылғаннан кейін бір жыл ішінде осы ескерту шығарылған бұзушылыққа ұқсас Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары қайтадан бұзылғанын анықтаған жағдайда, уәкілетті органның бағалы қағаздар нарығының субъектісіне не оның басшы қызметкеріне (қызметкерлеріне) осы баптың 10-тармағында көзделген санкцияларды қолдану мүмкіндігі туралы хабарлауы жазбаша ескерту болып табылады.
5. Анықталған бұзушылықтарды жою қажеттілігі туралы және осы бұзушылықтарды жою мерзімдерін көрсете отырып, оларды жою жөніндегі шаралар тізбесін және (немесе) анықталған бұзушылықтар жойылғанға дейін бағалы қағаздар нарығы субъектісі өзіне алған шектеулердің тізбесін бекіту туралы жазбаша келісім уәкілетті орган мен бағалы қағаздар нарығының субъектісі арасындағы жасалған жазбаша келісім болып табылады.
Жазбаша келісімге бағалы қағаздар нарығының субъектісі тарапы міндетті түрде қол қоюға тиіс.
6. Бағалы қағаздар нарығының субъектісі уәкілетті органды осы құжаттарда көзделген мерзімдерде жазбаша нұсқама мен жазбаша келісімде көрсетілген шаралардың орындалғаны туралы хабардар етуге міндетті.
7. Шектеулі ықпал ету шараларын қолдану тәртібі уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актілерінде айқындалады.
8. Уәкілетті орган бағалы қағаздар нарығы субъектісіне бұрын қолданылған ықпал ету шараларына қарамастан санкция қолдануға құқылы.
9. Іс-шаралар жоспарында, жазбаша келісімде не жазбаша нұсқамада белгіленген мерзімдерде бағалы қағаздар нарығының субъектісіне байланысты емес себептер бойынша бұзушылықтарды жою мүмкіндігі болмаған жағдайда, іс-шаралар жоспарын, жазбаша келісімді не жазбаша нұсқаманы орындау мерзімін уәкілетті орган өзінің нормативтік-құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен ұзартуы мүмкін.
10. Уәкілетті орган санкция ретінде мынадай шаралар қолдануға:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен айыппұл салуға және оны өндіріп алуға;
2) лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға;
3) лицензиядан айыруға;
4) орталық депозитарийдің, тіркеуші мен лицензиаттардың басшы қызметкерлерін тағайындауға уәкілетті органның келісімін кері қайтарып алуға құқылы.»;
4) 6-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Тiркелген эмиссиялық бағалы қағаздар мен олардың эмитенттерi туралы мәлiметтердi уәкiлеттi орган Эмиссиялық бағалы қағаздардың мемлекеттік тiзiлiмiне уәкiлеттi органның ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен енгiзедi.»;
5) 9-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«9-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсi
1. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiнде:
1) эмитенттің атауы, оның орналасқан жері және қызмет түрлерi туралы;
2) эмитенттің жарғылық капиталындағы үлестерінің он және одан да көп пайызына иелік ететін ірі акционерлер және (немесе) қатысушылар туралы;
3) лауазымды адамдар, олардың соңғы үш жылдағы лауазымдары туралы мәлiметтер, сондай-ақ эмитенттiң орналастырылған акцияларының оларға тиесiлi саны (жарғылық капиталдағы үлестерiнiң мөлшерi) туралы мәлiметтер көрсетiле отырып, эмитенттің органдары туралы;
4) эмитенттiң өзi өндiретiн немесе тұтынатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң) жалпы құнының бес және одан да көп пайызын құрайтын көлемдегi тауарларды (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) тұтынушылар және берушiлер туралы;
5) активтердің жалпы көлемінің кемінде он пайызын құрайтын эмитент активтерінің сипаттамасы және олардың көлемі, оның ішінде:
эмитенттің сенімгерлік басқаруға берілген, сондай-ақ актив бағалануының сомасын, бағалаушының атауын, әрбір активті бағалау күнін және тиісті шарттардың қолданылуы аяқталған күндер көрсетіле отырып, эмитенттің міндеттемелерін қамтамасыз ету болып табылатын активтері туралы;
эмитент активтерінің баланстық құнының бес және одан да көп пайызын құрайтын дебиторлық берешек, дебиторлардың тізбесі көрсетіле отырып, оларды өтеу мерзімдері туралы;
6) осы шығарылымның облигацияларын қамтамасыз ету туралы (қамтамасыз етілген облигациялар шығарылған жағдайда), оның ішінде банктің кепілдігімен қамтамасыз етілген облигациялар шығарылған жағдайда, кепілгер және банктің кепілдігі туралы;
7) эмитенттiң мүлкiн бағалау туралы (қамтамасыз етiлген облигациялар шығарылған кезде);
8) эмитент міндеттемелерінің баланстық құнының бес және одан да көп пайызын құрайтын кредиторлық берешек, кредиторлардың тiзбесi көрсетiле отырып, оның ішінде эмитент шығарған бағалы қағаздар бойынша кірісті төлеу бойынша берешек сомасы көрсетіле отырып, оларды өтеу мерзiмдерi туралы;
9) осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген тұлғаларды қоспағанда, эмитенттiң үлестес тұлғалары туралы;
10) жарияланған эмиссиялық бағалы қағаздардың саны, олардың түрi, төлем тәсiлдерi, бағалы қағаздар бойынша кiрiс алу, оның iшiнде облигациялардың номиналды құны, олардың айналыс мерзiмi және өтелу тәртібі туралы;
11) бағалы қағаздарды (айырбасталатын бағалы қағаздар шығарылған кезде) айырбастау тәртібі туралы;
12) облигацияларды ұстаушылардың өкiлi туралы;
13) облигациялық қарыздың нысаналы мақсаты туралы;
14) төлем агентi туралы;
15) эмиссиялық бағалы қағаздарды қор биржасының ресми тізіміне енгізу және олардың тізімде болуы мәселелері бойынша консультациялық қызметтер көрсететін ұйым туралы (мұндай ұйыммен шарт жасасу міндеті осы Заңның талаптарында көзделген жағдайда) мәліметтер қамтылуға тиіс.
2. Арнайы қаржы компаниясы Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамасына сәйкес шығаратын облигацияларды шығару проспектісіне қойылатын қосымша талаптар Қазақстан Республикасының жобалық қаржыландыру және секьюритилендiру туралы заңнамасында белгіленеді.
3. Ислам бағалы қағаздарын шығару проспектісіне қойылатын талаптар уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде белгіленеді.
Ислам бағалы қағаздарын шығару проспектісі исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі кеңеспен келісілуге жатады.
Эмитент ислам бағалы қағаздарын ұстаушылардың құқықтары мен мүдделеріне қысым келтірілетін жағдайларда, шығару проспектісінде белгіленген ислам бағалы қағаздарын шығарудың, орналастырудың, айналысқа енгізудің және өтеудің талаптарын өзгертуге құқылы емес.
4. Мыналар эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiнiң ажырамас бөлiгi болып табылады:
1) эмитенттің соңғы екi қаржы жылындағы жылдық қаржылық есептiлiгінің аудиторлық есептермен расталған көшірмелері, сондай-ақ эмитенттің (жаңадан құрылған эмитенттердi қоспағанда) аудиторлық есептерінің және есепке алу саясатының көшірмелері;
2) эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттiк тiркеуге құжаттарды берер алдындағы соңғы тоқсаннан кейінгі айдың 25-не дейін берген жағдайда, эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттік тіркеуге құжаттарды беру алдындағы соңғы тоқсанның аяғындағы не соңғы тоқсанның алдындағы тоқсанның соңындағы жағдай бойынша эмитенттің қаржылық есептiлiгінің көшірмелері.
Аяқталған қаржы жылының қаржылық есептiлiгiнiң аудиторлық есебi болмаған жағдайда, эмитент ағымдағы жылғы 1 қаңтардан бастап 1 маусым аралығындағы кезеңде уәкiлеттi органға аяқталған соңғы жылдың алдындағы екi жылдың қаржылық есептiлiгiн және көрсетілген кезеңдегi қаржылық есептiлiктiң аудиторлық есебiн ұсынады. Эмитент аяқталған қаржы жылының аудиторлық есебі мен қаржылық есептілікті жылдық қаржылық есептілік бекітілген күннен бастап бір ай ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ұсынады.
5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген құжаттардан басқа:
1) қоғамның ұйымдастырылмаған нарықта акцияларды иеленуі кезiнде олардың құнын айқындау әдiстемесi және қоғамның таза кірісін бөлу тәртібі акциялар шығару проспектісінің ажырамас бөлігі болып табылады;
2) Мыналар облигациялар шығару проспектісінің ажырамас бөлігі болып табылады:
облигацияларды ұстаушылардың өкілімен жасалған шарттар көшірмелері;
облигацияларды ұйымдастырылған нарықта орналастыруды жоспарлайтын эмитенттер үшін - эмиссиялық бағалы қағаздарды қор биржасының ресми тізіміне енгізу және олардың тізімде болуы мәселелері бойынша консультациялық қызметтер көрсететін, ұйымдармен (мұндай ұйымдармен шарт жасасу міндеті осы Заң талаптарында көзделген жағдайда) жасасқан шарттардың көшірмелері;
жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдастырушылық-құқықтық нысанында құрылған эмитенттер үшін эмитенттің кірісін оған қатысушылар арасында бөлу тәртібі.
6. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiнiң құрылымы және оны жасау мен ресiмдеу тәртібі уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерінде белгiленедi.
7. Осы баптың 1-тармағының 1), 10) тармақшаларында көрсетілген мәліметтер өзгерген жағдайда, эмитент эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектісіне өзгерістер мен толықтыруларды уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен тіркеу үшін олар туындаған (эмитенттің тиісті органдары шешім қабылдаған) күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде уәкілетті органға беруге міндетті. Жарияланған акциялардың саны ұлғайған және (немесе) жарияланған акциялардың түрі өзгерген не облигациялардың саны кеміген кезде, уәкілетті орган жарияланған акциялар (облигациялар) шығарылымын мемлекеттік тіркеу куәлігін ауыстырады. Уәкілетті орган жарияланған акцияларды (облигацияларды) шығару проспектісіне өзгерістер мен толықтыруларды тіркеуді не жарияланған акциялар (облигациялар) шығарылымын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті ауыстыруды күнтізбелік он бес күн ішінде жүзеге асырады.
Эмитент уәкілетті органға осы баптың 1-тармағының 4), 5), 15) тармақшаларында көрсетілген мәліметтердің өзгергені туралы ақпаратты осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген мерзімде олар туындаған (қоғамның тиісті органдары шешім қабылдаған) күннен бастап уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен ұсынуға міндетті.
Эмитент осы баптың 1-тармағының 14) тармақшасында көрсетілген мәліметтердің өзгергені туралы ақпаратты осы Заңның 31-бабының 7-тармағында белгіленген мерзімде уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
8. Осы баптың 1-тармағының 6), 10), 11) тармақшаларында көрсетілген облигациялар шығару проспектісіндегі мәліметтерді өзгертуді мынадай шарттар сақталған кезде:
1) эмитент иеленген облигацияларды қоспағанда, орналастырылған облигациялардың жалпы санының кемінде сексен бес пайызын иеленген ұстаушылар осы шешім үшін дауыс берген;
2) эмитент иеленген облигацияларды қоспағанда, облигацияларды ұстаушылардың құрамында осы шығарылым облигацияларының он пайызынан астамын иеленген екі және одан да көп адам болған, шығарылым шарттарын өзгерту үшін осындай облигацияларды ұстаушылардың жалпы санының жетпіс бес және одан да көп пайызы дауыс берген жағдайда, облигацияларды ұстаушылардың жалпы жиналысының шешімі негізінде эмитент жүзеге асырады.
Осы тармақтың талабы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, қаржы ұйымдарына немесе банк конгломератына бас ұйым ретінде кіретін және қаржы ұйымдары болып табылмайтын ұйымдарға олар қайта құрылымдауды жүргізген кезде қолданылмайды.
9. Осы баптың 1, 4 және 5-тармақтарында белгiленген эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiне қойылатын талаптар айналыс мерзiмi он екі айдан аспайтын облигациялар шығару проспектiлерiне және ислам бағалы қағаздар шығару проспектілеріне қолданылмайды.
Агенттiк облигациялар, облигациялық бағдарламалар, сондай-ақ облигациялық бағдарламалар шегiнде шығарылатын облигациялар шығару проспектiлерi мазмұнының ерекшеліктері нормативтік-құқықтық актіде көзделген.
10. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсi уәкiлеттi органға қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады.»;
6) 11-баптың 7-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«7. Қоғам құрылтайшыларының орналастырылған акцияларға толық ақы төлеуді және қоғам құрылтайшыларының акцияларға ақы төлеу жөніндегі міндеттемелерінің орындалғанын растайтын, бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімі жүйесінде мәмілені тіркеуді жүзеге асырғаннан кейін акционерлік қоғам жарияланған акциялардың санын ұлғайту туралы шешім қабылдауға құқылы.»;
7) 12-бапта:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
«12-бап. Мемлекеттік емес облигациялар (облигациялық бағдарлама) шығаруды мемлекеттік тiркеу»;
бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Мемлекеттік емес облигациялар (облигациялық бағдарлама) шығаруды мемлекеттік тiркеу үшiн эмитент уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды:»;
8) 13-бапта:
1-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
«Облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялардың алғашқы шығарылымын мемлекеттік тiркеу эмитенттiң қалауы бойынша осы облигациялық бағдарламаны мемлекеттік тiркеумен бiр мезгiлде жүзеге асырылуы мүмкiн, бұл ретте уәкілетті орган осы құжаттарды ұсынылған күнінен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде қарауға тиіс.»;
5-тармақта:
бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«5. Уәкілетті орган мынадай жағдайларда, егер:»;
4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«4) облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығаруды мемлекеттік тiркеу үшiн құжаттар ұсынылған күнге эмитентте сауда-саттықты ұйымдастырушының тізімінде өзі шығарған борыштық бағалы қағаздар болмаса және осы Заңның 15-бабының 1-тармағында белгiленген талаптарға сай келмесе, эмитентке облигациялық бағдарлама шығаруды және (немесе) облигациялық бағдарлама шегiнде облигациялар шығаруды мемлекеттік тiркеуден бас тартуға құқылы.»;