4. Нәтижесінде құны ұлттық компания активтері құнының жалпы мөлшерінің он пайызынан аз болатын мүлікті ұлттық компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе өзара байланысты мәмілелер жиынтығын дауыс беретін акцияларының елу пайыздан астамы меншік құқығымен Қорға тиесілі ұлттық компанияның жасасуы туралы шешімді ұлттық компания басқармасы қабылдайды.
Нәтижесінде құны ұлттық компания активтері құнының жалпы мөлшерінің бір және одан аз пайызы болатын мүлікті ұлттық компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе өзара байланысты мәмілелер жиынтығын жасасуы туралы мәселе дауыс беретін акцияларының елу пайыздан астамы меншік құқығымен Қорға тиесілі ұлттық компанияның жарғысымен ұлттық компанияның атқарушы органы басшысының құзыретіне жатқызылуы мүмкін.
2018.24.05. № 156-VI ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды
5. Осы Заңның 8-бабының 2-тармағында көзделген жағдайды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметі мүшелерінің және өзге де мемлекеттік қызметшілердің Қорды басқару жөніндегі кеңестің ұсынымы бойынша сайлануын қоспағанда, Қазақстан Республикасы Үкіметі мүшелерінің және өзге де мемлекеттік қызметшілердің Қор тобына кіретін ұйымдардың директорлар кеңестерінің немесе байқау кеңестерінің құрамдарына кіруіне тыйым салынады.
2015.04.12. № 435-V ҚР Заңымен 24-1-баппен толықтырылды (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлдi)
24-1-бап. Қордың және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы тікелей немесе жанама түрде Қорға меншік құқығымен тиесілі ұйымдардың активтерін бәсекелес ортаға беру
1. Қордың және дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы тікелей немесе жанама түрде Қорға меншік құқығымен тиесілі ұйымдардың активтерін бәсекелес ортаға беру тәртібін Қордың директорлар кеңесі айқындайды.
2. Бәсекелес ортаға беру ұсынылатын, осы баптың 1-тармағында көрсетілген заңды тұлғалар активтерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
2017.11.07. № 89-VI ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Активтерді бәсекелес ортаға беру екі кезеңдік ашық конкурс, тікелей атаулы сату, электрондық конкурс, аукцион тәсілдерімен, қор биржасында, Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де тәсілдермен жүзеге асырылады және:
2017.11.07. № 89-VI ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) әлеуметтік-экономикалық маңызы бар, оларды иелену және (немесе) пайдалану және (немесе) оларға билік ету Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігінің жай-күйіне әсер ететін активтер бойынша тәуелсіз консультанттарды тарта отырып жүргізіледі. Мұндай активтерді өткізу тәсілін Қордың директорлар кеңесі Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып, тәуелсіз консультанттардың ұсыныстары негізінде айқындайды;
2017.11.07. № 89-VI ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) өзге де активтер бойынша - осы баптың 1-тармағында көзделген, Қордың директорлар кеңесі айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.
4. Аукцион:
бірінші рет - бағаны көтеру әдісімен;
екінші және үшінші рет - бағаны төмендету әдісімен өткізіледі.
Екінші сауда-саттықта активті сату өткізілетін активтің алғашқы бағасының елу пайызы мөлшеріндегі ең төмен баға белгілене отырып, бағаны төмендету әдісі қолданылып аукционда жүзеге асырылады.
Үшінші сауда-саттықта активті сату ең төмен баға белгіленбей, бағаны төмендету әдісі қолданыла отырып аукционда жүзеге асырылады.
Әрбір кейінгі сауда-саттық жиырма жұмыс күні мерзімінде жүзеге асырылады.
5. Аукционды өткізу кезінде өткізілетін активтің бастапқы бағасы өткізілетін активті сатудың алғашқы бағасына тең.
6. Өткізілетін активтің алғашқы бағасын Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік туралы заңнамасына сәйкес сатушы белгілейді.
Өткізілетін активтің алғашқы бағасы өткізілетін активтің баланстық құнынан төмен болуы мүмкін.
7. Осы баптың 1-тармағында көзделген заңды тұлғалардың аукцион тәсілімен активтерді өткізуі мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында жүзеге асырылады.
8. Осы баптың 1-тармағында көзделген заңды тұлғалардың активтерін өткізілетін активтің баланстық құнынан төмен баға бойынша өткізуге жол беріледі.
9. Үш сауда-саттықтың нәтижелері бойынша өткізілмеген активтер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен таратылуға немесе қайта ұйымдастырылуға жатады.
10. Осы баптың 1-тармағында көзделген заңды тұлғалардың активтерін тікелей атаулы сату тәртібін Қордың директорлар кеңесі айқындайды.
5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
25-бап. Қордың және оның лауазымды адамдарының жауапкершілігі
Қор, Қордың тобына кіретін өзге де ұйымдар және олардың лауазымды адамдары Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен және негіздерде жауапты болады.
26-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» 2009 жылғы 13 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2009 ж., № 2-3, 17-құжат; № 24, 133-құжат; 2011 ж., № 5, 43-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2012 жылғы ақпанның 1-і.
№ 550-IV