Турагенттің туристік өнімді ұсынуы және өткізуі туроператормен жазбаша нысанда жасалған туристік өнімді өткізуге арналған агенттік шарт негізінде жүзеге асырылады.
Туроператор мен турагент арасындағы туристік өнімді өткізуге арналған агенттік шартта мыналар қамтылуға тиіс:
туристік өнімді қалыптастырған туроператор туралы мәліметтер;
турагенттің туроператор атынан туристермен мәмілелер жасауға өкілеттіктері;
турист не туристік өнімге кіретін жекелеген туристік қызметтерді көрсететін үшінші тұлғалар талап қойған жағдайдағы туроператор мен турагенттің өзара іс-қимыл тәртібі;
туристік маршруттың сипаттамасы;
туристік өнім туралы анық ақпарат және туристік өнім туралы ақпарат бермегені немесе анық емес ақпарат бергені үшін тараптардың әрқайсысының турист алдындағы жауаптылығы.
Туроператор туристік қызмет көрсетуге арналған шарт бойынша міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін (оның ішінде осы қызметтерді кімнің көрсетуге тиіс болғанына немесе кімнің көрсеткеніне қарамастан, туристерге туристік өнімге кіретін қызметтерді көрсетпегені немесе тиісінше көрсетпегені үшін) туристің алдында Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
4. Діни қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған туроператорлық қызмет уәкілетті органмен келісу бойынша діни қызмет саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.»;
6-тармақтың 12) тармақшасының жиырма үшінші - жиырма алтыншы абзацтары 2021 ж. 4 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді
«15-3-бап. Туризм саласындағы хабарламалар
1. Қазақстан Республикасында дара кәсіпкерлер ретінде қызметін жүзеге асыратын гидтің, экскурсоводтың, туризм нұсқаушысының, турагенттің қызметін жүзеге асырудың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес беріледі.
2. Турагенттік қызметті жүзеге асырудың басталғаны туралы хабарлама жіберетін өтініш берушілер уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша мәліметтерді қоса береді.
3. Қазақстан Республикасында дара кәсіпкерлер ретінде қызметін жүзеге асыратын гид, экскурсовод, туризм нұсқаушысы ретінде қызметті жүзеге асырудың басталғаны туралы хабарламаны жіберетін өтініш берушілер хабарламаға уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша мәліметтерді және туризм саласында даярлықтан өткені туралы сертификатты қоса береді.»;
13) 27-1-бап мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:
«Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесі Қазақстан Республикасы азаматтарының турагенттермен, туроператорлармен, туроператор-әуе кемесімен жалданушылармен, Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің әкімшісімен және уәкілетті органмен іскерлік сипаттағы сапарларға байланысты құқықтық қатынастарына қолданылмайды.»;
14) 27-2-бап мынадай мазмұндағы 6 және 7-тармақтармен толықтырылсын:
«6. Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің әкімшісі:
шығу туризмі шеңберінде Қазақстан Республикасының азаматтарына туристік код беру тетігін әкімшілендіруді;
Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған кепілдік берудің сараланған сомасын қабылдауды жүзеге асырады.
7. Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің әкімшісі:
Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің жұмыс істеу қағидаларына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің субъектісі шығу туризмі саласындағы туроператорлық қызметтің түрін тоқтатқан жағдайда осы субъектінің кінәсінен Қазақстан Республикасының азаматтарын әкету фактілері болмаған кезде ол енгізген банк кепілдігін, сондай-ақ өткізген туристік өнімдер үшін аударылған қаражатты қайтаруды жүзеге асыруға;
банк кепілдігінің шекті сомасына қол жеткізілген кезде Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің субъектісі енгізген банк кепілдігін осы субъектіге қайтаруды жүзеге асыруға;
Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесі әкімшісінің қызметіне бөлінген комиссия сомасын қоспағанда, осы субъект жүйеге кірген кезден бастап үш жылдан кейін Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесінің субъектілері үшін аударымдарды келесі күнтізбелік жылға есепке жатқызу әдісінің қолданылуын қамтамасыз етуге міндетті.»;
15) 27-3-баптың 3-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Осы бапта көзделген міндеттемелерді орындамайтын немесе тиісті түрде орындамайтын туроператордың немесе туроператор-әуе кемесімен жалданушының Қазақстан Республикасының азаматтарына шығу туризмі саласындағы туристік қызметтерді көрсеткені анықталған жағдайда, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы осындай мән-жай анықталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шығу туризмі саласындағы туристік операторлық қызметке арналған лицензияның (лицензияға қосымшаның) қолданысын тоқтата тұруды жүзеге асыруға міндетті.»;
16) 28-1-бап мынадай редакцияда жазылсын:
«28-1-бап. Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау
1. Қазақстан Республикасының туристік қызмет туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау тексеру және профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.
2. Тексеру және бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және осы бапқа сәйкес жүзеге асырылады.
3. Бұзушылықтардың уақтылы жолын кесу және оларға жол бермеу, бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды өз бетінше жою құқығын бақылау субъектісіне беру және бақылау субъектісіне әкімшілік жүктемені төмендету бақылау объектісіне (субъектісіне) бармай профилактикалық бақылаудың мақсаттары болып табылады.
Бақылау объектісіне (субъектісіне) бармай профилактикалық бақылауды уәкілетті орган ақпаратты талдау нысанында жүзеге асырады.
Мыналар талдау үшін ақпарат көздері болып табылады:
ресми статистикалық ақпарат;
мемлекеттік органдардың ақпараты;
дерекқорды қалыптастыру мен жүргізу жөніндегі ұйымның ақпараты;
ішкі туризм мен келу туризмін дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі құрған ұйымның ақпараты;
Қазақстан Республикасы азаматтарының шығу туризмі саласындағы құқықтарына кепілдік беру жүйесі әкімшісінің ақпараты;
туристік қызмет субъектілерінен келіп түсетін ақпарат.
Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша бақылау субъектісінің әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) бұзушылықтар анықталған жағдайда уәкілетті орган бұзушылықтар анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды ресімдейді және жібереді.
Бұзушылықтарды жою туралы ұсыным бақылау субъектісінің жеке өзіне қолын қойғызып немесе жөнелту және алу фактілерін растайтын өзге де тәсілмен табыс етілуге тиіс.
Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген бұзушылықтарды жою туралы ұсыным мынадай жағдайларда:
1) қолма-қол - ұсынымда оны алғаны туралы белгі қойылған күннен бастап;
2) поштамен - хабарламасы бар тапсырысты хатпен;
3) электрондық тәсілмен - уәкілетті органның сұрау салуы кезінде хатта көрсетілген бақылау субъектісінің электрондық мекенжайына уәкілетті орган жіберген күннен бастап табыс етілді деп есептеледі.
4. Бұзушылықтарды жою туралы ұсыным табыс етілген күнінен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде орындалуға тиіс.
5. Бақылау субъектісі бұзушылықтарды жою туралы ұсынымда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, бұзушылықтарды жою туралы ұсыным табыс етілген күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны жіберген уәкілетті органға қарсылық жіберуге құқылы.
6. Бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды белгіленген мерзімде орындамау бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізіміне енгізу жолымен бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау тағайындауға алып келеді.
7. Бақылау субъектілеріне (объектілеріне) бармай профилактикалық бақылау жылына бір реттен жиілетпей жүргізіледі.».
7-тармақ 2022 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
7. «Автомобиль жолдары туралы» 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 3-баптың 2-тармағында:
3) тармақшадағы «және аудан орталықтарымен» деген сөздер «, аудан орталықтарымен және елді мекендерден тыс жердегі туристік қызмет объектілерімен» деген сөздермен ауыстырылсын;
4) тармақша «мекендермен» деген сөзден кейін «және елді мекендерден тыс жердегі туристік қызмет объектілерімен» деген сөздермен толықтырылсын;
2) 13-бапта:
1-1-тармақтың бірінші бөлігі мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
«2-1) елді мекендерден тыс жердегі туристік қызмет объектілеріне дейін облыстық маңызы бар кірме автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау;»;
2-тармақ мынадай мазмұндағы 2-2) тармақшамен толықтырылсын:
«2-2) елді мекендерден тыс жердегі туристік қызмет объектілеріне дейін аудандық маңызы бар кірме автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу және күтіп-ұстау;».
8. «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 1-бап мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
«3-1) аңшы иттер - аңшылықта пайдаланылатын иттердің ұлттық және басқа да тұқымдары;»;
2) 9-баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде:
55) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«55) аулау объектісі болып табылатын жануарлар түрлерін алып қою лимиттерін және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын алып қою лимиттерін әзірлейді және бекітеді;»;
62) тармақшадағы «, жануарлар дүниесі объектілерін пайдаланудың және (немесе) пайдалануға тыйым салудың белгіленген мерзімдерін ауыстыру» деген сөздер алып тасталсын;
69) тармақшадағы «жануарларды еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұстау және» деген сөздер «жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін және Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияның қолданылу аясына кіретін жануарлардың түрлерін еріксіз және жартылай ерікті жағдайларда ұстау,» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 76-1) тармақшамен толықтырылсын:
«76-1) жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы аккредиттелген ғылыми ұйымдардың ұсынымы бойынша тыйым салудың жалпы ұзақтығын өзгертпестен, жануарлар дүниесі объектілерін алып қоюға тыйым салу мерзімін табиғи-климаттық жағдайларға байланысты қайсыбір жағына күнтізбелік он бес күнге ауыстыру туралы шешім қабылдайды;»;
3) 22-баптың 4-тармағының екінші бөлігіндегі «жануарлар дүниесi объектілерін алып қою лимиті» деген сөздер «аулау объектісі болып табылатын жануарлар түрлерін алып қою лимиті және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын алып қою лимиті» деген сөздермен ауыстырылсын;
4) 26-баптың 1-3-тармағының үшінші бөлігіндегі «жануарлар дүниесі объектілерін» деген сөздер «балық ресурстары мен басқа да су жануарларын» деген сөздермен ауыстырылсын;
5) 29-баптың 1-тармағында:
төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:
«Балық ресурстары мен басқа да су жануарларын алып қою лимиті ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап келесі жылдың 1 шілдесіне дейінгі кезеңге белгіленеді.»;
мынадай мазмұндағы бесінші бөлікпен толықтырылсын:
«Аулау объектісі болып табылатын жануарлар түрлерін алып қою лимиті ағымдағы жылдың 15 ақпанынан бастап келесі жылдың 15 ақпанына дейінгі кезеңге белгіленеді.»;
6) 34-баптың 4-тармағының екінші бөлігіндегі «Жануарларды аулау» деген сөздер «Балық ресурстары мен басқа да су жануарларын алып қою» деген сөздермен ауыстырылсын;
7) 38-баптың 5-тармағында:
3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
«3) аң аулауды жүргізу мақсатында уақытша әкелінгендерді қоса алғанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тiркеместен аушы жыртқыш құстарды қолданып;»;
27) тармақша алып тасталсын;
8) 50-баптың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін және Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияның қолданылу аясына кіретін жануарлардың түрлерін еріксіз және жартылай ерікті жағдайларда ұстау, өсіру шарттары;»;
9) 52-баптың 2-тармағының 8-2) тармақшасындағы «жануарларды еріксіз және (немесе) жартылай ерікті жағдайларда ұстау және» деген сөздер «жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін және Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияның қолданылу аясына кіретін жануарлардың түрлерін еріксіз және жартылай ерікті жағдайларда ұстау,» деген сөздермен ауыстырылсын;
10) 56-баптың 2-тармағы 5) тармақшасындағы «алып қоюға құқығы бар.» деген сөздер «алып қоюға;» деген сөздермен ауыстырылып, мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:
«6) бекітіліп берілген аңшылық алқабының, балық шаруашылығы су айдынының және (немесе) учаскесінің аумағында және оның жағалау белдеуінде олардан шығу кезінде көлік және жүзу құралдарын тоқтатуға құқығы бар.».
9. «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 6-1-бап мынадай мазмұндағы 3-1) тармақшамен толықтырылсын:
«3-1) туристік қызмет саласындағы мемлекеттік басқару функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;»;
2) 8-баптың бірінші бөлігінің 14-1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«14-1) туристік қызмет саласындағы мемлекеттік басқару функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы органмен келісу бойынша мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру қағидаларын әзірлеу;»;
3) мынадай мазмұндағы 8-1-баппен толықтырылсын:
«8-1-бап. Туристік қызмет саласындағы мемлекеттік басқару функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы органның құзыреті
Туристік қызмет саласындағы мемлекеттік басқару функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы органның құзыретіне мыналар жатады:
1) мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің аумағында туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) мемлекеттік ұлттық парктердің инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарларын әзірлеуге қатысу;
3) туризм және рекреация инфрақұрылымын дамытуға инвестициялар тарту;
4) осы Заңда, өзге де заңдарда, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.»;
4) 38-бапта:
1-тармақтың 1) тармақшасының екінші абзацында:
«(ортақ пайдаланылатын жолдардан басқа)» деген сөздер алып тасталсын;
«орналастыру» деген сөз «салу және орналастыру» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:
«1-1. Табиғат қорғау мекемелерінің қаражаты:
1) туристік және рекреациялық мақсаттағы объектілерден төлемақы алу;
2) зейнеткерлерден, мүгедектерден, Ұлы Отан соғысының ардагерлерінен, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлерінен, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерден, еңбек ардагерлерінен, мектеп жасына дейінгі балалардан алынатын төлемақыны қоспағанда, туристерден төлемақы алу;
3) автомобиль көлік құралының табиғат қорғау мекемелерінің аумағына кіргені үшін төлемақы алу есебінен де қалыптастырылады.»;
5) 43-1-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының аумағында:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде биологиялық негіздеменің негізінде арнайы бөлінген учаскелерде, осы қорықтың күзету аймағында тұратын жергілікті халықтың мұқтажы үшін әуесқойлық (спорттық) балық аулауға;
2) мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде биологиялық негіздеменің негізінде жануарлар санын реттеуге жол беріледі.»;
6) 45-баптың 5-тармағы:
«аулауды» деген сөзден кейін «, жануарлар дүниесін ортақ пайдалануды» деген сөздермен толықтырылсын;
«орталықтарды,» деген сөзден кейін «жабайы жануарларды өсіру мен ұстауға арналған вольерлерді,» деген сөздермен толықтырылсын;
7) 47-баптың 1-тармағы мынадай мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:
«7-1) жануарлар дүниесін ортақ пайдалану;».
10. «Халықтың көші-қоны туралы» 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 9-баптың 9) тармақшасы алып тасталсын;
2) 49-баптың бірінші бөлігінің 9-1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«9-1) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдарында олардың экстремизмге немесе террористік әрекетке қатысы бары туралы мәліметтер болған кезде, себептері түсіндірілместен;».
11-тармақ 2021 ж. 4 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді
11. «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңына:
1) 1-қосымшаның 87-жолы мынадай редакцияда жазылсын:
«
87. | Туристік операторлық қызметке арналған лицензия | 1) шығу туризмі саласындағы | Иеліктен шығарылмайтын; 1-сынып |
2) келу туризмі мен ішкі туризм саласындағы |
»;
2) 3-қосымшаның 32 және 33-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:».
«32. Туристік агенттік қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама
33. Қазақстан Республикасында дара кәсіпкерлер ретінде қызметін жүзеге асыратын гид, экскурсовод, туризм нұсқаушысы қызметінің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарлама».
2-бап.
1. Осы Заң:
алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізілетін 1-баптың 6-тармағының 1) тармақшасын, 2) тармақшасының үшінші, төртінші, алтыншы, жетінші, он төртінші, он бесінші, он сегізінші - жиырмасыншы, жиырма жетінші - жиырма тоғызыншы, отыз екінші - отыз алтыншы абзацтарын, 3) тармақшасының бесінші абзацын, 9) тармақшасының екінші - төртінші абзацтарын, 10) тармақшасының төртінші және бесінші абзацтарын, 12) тармақшасының төртінші - жетінші, жиырма үшінші - жиырма алтыншы абзацтарын, 11-тармағын;
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 1-баптың 1-тармағын, 2-тармағын, 5-тармағын, 6-тармағы 3) тармақшасының сегізінші абзацын, 6), 8) тармақшаларын, 9) тармақшасының сегізінші, он бірінші - он жетінші, он тоғызыншы және жиырмасыншы абзацтарын, 10) тармақшасының оныншы - он бесінші абзацтарын, 11) тармақшасының оныншы, он бірінші және жиырмасыншы абзацтарын, 7-тармағын;
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) тиісті өзгерістер мен толықтырулар қолданысқа енгізілген күннен кейін қолданысқа енгізілетін 1-баптың 6-тармағы 2) тармақшасының жиырма төртінші абзацын, 9) тармақшасының тоғызыншы абзацын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Туроператорлық қызметке арналған лицензия негізінде туристік операторлық қызметті жүзеге асыратын тұлғалар осы Заңның 1-бабының 11-тармағы қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына 1-қосымшаға сәйкес қызметтің кіші түрінің атауын ескере отырып, лицензияны қайта ресімдеуге міндетті.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2021 жылғы 30 сәуір
№ 34-VII