Құқық иеленуші немесе құқық иеленушінің мүдделерін білдіретін өзге тұлға уәкілетті органның тиісті шешімі туралы жазбаша немесе электрондық нысанда хабардар етіледі. Бұл ретте өтінішке қоса берілетін құжаттар құқық иеленушіге немесе құқық иеленушінің мүдделерін білдіретін өзге тұлғаға қайтарылады.
8. Зияткерлік меншік объектілері кедендік тізілімге енгізілгеннен кейін, бұрын берілген өтініште не оған қоса берілетін құжаттарда көрсетілген мәліметтер өзгертілген жағдайларда құқық иеленуші немесе құқық иеленушінің мүдделерін білдіретін өзге тұлға бұл туралы уәкілетті органға мәліметтер өзгертілген күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей хабарлауға міндетті.
Құқық иеленуші немесе құқық иеленушінің мүдделерін білдіретін өзге тұлға ұсынған ақпараттың негізінде уәкілетті орган өзгертілген мәліметтерді кедендік тізілімге кейіннен құқық иеленушіге немесе құқық иеленушінің мүдделерін білдіретін өзге тұлғаға енгізілген өзгерістер туралы хабарламаны жазбаша немесе электрондық нысанда жібере отырып енгізеді.
462-бап. Зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау мерзімін ұзарту тәртібі
1. Кедендік тізілімге енгізілген зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау мерзімі (бұдан әрі - қорғау мерзімі) осы Кодекстің 461-бабының 4-тармағында көрсетілген құжаттардың және қорғау мерзімін ұзарту туралы өтінішке қоса берілетін құжаттардың қолданылу мерзімдері ескеріле отырып, құқық иеленушінің немесе құқық иеленушінің мүдделерін білдіретін өзге тұлғаның өтініші негізінде ұзартылады.
Қорғау мерзімін ұзарту туралы өтініш бұрын уәкілетті орган белгілеген қорғау мерзімі өткенге дейін күнтізбелік он бес күн бұрын берілуге тиіс.
2. Құқық иеленуші немесе оның мүдделерін білдіретін өзге тұлға тиісті зияткерлік меншік объектісіне құқық иеленушінің құқықтарының қолданылу мерзімін ұзартуын растайтын құжатты ұсынбай, қорғау мерзімін ұзарту туралы өтініш берген кезде қорғау мерзімі тиісті зияткерлік меншік объектісіне құқықтар тоқтатылған күннен бастап екі айдан аспайтын мерзімге тоқтатыла тұрады және тиісті зияткерлік меншік объектісіне құқық иеленушінің құқықтарының қолданылу мерзімін ұзартуды растайтын құжат кейіннен ұсынылған кезде ұзартылады.
3. Қорғау мерзімін ұзарту туралы мәліметтерді уәкілетті орган кедендік тізілімге кейіннен құқық иеленушіге немесе оның мүдделерін білдіретін өзге тұлғаға қорғау мерзімін ұзарту туралы хабарламаны жазбаша немесе электрондық нысанда жібере отырып енгізеді.
463-бап. Зияткерлік меншік объектілерін кедендік тізілімінен алып тастау үшін негіздер және осындай алып тастау туралы хабарлама
1. Зияткерлік меншік объектілері кедендік тізілімінен:
1) құқық иеленушінің немесе құқық иеленушінің мүдделерін білдіретін өзге тұлғаның өтінішхаты бойынша;
2) 464-баптың 2-тармағының ережелері ескеріле отырып, қорғау мерзімінің аяқталуы бойынша;
3) құқықтарды қорғауды тоқтата тұру мерзімінің аяқталуы бойынша және құқық иеленушінің тиісті зияткерлік меншік объектісіне құқықтарының қолданылу мерзімін ұзартуды растайтын құжат (халықаралық куәлік) ұсынылмаған кезде;
4) уәкілетті орган зияткерлік меншік объектілерін кедендік тізілімге енгізу туралы өтінішті беру кезінде ұсынылған анық емес мәліметтерді анықтаған кезде;
5) тиісті зияткерлік меншік объектілеріне құқықтардың қолданысы тоқтатылған кезде алып тасталуы мүмкін.
Зияткерлік меншік объектілеріне құқықтардың қолданысы тоқтатылған жағдайда, құқық иеленуші немесе оның өкілі бұл туралы уәкілетті органды күнтізбелік бес күн ішінде жазбаша немесе электрондық нысанда хабардар етуге міндетті;
6) құқық иеленуші немесе құқық иеленушінің мүдделерін білдіретін өзге тұлға осы тараудың ережелерін сақтамаған кезде алып тасталуы мүмкін.
2. Уәкілетті органның зияткерлік меншiк объектiлерін кедендік тiзілімнен алып тастау туралы шешiмi уәкілетті орган басшысының немесе оны алмастыратын адамның бұйрығымен ресiмделедi.
3. Уәкiлеттi орган зияткерлiк меншiк объектiлерін кедендік тiзiлiмнен алып тастау туралы уәкілетті органның шешiмi қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде құқық иеленушіні немесе құқық иеленушінің мүдделерін білдіретін өзге тұлғаны жазбаша немесе электрондық нысанда хабардар етеді.
464-бап. Кеден органдарының зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау мерзімі
1. Кеден органдары қорғау мерзімін зияткерлік меншік объектілері Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне не кедендік тізілімге енгізілген кезде, құқық иеленуші өтінішінде көрсеткен мерзімді, сондай-ақ өтінішке қоса берілетін құжаттардың қолданылу мерзімдерін ескере отырып белгілейді, бірақ ол осындай тізілімдерге енгізілген күннен бастап екі жылдан аспайды.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген мерзім құқық иеленушінің немесе құқық иеленушінің (бірнеше құқық иеленушінің) мүдделерін білдіретін тұлғаның өтініші негізінде шектеусіз бірнеше рет, бірақ әрбір ретте осы тарауда көзделген талаптар сақталған жағдайда, екі жылдан аспайтын мерзімге ұзартылады.
3. Кеден органдарының зияткерлік меншік объектілеріне құқық иеленушінің құқықтарын қорғау мерзімі құқық иеленушінің тиісті зияткерлік меншік объектілеріне айрықша құқығының қолданылу мерзімінен аспауға тиіс.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне енгізу кезінде белгіленетін кеден органдарының зияткерлік меншік объектілеріне құқық иеленушінің құқықтарын қорғау мерзімі, осы мерзім бұрын өтіп кететін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше сол мемлекетте зияткерлік меншік объектісін құқықтық қорғау мерзімінен аспауға тиіс.
54-тарау. КЕДЕН ОРГАНДАРЫ ТАҒАЙЫНДАЙТЫН КЕДЕНДІК САРАПТАМА
465-бап. Осы тарауда пайдаланылатын ұғымдар
Осы тараудың мақсаттары үшін мынаны білдіретін ұғымдар пайдаланылады:
1) кедендік сараптама - кедендік сарапшылар (сарапшылар)кеден органдарына жүктелген міндеттерді шешу үшін арнайы және (немесе) ғылыми білімдерді пайдалана отырып жүргізетін зерттеулер мен сынақтар;
2) кедендік сарапшы - кедендік сараптама жүргізуге уәкілеттік берілген және қажетті арнайы және (немесе) ғылыми білімдері бар кеден органының лауазымды адамы;
3) кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысы - жүргізілген зерттеулердің және (немесе) сынақтардың нәтижелерін және қойылған сұрақтарға жауаптар түріндегі кедендік сараптаманың түйіндерін қамтитын кедендік құжат;
4) сынама - іріктеп алынуы белгіленген тәртіппен жүргізілетін, ұсынылатын және зерттелетін тауардың бүкіл көлемінің құрамы мен қасиетін сипаттайтын тауардың бір бөлігі;
5) уәкілетті кеден органы - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кедендік сараптама жүргізуге уәкілеттік берілген мамандандырылған мемлекеттік мекеме (оның аумақтық бөлімшелері);
6) үлгі - тауардың бүкіл партиясының құрылымына, құрамына және қасиеттеріне сәйкес келетін тауар бірлігі не одан әрі зерттеу мақсатында іріктеп алынуы белгіленген тәртіппен тіркелетін жалғыз дара объект (тауар - тауар партиясы болмаған кезде).
466-бап. Кедендік сараптаманы тағайындау және жүргізу
1. Кеден органы кедендік сараптаманы, егер кеден органдары кедендік операцияларды жасау және (немесе) кедендік бақылауды жүргізу кезінде туындайтын мәселелерді түсіндіру үшін арнайы және (немесе) ғылыми білімдер талап етілетін жағдайда тағайындайды.
2. Кедендік сараптаманы уәкілетті кеден органы жүргізеді.
Кедендік сараптаманы жүргізу мүмкін болмаған жағдайда, уәкілетті кеден органы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге уәкілетті сараптама ұйымдарын (сарапшыларды) өз бетінше тартады.
Уәкілетті кеден органы өзге уәкiлетті сараптама ұйымдарын (сарапшыларды) тартуға мүмкіндігі болмаған жағдайда, кедендік сараптама уәкілетті орган айқындаған тәртіппен өзге уәкiлетті сараптама ұйымы (сарапшы) жүргізу үшін тағайындалуы мүмкін.
3. Кедендік сараптама тауарларға, кедендік, көліктік (тасымалдау), коммерциялық және өзге де құжаттарға, сондай-ақ осындай тауарлар мен құжаттарды сәйкестендіру құралдарына қатысты тағайындалады.
4. Уәкілетті кеден органы тауартанушылық, материалтанушылық, технологиялық, криминалистік, химиялық және жүргізілуіне қажеттілік туындайтын сараптаманың өзге де түрлерін жүргізеді.
5. Тартылатын кедендік сарапшылардың (сарапшылардың) санына қарай жеке-дара, комиссиялық немесе кешенді кедендік сараптамалар тағайындалады.
Жеке-дара кедендік сараптаманы кедендік сарапшы (сарапшы) жеке-дара жүргізеді.
Комиссиялық кедендік сараптаманы бір мамандықтағы кедендік сарапшылар (сарапшылар) комиссиясы жүргізеді. Кедендік сарапшылар (сарапшылар) арасында келіспеушіліктер болған кезде олардың әрқайсысы немесе сарапшылардың бір бөлігі кедендік сарапшының (сарапшының) бөлек қорытындысын ұсынуға құқылы.
Кешенді кедендік сараптаманы іс үшін маңызы бар мән-жайларды анықтау үшін кедендік сарапшылардың (сарапшылардың) құзыреті шегінде әртүрлі мамандық білімдерін пайдалану негізінде зерттеулер қажет болған жағдайда, кедендік сарапшылар (сарапшылар) комиссиясы жүргізеді. Әрбір кедендік сарапшы (сарапшы) кедендік сарапшы (сарапшы) қорытындысының өзі жүргізген кедендік сараптама бөлігіне қол қояды.
6. Кеден органының уәкілетті лауазымды адамы кедендік сараптама тағайындау туралы шешімді жазбаша нысанда қабылдайды, онда оны жүргізу негіздері, сарапшының тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) немесе кедендік сараптама жүргізілетін ұйымның не кеден органының атауы, кедендік сарапшының (сарапшының) алдына қойылған мәселелер, кедендік сарапшының (сарапшының) иелігіне ұсынылатын материалдар мен құжаттардың тізбесі көрсетіледі.
Шешімде кедендік сарапшының (сарапшының) көрінеу жалған қорытынды бергені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылығы жөнінде кедендік сарапшыға (сарапшыға) ескертілгені туралы да көрсетіледі.
Кеден органының кедендік сараптаманы тағайындау туралы шешімінің нысанын уәкілетті орган бекітеді.
Кеден органының кедендік сараптаманы тағайындау туралы шешіміне тауарлардың сынамалары және (немесе) үлгілері, алып қойылған құжаттар және (немесе) сәйкестендіру құралдары, кедендік сараптаманы жүргізу үшін қажетті өзге де материалдар мен құжаттар қоса беріледі.
7. Кедендік сараптаманы жүргізуден мынадай негіздер бойынша:
1) кедендік сараптаманы тағайындау туралы шешім, тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу туралы акт, кедендік сараптаманы жүргізу үшін ұсынылған құжаттарды, сәйкестендіру құралдарын алып қою туралы акт тиісінше ресімделмегенде;
2) тауарлардың сынамалары және (немесе) үлгілері, олардың саны тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу актісінде көрсетілген мәліметтерге сәйкес келмегенде;
3) қаптама бұзылғанда, қаптама тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу актісінде көрсетілген сипаттамаға сәйкес келмегенде;
4) уәкілетті кеден органында кедендік сараптаманы жүргізу үшін қажетті материалдық-техникалық база, арнайы жағдайлар немесе талап етілетін біліктілігі бар кедендік сарапшы болмағанда;
5) қойылған мәселелер бойынша кедендік сараптаманы жүргізуге мүмкіндік беретін ақпарат, құжаттар болмағанда;
6) кедендік сараптаманы жүргізу үшін тауарлардың сынамалары және (немесе) үлгілері болмағанда немесе жеткіліксіз болғанда;
7) кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органының тауарлардың сынамаларына және (немесе) үлгілеріне, құжаттарға, сәйкестендіру құралдарына кедендік сараптама жүргізу барысында ішінара немесе толық жоюға, оларды бұзуға тыйым салуы болған, ал зерттеулерді және (немесе) сынақтарды бұзу әдістерін пайдалану арқылы ғана жүргізу мүмкін болғанда, бас тартылуы мүмкін.
8. Уәкілетті кеден органы кедендік сараптаманы тағайындау туралы кеден органының келіп түскен шешімі тіркелген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей кедендік сараптаманы жүргізу немесе осы баптың 7-тармағында көрсетілген негіздер бойынша оны жүргізуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Кедендік сараптаманы жүргізуден бас тарту туралы шешімде мұндай бас тартудың себептері көрсетіледі.
Кедендік сараптаманы жүргізуден бас тарту туралы шешім ұсынылған материалдар, құжаттар, тауарлардың сынамалары және (немесе) үлгілері қоса беріле отырып, кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органына жіберіледі.
9. Кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органы кедендік сараптаманы тағайындау туралы шешім қабылданған күннен кейінгі күннен кешіктірмей декларантты немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлғаны кедендік сараптаманы тағайындау туралы шешімнің көшірмесін оған табыс ету (жіберу) арқылы кедендік сараптаманың тағайындалғаны туралы хабардар етеді.
10. Кедендік сараптаманы жүргізуге жұмсалатын шығыстар осы тармақтың екінші бөлігін қоспағанда, Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында сәйкес бюджет қаражаты есебінен өтеледі.
Осы баптың 2-тармағының екінші және үшінші бөліктеріне сәйкес кедендік сараптама тағайындалған жағдайда, мұндай кедендік сараптаманы жүргізуге байланысты туындаған шығыстар, егер кедендік сараптаманы жүргізу нәтижелері бойынша Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын бұзушылықтар анықталса, кедендік сараптама жүргізілетін тауарларға және (немесе) құжаттарға қатысты тұлғаның қаражаты есебінен өтеледі.
467-бап. Кедендік сараптама жүргізу үшін кеден органдарының лауазымды адамы болып табылмайтын сарапшыны (маманды) тарту тәртібі
1. Кедендік сараптама жүргізу үшін кеден органдарының лауазымды адамы болып табылмайтын сарапшыны (маманды) тарту тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
2. Кеден органдарының лауазымды адамы болып табылмайтын сарапшы (маман) кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органына сарапшыда (маманда) қажетті арнайы және (немесе) ғылыми білімдердің болуын растайтын құжаттарды ұсынуға міндетті.
468-бап. Кедендік сараптаманы жүргізу мерзімі мен тәртібі
1. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, кедендік сараптама жүргізу үшін материалдар мен құжаттарды кедендік сарапшы (сарапшы) қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен аспайтын мерзімде кедендік сараптама жүргізіледі.
Зерттеудің салыстыру (салыстырмалы) әдістерін қолдануды және әртүрлі ғылыми-техникалық құралдарды пайдалануды талап ететін, ұзақ уақытты алатын кедендік сараптаманың екі және одан көп объектісіне зерттеу жүргізу кезінде кедендік сараптама мерзімі, егер кедендік сараптама нәтижелері алынғанға дейін тауарларды шығару жүзеге асырылмайтын болса, тауарларды уақытша сақтау мерзімінен аспайтын мерзімге осындай ұзарту мерзімінің себептері көрсетіліп, уәкілетті кеден органы басшысының немесе оны алмастыратын адамның жазбаша рұқсатымен ұзартылады.
2. Кедендік сараптаманы жүргізу мерзімі:
кедендік сарапшының (сарапшының) кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органы алдында оған қосымша материалдарды, сондай-ақ сынамаларды және (немесе) үлгілерді беру туралы өтінішхаты болған;
кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органының лауазымды адамынан зерттеулер немесе сынақтар жүргізу барысында кедендік сараптамаға ұсынылған, кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органына қайтарылуға жататын тауарларды, құжаттарды, сынамаларды немесе үлгілерді елеулі зақымдауға немесе жоюға жазбаша рұқсат алу қажет болған;
кедендік сараптама жүргізуге кіріскен кедендік сарапшы (сарапшы) дәлелді себеппен болмаған (еңбекке уақытша жарамсыздық, іссапар);
уәкілетті кеден органы өзге уәкілетті сараптама ұйымдарына (сарапшыларға) жүгінген;
кеден органдарының лауазымды адамы болып табылмайтын сарапшыны (маманды) кедендік сараптама жүргізу үшін тартқан жағдайларда тоқтатыла тұрады.
Кедендік сараптама жүргізу тоқтатыла тұрған мерзімді, сондай-ақ осындай тоқтата тұрудың тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
3. Уәкілетті кеден органдарының кедендік сараптама жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
469-бап. Кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысы
1. Кедендік сараптама жүргізудің нәтижелері кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысымен ресімделеді.
2. Кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысында:
1) кедендік сараптама жүргізу орны, оның басталған және аяқталған күні;
2) кедендік сараптама жүргізу үшін негіз;
3) кедендік сараптаманы жүргізген кедендік сарапшының (сарапшының) тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) және оның біліктілігі;
4) кедендік сараптама жүргізу кезінде кедендік сарапшының (сарапшының) көрінеу жалған қорытындысын бергені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылығы жөнінде ескертілгені туралы кедендік сарапшының (сарапшының) қолтаңбасымен куәландырылған мәліметтер, уәкілетті кеден органының және (немесе) кедендік сараптама жүргізген уәкілетті сараптама ұйымының мөр бедерімен куәландырылған;
5) кедендік сарапшының (сарапшының) алдына қойылған мәселелер;
6) кедендік сараптама жүргізу үшін кедендік сарапшыға (сарапшыға) ұсынылған құжаттардың, материалдардың, тауарлар сынамаларының және (немесе) үлгілерінің, алып қойылған құжаттардың немесе сәйкестендіру құралдарының тізбесі;
7) қолданылған әдістер, пайдаланылған аспаптар мен жабдықтар көрсетіле отырып, зерттеулердің мазмұны мен нәтижелері, зерттеулердің нәтижелерін бағалау, қойылған мәселелер бойынша түйіндер және олардың негіздемесі көрсетіледі.
3. Кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысына кедендік сарапшы (сарапшы) қол қояды. Егер кедендік сараптама бірнеше кедендік сарапшының (сарапшылардың) қатысуымен жүргізілген болса, кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысына кедендік сарапшылардың (сарапшылардың) барлығы қол қояды. Кедендік сарапшының (сарапшының) қағаз жеткізгіште ресімделген қорытындысы да уәкілетті кеден органының және (немесе) сараптама ұйымының мөр бедерімен куәландырылады.
Кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысын көрнекілейтін материалдар мен құжаттар осындай қорытындыға қоса беріледі, кедендік сарапшының (сарапшының) қолтаңбасымен, ал егер кедендік сараптама бірнеше кедендік сарапшылардың (сарапшылардың) қатысуымен жүргізілген болса, бірнеше кедендік сарапшылардың (сарапшылардың) қолтаңбасымен куәландырылады. Қағаз жеткізгіште ресімделген материалдар мен құжаттар да уәкілетті кеден органының және (немесе) сараптама ұйымының мөр бедерімен куәландырылады және осындай қорытындының құрауыш бөлігі болып табылады.
4. Кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысы кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органына жіберіледі.
Кедендік сарапшының (сарапшының) қорытындысы қағаз жеткізгіште құжат түрінде ресімделген жағдайда, мұндай қорытынды үш данада ресімделеді, оның бірі уәкілетті кеден органында қалады, ал басқалары кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органына жіберіледі.
5. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекетте Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің кеден органдары жүргізген кедендік сараптама нәтижелерін тану жағдайлары мен тәртібін Комиссия айқындайды.
470-бап. Қосымша және қайталама кедендік сараптамалар
1. Бұрын зерттелген тауарларға, кедендік, көліктік (тасымалдау), коммерциялық және өзге де құжаттарға, тауарлар мен құжаттарды сәйкестендіру құралдарына қатысты жаңа мәселелер туындаған кезде кеден органы қосымша кедендік сараптама тағайындауы мүмкін.
Қосымша кедендік сараптама кедендік сараптама жүргізген Қазақстан Республикасының уәкілетті кеден органына не сараптама ұйымына (сарапшысына) тағайындалады.
2. Декларант кедендік, оның ішінде қосымша сараптама нәтижелерімен келіспеген жағдайда, кеден органы қайталама кедендік сараптама тағайындауы мүмкін.
Қайталама кедендік сараптама бұрын жүргізілген кедендік сараптама кезінде зерттелген сол тауарларды, кедендік, көліктік (тасымалдау), коммерциялық және өзге де құжаттарды, тауарлар мен құжаттарды сәйкестендіру құралдарын зерттеу үшін және сол мәселелерді шешу үшін тағайындалады.
Қайталама кедендік сараптама кедендік сараптама жүргізген уәкілетті кеден органына немесе сараптама ұйымына, сол сияқты өзге де сараптама ұйымына да тағайындалуы мүмкін.
Қайталама кедендік сараптама жүргізу кедендік, оның ішінде қосымша сараптаманы жүргізген кедендік сарапшыны (сарапшыны) қоспағанда, екі және одан көп кедендік сарапшыдан (сарапшылардан) тұратын комиссияға тапсырылады. Кедендік, оның ішінде қосымша сараптаманы жүргізген кедендік сарапшылар (сарапшылар) қайталама кедендік сараптама жүргізген кезде оған қатысуы және комиссияға қажетті түсіндірмелер беруі мүмкін.
3. Қосымша және қайталама кедендік сараптамаларды жүргізу кезінде кедендік сарапшыға (сарапшыға) міндетті түрде бұрын жүргізілген кедендік сараптаманың нәтижелері ұсынылады.
471-бап. Кедендік сараптаманы жүргізу үшін тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу, кедендік, көліктік (тасымалдау), коммерциялық және өзге де құжаттарды, осындай тауарлар мен құжаттарды сәйкестендіру құралдарын алып қою
1. Кеден органдарының лауазымды адамдары кедендік сараптаманы жүргізу үшін тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алады.
2. Арнайы білімдерді пайдалану және техникалық құралдарды қолдану қажет болған кезде тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу кедендік сарапшының (сарапшының) қатысуымен жүргізілуі мүмкін. Тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алуға кедендік сарапшының (сарапшының) қатысуы үшін кеден органының лауазымды адамының уәкілетті кеден органына өтінішхаты негіз болып табылады.
2018.05.10. № 184-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Тауарлардың сынамалары және (немесе) үлгілері оларды зерттеу мүмкіндігін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес стандарттау жөніндегі құжаттарға сәйкес талаптардың сақталуын қамтамасыз ететін ең аз мөлшерде іріктеп алынады.
4. Тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алуды жүргізу нәтижелері бойынша тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу актісі жасалады, оның нысанын Комиссия айқындайды.
Тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу актісі үш данада жасалады, оның біреуі декларантқа, ол болмаған жағдайда - егер тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлға анықталса, оған, ал халықаралық пошта жөнелтілімдерімен өткізілетін тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу кезінде тағайындалған пошта байланысы операторына табыс етілуге (жіберілуге) жатады.
5. Кеден органдарының лауазымды адамдары тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алуды декларанттың қатысуымен, ол болмаған жағдайда - егер тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлға анықталса, оның қатысуымен, ал халықаралық пошта жөнелтілімдерімен өткізілетін тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу кезінде тағайындалған пошта байланысы операторы өкілінің қатысуымен іріктеп алады.
Кеден органының талап етуі бойынша аталған тұлғалар кеден органдарының лауазымды адамдарына тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу кезінде жәрдемдесуге, оның ішінде қажетті жүк және өзге де операцияларды өз есебінен жасауға міндетті.
6. Кеден органдарының лауазымды адамдары тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін декларант немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлға болмаған кезде, осы Кодекстің 413-бабы 6-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда, екі куәгердің қатысуымен, ал осы Кодекстің 413-бабы 6-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда - тағайындалған пошта байланысы операторы өкілінің қатысуымен, ал ол болмаған кезде екі куәгердің қатысуымен іріктеп алуы мүмкін.
7. Кеден органы декларантта немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлғада тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу нәтижесінде туындаған шығыстарды өтемейді.
8. Кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органы кедендік сараптама аяқталғаннан кейін оны жүргізу барысында жұмсалмаған тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осындай тауарлардың сынамалары және (немесе) үлгілері көмілуге, жойылуға немесе кәдеге жаратылуға жататын жағдайларды қоспағанда, декларантқа немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлғаға, ал халықаралық пошта жөнелтілімдерімен өткізілетін тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін іріктеп алу кезінде - тағайындалған пошта байланысы операторына қайтарады.
Кедендік сараптаманы тағайындаған кеден органы кедендік сараптаманы жүргізген уәкілетті кеден органынан тауарлардың сынамалары және (немесе) үлгілері алынған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей декларантқа немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлғаға осындай тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін қайтару туралы хабарлайды.
9. Декларант немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлға көрсетілген ақпаратты алған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде алмаған тауарлардың сынамаларын және (немесе) үлгілерін осы Кодекстің 52-тарауына сәйкес кеден органдары кідіртеді.
10. Кедендік, көліктік (тасымалдау), коммерциялық және өзге де құжаттарға, сәйкестендіру құралдарына қатысты кедендік сараптаманы жүргізу үшін мұндай құжаттар мен сәйкестендіру құралдарын кеден органдары уәкілетті орган айқындаған тәртіппен алып қояды. Кедендік, көліктік (тасымалдау), коммерциялық және өзге де құжаттарды, сәйкестендіру құралдарын алып қою туралы құжаттарды, сәйкестендіру құралдары мен тауарларды алып қою туралы акт жасалады, оның нысанын уәкілетті орган бекітеді.