2) кедендік қарап-тексеруді өзге орындарда жүргізген кезде - кедендік қарап-тексеру жүргізілген күннен кейінгі жұмыс күні басталған кезден бастап екі сағаттан кешіктірмей жасауға міндетті.
6. Кедендік қарап-тексеру актісі екі данада жасалады, оның біреуі тауарларға қатысты өкілеттіктері бар тұлғаға не оның өкіліне, егер бұл тұлғалар бұзушылық анықталған жағдайда анықталса, немесе оның талап етуі бойынша тапсырылады (жіберіледі).
413-бап. Кедендік жете тексеру
1. Кедендік жете тексеру тауарлардың қаптамасын, көлік құралдарының жүкжайларын (бөлекжайларын), ыдыстарды, контейнерлерді немесе тауарлар орналасқан немесе орналасуы мүмкін өзге де орындарды ашумен және (немесе) оларға қолданылған кедендік пломбаларды, мөрлерді немесе өзге сәйкестендіру құралдарын жоюмен, тексерілетін объектілер мен олардың бөліктерін бөлшектеумен, демонтаждаумен немесе өзге де тәсілдермен бүтіндігін бұзумен тауарларға, оның ішінде көлік құралдарына және жеке тұлғалардың багажына қатысты қарап-тексеру жүргізуді және өзге де әрекеттер жасауды білдіретін кедендік бақылау нысаны болып табылады.
2. Кедендік жете тексеру кедендік бақылау жүргізілетін тауарлар туралы мәліметтерді тексеру және (немесе) алу мақсатында жүргізіледі.
Кедендік жете тексеруді жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
3. Кеден органы декларантты немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлғаны, егер осы тұлғалар анықталса, хабарламаны алуы фактісін растауға мүмкіндік беретін кез келген тәсілмен кедендік жете тексеруді жүргізу орны мен уақыты туралы хабардар етеді. Кедендік жете тексеруді жүргізу уақытын тағайындау кезінде мұндай адамдардың келуінің ақылға қонымды мерзімдері ескеріледі. Бұл ретте декларанттың, тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлғалардың келуіне арналған мерзімдерде осы Кодекстің 193-бабының 6-тармағына сәйкес кедендік бақылауды жүргізу мерзімдері есепке алынуға тиіс.
4. Осы баптың 6-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, декларант, тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлғалар және олардың өкілдері кедендік жете тексеруді жүргізу кезінде өз бастамалары бойынша қатысуға құқылы.
5. Кеден органының талап етуі бойынша декларант немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлғалар және олардың өкілдері кедендік жете тексеруді жүргізу кезінде қатысуға және кеден органының лауазымды адамдарына қажетті жәрдем көрсетуге міндетті. Тасымалдаушы арнайы уәкілеттік берген өкіл болмаған кезде көлік құралын басқаратын жеке тұлға осы міндетті атқарушы болып табылады.
6. Декларант, тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлғалар және олардың өкілдері болмаған кезде кедендік жете тексеруді кеден органы мынадай:
1) көрсетілген тұлғалар келмеген не мұндай тұлғалар анықталмаған жағдайларда;
2) ұлттық (мемлекеттік) қауіпсіздікке, адамның өмірі мен денсаулығына, жануарлар мен өсімдіктерге, қоршаған ортаға, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ұлттық мәдени игілік объектілерінің сақталуына қауіп төнген және кейінге қалдыруға болмайтын өзге мән-жайлар пайда болған, оның ішінде тауарлар тез тұтанатын заттар, жарылу қауіптілігі бар заттар, жарылғыш, улайтын, қауіпті химиялық және биологиялық заттар, есірткі, психотроптық, қатты әсер ететін, улы, уытты, радиоактивті заттар, ядролық материалдар және басқа да сондай тауарлар болып табылатынын көрсететін белгілері болған, сондай-ақ тауарлар жағымсыз иіс таратқан;
3) тауарлар халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілген;
4) тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетуді көздейтін кедендік рәсім немесе осы Кодекске сәйкес кедендік рәсімдермен орналастыруға жатпайтын тауарлардың жекелеген санаттарын пайдалану үшін белгіленген шарттар бұзыла отырып, олар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында қалдырылған жағдайларда, жүргізуге құқылы.
7. Кедендік жете тексеру осы баптың 6-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда екі куәгердің қатысуымен, ал осы баптың 6-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда - тағайындалған пошта байланысы операторы өкілінің қатысуымен, ал ол болмаған кезде - екі куәгердің қатысуымен жүргізіледі.
8. Кедендік жете тексеруді жүргізу нәтижелері, осы Кодекстің 401-бабының 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, нысанын Комиссия айқындаған кедендік жете тексеру актісін жасау арқылы ресімделеді.
9. Кедендік жете тексеру актісінде мынадай мәліметтер көрсетіледі:
1) кедендік жете тексеруді жүргізген кеден органының лауазымды адамдары және оны жүргізген кезде қатысқан тұлғалар туралы мәліметтер;
2) декларанттың немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлғаның қатысуынсыз кедендік жете тексеруді жүргізу себептері;
3) кедендік жете тексеру нәтижелері;
4) акт нысанында көзделген өзге де мәліметтер.
10. Кедендік жете тексеру актісі екі данада жасалады, олардың біреуі декларантқа немесе тауарларға қатысты өкілеттіктері бар өзге тұлғаға не олардың өкілдеріне, егер бұл тұлғалар бұзушылық анықталған жағдайда анықталса, немесе оның талап етуі бойынша тапсырылады (жіберіледі).
414-бап. Жеке кедендік жете тексеру
1. Жеке кедендік жете тексеру жеке тұлғаларға жете тексеру жүргізуді білдіретін кедендік бақылау нысаны болып табылады.
2. Жеке кедендік жете тексеру Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өтетін және кедендік бақылау аймағындағы немесе халықаралық әуежайдың транзит аймағындағы жеке тұлғалар Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасын бұза отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларды өзінде жасырып тұр және ерікті түрде бермей тұр деп пайымдауға жеткілікті негіздер болған кезде, осындай тұлғаларға қатысты ғана жүргізілуі мүмкін.
3. Жеке кедендік жете тексеру осы баптың 2-тармағында көрсетілген жеке тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасын бұза отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін, өзі жасырып тұрған тауарларын анықтау мақсатында жүргізіледі және кедендік бақылаудың ерекше нысаны болып табылады.
4. Жеке кедендік жете тексеру кеден органы басшысының, ол уәкілеттік берген кеден органы басшысы орынбасарының не оларды алмастыратын адамдардың шешімі бойынша немесе кеден органы бөлімшесі (кеден бекеті, бақылау-өткізу пункті) басшысының, ол уәкілеттік берген кеден органы бөлімшесі басшысы орынбасарының не оларды алмастыратын адамдардың шешімі бойынша жүргізіледі.
Көрсетілген шешім жазбаша нысанда ресімделеді.
5. Жеке кедендік жете тексеруді өзіне қатысты жеке кедендік жете тексеру жүргізілетін адаммен бір жыныстағы кеден органының лауазымды адамдары сол жыныстағы екі куәгердің қатысуымен санитариялық-гигиеналық талаптарға сай келетін оқшауланған үй-жайда жүргізеді.
Үй-жайға осы бапта көрсетілген тұлғалардан басқа жеке тұлғалардың кіруіне және басқа жеке тұлғалардың жеке кедендік жете тексерудің жүргізілуін қадағалау мүмкіндігіне жол берілмеуге тиіс.
Өзіне қатысты жеке кедендік жете тексеру жүргізілетін жеке тұлғаның денесін зерттеп-қарауды, қажет болған жағдайда арнайы медициналық техниканы пайдалана отырып, медицина қызметкері ғана жүргізеді.
Кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабілетсіз жеке тұлғаға жеке кедендік жете тексеруді жүргізу кезінде оның заңды өкілдері (ата-аналары, асырап алушылары, қорғаншылары не қамқоршылары) немесе оны алып жүретін адамдар қатысуға міндетті.
6. Жеке кедендік жете тексеру басталар алдында кеден органының лауазымды адамы жеке тұлғаны жеке кедендік жете тексеруді жүргізу туралы шешіммен және мұндай жеке кедендік жете тексеруді жүргізу кезіндегі оның құқықтарымен таныстыруға, сондай-ақ оған Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасын бұза отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларды өз еркімен беруін ұсынуға міндетті.
Жеке тұлғаның жеке кедендік жете тексеру жүргізу туралы шешіммен танысу фактісін осы жеке тұлға мұндай жеке кедендік жете тексеруді жүргізу туралы шешімге тиісті жазба жасау арқылы куәландырады. Жеке тұлға мұндай жазба жасаудан бас тартқан жағдайда, жеке кедендік жете тексеруді жүргізу туралы шешімге осындай жеке кедендік жете тексеруді жүргізу туралы шешімді жариялаған кеден органының уәкілетті лауазымды адамының және жеке кедендік жете тексеру жүргізу кезінде қатысатын куәгерлердің қолдарымен куәландырылатын тиісті белгі қойылады.
7. Жеке кедендік жете тексеруді жүргізу кезінде кеден органы лауазымды адамының әрекеттері өзіне қатысты жеке кедендік жете тексеру жүргізілетін жеке тұлғаның абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірмеуге және осы жеке тұлғаның денсаулығына зиян және мүлкіне залал келтірмеуге тиіс.
8. Өзіне қатысты жеке кедендік жете тексеру жүргізілетін жеке тұлғаның:
1) жеке кедендік жете тексеруді жүргізу басталғанға дейін жеке кедендік жете тексеруді жүргізу туралы шешіммен және оны жүргізу тәртібімен танысуға;
2) өз құқықтарымен және міндеттерімен танысуға;
3) түсініктемелер беруге және өтінішхаттарды мәлімдеуге;
4) Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасын, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасын бұза отырып, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізілетін, өзі жасырып отырған тауарларды өз еркімен беруге;
5) жеке кедендік жете тексеруді жүргізетін кеден органы лауазымды адамының жеке кедендік жете тексеруді жүргізу актісіне міндетті түрде енгізе отырып, мәлімдеме жасауға;
6) ана тілін және аудармашының көрсетілетін қызметтерін пайдалануға;
7) жеке кедендік жете тексеруді жүргізу туралы акт жасалып болған соң онымен танысуға және оған жазбаша нысанда мәлімдемелер жасауға;
8) жеке кедендік жете тексеру жүргізетін кеден органының лауазымды адамдарының әрекеттеріне осы Кодекске сәйкес шағым жасауға құқығы бар.
9. Жеке кедендік жете тексеруді жүргізу барысында өзіне қатысты осы тексеру жүргізілетін жеке тұлға және оның заңды өкілі жеке кедендік жете тексеру жүргізетін кеден органының лауазымды адамының заңды талаптарын орындауға міндетті.
10. Жеке кедендік жете тексеруді жүргізу нәтижелері нысанын Комиссия айқындайтын жеке кедендік жете тексеру актісін жасау арқылы ресімделеді.
Көрсетілген акт жеке кедендік жете тексеруді жүргізу барысында не ол аяқталғаннан кейін бір сағат ішінде жасалуға тиіс.
11. Жеке кедендік жете тексеру актісіне жеке кедендік жете тексеруді жүргізген кеден органының лауазымды адамы, өзіне қатысты жеке кедендік жете тексеру жүргізілген жеке тұлға немесе оның заңды өкілі немесе онымен бірге жүретін адам, куәгерлер, ал өзіне қатысты жеке кедендік жете тексеру жүргізілген жеке тұлғаның денесін зерттеп-қарау жүргізілген кезде - медицина қызметкері де қолдарын қояды.
12. Жеке кедендік жете тексеру актісі екі данада жасалады, олардың біреуі өзіне қатысты жеке кедендік жете тексеру жүргізілген жеке тұлғаға, оның заңды өкіліне немесе онымен бірге жүретін адамға ол жасалғаннан кейін дереу табыс етіледі.
415-бап. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеру
1. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеру үй-жайлар мен аумақтарға, сондай-ақ көрсетілген орындардағы тауарларға және (немесе) құжаттарға көзбен қарап-тексеру жүргізуді білдіретін кедендік бақылау нысаны болып табылады.
2. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеру қарап тексерілетін үй-жайларда немесе аумақтарда кедендік бақылау объектілері болып табылатын тауарлардың және (немесе) құжаттардың болуын немесе болмауын тексеру мақсатында, сондай-ақ осындай тауарлар және (немесе) құжаттар туралы мәліметтерді тексеру және (немесе) алу және тауарларда, көлік құралдарында және олардың жүкжайларында (бөлекжайларында) кедендік пломбалардың, мөрлердің және басқа сәйкестендіру құралдарының бар-жоғын тексеру мақсатында жүргізіледі.
3. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеруді кеден органдары жеке тауарларын сақтау қоймалары, уақытша сақтау қоймалары, кеден қоймалары, еркін қоймалар, бажсыз сауда дүкендері ретінде пайдалануға арналған немесе пайдаланылатын, сондай-ақ уәкілетті экономикалық операторлардың тауарларды уақытша сақтауына арналған немесе пайдаланылатын құрылыстардың, үй-жайлардың (үй-жай бөліктерінің) және (немесе) ашық алаңдардың (ашық алаңдар бөліктерінің) осы Кодекстің 165-бабының 3-тармағына, 503, 510, 517 және 524-баптарына және 532-бабы 3-тармағының 4) тармақшасына сәйкес белгіленген талаптар мен шарттарға сәйкестігін тексеру мақсатында жүргізуі мүмкін.
4. Үй-жайларды және тұрғын үй-жайлардағы аумақтарды кедендік қарап-тексеру жүргізуге жол берілмейді.
2019.26.11. № 273-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2020 ж. 30 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеру үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеруді жүргізуге арналған нұсқама, сондай-ақ кеден органы лауазымды адамының қызметтік куәлігі не сәйкестендіру картасы көрсетілген кезде жүргізіледі.
Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеруді жүргізуге арналған нұсқама нысанын, сондай-ақ осындай нұсқаманы тіркеу журналының нысанын уәкілетті орган бекітеді.
Көшпелі кедендік тексеру жүргізу кезінде осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген құжаттарды көрсету талап етілмейді.
6. Кеден органдары лауазымды адамдарының аумақтарға және үй-жайларға кіруіне кедергі келтіретін адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
7. Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдары лауазымды адамдарының жекелеген объектілерге кіруінің арнайы тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
8. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеру оны жүргізу үшін қажет болатын барынша қысқа мерзімде жүргізілуге және бір жұмыс күнінен аспауға тиіс. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексерудің жүргізілетін уақыт кезеңін үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеруді жүргізуге арналған нұсқамада ұзарту туралы мәліметтерді көрсете отырып, кеден органының басшысы не оны алмастыратын адам не кеден органы басшысының орынбасары ұзартуы, бірақ бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін.
9. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеруді жүргізу нәтижелері нысанын Комиссия айқындайтын, үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеру актісін жасау арқылы ресімделеді.
10. Үй-жайлар мен аумақтарды кедендік қарап-тексеру актісі екі данада жасалады, олардың бірі үй-жайы және (немесе) аумағы қарап тексерілген тұлғаға, егер бұл тұлға анықталса, табыс етілуге (жіберілуге) жатады.
416-бап. Кедендік тексеру
1. Кедендік тексеру осы Кодексте белгіленген кедендік бақылаудың өзге нысандарын және осы Кодексте көзделген кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шараларды қолдана отырып, тауарлар шығарылғаннан кейін тұлғалардың Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының сақталуын тексеру мақсатында кеден органы жүргізетін кедендік бақылау нысаны болып табылады.
2. Кедендік тексеру кедендік декларацияда мәлімделген және (немесе) кеден органдарына ұсынылған құжаттардағы мәліметтерді және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасына сәйкес кеден органына ұсынылған немесе ол алған өзге мәліметтерді бухгалтерлік есеп пен есептілік құжаттарымен және (немесе) деректерімен, шоттармен және Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасында белгіленген тәртіппен алынған өзге де ақпаратпен салыстыруды білдіреді.
3. Кедендік тексеру осы Кодекстің 393-баптың 9-тармағына сәйкес, сондай-ақ осы Кодекстің 484-бабының 4-тармағында және 529-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларда кедендік бақылау жүргізу кезінде қолданылуы мүмкін.
4. Кедендік тексеруді кеден органы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, тіркелген және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын жері бар тексерілетін тұлғаларға қатысты жүргізеді.
5. Тексерілетін тұлғалар деп мынадай тұлғалар түсініледі:
1) декларант;
2) тасымалдаушы;
3) уақытша сақтау қоймасы болып табылмайтын орындарда тауарларды уақытша сақтауды жүзеге асыратын тұлға;
4) кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлға;
5) тауарлар шығарылғаннан кейін оларға қатысты өкілеттіктері бар тұлға;
6) уәкілетті экономикалық оператор;
7) кедендік рәсіммен орналастырылған тауарлармен жасалған мәмілелерге тікелей немесе жанама түрде қатысқан тұлға;
8) иелігінде және (немесе) пайдалануында Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасы, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасы бұзыла отырып тауарлардың, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізілген тауарлардың болуын (болғанын) куәландыратын өзіне қатысты ақпарат бар тұлға.
6. Кеден органдары кедендік тексеруді жүргізу кезінде:
1) тауарларды кедендік рәсіммен орналастыру фактісін;
2) кедендік декларацияда мәлімделген және (немесе) кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттардағы мәліметтердің анықтығын;
3) шартты түрде шығарылған тауарларды пайдалану және (немесе) оларға билік ету бойынша шектеулердің сақталуын;
4) кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың кеден ісі саласындағы қызметтің әрбір түрі үшін осы Кодексте көзделген міндеттерді орындауын;
5) уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізілуге үміткер заңды тұлғаның осындай тізілімге енгізу шарттарын сақтауын, сондай-ақ уәкілетті экономикалық оператордың уәкілетті экономикалық операторлар тізіліміне енгізу шарттарын сақтауын және осы Кодексте көзделген өзге міндеттерді орындауын;
6) осы Кодексте көзделген кедендік рәсімдерге сәйкес тауарларды пайдалану шарттарының сақталуын;
7) Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасында, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасында белгіленген өзге талаптардың сақталуын тексеруі мүмкін.
7. Кедендік тексеру камералдық немесе көшпелі болуы мүмкін.
8. Арнайы білімдер мен дағдыларды талап ететін мәселелерді зерделеу және консультация алу үшін кеден органдары кедендік тексеруге Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдарының лауазымды адамдарын тартуы мүмкін.
Кедендік тексеруге қатысушы болып табылатын кеден органының лауазымды адамы қойған жазбаша сұрақтар бойынша кедендік тексеруге тартылған Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының лауазымды адамы кедендік тексеру барысында пайдаланылатын қорытынды жасайды. Мұндай қорытындылардың көшірмелері кедендік тексеру актісіне қоса беріледі.
9. Кедендік тексеруді жүргізу барысында әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзұшылықтар белгілері анықталған кезде кеден органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шаралар қабылдайды.
10. Кедендік тексеру нәтижелері және кедендік тексеру нәтижелері бойынша шешім қабылдау тәртібі осы тарауда айқындалады.
417-бап. Камералдық кедендік тексеру
1. Камералдық кедендiк тексеру кедендік операцияларды жасау кезінде және (немесе) кеден органдарының талап етуі бойынша тексерiлетiн тұлға ұсынған кедендiк декларациялардағы және (немесе) коммерциялық, көлiктiк (тасымалдау) және өзге де құжаттардағы мәлiметтердi, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының құжаттары мен мәліметтерін, сондай-ақ кеден органдарында бар және тексерілетін тұлғаға қатысты басқа да құжаттар мен мәліметтерді зерделеу және талдау арқылы, оның ішінде тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану нәтижелері бойынша жүргізіледі.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Камералдық кедендік тексеруді кеден органдары тексерілетін тұлғаға бармай, сондай-ақ кеден органының камералдық кедендік тексеруді жүргізу туралы шешімін (нұсқамасын) ресімдемей, кеден органының тұрған жері бойынша жүргізеді.
Кеден органы тексерілетін тұлғаны камералдық кедендік тексеруді жүргізудің басталғаны туралы уәкілетті орган бекіткен тәртіппен және нысан бойынша хабардар етеді.
Бұл ретте тексерілетін тұлғаға осы хабарламаның шеңберінде осы баптың 5-тармағына сәйкес құжаттар және (немесе) мәліметтер ұсыну жөнінде талап жіберуге құқылы.
Осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген, кеден органының басшысы немесе кеден органы басшысының орынбасары қол қойған хабарламаны жіберген күн камералдық кедендік тексеруді жүргізу басталған күн болып саналады.
Камералдық кедендік тексеруді жүргізу мерзімі алты айдан аспауға тиіс.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Камералдық кедендік тексеруді жүргізу үшін:
1) Қазақстан Республикасының кеден және өзге мемлекеттік органдарының ақпараттық ресурстарында қамтылған және Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасының ықтимал бұзылуын куәландыратын ақпаратты талдау нәтижесінде алынған деректер;
2) Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасының ықтимал бұзылуын куәландыратын ақпарат;
3) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттің кұзыретті органының Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауарларды өткізуге байланысты шетелдік тұлғамен мәміле жасаған тұлғаны тексеруді жүргізу туралы өтініші (сұрау салуы);
4) шет мемлекеттердің салық, кеден және құқық қорғау органдарымен ақпарат алмасу нәтижесінде алынған мәліметтерді тексеру;
5) жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттік органдардың Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасының ықтимал бұзылуын куәландыратын өтініштері;
6) тұлғаның камералдық кедендік тексеру жүргізу туралы бастамамен жүгінуі;
7) өзге нысандарда салықтық бақылау, кедендік бақылау жүргізудің және (немесе) кедендік бақылаудың жүргізілуін қамтамасыз ететін шараларды қолданудың Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының ықтимал бұзылуын куәландыратын нәтижелері;
8) кеден органдарының бұрын жіберілген сұрау салулары бойынша алдыңғы кедендік тексеру барасында келіп түспеген жауап алынған жағдайлар;
9) тексерілетін тұлғаның қайта ұйымдастырылуы және (немесе) тексерілетін тұлғаның банкроттыққа (таратуға) арналған құжаттарды беруі негіз болып табылады.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Камералдық кедендік тексерулер оларды жүргізу кезеңділігі шектелмей жүзеге асырылады.
Осы баптың 3-тармағының 3), 4), 5), 6) және 8) тармақшаларында көзделген негіздерді қоспағанда, кеден органы бұрын камералдық кедендік тексеру жүргізген тауарларға нақ сол кеден органының қайтадан камералдық кедендік тексеру жүргізуіне жол берілмейді.
Осы Кодекстің 202-бабында көзделген шартты түрде шығарылған тауарларға, өздеріне қатысты 2001 жылғы 12 маусымдағы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 250-бабында және 2017 жылғы 25 желтоқсандағы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 427-бабында көзделген пайдаланылуы және билік етілуі бойынша шектеулер бар тауарларға қатысты, сондай-ақ осы Кодекстің 416-бабының 6-тармағында көзделген жүргізілетін камералдық кедендік тексеру нысанасы алдыңғы камералдық кедендік тексерулерде қамтылмаған жағдайларда қайтадан камералдық кедендік тексеруге жол беріледі.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Камералдық кедендік тексеруді жүргізу барысында кеден органы тексерілетін тұлғаға осы Кодекстің 426-бабында көзделген құжаттарды және (немесе) мәліметтерді уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша ұсыну жөнінде талап жібереді.
Құжаттарды және (немесе) мәліметтерді ұсыну мерзімі талап табыс етілген (алынған) күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күнінен аспауға тиіс. Қажет болған кезде, кеден органы құжаттарды ұсыну мерзімін тексерілетін тұлғаның уәжді сұрау салуы бойынша бес жұмыс күніне дейін ұзартуы мүмкін.
2019.02.04. № 241-VІ ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Камералдық кедендік тексеру кезінде тексерілетін тұлға кедендік декларацияда мәлімделген құжаттарды талап ету бойынша ұсынбаған жағдайда, осындай құжаттардың негізінде кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтер анық мәлімделмеген болып есептеледі.
Кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттар болмаған кезде кедендік баждардың, салықтардың сомаларын кеден органы кедендік баждар, салықтар мөлшерлемелерінің неғұрлым жоғары шамасын, сондай-ақ кеден органының қолда бар мәліметтерінің негізінде айқындалуы мүмкін тауарлардың санын және (немесе) құнын негізге ала отырып айқындайды.
7. Кеден органдары камералдық кедендік тексеру нәтижелері бойынша кедендік декларациядағы бұзушылықтарды анықтаған жағдайда, тексерілетін тұлғаға оларды өз бетінше жою құқығы беріледі.
8. Хабарламада көрсетілген бұзушылықтармен келіскен жағдайда, бұзушылықтарды жою туралы хабарламадағы талаптарды орындау, оның ішінде тексерілетін тұлғаның кедендік декларациядағы мәліметтерге, оның ішінде тауарлардың кедендік құны бойынша мәліметтерге өзгерістер (толықтырулар) енгізу туралы құжатты ұсынуы арқылы, қажет болған кезде кедендік төлемдердің, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, өсімпұлдардың, пайыздардың төленгенін растайтын құжаттардың және (немесе) мәліметтердің көшірмелерін қоса бере отырып орындау камералдық кедендік тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды өз бетінше жою деп танылады.