175-бап. Кедендік декларациялау туралы жалпы ережелер
1. Тауарлар кедендік рәсіммен орналастырылған кезде не осы Кодекстің 341-бабының 4-тармағында, 355-бабының 4-тармағында және 364-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда кедендік декларациялауға жатады.
Тауарлар осы Кодекстің 284-бабының 4-тармағына сәйкес еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімімен орналастырылған кезде, сондай-ақ осы Кодекстің 369-бабының 3, 13, 14, 15 және 16-тармақтарында және 384-бабының 7-тармағында көзделген жағдайларда кедендік декларациялауға жатпайды.
2. Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, кедендік декларациялауды декларант не кеден өкілі жүзеге асырады.
3. Кедендік декларациялау электрондық нысанда жүзеге асырылады.
4. Мынадай жағдайларда жазбаша нысанда кедендік декларациялауға:
1) тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырған кезде;
2) жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты;
3) халықаралық пошта жөнелтілімдерімен жіберілетін тауарларға қатысты;
4) халықаралық тасымалдау көлік құралдарына қатысты;
5) көліктік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) өзге құжаттарды, оның ішінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген құжаттарды осы Кодекстің 176-бабы 6-тармағының екінші бөлігіне сәйкес кедендік декларация ретінде пайдаланған кезде;
6) Комиссия айқындайтын өзге де жағдайларда және Комиссияда көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында жол беріледі.
5. Осы баптың 4-тармағының ережесіне қарамастан, егер кеден органында кеден органдары пайдаланатын ақпараттық жүйелердің техникалық іркілістерден, байланыс құралдары (телекоммуникациялық желілер және Интернет) жұмысының бұзылуынан, электр энергиясының сөндірілуінен, авариядан, еңсерілмейтін күштің әсерінен немесе кеден органдары пайдаланатын ақпараттық жүйелердің істен шығуына алып келген өзге де мән-жайлардан туындаған жарамсыз болуына байланысты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленетін өзге де жағдайларда декларанттың кедендік декларациялауды электрондық нысанда іске асыруын қамтамасыз ету мүмкіндігі болмаса, кедендік декларациялау жазбаша нысанда жүзеге асырылуы мүмкін.
6. Кедендік декларациялау нысанына қарай электрондық құжат түріндегі кедендік декларация (бұдан әрі - электрондық кедендік декларация) немесе қағаз жеткізгіштегі құжат түріндегі кедендік декларация (бұдан әрі - қағаз жеткізгіштегі кедендік декларация) пайдаланылады.
7. Егер шетелдік тауарлар кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданған жағдайларда, кедендік декларация осындай тауарларға қатысты олар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінгенге дейін немесе тауарлар жөнелтуші кеден органы айқындаған жеткізу орнына жеткізілгенге дейін берілгенде кедендік декларациялау (бұдан әрі - алдын ала кедендік декларациялау) ерекшеліктері осы Кодекстің 185-бабында айқындалады.
Егер тауарларға арналған декларация беру кезінде декларантта тауарларға арналған осындай декларацияда мәлімдеу үшін қажетті дәл мәліметтер болмаған жағдайда кедендік декларациялау (бұдан әрі - толық емес кедендік декларациялау) ерекшеліктері осы Кодекстің 186-бабында айқындалады.
Егер тұлға тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізуді беру кезеңі ішінде екі немесе одан көп партиямен бірдей шарттарда жүзеге асырған жағдайда кедендік декларациялау (бұдан әрі - мерзімдік кедендік декларациялау) ерекшеліктері осы Кодекстің 187-бабында айқындалады.
Егер Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларын Қазақстан Республикасы аумағының қалған бөлігінен АЭА, еркін қойма аумағына әкелу және Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларын АЭА, еркін қойма аумағынан Қазақстан Республикасы аумағының қалған бөлігіне әкету беру кезеңі ішінде екі немесе одан көп партиямен бірдей шарттарда жүзеге асырылған жағдайда, тауарларды кедендік декларациялау ерекшеліктері (бұдан әрі -АЭА, еркін қойма аумағына әкелінетін немесе АЭА, еркін қойма аумағынан әкетілетін Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларын мерзімдік кедендік декларациялау) осы Кодекстің 188-бабында айқындалады.
Құбыржол көлігімен өткізілетін тауарларды, сондай-ақ соларға қатысты саны және (немесе) кедендік құны туралы дәл мәліметтерді ұсыну мүмкін болмайтын тауарларды кедендік декларациялау ерекшеліктері (бұдан әрі - уақытша кедендік декларациялау) осы Кодекстің 189-бабында айқындалады.
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы құрастырылмаған немесе бөлшектелген түрде, оның ішінде жиынтықталмаған немесе жасалып бітпеген түрде өткізілетін тауарларды кедендік декларациялау ерекшеліктері осы Кодекстің 190-бабында айқындалады.
8. Комиссия осы Кодекстің 216-бабы 2-тармағының бірінші бөлігіне және 306-бабының 2-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес соларға қатысты кедендік әкелу баждарын, салықтарды төлеу жөніндегі міндет туындамайтын тауарларды кедендік декларациялау ерекшеліктерін айқындауға құқылы.
176-бап. Кедендік декларация
1. Кедендік декларациялау кезінде кедендік декларацияның мынадай түрлері қолданылады:
1) тауарларға арналған декларация;
2) транзиттік декларация;
3) жолаушыларға арналған кедендік декларация;
4) көлік құралына арналған декларация.
2. Комиссия айқындайтын жағдайларда кедендік құн декларациясы толтырылады, онда тауарлардың кедендік құны туралы, оның ішінде тауарлардың кедендік құнын айқындау әдісі, тауарлардың кедендік құнының шамасы туралы, тауарлардың кедендік құнын айқындауға қатысы бар тауарлармен жасалатын мәміленің шарттары мен мән-жайлары туралы мәліметтер мәлімделеді.
Кедендік құн декларациясы тауарларға арналған декларацияның ажырамас бөлігі болып табылады.
Кедендік құн декларациясының нысанын, кедендік құн декларациясының электрондық құжат түріндегі және кедендік құн декларациясының электрондық түрінің қағаз жеткізгіштегі құрылымы мен форматын, оларды толтыру тәртібін Комиссия айқындайды.
3. Кедендік транзит кедендік рәсімін қоспағанда, тауарларға арналған декларация - тауарларды кедендік рәсімдермен орналастыру кезінде, ал осы Кодексте көзделген жағдайларда керек-жарақтарды кедендік декларациялау кезінде пайдаланылады.
Транзиттік декларация тауарларды кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастыру кезінде пайдаланылады.
Жолаушыларға арналған кедендік декларация - жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік декларациялау кезінде, ал осы Кодексте көзделген жағдайларда жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік транзиттің кедендік рәсімімен орналастыру кезінде пайдаланылады.
Көлік құралына арналған декларация - халықаралық тасымалдау көлік құралдарын кедендік декларациялау кезінде, ал осы Кодексте көзделген жағдайларда керек-жарақтарды кедендік декларациялау кезінде пайдаланылады.
4. Кедендік декларацияда көрсетуге жататын мәліметтердің тізбесі кедендік төлемдерді, салықтарды есептеу және төлеу, ішкі нарықты қорғау шараларын қолдану, кедендік статистиканы қалыптастыру, тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын бақылау, кеден органдарының зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөнінде шаралар қабылдауы үшін, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасының, Қазақстан Республикасының кеден және өзге де заңнамасының сақталуын бақылау үшін қажетті мәліметтермен ғана шектеледі.
5. Кедендік декларацияның нысандарын, электрондық кедендік декларацияның және қағаз жеткізгіштегі кедендік декларацияның электрондық түрлерінің құрылымдары мен форматтарын және оларды толтыру тәртіптерін Комиссия осы баптың 1-тармағында көзделген кедендік декларацияның түрлеріне, кедендік рәсімдерге, тауарлардың санаттарына, оларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізетін тұлғаларға қарай айқындайды.
6. Осы Кодексте, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында айқындалатын және (немесе) Комиссия айқындайтын және Комиссия көздеген жағдайларда Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын жағдайларда және тәртіппен тауарлар шығару үшін қажетті мәліметтерді қамтитын көліктік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) өзге де құжаттарды, оның ішінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген құжаттарды тауарларға арналған декларация және транзиттік декларация ретінде пайдалануға жол беріледі.
Комиссия көздеген жағдайларда, тауарларға арналған декларация және транзиттік декларация ретінде көліктік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) өзге де құжаттарды, оның ішінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген құжаттарды пайдалану тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
Көліктік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) өзге де құжаттар, оның ішінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген құжаттар тауарларға арналған декларация және транзиттік декларация ретінде пайдаланылған кезде, егер Комиссия және (немесе) осы Кодексте өзгеше айқындалмаса, кедендік декларациялау жазбаша нысанда жүзеге асырылады.
Тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы тасымалдау (тасу) жүзеге асырылатын көлік түріне қарай Комиссия транзиттік декларация ретінде пайдаланылатын көліктік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) өзге де құжаттардың, оның ішінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген құжаттардың тізбесін, сондай-ақ оларды пайдалану жағдайлары мен тәртібін айқындауға құқылы.
7. Электрондық құжат түрінде ұсынылған алдын ала ақпаратты транзиттік декларация ретінде Комиссия айқындайтын тәртіппен пайдалануға жол беріледі.
177-бап. Тауарларға арналған декларацияда көрсетілуге тиіс мәліметтер
1. Тауарларға арналған декларацияда:
1) мәлімделетін кедендік рәсім туралы;
2) декларант, кеден өкілі, тауарларды жөнелтуші, алушы, сатушы және сатып алушы туралы;
3) халықаралық тасымалдау көлік құралдары, сондай-ақ тауарлар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы тасымалданған (тасымалданатын) көлік құралдары туралы;
4) тауарлар туралы:
атауы, өндіріп алу кеден органдарына жүктелген кедендік төлемдерді, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын және өзге де төлемдерді есептеу және өндіріп алу үшін, тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын, ішкі нарықты қорғау шараларын қамтамасыз ету, кеден органдары зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөніндегі шараларды қабылдау, сәйкестендіру, Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының бір он таңбалы кодына жатқызу үшін қажетті сипаттамасы;
Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес тауарлардың коды;
тауарлардың шығарылған жері;
жөнелтуші елдің және межелі елдің атауы;
тауарларды өндіруші;
тауар белгісі;
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілерінің бірыңғай кедендік тізіліміне және (немесе) Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізіліміне енгізілген зияткерлік меншік объектісі болып табылатын тауар шығарылған жердің атауы;
орамалардың сипаттамасы;
баға, килограммен (брутто салмағы және нетто салмағы) және қосымша өлшем бірліктерімен саны;
тауарлардың кедендік құны (шамасы, тауарлардың кедендік құнын айқындау әдісі);
статистикалық құны;
5) кедендік төлемдерді, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу туралы:
кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының мөлшерлемелері;
кедендік төлемдерді, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктер;
тарифтік преференциялар;
есептелген кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының сомалары;
кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын есептеу үшін қолданылатын валюталар бағамы;
6) тауарлармен жасалатын мәміле және оның шарттары туралы;
7) осы Кодекстің 8-бабына сәйкес тыйым салулар мен шектеулердің сақталуы туралы;
8) тауарларды кедендік рәсіммен орналастыру шарттарының сақталуы туралы;
9) осы Кодекстің 179-бабында көрсетілген тауарларға арналған декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттар туралы;
10) сақталуын бақылау кеден органдарына жүктелген Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын растайтын құжаттар туралы;
11) тауарларға арналған декларацияны толтырған адам туралы және оның жасалған күні;
12) Комиссия айқындайтын өзге де мәліметтер көрсетілуге тиіс.
2. Тауарларға арналған декларация нысанын толтыру тәртібін айқындау кезінде Комиссия кедендік рәсімге, тауарлардың санаттарына, оларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізетін адамдарға және (немесе) тауарларды тасымалдау (тасу) жүзеге асырылатын көліктің түріне қарай тауарларға арналған декларацияда көрсетілуге тиіс мәліметтерді қысқартуға құқылы.
178-бап. Транзиттік декларацияда көрсетілуге тиіс мәліметтер
1. Транзиттік декларацияда:
1) тауарларды көліктік (тасымалдау) құжаттарға сәйкес жөнелтуші мен алушы, декларант, тасымалдаушы;
2) тауарларды жөнелтуші ел және тауарлардың межелі елі;
3) тауарлар тасымалданатын көлік құралы;
4) коммерциялық, көліктік (тасымалдау) құжаттарға сәйкес тауарлардың атауы, саны және құны;
5) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес кемінде алғашқы алты таңба деңгейіндегі тауарлардың коды туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс. Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы құрастырылмаған немесе бөлшектелген түрде, оның ішінде жиынтықталмаған немесе жасалып бітпеген түрде белгілі бір кезең ішінде бір немесе бірнеше көлік құралымен өткізілетін тауарларға (тауарлардың құрауыштарына) қатысты осындай тауарларға қатысты қабылданған тауарларды сыныптау туралы алдын ала шешімге не Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы құрастырылмаған немесе бөлшектелген түрде, оның ішінде жиынтықталмаған немесе жасалып бітпеген түрде өткізілетін тауарларды сыныптау туралы шешімге сәйкес он таңба деңгейінде Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес тауардың коды туралы мәліметтер көрсетілуі мүмкін;
6) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының әрбір коды бойынша тауарлардың брутто салмағы немесе көлемі, сондай-ақ, егер Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінде декларацияланатын тауарға қатысты қосымша өлшем бірлік белгіленген болса, қосымша өлшем бірліктердегі тауарлардың саны;
7) жүк орындарының саны;
8) көліктік (тасымалдау) құжаттарға сәйкес тауарлардың межелі пункті;
9) осы Кодекстің 8-бабына сәйкес тыйым салулар мен шектеулердің сақталуы;
10) тауарлардың жоспарланатын ауыстырылып тиелуі немесе жолдағы жүк операциялары туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс.
2. Транзиттік декларация нысанын толтыру тәртібін айқындау кезінде Комиссия тауарлардың санаттарына, оларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізетін адамдарға және (немесе) тауарларды тасымалдау (тасу) жүзеге асырылатын көліктің түріне қарай транзиттік декларацияда көрсетілуге тиіс мәліметтерді қысқартуға құқылы.
3. Осы Кодекстің 388-бабының 2-тармағында және 389-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, көліктік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) өзге де құжаттарды, оның ішінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген құжаттарды транзиттік декларация ретінде пайдалануға жол беріледі.
Көліктік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) өзге де құжаттарды, оның ішінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген құжаттарды транзиттік декларация ретінде пайдаланған кезде мұндай құжаттарда осы баптың 1-тармағында көрсетілген мәліметтер қамтылуға тиіс.
Егер транзиттік декларация ретінде пайдаланылатын көрсетілген құжаттарда осы баптың 1-тармағында көзделген барлық мәліметтер қамтылмаса, жетіспейтін мәліметтер осындай транзиттік декларацияға қоса берілетін не кеден органына ұсынылатын онымен бірге жүретін құжаттарда қамтылуға тиіс.
4. Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болып табылмайтын мемлекеттің аумағы арқылы тасымалданатын Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына қатысты транзиттік декларацияда осы Кодекстің 8-бабына сәйкес тыйым салулар мен шектеулердің сақталуы туралы, осындай тауарлардың құны туралы мәліметтерді және егер бұл осы Кодекске сәйкес белгіленген болса, өзге де мәліметтерді қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көрсетілген мәліметтер мәлімделеді. Комиссия транзиттік декларацияда Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болып табылмайтын мемлекеттің аумағы арқылы тасымалданатын Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларына қатысты тауарлардың құны туралы мәліметтер көрсетілуге тиіс екенін айқындауға құқылы.
5. Осы Кодекстің 385-бабының 4-тармағында көрсетілген шетелдік тауарларға қатысты транзиттік декларацияда осы баптың 1-тармағында көрсетілген мәліметтерге қосымша соларға сәйкес тауарлар кедендік аумақта қайта өңдеу кедендік рәсімімен немесе ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімімен немесе уақытша әкелу (өткізу) кедендік рәсімімен орналастырылған кедендік декларациялар туралы мәліметтер мәлімделеді.
6. Транзиттік декларациядағы мәліметтерді мәлімдеу ерекшеліктерін және тауарларды Қазақстан Республикасының аумағымен өткізу кезінде оны пайдалану тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
179-бап. Кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттар
1. Кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарға мыналар жатады:
1) тауарлармен мәмілелер жасалғанын растайтын құжаттар, ал мұндай мәміле болмаған жағдайда - тауарларды иелену, пайдалану және (немесе) оларға билік ету құқығын растайтын өзге де құжаттар, сондай-ақ декларанттың иелігіндегі өзге де коммерциялық құжаттар;
2) көліктік (тасымалдау) құжаттар;
3) кедендік декларацияны беретін адамның өкілеттіктерін растайтын құжаттар;
4) тыйым салулар мен шектеулердің, ішкі нарықты қорғау шараларының сақталуын растайтын құжаттар;
5) тауарлардың шығарылған жері туралы құжаттар;
6) Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес сыныптау кезінде пайдаланылған тауарлардың сипаттамаларын растайтын құжаттар, ол болған жағдайда тауарларды сыныптау туралы алдын ала шешім, ал Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы құрастырылмаған немесе бөлшектелген түрде, оның ішінде жиынтықталмаған немесе жасалып бітпеген түрде өткізілетін тауарларды (тауарлардың құрауыштарын) кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес кедендік декларациялаған жағдайда - Еуразиялық экономикалық одаққа мүше кез келген мемлекеттің кеден органы осындай тауарларға қатысты қабылдаған тауарларды сыныптау туралы алдын ала шешім не Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы құрастырылмаған немесе бөлшектелген түрде, оның ішінде жиынтықталмаған немесе жасалып бітпеген түрде өткізілетін тауарларды сыныптау туралы шешім;
7) кедендік төлемдердің, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының төленгенін және (немесе) кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етуді растайтын құжаттар;
8) кедендік төлемдерді, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктер берудің мақсаттары мен шарттарының сақталуын растайтын құжаттар;
9) кедендік баждарды, салықтарды төлеу мерзімінің өзгергенін растайтын құжаттар;
10) тауарлардың мәлімделген кедендік құнын, оның ішінде оның шамасын және тауарлардың кедендік құнын айқындау әдісін растайтын құжаттар;
11) тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырған кезде оларды автомобиль көлігімен тасымалдаған жағдайда - халықаралық тасымалдың көлік құралын тіркеу және оның ұлттық тиесілілігі туралы құжат;
12) тауарларды мәлімделген кедендік рәсімдермен орналастырудың шарттарын растайтын құжаттар;
13) кедендік аумақтан тысқары жерде қайта өңдеу кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды қайта өңдеу өнімдерін ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімімен орналастыру кезінде тауарларды қайта өңдеу бойынша операциялардың мәлімделген құнын растайтын құжаттар;
14) осы Кодекстің 344-бабында көрсетілген құжаттар.
2. Егер осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттарда кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын мәліметтер қамтылмаған жағдайда, мұндай мәліметтер өзге құжаттармен расталады.
3. Кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттар осы Кодекстің 185, 186, 187, 188, 189 және 190-баптарында айқындалған тауарларды кедендік декларациялау ерекшеліктерін негізге ала отырып, кедендік декларацияны беру кезінде осындай құжаттар болмауы мүмкін жағдайларды қоспағанда, кедендік декларация беру кезінде декларантта болуға тиіс.
180-бап. Кедендік декларацияны беруге байланысты кедендік операциялар және оларды жасау тәртібі
1. Кедендік декларация Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес кедендік декларацияларды тіркеуге құқылы кеден органына беріледі.
2. Кедендік декларацияны кеден органына беру кезінде:
1) соларға қатысты осы Кодекске сәйкес Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелмей кедендік рәсіммен орналастыруға жолберілетін, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетілген тауарларды;
2) құбыржол көлігімен немесе электр беру желілері арқылы өткізілетін тауарларды;
3) кедендік декларациялау осы Кодекстің 185, 187, 188 және 189-баптарында айқындалған ерекшеліктермен жүзеге асырылатын шетелдік тауарларды қоспағанда, тауарлар Қазақстан Республикасының аумағында болуға тиіс.
3. Комиссия Еуразиялық экономикалық одақ тауарлары кеден органына осындай тауарларға қатысты кедендік декларация берілетін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағында болмауы мүмкін жағдайларды, сондай-ақ осындай жағдайларда кедендік операциялар жасаудың ерекшеліктерін айқындауға құқылы.
4. Кедендік декларация берілген күн мен уақытты кеден органы тіркейді.
5. Егер Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында өзгеше белгіленбесе, кедендік декларацияны қағаз жеткізгіште беру кеден органына оның электрондық түрін ұсынумен бірге жүреді.
6. Егер транзиттік декларация ретінде көліктік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) өзге де құжаттар, оның ішінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген құжаттар пайдаланылса және осы Кодекстің 31-бабына сәйкес осы Кодекстің 178-бабының 1-тармағында көрсетілген мәліметтерді қамтитын алдын ала ақпарат ұсынылса, онда алдын ала ақпарат пен көрсетілген құжаттарда қамтылған мәліметтердің арасында айырмашылық болмаған кезде мұндай транзиттік декларацияны беру кеден органына оның электрондық түрін ұсынумен бірге жүрмейді.
7. Тауарларға арналған декларацияны беру осы тармақтың үшінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарларға арналған декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды кеден органына ұсынумен бірге жүрмейді.
Декларант тауарларға арналған декларацияны бергенге дейін немесе тауарларға арналған декларацияны бергеннен кейін тауарлар шығарылғанға дейін, егер осындай құжаттар туралы мәліметтерді және (немесе) олардан алынатын мәліметтерді кеден органы осы Кодекстің 146-бабының 2-тармағына сәйкес уәкілетті орган айқындаған тәртіппен ала алмайтын болса, тауарлардың шығарылған жері, тыйым салулар мен шектеулердің сақталуы туралы мәліметтерді растайтын құжаттарды ұсынуға құқылы.
Тауарларға арналған декларация қағаз жеткізгіште берілген кезде тауарларға арналған декларацияда мәлімделген, ұсынылуы міндетті болып табылатын мәліметтерді растайтын құжаттардың тізбесін уәкілетті орган бекітеді.
8. Транзиттік декларацияны беру кеден органына осы тармақтың екінші және үшінші бөліктерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, транзиттік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды ұсынумен бірге жүрмейді.
Кеден органына транзиттік декларацияны беру, егер осы Кодекстің 146-бабының 2-тармағына сәйкес осындай құжаттар туралы мәліметтерді және (немесе) олардан алынатын мәліметтерді кеден органы ала алмайтын болса тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын растайтын құжаттарды, кедендік баждарды, салықтарды төлеу жөніндегі міндеттің орындалуын қамтамасыз етудің берілгенін, сақталуын бақылау кеден органдарына жүктелген Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуын растайтын құжаттарды ұсынумен бірге жүреді.
Транзиттік декларацияны қағаз жеткізгіште беру көрсетілген мәліметтерді кеден органы ақпараттық жүйелер арқылы тексере алатын жағдайларды қоспағанда, кеден органына транзиттік декларацияны беретін адамның өкілеттіктерін растайтын құжаттарды ұсынумен бірге жүреді.
9. Жолаушыларға арналған кедендік декларацияны беру кеден органына онда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды ұсынумен бірге жүреді.
Жолаушыларға арналған кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттардың тізбесін Комиссия көздеген жағдайларда Комиссия және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасы қысқартуы мүмкін.
10. Тауарларға арналған декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттар, егер мұндай құжаттар бұрын осындай кеден органына кедендік операцияларды жасау кезінде немесе осы кеден органының кедендік бақылау жүргізу кезіндегі сұрау салуы бойынша ұсынылса және осы Кодекстің 405-бабына сәйкес осы кеден органында сақталып тұрған болса, кеден органына ұсынылмауы мүмкін.
Мұндай жағдайда, осы Кодексте айқындалған тұлғалар бұл құжаттар туралы мәліметтерді тауарларға арналған декларацияда көрсетеді немесе оларды кеден органдарына уәкілетті орган айқындаған тәртіппен өзге тәсілмен ұсынады.