2. Республиканың Президентi - халық пен мемлекеттік билiк бiрлiгiнiң, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрi кепiлi.
3. Республика Президентi мемлекеттік билiктiң барлық тармағының келісіп жұмыс iстеуiн және өкiмет органдарының халық алдындағы жауапкершiлiгiн қамтамасыз етедi.
ҚР 07.10.98 ж № 284-1 Заңымен 41-бап өзгертілді
41-бап
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Қазақстан Республикасының Президентiн конституциялық заңға сәйкес жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде Республиканың кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзiмге сайлайды.
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара); 2017 ж. 10.03. № 51-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Қазақстан Республикасының Президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын және жоғары білімі бар Республика азаматы сайлана алады. Конституциялық заңда Республика Президенттігіне кандидаттарға қосымша талаптар белгіленуі мүмкін.
3. Республика Президентінің кезектi сайлауы желтоқсанның бiрiншi жексенбiсiнде өткiзiледi және ол мерзiмi жағынан Республика Парламентiнiң жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келмеуге тиiс.
2011 ж. 02.02. № 403-IV ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Президенттің кезектен тыс сайлауы Республика Президентінің шешімімен тағайындалады және конституциялық заңда белгіленген тәртіп пен мерзімде өткізіледі.
4. алынып тасталды
5. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу процентiнен астамының дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледi. Егер кандидаттардың бiрде-бiрi көрсетiлген дауыс санын ала алмаса, қайтадан дауысқа салынады, оған көп дауыс алған екi кандидат қатысады. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледi.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 09.10.98 ж. № 9/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
ҚР 07.10.98 ж. № 284-1 Заңымен 42-бап өзгертілді
42-бап
1. Қазақстан Республикасының Президентi: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн», - деп халыққа ант берген сәттен бастап қызметiне кiрiседi.
2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды) (бұр.ред.қара)
2. Ант беру қаңтардың екінші сәрсенбісінде салтанатты жағдайда Парламент депутаттарының, Конституциялық Сот, Жоғарғы Сот судьяларының, сондай-ақ Республиканың экс-Президенттерінің қатысуымен өткізіледі. Конституцияның 48-бабында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін өзіне қабылдаған адам Республика Президентінің өкілеттігін қабылдаған күнінен бастап бір ай ішінде ант береді.
3. Республика Президентінің өкiлеттiгi жаңадан сайланған Республика Президентi қызметiне кiрiскен кезден бастап, сондай-ақ Президент қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылған немесе кетiрiлген не ол қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Республиканың бұрынғы Президенттерiнiң бәрiнiң, қызметiнен кетiрiлгендерден басқасының, Қазақстан Республикасының экс-Президентi деген атағы болады.
4. Алынып тасталды
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды) (бұр.ред.қара) 5-тармақ өзгертілді
5. Бiр адам қатарынан екi реттен артық Республика Президентi болып сайлана алмайды.
43-бап
1. Қазақстан Республикасы Президентінің өкiлдi органның депутаты болуға, өзге де ақы төленетiн қызметтердi атқаруға және кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға құқығы жоқ.
2. 2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды)
3. Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауға тиіс.
2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды)
4. Қазақстан Республикасы Президентінің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға хақысы жоқ.
ҚР 07.10.98 ж. № 284-1 Заңымен 44-бап өзгертілді
44-бап
Қазақстан Республикасының Президентi:
1) Қазақстан халқына елдегi жағдай мен Республиканың iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттары туралы жыл сайын жолдау арнайды;
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды) (бұр.ред.қара)
2) Республика Парламентіне және оның Палатасына кезекті және кезектен тыс сайлау тағайындайды; Парламенттің бірінші сессиясын шақырады және оның депутаттарының Қазақстан халқына беретін антын қабылдайды; Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақырады; Парламент ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жария етеді не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайтадан талқылап, дауысқа салу үшін қайтарады;
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2017 ж. 10.03. № 51-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3) тармақша жаңа редакцияда; 2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды) (бұр.ред.қара)
3) Парламент Мәжілісінде өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациялардан кейін келісім беру үшін Мәжілістің қарауына Республика Премьер-Министрінің кандидатурасын енгізеді; Парламент Мәжілісінің келісімімен Республиканың Премьер-Министрін қызметке тағайындайды; Республиканың Премьер-Министрін қызметтен босатады; Премьер-Министрдің ұсынуымен Үкіметтің құрылымын айқындайды; Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Премьер-Министр енгізген ұсынумен Үкімет мүшелерін қызметке тағайындайды; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер министрлерін қызметке дербес тағайындайды; Үкімет мүшелерін қызметтен босатады; Үкімет мүшелерінің антын қабылдайды; ерекше маңызды мәселелер бойынша қажеттігіне қарай Үкімет отырыстарына төрағалық етеді;
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды) (бұр.ред.қара) 4) тармақша жаңа редакцияда
4) Парламент Сенатының келісімімен Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасын, Ұлттық Банкінің Төрағасын, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасын, Бас Прокурорын және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын қызметке тағайындайды; оларды қызметтен босатады;
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
5) Республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарды құрады, таратады және қайта құрады, олардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
6) Республика дипломатиялық өкiлдiктерiнiң басшыларын тағайындайды және керi шақырып алады;
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен 7) тармақша өзгертілді (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды) (бұр.ред.қара)
7) Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын және екі мүшесін, Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасын және екі мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды;
8) 2017 ж. 10.03. № 51-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
9) 2017 ж. 10.03. № 51-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
10) Республикалық референдум өткізу жөнiнде шешiм қабылдайды;
2017 ж. 10.03. № 51-VI ҚР Заңымен 10-1) тармақшамен толықтырылды; 2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен 10-1) тармақша өзгертілді (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды) (бұр.ред.қара)
10-1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүддесінде, күшіне енген заңды немесе өзге де құқықтық актіні Республика Конституциясына сәйкестігіне қарау туралы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 91-бабының 3-тармағында көзделген жағдайда қорытынды беру туралы Конституциялық Сотқа өтініш жолдайды;
11) келiссөздер жүргiзедi және Республиканың халықаралық шарттарына қол қояды; бекіту грамоталарына қол қояды; өзiнiң жанында тiркелген шет мемлекеттердiң дипломатиялық және өзге де өкiлдерiнiң сенiм грамоталары мен керi шақырып алу грамоталарын қабылдайды;
12) Республика Қарулы Күштерiнiң Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады, Қарулы Күштердiң жоғары қолбасшылығын тағайындайды және ауыстырып отырады;
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 13) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
13) Республиканың мемлекеттік наградаларымен марапаттайды, құрметтi, жоғары әскери және өзге атақтарды, сыныптық шендердi, дипломатиялық дәрежелердi, біліктілік сыныптарын бередi;
14) Республиканың азаматтығы, саяси баспана беру мәселелерiн шешедi;
15) азаматтарға кешiрiм жасауды жүзеге асырады;
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 16) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
16) Республиканың демократиялық институттарына, оның тәуелсiздiгi мен аумақтық тұтастығына, саяси тұрақтылығына, азаматтарының қауiпсiздiгiне елеулi және тiкелей қатер төнген, мемлекеттiң конституциялық органдарының қалыпты жұмыс iстеуi бұзылған ретте, Премьер-Министрмен және Республика Парламентi Палаталарының Төрағаларымен ресми консультациялардан кейiн Республика Парламентiне дереу хабарлай отырып, Қазақстанның бүкiл аумағында және оның жекелеген жерлерiнде төтенше жағдай енгізудi, Республиканың Қарулы Күштерiн қолдануды қоса алғанда, аталған жағдаяттар талап ететiн шараларды қолданады;
17) Республикаға қарсы агрессия жасалған не оның қауiпсiздiгiне сырттан тiкелей қатер төнген ретте Республиканың бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жерлерiнде әскери жағдай енгiзедi, iшiнара немесе жалпы мобилизация жариялап, бұл туралы Республика Парламентiне дереу хабарлайды;
2017 ж. 10.03. № 51-VI ҚР Заңымен 18) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
18) өзіне бағынысты Мемлекеттік күзет қызметін жасақтайды;
2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен 19) тармақша өзгертілді (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды) (бұр.ред.қара)
19) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, оның мәртебесi мен өкiлеттiгiн анықтайды; Республика Президентінің Әкiмшiлiгiн құрады;
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 20) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
20) Қауіпсіздік Кеңесін және өзге де консультативтік-кеңесші органдарды, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Жоғары Сот Кеңесін құрады;
21) Республиканың Конституциясы мен заңдарына сәйкес басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 30.06.99 ж. № 10/2; 07.03.00 ж.; 12.11.01 ж. № 14/2 қаулыларымен берілген түсініктемелерді қараңыз
45-бап
1. Қазақстан Республикасының Президентi Конституция мен заңдар негiзiнде және оларды орындау үшiн Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар жарлықтар мен өкiмдер шығарады.
2. 2017 ж. 10.03. № 51-VI ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
3. Республиканың Президентi қол қоятын Парламент актілері, сондай-ақ Үкiмет бастамасымен шығарылатын Президенттiң актілері тиiсiнше осы актiлердiң заңдылығы үшiн заңдық жауапкершiлiк жүктелетiн Парламенттiң әр Палатасының Төрағаларының не Премьер-Министрдiң алдын-ала қолдары қойылып тиянақталады.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 03.07.00 ж. № 15/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
46-бап
1. Қазақстан Республикасының Президентiне, оның абыройы мен қадiр-қасиетiне ешкiмнiң тиiсуiне болмайды.
2. Республика Президентi мен оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және қорғау мемлекет есебiнен жүзеге асырылады.
3. Осы баптың ережелерi Республиканың экс-Президенттерiне қолданылады.
4. 2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен алып тасталды (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды) (бұр.ред.қара)
47-бап
2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды) (бұр.ред.қара)
1. Қазақстан Республикасының Президентi науқастануына байланысты өзiнiң мiндеттерiн жүзеге асыруға қабiлетсiздiгi дендеген жағдайда қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылуы мүмкiн. Бұл ретте Парламент әр Палата депутаттарының тең санынан және медицинаның тиiстi салаларының мамандарынан тұратын комиссия құрады. Мерзiмiнен бұрын босату туралы шешiм Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында комиссияның қорытындысымен белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталғаны туралы Конституциялық Сот қорытындысы негiзiнде әр Палата депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң көпшiлiгiмен қабылданады.
2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды) (бұр.ред.қара)
2. Республиканың Президентi өзiнiң мiндеттерiн атқару кезіндегі iс-әрекетi үшiн тек қана мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда жауап бередi және бұл үшiн Парламент оны қызметiнен кетiруi мүмкiн. Айып тағу және оны тексеру туралы шешiм Мәжіліс депутаттарының кемiнде үштен бiрiнiң бастамасы бойынша депутаттардың жалпы санының көпшiлiгiмен қабылдануы мүмкiн. Тағылған айыпты тексерудi Сенат ұйымдастырады және оның нәтижелерi Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен Парламент Палаталары бiрлескен отырысының қарауына берiледi. Бұл мәселе бойынша түпкiлiктi шешiм айып тағудың негiздiлiгi туралы Жоғарғы Сот қорытындысы және белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталғаны туралы Конституциялық Соттың қорытындысы болған жағдайда әр Палата депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң көпшiлiк даусымен Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында қабылданады. Айып тағылған кезден бастап екi ай iшiнде түпкiлiктi шешiм қабылдамау Республика Президентiне қарсы тағылған айыптың күшi жойылған деп тануға әкеп соғады. Республиканың Президентiне мемлекетке опасыздық жасады деп тағылған айыптың қабылданбауы оның қай кезеңiнде де осы мәселенiң қаралуына себепшi болған Мәжіліс депутаттарының өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуға әкеп соғады.
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Республика Президентiн қызметiнен кетiру туралы мәселе ол Республика Парламентiнiң немесе Парламент Мәжілісінің өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату жөнiнде мәселе қарап жатқан кезде қозғалмайды.
ҚР 07.10.98 ж. № 284 Заңымен 48-бап жаңа редакцияда
48-бап
1. Қазақстан Республикасының Президентi қызметiнен мерзiмiнен бұрын босаған немесе кетiрiлген, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда Республика Президентінің өкiлеттiгi қалған мерзiмге Парламент Сенатының Төрағасына көшедi; Сенат Төрағасының өзiне Президент өкiлеттiгiн қабылдауы мүмкiн болмаған ретте ол Парламент Мәжілісiнiң Төрағасына көшедi; Мәжіліс Төрағасының өзiне Президент өкiлеттiгiн қабылдауы мүмкiн болмаған ретте ол Республиканың Премьер-Министрiне көшедi. Өзiне Республика Президентінің өкiлеттiгiн қабылдаған тұлға тиiсiнше Сенат Төрағасының, Мәжіліс Төрағасының немесе Премьер-Министрдiң өкiлеттiгiн тапсырады. Бұл жағдайда бос тұрған мемлекеттік лауазымдарды иелену Конституцияда көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген негiздерде және тәртiппен Қазақстан Республикасы Президентінің өкiлеттiгiн өзiне қабылдаған тұлғаның Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар туралы бастамашылық жасауға құқығы жоқ.
IV БӨЛIМ
ПАРЛАМЕНТ
ҚР 07.10.98 ж. № 284 Заңымен 49-бап өзгертілді
49-бап
2017 ж. 10.03. № 51-VI ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Парламент - Қазақстан Республикасының заң шығару билігiн жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкiлдi органы.
2. Парламенттiң өкiлеттiгi оның бiрiншi сессиясы ашылған сәттен басталып, жаңадан сайланған Парламенттiң бiрiншi сессиясы жұмысқа кiрiскен кезден аяқталады.
3. Парламенттiң өкiлеттiгi Конституцияда көзделген реттер мен тәртiп бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
4. Парламенттiң ұйымдастырылуы мен қызметi, оның депутаттарының құқықтық жағдайы конституциялық заңмен белгiленедi.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 14.07.99 ж. № 13/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
ҚР 07.10.98 ж. № 284 Заңымен 50-бап өзгертілді
50-бап
1. Парламент тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн екi Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады.
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды) (бұр.ред.қара)
2. Сенат конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сенаттың он депутатын, оның ішінде бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша Республика Президенті тағайындайды.
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды) (бұр.ред.қара) 3-тармақ жаңа редакцияда
3. Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен аралас сайлау жүйесі бойынша: біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бойынша, сондай-ақ бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын тоқсан сегіз депутаттан тұрады.
4. Парламент депутаты бiр мезгiлде екi Палатаға бiрдей мүше бола алмайды.
5. Сенат депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi - алты жыл, Мәжіліс депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi - бес жыл.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 15.03.99 ж. № 1/2; 29.11.99 ж. № 24/2 қаулыларымен берілген түсініктемелерді қараңыз
ҚР 07.10.98 ж. № 284-1 Заңымен 51-бап өзгертілді
51-бап
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды) (бұр.ред.қара) 1-тармақ жаңа редакцияда
1. Мәжілістің депутаттарын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы Парламенттің жұмыс істеп тұрған сайланымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі.
2. Сенат депутаттары жанама сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру жолымен сайланады. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әрбiр үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Бұл орайда олардың кезектi сайлауы бұлардың өкiлеттiк мерзiмi аяқталғанға дейiнгi екi айдан кешiктiрiлмей өткізiледi.
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3. Парламент немесе Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы тиісінше Парламент немесе Парламент Мәжілісінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі.
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
4. Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан адам Парламент депутаты бола алады. Жасы отызға толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс стажы бар, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрып жатқан адам Сенат депутаты бола алады. Жасы жиырма беске толған адам Мәжіліс депутаты бола алады.
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
5. Республика Парламенті депутаттарын сайлау конституциялық заңмен реттеледі.
6. Парламенттiң депутаты Қазақстан халқына ант бередi.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 18.03.99 ж. № 5/2; 29.11.99 ж. № 24/2 қаулыларымен берілген түсініктемелерді қараңыз
ҚР 07.10.98 ж. № 284-1 Заңымен 52-бап өзгертілді
52-бап
1. 2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2. Парламент депутаттары оның жұмысына қатысуға мiндеттi. Парламентте депутаттың жеке өзi ғана дауыс бередi. Депутаттың Палаталар мен олардың органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз үш реттен артық қатыспауы, сол сияқты дауыс беру құқығын басқа бiреуге беруi депутатқа заңда белгiленген жазалау шараларын қолдануға әкеп соғады.
3. Парламент депутатының басқа өкiлдi органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа, ақы төленетiн өзге де жұмыс атқаруға, кәсiпкерлiкпен шұғылдануға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiруге құқығы жоқ. Осы ереженiң бұзылуы депутаттың өкiлеттiгiн тоқтатуға әкеп соғады.
4. Парламент депутатын оның өкiлеттiк мерзiмi iшiнде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен белгiленетiн әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған реттердi қоспағанда, тиiстi Палатаның келісімiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды) (бұр.ред.қара)
5. Парламент депутатының өкілеттігі орнынан түскен, ол қайтыс болған, соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша депутат іс-әрекетке қабілетсіз, қайтыс болған немесе хабарсыз кеткен деп танылған жағдайларда және Конституция мен конституциялық заңда көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
Парламент депутаты:
1) ол Қазақстаннан тысқары жерге тұрақты тұруға кеткен;
2) оған қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
3) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан кезде өз мандатынан айырылады.
Парламент Мәжілісінің депутаты:
1) депутат конституциялық заңға сәйкес партиялық тізім негізінде өзін сайлаған саяси партиядан шыққан немесе шығарылған;
2) конституциялық заңға сәйкес партиялық тізім негізінде депутатты сайлаған саяси партия қызметін тоқтатқан;
3) бір мандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты конституциялық заңда айқындалатын тәртіппен сайлаушылар кері шақырып алған кезде өз мандатынан айырылады.
Парламент Сенатының тағайындалған депутаттарының өкілеттігі Республика Президентінің шешімі бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
Парламент және Парламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттігі тиісінше Парламент немесе Парламент Мәжілісі таратылған жағдайларда тоқтатылады.
6. Депутаттарға жазалау шараларын қолдануға, олардың осы баптың 3-тармағының талаптарын, депутаттық әдеп ережелерiн сақтауына, сондай-ақ депутаттардың өкiлеттiгiн тоқтатуға және өкiлеттігiнен әрi депутатқа ешкiмнiң тиiспеуi жөніндегі құқығынан айыруға байланысты мәселелердi әзiрлеу Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына жүктеледi.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 17.05.01 ж. № 7/2; 13.12.01 ж. № 19/2 қаулыларымен берілген түсініктемелерді қараңыз
2007.21.05. № 254-III ҚР Заңымен 53-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
53-бап
Палаталардың бірлескен отырысында Парламент:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;
2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды)
1-1) конституциялық заңдарды қабылдайды;
2022 ж. 08.06. ҚР Заңымен 1-2) тармақшамен толықтырылды (2022 ж. 22.06 республикалық референдумда қабылданды, 2022 ж. 08.06. нәтижелер туралы ресми хабарлама жарияланды)
1-2) Республика Президентінің қарсылығын туғызған конституциялық заңдар немесе конституциялық заңның баптары бойынша қарсылықтар жіберілген күннен бастап бір ай мерзімде қайталап талқылау мен дауысқа салуды жүргізеді. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді. Егер Парламент әрбір Палата депутаттарының жалпы санының төрттен үшінің көпшілік даусымен Президенттің қарсылықтарын еңсерсе, Президент бір ай ішінде конституциялық заңға қол қояды. Егер Президенттің қарсылықтары еңсерілмесе, конституциялық заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі;