1. Жастар практикасы алған кәсібі (мамандығы) бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының жиырма тоғыз жастан аспаған түлектері қатарындағы жұмыссыздарға арнайы белгіленген.
2. Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті органдар:
1) жастар практикасын ұйымдастыруға сұраныс пен ұсынысты қалыптастырады;
2) жастар практикасын ұйымдастыруға өтініш берген өңірлердегі ұйымдардың тізбесін, білім беру ұйымдары түлектерінің қатарынан тартылатын жұмыссыздардың санын, олардың еңбек жағдайы мен еңбегіне ақы төлеуді және қаржыландыру көздерін айқындайды.
3. Жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығымен жасасқан шарт негізінде жастар практикасынан өту үшін жұмыс орындарын құрады. Жұмыс орындарын құрған кезде тұрақты жұмыс орындарына арналған бос орындар пайдаланылмайды.
Құрылған жұмыс орындары түлектің алған кәсібіне (мамандығына) сәйкес келуге тиіс.
4. Білім беру ұйымдары түлектерінің қатарындағы жұмыссыздарды жастар практикасына жіберуге олардың келісімімен ғана жол беріледі. Олардың еңбегіне ақы төлеу бюджет қаражаты шегінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған көздерден жүзеге асырылады.
5. Халықты жұмыспен қамту орталығы, жастар практикасын ұйымдастыратын жұмыс беруші және жастар практикасына жіберілетін түлек арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады.
Әлеуметтік келісімшарт тараптардың құқықтары мен міндеттерін, еңбек жағдайын, еңбекақы мөлшері мен оны төлеу шарттарын, қаржыландыру мерзімі мен көздерін қамтуға тиіс.
6. Жастар практикасына жіберілген жұмыссыздарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы қолданылады.
22-бап. Қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру
1. Қоғамдық жұмыстарды халықты жұмыспен қамту орталықтары ұйымдарда ұйымдастырады және бюджет қаражаты шегінде және жұмыс берушілердің тапсырыстары бойынша олардың қаражаты есебінен қаржыландырылады.
2. Қоғамдық жұмыстарға қатысуға:
1) жұмыссыздардың;
2) жазғы демалыс кезеңінде студенттердің және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларының;
3) тоқтап тұруға байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдардың құқығы бар.
Қоғамдық жұмыстарға қатысуға:
1) жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді алмайтын жұмыссыздар;
2) халықты жұмыспен қамту орталығында алты айдан астам есепте тұрған жұмыссыздар басым құқықты пайдаланады.
Адамдардың қоғамдық жұмыстарға қатысуы, олардың халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелген күніне сәйкес кезектілік тәртібінде олардың келісімімен жүзеге асырылады.
3. Қоғамдық жұмыстарға қатысқысы келетін адамдармен әлеуметтік келісімшарт жасалады.
4. Қоғамдық жұмыстарға қатысуды дәлелсіз себептермен өз бетінше тоқтатқан жұмыссыздар, олардың есебінен шығарылады және халықты жұмыспен қамту орталығында қайта тіркелген күннен бастап үш ай өткеннен кейін ғана қоғамдық жұмыстарға қайта жіберілуі мүмкін.
5. Авариялар, табиғи апаттар, дүлей зiлзалалар және басқа да төтенше жағдайлар зардаптарын жедел жою қажеттiлiгiне байланысты қызмет түрлерi қоғамдық жұмыстарға жатпайды.
6. Осы Заң Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасында көзделген қоғамдық жұмыстарға тарту жөнiндегi құқықтық қатынастарды реттемейдi.
7. Қоғамдық жұмыстарға қатысатын адамдарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы қолданылады.
23-бап. Кәсiпкерлiк бастамашылыққа жәрдемдесу
1. Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдем жұмыссыздарға және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, жобаны сүйемелдеу бойынша сервистік қызметтер көрсету, қайтарымды негізде микрокредиттер беру арқылы оларға мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну жолымен жүзеге асырылады.
2. Жұмыссыздар және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасынан мемлекеттік қолдау шараларын алу үшін:
1) ауылдық жерлерде, моно және шағын қалаларда тұратын адамдардың;
2) мүгедектердің, егер медициналық қорытынды бойынша олардың денсаулық жағдайы еңбек міндеттемелерін орындауға кедергі келтірмесе не олардың денсаулығына және (немесе) басқа адамдардың еңбек қауіпсіздігіне қауіп төндірмесе;
3) зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін елу жастан асқан адамдардың;
4) жиырма тоғыз жасқа дейінгі жастардың басым құқығы бар.
3. Халықты жұмыспен қамту орталығы мен микрокредит алған адам арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады.
24-бап. Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу
1. Халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмысқа орналастыру үшін жаңа тұрғылықты жерге:
1) жұмыс берушілердің қажеттіліктерін ескере отырып, әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен елді мекендерден әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары елді мекендерге және экономикалық өсу орталықтарына;
2) «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қоныс аударушыларды және оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өңірлерге адамдардың ерікті түрде қоныс аударуына жәрдемдеседі.
2. Халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмысқа орналастыру үшін мынадай санаттағы:
1) жұмыс іздеген адамдардың;
2) жұмыссыздардың;
3) өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдардың және олардың отбасы мүшелерінің жаңа тұрғылықты жерге ерікті түрде қоныс аударуына жәрдемдеседі.
3. Жұмысқа орналасу үшін жұмыс іздеп жүрген адамдар және жұмыссыздар арасында жаңа тұрғылықты жерге ерікті түрде қоныс аудару үшін:
1) балалар ауылының тәрбиеленушiлерi және балалар үйлерінің түлектері, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған он алты жастан жиырма үш жасқа дейiнгi балаларға арналған мектеп-интернаттардың түлектері;
2) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын өңірлерге қоныс аударатын оралмандар;
3) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері;
4) жұмыс беруші - заңды тұлғаның таратылуына не жұмыс беруші - жеке тұлға қызметінің тоқтатылуына, жұмыскерлер санының немесе штатының қысқаруына, жұмыс берушінің экономикалық жағдайының нашарлауына әкеп соққан өндірістердің және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемінің төмендеуіне байланысты жұмыстан босатылған адамдар басым құқықты пайдаланады.
4. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары шеңберінде ерікті қоныс аударатын адамдарды мемлекеттік қолдау:
1) жұмыскердің қоныс аударуы жұмыс берушінің қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жағдайларды қоспағанда, адамдардың және олардың отбасы мүшелерінің қоныс аударуына, соған байланысты шығыстардың орнын толтыруға субсидиялар беруді;
2) жұмыс беруші жұмыскерге тұрғын үй-жай ұсынған жағдайларды қоспағанда, тұрғын үй, қызметтік тұрғын үй немесе жатақханалардан бөлме беруді;
3) жұмыс берушінің қажеттілігі бар болған кезде кәсіптік
оқытуды;
4) жаңа тұрғылықты жерде жұмысқа орналасуға жәрдемдесуді қамтиды.
5. Халықты жұмыспен қамту орталығы ерікті түрде жаңа тұрғылықты жерге қоныс аударатын адаммен және жұмыс орнын ұсынатын жұмыс берушімен әлеуметтік келісімшарт жасайды.
25-бап 2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
25-бап. Мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын ұйымдастыру
1. Арнайы жұмыс орны мүгедектерді жұмысқа орналастыру және олардың жұмыспен қамтылуын оны құрған кезден бастап кемінде күнтізбелік он екі ай мерзімге сақтау үшін құрылады.
2. Мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орнын құруды жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығымен жасасқан шарт негізінде жүзеге асырады.
26-бап. Жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді ұйымдастыру
1. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын, белгiленген тәртiппен жұмыссыздар деп танылған адамдар жұмысынан айырылған жағдайда «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер алуға құқығы бар.
2. Жұмысынан айырылған жағдайда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын жұмыссыздардың әлеуметтік төлем алуға құқығы оларды халықты жұмыспен қамту орталығы кәсіптік оқытуға, әлеуметтік жұмыс орындарына, қоғамдық жұмыстарға жіберген кезде сақталады.
3. Халықты жұмыспен қамту орталығы алушыны жұмыссыз ретінде есептен шығарған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде ақпаратты Мемлекеттік корпорация арқылы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына ұсынады.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген ақпаратты алу негізінде жұмысынан айырылған жағдайдағы міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарда әлеуметтік төлемдерді тоқтатады.
4. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмысқа орналастырудың жеке картасына тиісті өзгерістерді уақтылы енгізеді.
27-бап. Азаматтардың жекелеген санаттарын жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квоталар
1. Жергілікті атқарушы органдар:
1) ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жұмыс орындары санының екіден төрт пайызға дейінгі мөлшерiнде мүгедектерді;
2) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарды;
3) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды;
4) кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін квоталар белгілейді.
2. Мүгедектердің қоғамдық бірлестіктеріне, сондай-ақ, жұмыскерлердің орташа жылдық санының жиырма пайызынан астамын мүгедектер құрайтын ұйымдарға квота белгіленбейді.
5-тарау. ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ САЛАСЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК СЕРІКТЕСТІКТІ ҰЙЫМДАСТЫРУ
28-бап. Жұмыс берушiлердiң халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге қатысуы
1. Жұмыс берушiлер халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекет саясатын iске асыруға:
1) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек шарттары мен ұжымдық шарттардың талаптарын сақтай отырып, жұмысқа орналасуға жәрдем көрсету;
2) персоналды кәсiптік оқыту жүйесін дамыту;
3) кадрларды техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары арқылы даярлау;
4) құрылымдық өзгерiстер барысында білiктi жұмыскерлердің кадрлық әлеуетiн сақтау және ұтымды пайдалану;
5) қоғамдық жұмыстарды және әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін жұмыс орындарын құру;
6) жұмысқа орналастыру мәселесi бойынша, оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша өтiнiш жасаған адамдарды ұйымдарда белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сәйкес бар бос орындарға қабылдау;
7) тармақша 2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
7) мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құру;
8) еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық деректер базасына сұранысқа ие мамандықтар бөлінісінде ағымдағы бос орындар және жұмыс орындарын болжамды құру туралы деректерді ұсыну;
9) жұмыс орындарын құру арқылы қатысады.
2. Жұмыс берушi:
1) бос жұмыс орындарының (бос лауазымдардың) болуы туралы мәліметтерді еңбек жағдайлары мен төлемақысын көрсете отырып, пайда болған күнінен бастап үш жұмыс күнi iшiнде халықты жұмыспен қамту орталығына жiберуге;
2) жұмыс беруші — заңды тұлғаның таратылуына не жұмыс беруші — жеке тұлға қызметінің тоқтатылуына, адам санының немесе штаттың қысқартылуына байланысты, жұмыс берушінің экономикалық жағдайының нашарлауына әкелетін өндірістердің және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемінің төмендеуі кезінде алдағы уақытта жұмыскерлердiң жұмыстан босайтыны туралы, босатылатын жұмыскерлердiң лауазымдары мен кәсіптері, мамандықтары, бiлiктiлiгi және еңбекақы мөлшерi көрсетiле отырып, жұмыстан босатылуы мүмкiн жұмыскерлердiң саны мен санаттары туралы және олар жұмыстан босатылатын мерзiмдер туралы жұмыстан босату басталардан кемінде бір ай бұрын халықты жұмыспен қамту орталығына толық көлемде ақпарат беруге;
3) жұмыс беруші - заңды тұлғаның таратылуы не жұмыс беруші - жеке тұлға қызметінің тоқтатылуы, адам санының немесе жұмыскерлер штатының қысқартылуы, жұмыс берушінің экономикалық жағдайының нашарлауына әкелетін өндірістердің және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемінің төмендеуі кезіндегі бас тартқан жағдайларды қоспағанда, жұмыс берушінің қатысуымен жасалған әлеуметтік келісімшарт негізінде кәсіптік оқытудан кейін оны жұмысқа қабылдаудан бас тартқан жағдайда, халықты жұмыспен қамту орталығының кәсіптік оқытуға төлеуге, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларының қатысушыларына стипендиялар төлеуге және материалдық көмекке арналған шығыстарын өтеуге;
4) жолдамаға тиiстi белгi қою арқылы себебiн көрсете отырып, жұмысқа қабылдау немесе жұмысқа қабылдаудан бас тарту туралы дер кезiнде (жұмысқа орналастыру үшін жiберген күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде) халықты жұмыспен қамту орталығына хабарлауға;
5) алған мамандығы мен біліктілігін көрсете отырып, кәсіптік даярлаудан, қайта даярлаудан және өндiрiсішілiк оқытудан өткендердің саны туралы мәліметтерді халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға ұсынуға;
6) жұмыс беруші — заңды тұлғаның таратылуы не жұмыс беруші — жеке тұлға қызметінің тоқтатылуы, адам санының немесе жұмыскерлер штатының қысқартылуы, жұмыс берушінің экономикалық жағдайының нашарлауына әкелетін өндірістердің және орындалатын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемінің төмендеуі жағдайларын қоспағанда, осы Заңның 27-бабы 1-тармағында көзделген, белгiленген квотаны орындауға;
7) жұмысқа қабылдау үшін бос жұмыс орындары туралы ақпаратта еңбек саласындағы кемсітушілік сипаттағы талаптарға жол бермеуге;
8) шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат қолданысының тоқтатылуына байланысты, тартылған шетелдік жұмыскердің Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуын қамтамасыз етуге;
9) Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес әлеуметтік аударымдар жүргізуге;
10) өз бетінше жұмысқа орналасу үшін біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтама негізінде жұмысқа тартылған шетелдiк немесе азаматтығы жоқ адамдарды жұмысқа қабылдағаны туралы және (немесе) олармен еңбек қатынастарын тоқтатқаны туралы ақпаратты халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
3. Жұмыс берушінің:
1) оған тікелей өтініш білдірген адамдарды халықты жұмыспен қамту орталықтарының жолдамасы бар адамдармен бірдей шарттарда жұмысқа қабылдауға;
2) халықты жұмыспен қамту орталықтарынан еңбек нарығының жай-күйі туралы тегін ақпарат алуға;
3) халықты жұмыспен қамту орталығынан жұмыс іздеп жүрген адамдарды жұмысқа орналастыруға іріктеу және жіберу бойынша көрсетілетін қызметтерді алуға;
4) қоғамдық жұмыстарды және әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға қатысуға, уақытша сипаттағы жұмыстардың басқа да түрлерін ұйымдастыруға және жүргізуге;
5) тармақша 2018 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
5) мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құруға субсидия алуға;
6) экономиканың салалары бойынша кадрларға қажеттілікті болжауды ұйымдастыруға және айқындауға қатысуға құқығы бар.
29-бап. Кәсіптік одақтардың халықты жұмыспен қамту саласына қатысуы
1. Халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, жұмыссыздықтан және оның салдарларынан қорғауға кәсіптік одақтар мен олардың бірлестіктерінің қатысуы осы Заңмен, «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен, өзге де нормативтік-құқықтық актілермен, ұжымдық шарттармен және келісімдермен айқындалады.
2. Кәсіптік одақтар:
1) халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға;
2) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге қатысуға құқығы бар.
3. Кәсiптік одақтардың мемлекеттік органдарға, жұмыс берушілер мен олардың бірлестіктеріне халықты жұмыспен қамту жүйесін жетілдіру туралы ұсыныс беруге құқығы бар.
6-тарау. ЕҢБЕК ДЕЛДАЛДЫҒЫ
30-бап. Еңбек делдалдығын көрсету
Жұмыс іздеп жүрген адамдарға, жұмыссыздарға және басқа да жүгінген адамдарға осы Заңның 11, 31-баптарына сәйкес халықты жұмыспен қамту орталықтары, жеке жұмыспен қамту агенттіктері еңбек делдалдығын көрсетеді.
31-бап. Жұмыспен қамтудың жекеше агенттiгi
1. Жұмыспен қамтудың жекеше агенттiгiнiң:
1) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы және Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасының мәселелерi бойынша өтiнiш жасаған адамдарға консультация беруге;
2) жұмысқа орналасу мүмкiндiгi туралы ақпарат беруге және еңбек делдалдығы бойынша қызметтер көрсетуге;
3) бос жұмыс орындары бар жұмыс берушiлер мен жұмысқа орналасқысы келетiн адамдар туралы мәлiметтер қалыптастыруға;
4) жұмыскерлердiң жұмыс берушiнiң бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келуiн ескере отырып, оларды iрiктеудi жүзеге асыруға;
5) халықаралық шарттар бар болған кезде, бiр елден екiншi елге жұмысқа орналастыру үшiн жұмыскерлер жинауды жүзеге асыруға;
6) өтiнiш жасаған адамдар кейiн жұмысқа орналастырылатын кәсiптiк даярлау мен қайта даярлауды ұйымдастыруға;
7) адамдарды шет елде жұмысқа орналастырылатын жағдайда, оларды әкетуге рұқсат құжаттарын ресiмдеуге;
8) халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына жіберген адамдарды әлеуметтік кәсіптік бағдарлау жүргізу бойынша конкурстарға қатысуға;
9) халықты жұмыспен қамту орталықтарынан еңбек нарығының жай-күйі туралы тегін ақпарат алуға;
10) жұмысқа орналастыру, жұмыс орындарын құру, кәсіптік оқыту мәселелерi бойынша мемлекеттiк органдармен, халықты жұмыспен қамту орталықтарымен, жұмыс берушiлермен өзара iс-қимыл жасауға құқығы бар.
2. Жұмыспен қамтудың жекеше агенттiгi:
1) кемсiтушiлiктiң кез келген нысанына жол бермеуге;
2) өтiнiш жасаған адамдардан алынатын ақпараттың құпиялылығын қамтамасыз етуге;
3) бала еңбегiн пайдалануға, адамдарды жыныстық және (немесе) өзге де мақсатта пайдалану үшiн тартуға жол бермеуге;
4) өтiнiш жасаған адамдармен еңбек делдалдығы бойынша қызметтер көрсету туралы шарттар жасасуға;
5) еңбек делдалдығы үшін өтініш берген және жұмысқа орналасқан адамдардың саны туралы кәсіптер (мамандықтар) бөлінісінде халықты жұмыспен қамту орталығына тоқсан сайын ақпарат беруге;
6) еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық деректер базасын қалыптастыруға қатысуға мiндеттi.
3-тармақ 2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
3. Қазақстан Республикасынан шет елге жұмыс күшiн әкетуге байланысты қызметті жұмыспен қамтудың жекеше агенттiктерi жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасынан шет елге жұмыс күшiн әкету жұмысқа орналастыратын елдiң банктерiне жұмыскердің атына кепілді жарна енгiзу арқылы шарт мерзiмi аяқталғаннан кейiн жұмыскердiң өз елiне оралуына жұмыспен қамтудың жекеше агенттiгі кепiлдiк берген кезде ғана жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасынан шет елге жұмыс күшiн әкету кезінде жұмыс берушілердің банктерге кепілді жарна енгізу тәртібі мен шарттары жұмысқа орналастыратын елдің заңнамасымен реттеледі.
7-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА ШЕТЕЛДІКТЕРДІҢ ЕҢБЕГІН ҚОЛДАНУ
32-бап 2017 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
32-бап. Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота
Iшкi еңбек нарығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметiн жүзеге асыру үшiн шетелдiк жұмыс күшiн тартуға квота белгiлейдi.
2. Осы Заңның шетелдiк жұмыс күшiн квоталау және жұмыс берушілерге шетелдiк жұмыс күшін тартуға рұқсаттар беру туралы нормалары:
1) дербес бiлiм беру ұйымдарында, олардың ұйымдарында, сондай-ақ «Назарбаев Қорында» басшылар және мамандар лауазымдарында жұмыс iстейтiн жоғары бiлiмдi;
2) мемлекеттік органдарда жұмыс iстейтiн, Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртіппен расталған құжаттары бар;
3) Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы заңнамасына сәйкес инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарттар жасасқан Қазақстан Республикасының ұйымдарында жұмыс істейтін, сондай-ақ, аталған заңды тұлғалар (не олардың мердігерлері) бас мердігер, мердігер, қосалқы мердігер немесе сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында (іздестіру және жобалау қызметін, инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді қоса алғанда) көрсетілетін қызметтерді орындаушы ретінде инвестициялық қызмет объектісі пайдалануға берілгеннен кейін бір жыл өткенге дейінгі мерзімге тартатын ұйымдарда басшылар және жоғары білімі бар мамандар ретінде, сондай-ақ инвестициялық басым жобаны іске асыруға арналған инвестициялық келісімшарттарда айқындалатын кәсiптер тізбесіне және санына сәйкес білікті жұмысшылар ретінде жұмыс істейтін;
4) «Инновациялық технологиялар паркi» арнайы экономикалық аймағының дербес кластерлік қорында басшылар және мамандар лауазымдарында жұмыс істейтін жоғары бiлiмді;
5) Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда жұмыс істейтін;
6) Қазақстан Республикасының аумағындағы халықаралық мамандандырылған көрмеге қатысушылар немесе қатысушылардың жұмыскерлері болып табылатын;
7) құны бір миллион айлық есептік көрсеткіштен жоғары жобалары бар, арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары болып табылатын заңды тұлғаларда, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардың аталған қатысушылары (не олардың мердігерлері) бас мердігер, мердігер, қосалқы мердігер немесе арнайы экономикалық аймақтар аумағында құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау кезеңінде орындаушы ретінде және халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган мен арнайы экономикалық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және таратылуы саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы органның бiрлескен шешiмiмен бекітілген тәртіппен халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган және мүдделі мемлекеттік орталық орган өкілдері арасынан комиссия айқындайтын санаттар тізбесіне және санына сәйкес объект (объектілер) пайдалануға берілгеннен кейін бір жыл өткенге дейін тартатын ұйымдарда жұмыс істейтін;
8) экономиканың басым салаларында (экономикалық қызмет түрлерінде) сұранысқа ие кәсіптер бойынша өз бетінше жұмысқа орналасуға келген;
9) Қазақстан Республикасында тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылмайды.
3. Осы Заңның шетелдік жұмыс күшін жыл сайын квоталау туралы нормалары Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын экономика салаларында корпоративішілік ауыстыру шеңберінде Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдіктерге немесе азаматтығы жоқ адамдарға қолданылмайды.
4. Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота жұмыс күшіне пайыздық қатынаста белгіленеді, ол:
1) экономикалық қызмет түрлері бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны;
2) Қазақстан Республикасы ратификациялаған еңбек көші-қоны және еңбекші-мигранттарды әлеуметтік қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық шарттар болған кезде, шығу елдері бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны;
3) еңбекші иммигранттарды тартуға арналған квотаны қамтиды.
5. Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны еңбек нарығындағы алдағы жылға (жылдарға) арналған сұраныс пен ұсыныс жағдайының болжамын және мемлекеттік басқарудың тиісті саласына басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жұмыс берушілердің ұсыныстарын ескере отырып, халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган қалыптастырады және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына енгізеді.