4) осы баптың 4-тармағында көзделген, төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шығыны ең аз шараны таңдау.
2021.02.01. № 399-VI ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертiлдi (2020 ж. 16 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
4. Уәкілетті орган банкті төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызған жағдайда, төлемге қабілетсіз банкке мынадай шаралардың біреуін немесе бірнешеуін қолданады:
1) төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау;
2) төлемге қабілетсіз банк активтерінің барлығын немесе бір бөлігін басқа банкке (басқа банктерге) беру;
3) тұрақтандыру банкін құру және төлемге қабілетсіз банк активтері мен міндеттемелерінің барлығын немесе бір бөлігін осы тұрақтандыру банкіне беру;
4) төлемге қабілетсіз банкті кейіннен мәжбүрлеп тарата отырып, барлық банк операциялары мен өзге де операцияларды жүргізуге берілген лицензиядан айыру.
Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалы төлемге қабілетсіз Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктері филиалдарының санатына жатқызылған жағдайда уәкілетті орган кейіннен төлемге қабілетсіз Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкі филиалының қызметін мәжбүрлеп тоқтата отырып, оны барлық банк операцияларын және өзге операцияларды жүргізуге арналған лицензиядан айырады.
5. Төлемге қабілетсіз банкті реттеу кезінде мемлекеттің қатысуы:
1) мәжбүрлеп таратылуы қаржы жүйесі үшін жүйелік тәуекелдер әкелетін банк төлемге қабілетсіз банк болып табылған;
2) төлемге қабілетсіз банкке мемлекеттік қолдау ұсыну осы баптың 4-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген, төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шараларды тиімді қолдануға мүмкіндік берген жағдайда жүзеге асырылады.
6. Төлемге қабілетсіз банкті реттеу кезінде мемлекеттің қатысуы:
1) төлемге қабілетсіз банктің меншікті капиталы;
2) төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау арқылы төлемге қабілетсіз банктің төлемге қабілетсіз банкпен ерекше қатынастар арқылы байланысты тұлғалар болып табылатын кредиторлар алдындағы міндеттемелері есебінен залалдар жабылғаннан кейін жүзеге асырылады.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 6-1-тармақпен толықтырылды (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді)
6-1. Мәжбүрлеп таратылуы қаржы жүйесінің жүйелік тәуекелдеріне әкелетін төлемге қабілетсіз банкті реттеу бойынша шаралар қабылдау туралы, сондай-ақ осындай банкті реттеу кезінде мемлекеттің қатысуы туралы мәселелерді уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Президенті құратын Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығы жөніндегі кеңестің қарауына алдын ала шығарады.
7. Төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шараларды қолданудың алдында банкке бару арқылы, оның ішінде бағалаушыларды, аудиторлық және басқа да ұйымдарды тарта отырып, оның қаржылық және мүліктік жағдайы бағалануға (талдануға) тиіс.
8. Уәкілетті орган төлемге қабілетсіз банк акционерлерінің, депозиторлары мен кредиторларының, борышкерлерінің және өзге де мүдделі тұлғалардың келісімін алмастан, төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шараларды қабылдайды.
Төлемге қабілетсіз банктің депозиторлары мен кредиторларын, борышкерлерін, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғаларды хабардар ету мақсатында төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шараларды қолдану туралы хабарландыру қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында жарияланады, сондай-ақ оны уәкілетті орган және төлемге қабілетсіз банк өздерінің интернет-ресурстарында жариялайды.
61-9-бап. Банкті төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызудың және төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шараны қолданудың салдарлары
1. Уәкілетті орган төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шараларды іске асыру үшін осы Заңның 62 - 67-баптарында көзделген тәртіппен банкті консервациялау режимін енгізуге және банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілікті (банкті уақытша басқарушыны) тағайындауға құқылы.
2. Уәкілетті орган консервациялау кезеңінде депозиторлар мен кредиторлардың талаптарын қанағаттандыруға мораторий енгізуге құқылы, оның қолданылу мерзімі ішінде:
1) төлемге қабілетсіз банктің барлық міндеттемелері бойынша тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлды) есепке жазу тоқтатылады және төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелері бойынша ақшалай міндеттемелерді және ақшалай сипаттағы өзге де талаптарды орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін басқа жауаптылық шаралары қолданылмайды;
2) мыналарға:
уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде көзделген шығыстармен;
төлемге қабілетсіз банктің пайдасына келіп түсетін ақшаны есепке жатқызумен;
бұрын төлемге қабілетсіз банктің клиенттері болып табылған тұлғалардың жабық шоттарына келіп түсетін ақшаны қайтарумен;
төлемге қабілетсіз банк өміріне немесе денсаулығына зиян келтірілгені үшін алдында жауапты болатын жеке тұлғаларға төленетін төлемдермен;
еңбек шарты бойынша жұмыс істеген адамдардың еңбегіне ақы төлеу және оларға өтемақыны, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар бойынша берешекті төлеу жөніндегі, жалақыдан ұсталған алименттер мен міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, сондай-ақ авторлық шарттар бойынша сыйақыларды төлеу жөніндегі есеп айырысулармен;
төлемге қабілетсіз банк клиенттерінің салықтар, алымдар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер төлеуімен;
осы Заңның 61-11 және 61-12-баптарында көзделген операцияны жүргізумен;
төлемге қабілетсіз банктің мәмілелерін осы Заңның 61-13-бабына сәйкес жарамсыз деп тануға байланысты шығыстармен байланысты жағдайларды қоспағанда, төлемге қабілетсіз банк клиенттерінің және банктің өзінің банктік шоттары бойынша барлық операциялар тоқтатылады;
3) кредиторлардың талаптары бойынша төлемге қабілетсіз банктің банктік шоттарынан ақшаны өндіріп алу туралы талаптарды, оның ішінде даусыз тәртіппен қанағаттандырылуға жататын талаптарды орындау, сондай-ақ төлемге қабілетсіз банктің мүлкіне өндіріп алуды қолдану тоқтатыла тұрады;
4) мораторий енгізілгенге дейін берілген атқарушылық құжаттарды қоспағанда, төлемге қабілетсіз банктен борыштарды өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындау тоқтатыла тұрады.
3. Осы Заңда көзделген, төлемге қабілетсіз банкті реттеу жөніндегі шараларды қолдану:
1) төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мерзімінен бұрын орындау немесе тоқтату;
2) төлемге қабілетсіз банк банкрот болған жағдайда немесе банктің банкроттығына тең келетін оқиға ретінде саралануы мүмкін басқа оқиға басталған кезде осы банктің депозиторлар мен кредиторлар алдындағы міндеттемелерін мерзімінен бұрын орындау бойынша шарттардың және (немесе) бағалы қағаздар эмиссиясы проспектілерінің талаптарын іске асыру;
3) кредиторлардың кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелер бойынша төлемге қабілетсіз банктің кепілге қойылған мүлкін өндіріп алуы үшін негіз болмайды.
61-10-бап. Төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау
1. Уәкілетті орган төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау туралы шешім қабылдайды.
Төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау, оған:
1) төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін толығымен не ішінара есептен шығару;
2) төлемге қабілетсіз банктің бағалы қағаздары мен өзге де ақшалай міндеттемелерін оның жай акцияларына конвертациялау, оның ішінде банкті осы Заңның 61-7-бабының 2-тармағында көрсетілген төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызу негіздерін жою және меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенттерін сақтау үшін төлемге қабілетсіз банктің жарияланған жай акцияларының санын уәкілетті орган айқындаған мөлшерде көбейту;
3) міндеттемеге қызмет көрсету бойынша төлемдердің орындалуын уақытша тоқтата тұруды қоса алғанда, төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелері бойынша мерзімдерді және (немесе) пайыздық мөлшерлемелерді өзгерту жөніндегі бір немесе бірнеше шараны қолдану арқылы төлемге қабілетсіз банктің қаржылық жағдайын сауықтыру бойынша шаралар кешенін білдіреді.
2. Төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау осы Заңның 74-2-бабында белгіленген кредиторлар талаптарын қанағаттандырудың кері кезектілігі тәртібімен жүзеге асырылады.
3. Мыналар:
1) төлемге қабілетсіз банктің өз талаптары осы Заңның 74-1-бабына сәйкес таратудың конкурстық массасының құрамына енгізілмейтін тұлғалар алдындағы міндеттемелері;
2) төлемге қабілетсіз банк мәжбүрлеп таратылған жағдайда, оның осы Заңның 74-2-бабына сәйкес бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші және жетінші кезектерде қанағаттандырылуға жататын міндеттемелері, сондай-ақ төлемге қабілетсіз банк мәжбүрлеп таратылған жағдайда, оның депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйымның төлеуіне жататын кепілдік өтемі мөлшерінде депозиттер бойынша жеке тұлғалар алдындағы міндеттемелері мәжбүрлеп қайта құрылымдауға жатпайды.
4. Төлемге қабілетсіз банктің бағалы қағаздары мен өзге де ақшалай міндеттемелерін оның жай акцияларына конвертациялау кезінде:
1) төлемге қабілетсіз банк акционерлері жалпы жиналысының төлемге қабілетсіз банктің акцияларын қосымша шығару туралы шешімі талап етілмейді;
2) төлемге қабілетсіз банктің акционерлеріне төлемге қабілетсіз банктің акцияларын артықшылықты сатып алу құқығы берілмейді;
3) осы Заңның 16-бабы 2-тармағының, 17-бабы 2 және 5-тармақтарының және 17-1-бабының талаптары қолданылмайды.
5. Төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдау тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
61-11-бап. Төлемге қабілетсіз банктің активтері мен міндеттемелерін басқа банкке (банктерге) бір мезгілде беру жөніндегі операция
1. Уәкілетті органның шешімі бойынша, осы бапта көзделген төлемге қабілетсіз банктің активтері мен міндеттемелерін басқа банкке (банктерге) (бұдан әрі - сатып алушы-банк) бір мезгілде беру жөніндегі операцияны банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік (банкті уақытша басқарушы) консервациялау сатысында жүзеге асырады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген операцияны жүргізу кезінде төлемге қабілетсіз банктің міндеттемелері осы Заңның 74-2-бабында көзделген кредиторлар талаптарын қанағаттандыру кезектілігі сақтала отырып, сатып алушы-банкке беріледі.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген операцияны жүргізу кезінде осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген жағдайды қоспағанда, сатып алушы-банкке төлемге қабілетсіз банк активтерінің барлығы немесе бір бөлігі және міндеттемелерінің барлығы немесе бір бөлігі берілуі мүмкін.
Сатып алушы-банкке бір кезектегі кредиторлар алдындағы міндеттемелерді беру кезінде төлемге қабілетсіз банктің активтері жеткіліксіз болған жағдайда, бұл міндеттемелер кредиторлардың қанағаттандырылуға жататын талаптарының сомасына пропорционалды түрде беріледі.
Төлемге қабілетсіз банктің жеке тұлғалардың кепілдік берілетін депозиттері бойынша міндеттемелері сатып алушы-банкке толық көлемде берілуге тиіс.
Егер сатып алушы-банкке берілетін кепілдік берілген депозиттер бойынша міндеттемелердің мөлшері төлемге қабілетсіз банк мүлкінің мөлшерінен асып кеткен жағдайда, депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым пайда болған айырманы арнайы резерв қаражатының есебінен толтыруға міндетті.
Осы тармақтың төртінші бөлігіне сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым беретін қаражаттың мөлшері кепілдік өтем ретінде төлеуге жататын, Қазақстан Республикасының депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы заңнамасына сәйкес айқындалатын сомадан аспауға тиіс.
4. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктің (банкті уақытша басқарушының) төлемге қабілетсіз банктің активтері мен міндеттемелерін сатып алушы-банкке беруді жүзеге асыру тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
5. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген операцияны жүргізу:
1) төлемге қабілетсіз банк акционерлерінің, депозиторлары мен кредиторларының, борышкерлерінің, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғалардың (кепіл берушілерді, кепілдерді, кепілгерлерді қоса алғанда) келісуін талап етпейді. Бұл ретте жаңа кредитордың жеке басы борышкер үшін айтарлықтай маңызы жоқ деп танылады;
2) төлемге қабілетсіз банк төлемге қабілетсіз банктің депозиторларымен және кредиторларымен, борышкерлерімен, сондай-ақ өзге де тұлғалармен (кепіл берушілерді, кепілдерді, кепілгерлерді қоса алғанда) жасаған шарттарға шарттың жаңа тарапын көрсету бөлігінде өзгерістер енгізуді;
3) сатып алушы-банктің төлемге қабілетсіз банк депозиторларымен жаңа банктік шот шарттарын жасасуын талап етпейді. Бұл ретте сатып алушы-банк депозиторларды жеке сәйкестендіру кодтарының өзгергені туралы хабардар етуге міндетті.
6. Төлемге қабілетсіз банктің өздері бойынша құқықтар (талап ету) мен міндеттемелер осы баптың 1-тармағында көрсетілген операцияны жүргізу кезінде берілетін клиенттерінің дербес деректерін жинауды және өңдеуді сатып алушы-банк дербес деректер субъектілерінің немесе олардың заңды өкілдерінің келісуінсіз жүзеге асырады.
7. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік (банкті уақытша басқарушы) төлемге қабілетсіз банктің депозиторлары мен кредиторларын, борышкерлерін, сондай-ақ өзге де мүдделі тұлғаларды хабардар ету мақсатында төлемге қабілетсіз банктің активтері мен міндеттемелерін сатып алушы-банкке беру туралы хабарландыруды қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында жариялайды, сондай-ақ оны уәкілетті орган, төлемге қабілетсіз банк және сатып алушы-банк өздерінің интернет-ресурстарында жариялайды.
8. Сатып алушы-банкке заңды тұлғалардың, филиалдар мен өкілдіктердің акциялары немесе жарғылық капиталға қатысу үлестері түріндегі активтерді беру сатып алушы-банктің осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген уәкілетті органның қосымша рұқсаттарын, келісімдерін немесе хабарламаларын алуын талап етпейді.
9. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшіліктің (банкті уақытша басқарушының) сатып алушы-банкке төлемге қабілетсіз банктің депозиторлар алдындағы міндеттемелерін беруі осы Заңның 61-2-бабының 6, 7 және 8-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады.
10. Төлемге қабілетсіз банктің активтері мен міндеттемелерін беру активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру туралы шарт жасасу арқылы, шартқа беру актісін қоса бере отырып жүзеге асырылады.
Беру актісінде берілетін активтер, берілетін активтер бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін құқықтар және міндеттемелер туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.
Активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру туралы шартқа Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің міндеттемедегі тұлғалардың ауысуы туралы ережелері қолданылады.
11. Сатып алушы-банк құқықтық кадастрға, сондай-ақ жылжымалы мүлік кепілінің тізіліміне, бағалы қағаздарды ұстаушылардың тізілімдері жүйесіне бір мезгілде өзіне берілетін активтер бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ететін құқықтар өткен кепіл беруші болып табылатын жаңа кредитор туралы мәліметтерді енгізу мақсатында активтер мен міндеттемелерді беру туралы шартты (беру актісін қоса бере отырып) уәкілетті тіркеуші органға (ұйымға) береді.
Осы бапта айқындалған негіздер бойынша және тәртіппен құқықтарды (талап етулерді) басқаға беру бір мезгілде кепіл ұстаушы болып табылатын жаңа кредиторға өзіне қатысты үшінші тұлғалар немесе мемлекеттік органдар тарапынан тіркелген ауыртпалықтар, тыйым салулар, мүлікке билік етуде өзге де шектеулер бар мүлікке құқықтардың өтуі үшін де негіз болып табылады.
12. Төлемге қабілетсіз банктің депозиторлар мен кредиторлар алдындағы міндеттемелері сатып алушы-банкке берілгеннен кейін осындай депозиторлар мен кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындауды сатып алушы-банк жүзеге асырады.
13. Төлемге қабілетсіз банктің активтері мен міндеттемелерін сатып алушы-банкке бір мезгілде беру туралы шарт жасалғаннан кейін:
1) активтері мен міндеттемелері берілген төлемге қабілетсіз банктің акционерлері, депозиторлары мен кредиторлары сатып алушы-банктен активтері мен міндеттемелерін сатып алушы-банктің пайдасына беру салдарларынан шеккен кез келген залалды өтеуді талап етуге құқылы емес;
2) сатып алушы-банкке берілген активтер мен міндеттемелер одан төлемге қабілетсіз банктің пайдасына талап етілмейді.
14. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік (банкті уақытша басқарушы) төлемге қабілетсіз банктің активтері мен міндеттемелерін сатып алушы-банкке беруді аяқтағаннан кейін уәкілетті органға төлемге қабілетсіз банкті барлық банк операциялары мен өзге де операциялар жүргізуге арналған лицензиядан айыру және төлемге қабілетсіз банкті мәжбүрлеп тарату туралы ұсыныс береді.
15. Төлемге қабілетсіз банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне бір мезгілде беру бойынша операция жүргізу ерекшеліктері осы Заңның 61-12-бабында белгіленеді.
16. Осы баптың 2 - 8, 10 - 13-тармақтарының ережелері соттың мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енгенге дейін банктің уақытша әкімшілігінің (уақытша басқарушының) барлық банк операциялары мен өзге де операциялар жүргізуге арналған лицензиядан айырылған банктің активтері мен міндеттемелерін бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізу жағдайларына қолданылады.
Соттың банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енгенге дейін банктің уақытша әкімшілігі (уақытша әкімшісі) барлық банк операциялары мен өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензиядан айырылған банктің активтері мен міндеттемелерін бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізген кезде, сатып алушы-банк депозиторлардың банктік шоттары бойынша жаңа банктік шот шартын жасамастан, депозиторларды хабардар ете отырып, жеке сәйкестендіру кодтарын береді және осы Заңның 61-2-бабының 8-тармағында көзделген талаптарды, оның ішінде банктік шот бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға құқығы бар уәкілетті мемлекеттік органдардың өкімдерін, депозиторлардың банк шоттарына қойылған, клиенттің ақшасына тыйым салуға құқығы бар уәкілетті органдардың немесе лауазымды тұлғалардың шешімдерін (қаулыларды) осы Заңның 61-2-бабының 8-тармағында көзделген тәртіппен орындайды.
61-12-бап. Төлемге қабілетсіз банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізу ерекшеліктері
1. Банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік (банкті уақытша басқарушы) уәкілетті органға төлемге қабілетсіз банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне беру жөніндегі операцияны жүргізу туралы ұсыныс енгізеді.
Уәкілетті орган төлемге қабілетсіз банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізу мақсатында тұрақтандыру банкін құру туралы шешім қабылдайды және банктің уақытша әкімшілігіне (банкті уақытша басқарушыға) көрсетілген активтер мен міндеттемелерді тұрақтандыру банкіне беру жөніндегі операцияны жүргізуді тапсырады.
Төлемге қабілетсіз банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне беру жөніндегі операцияны жүргізудің шарттары мен тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
2. Осы Заңның 13, 14, 16, 17-1, 19, 20, 23, 24, 25, 27, 28-баптарында, 29-бабының 6 және 7-тармақтарында, 30-бабының 5 және 13-тармақтарында, 31, 32 және 42-баптарында көзделген банктер құруға және олардың қызметін реттеуге қойылатын талаптар, сондай-ақ «Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 33 - 74-баптарының ережелері тұрақтандыру банкіне қолданылмайды.
Тұрақтандыру банкін құру тәртібі, оның жарғылық және меншікті капиталдарының ең төмен мөлшері және оларды қалыптастыру тәртібі, тұрақтандыру банкін басқару тәртібі, жасалуына қатысты ерекше шарттар белгіленген мәмілелерді жасасу тәртібі, тұрақтандыру банкінің жарияланған акцияларының шығарылымын тіркеу және жарияланған акцияларының күшін жою тәртібі, сондай-ақ тұрақтандыру банкінің осы Заңда көзделген банк операциялары мен өзге де операцияларды жүргізуге арналған лицензияны алу тәртібі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде белгіленеді.
3. Тұрақтандыру банкі уәкілетті органның лицензиясы негізінде осы Заңда көзделген банк операциялары мен өзге де операцияларды жүзеге асыруға құқылы.
Тұрақтандыру банкі Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына және шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес заңды тұлғалардың кепіл ретінде қабылданған акциялары немесе жарғылық капиталдарына қатысу үлестері банктің меншігіне өткен кезде осы ұйымдардың акциялары немесе жарғылық капиталдарына қатысу үлестерін сатып алуды қоспағанда, осы Заңның 8-бабында банктер үшін рұқсат етілген қызметті жүзеге асыруға құқылы емес.
2019.03.07. № 262-VІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертiлдi (2020 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
4. Активтер мен міндеттемелер тұрақтандыру банкіне берілгеннен кейін сыйақыны есепке жазу жөніндегі міндеттемелерді қоспағанда, жеке және заңды тұлғалар алдындағы міндеттемелерді орындау он екі ай мерзімге тоқтатыла тұрады. Тұрақтандыру банкі жеке және заңды тұлғалардың мерзімді салымдары бойынша міндеттемелерді, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алдындағы міндеттемелерді, сондай-ақ тұрақтандыру банкіне берілген активтермен қамтамасыз етілген екінші деңгейдегі банктердің алдындағы міндеттемелерді қоса алғанда, орындау мерзімі басталған міндеттемелерді орындауға тиіс. Тұрақтандыру банкі жеке және заңды тұлғалардың ағымдағы шоттары бойынша міндеттемелерді орындайды.
5. Соттың төлемге қабілетсіз банкті мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енгенге дейін тұрақтандыру банкі уәкілетті органмен келісу бойынша төлемге қабілетсіз банктің өзіне бұрын берілген активін басқа активіне ауыстыруға құқылы.
6. Тұрақтандыру банкі уәкілетті орган айқындайтын басқа банкке активтер мен міндеттемелерді уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленген тәртіппен береді.
Тұрақтандыру банкінің міндеттемелерін осы бапта көзделген тәртіппен беру тұрақтандыру банкінің депозиторлары мен кредиторларының келісуінсіз жүзеге асырылады. Тұрақтандыру банкі депозиторлар мен кредиторларды хабардар ету мақсатында Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде тұрақтандыру банкінің активтері мен міндеттемелерін сатып алушы-банкке беру туралы хабарландыру жариялайды.
7. Уәкілетті органның шешімі бойынша тұрақтандыру банкі қабылданған активтер мен міндеттемелерді сатып алушы-банкке уәкілетті орган көздеген тәртіппен және шарттарда толық бергеннен кейін өз қызметін тоқтатады.
8. Уәкілетті органның шешімі бойынша тұрақтандыру банкінің барлық акциялары тұрақтандыру банкінің капиталын ұлғайтуға және оның Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жұмыс істеуіне кепілдік беретін шарттарда инвесторға өткізілуі мүмкін.
Инвестордың тұрақтандыру банкінің акцияларын сатып алуы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және шарттарда жүзеге асырылады.
Инвестор тұрақтандыру банкінің акцияларын сатып алған кезден бастап банк тұрақтандыру банкінің мәртебесін жоғалтады және өз қызметін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтай отырып жүзеге асырады. Осы банктің қызметін реттеу, бақылау және қадағалау осы Заңның және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
9. Осы Заңның 61-11-бабы 2, 3, 5 - 16-тармақтарының ережелері төлемге қабілетсіз банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне бір мезгілде беру жөніндегі операцияны жүргізу жағдайларына қолданылады.
61-13-бап. Төлемге қабілетсіз банктің мәмілелерін жарамсыз деп тану және мүлікті қайтару
1. Уәкілетті орган, банкті басқару жөніндегі уақытша әкімшілік (банкті уақытша басқарушы) (оны уәкілетті орган тағайындаған жағдайда) және (немесе) банк, оның ішінде кредиторлардың өтінішхаты бойынша, банкті төлемге қабілетсіз банктер санатына жатқызған күнге дейін үш жыл ішінде төлемге қабілетсіз банк немесе ол уәкілеттік берген тұлға жасаған мәмілелер бойынша Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында және осы бапта көзделген, мәмілелердің жарамсыздық негіздері болған кезде мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
2. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделгендерден бөлек, мыналар мәмілелердің жарамсыздығының негіздері болып табылады:
1) егер мәміленің салдарлары төлемге қабілетсіз банктің залалдарына алып келсе (алып келетін болса), мәміле шарттарының салыстырмалы жағдайларда осыған ұқсас мәмілелер жасалатын шарттардан төлемге қабілетсіз банк үшін нашар жаққа қарай едәуір айырмашылығы болуы;
2) егер мәміленің салдарлары төлемге қабілетсіз банктің залалдарына алып келсе (алып келетін болса), мәміленің Қазақстан Республикасының заңнамасында және (немесе) уәкілетті орган қолданған қадағалап ден қою шараларында белгіленген талаптарды және (немесе) шектеулерді бұза отырып жасалуы;
3) мүліктің салыстырымды экономикалық жағдайлар кезінде осыған ұқсас мүлікті беру (иеліктен шығару) шарттарынан төлемге қабілетсіз банк үшін нашар жаққа қарай едәуір айырмашылығы болатын шарттарда не негіздері болмаса да, кредиторлардың мүдделеріне нұқсан келтіре отырып, өтеусіз (оның ішінде уақытша пайдалануға) берілуі не иеліктен шығарылуы;